Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының патрульді-бекеттiк
қызметiнiң қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi
Тәртiпті жариялау туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер
министрінің 2002 жылғы 5 шілдедегі N 475 бұйрығы
Осы редакция 2004 ж. 2 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етудің ұйымдастырылуын жетілдіру, ішкі істер органдары полициясының кешенді күштерінің бөлімшелері мен Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ішкі әскерлерінің жедел және моторландырылған арнайы бөлімдері қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында
БҰЙЫРАMЫН:
1. Қоса берілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының патрульді-бекеттік қызметінің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі Тәртібі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ішкі әскерлер қолбасшысының бас басқармасы, Астана, Алматы қалалары ішкі істер бас басқармасының, облыстардың ІІББ-ІІБ-нің, көліктегі ішкі істер басқармаларының, оқу орындарының бастықтары:
1) жеке құраммен әскери және қызметтік дайындық жүйесінде осы Тәртіпті оқытуды, соңынан сынақ қабылдауды ұйымдастырсын;
2) патрульді-бекеттік қызметі Тәртібінің талаптарын қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге тартылатын барлық қызметкерлердің, сондай-ақ полиция бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру мен бақылау міндеті жүктелген лауазымды адамдардың бұлжытпай орындауын қамтамасыз етсін;
3) қалалық, аудандық, желілік ішкі істер органдарының басшылары мен саптық бөлімшелердің командирлерінен жеке құрамды осы қызметтің ерекшеліктерін ескеріп, тактикалық тәсілдерді өтеумен тәжірибелік сабақтарға айрықша мән бере отырып, оқыту мен дене шынықтыру дайындығын ұйымдастыруды талап етсін;
4) тоқсанына кемінде бір рет патрульдік полиция мен Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ішкі әскерлерінің жедел мақсаттағы бөлімдері және арнайы моторландырылған бөлімдері жеке құрамдарының бірлескен оқу сабақтары мен жаттығуларын өткізсін, оның барысында патрульді-бекеттік нарядтардың жиі кездесетін көше қылмыстарының жолын кесу және оларды ашу жөніндегі іс-қимыл дағдыларын үйретсін;
5) Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ішкі әскерлердің жедел мақсаттағы бөлімдерді және арнайы моторландырылған бөлімдерінің күш-құралдарын күрделі криминогендік жағдай қалыптасқан аймақтарда пайдалансын; олардың қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметті атқару тәртібін Қазақстан Республикасының ішкі әскерлерінің жауынгерлік қызмет Жарғысының талаптарына сүйене отырып, жек құрамды орналастыру жүйесінде ішкі әскерлердің әскери қызметшілері мен ішкі істер органдары қызметкерлерінің бірыңғай орналасуы жүйесінде араласқан нарядтарының қызмет атқаруын ұйымдастыруды қамтамасыз ете отырып белгілесін;
6) айына бір рет қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге қатыстырылатын полицияның кешенді күштеріне біртұтас нұсқау беруді Астана, Алматы қалаларының, облыс орталықтары мен аудандарға бөлінетін қалаларда өткізуді қамтамасыз етсін;
7) ішкі істер органдарының кезекші бөлімдерінде қызмет көрсететін аумақтағы жедел жағдайды бақылауға мүмкіндік беретін патрульдік учаскелер, бағыттар мен бекеттер түсірілген карта сызбаларын (магниттік жоспарларын), сондай-ақ қажетті құжаттарды жаңартуға шаралар қолдансын;
8) тоқсан сайын жедел кеңестерде полицияның кешенді күштерінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі және қылмыспен күрестегі жұмыстарының нәтижелері, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ішкі әскерлерімен өзара іс-қимылдары, олардың қызметінің тиімділігін арттыруға қажетті басқармалық шешімдер мен нақты шаралар қабылдай отырып қаралсын;
9) олар қызмет көрсететін учаскелердегі жасалған қылмыстар және іздеудегі қылмыскерлердің белгілері туралы мәліметтерді патрульдік нарядтарға дер кезінде жеткізілуін, сондай-ақ оларға жедел қимыл жасауы үшін қызмет атқару уақыты мен орындарында жасалынған қылмыс туралы хабарлануын қамтамасыз етсін. Патрульді-бекеттік нарядтарға, олардың қызмет атқаратын орындарында жасалынған қылмыстар туралы уақытында хабарланбауының әрбір фактісін төтенше оқиға ретінде қарап, тәулік ішінде қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартсын;
10) патрульдік полиция бөлімшелерінің жек құрамын Ішкіісминінің нормативтік актілерінің талаптарына және тиесілік нормаларына сәйкес нысандық киім-кешекпен, қажетті арнайы құралдармен, байланыс құралдарымен, автокөлікпен қамтамасыз ету жөнінде көрсетілген тапсырманың орындалуын дербес бақылай отырып, шаралар қолдансын;
11) полиция кешенді күштерінің патрульді-бекеттік нарядтарының жұмыс нәтижелері үшін қалалық, аудандық, желілік органдар бастықтарының дербес жауапкершіліктері белгіленсін;
12) кезекші тәулік ішінде қылмыстарды ашуға және қылмыскерлерді ұстауға белсенділікпен қатысқан полиция қызметкерлері мен ішкі әскерлердің әскери қызметшілерін марапаттауды іс жүзінде кеңінен қолдансын;
13) осы бұйрықтан тарайтын өзге де шаралар қабылдансын.
