4. Қазақстан Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе жергiлiктi атқарушы органдар шығарған мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеудi жүзеге асырудың талаптары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
5. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiстi және мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу кезiнде олардың нақтылы құнын төлеудi жүзеге асыру үшiн төлем агентiн сайлау туралы шешiмдi өз жарғысына сәйкес эмитенттiң органы қабылдайды.
6. Төлем агентi көрсететiн қызметтердi пайдалану туралы шешiм қабылданған жағдайда эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде төлем агентi туралы мынадай мәлiметтер:
1) төлем агентiнiң толық атауы;
2) төлем агентiнiң және оның бағалы қағаздар бойынша кiрiс (облигациялардың нақтылы құнын) төлеудi жүзеге асыратын барлық филиалдарының орналасқан жерi, реквизиттерi болуға тиiс.
7. Төлем агентi өзгерген жағдайда эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне өзгерiстер енгiзуге және оларды тiркеу үшiн осындай өзгерiс жасалған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
8. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс және облигациялардың нақтылы құны оларды өтеу кезiнде эмитенттiң кiнәсiнен төленбеген, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда эмитент бағалы қағаздарды ұстаушыларға негiзгi мiндеттеменiң сомасын және мерзiмi өткен әр күн үшiн ақшалай мiндеттеменi немесе оның тиiстi бөлiгiн орындау күнiндегi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негiзге ала отырып есептелген өсiмпұл төлеуге мiндеттi.
9. Төлем агентi қызметiн жүзеге асырудың талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
32-бап. Мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есеп
1. Эмитент қарау және бекiту үшiн мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi органға облигацияларды шығару проспектiсiнде белгiленген өтеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде табыс етуге мiндеттi.
2. Мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау және бекiту үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау туралы өтiнiштi;
2) есептi айдың аяғындағы немесе облигацияны өтеу аяқталған күнгi жағдай бойынша қаржылық есептiлiктi;
3) мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес жасалып, ресiмделген есептi;
4) тiркеушiнiң эмитент облигацияларын ұстаушылары тiзiлiмiн жабу туралы хабарламасын;
5) эмитенттiң облигацияларды өтеу жөнiндегi өз мiндеттемелерiн орындағанын растайтын төлем агентiнiң немесе эмитенттiң (төлем агентiмен шарт болмаған жағдайда) хабарламасын табыс етедi.
3. Мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi орган күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде қарайды.
6-тарау. Опциондардың, фьючерстердің, своптардың,
қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарының және
өзге де туынды бағалы қағаздардың айналысы
33-бап. Опциондармен, фьючерстермен, своптармен, қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарымен және өзге де туынды бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу талаптары
1. Нақтылы ұстаушылар бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногында мәмiлелер жасасқан жағдайда туынды бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi және олар бойынша құқықтарды растауды осы Заңға және биржа қорының iшкi құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногында опциондармен, фьючерстермен, своптармен және өзге де туынды бағалы қағаздармен эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша инвестициялық тәуекелдi хеджирлеу мақсатымен жүзеге асырылатын мәмiлелер жасасудың талаптары мен тәртiбi қор биржасының iшкi құжаттарымен белгiленедi.
34-бап. Эмитенттiң опциондары
1. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда, акционерлiк қоғам инвесторлармен өздерi шығаратын акцияларды, сондай-ақ сол акционерлiк қоғамның акцияларына айырбасталатын облигацияларды сатып алуға опциондар жасасуға құқылы.
2. Опционда инвестор сатып алуға құқылы бағалы қағаздардың түрi мен саны, бағалы қағаздардың сатып алу бағасы, бағалы қағаздардың сатып алу мерзiмi мен тәртiбi және опционның басқа да талаптары көзделуге тиiс.
3. Опциондарды акцияларға немесе акцияға айырбасталатын облигацияларға сатып алудың талаптары мен тәртiбi акционерлiк қоғамның iшкi құжаттарымен белгiленедi.
4. Акционерлiк қоғам акционерiнiң опциондарды артықшылықпен сатып алуға құқығы бap.
