49-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) сақтауға мiндеттi пруденциялық нормативтерi, қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерi (нормативтерi)
1. Өтiнiш берушi (лицензиат) бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң тиiстi түрiне қатысты уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген пруденциялық нормативтердi және қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерiн (нормативтерiн) сақтауға мiндеттi.
2. Лицензиат уәкiлеттi органға пруденциялық нормативтердiң, қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерiнiң (нормативтерiнiң) сақталуын сипаттайтын көрсеткiштердiң есептерiн, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiп пен мерзiмде табыс етуге мiндеттi.
3. Пруденциялық нормативтердiң, сондай-ақ пруденциялық нормативтер мәнiнiң сақталуы мен есеп айырысу тәртiбiн сипаттайтын көрсеткiштердiң, өтiнiш берушi (лицензиат) сақтауға тиiстi қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерiнiң (нормативтерiнiң) түрлерi бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң әр түрiне қатысты уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
50-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi лицензиялау
1. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру үшiн лицензиялар берудiң талаптары мен тәртiбi осы Заңмен және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
2. Лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттарды уәкiлеттi орган қарайды және өтiнiш берушi мен ол табыс еткен құжаттар осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптарына сәйкес болған жағдайда бiр ай мерзiмнен кешiктiрмей лицензия бередi.
Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздемелер бойынша лицензия беруден бас тартуға құқылы.
3. Егер лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттарды қарау процесiнде осы құжаттарда өтiнiш берушi, оның құрылтайшылары немесе олардың қызметi туралы дәйектемесiз мәлiметтер бар екенi анықталса, уәкiлеттi орган ол құжаттарды қapaу мepзiмiн тоқтата тұруға құқылы. Өтініш беруші ескертпелердi жойғаннан кейiн және құжаттарды тапсырғаннан кейiн олардың қарау мерзiмi қайта жаңғыртылады. Уәкiлеттi органның құжаттарды кейiнгi қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.
51-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру. Лицензияны керi қайтарып алу және қолданылуын тоқтату
1. Уәкiлеттi орган мынадай:
1) лицензия алу немесе лицензиаттың қызметi туралы есептi қарау үшiн табыс етiлген құжаттарда дәйектемесiз ақпарат анықталған;
2) лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттардағы өзгерiстер туралы ақпарат берiлмеген;
3) осы Заңда белгiленген бiлiктiлiк талаптары сақталмаған;
4) лицензиат өзiн-өзi реттейтiн ұйымнан шыққан немесе шығарылған;
5) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметiн регламенттейтiн заңдары, сондай-ақ өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар мен лицензиаттың iшкi құжаттары бұзылған;
6) уәкiлеттi органның нұсқамасы орындалмаған;
7) лицензияның қолданылуын ерiктi түрде тоқтата тұру туралы жазбаша өтiнiш болған;
8) егер лицензиат қызметкерлерiнiң бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтата тұру немесе керi қайтарып алу нәтижесiнде оның қызметi бiлiктiлiк талаптарына сәйкес болмаған;
9) мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасы заңдарының бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы мәлiметтердi табыс ету жөнiндегi талаптарын орындамаған жағдайларда лицензияның қолданылуын алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
2. Уәкiлеттi органнан лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама алғаннан кейiн бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң лицензияланатын түрiн жүзеге асыру заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi жойылған жағдайда, уәкiлеттi орган лицензияның қолданылуын қайта жаңғырту туралы шешiм қабылдайды және бұл туралы лицензиатқа жазбаша хабарлайды.
4. Уәкiлеттi орган лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi жойылмаған жағдайда және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де негiздер бойынша лицензияны керi қайтарып алуға құқылы.
Соттың лицензиатқа бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға тыйым салу туралы заңды күшiне енген шешiмi болған кезде уәкiлеттi орган лицензияны керi қайтарып алуға мiндеттi.
5. Лицензияның қолданылуы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздемелер бойынша тоқтатылады.
