3. Iске айыпталушының қорғаушысының немесе заңды өкiлiнiң қатысуы айыпталушының қандай да болмасын құқығын жою немесе шектеу үшiн негiз бола алмайды.
70-бап. Қорғаушы
1. Қорғаушы - заңда белгiленген тәртiппен сезiктiлер мен айыпталушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын және оларға заң көмегiн көрсететiн адам.
2. Адвокаттарға, айыпталушының жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына немесе заңды өкiлдерiне, өз бiрлестiктерi мүшелерiнiң iстерi бойынша кәсiподақтың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерiне қорғаушы ретiнде жол берiледi. Шетелдiк адвокаттарға, егер ол Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетпен халықаралық шартында өзара негiзде көзделсе, заңдарда белгiленген тәртiппен iске қорғаушы ретiнде қатысуға жол берiледi.
3. Қорғаушы айып тағылған не адам осы Кодекстiң 68-бабының бiрiншi бөлiгiне сәйкес сезiктi деп танылған кезден бастап iске қатысуға жiберiледi.
4. Бiр адам, егер сезiктiнiң, айыпталушының бiреуiнiң мүддесi екiншiсiнiң мүддесiне қайшы келетiн болса, олардың екеуiне бiрдей қорғаушы бола алмайды.
5. Адвокаттың өзiне қабылдаған сезiктiнi немесе айыпталушыны қорғаудан бас тартуға құқы жоқ.
ҚР 16.03.01 ж. N 163-II Заңымен 71-бап өзгертілді
71-бап. Қорғаушының мiндеттi қатысуы
1. Қорғаушының қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысуы, егер:
1) ол туралы сезiктi немесе айыпталушы өтiнiш жасаса;
2) сезiктi немесе айыпталушы кәмелетке толмаса;
3) сезiктi немесе айыпталушы дене немесе психикалық кемiстiгiнен өзiнiң қорғану құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса;
4) сезiктi немесе айыпталушы сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе;
5) адам жазалау шарасы ретiнде он жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айырылу, өмiр бойы бас бостандығынан айырылу не өлiм жазасы тағайындалуы мүмкiн болатын қылмысты жасағаны үшiн айыпталса;
6) айыпталушыға бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылса немесе ол мәжбүр етiлiп стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға жiберiлсе;
7) сезiктiлердiң немесе айыпталушылардың мүдделерi арасында қайшылық болып, олардың бiреуiнiң қорғаушысы болса;
8) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге жәбiрленушiнiң (жеке айыпталушының) немесе азаматтық талапкердiң өкiлi қатысса;
9) iс сотта қаралған кезде мемлекеттiк айыптаушы қатысса;
10) айыпталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болса және алдын ала тергеу органдарына келуден жалтарса міндетті.
2. Қорғаушының қатысуы осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1-6, 10-тармақтарында көзделген жағдайларда адам сезiктi немесе айыпталушы болып танылған кезден бастап, 7-тармағында көзделген жағдайларда - сезiктiлердiң немесе айыпталушылардың мүдделерiнiң арасындағы қайшылық анықталған кезден бастап, 8-9-тармақтарда көзделген жағдайларда - айыпталушыны сотқа берген сәттен бастап қамтамасыз етiледi.
3. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны сезiктiнiң, айыпталушының өзi, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша басқа да адамдар шақырмаса, қылмыстық процестi жүргiзушi орган процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, орган ол туралы адвокаттардың кәсiптiк ұйымы үшiн мiндеттi қаулы шығарады.
72-бап. Қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның
еңбегiне ақы төлеу
1. Қорғаушыны сезiктi немесе айыпталушы, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ сезiктiнiң, айыпталушының тапсырмасы бойынша немесе келiсiмiмен басқа да адамдар шақырады. Сезiктi немесе айыпталушы қорғану үшiн бiрнеше қорғаушыларды шақыруға құқылы.
2. Сезiктiнiң, айыпталушының сұрауы бойынша қорғаушының қатысуын қылмыстық процестi жүргiзушi орган қамтамасыз етедi.
3. Таңдалып алынған немесе тағайындалған қорғаушының ұзақ мерзiм (кемiнде бес тәулiк) iшiнде қатысуы мүмкiн болмайтын жағдайларда қылмыстық процестi жүргiзушi орган сезiктiге, айыпталушыға басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе адвокаттардың кәсiптiк ұйымы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы қорғаушы тағайындауға шаралар қолдануға құқылы. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның қорғаушы ретiнде белгiлi бiр адамды шақыруға ұсыныс жасауға құқығы жоқ.