Акционердiң опциондарды артықшылықпен сатып алу құқығын басқа тұлғаларға беруге құқығы жоқ.
Акцияларға немесе акцияға айырбасталатын облигацияларға алынған опциондармен байланысты қатынастарды мемлекеттiк реттеудiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы заңдарымен белгiленедi.
35-бап. Қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарын шығару
Қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарын шығарудың, орналастырудың, айналысқа салудың және өтеудiң, қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарын орналастыру немесе өтеу қорытындылары туралы есеп берудiң талаптары мен тәртiбi, сондай-ақ қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарының эмитент сақтауға тиiс талаптары уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
7-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді
тіркеу және олар бойынша құқықтарды бастау
36-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу
1. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер осы Заңға сәйкес тiркелуге тиіс.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi жеке шоттар бойынша жазбалар енгiзу арқылы жасалады.
Егер мәмiлеге қатысушылар бiр нақтылы ұстаушының клиенттерi болса, эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар мәмiле бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде тiркелген кезден бастап туындайды.
Мәмiлеге қатысушылар әртүрлi нақтылы ұстаушының клиенттерi болған жағдайда эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар мәмiле нақтылы ұстаушылардың жеке шоттары бойынша орталық депозитарийде тiркелген кезден бастап туындайды.
3. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде тiркеушi (нақтылы ұстаушы) мәмiленi тiркеудi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, мәмiлеге қатысушылардың қарсы бұйрықтары негiзiнде жүзеге асырады.
4. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды тiркеудiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
5. Егер осы мәмiленi тiркеу үшiн табыс етiлген құжаттар осы Заңның, уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнiң талаптарына және оның iшкi құжаттарына сәйкес келмесе, тiркеушi (нақтылы ұстаушы) эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеуден бас тартуға құқылы.
6. Ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу тәртiбi орталық депозитарийдiң және сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.
7. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында эмиссиялық бағалы қағаздармен бiр жақты мәмiле жасалған жағдайда оны тiркеу осы мәмiлеге қатысушының бұйрығы негiзiнде, оның сол эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқығын растайтын құжаттар қоса тiркеле отырып жүзеге асырылады.
8. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша өзгерiстердi тiркеудi немесе құқықтарды тоқтатуды тiркеушi (нақтылы ұстаушы) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес барлық қажеттi реквизиттер бар атқарушы парақ негiзiнде жүзеге асырады.
9. Осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiздер болмаған жағдайда тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) эмиссиялық бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттары бойынша жазбаларды өз бетiнше енгiзуге құқығы жоқ.
10. Жеке шоттар бойынша тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) жазбалар енгiзуi үшiн негiз болып табылатын құжаттар (тiркелген тұлғаны бiрдейлендiретiн құжаттарды қоспағанда) бес жыл бойы сақталуға тиiс.
37-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар кепiлiн тiркеу
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар кепiлiн тiркеудi тiркеушi (нақтылы ұстаушы) кепiл берушiнiң және кепiл ұстаушының кепiлге берiлетiн эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтары көрсетiле отырып жасалған сол мәмiленi тiркеу үшiн қажеттi барлық мәлiметтер бар бұйрығы негiзiнде жүзеге асырады.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар кепiлiн тiркеу құқықтары кепiлге берiлген, кепiл ұстаушының пайдасына кепiл берушiнiң шотындағы бағалы қағаздарға ауыртпалық салу және кепiл ұстаушыға оның пайдасына бағалы қағаздарға ауыртпалық салу туралы жазба жасалатын жеке шот ашу (бұл болмаған жағдайда) арқылы жүзеге асырылады. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң тоқтатылуына байланысты эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды кепiлге беру тоқтатылған жағдайда бағалы қағаздардан ауыртпалықты алып тастауды тipкeушi (нақтылы ұстаушы) мәмiлеге қатысушылардың қарсы бұйрықтары негiзiнде жүзеге асырады.
3. Кепiл берушi эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда мәмiленi тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, кепiлге берiлген затты өндiрiп алу арқылы кепiлдiң тоқтатылғанын растайтын құжаттар негізiнде жүзеге асырылады.
4. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кепiл құқықтарын тiркеудiң ерекшелiктерi ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногындағы осы бағалы қағаздармен мәмiле жасауға байланысты орталық депозитарийдiң және сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.
38-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды растау
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды растау бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi немесе орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шотынан үзiндi табыс ету арқылы жүзеге асырылады.
Үзiндiнi ресiмдеу мен беру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен және тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) iшкi құжаттарымен белгiленедi.
2. Жеке шоттан үзiндi берудiң талаптары мен тәртiбi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен белгiленедi.
39-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеу туралы бұйрық
1. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеу туралы бұйрық (бұдан әрi осы бапта - бұйрық) жазбаша нысанда жасалып, бағалы қағазды ұстаушы немесе оның өкiлi қол қоюға және орындау үшiн тiркеушiге немесе нақтылы ұстаушыға берiлуге тиiс.
2. Бұйрық Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қол қою туралы заңдарына сәйкес ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып, электронды түрде жасалуы және берiлуi мүмкiн.
3. Бұйрықтың мазмұны, сондай-aқ оны тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) тiркеу талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен және тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) iшкi құжаттарымен белгiленедi.
4. Бұйрық орындауға қабылданған кезде тiркеушi (нақтылы ұстаушы) осы бұйрықты берген тұлғаның өкiлеттiгiн, сондай-ақ бұйрық нысанының белгiленген талаптарға сәйкес болуын тексеруге мiндеттi.
Бұйрықты орындау кезiнде тiркеушi (нақтылы ұстаушы):
1) алынған бұйрықты тiркеуге;
2) бұйрықта көрсетiлген iс-әрекеттердi жасау мүмкiндiгiн тексеруге;
3) бұйрықты орындаудан бас тарту үшiн негiз болмаған кезде онда көрсетiлген iс-әрекеттердi жасауға және бұйрықтың орындалғаны туралы есеп беруге;
4) бұйрықты орындаудан бас тарту үшiн негiз болған кезде бас тарту негiзi бар құжат беруге мiндеттi.
5. Eгep Қазақстан Республикасының заңдарында немесе нақтылы ұстаушымен жасалған шарт талаптарында бұйрықты орындаудың өзгеше мерзiмi көзделмесе, тiркеушi (нақтылы ұстаушы) қарсы бұйрық алған кезде күнтiзбелiк үш күннен аспайтын мерзiмде бұйрықтың орындалуын жүзеге асырады.
40-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттары бойынша операцияларды тоқтата тұру.
Эмиссиялық бағалы қағаздарды тәркiлеу
1. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi жеке шоттар бойынша жазба жасауды немесе эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай шешiм қабылдауға уәкiлеттi мемлекеттiк органның шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды тәркiлеу заңды күшiне енген сот актiсi негiзiнде ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
8-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық
және қызметтік құпия
41-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық құпия
Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық құпия:
1) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi немесе нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi жеке шоттар бойынша эмиссиялық бағалы қағаздардың қалдығы мен қозғалысы туралы мәлiметтердi;
2) тiркелген тұлғалар туралы мәлiметтердi қамтиды.
42-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк құпия
1. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк құпия бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiнiң қызметi туралы, шектелмеген тұлғалар тобы үшiн бiрдей жағдайларда жалпы қолжетiмдi болып табылмайтын мәлiметтердi қамтиды.
