134. Наряд оқиға болған жердегі азаматтарға олардың сол орында тұруын және өз бетiнше ешқандай iс-қимыл жасамауын өтiнедi, құжаттары бойынша олардың кiм екендерiн анықтайды, тегiн, атын, әкесiнiң атын, мекен-жайын, жұмыс орнын, телефон нөмірлерiн жазып алады; қылмыскерлердiң санын, сырт келбеттерiн, белгiлерiн, жасырынған бағытын, қандай көлiк құралдарын пайдаланғандарын, бұл құралдардың нөмірлерi мен ерекше белгiлерiн, оқиға болған жер қандай өзгерiстерге ұшырағанын, оны кiм және қандай мақсатпен жасағанын айқындайды.
135. Алғашқы жәрдем көрсете отырып немесе зардап шеккендердi медициналық мекемелерге жiбере отырып, патрульдеушi (бекет қызметкері) қылмысқа қатысты заттарды, iздердi және белгiлердi табу мақсатында оның киiмдерi мен денесiнiң ашық бөлiктерiн қарап шығады, мүмкiндiгiнше оның кiм екенiн анықтайды.
Жараланған адам табылған орын және оның дене қалпы, қолдарының, аяқтарының, басының қалпы бормен, көмiрмен және басқа да құралдармен белгiленедi. Егер зардап шеккен адамның тiрi екендiгiнiң айқын белгiлерi байқалмаса, онда мүмкiндiгiнше оның дене қалпы мен төңiрегiндегi жағдайды өзгертпестен, ең алдымен оның өлi-тiрi екендiгi тексерiледi. Жедел-тергеу тобы келгенше, өлiк оқиға болған жерден алынбайды және қозғалтылмайды.
136. Жаңбырдың, желдiң, қардың және басқа да жағдайлардың әсерiнен iздер мен заттай айғақтардың жойылып кету қауiпi төнген жағдайда, нарядтар оларды сақтау шараларын қолданады. Тiк тұрған заттардағы iздердi сақтап қалу үшiн оның бетiне темiрден, қара қағаздан және басқа да су өткізбейтін материалдардан қаңқа орнатылады. Қызметтiк иттi қолдануды қиындатпау үшiн аталған заттар мен материалдардың күштi иiсi болмауы керек.
137. Қылмыс үй iшiнде жасалған жағдайда наряд ол жерге тек қана оның жолын кесу, қылмыскердi ұстау, зардап шеккендерге көмек көрсету үшiн кiре алады.
138. Жедел-тергеу тобы келіп жеткен кезде патрульдеушi (бекет қызметкері) қылмысқа қатысы бар барлық деректер жөнiнде, қолданылған шаралар туралы баяндайды, содан кейiн олардың нұсқаулары немесе кезекшінің үкiмi бойынша iс-қимыл жасайды.
§ 5. ҚЫЛМЫС ЖАСАЛЫНУЫНА КҮДІКТІ ТҰЛҒАЛАРДЫ ӘШКЕРЕЛЕУДЕГІ ЖӘНЕ
ҰСТАУДАҒЫ ПАТРУЛЬДІ-БЕКЕТТІК НАРЯДТАРДЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІ
139. Патрульдеуші (бекет қызметкері) қылмыс жасалынуына күдiкті тұлғаларды әшкерелегенде, өзіне назар аудартпай бақылайды. Ол өзінің iс-әрекеттерінің заңдылығын анықтап, өзінің мүмкіншілігін ескеріп, ұстау жоспарын ұйғарып, ең қолайлы сәтті, ұстаудың тактикалық тәсілін анықтап барып, ондай азаматты ұстау мен ІІО-на жеткізу туралы шешім қабылдайды.
Бұл ретте мыналарды:
1) ұсталатын адамның жеке басын және егер ол бостандықта қалатын жағдайда, мүмкiн болар қауiптi салдарларын;
2) егер ұсталатын адам, оның сыбайластары мен жанашырлары тарапынан қарсылық көрсетiлетiн болса, ұстау кезiнде туындауы ықтимал шиеленiстердi;
3) қарулы қарсылық көрсету немесе шабуыл жасау мүмкiндiгiн;
4) қару және арнайы құралдар қолдану шарттарын ескеру қажет.