4. Ұстау немесе күзетпен ұстау жағдайында, егер сезiктi немесе айыпталушы таңдаған қорғаушының келуi жиырма төрт сағаттың iшiнде мүмкiн болмаса, қылмыстық iзге түсудi жүзеге асырушы орган сезiктiге немесе айыпталушыға басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал одан бас тартылған жағдайда қорғаушыны адвокаттардың кәсiптiк ұйымы немесе оның құрылымдық бөлiмшелерi арқылы тағайындауға шаралар қолданады.
5. Адвокаттың еңбегiне ақы төлеу қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзiледi. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган оған негiз болған кезде сезiктiнi, айыпталушыны заңгерлiк көмекке ақы төлеуден толық немесе iшiнара босатуға құқылы. Бұл жағдайда еңбекке ақы төлеу мемлекеттiң есебiнен жүргiзiледi.
6. Адвокат анықтау, алдын ала тергеу жүргiзуде немесе сотта осы Кодекстiң 71-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген, клиентпен келiсiм жасаспастан тағайындау бойынша қатысқан жағдайда да адвокаттардың еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi шығындар мемлекеттiң есебiнен жатқызылуы мүмкiн.
7. Егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге бiрнеше қорғаушы қатысқан жағдайда қорғаушының қатысуы қажеттi iс жүргiзу әрекетi тиiстi сезiктiнiң немесе айыпталушының қорғаушыларының түгел қатыспауынан заңсыз деп таныла алмайды.
8. Қорғаушы қылмыстық процестi жүргiзушi органға өзiнiң жағдайын растау үшiн жеке басын куәландыратын құжаттарды және тиiстi жағдайларда: адвокатурадан екендiгiн растайтын құжат пен заң консультациясының адвокатқа аталған iске қатысу құқығын бiлдiретiн ордерiн немесе маңызы бойынша онымен тең құжатты; қоғамдық бiрлестiктiң немесе оның басшы органының қорғаушыны тағайындау туралы шешiмiн; сезiктiмен немесе айыпталушымен туыстық қатынасын растайтын құжатты ұсынады.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңымен 73-бап өзгертілді
73-бап. Қорғаушыдан бас тарту
1. Сезiктi, айыпталушы iс бойынша iс жүргiзудiң кез келген сәтiнде қорғаушыдан бас тартуға құқылы, бұл оның өзiн қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру ниетiн бiлдiредi. Қорғаушыдан бас тартуға, қорғаушы болып тағайындала алатын қорғаушы не адвокат қатысып отырған кезде сезiктiнiң, айыпталушының бастамасы бойынша ғана жол берiледi. Заңгерлiк көмекке ақы төлеу үшiн қаражаттың жоқтығы себептi қорғаушыдан бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша нысанда ресiмделедi немесе тиiстi тергеу не сот әрекетiнiң хаттамасында көрсетiледi.
2. Осы Кодекстiң 71-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2) - 4), 6) тармақтарында (айыпталушыны тұрақты сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберу кезiнде) көзделген жағдайларда айыпталушының қорғаушыдан бас тартуын қылмыстық процестi жүргiзушi органның қабылдауына болмайды.
3. Қорғаушыдан бас тарту айыпталушыны немесе сезiктiнi кейiн қорғаушының iске қатысуына рұқсат ету туралы өтiнiш жасау құқығынан айырмайды. Қорғаушының iске қатысуы осы уақытқа дейiн тергеу немесе сот талқылауының барысында жасалған әрекеттердi қайталауға әкеп соқтырмайды.
74-бап. Қорғаушының өкiлеттiгi
1. Қорғаушы сезiктiнiң, айыпталушының айыбын жоққа шығаратын немесе жауаптылығын жеңiлдететiн жағдайларды анықтау мақсатында барлық заңды құралдар мен қорғау тәсiлдерiн пайдалануға және оларға қажеттi заңгерлiк көмек көрсетуге мiндеттi.