2. Өзiнiң қызметтiк жағдайы немесе туыстық қатынастары, еңбек мiндеттерi немесе бағалы қағаздар рыногының субъектiсiмен немесе оның аффилиирленген тұлғасымен жасалған (оның iшiнде ауызша) шарт негiзiнде аталған ақпаратқа қол жеткiзуге мүмкiндiгi бар тұлға, оның iшiнде:
1) бағалы қағаздар рыногының осы субъектiсiнiң басшы қызметкерiн;
2) бағалы қағаздар рыногының осы субъектiсiнiң аталған ақпаратқа қол жеткiзе алатын кез келген қызметкерi;
3) бағалы қағаздар рыногының субъектiсiне қызмет көрсететiн аудитор, бағалаушы және басқа тұлғалар;
4) бағалы қағаздар рыногының осы субъектiсi сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшесi немесе осы сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiне енгiзiлген бағалы қағаздардың эмитентi ретiнде өз қызметi туралы ақпарат беретiн сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметкерi;
5) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды дайындауға, сондай-ақ оларды орналастыруға қатысатын ұйымның қызметкерi;
6) клиенттiң тапсырмасы бойынша бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiле жасауды жүзеге асыратын лицензиаттың қызметкерi;
7) мемлекеттiк орган мен өзiне берiлген өкiлеттiкке орай аталған ақпаратқа қол жеткiзе алатын өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметкерi бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк құпияны құрайтын ақпараты бар тұлға болып табылады.
43-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны ашу
1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтер жария етiлмеуге тиiс.
2. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық құпияны құрайтын мәлiметтер эмитентке және эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарға қатысты бағалы қағазды ұстаушыға не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресiмделген сенiмхат негiзiнде оның өкiлiне берiлуi мүмкiн.
3. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтер:
1) өздері жүргiзiп жатқан қылмыстық iстер бойынша анықтау және алдын ала тергеу органдарына;
2) соттың ұйғарымы, қаулысы негiзiнде өздерi жүргiзiп жатқан iстер бойынша соттарға;
3) олардың құзыретi шегiнде тексеру жүргiзу туралы қаулы негiзiнде өздерi қарап жатқан материал бойынша прокуратура органдарына;
4) атқаруға қатысты және прокурор санкция берген мәселелер бойынша сот орындаушысының қаулысы негiзінде өздері жүргізiп жатқан атқарушылық iс жүргiзу бойынша атқарушылық iс жүргiзу органдарына;
5) тексерiлетiн тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша салық органдарына;
6) эмитенттiң немесе лицензиаттың қызметiне тексеру жүргiзу процесiнде оның сұратуы бойынша уәкiлеттi органға;
7) олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша нотариустерге;
8) олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша шетелдiк консулдық мекемелерге берiлуге тиiс.
4. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердi осы баптың 3-тармағында аталған органдарға беру тәртiбi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi.
44-бап. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларына қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы өзiнiң клиенттерiне қызмет көрсету процесiнде бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдалануды болғызбауға мүмкiндiк беретiн талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдалануға және табиғи баға белгiлеудi бұзу мен бағалы қағаздар рыногының тұрақсыздануына әкеп соғуы мүмкiн iс-әрекеттерге жол беруге құқылы емес.
3. Бағалы қағаздар рыногы кәсiби қатысушысының iшкi құжаттарында бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз ететiн және оларды кәсiби қатысушының, оның қызметкерлерiнiң немесе үшiншi тұлғалардың өз мүдделерiнде пайдалануына жол бермейтiн талаптар болуға тиiс.
9-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметті
жүзеге асыру тәртібі
45-бап. Бағалы қағаздар рыногының инфрақұрылымы
1. Бағалы қағаздар рыногында уәкiлеттi органның лицензиялауына жататын мынадай қызмет түрлерi:
1) брокерлiк-дилерлiк;
2) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiн жүргiзу;
3) инвестициялық портфельдi басқару;
4) зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару;
5) кастодиандық;
6) трансфер-агенттiк;
7) депозитарийлiк;
8) бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда ұйымдастыру жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1)-7) тармақшаларында аталған қызмет бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет болып табылады.
3. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң белгiлi бiр түрiн немесе өзара қоса атқаратын түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар өзiнiң қызметiн үйлестiру мақсатында өзiн-өзi реттейтiн бiр ғана ұйым құрады.
4. Бағалы қағаздар рыногындағы лицензиялауға жататын қызметтi жүзеге асыру тәртiбi осы Заңмен, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен, өзін-өзi peттeйтін ұйымдардың және лицензиаттардың ішкі құжаттарымен белгiленедi.
Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң түрлерiн қоса атқарудың талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
5. Клиенттердiң ақшасы мен бағалы қағаздарын лицензиаттар өздерiнiң активтерiнен бөлек есепке алады және олар банкрот болған немесе ерiктi түрде таратылған жағдайда тарату массасына енгiзiлмейдi.
6. Бағалы қағаздар рыногында көрсеткен қызметтерi үшiн лицензиатқа клиенттiң сыйақы төлеуiнiң талаптары мен тәртiбi лицензиаттың iшкi құжаттарымен және (немесе) лицензиаттың өз клиентiмен жасалған шартымен белгiленедi.
7. Лицензиаттардың қаржылық есептiлiк аудитiн жүргiзудiң ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
46-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) жарғылық капиталын қалыптастыру
1. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) жарғылық капиталын қалыптастыру тек қана ақшалай Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.
Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
Заңды тұлға акцияға төленген ақы және (немесе) басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесi ретiнде енгiзiлген активтер сомасын шегере отырып, өз капиталы шегiнде өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) акцияларын төлеуге құқылы.
2. Мәмiлелердiң нәтижесiнде пруденциалдық нормативтер және қаржылық тұрақтылықтың уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген өзге де көрсеткiштерi немесе өлшемдерi (нормативтерi) бұзылмайтын жағдайда, лицензиат акцияның он және одан да көп (халықтық акционерлiк қоғамда - бес және одан да көп) процентi тиесiлi акционерлерден өз акцияларын сатып алу жөнiнде мәмiлелер жасасуға құқылы.
47-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшылары мен акционерлерi
1. Жеке және заңды тұлғалар - Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидентi еместер осы баптың 2-тармағында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулердi ескере отырып, өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшылары және акционерлерi бола алады.
2. Мыналар:
1) тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн оффшорлық аймақтарда тiркелген заңды тұлғалар;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған заңды тұлғаларға қатысы бойынша аффилиирленген тұлғалар;
3) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары, акционерлерi) болып табылатын тұлғалар өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшысы және акционерлерi бола алмайды.
Қазақстан Республикасының резидентi емес заңды тұлға өзiнде уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiне сәйкес рейтинг агенттiктерiнiң бiрiнiң талап етiлетiн ең төмен рейтингi болған жағдайда зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асырғысы келетiн (жүзеге асыратын) өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) акцияларын сатып ала алады.
48-бап. Өтiнiш берушiге қойылатын бiлiктiлiк талаптары
1. Өтiнiш берушi лицензия алу үшiн мынадай бiлiктiлiк талаптарына сай болуға тиiс:
1) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген тiзбеге сәйкес бiлiктiлiк куәлiктерi бар қызметкерлердiң болуы;
2) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес, бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға қажеттi бағдарламалық-техникалық құралдары мен жабдықтары болуы;
3) өтiнiш берушiнiң бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыру талаптары мен тәртiбiн белгiлейтiн iшкi құжаттары бағалы қағаздар рыногында белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейтiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнiң және тиiстi өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарының талаптарына сәйкес болуы;
4) бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң тиiстi түрi үшiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген пруденциалдық нормативтер мен қаржы тұрақтылығының өзге де өлшемдерiн (нормативтерiн) сақтауы;
5) осы Заңға және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес құрылымдық бөлiмшелердiң болуы; 6) өзiн-өзi реттеушi ұйымның өтiнiш берушi мен оның лицензия алу үшiн табыс етiлетiн құжаттарының осы Заңға және осы өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарына сәйкес талаптарына сәйкестiгi туралы қорытындысы болуы.
2. Лицензиаттың iшкi құжаттары уәкiлеттi органмен ол белгiлеген тәртiппен келiсiлуге тиiс.
3. Бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн жеке адамдарды оқыту, оларға аттестация жүргiзу мен бiлiктiлiк куәлiктерiн беру, сондай-ақ бiлiктiлiк куәлiктерiн иеленушiлер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзған жағдайда бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтата тұру немесе қайтарып алу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.