140. Қылмыскерлер мен қылмыстың жасалғанына күдiк туғызатын адамдарды ұстау алдында, оларда атыс қаруы немесе суық қарудың болу-болмау мүмкiндiгiне ерекше назар аударып, сақтық шараларын қамтамасыз ету керек. Сонымен бiрге наряд өз қаруын дереу қолдану қажеттiгiн ескере отырып, оны қолдану дайындығын тексередi: қару қабы белдiктiң доғасына жақын жылжытып, түймелерiн ағытады, сақтандырғышынан шығарады, патрон оқсалғышқа жіберіледі. Егер қылмыскерлер тобын ұстау қажет болса, патрульдеушi алдын ала кезекшiмен, көршілес нарядтармен байланыс жасап, сондай-ақ азаматтар тарапынан, олардың өміріне қауіп төндірмей қолдау көрсетуді қамтамасыз етуi керек.
141. Қылмыскердi ұстайтын жер азаматтарға зиян келтіретін және басқа факторлар болмаған жағдайларда және құқық бұзушыға жасырынып қалуға мүмкiндiк бермейтін жағдайларда белгіленеді. Тұтқиылдан бас салуды қамтамасыз ету үшiн наряд күдiктiлерге көрiнбей жақындайды, олар қарсыласуға дайын емес сәттi таңдап алып: "Тоқта! Көтер қолыңды!" деп әмір беріп, оның ұсталғанын хабарлайды. Ұсталатындардың қарсылығын туғызбау үшiн кейбiр жағдайда ұстаудың негiзгi себептерi жарияланбайды, оның орнына басқа сылтаулар: қоғамдық тәртiптi бұзу, паспорт режимiн тексеру, карантин сияқты сылтаулар пайдаланылады. Бұл жағдайларда "Тоқта! Көтер қолды!" деген әмір берiлмейдi.
Қалыптасқан жағдайларға қарай, Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы" кодексінің 626 және 628-баптарына сай ұсталғандардың киiмдерi мен қолындағы заттарын тексеру және алып қою жүргiзiледi.
142. Күдiктi адамның құжатын тексергенде және одан жауап алғанда патрульдеушi (бекет қызметкері) тексерiлушiден бір қадам жерде жартылай бұрылып тұруы керек және шабуылға тойтарыс беруге әзiр болуы тиiс.
143. Ұсталғандарды полицияға жеткiзу арнайы полициялық автокөлiкте, ал ол болмаған жағдайда ұйымдар мен жекелеген адамдардың автомобильдерiнде жүзеге асырылады. Осы мақсатқа қоғамдық көлiктi, арнайы мақсаттағы автомобильдердi - өрт сөндiретiн, инкассациялық, жедел жәрдем (медициналық көмек көрсету қажет болмаған жағдайларда) автомобильдердi, сондай-ақ дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдықтардың көлiгiн пайдалануға жол берiлмейдi.
144. Патрульдеушi (бекет қызметкері) ұсталған адамды жеткiзу кезiнде оның сыбайластары тарапынан қашып кетуге немесе босатуға жағдай жасау әрекеттерiне қарсы шараларды ойластыруы керек, ұсталған адамның әлдекiмдерге заттай айғақтарды берiп немесе лақтырып жiбермеуiн және сыбайластырынан қару немесе шабуыл жасайтын басқа да құралдарды алмауын қадағалауы тиiс.
145. Ұсталған адамды жаяу жеткiзудi, әдетте, екi және одан да көп полиция қызметкерлерi жүзеге асырады, олардың бiреуi ұсталған адаммен қатарласып, оны ұстап жүредi, ал екiншiсi жеткiзiлетiн адамның және төңiрегiндегілердiң қимыл-әрекеттерiн бақылап, арттарында жүрiп отырады. Егер де жалғыз қызметкер жеткiзетiн болса, ол ұсталған адамның артында немесе оң жағында оң қолына блок жасап, қатарласып жүрiп отырады. Жеткiзу кезiнде адамдар көп шоғырланған орындарды, өтпелi аулаларды, саябақтарды және тоғайлы алқаптарды айналып өткен жөн.
146. Ұсталған адамды полицияға жеткiзген патрульдеушi (бекет қызметкері) ол жөнінде қалалық, аудандық, желiлiк iшкi iстер органы бастығының атына мәлімдемемен баяндайды. Мәлімдемеде жеткiзiлген адамның тегi, аты, әкесiнiң аты, мекен-жайы, ұсталған уақыты, жерi, ұстаудың себептері мен жағдайлары, куәлердiң, сондай-ақ ұстау мен жеткiзуге жәрдем көрсеткен адамдардың тегi және мекен-жайлары көрсетiледi.