6. Лицензиат уәкiлеттi органның лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе оны керi қайтарып алу туралы хабарламасын алғаннан кейiн оның клиенттер алдындағы мiндеттемелерiн орындау тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
52-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы есептер
1. Лицензиаттар уәкiлеттi органға бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы есептер беруге мiндеттi.
2. Лицензиаттардың бағалы қағаздар рыногындағы қызметi туралы есептердi беру кезеңдiлiгi, есептердiң нысандары және оларды табыс ету тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
53-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға шектеулер және тыйым салу
1. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, лицензиаттың қаржы рыногындағы қызметке жатпайтын кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ.
2. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының бағалы қағаздар рыногындағы қызметi Қазақстан Республикасының осы ұйымдардың қызметiн реттейтiн заң актiлерiнiң талаптары ескерiле отырып жүзеге асырылады.
54-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) басшы қызметкерлерiне қойылатын талаптар
1. Мыналардың:
1) осы баптың 2-тармағында белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келмеген;
2) заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы бар;
3) лицензиаттың басшы қызметкерi лауазымына кандидатураны келісуге құжаттарды табыс етердiң алдында бiр жыл iшiнде қаржы рыногындағы қызметiне байланысты құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылған;
4) бұрын банкрот деп танылған ұйымның басшы қызметкерi болған немесе осы адам осы ұйымның басшы қызметкерi лауазымында болған уақытында консервациялауға, санациялауға немесе мәжбүрлеп таратуға ұшыраған адамның басшы қызметкер лауазымын атқаруына құқығы жоқ. Осы талап аталған оқиғалардың бiрi туындағанға дейiн әрi кеткенде бiр жыл бұрын мұндай ұйымның басшы қызметкерi болған адамдарға қолданылады және ол туындағаннан кейiн үш жыл бойы қолданылады;
5) уәкiлеттi органда келiсу рәсiмдерiнен өтпеген адамның мұндай лауазымды атқаруға құқығы жоқ.
2. Басшы қызметкер лауазымын атқаруға өтiнiш берушiге (лицензиатқа) қойылатын бiлiктiлiк талаптары:
1) жоғары бiлiмiнiң болуын;
2) бiрiншi басшы және (немесе) оның орынбасары және филиалдың басшысы (банк болып табылмайтын ұйымдар немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйым үшiн) лауазымына кандидатқа және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асырушы құрылымдық бөлiмшелердiң қызметiн үйлестiрудi және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және соның негiзiнде бағалы қағаздар рыногында жасалатын құжаттарға қол қоюға құқығы бар басшы қызметкер лауазымына кандидатқа (банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдар үшiн) уәкiлеттi орган берген тиiстi санаттағы бiлiктiлiк куәлiгiнiң болуын;
3) қызметiнiң негiзгi түрi қаржы қызметiн көрсету болып табылатын ұйымда бiрiншi басшы немесе бас бухгалтер лауазымына кандидаттың кем дегенде үш жыл, ал басқа басшы қызметкерлердiң кем дегенде екi жыл жұмыс стажы болуын қамтиды.
3. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) басшы қызметкерi лауазымына уәкiлеттi органның келiсiмiнен өткен кандидат сайлануы (тағайындалуы) мүмкiн.
Уәкiлеттi орган басшы қызметкердiң кандидатурасын келiсу тәртiбiн белгiлейдi және кандидаттың осы баптың 2-тармағында белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгi туралы шешiм қабылдайтын бiлiктiлiк комиссиясының қызметiн ұйымдастырады.
Басшы қызметкердiң лауазымына сайланған (тағайындалған) адам сайланған (тағайындалған) күнiнен бастап екi ай iшiнде уәкiлеттi органның келiсiмiнен өтуге тиiс. Көрсетiлген мерзiмде бiлiктiлiк комиссиясы кандидаттың осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген талаптарға сәйкестiгiн анықтайды.
