9) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсіндірулері, мамандардың түсіндірмелері;
10) құжаттардың жария етілуі туралы мәліметтер, заттай дәлелдемелерді қараудың, дыбысжазбаларды тыңдаудың, бейнежазбаларды, киноматериалдарды көрудің деректері;
11) осы Кодекстің 57-бабы негізінде іске қатысушы мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындылары туралы мәліметтер;
12) сот отырысы залында болған сұрақтар мен жауаптардың мазмұны;
13) сот жарыссөздерінің мазмұны;
14) шешім мен ұйғарымдардың мазмұны жария етілгені және түсіндірілгені, оларға шағым беру тәртібі мен мерзімі түсіндірілгені туралы мәліметтер;
15) іске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және оған ескертулер беру құқықтарының түсіндірілгені туралы мәліметтер;
16) хаттаманың жасалған күні көрсетіледі.
257-бап. Хаттама жасау
1. Хаттаманы сот отырысының хатшысы жасайды.
2. Әрбір сот отырысы бойынша немесе жеке іс жүргізу әрекеті бойынша жеке хаттама жасалады.
3. Хаттама қолмен жазылуы немесе машинкаға (компьютерде) басу әдісімен дайындалуы мүмкін. Хаттаманың толық жасалуын қамтамасыз ету үшін дыбысжазба құралдары және (немесе) стенографиялау пайдаланылуы мүмкін. Стенограмманың және (немесе) дыбысжазбаның мазмұны сот отырысының хаттамасында көрсетілуге тиіс. Стенограмма сот отырысының хаттамасына қоса тіркеледі, ал оның дыбысжазбасы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін істе сақталады. Хаттамада осы құралдардың қолданылғаны туралы жазба жасалады.
4. Іске қатысушы адамдар мен өкілдер хаттаманың қандай да бір бөлігін жария ету туралы, өздері іс үшін елеулі деп есептейтін мән-жайлар жөніндегі мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтінім жасауға құқылы.
5. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейін үш күннен кешіктірілмей, ал жеке іс жүргізу әрекеті туралы хаттама ол жасалғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірілмей дайындалып, оған қол қойылуға тиіс. Күрделі істер бойынша сот отырысының хаттамасын дайындау және оған қол қою бұдан да ұзақ мерзімде, бірақ сот отырысы аяқталғаннан кейін он күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Хаттамаға төрағалық етуші және хатшы қол қояды. Барлық өзгерістер, түзетулер, толықтырулар хаттамада айтылуға және олардың қол қоюымен куәландырылуға тиіс.
258-бап. Хаттамаға ескертпелер
Іске қатысушы адамдар мен өкілдер хаттамамен танысуға және оған қол қойылған кезден бастап бес күн ішінде хаттамада жіберілген қателіктер мен кемістіктерді көрсете отырып, оған жазбаша түрде ескертпелер беруге құқылы.
259-бап. Хаттамаға жасалған ескертпелерді қарау
1. Хаттамаға жасалған ескертпелерді оған қол қойған төрағалық етуші қарайды, ол ескертпелермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын куәландырады.
2. Төрағалық етуші берілген ескертпелермен келіспеген жағдайда хаттамаға ескертпелер берген адамға хабарлана отырып, олар сот отырысында қаралады. Ескертпелерді қарау нәтижесінде төрағалық етуші олардың дұрыстығын куәландыру туралы не олардың толық немесе ішінара қабылданбауы туралы ұйғарым шығарады. Ескертпелер барлық жағдайда іске қоса тіркеледі.
3. Хаттамаға жасалған ескертпелер олардың берілген күнінен бастап бес күн ішінде қаралуға тиіс.
4. Іс бойынша төрағалық етуші әлдебір объективті себептермен хаттамаға жасалған ескертпелерді қарай алмаған жағдайда, олар істің материалдарына қоса тіркеледі.