147. Полиция нарядтары бағыттар бойында орналасқан, қылмыскерлердің және басқа құқық бұзушылардың жасырынуы ықтимал орындарын - жертөлелердi, шатырларды, адам тұрмайтын орындарды, саябақтарды, гүлзарларды, салынып жатқан үйлердi, вокзалдар мен стансалардағы қойылымдарды қарап шығуы керек.
148. Қылмыскерлердiң жасырынуы ықтимал орындары кемiнде екi полиция қызметкерлері қарайды, қажет болған жағдайларда қызметтiк иттердi пайдаланады. Қарауға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, күзет қызметкерлерiн, коменданттарды, жұртшылықты қатыстыруға болады.
Егер де қаралатын орындарда қарулы адамдардың жасырынғаны туралы деректер бар болса, наряд жетекшiсi бұл туралы кезекшіге баяндайды және оның үкімі арқылы іс-қимыл жасайды.
149. Қылмыскерлердің жасырынуы мүмкін деген жерлерді қарау кезінде нарядтың аға қызметшісі объектінің орналасуын, оның жоспарлануын, кіретін және шығатын, жасырын есіктердің орналасуын, нарядтың, көпшілік өкілдерінің міндеттерін анықтауға, оларды қарау кезінде сақтық және жеке бас қауіпсіздігін сақтау қажеттілігіне назар аударуларын алдын ала түсіндіруге міндетті.
150. Қарауға қатысушылардың барлығы тек қана нарядтың аға қызметшісінің әмірі бойынша әрекет етеді. Әмір берiлместен өз бетiнше қандай да iс-әрекеттер жасауға қатаң тыйым салынады. Белгіленген объектіге айқай-шусыз келуі керек, сөйлеуге және темекі шегуге жол берілмейді. Әмір жай дауыспен немесе арнаулы келiсiлген белгiлер бойынша берiледi. Объектiнi қарау алдында наряд мiндеттi түрде қарудың қолдануға дайындығын тексередi.
151. Объектiнiң iшiне енген кезде ықтимал шабуылдан сақтану шараларын қолдану қажет. Егер де үй-жай iшiне көрiнбей кiру мүмкiндiгi болмаса, алдын ала "Бұнда кiм бар, шық!" - деген әмір берiледi. Үй-жайға бір мезгілде бір есіктен нарядтың барлық тобының кіруіне тыйым салынады. Қаралатын объектiден мiнез-құлқы және басқа да жайттар оларды қылмыс жасаған деп күдiктенуге негiздер бар адамдар табылған жағдайда, наряд осы Тәртіптің 142-бабына сәйкес iс-қимылдар жасайды.
6 ТАРАУ. КӨПШІЛІК ШАРАЛАР ЖӘНЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАРЫСЫНДА
ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ САҚТАУ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
§ 1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
152. Маңыздылығы және көлеміне байланысты көпшілік шаралар мен төтенше жағдайларды жүргізу кезінде қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті сақтауды ұйымдастыру Ішкіісминінің, ІІББ-ІІБ, КІІБ және қалалық, аудандық, желілік органдардың өзге құқық қорғау органдарымен тығыз өзара әрекеттесуімен жүзеге асырылады.
153. Көпшілік шаралар мен төтенше жағдайларды жүргізу үшін қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті сақтауға Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес ішкі істер органдары, ішкі әскерлер қызметтерінің жеке құрамы және бөлімшелері жұмылдырылады.
154. Қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті сақтауға жұмылдырылған күштер мен құралдарды тиімді басқару үшін қажетті болған жағдайда жедел штаб құрылады. Штабтың саны және құрамы көпшілік шаралар, төтенше оқиғалар, сондай-ақ қалыптасқан жедел жағдайға байланысты айқындалады.
155. Көпшілік шараларды жүргізу кезеңінде күштер мен құралдарды басқару жедел штаб мүшелері, басқару топтары және байланыс ұйымдастыру үшін жұмыс орындары жабдықталған арнайы ұйымдастырылған пункттерде жүзеге асырылады. Басқару пункттері, әдетте, көпшілік шаралар жүргізілетін ауданда құрылады және қарамағындағы күштер мен құралдарды жедел басқаруға жарамды жерлерде орналасады. Басқару пункттері тұрақты немесе жылжымалы болуы мүмкін. Олар байланыс құралдарымен, қажетті жағдайда кино, фото, бейне аппаратуралармен жабдықталады.