2. Қорғаушы iске қатысуға рұқсат етiлген сәттен бастап: сезiктiмен және айыпталушымен олардың саны мен ұзақтығы шектелместен оңаша және құпия жолығуға; заңгерлiк көмек көрсету үшiн қажеттi заттарды, құжаттарды және мәлiметтердi жинауға және ұсынуға; айып тағылған кезде қатысуға, сезiктiден немесе айыпталушыдан жауап алу кезiнде, сондай-ақ олардың қатысуымен немесе олардың өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн өзге де тергеу әрекеттерiне, сондай-ақ қорғаушының өз өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiне қатысуға; қарсылықтар бiлдiруге; ұстау хаттамасымен, бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулымен, сезiктiнiң, айыпталушының немесе қорғаушының өзiнiң қатысуымен жасалған тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен, сезiктiге және айыпталушыға ұсынылған не ұсынылуы тиiс болатын құжаттармен, ал анықтау немесе алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, одан кез келген мәлiметтi кез келген көлемде көшiрiп алуға; өтiнiш бiлдiруге; кез келген сатыдағы сотта iстi алдын ала тыңдауға, соттың талқылауына қатысуға, сот жарыссөздерiнде сөйлеуге, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iстi жаңарту кезiнде соттың отырысына қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпе енгiзуге; iс жүргiзу құжаттарының көшiрмелерiн алуға; тарап пен қылмыстық iстi жүргiзушi адамның заңсыз әрекеттерiне қарсылық бiлдiруге, бұл қарсылықтарды iс жүргiзу құжаттарына енгiзудi талап етуге; анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың және соттың әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым енгiзуге және оларды қарауға қатысуға; заңға қайшы келмейтiн кез келген басқа да қорғау құралдары мен тәсiлдерiн пайдалануға құқылы.
3. Тергеу әрекеттерiн жүргiзуге қатысушы қорғаушы тергеушiнiң, анықтаушының рұқсатымен жауап алынып отырған адамдарға сұрақтар қоюға құқылы. Тергеушi, анықтаушы қорғаушының сұрақтарын қабылдамауына болады, бiрақ берiлген сұрақтардың бәрiн хаттамаға енгiзуге мiндеттi. Қорғаушы тергеу әрекетiнiң хаттамасына оның жазбаларының дұрыстығы мен толықтығына орай жазбаша ескертпе жасауға құқылы.
4. Қорғаушының: өзiнiң қорғауындағы адамның мүдделерiне қарсы қандай да болмасын әрекет жасауға және оған тиесiлi құқықтарды жүзеге асыруына кедергi жасауға; қорғауындағы адамның айқындамасына қарамастан оның қылмысқа қатысын және оны жасағанына кiнәлiлiгiн мойындауға, қорғауындағы адамның жәбiрленушiмен татуласқандығы туралы мәлiмдеуге; азаматтық талапты мойындауға; қорғауындағы адам берген шағымдар мен өтiнiштердi керi қайтарып алуға; заңгерлiк көмек көрсетуге өтiнiш бiлдiруге және оны жүзеге асыруына байланысты өзiне белгiлi болған мәлiметтердi жариялауға құқығы жоқ.
5. Қорғаушының осы Кодексте көзделген басқа да құқықтары бар және ол басқа да мiндеттердi мойнына алады.
75-бап. Жәбiрленушi
1. Қылмыстық процесте оған тiкелей қылмыспен моральдық, дене және мүлiктiк зиян келтiрiлдi деп ұйғаруға ол жөнiнде негiз бар адам жәбiрленушi болып танылады.
2. Адам есi кiресiлi-шығасылы адам жасаған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған әрекетпен оған зиян келтiрiлген жағдайларда да жәбiрленушi болып таныла алады.
3. Адам қылмыстық процесте қылмыстық процестi жүргiзушi орган тиiстi қаулы шығарған кезден бастап жәбiрленушi болып танылады. Егер адамды жәбiрленушi деп танығаннан кейiн оның бұл жағдайда болуы үшiн негiздер жоқ екенi белгiленсе, қылмыстық процестi жүргiзушi орган өзiнiң қаулысымен ол адамның iске жәбiрленушi ретiнде қатысуын тоқтатады.
4. Жәбiрленушiге қылмыспен келтiрiлген мүлiктiк зиянды, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген ережелер бойынша өкiлге арналған шығындарды қоса есептегендегi оның алдын ала тергеу мен сотқа қатысуына байланысты келтiрiлген шығындарды өтеу қамтамасыз етiледi.
5. Жәбiрленушiнiң оған келтiрiлген моральдық зиянды өтеу туралы талабы азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қаралады.