24-тарау. Сырттай іс жүргізу және сырттай шешім шығару
260-бап. Сырттай іс жүргізу негіздемелері
1. Отырыстың өткізілетін орны мен уақыты тиісті түрде хабарланған, келмей қалуының дәлелді себептерін хабарламаған және істі өзі жоқта қарауды сұрамаған жауапкер сот отырысына келмей қалған жағдайда, егер талап қоюшы бұған қарсы болмаса, іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
2. Іске бірнеше жауапкер қатысқан кезде сот отырысына барлық жауапкерлер келмей қалған жағдайда іс сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
3. Егер сот отырысына келген талап қоюшы жауапкер жоқта істі сырттай жүргізу тәртібімен қарауға келіспесе, сот істің қаралуын кейінге қалдырады және жауапкерге жаңа сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлама жібереді. Тиісті түрде хабарланған жауапкер тағы да келмей қалған жағдайда сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарайды.
4. Сот істі сырттай іс жүргізу тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады.
5. Талап қоюшы істің нысанасын немесе талаптың негіздемесін өзгерткен жағдайда сот істі соттың сол отырысында сырттай іс жүргізу тәртібімен қарауға құқылы емес.
261-бап. Сырттай іс жүргізу тәртібі
Сот сырттай іс жүргізу тәртібімен істі қарау кезінде іске қатысушы адамдар берген дәлелдемелерді зерттейді, олардың дәлелдерін ескереді және сырттай шешім деп аталатын шешім шығарады.
262-бап. Сырттай шешімнің мазмұны
1. Сырттай шешімнің мазмұны осы Кодекстің 221-бабының ережелерінде белгіленеді.
2. Сырттай дәлелді шешім шығаруды кейінге қалдыруға жол берілмейді.
3. Сырттай шешімнің қарар бөлігінде жауапкердің бұл шешімнің күшін жою туралы өтініш беруінің мерзімі мен тәртібі көрсетілуге тиіс.
263-бап. Сырттай шешімнің көшірмесін жіберу
1. Сырттай шешімнің көшірмесі жауапкерге оның шығарылған күнінен бастап үш күннен кешіктірілмей, оның тапсырылғаны туралы хабарланатын етіп жіберіледі.
2. Сырттай шешімнің көшірмесі сот отырысына қатыспаған талапкерге ол шығарылған күннен бастап үш күннен кешіктірілмей, оның тапсырылғаны туралы хабарланатын етіп жіберіледі.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 264-бап өзгертілді
264-бап. Сырттай шешімге шағым жасау
1. Жауапкер сырттай шешім шығарған сотқа өзі шешімнің көшірмесін алған кезден бастап бес күн ішінде бұл шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы.
2. Сырттай шешімге тараптар бұл шешімнің күшін жою туралы арыз беру мерзімі өткен соң, ал арыз берілген жағдайда - бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарған кезден бастап он бес күн ішінде апелляциялық тәртіппен шағым беруі немесе прокурор наразылық келтіруі мүмкін.
ҚР 24.12.01 ж. N 276-II Заңымен 265-бап өзгертілді
265-бап. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың мазмұны
1. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызда:
1) сырттай шешім шығарған соттың атауы;
2) арыз берген тараптың атауы;
3) жауапкердің сот отырысына дәлелді себептермен келмей қалуын куәландыратын мән-жайлар туралы мәліметтер және бұл мән-жайларды растайтын дәлелдемелер, сондай-ақ шешімнің мазмұнына әсер етуі мүмкін дәлелдемелер;
4) арыз беруші тараптың өтініші;
5) арызға қоса тіркелетін материалдардың тізбесі болуға тиіс.
2. Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызға тарап немесе өкілеттігі болған жағдайда оның өкілі қол қойып, ол іске қатысушы адамдардың саны бойынша көшірмелермен бірге сотқа табыс етіледі.
3. алынып тасталды
266-бап. Соттың арыз қабылданғаннан кейінгі іс-әрекеттері
Сот іске қатысушы адамдарға сырттай шешімнің күшін жою туралы арыздың қаралатын уақыты мен орнын хабарлайды, оларға арыздың және оған қоса тіркелген материалдардың көшірмесін жібереді.