3. Тәрбие және кадрлар жұмысы департаменті (Суюнчалиев М.М.) алғашқы қызметтік дайындықтан өту кезінде ішкі істер органдарының патрульді-бекеттік қызметі жұмысының негізін құрайтын нормативтік құқықтық актілерді оқып-үйрену жөніндегі оқу және тақырыптық жоспарларының кеңейтілуін қарастырсын.
4. Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің "Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің патрульдік қызметінің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі Ережелерін жариялау туралы" 2002 жылғы 6 сәуірдегі N 300 бұйрығының күші жойылды деп есептелсін.
5. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің барлық жеке құрамына жариялансын.
6. Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер вице-министрі полиция генерал-майоры И.И.Оттоға және қоғамдық қауіпсіздік департаментіне (Ғ.А.Алпысбаев) жүктелсін.
7. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен күшіне енгізіледі.
Министр
генерал-полковник | Қ.Ш. Сүлейменов
|
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2002 жылғы 5 шілдедегі
N 475 бұйрығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының
патрульді-бекеттік қызметінің қоғамдық тәртіпті сақтау мен
қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі
ТӘРТІП
Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары патрульді-бекеттік қызметінің Тәртібі азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, олардың азаматтығына, нәсілі мен ұлтына, тұрғылықты жеріне, әлеуметтік, мүліктік, лауазымдық жағдайына, дінге қатыстылығына және саяси көзқарасына, сондай-ақ мүлікті қорғаудың әр түрлі нысанына, жеке бастың, қоғам және мемлекеттің мүдделеріне қарамастан қылмыстық және құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету мақсатымен қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде патрульді-бекеттік қызмет атқаруды ұйымдастыру тәртібі мен басқару негіздерін, міндеттерін анықтайды.
Ішкі істер органдарының патрульді-бекеттік қызметті атқаруға және ұйымдастыруға қатысушы (бұдан әрі - ІІО) барлық қызметкерлері қылмыстың және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алуға шаралар қолданғанда осы Тәртіпті басшылыққа алады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі - Ішкіісмин) ішкі әскерлерінің (бұдан әрі - ІӘ) әскери қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерді орындау барысында Қазақстан Республикасы "Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері туралы" Заңын және осы Тәртіпті басшылыққа алады.
1 ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1. Қазақстан Республикасы Iшкiісминiнiң ІІО мен ІӘ қоғамдық тәртiптi сақтау және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметiнiң құқықтық негiздерiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы" Заң күшi бар Жарлығы, "Қазақстан Республикасының iшкi әскерлерi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілері мен Тәртіптері құрайды.
2. Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ІІО және ІӘ патрульді-бекеттік қызмет атқару кезіндегі басты міндеттері:
1) азаматтардың жеке және мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
2) қоғамдық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
3) қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды ескерту және алдын алу;
4) қылмысты ашу және қылмыскерлерді ұстауға қатысу болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ІІО және ІӘ қызметі патрульді-бекеттік қызметті ұйымдастыру және атқару кезінде заңдылық, ізгілік, адам құқығын құрметтеу, жариялылық принциптеріне сәйкес құрылады.
