20-бап. Сотта істі қарау барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Сотта істі қарау соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайда жүргізіледі. Судьялар мен сот отырысы залында отырған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төрағалық етуші істі қарау кезінде қатысқысы келетін адамдарға тексеру жүргізу, оның ішінде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке өздерін тексеру және олар алып келген заттарды тексеру туралы өкім бере алады.
21-бап. Сот актілерінің міндеттілігі
1. Сот азаматтық істер бойынша сот актілерін шешімдер, ұйғарымдар, қаулылар мен бұйрықтар нысанында қабылдайды.
2. Заңды күшіне енген сот шешімдері, ұйғарымдары, қаулыларымен бұйрықтары, сондай-ақ соттар мен судьялардың заңды өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары мен басқа да жолданыстары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін бірдей міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға тиіс.
3. Сот актісінің міндеттілігі іске қатыспаған мүдделі адамдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырмайды.
4. Сот актілерін орындамау, сол сияқты сотты сыйламаудың өзге де көрінісі заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
22-бап. Іс жүргізу әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану бостандығы
1. Соттың әрекеттері мен шешімдеріне осы кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2. Іске қатысушы адамдардың осы кодексте белгіленген тәртіппен шешімді жоғары тұрған сотқа қайта қаратуға құқығы бар.
23-бап. Азаматтық сот ісін жүргізу принциптерінің мәні
Азаматтық сот ісін жүргізу принциптерін бұзу оның сипаты мен маңыздылығына қарай, шығарылған сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады.
3-тарау. Ведомстволық бағыныстылық және соттылық
24-бап. Азаматтық істердің соттарға ведомстволық бағыныстылығы
1. Егер бұзылған немесе даулы құқықтарды, бостандықтарды және заңмен қорғалатын мүдделерді қорғау осы Кодекске және басқа заңдарға сәйкес өзгеше сот тәртібімен жүзеге асырылмаса, оларды қорғау туралы істерді соттар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарайды.
2. Соттар азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік, қаржы, шаруашылық, жер құқықтық қатынастарынан, табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастар мен басқа да құқықтық қатынастардан, оның ішінде бір тараптың екінші тарапты билікпен бағындыруына негізделген қатынастардан туындайтын даулар жөніндегі талап қоюды қарайды.
3. Мемлекеттік орган немесе оның лауазымды адамы қабылданған актіге сотта дау жасалуы мүмкін.
4. Соттар осы Кодекстің 25-29-тарауларында келтірілген ерекше талап қойылған іс жүргізу істерін қарайды.
5. Соттар осы Кодекстің 289-бабында келтірілген ерекше іс жүргізу істерін қарайды.
6. Егер халықаралық шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, соттар шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік ұйымдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетел қатысатын ұйымдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар қатысатын істерді де қарайды.
7. Заң бойынша соттың құзыретіне жатқызылған басқа да істер сотқа бағынысты болады.
25-бап. Дауларды аралық соттың шешуіне беру
Сотқа бағынысты мүліктік дау, оған заң актілерінде тыйым салынбаған кезде және осы Кодекстің 170-бабының 4) тармақшасына және 192-бабына сәйкес, тараптардың келісімі бойынша аралық соттың қарауына берілуі мүмкін.
26-бап. Сотқа ведомстволық бағыныстылықтың басымдығы
1. Біреулері - сотқа, ал басқалары сот емес органдарға ведомстволық бағынысты өзара байланысты бірнеше талаптар біріктірілген кезде барлық талаптар сотта қаралуға тиіс.
2. Нақты даудың кімге бағыныстылығына қатысты күмән немесе қолданыстағы заңдарда қиғаштықтар болған жағдайда оны сот қарайды.