267-бап. Арызды қарау
Сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды сот оның сотқа келіп түскен кезінен бастап он күн ішінде сот отырысында қарайды. Сот отырысы өткізілетін уақыт пен орын туралы хабарланған іске қатысушы адамдардың келмей қалуы арыздың қаралуына кедергі болмайды.
268-бап. Соттың өкілеттігі
Сот сырттай шешімнің күшін жою туралы арызды қарап, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы немесе сырттай шығарылған шешімнің күшін жою және істі мәні бойынша соттың сол құрамында немесе өзге құрамында қайта қарау туралы ұйғарым шығарады.
269-бап. Сырттай шешімнің күшін жоюдың негіздемелері
Егер жауапкердің сот отырысына келмей қалуына дәлелді себептер болып, олар туралы сотқа мезгілінде хабарлауға оның мүмкіндігі болмағанын сот анықтаса және ол шешімнің мазмұнына ықпал етуі мүмкін дәлелдемелерді табыс етсе, сырттай шешімнің күші жойылуға тиіс.
270-бап. Істің қайта қаралуы
Сырттай шешімнің күші жойылған жағдайда сот істі мәні бойынша қайта қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған жауапкер келмей қалған жағдайда, істі жаңадан қараған кезде сот шығарған шешім сырттай шешім деп танылмайды. Жауапкердің бұл шешімді сырттай іс жүргізу тәртібімен қайта қарау туралы қайталап арыз беруге құқығы жоқ.
271-бап. Сырттай шешімнің заңды күші
Сырттай шешім осы Кодекстің 235-бабының ережелері бойынша күшіне енеді.
3-бөлімше. Ерекше талап қоюмен іс жүргізу
25-тарау. Сайлауға, референдумдарға қатысушы азаматтар мен
қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау
туралы арыздар бойынша іс жүргізу
272-бап. Арыз беру
Мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, сайлау комиссиясының, лауазымды адамдардың шешімімен, әрекетімен (немесе әрекетсіздігімен) сайлау немесе сайлану, сайлауға, референдумға қатысу құқығы бұзылды деп санайтын азамат, қоғамдық бірлестік, сайлау комиссиясының мүшесі осы Кодекстің 3-тарауы мен басқа да заңдарда белгіленген соттылыққа жататын іс бойынша арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
273-бап. Арызды қарау
1. Сайлауға әзірлік және оны өткізу кезеңінде түскен арыз оның берілген күнінен бастап бес күн мерзімде, ал дауыс беру күнінен бес күн бұрын және дауыс беру күні түскен арыз дереу қаралуға тиіс.
2. Арызды сот арыз берушінің, тиісті сайлау комиссиясы немесе мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы өкілінің қатысуымен қарайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған адамдардың сотқа келмеуі істің қаралуы мен шешілуіне кедергі болмайды.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 274-бап өзгертілді
274-бап. Соттың шешімі және оның орындалуы
1. Азаматтың немесе қоғамдық бірлестіктің сайлау құқығы бұзылуын анықтаған сот шешімі сайлаушылар тізіміне түзетулер енгізу үшін, кандидатты тіркеу үшін не қоғамдық бірлестікті сайлауға немесе референдумға қатысушы ұйымдар қатарына енгізу үшін, сондай-ақ сайлау күнін өзгерту үшін негіз болып табылады.
2. Сот шешімі дереу заңды күшіне енеді және ол апелляциялық шағымдануға жатпайды. Ол тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына немесе сайлау комиссиясының төрағасына жіберіледі. Сот шешімінің орындалмауына кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікте болады.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 26-тараудың тақырыбы өзгертілді
26-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді
қарауға уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың)
қаулыларына дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 275-бап өзгертілді
275-бап. Шағым беру
1. Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 538-бабының 2) және 3) тармақшаларында аталған органдар (лауазымды адамдар) шығарған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер жөнiндегi заңды күшiне енбеген қаулыларына әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған, жәбiр көрген адамдар және олардың заңды өкiлдерi мен қорғаушылары сотқа шағымдануы, сондай-ақ прокурор сотқа наразылық келтiруi мүмкiн.