4. Уәкiлеттi орган мынадай жағдайларда:
1) лицензиаттың қызметi процесiнде Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейтiн заңдарының бұзылғаны анықталса;
2) осындай келiсiм негiзiнде берiлген дәйектемесiз мәлiметтер анықталса;
3) бағалы қағаздар рыногындағы қызметке байланысты құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылса немесе қылмыс жасағаны үшiн қылмыстық жауапқа тартылса;
4) осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген талаптарға сәйкес еместiгi анықталса, басшы қызметкер лауазымын атқаратын адамға берiлген келiсiмдi керi қайтарып алуға құқылы.
5. Лицензиаттың басшы қызметiн атқаруына келiсiмдi уәкiлеттi органның керi қайтарып алуы сол адамның аталған басшы қызметкер лауазымын атқаруға тыйым салуға әкеп соғады.
55-бап. Ұйымдық құрылымға қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыруға екi және одан да көп лицензиясы бар лицензиаттың ұйымдық құрылымы қызметтiң әр түрi бойынша жекелеген бөлiмшелерден тұруға тиiс.
2. Лицензиаттың бiр бөлiмше қызметкерлерiнiң функциялары мен мiндеттерiн орындауды екiншi бөлiмшенiң қызметкерлерiне жүктеуге құқығы жоқ.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптарын қолдану ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
56-бап. Жосықсыз мiнез-құлыққа тыйым салу. Бағалы қағаздардың бағасымен айла-шарғы жасау
1. Лицензиаттың:
1) басқа лицензиаттарға және инвесторларға бағалы қағаздар рыногында олардың әрекетiн өзгерту мақсатында кез келген нысанда ықпал етуiне;
2) бағалы қағаздар рыногында қалыптасатын жағдайға ықпал ету мақсатында дәйектемесiз мәлiметтер таратуына;
3) бағалы қағаздар рыногында бағамен айла-шарғы жасауына тыйым салынады.
2. Мыналар:
1) жалған немесе алдамшы мәмiле;
2) екi және одан да көп тараптар арасында шамамен бiрдей бағамен және бiр мезгiлде қарсы бағыты бар, алдын ала бәтуаласу арқылы жасалатын, орындалуы мұндай мәмiлелердiң тараптарындағы бағалы қағаздар мен ақша санын олардың мұндай мәмiлелер жасалғанға дейiнгi санымен салыстырғанда өзгеруiне әкеп соқтырмайтын мәмiлелер;
3) тараптар арасында, мұндай мәмiле жасалғанға дейiн бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан осы бағалы қағаздардың бағасынан айтарлықтай өзгеше бағамен алдын ала келiсiм бойынша жасалған мәмiле;
4) бағамен айла-шарғы жасау мақсатында жасалған өзге де мәмiлелер бағалы қағаздардың бағасымен айла-шарғы жасау мақсатында олармен жасалатын мәмiлелердiң негiзгi түрлерi болып танылады.
3. Бағалы қағаздармен мәмiлелердi бағамен айла-шарғы жасау мақсатында жасалған мәмiле белгiлерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен және сауда-саттықты ұйымдастырушының (егер мұндай мәмiле оның сауда жүйесiнде жасалған болса) iшкi құжаттарымен белгiленедi.
10-тарау. Бағалы қағаздарын нақтылы ұстау
57-бап. Бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды жүзеге асыру тәртiбi
1. Бағалы қағаздардың нақтылы ұстаушысы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығы бар орталық депозитарий, кастодиан және брокер-дилер нақтылы ұстау қызметiн көрсетуге құқылы.
2. Бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды клиентпен жасалған, лицензиаттың нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты құқықтарын белгiлейтiн шарттың талаптарына сәйкес лицензиат жүзеге асырады.
3. Нақтылы ұстау ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргізу құқығы бар кастодиан және брокер-дилер клиентпен нақтылы ұстау туралы шарт жасалғаннан кейiн күнтiзбелiк үш күн iшiнде клиентке нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке шот және орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi клиенттiң қосалқы шотын ашуға мiндеттi.
Бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiнде нақтылы ұстауға берiлген мемлекеттiк емес бағалы қағаздарды есепке алу орталық депозитарийдiң жеке шоты бойынша жүзеге асырылады, оны ашуды орталық депозитарийдiң бұйрығы негiзiнде тiркеушi жүргiзедi.
Нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке шот ашу тәртiбi нақтылы ұстаушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.
4. Бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды жүзеге асыру тәртiбi осы Заңның талаптарына және нақтылы ұстау туралы шарттың талаптарына сәйкес лицензиаттардың iшкi құжаттарымен белгiленедi.
58-бап. Нақтылы ұстаушының мiндеттерi
Нақтылы ұстаушы:
1) клиенттiң жеке шотындағы қателiктер мен ақпаратты бұрмалаудың алдын алу мақсатымен тұрақты бақылауды жүзеге асыруға;
2) нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде бар және клиенттiң жеке шоты бойынша өзгерiстер енгiзудiң ретiн белгiлеуге немесе қалпына келтiруге мүмкiндiк беретiн ақпаратты сақтауға;
3) осы Заңда белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде клиенттiң жеке шоты бойынша өзгерiстер енгiзуге;
4) нақтылы ұстау туралы жасалған шартқа сәйкес клиентке анық ақпарат беруге мiндеттi.
59-бап. Нақтылы ұстаушының функциялары. Нақтылы ұстаушының функцияларын жүзеге асыруға байланысты тыйым салу
1. Нақтылы ұстаушының функциялары:
1) клиенттiң бағалы қағаздарын есепке алу және осы бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде олардың болуын қамтамасыз ету;
2) клиенттiң бағалы қағаздарымен жасаған мәмiлелерiн тiркеу;
3) клиенттердiң бағалы қағаздар бойынша құқықтарын растау;
4) нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде клиенттердiң мүдделерiн бiлдiру;
5) нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты ақпаратты клиенттiң назарына жеткiзу;
6) нақтылы ұстау туралы шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де функциялар болып табылады.
2. Нақтылы ұстаушының:
1) Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмейтiн бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеудi жүзеге асыруына;
2) осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, клиенттiң бұйрығынсыз бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеудi жүзеге асыруына;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, клиенттiң тиiстi жазбаша рұқсатынсыз оның ақшасы мен бағалы қағаздарын өз мүддесiне немесе үшiншi тұлғалардың мүддесiне пайдалануына тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында нақтылы ұстаушының:
1) орталық депозитарийдi;
2) шетелдiк бағалы қағаздарға немесе осы баптың 1-тармағында белгiленген функцияларды жүзеге асырушы шетелдiк ұйымдарға қатысты өзiнiң нақтылы ұстау қызметiн көрсеткен кезде, кастодиандарды қоспағанда, басқа нақтылы ұстаушыға өзiне нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты нақтылы ұстау қызметiн көрсетуге құқығы жоқ.
60-бап. Нақтылы ұстау туралы шарт
1. Нақтылы ұстаушы мен оның клиентi арасындағы құқықтық қатынастар олардың арасында жасалған нақтылы ұстау туралы шартпен реттеледi. Нақтылы ұстау туралы шартқа Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес тапсырма шартының нормалары қолданылады.
2. Нақтылы ұстау туралы шартты жасасар алдында нақтылы ұстаушы клиенттi өзiнiң нақтылы ұстаушы ретiндегi қызметтi орындау талаптарымен таныстыруға мiндеттi.
3. Нақтылы ұстау туралы шартта:
1) шарттың нысанасы;
2) нақтылы ұстаушының клиенттiң жеке шоты туралы коммерциялық құпияны caқтaу жөнiндегі мiндеттемелерiн қоса алғанда, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
3) нақтылы ұстаушының депозитарийге клиент туралы мәлiметтер берудiң талаптары мен тәртiбi;
4) клиенттердiң нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздар жөнiндегi құқықтарын растау тәртiбi;
5) нақтылы ұстаушының көрсеткен қызметiне ақы төлеудiң мөлшерi мен тәртiбi;
6) нақтылы ұстаушының клиент алдындағы есептiлiк нысаны және кезеңдiлiгi;
7) тараптардың шарттың талаптарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi;
8) бағалы қағаздар бойынша кiрiс алу талаптары мен тәртiбi болуға тиiс.