156. Көпшілік шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуді ұйымдастыру барысында ішкі істер органының бастығы (жедел штаб басшысы) Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алуы тиіс.
157. Көпшілік шараларды жүргізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуге тапсырмалар алғаннан кейін дайындық жұмыстары жүргізілуі тиіс, оған:
1) оны жүргізудің бағдарламасы, орны, уақыты және тәртібін нақтылау, сондай-ақ жаппай акция жүргізуге тыйым салуды талап ететін факторлардың болуы немесе болмауы;
2) мүдделі ведомстволардың ұйымдастырушылары және өкілдерімен бірлесе жаппай шаралар өткізілетін жерде комиссиялық тексеруді жүзеге асыруды, оның тиісті қоғамдық тәртіпті қорғауды ұйымдастыруға жарамдылығы айқындалады және кемшіліктерді қалпына келтіру шаралары қолданылады;
3) жерге рекогносцировка жүргізу, оның нәтижесінде аумақтың, көлік қозғалысы және жаяу жүргіншілердің бағыттарының ерекшеліктері зерттелетін, жиналу пункттері, адамдардың жүру және орналасу тәртібі, көлік тұратын орындар, көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысын ұйымдастырудағы өзгерістер қажеттілігі, сондай-ақ аймақтардың, секторлардың, учаскелердің, шекаралары, күштер мен құралдардың қажетті саны, жедел штабтың, резервтердің орналасу орындары енеді.
158. Қажетті мәліметтер мен есептеулердің негізінде көпшілік шараларды жүргізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтаудың жоспары әзірленеді, онда:
1) шараның мазмұны және бағдарламасы, орны, оны өткізу уақыты, жоспарланған қатысушылар мен көрермендердің саны;
2) қоршалатын аймақтар, секторлар, учаскелер аумақтарының шекарасы;
3) жұмылдырылатын күштер мен құралдардың құрамы мен саны, олардың орналасу орны, нарядтардың түрлері мен міндеттері, олардың аймақтардағы, секторлардағы және учаскелердегі қызметін ұйымдастыруға жауаптылар, басқару және байланыс схемасы;
4) көршілес қалалық, аудандық, желілік органдар және көліктегі ішкі істер органдарымен, ішкі әскери бөлімшелері және басқа құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл тәртібі;
5) колонналар құрылатын, шаралар жүргізілетін жерге жақын көрермендердің жиналу орындарында, сондай-ақ қалалық көлік аялдамаларында және бақылау пункттерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
6) қатысушылар мен көрермендердің жүру бағыттары, көлік және жаяу жүргіншілердің шегіну жолдары, іс-шаралар басталғанға дейін және аяқталған соң олардың қозғалысын реттеу тәртібі, көлік құралдарының тұратын орны;
7) шара аяқталған соң қатысушыларды ұйымдасқан түрде шығару тәртібі, сондай-ақ қажетті жағдайда оларды эвакуациялау тәртібі;
8) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар;
9) медициналық және жабдықтық-техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру қарастырылады.
Жоспар картада (схемада) есептер, кестелер, қосымшаларымен қоса ресімделеді және оны ішкі істер органының бастығы бекітеді.
159. Қажет жағдайларда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көлік бағыттарындағы уақытша өзгерістер, жаппай шаралар өткізілетін ауданға азаматтардың баруын шектеу туралы хабарламалар жасалады.
160. Жиналыс, митингтер, көше шерулері, демонстрациялар және өзге де жаппай шаралар кезінде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындық кезеңінде жеке құраммен полицияның құқықтары мен міндеттерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді оқып-үйрену, құқық бұзғаны үшін көпшілік акцияларының ұйымдастырушылары мен қатысушыларының жауаптылық шаралары, сондай-ақ жағдайдың шиеленеліскен кезінде қызмет атқарудың тактикалық тәсілдерін өңдеу бойынша нұсқама және дайындықтар жүргізілуі тиіс. Нұсқамаларда аумақтың схемасы қолданылады, көпшілік шаралар өткізу бағдарламасы түсіндіріледі, қоғамдық тәртіпті сақтау секторлары мен учаскелері, адамдар қозғалысының бағыттары және көлік тұрақтары, басқару, резерв пункттерінің, медициналық пункттердің, сауда орындарының, санитарлық тораптар айқындалады, сондай-ақ нарядтарды қоршалған аймаққа өту (көлікпен өту) құқығын беретін рұқсатнамалардың (билеттер мен өзге құжаттардың) үлгілерімен таныстыру жүргізіледі.