6. Жәбiрленушiнiң айыпталушыға тағылған айып туралы бiлуге; айғақ беруге; дәлелдер ұсынуға; өтiнiш пен қарсылық бiлдiруге; ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; өкiлi болуына; өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және оларға ескертпелер беруге; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен өз өтiнiшi не өз өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлген тергеу әрекеттерiне қатысуға; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, одан кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға; қылмыстық iс қозғау туралы, оны жәбiрленушi деп тану туралы немесе одан бас тарту туралы, iстi тоқтату туралы қаулылардың көшiрмелерiн, айыптау қорытындысының көшiрмесiн, сондай-ақ үкiмнiң, апелляциялық сатыдағы сот шешiмдерiнiң көшiрмесiн алуға; бiрiншi сатыдағы сотта iстi соттың талқылауына қатысуға; сот жарыссөздерiнде сөйлеуге; айыптауды, оның iшiнде мемлекеттiк айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда да қолдауға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескерту беруге; қылмыстық процестi жүргiзушi органның әрекетiне шағым әкелуге; соттың үкiмi мен қаулысына шағымдануға; iс бойынша әкелiнген шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылық ұсынуға; мәлiмделген шағымдарды, өтiнiштердi және наразылықтарды апелляциялық сатыдағы соттың қарауына қатысуға құқығы бар.
7. Жәбiрленушiнiң, ал ол қайтыс болған жағдайда - оның құқықтық мұрагерлерiнiң аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн өлiм жазасына сотталған адамға қатысты үкiм орындалған жағдайда және өлiм жазасына кесiлген адамның осы қылмыспен келтiрiлген залалды толық көлемде өтеу үшiн жеткiлiктi мүлкi болмаған кезде республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Көрсетiлген жағдайларда қылмыспен келтiрiлген залал үшiн мемлекеттiң есебiнен өтемақы төлеу туралы мәселенi жәбiрленушiнiң өтiнiшi бойынша өлiм жазасы туралы үкiмдi шығарған сот шешедi. Жәбiрленушiнiң көрсетiлген жағдайларда, егер залал бiр мың ең төменгi есептiк көрсеткiштен аспаса, залалдың толық көлемiнде өтелуiне құқығы бар.
8. Жәбiрленушi: қылмыстық процестi жүргiзушi органның шақыруы бойынша келуге, iс бойынша белгiлi барлық мән-жайларды шын хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап беруге; өзiне iс бойынша белгiлi мән-жайлар туралы мәлiметтердi жарияламауға; тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде және сот отырысы уақытында белгiленген тәртiптi сақтауға мiндеттi.
9. Жәбiрленушi дәлелсiз себептермен шақыру бойынша келмеген кезде ол осы Кодекстiң 158-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп әкелуге ұшырауы және заңдарға сәйкес әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
10. Жәбiрленушi жауап беруден бас тартқаны үшiн және қасақана жалған айғақ бергенi үшiн заңдарға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылады.
11. Зардабы адамның қайтыс болуына жеткiзген қылмыстар туралы iстер бойынша жәбiрленушiнiң осы бапта көзделген құқықтарын қайтыс болған адамның жақын туыстары жүзеге асырады. Егер жәбiрленушiнiң құқықтарын беруге туыстарының қаза табуына байланысты қылмыспен моральдық зиян келтiрiлген бiрнеше адам үмiткер болып отырса, олардың бәрi не олардың арасындағы келiсiм бойынша олардың бiреуi жәбiрленушi болып таныла алады.
12. Қылмыспен моральдық немесе мүлiктiк зиян келтiрiлген заңды тұлға жәбiрленушi болып танылуы мүмкiн. Бұл жағдайда жәбiрленушiнiң құқықтары мен мiндеттерiн заңды тұлғаның өкiлi жүзеге асырады.
76-бап. Жеке айыптаушы
1. Жеке айыптау iсi бойынша сотқа шағым берген және сотта айыптауды қолдаған адам, сондай-ақ мемлекеттiк айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда сотта айыптауды дербес қолдаушы жариялы және жеке-жариялы айыптау iсi бойынша жәбiрленушi жеке айыптаушы болып табылады.
2. Жәбiрленушi кәмелетке толмаған немесе әрекет қабiлетi жоқ жағдайда өтiнiш, сұрау бiлдiрген немесе шағым берген оның заңды өкiлi жеке айыптаушы болып саналады.
3. Жеке айыптаушы жәбiрленушiнiң барлық құқықтарын пайдаланады және барлық мiндеттерiн алады, сондай-ақ осы Кодекстiң 393-бабының үшiншi, төртiншi және алтыншы бөлiктерiнде көзделген құқықтарға ие болады.
