27-бап. Кез келген түрдегi бума тауарларды ашу, сату және импорттан
алу кезiнде олардың санын мемлекеттiк метрологиялық
қадағалау
Кез келген түрдегi бума тауарларды ашу, сату және импорттан алу кезiнде олардың санын мемлекеттiк метрологиялық қадағалау бума iшiндегi тауар санының буманың бетiнде белгiленген шамаға сәйкестiгiн тексеру мақсатында жүзеге асырылады.
28-бап. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды жүзеге асыратын
лауазымды адамдардың құқықтары
1. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның және оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары стандарттау және өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырады.
2. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар атқарып жүрген қызметтерiне сәйкестiгiн анықтау және кәсiби даярлығын бағалау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен мiндеттi аттестаттаудан өтуге тиiс.
3. Мемлекеттiк метрологиялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) тексеруге тапсырмасын (жолдамасын) және қызметтiк куәлiгiн көрсеткен кезде заңдарға сәйкес мемлекеттiк метрологиялық қадағалау үшiн белгiленген объектiлерге кедергiсiз кiруге;
2) жеке және заңды тұлғалардан мемлекеттiк метрологиялық қадағалау жүргiзу үшiн қажеттi құжаттар мен мәлiметтер сұратуға және алуға;
3) техникалық құралдарды пайдалануға және тексерiлетiн объектiлердiң мамандарынан ақпарат алуға;
4) мемлекеттiк сынаудан және түрiн бекiтуден, салыстырып тексеруден, метрологиялық аттестаттаудан өтпеген, бекiтiлген түрге сәйкес келмейтiн өлшем құралдарын қолдануға, өткiзуге, өндiрiстен және жөндеуден шығаруға тыйым салуға;
5) егер өлшем құралдары жұмысқа жарамсыз болса олардың көрсетулерiнiң қателiгi рұқсат етiлген нормалардан асып кетсе немесе салыстырып тексеру туралы сертификаттың қолданылу мерзiмi бiтсе, тексеру таңбаларын өшіруге немесе өлшем құралдарын тексеру туралы сертификаттың күшiн жоюға;
6) метрологиялық нормалар мен ережелердiң бұзылуын жою, қолдануға жарамсыз өлшем құралдарын және заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандарттық үлгілерін пайдаланудан алып тастау туралы орындау үшiн мiндеттi нұсқамалар беруге;
7) буманың iшiндегi тауардың санын көрсететiн шаманың буманың бетiнде белгiленген шамаға сәйкессiздiгi анықталған жағдайда бума тауарлар партияларын өткiзуге тыйым салуға құқығы бар.
6-тарау. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңдарды
бұзғаны үшін жауаптылық және дауларды шешу
29-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету туралы заңдарды
бұзғаны үшiн жауаптылық
Заңды және жеке тұлғалар, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдардың лауазымды адамдары өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңдарды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
30-бап. Осы Заң нормаларының бұзылуына қатысты дауларды шешу
Осы Заң нормаларының және өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құжаттардың бұзылуына байланысты даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
7-тарау. Өлшем бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі
жұмыстарды қаржыландыру
31-бап. Өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету және мемлекеттiк метрологиялық
қадағалау жөнiндегi жұмыстарды қаржыландыру
1. Республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен:
1) стандарттау, метрология және сертификаттау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органды және оның мемлекеттiк метрологиялық қадағалау жөнiндегi аумақтық бөлiмшелерiн ұстауға арналған шығыстар;
2) өлшем бiрлiгiн қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк бағдарламалар қаржыландырылады.
2. Осы Заңда көзделген және осы баптың 1-тармағында аталмаған метрологиялық жұмыстар мен қызмет көрсетулер шарттық негiзде немесе заңдарда тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қаржыландырылады.
Қазақстан Республикасының Президенті