Дайындықтар көпшілік шараларды өткізудің алдында оның өткізілетін жерінде жүзеге асырылады. Осыған сәйкес, нарядтардың міндеттері, орналасуы айқындалады, күштерді жоспарлап үлестірудің белгіленген мерзімдерінің нақтылығы тексеріледі; полиция нарядтарының, әскерлердің және басқа жұмылдырылатын күштердің төтенше жағдайлар туындаған сәтте өзара іс-қимыл мәселелері реттеледі.
161. Жаппай шаралар жүргізу барысында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылған нарядтардың жеке құрамына атыс қаруы берілмейді. Резерв қарулануы мүмкін.
162. Көпшілік шараларын жүргізу барысында құрсау (Қ), еріп жүру топтары (ЕЖТ), бақылау бекеттері (ББ), резерв (Р), қоршаулар (Қ), патрульдеу топтары, көлік қозғалысын шектеу, заңдарды түсіндіру, байланысты қамтамасыз ету, қоршау "блоктау", құқық бұзушылықтарды тіркеу және басқалар қолданылады.
Әр топты арнайы біріккен отряд командирі алдын ала тағайындаған жетекші басқарады:
1) құрсау - көпшілік шаралар жүргізілетін аумаққа бөгде адамдарды жібермеу мақсатымен, сондай-ақ іс-шараларға қатысушылар мен көрермендер орналасқан жерлерде шараларға қатысушылар, көрермендер немесе ара жігін ажырату квадраттардың (тік бұрыштардың) ұйымдасқан түрде қозғалуын қамтамасыз ететін бағыттаушы коридорлар құру үшін қойылады. Құрсаулардың құрамына полиция қызметкерлері, әскери қызметкерлер, көпшілік өкілдері кіре алады.
Құрсаулар жеке құрам 2 метрден аса интервалда орналасқанда - сирек, 1-2 метр интервалда - қалыпты, 1 метрден кем интервалда - күшейтілген, екі және одан да көп қатарларда - көп қатарлы болып бөлінеді. Аса қауіпті бағыттарда құрсауларды күшейту мақсатымен арнайы кедергілерден, автомобильдер және әскери техникадан қоршаулар орнатылады;
2) еріп жүру тобы - колонналар сап түзеу кезеңінде, оларға арналған жерлерде оларға еріп жүру және орналастыру кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді;
3) бақылау бекеттері - көпшілік іс-шараларды жүргізу және жағдай өзгеру барысында дер кезінде ақпаратты қамтамасыз етеді. Ол аумақты жақсы шолуды қамтамасыз ететін пункттерде орналасады және қажетті техникалық құралдармен жабдықталады;
4) резерв - көпшілік іс-шараларын жүргізу барысында жағдай шиеленіскен кезде қоғамдық тәртіпті сақтаудың міндеттерін шешуге арналады. Резерв ол тез арада қимылға кірісе алатындай жерде орналасуы тиіс.