4. Патрульді-бекеттік қызмет атқаруға қатысатын Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ІІО және ІӘ қызметкерлерінің қажетті кәсіби дайындықтары, тәртіпті және қырағы, қызметтік міндеттерін орындау барысында шешімді, өжет және қатаң әрекет жасауға, жоғары адамгершілік қасиеттерін меңгеруге, қызметпен байланысты барлық қиындықтарды батыл өткеруге даяр болуы тиіс. Айналасындағылармен қатынаста полиция қызметкері сақ, әдепті және сыпайы болуға міндетті, олардың әрекеттері заңды болуы тиіс.
5. Патрульді-бекеттік қызметтің жұмысын ұйымдастыру саптық бөлімшелер полицияларының патрульдік учаске құрамындағы бағыттарда, нақты бекеттерде үнемі бекітілуін қарастыратын "Патрульдік учаске" принципі бойынша жүзеге асырылады.
"Патрульдік учаске" - бұл қалалық, аудандық, желілік органдардың бастықтары, Астана, Алматы қалаларының ІІББ және облыстардың ІІББ-ІІБ (бұдан әрі - ІІББ-ІІБ) патрульдік полиция басшылығымен келісе отырып, анықталған және бекітілген бекеттер мен бағыттар жиынтығы.
Полиция нарядтарының патрульдік учаскелерде қызмет атқаруы жедел-қызметтік міндеттерді орындау нысаны болып табылады, ол:
1) жеке құрамның өз міндеттері мен құқықтарын, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін, бекеттер мен патрульдеу бағыттарындағы жедел жағдайды білуімен;
2) қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы белгілерге жедел әсер ету, нарядтардың олардың алдын алу жөніндегі белсенді іс-қимылдарымен;
3) ІІО өзге қызметтерімен тығыз өзара іс-қимыл жасауымен;
4) басшылардың өз қарамағындағыларды білуімен, оларды әрқашан қамқорлыққа алуымен, жеке құрамға жоғары талаппен, қызмет атқаруға жүйелі түрде бақылау жасауымен;
5) жеке құрамның Антқа адал болуын және қайсарлыққа тәрбиелеумен, өзінің қызметтік борышын орындауға әрқашан дайындығын, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге жауапкершілікпен, құқық бұзушыларға төзбеушілікпен, кәсіптілікті жетілдіруімен;
6) жеке құрамды тиімді орналастыруымен, нарядтарды басқару және олардың арасындағы өзара іс-қимыл жасау жүйесін тұрақты жетілдіру, автокөлікті, байланыс құралдарын ұтымды қолдануымен, жаңа тактикалық әдістер мен техникалық құралдарды кеңінен енгізуімен қамтамасыз етіледі.
6. Патрульді-бекеттік қызмет атқаруға қатысушы полицияның кешенді күштері:
Негізгі:
1) патрульдік полицияның саптық бөлімшелері (полицияның ерекше мақсаттағы бөлімшелерінен басқа);
2) Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ішкі әскерлерінің әскери құрамдары, жедел мақсаттағы және арнайы моторландырылған бөлімдері.
Қосалқы:
1) жол полициясының бөлімшелері;
2) ІІО мамандандырылған күзет бөлімшелері (бұдан әрі - полиция "Күзет");
3) полицияның саптық бөлімшелері құрамына енген полицияның ерекше мақсаттағы бөлімшелері;
4) ІІО бөлімшелері мен басқа қызметтерінің қызметкерлері;
5) Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушылары.
7. Полицияның саптық бөлімшелері (бұдан әрі - ПСБ) (полктар, батальондар, роталар, взводтар) көшелерде, көлік объектілерінде және басқа қоғамдық орындарда патрульдік қызмет атқару үшін тағайындалады. Олар Астана және Алматы қалаларының ІІББ, облыстық, қалалық, аудандық, желілік органдардың құрылымдық бөлімшелері болып табылады.
8. Полицияның саптық бөлімшелерінің саны Астана, Алматы қалалары мен облыстардың жергілікті өкілетті және атқарушы органдарының келісімімен анықталады.