4. Жеке айыптаушы оған тиесiлi құқықтарды пайдаланады және өзiне жүктелген мiндеттердi жеке немесе, егер ол құқықтар мен мiндеттердiң сипатына сәйкес келсе, өкiл арқылы атқарады.
77-бап. Азаматтық талапкер
1. Өзiне қатысты тiкелей қылмыспен мүлiктiк залал келтiрiлдi деп ұйғаруға жеткiлiктi негiз бар және оны өтеу туралы талап қойған жеке және заңды тұлға азаматтық талапкер болып танылады. Азаматтық талапкер моральдық зиянды мүлiктiк өтеу үшiн де талап қоя алады. Прокурор заңдарда көзделген жағдайларда өз бастамашылығы бойынша жеке немесе заңды тұлғаны азаматтық талапкер деп тануға құқылы.
2. Азаматтық талапкер деп тану немесе көрсетiлген iс жүргiзу жағдайында болу үшiн негiздер болмаған жағдайда тұлғаның азаматтық талапкер ретiнде iске қатысуын тоқтату туралы шешiмдi қылмыстық процестi жүргiзушi орган қабылдайды, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.
3. Кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ заңда белгiленген тәртiппен әрекет қабiлетi жоқ деп танылған адамдардың мүдделерiн қорғауға азаматтық талапты олардың заңды өкiлдерi қоюы мүмкiн.
4. Азаматтық талапкер өздерi қойған талапты қолдау мақсатында: айыптаудың мәнiн бiлуге; дәлелдердi ұсынуға; қойылған талап бойынша түсiнiктеме беруге; қылмыстық iске қосу үшiн материалдар ұсынуға; өтiнiштер мен қарсылықтар мәлiмдеуге; ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ пен түсiнiктеме беруге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; өкiлi болуына; өзiнiң қатысуымен жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен өзiнiң өтiнiшi бойынша немесе өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлген тергеу әрекеттерiне қатысуға; тергеу аяқталғаннан кейiн азаматтық талапқа қатысты iстiң материалдарымен танысуға және одан кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға; өзiнiң мүддесiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық талапқа қатысты iс жүргiзу шешiмдерiнiң көшiрмелерiн алуға; кез келген сатыдағы сотта iстi соттың талқылауына қатысуға; сот жарыссөздерiнде сөйлеуге; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге; қылмыстық процестi жүргiзушi органның әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым жасауға; азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде соттың үкiмi мен қаулыларына шағымдануға; азаматтық талап бөлiгiнде iс бойынша жасалынған шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылық бiлдiруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға; осы Кодекстiң 75-бабының жетiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда қылмыспен келтiрiлген залалға мемлекеттiң есебiнен өтемақы алуға құқығы бар.
5. Азаматтық талапкердiң осы Кодекстiң 75-бабының сегiзiншi бөлiгiнде көзделгендей мiндеттерi болады.
6. Азаматтық талапкердiң заңмен көзделген басқа да құқықтары бар және басқа да мiндеттерi болады.
78-бап. Азаматтық жауапкер
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң барысында қойылған талапқа байланысты заң күшiмен қылмыспен не есi кiресiлi-шығасылы адамның Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiмен тыйым салынған әрекетiмен келтiрiлген зиян үшiн мүлiктiк жауаптылықта болатын жеке немесе заңды тұлға азаматтық жауапкер болып табылады.
2. Азаматтық жауапкер деп тану немесе адамның көрсетiлген iс жүргiзу жағдайында болуы үшiн негiздер болмаған жағдайда азаматтық жауапкер ретiнде процеске қатысуын тоқтату туралы шешiмдi қылмыстық процестi жүргiзушi орган қабылдайды, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.