Жедел штаб бастығының қарамағындағы резерв құрамына қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдырылған күштер мен құралдардың 20%-ы бөлінуі мүмкін. Секторлар, учаскелер немесе бағыттар бастықтарының қарамағындағы резервтер осы секторлардағы, учаскелердегі немесе бағыттардағы қызметте пайдаланатын күштер мен құрамдардың 10-15%-ын құрайды. Жұмылдырылған резервтер тез арада маңызы шамалы учаскелер мен бағыттардағы күштер және құрамдарды босату есебінен толықтырылады;
5) патрульдеу тобы - ішкі істер органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ішкі әскерлер және оқу орындарының (оларды жұмылдырған жағдайда) жеке құрамынан аумақтағы азаматтардың көпшілік іс-шаралар жүргізуге жақын аудандағы қоғамдық тәртіпті сақтауды жүзеге асыру үшін қалыптасады;
6) көлік қозғалысын шектеу топтары - жол полициясы қызметкерлерінен қалыптасады және блоктау аймағының айналасында көлік, жаяу жүргіншілер қозғалысын ұйымдастырады, сондай-ақ арнайы іс-шаралар өткізілетін жерлерге ішкі істер органдарының және ішкі әскерлер, апат-құтқару қызметтерінің автокөліктерінің бөгетсіз өтуін қамтамасыз етеді;
7) заңдарды түсіндіру тобы - ішкі істер органдарының мейлінше дайындалған қызметкерлер санынан құрылады. Бұл топтың басты міндеті көпшілік іс-шараларға қатысушылар арасында түсіндіру жұмысын жүргізу болып табылады;
8) байланысты қамтамасыз ету тобы - байланыс және арнайы техника бөлімшелерінің, сондай-ақ байланыс құралдарымен жұмыс істеу дағдысы бар жеке құрамның қызметкерлерінен құрылады. Ол күштер мен құралдарды сенімді басқаруды қамтамасыз етуге бейімделеді. Радиоқұралдарының байланысын қолдану және жұмыс тәртібін жедел штабтың бастығы анықтайды;
9) қоршау (блоктау) тобы - полицияның саптық бөлімшелері және ішкі әскер бөлімшелерінің (олар жұмылдырылған жағдайда) жеке құрамынан құрылады. Топ азаматтардың енуін шектеу, қоршау (блоктау) ауданына белсенді түрде енуге тырысқан адамдарды сүзгіден өткізу пунктіне бағыттау, құқық бұзушыларды ұстау, іс-шара өткізілетін ауданға бөтен көліктің өтуін тоқтату мақсатымен жергілікті тиісті ауданын қоршауды (блоктауды) жүзеге асырады. Қажетті жерлерде азаматтарды, көлікті ұйымдасқан түрде өткізу, құқыққа қарсы қимылдардың ұйымдастырушылары мен белсенді мүшелерін анықтау (ұстау) үшін БӨП құрылады;
10) құқық бұзушылықтарды тіркеу тобы - криминалдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлерінен құрылады, сырттай (визуального) бақылау, фото суретке түсіру, бейне және дыбыс жазбалары құралдарымен жабдықталады. Оқиға болған жерде құқыққа қарсы қимылдарды құжаттауды, жеткізілген құқық бұзушыларды тексеруді қамтамасыз етеді.
163. Жаппай іс-шаралар өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тек нақты қажетті күштер мен құралдар саны жұмылдырылуы тиіс. Нарядтар жүргізілген іс-шараның таралуына қатысты қимылға енгізіледі, ал қажеттіліктің төмендеген жағдайында тез арада алынады және резервке ауыстырылады.
164. Жаппай іс-шараларды өткізу күні қызметтер мен бөлімшелердің бастықтары жеке құрамды және оның жабдықталуын тексеру, дербес топтардың жетекшілерімен жұмыс нұсқамасын жүргізеді, және жоспарланған іс-шараның басталу уақытындағы, өткізу тәртібіндегі болуы ықтимал өзгерістер және жедел жағдайдағы басқа өзгерістер туралы хабарлайды, бар күштер мен құралдардың қойылуын қамтамасыз етеді; іс-шараның ұйымдастырушыларымен өзара іс-қимыл белгіленеді.
165. Жаппай іс-шара жүргізу кезінде нарядтар:
1) қойылған міндеттерді білуге және мүлтіксіз орындауға;
2) қызмет өтеу барысында үрей және топтық құқық бұзушылықтың тууын ескерте отырып, әсіресе, қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу барысында ерекше қырағылық пен ұстамдылықты сақтауға;
3) көрсетілген жерде болуға және арнайы рұқсатсыз қызметтің сеніп тапсырылған учаскесін тастамауға;
4) жаппай іс-шара өткізу орынынан мас күйіндегі адамдарды, және басқа да қоғамдық тәртіп бұзушыларды шығаруға;
5) іс-шара өткізуді, қоғамдық тәртіп пен көрермендер және қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күрделендіретін жағдайлар орын алған жағдайда объектідегі тәртіпті сақтау үшін жауапты адамға тез арада баяндауға тиіс.
166. Қоршау аймағында тұратын немесе жұмыс істейтін азаматтар тұратын жерлеріне өткізудің жарияланған тәртібіне сай өткізіледі.