9. Көпшілік іс-шаралар жүргізу барысында қоғамдық тәртіпті сақтауды, қоғамдық тәртіпті топпен бұзушылықтардың және жаппай тәртіпсіздіктердің зардаптарын жою және алдын алуды қамтамасыз ету үшін, күрделі криминогендік жағдайды оқшаулап шектелген учаскелерді өңдеу жөнінде іс-шаралар жүргізу, төтенше жағдайдың құқықтық тәртібін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың (табиғи апаттар, ірі апаттар және катастрофалар) зардаптарын жоюға Астана, Алматы қалаларының ІІББ, қалалық басқармалардың, ішкі істер бөлімдерінің қатысуы үшін өз қызметін полицияның ерекше мақсаттағы бөлімшелері туралы Ережеге сәйкес жүзеге асыратын полицияның ерекше маңызды істер жөніндегі бөлімшелері (бұдан әрі - ПЕМБ) құрылады.
Астана және Алматы қалаларында ПЕМБ ІІББ-ІІБ бастықтарына тікелей бағынышты дербес бөлімшелері болып табылады, басқаларда патрульдік полицияның саптық бөлімшелерінің құрамына енеді және оның саны саптық бөлімшенің негізгі құрылымдық бірлік санынан аспауы тиіс.
10. Қазақстан Республикасы аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету бойынша жекелеген міндеттерді орындау үшін қарамағындағы полицияның қызметкерлерін пайдалану жөніндегі шешімді Ішкі істер министрі қабылдайды. ІІББ-ІІБ бастықтары - қызмет көрсету аумағында ұқсас шешім қабылдайды.
11. Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің жол полициясы, полиция "Күзет" бөлімшелері өздерінің негізгі міндеттерін атқарумен қоса, қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтармен күресуді өз бекеттерінің аймағы мен патрульдеу бағыттарында қамтамасыз етуге міндетті.
12. Қазақстан Республикасының ІӘ әскери құрамдары, жедел мақсаттағы бөлімдері (бұдан әрі - ЖМБ) мен арнайы моторланған бөлімдері (бұдан әрі АМБ) қоғамдық-саяси, көпшілік-спорт, мәдени-көпшілік іс-шараларын және төтенше жағдайлар туындаған кезде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуде патрульдік қызметті бірлесе атқаруға тағайындалады. Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің ІӘ ЖМБ мен АМБ күнделікті патрульде қолдану туралы шешімді Қазақстан Республикасы Ішкіісмині ІӘ қолбасшысының келісімімен ІІББ-ІІБ бастығы қабылдайды.
13. ІІББ-ІІБ бастықтары бекітілген тәртіппен олардың қарамағына патрульді-бекеттік қызметті атқаруға уақытша бөлінген тиісті облыс территориясында орналасқан ІӘ бөлімшелері мен полктарының командирлеріне қатысты жедел аға басшылары болып табылады. ЖМБ және АМБ қоғамдық тәртіпті сақтауға және қылмыспен күресте пайдалануды полицияның қалалық, аудандық органдарының бастықтары осы әскери бөлімдердің командирлерімен өзара іс-қимыл жасай отырып ұйымдастырады.
14. Патрульді-бекеттік қызметін атқару үшін нарядтардың келесі түрлері қолданылады: патруль, патрульдік топ, бекет, сондай-ақ алып жүру наряды, бақылау-өткізу пункті, тосқауыл, резерв және басқалар.
1) патруль - бұл құрамында екi немесе бiрнеше полиция қызметкерi бар, патрульдеу бағыттарында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жүктелген міндеттерді орындаушы жылжымалы наряд. Наряд құрамындағы полиция қызметкері патрульдеушi деп аталады. Патрульдеуші қызметiн автомобильде (АП), мотоциклде (МП), катерде (КТП), велосипедте (ВП) атқара алады. Сондай-ақ жаяу (ЖП), атты (АтП) патрульдер қолданылады. Қажет болған жағдайда патрульді-бекеттің қызметін атқару үшін нарядтарға қызметтік иттермен қоса патрульші-кинологтар тағайындалады. Жол қозғалысының қауiпсiздiгiн (ЖҚҚ) қамтамасыз ету үшiн қозғалысты қадағалау жөнiндегi патрульдер пайдаланылады. "Патрульдік учаске" принципі бойынша қызмет атқару үшін патрульге патрульдеу бағыттары анықталады, жергілікті жерде нақты шарттар мен жедел жағдайларға байланысты шекаралары белгіленеді. Патрульдеу бағыттарының барлық түрлері дербес және сол жердегі жедел жағдайға байланысты, оқиға болған жерге патрульдің нұсқауы немесе хабарлама алған сәттен бастап 5 минуттан аспайтын уақытта келіп жету шартымен белгіленеді.