Жоғарыда тiзiлiп көрсетiлген ережелерден бөлек шартта Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де талаптар болуы мүмкiн.
61-бап. Нақтылы ұстаудағы бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеу
1. Нақтылы ұстаудағы бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi нақтылы ұстаушы клиенттiң нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi шоты және клиенттiң орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi қосалқы шоты бойынша жүзеге асырады.
2. Орталық депозитарийде осы клиенттi бiрдейлендiруге қажетті мәлiметтер болған жағдайда, депоненттiң клиентi орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi өзiнiң қосалқы шотының жай-күйi туралы үзiндi алуға құқылы.
Нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi жеке шоттан үзiндiде көрсетiлген бағалы қағаздардың саны, түрi және санаты туралы мәлiметтер орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi қосалқы шоты бойынша сондай мәлiметтерге сәйкес келмеген жағдайда орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiнде көрсетiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.
Орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi қосалқы шоттан үзiндiнi табыс ету тәртiбi оның iшкi құжаттарымен белгiленедi.
3. Нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу ерекшелiктерi нақтылы ұстаушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.
62-бап. Нақтылы ұстаушының ақпаратты ашуы
1. Нақтылы ұстаушы тiркеушi мен орталық депозитарийдiң талап етуi бойынша, олардың арасында нақтылы ұстау туралы жасалған шартқа сәйкес нақтылы ұстаушыға өздерi жөнiндегi мәлiметтердi ашу құқықтарын бермеген клиенттер туралы мәлiметтердi қоспағанда, өзiнiң нақтылы ұстауындағы бағалы қағаздары бар клиенттер туралы мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде аталған ақпаратты табыс ету тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
2. Нақтылы ұстаушының осы баптың 1-тармағында белгiленген өз клиенттерi туралы мәлiметтер беру жөнiндегi шектеу осы Заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттiк органдарға қатысты қолданылмайды.
11-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы
брокерлік-дилерлік қызмет
63-бап. Брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыру тәртiбi
1. Брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензия нақтылы ұстау ретiндегi клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығымен немесе клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығынсыз болуы мүмкiн.
2. Брокер-дилер осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде, өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарында белгiленген, эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер жасасу тәртiбiне қойылатын талаптарды сақтауға мiндеттi.
3. Брокер мен оның клиенттерiнiң арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тапсырма немесе комиссия шартының нормалары қолданылатын брокерлiк қызмет көрсету туралы шарт негiзiнде туындайды.
4. Нақтылы ұстаушы ретiндегi клиенттердiң шотын жүргiзу құқығы бар брокер-дилердiң ұйымдық құрылымына мынадай құрылымдық бөлiмшелер:
1) қаржы құралдарымен мәмiлелер жасасуды жүзеге асыратын сауда бөлiмшесi;
2) қаржы құралдарымен мәмiлелердiң орындалуын, қаржы құралдарын және сол брокер-дилер мен оның клиенттерiнiң ақшасын есепке алуды жүзеге асыратын есеп айырысу бөлiмшесi енуге тиiс.
5. Нақтылы ұстаушы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығы бар брокер-дилердiң сауда бөлiмшесi басшы қызметкерлерiнiң сол брокер-дилердiң есеп айырысу бөлiмшесiнiң басшы қызметкерiнiң мiндеттерiн орындауға және керiсiнше жасауға құқығы жоқ.
6. Брокер-дилердiң қолданыстағы бiлiктiлiк куәлiктерi жоқ мамандарды жұмысқа жiберуiне тыйым салынады.