27-бап. Аудандық (қалалық) сотта және оған теңестірілген соттың соттауына жататын азаматтық істер
Осы Кодекстің 28-30-баптарында көзделген істерді қоспағанда, азаматтық істер аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттарда қаралып, шешіледі.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 28-бап жаңа редакцияда; ҚР 02.07.03 ж. N 451-II Заңымен 28-бап өзгертілді
28-бап. Облыстық және оларға теңестірілген соттардың соттауына жататын азаматтық істер
1. Облыстық және оларға теңестірілген соттар бірінші сатыдағы соттар ретінде:
1) талап қою бағасы арызды беру кезіне заңмен белгіленген он бес мың айлық есептік көрсеткіштен асатын кезде тараптары заңды тұлғалар, заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар болып табылатын мүліктік даулар жөніндегі;
2) тараптардың бiрi халықаралық немесе шетелдік ұйым болып табылатын;
3) министрліктер, басқа да республикалық атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын, есеп беретiн органдардың нормативтік құқықтық актілеріне дау айту туралы;
4) аумақтық сайлау комиссияларының референдум, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, өкiлдi органдар депутаттарының сайлауын әзiрлеу мен өткiзу жөнiндегi шешiмдерi мен әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) азаматтардың дау айтуы туралы азаматтық iстердi қарайды.
2. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi немесе консулдық мекемелерi лауазымды адамдарының заңға қайшы әрекеттерiне талап қоюы жөнiндегi iстердi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң, министрлiктер мен басқа да республикалық атқарушы органдардың және Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын, есеп беретiн органдардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, ұйымдардың құқықтарына қатысты нормативтiк емес актiлерiне дау айту туралы iстердi Астана қаласының соты қарайды.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 29-бап өзгертілді
29-бап. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында соттауға жататын азаматтық істер
1. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бірінші саты бойынша:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілеріне;
2) республикалық референдум, Қазақстан Республикасы Президентін және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне);
3) алынып тасталды
2. Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес басқа да істер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында қаралуға жатқызылуы мүмкін.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде аталған даулар туралы істердің Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңға сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құзыретіне кірмейтін бөлігі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында қаралуға жатады.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 30-бап жаңа редакцияда; ҚР 02.07.03 ж. N 451-II Заңымен 30-бап толықтырылды
30-бап. Азаматтық iстердiң мамандандырылған соттарда соттауға жатқызылуы
1. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, осы Кодекстiң 28-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2), 3), 4) тармақшаларында, екiншi бөлiгiнде, 29-бапта көзделген iстердi қоспағанда, тараптары заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын азаматтар, заңды тұлғалар болып табылатын мүлiктiк және мүлiктiк емес даулар жөнiндегi азаматтық iстердi қарайды.
1-1. Мамандандырылған аудандық және соларға теңестiрілген әкiмшілік соттар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдардың (лауазымды адамдардың) қаулыларына дауласу туралы iстердi қарайды.
2. Азаматтық iстердiң басқа мамандандырылған соттардың соттауына жатқызылуы осы Кодекспен белгіленедi.
31-бап. Жауапкердің тұрған жері бойынша талап қою
Талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотта қойылады. Заңды тұлғаға талап заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша қойылады.
32-бап. Талап қоюшының таңдауы бойынша соттың соттауына жатқызу
1. Тұрғылықты жері белгісіз не Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері жоқ жауапкерге талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша немесе оның ең соңғы белгілі тұрған жері бойынша қойылуы мүмкін.
2. Заңды тұлғаға да талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша қойылуы мүмкін.
3. Заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің қызметінен туындайтын талап та филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін.
4. Алименттер өндіріп алу туралы және әке болуды анықтау туралы талаптарды талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша да қоя алады.
5. Мертігуден немесе денсаулығының өзге де зақымдануынан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы талаптарды да талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе зиян келтірілген жер бойынша қоя алады.
6. Орындалу орны көрсетілген шарттардан туындайтын талаптар да шарттың орындалатын жері бойынша қойылуы мүмкін.
7. Некені бұзу туралы талаптар талап қоюшының кәмелетке толмаған балалары тұратын немесе денсаулық жағдайы бойынша талап қоюшының жауапкер тұратын жерге баруы ол үшін қиындық келтіретін жағдайларда да оның тұрғылықты жері бойынша қойылуы мүмкін.
8. Жалақыны, зейнетақы және жәрдемақыны өндіріп алу туралы талаптар, сондай-ақ заңсыз соттаудан, қылмыстық жауапқа заңсыз тартудан, бұлтартпау шараларын заңсыз қолданудан не әкімшілік қамау түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолданудан азаматқа келтірілген зиянды өтеуге байланысты еңбек, зейнеткерлік және тұрғын үй құқықтарын қалпына келтіру туралы талаптар талап қоюшының тұратын жері бойынша қойылуы мүмкін. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыларға дау айту жөніндегі талаптар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша да қойылуы мүмкін.
9. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талаптар талап қоюшының тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу жері бойынша қойылуы мүмкін.
10. Кемелердің соқтығысуынан келтірілген залалды өтеу туралы, сондай-ақ теңізде көмек көрсеткені және құтқарғаны үшін сыйақы алу туралы талаптар жауапкер тұрған немесе кеме тіркелген порттың орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін.
11. Осы Кодекстің 33-бабында белгіленген істің соттылығын қоспағанда, талап қоюшы осы бапқа сәйкес іс соттауына жататын бірнеше соттың арасынан біреуін таңдап алады.
33-бап. Ерекше соттылық
1. Жер учаскелеріне, үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, жерге тығыз байланысты басқа объектілерге (жылжымайтын мүлік) құқықтар туралы, мүлікті тыйым салудан босату туралы талаптар осы объектілер немесе тыйым салынған мүлік орналасқан жер бойынша қойылады.
2. Мұра қалдырушыға кредит берушілердің мұраны мұрагерлердің қабылдап алуына дейін қойылған талаптары мұраға қалдырылған мүлік немесе оның негізгі бөлігі орналасқан жердегі соттың соттауына жатады.
3. Тасымалдаушыларға жүктер, жолаушылар немесе теңдеме жүкті тасымалдау шарттарынан туындайтын талаптар көлік ұйымының тұрақты жұмыс істейтін органы орналасқан жер бойынша қойылады.
34-бап. Шарттық соттылық
Тараптар өзара келісім бойынша аталған істі қай соттың қарайтынын аумақтық жағынан өзгерте алады. Осы Кодекстің 33-бабында белгіленген істің соттылығын тараптардың келісімімен өзгертуге болмайды.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 35-бап өзгертілді
35-бап. Өзара байланысты бірнеше істің соттылығы
1. Әр жерде тұратын немесе орналасқан бірнеше жауапкерге талап талап қоюшының таңдауымен жауапкердің біреуі тұратын немесе орналасқан жер бойынша қойылады.
Бiр арызға бiрiктiрiлген, әртүрлi соттардың соттауына жататын талаптар, егер бұл ретте осы Кодекстiң 171-бабына сәйкес жоғары тұрған соттың судьясы бұл талаптарды бөлу туралы ұйғарым шығармаса, мәлiмделген талаптардың бiрi соттауына жатқызылған жоғары тұрған сотта қаралады.
2. Дербес талабын мәлімдеуші үшінші тұлғаның талабы және қай сотта сотталатындығына қарамастан қарсы талап бастапқы талапты қараған жердегі сотқа беріледі.
3. Қылмыстық істен туындайтын талап, егер ол қылмыстық іс жүргізілген кезде азаматтық талап қою ретінде мәлімделген немесе шешілмеген болса, осы Кодексте белгіленген соттылығы туралы ережелер бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға беріледі.
36-бап. Істі бір соттың жүргізуінен алып басқасына беру
1. Соттылық ережелерін сақтай отырып сот жүргізуге қабылдаған іс, кейіннен ол басқа соттың соттауына жатса да, мәні бойынша шешілуге тиіс.
2. Егер:
1) тұрғылықты жері бұрын белгісіз болған жауапкер істі өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беру туралы өтініш жасаса;
2) бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдірілгеннен кейін, сондай-ақ назар аударуға тұратын басқа мән-жайлар бойынша судьяларды ауыстыру немесе аталған сотта істі қарау мүмкін болмаса;
3) істі аталған сотта қарау кезінде оның істің соттылық ережелерін бұза отырып қабылданғаны анықталса;
4) сотқа талап қойылса, сот істі басқа соттың қарауына береді.
3. Істің сол соттың соттауына жатпайтыны туралы тараптардың арыздарын сол сот шешеді. Істі басқа сотқа беру туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарылады. Осы баптың екінші бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда істі беру жоғары тұрған сот судьясының ұйғарымымен жүзеге асырылады. Тараптың (тараптардың) іс сол соттың соттауына жатпайтыны туралы арызын қанағаттандырмай қалдыру туралы сот ұйғарымына жоғары тұрған сотқа шағымдануға болады, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды. Істі бір соттан басқасына беру - бұл ұйғарымға шағымдану мерзімі өткеннен кейін, ал шағым берген жағдайда шағымды қанағаттандырмай қалдыру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін жүргізіледі.