2. Әкімшілік құқық бұзушылықтан зардап шеккен адам да сотта әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыға дау айтуға құқылы.
3. алынып тасталды
4. Шағымда осы Кодекстің 150-бабында көзделген мәліметтер, сондай-ақ нақты алғанда қандай қаулыға шағым жасалып отырғаны туралы деректер, оның шығарылған, азаматқа көшірмесі тапсырылған немесе хабарланған күні көрсетілуге тиіс.
5. Сотқа шағым беру әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуын тоқтата тұрады.
6. Мүдделі адамдардың жоғары тұрған органдарға немесе жоғары тұрған лауазымды адамға бағыныштылық тәртібімен алдын ала жүгінуі сотқа шағым беру және соттың оны мәні бойынша қарауы мен шешуі үшін міндетті шарт болып табылмайды.
7. Шағым беру мерзімінің өткізіліп алуы, әкімшілік жаза қолдану мерзімінің, сондай-ақ қаулының орындалу мерзімінің өтуі соттың шағымды қарауға қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылмайды. Мерзімдер мен олардың істі дұрыс шешу үшін маңызын сот шағымның мазмұнына қарамастан тексереді.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 275-1-баппен толықтырылды
275-1-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жөнiндегi қаулыға сотқа шағымдану мен наразылық келтiрудiң тәртiбi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қаулысына осы Кодекстiң 275-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар қаулының көшiрмесi табыс етiлген күннен кейiн он күн iшiнде тiкелей сотқа шағым бере алады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысына осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мерзiмдерде аталған адамдар сотқа шағым бере алады.
3. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым жоғары тұрған органға (лауазымды адамға) және сотқа бiр мезгiлде түссе, онда шағымды сот қарайды.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға прокурор қаулының көшiрмесiн алған күннен бастап он күн ішiнде сотқа наразылық келтiруi мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 276-бап өзгертілді
276-бап. Шағымды қарау
1. Сот шағымды он күн мерзімде қарайды.
2. Сот шағым берген адамға, сондай-ақ іс әрекетіне шағым жасалып отырған әкімшілік органға немесе лауазымды адамға сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды, алайда олардың келмей қалуы істің қаралуы мен шешілуіне кедергі болмайды.
3. Істі қараған кезде сот әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының заңдылығы мен негізділігін тексереді, ол заң негізінде жүргізіліп отыр ма және оны соған уәкілетті орган немесе лауазымды адам жүргізіп отыр ма, адамды әкімшілік жауапқа немесе оған жүктелген міндетті орындауға тартудың белгіленген тәртібі сақталды ма, азамат заңдарға бұл үшін тиісті жауаптылық белгіленген әкімшілік құқық бұзушылық жасады ма, ол осы құқық бұзушылық жасауға кінәлі ме дегенді анықтайды.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 277-бап өзгертілді
277-бап. Соттың шешімі
1. Сот азаматты әкімшілік құқық бұзушылық құрамы немесе оқиғасы болмағаны үшін әкімшілік жауапқа тарту негізсіз деп таныған жағдайда, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде аталған, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын өзге де жағдайларда сот әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі қаулының күшін жою туралы және ол істі қысқарту туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатын, құқық бұзушының кім екенін, оның кінәсінің деңгейін, мүліктік жағдайын, жауапкершілікті жұмсартатын өзге де мән-жайларды ескере отырып, жазалау шарасын өзгертуге құқылы. Соттың әкімшілік жазаны күшейтуіне жол берілмейді.
3. Егер сот әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік жаза қолдану жөніндегі іс-әрекеті заңды және негізделген деп тапса, сот қаулыны өзгертпей қалдырады, ал арызды қанағаттандырмайды.