2) патрульдiк топ - құрамы полицияның кешенді күштерінің бiрнеше патрульдерiнен тұратын, бекiтiлген патрульдік учаскеде немесе бұқаралық шара өткiзiлiп жатқан аймақ, объект аумағында қызмет атқару үшiн бiрiктiрiлген наряд.
3) бекет - полиция қызметкерлері (бекетші) қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді атқаратын жер немесе жер учаскесі. Бекеттер полиция қызметкерінің қатысуын үнемі қамтамасыз ету жерлерінде қойылады. Бекет үшін оның орталығы мен шекарасы белгіленеді. Бекет орталығы бақылауды қолайлы жүргізу және құқық бұзушылықтарды ескерту мен алдын алу шараларын жедел қабылдауға болатын жерде белгіленеді. Шекара бекет орталығынан 300 м. қашықтықтан алыстамауы тиіс.
4) поезда, кемеде еріп жүруге арналған полиция наряды - жол жүру кезінде көлiк құралдарының қозғалысы бағытында қоғамдық тәртiптi сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу мақсатында тағайындалады.
5) бақылау-өткiзу пунктiнде (бұдан әрi - БӨП) полиция наряды белгiлi бiр ауданда (мекенде) бұқаралық шаралар өткiзу кезiнде, табиғи апаттар, эпидемиялар мен эпизоотиялар туындаған және басқа төтенше жағдайларда өткiзу режимiн қамтамасыз ету немесе көлiк пен жолаушылардың қозғалысын шектеу мақсатында қойылады.
6) тосқауыл (бұдан әрі - Т) - құрамында полиция қызметкерлерi тобының (бөлімшесінің) белгiлi бiр учаскесiн бақылау немесе жекелеген бағыттарды тосқауылдау жөнiндегi наряды.
7) қосалқы топ (бұдан әрі - ҚТ) - полиция қызметкерлерiнiң патрульдер мен күзеттердi жедел жағдайдың өзгеруiне байланысты кенеттен пайда болған мiндеттердi шешуге немесе патрульдеушілер мен бекет қызметкерлерін алмастыруға арналған наряды.
Қосалқы топтың құрамын, оны орналастыру және пайдалану тәртiбiн әрбiр жеке жағдайда өздерi бағынышты болатын бастық айқындайды.
15. Полиция қызметкерлері мен ЖМБ және АМБ әскери қызметшілері патрульді-бекеттік қызметті белгіленген нысандық киімде атқарады. Арнайы міндеттерді шешу кезінде оларға қызметті азаматтық киімде атқаруға рұқсат берілуі мүмкін.
Патрульді-бекеттік қызметін атқару кезіндегі қызметтік уақыт нарядтардың қалалық аудандық желілік органы бойынша кезекші немесе қызметке басшылық жасаушы өзге басшылардың жедел қарамағында болуымен белгіленеді. Олардың қарамағына полиция қызметкерлері нұсқама басталысымен түседі, ал оның қарамағынан шығу қызметтің аяқталуы туралы белгі бойынша. Полиция қызметкерлері үшін жұмыс уақытының ұзақтығы еңбек заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылдың 27 желтоқсандағы N 1644 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрам адамдарының қызметті өткеруі туралы Ережесіне сәйкес белгіленеді. Қалалық, аудандық, желілік органның, полиция бөлімшесінің бастығына, саптық бөлімшенің командиріне қажетті кезде нарядтардың жұмыс уақытының ұзақтығын көбейту құқығы берілген. Демалыс күндері кесте бойынша беріледі.
16. Жедел жағдай күрделенген кезде, төтенше жағдайлар (жаппай тәртіпсіздік, табиғи апаттар, өрт, ірі өндіріс апаттары, апат, эпидемия, эпизоотия) туындаған кезде, бұқаралық шаралар (қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, спорт) жүргізген кезде патрульді-бекеттік қызмет атқарудың күшейтілген түрі енгізілуі мүмкін.
Күшейтілген түрдегі патрульді-бекеттік қызметі жеке құрамның тәулік бойы қызмет атқару ұзақтығы 12 сағатқа дейін ұзартылуы және демалыс күндерінің тоқтатылуымен, қажетті жағдайларда кезекті еңбек демалыс мерзімін ауыстырумен және уақытша қаладан, тұрғылықты пункттен тыс шығуға тыйым салумен қамтамасыз етіледі.