3. Азаматтық жауапкердiң оған қойылған талапқа байланысты өзiнiң мүдделерiн қорғау мақсатында: айыптау мен азаматтық талаптың мәнiн бiлуге; талапқа қарсылық бiлдiруге; ұсынылған талаптың мәнi бойынша түсiнiктеме мен айғақ беруге; өкiлi болуына; қылмыстық iске қосу үшiн материалдар ұсынуға; өтiнiштер мен қарсылықтар бiлдiруге; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң азаматтық талапқа қатысты материалдарымен танысуға және кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға; өзiнiң мүддесiн қозғайтын қабылданған шешiмдер туралы бiлуге және мәлiмделген азаматтық талапқа қатысты iс жүргiзу шешiмдерiнiң көшiрмелерiн алуға; кез келген сатыдағы соттағы iстiң сотта талқылауына қатысуға; сот жарыссөздерiнде сөйлеуге, қылмыстық процестi жүргiзушi органның әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым әкелуге; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге; азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде соттың үкiмi мен қаулысына шағымдануға; азаматтық талапқа қатысты бөлiгiнде iс бойынша келтiрiлген наразылықтар мен шағымдар туралы бiлуге және оларға қарсылық бiлдiруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға құқығы бар.
4. Азаматтық жауапкердiң осы Кодекстiң 75-бабының жетiншi бөлiгiнде көзделгендей мiндеттерi болады.
5. Азаматтық жауапкердiң заңда көзделген басқа да құқықтары бар және басқа да мiндеттерi болады.
79-бап. Кәмелетке толмаған айыпталушының,
сезiктiнiң заңды өкiлдерi
Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар туралы iстер бойынша iске қатысуға осы Кодексте көзделген тәртiппен олардың заңды өкiлдерi тартылады.
80-бап. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке
айыптаушының өкiлдерi
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының заңды мүдделерiн бiлдiруге заң күшiмен құқығы бар және қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысымен iске қатысуға рұқсат етiлген адвокаттар мен өзге де адамдар жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының өкiлдерi болуы мүмкiн.
2. Кәмелетке толмаған немесе өзiнiң дене немесе психикалық жағдайы бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау мүмкiндiгiнен айырылған жәбiрленушiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн iске мiндеттi түрде қатысуға олардың заңды өкiлдерi тартылады.
3. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының заңды өкiлдерi мен өкiлдерiнiң өздерi өкiлi болып отырған жеке және заңды тұлғалардiкiндей, осы Кодексте көзделген шектерде, iс жүргiзу құқығы болады.
4. Жәбiрленушi, азаматтық талапкер, жеке айыптаушы өкiлiнiң өзi өкiлi болып отырған процеске қатысушының мүдделерiне қайшы қандай да болсын әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
5. Жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және жеке айыптаушының iске өзiнiң қатысуы олардың осы iс бойынша өкiлге ие болу құқығын жоймайды.
81-бап. Азаматтық жауапкердiң өкiлдерi
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуде азаматтық жауапкердiң заңды мүдделерiн бiлдiруге заң күшiмен құқығы бар және қылмыстық процестi жүргiзушi органның қаулысымен iске қатысуға рұқсат етiлген адвокаттар және өзге де адамдар азаматтық жауапкердiң өкiлдерi болып танылады.
2. Азаматтық жауапкер өкiлдерiнiң өздерi өкiлi болып отырған жеке және заңды тұлғалардiкiндей iс жүргiзу құқығы болады.
3. Азаматтық жауапкер өкiлiнiң өзi өкiлi болып отырған процеске қатысушының мүдделерiне қайшы қандай да болмасын әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
4. Азаматтық жауапкердiң iске өзiнiң қатысуы олардың осы iс бойынша өкiлге ие болу құқығын жоймайды.
10-тарау. Қылмыстық процеске қатысушы
өзге де адамдар
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 82-бап өзгертілді
82-бап. Куә
1. Айғақ беру үшiн куә ретiнде iс үшiн маңызы бар қандай да болсын мән-жай белгiлi болуы мүмкiн кез келген адам шақырылуы және одан жауап алынуы мүмкiн.
2. Куә ретiнде жауап алуға:
1) қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысуына байланысты, сондай-ақ сот шешiмiн шығару кезiнде туындаған мәселелердi кеңесу бөлмесiнде талқылау барысында өзiне белгiлi болған қылмыстық iстiң мән-жайлары туралы - судья;
2) қылмыстық iс бойынша өзiнiң мiндеттерiн орындауына байланысты өзiне белгiлi болған жағдайлар туралы - сезiктiнiң, айыпталушының қорғаушысы, сонымен бiрдей жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердiң және азаматтық жауапкердiң өкiлi;
3) оған iшкi сырын ашу кезiнде белгiлi болған мән-жайлар туралы дiни қызметшi;
4) өзiнiң жасының толмауына не психикалық немесе дене кемiстiктерiне орай iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс түсiнуге және олар туралы жауап беруге қабiлетсiз адамдар жатпайды.