64-бап. Брокер-дилердiң мәмiлелер жасауы
1. Брокер-дилер клиенттiң бұйрығына сәйкес қаржы құралдарымен мәмiлелер жасайды. Клиенттердiң бұйрықтарының түрлерi, олардың мазмұны және ресiмделуi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен және брокер-дилердiң iшкi құжаттарымен белгiленедi.
2. Клиенттiң бұйрығын орындауды брокер-дилер сол бұйрықта көрсетiлген мәмiле жacaу талаптарын сақтай отырып жүзеге асырады. Егер мәмiле жасау кезiнде мәмiленiң талаптарын өзгерту қажет болса, брокер-дилер өз iс-әрекетiн клиентпен келiсiп алуға мiндеттi.
Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда брокер-дилер мәмiленi өз мүддесiнен клиенттiң мүддесi басым екендiгiн негiзге ала отырып жасауға мiндеттi.
3. Брокер-дилер эмитентке андеррайтер ретiнде немесе эмиссиялық консорциум құрамында эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнiнде қызмет көрсетуге құқылы.
4. Эмиссиялық консорциумға қатысушылардың эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнiндегi бiрлескен қызметiн жүзеге acырудың талаптары мен тәртiбi эмиссиялық консорциумға қатысушылар болып табылатын андеррайтерлердiң бiрлескен қызметi туралы шартта белгiленедi, онда мынадай мәлiметтер:
1) эмиссиялық консорциумға қатысушылардың функциялары;
2) эмиссиялық консорциумға қатысушылар арасындағы құқықтарды, мiндеттердi және жауапкершiлiктi бөлiсу;
3) бiрлескен қызмет туралы шарттың қолданылу мерзiмi болуға тиiс.
5. Эмитент пен андеррайтер (эмиссиялық консорциум) арасындағы қатынастар жазбаша нысанда жасалған шартпен реттеледi.
6. Андеррайтер (эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын орналастыруды мынадай тәсiлдермен:
1) андеррайтер (эмиссиялық консорциум) эмитенттен кейiннен басқа инвесторларға сату мақсатында бағалы қағаздардың бүкiл шығарылымын сатып алатын "қатаң мiндеттемелер" тәсiлiмен;
2) андеррайтер (эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздарды инвесторларға ұсыну арқылы олардың шығарылымын орналастыру жөнiнде қолынан келгенше күш-жiгерiн жұмсауға мiндеттенетiн "ең үздiк күш салу" тәсiлiмен;
3) эмитент пен андеррайтер (эмиссиялық консорциум) арасында жасалған шарт талаптарына сәйкес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын орналастырудың өзге де тәсiлдерiмен жүзеге асыруға құқылы.
12-тарау. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің
жүйесін жүргізу жөніндегі қызмет
65-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру тәртiбi
1. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi осы Заңға, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне, тiркеушiнiң iшкi құжаттарына және эмитентпен жасалған шартқа сәйкес тiркеушi жүзеге асырады.
Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу эмиссиялық бағалы қағаздарға қатысты мiндеттi болып табылады.
2. Тiркеушi эмитенттiң, оның басшы қызметкерлерiнiң және дербес немесе аффилиирленген тұлғалармен бiрлесiп осы эмитенттiң дауыс беретiн акцияларының (үлесiнiң) он және одан да көп процентiн (халықтық акционерлiк қоғамда - дауыс беретiн акциялардың бес және одан да көп процентiн) иеленетiн эмитент акционерлерiнiң (қатысушыларының) аффилиирленген тұлғасы болмауға тиiс.
3. Бағалы қағаздарды ұстаушылар туралы мәлiметтер уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде және тiркеушiнiң iшкі құжаттарында белгiленген тәртiппен бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiне енгiзiлуге тиiс.
4. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын құжаттардың тізбесі, бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн қалыптастыру, сақтау мен жүргiзу тәртiбi, жеке шоттардан үзiндiлердiң нысандары және оларда көрсетiлетiн мәлiметтер тiзбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.