4. Істің соттылығы туралы соттардың арасындағы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды.
4-тарау. Соттың құрамы, қарсылық білдіру
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 37-бап өзгертілді
37-бап. Соттың құрамы
1. Соттың бірінші сатысындағы азаматтық істерді соттың атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды.
2. Iстердi апелляциялық сотта немесе қадағалау сатысындағы соттарда қарауды соттың алқалы құрамы жүзеге асырады. Іс алқалы түрде қаралған кезде соттың құрамына саны тақ (кем дегенде үш) судья кіруге тиіс, олардың біреуі төрағалық етуші болып табылады.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 38-бап өзгертілді
38-бап. Алқалы құрамдағы соттың мәселелерді шешу тәртібі
1. Істерді соттың алқалы құрамы қараған және шешкен кезде барлық судьялар тең құқықтарды пайдаланады. Істі алқалы түрде қараған және шешкен кезде туындаған барлық мәселелерді судьялар көпшілік дауыспен шешеді. Әрбір мәселені шешкен кезде судьялардың ешқайсысы дауыс беруден қалыс қалуға құқылы емес.
2. Төрағалық етуші ұсыныстарды енгізеді, өз пікірін айтады және соңынан дауыс береді.
3. Көпшілік шешімімен келіспеген судья осы шешімге қол қоюға міндетті және ерекше пікірін жазбаша түрде баяндай алады, ол төрағалық етушіге тапсырылады және мөр басылған конверттегі іске қоса тіркеледі. Ерекше пікірмен апелляциялық және қадағалау сатыларындағы сот осы істі тиісті сатыда қарау кезінде танысуға құқылы. Судьяның ерекше пікірінің бар екендігі туралы іске қатысушы адамдарға хабарланбайды және ерекше пікір соттың отырыс залында жарияланбайды.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 39-бап өзгертілді
39-бап. Судьяның істі қарауға қайта қатысуына жол берілмейтіндігі
1. Бірінші сатыдағы сотта азаматтық істі қарауға қатысқан судья сол істі апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы сотта қарауға, сондай-ақ оның қатысуымен қабылданған шешім күшін жойған жағдайда бірінші сатыдағы сотта істі жаңадан қарауға қатыса алмайды.
2. Апелляциялық сатыдағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі бірінші немесе қадағалау сатысындағы соттарда қарауға қатыса алмайды.
3. Апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы сотта iстi қарауға қатысқан судья, өзiнiң қатысуымен қабылданған қаулы күшiн жойған жағдайда аталған сатыларда осы iстi қарауға қайтадан қатыса алмайды.
4. Қадағалау сатысындағы сотта істі қарауға қатысқан судья осы істі бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда жаңадан қарауға қатыса алмайды.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Судьяға қарсылық білдіру үшін негіздер.
1. Егер судья:
1) осы істі мұның алдындағы қарау кезінде куә, сарапшы, маман, аудармашы, өкіл, сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы, сот приставы ретінде қатысса;
2) іске қатысушы адамдардың немесе олардың өкілдерінің біреуінің туысы болса;
3) істің нәтижесіне жеке, тікелей немесе жанама түрде мүдделі не оның әділдігіне негізді күмән туғызатын өзге де мән-жайлар болса, ол істі қарауға қатыса алмайды және оған қарсылық білдірілуге тиіс.
2. Істі қарайтын соттың құрамына өзара туыс адамдар кіре алмайды.
41-бап. Прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, сот отырысының хатшысына, сот приставына қарсылық білдіру үшін негіздер
1. Осы Кодекстің 40-бабының бірінші бөлігінде аталған қарсылық білдіру үшін негіздер прокурорға, сарапшыға, маманға, аудармашыға, сот отырысының хатшысына, сот приставына да қолданылады.
2. Сонымен қатар сарапшы немесе маман, егер:
1) ол іске қатысушы адамдарға немесе олардың өкілдеріне қызмет жағынан немесе өзгедей тәуелді болса немесе тәуелділікте болып келсе;
2) ол тексеру жүргізіп, оның материалдары сотқа жүгінуге негіз болса не осы азаматтық істі қарағанда пайдаланылса, істі қарауға қатыса алмайды.