4. Егер сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулыны әкімшілік орган немесе лауазымды адам өз құзыретін бұза отырып шығарғанын анықтаса, сот қаулының күшін жояды, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі, егер әкімшілік жаза қолдану мерзімі өтіп кетпеген болса, жоғары тұрған органның, лауазымды адамның қарауына жібереді немесе, егер әкімшілік жаза қолдану мерзімі өтіп кетсе, іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) қаулысына жасалған шағым (наразылық) бойынша шығарылған заңды күшiне енген және енбеген сот ұйғарымдарына шағымдану Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекс белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 27-тараудың тақырыбы өзгертілді
27-тарау. Мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін-өзі
басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың,
лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері
мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту туралы
іс бойынша іс жүргізу
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 278-бап өзгертілді
278-бап. Арыз беру
1. Азамат және заңды тұлға мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне, әрекетіне (немесе әрекетсіздігіне) тікелей сотта дау айтуға құқылы. Жоғары тұрған органдар мен ұйымдарға, лауазымды адамға алдын ала жүгіну сотқа арыз беруге және соттың оны мәні бойынша қарауға қабылдауына және шешуіне міндетті шарт болып табылмайды.
2. Арыз сотқа осы кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық ережелері бойынша беріледі. Аудандық соттардың сотта іс қарауына жатқызылған арыздарды азаматтың тұрғылықты жеріндегі сотқа не әрекетіне дау айтылып отырған мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның, мемлекеттік қызметшінің орналасқан жеріндегі сотқа беріледі.
3. Арыз берушінің мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтер туралы хабардар болуының негізі бойынша Қазақстан Республикасынан шетелге кетуіне рұқсат беруден бас тартуға тиісті аудандық және кету туралы өтінішті қанағаттандырмау жөнінде шешім қабылданған жердегі соған теңестірілген сотта дау айтылады.
4. алынып тасталды
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 279-бап өзгертілді
279-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сот арқылы дау айтуға жататын шешімдері, әрекеті (немесе әрекетсіздігі)
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сотта дау айтылатын шешімдеріне, әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) нәтижесінде:
1) азаматтың және заңды тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылған;
2) азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ заңды тұлғаның құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн жүзеге асыруына кедергі жасалған;
3) азаматқа немесе заңды тұлғаға әлдебiр мiндет заңсыз жүктелген немесе олар заңсыз жауапқа тартылған алқалық және жеке-дара шешiмдер мен әрекеттер (әрекетсiздiк) жатады.
2. Осы тарауға сәйкес мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен лауазымды адамдардың мынадай шешімдері мен әрекеттеріне:
1) тексерілуі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің айрықша құзыретіне жатқызылған нормативтік құқықтық актілерге;
2) оларға қатысты заң сотқа шағымданудың өзгеше тәртiбiн көздейтiн жеке-дара және нормативтiк құқықтық актiлерге сотта дау айтуға болмайды;
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 280-бап өзгертілді
280-бап. Сотқа арыз беріп жүгінуге арналған мерзім
1. Азамат және заңды тұлға өз құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өздерiне мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылы.
2. Арыз беріп жүгінуге арналған үш айлық мерзімді өткізіп алу соттың арызды қабылдаудан бас тартуына негіз болып табылмайды. Мерзімнің өткізіліп алу себептері сот отырысында арызды мәні бойынша қарау кезінде анықталады және арыздың қанағаттандырылуынан бас тарту негіздемелерінің бірі болуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 281-бап өзгертілді
281-бап. Арызды қарау
1. Арызды сот бiр ай мерзiм iшiнде азаматтың, заңды тұлға өкiлiнiң шешімдері мен әрекеттеріне дау айтылып отырған мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, қоғамдық бірлестік, ұйым басшысының, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің қатысуымен қарайды.
2. Сот отырысының өткізілетін орны мен уақыты туралы тиісті түрде хабарланған жоғарыда аталған адамдардың қайсыбірінің сот отырысына келмей қалуы арыздың қаралуына кедергі болмайды. Алайда сот аталған адамдардың сот отырысына келуін міндетті деп табуы мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 282-бап өзгертілді
282-бап. Соттың шешімі және оның орындалуы
1. Сот арызды орынды деп танып, тиісті мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктің, ұйымның, лауазымды адамның немесе мемлекеттік қызметшінің азаматтың және заңды тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын, және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзуға жол берілген бұрмалаушылықты толық көлемінде жоюға міндеттілігі туралы шешім шығарады.