3. Прокурордың, сарапшының, маманның, аудармашының, сот отырысы хатшысының, сот приставының осы істі мұның алдында қараған кезде тиісінше прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, сот отырысының хатшысы, сот приставы ретінде қатысуы оларға қарсылық білдіруге негіз болып табылмайды.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Қарсылықтар білдіру (өздігінен бас тарту) туралы мәлімдемелер және оларды шешудің тәртібі
1. Осы Кодекстің 40, 41-баптарында аталған мән-жайлар болған кезде судья, прокурор, сарапшы, аудармашы, сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы, сот приставы өздігінен бас тартуды мәлімдеуге міндетті. Сол негіздер бойынша іске қатысатын адамдар қарсылық білдіретінін мәлімдеуі мүмкін.
2. Өздігінен бас тарту мен қарсылық білдіру істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін дәлелденіп, мәлімделуге тиіс. Істі қарау барысында өздігінен бас тарту (қарсылық білдіру) туралы мәлімдеме жасауға қарсы болу (қарсылық білдіру) негіздері сотқа немесе өздігінен бас тартуды (қарсылық білдіруді) мәлімдеуші адамға істі қарау басталғаннан кейін белгілі болған жағдайда ғана жол беріледі.
3. Істі жеке-дара қараушы судьяға мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) сол соттың төрағасы немесе сол соттың басқа судьясы, олар болмаған жағдайда - жоғары тұрған сот судьясы қарайды.
4. Істі соттың алқалы құрамда қарауы кезінде судьялардың біреуі өздігінен бас тартуды (қарсылық білдіруді) мәлімдеген жағдайда сот іске қатысушы адамдардың пікірін тыңдайды және, егер ол түсініктеме бергісі келсе, қарсылық білдірілген судьяның пікірін тыңдайды және қарсылық білдіру туралы мәселені қарсылық білдірілген судьяның қатысуынсыз шешеді. Қарсылық білдіруді жақтаған және оған қарсы дауыстар саны тең болған кезде судья қарсылық білдірілген болып есептеледі. Бірнеше судьяға немесе соттың бүкіл құрамына мәлімделген қарсылық білдіруді нақ сол сот толық құрамында жай көпшілік дауыспен шешеді.
5. Қарсылық білдіруді қабылдамай тастау немесе қанағаттандыру туралы ұйғарым шағым беруге, наразылық келтіруге жатпайды. Ұйғарымға келіспеушілік туралы дәлелдер аппеляциялық немесе қадағалау шағымдарына, наразылық келтіруге енгізілуі мүмкін.
6. Прокурордың, сарапшының, маманның, аудармашының, сот отырысы хатшысының, сот орындаушысының, сот приставының өздігінен бас тартуы (қарсылық білдіруі) туралы мәселені істі қарайтын сот шешеді.
7. Өздігінен бас тарту (қарсылық білдіру) туралы мәселе соттың ұйғарымымен шешіледі.
43-бап. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы мәлімдемені қанағаттандырудың салдары
1. Аудандық немесе оған теңестірілген сотта істі жеке-дара қараушы судья қарсылық білдірген (өздігінен бас тартқан) жағдайда бұл істі сол сотта басқа судья қарайды. Егер іс қаралатын сотта судьяны ауыстыру мүмкін болмаса, жоғары тұрған сот арқылы іс басқа аудандық немесе оған теңестірілген сотқа беріледі.
2. Облыстық немесе оған теңестірілген сотта, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында істі қарау кезінде судья өздігінен бас тартқан не қарсылық білдірген не соттың барлық құрамы қарсылық білдірген жағдайда, істі сол соттағы басқа судья немесе басқа құрамдағы судьялар қарайды.
3. Егер облыстық немесе оған теңестірілген сотта өздігінен бас тарту немесе қарсылықтар білдіру қанағаттандырылғаннан кейін не осы Кодекстің 39-бабында аталған себептермен осы істі қарау үшін соттың жаңа құрамын құру мүмкін болмаса, облыстық немесе соған теңестірілген сот іс бойынша тараптар болса, ол қаралатын сот ұйғарымы үшін іс Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілуге тиіс.