әскери соттар жүзеге асырады.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II; 11.07.01 ж. N 238-II Заңдарымен 58-бап өзгертілді
58-бап. Соттың құрамы
1. Бiрiншi сатыдағы соттарда қылмыстық iстердi қарауды судья жеке өзi немесе үш судьядан тұратын алқа жүзеге асырады. Әдiл сотты алқадан тұратын сот жүзеге асырған кезде олардың бiрi төрағалық етушi болып табылады.
2. Жаза шарасы ретiнде өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн болатын қылмыс жасаған адамдарды айыптау жөнiндегi қылмыстық iстi қарауды бiрiншi сатыдағы сот үш судья құрамында жүзеге асырады. Басқа iстердi бiрiншi сатыдағы соттың судьялары жеке-дара қарайды.
3. алынып тасталды
4. Қылмыстық iстердi аппеляциялық тәртiппен, қадағалау тәртiбiмен, жаңадан ашылған жағдайлар бойынша қарауды және сот шешiмдерiн қайта қарауды кемiнде үш судья құрамындағы сот жүзеге асырады.
5. алынып тасталды
59-бап. Соттың өкiлеттiгi
1. Сот билiгiнiң иесi ретiндегi соттың өкiлеттiгi заңмен айқындалады.
2. Тек соттың ғана:
1) адамды қылмыстың жасалуына айыпты деп тануға және оған жаза тағайындауға;
2) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын не мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдануға;
3) төмен тұрған сот қабылдаған шешiмнiң күшiн тоқтатуға немесе оны өзгертуге құқығы бар.
3. Қылмыстық процестiң сотқа дейiнгi сатыларында сот осы Кодексте көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша қылмыстық iзге түсу органының шешiмдерiне жасалған шағымдарды қарайды.
4. Егер сотта iстiң қаралуы кезiнде қылмыс жасауға ықпал еткен жағдайлар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы, сондай-ақ анықтау, алдын ала тергеу барысында немесе iстi төменгi тұрған соттың қарауы кезiнде жол берiлген басқа да заң бұзушылықтар анықталатын болса, сот тиiстi ұйымдардың, лауазымды адамдардың немесе басқару функцияларын орындайтын адамдардың назарын қажеттi шаралар қабылдауды талап ететiн заңды бұзудың аталған жағдаяттары мен фактiлерiне аударатын жеке қаулы шығаруы мүмкiн. Егер анықталған құқық бұзушылықтар заңға сәйкес әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соқтыратын болса, онда сот қылмыстық iс бойынша шешiм шығарумен бiрге Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексiне сәйкес, өзiне қатысты осы iс бойынша айыптау үкiмi шығарылған адамдарды қоспағанда, бұл құқық бұзушылыққа кiнәлi жеке және заңды тұлғаларға әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
5. Сот мұны қажет деп тапса, басқа да жағдайларда жеке қаулы шығаруға, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
60-бап. Судья
1. Өз құзыретi шегiнде iстi жеке-дара қарайтын, соттың отырысын дайындау не оның үкiмiнiң немесе басқа шешiмiнiң атқарылуын қамтамасыз ету жөнiнде өкiм жасау қызметiн жүзеге асыратын, осы Кодекстiң 59-бабының үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген өтiнiштер мен шағымдарды шешетiн судьяға соттың өкiлеттiгi тиесiлi болады.
2. Iстi судьялар алқасының құрамында қарайтын судья iстi қарауға байланысты туындайтын барлық мәселелердi шешу кезiнде төрағалық етушiмен және басқа да судьялармен тең құқықтарды пайдаланады.
61-бап. Iс бойынша төрағалық етушi
1. Судьялар алқасының құрамында қылмыстық iстi қараған кезде соттың төрағасы, сот алқасының төрағасы не оған заңмен көзделген тәртiппен уәкiлеттiк берiлген судьялардың бiреуi төрағалық етедi. Iстi жеке дара қараған судья iс бойынша төрағалық етушi болып саналады.
2. Төрағалық етушi сот отырысының барысына басшылық етедi, қылмыстық iстiң әдiл қаралуын және осы Кодекстiң басқа да талаптарының сақталуын, сондай-ақ сот отырысына қатысушы барлық адамдардың өздерiн тиiсiнше ұстауын қамтамасыз ету үшiн барлық шараларды қолданады.
3. Сот отырысына төрағалық етушiнiң өкiмдерi процеске қатысушылардың барлығы және сот залындағы өзге де адамдар үшiн мiндеттi.
8-тарау. Қылмыстық ізге түсу функциясын жүзеге
асыратын мемлекеттIк органдар мен
лауазымды адамдар
ҚР 09.08.02 ж. N 346-II Заңымен 62-бап өзгертілді
62-бап. Прокурор
1. Прокурор - өз құзыретi шегiнде жедел iздестiру қызметiнiң, анықтаудың, тергеудiң және сот шешiмдерiнiң заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық процестiң барлық сатыларында қылмыстық iзге түсудi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын лауазымды тұлға: Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Бас әскери прокурор, облыстардың прокурорлары және соларға теңестiрiлген прокурорлар, аудандық, қалалық прокурорлар, әскери прокурорлар, көлiк прокурорлары мен оларға теңестiрiлген прокурорлар, олардың орынбасарлары мен көмекшiлерi, прокуратуралардың қадағалау саласы жөнiндегi прокурорлары, аға прокурорлары және прокуратура басқармалары мен бөлiмдерiнiң прокурорлары. Соттың қылмыстық iстi қарауына қатысушы прокурор айыптауды қолдау жолымен мемлекеттiң мүддесiн бiлдiредi және мемлекеттiк айыптаушы болып табылады.
2. Прокурор айыпталушыға немесе оның iс-әрекетi үшiн мүлiктiк жауаптылықта болатын тұлғаға:
1) өзiнiң дәрменсiз күйiне, айыпталушыға тәуелдi болуына немесе өзге де себептер бойынша талап қою және оны қорғау құқығын өз бетiнше пайдалануға қабiлетi жоқ жәбiрленушiнiң;
2) мемлекеттiң мүдделерiн қорғап талап қоюға құқылы.
3. Прокурордың сотқа дейiнгi iс жүргiзу және iстi соттың қарауы кезiндегi өкiлеттiгi осы Кодекстiң 190,192 /алтыншы және жетiншi бөлiктерiне/, 197,289,317,396 /үшiншi бөлiгiне/, 458,460-баптарына сәйкес анықталады.
4. Прокурор өзiнiң iс жүргiзушiлiк өкiлеттiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз болады және заңға ғана бағынады.
5. Бас Прокурор өз құзыретi шегiнде осы Кодекс нормаларының қолданылу мәселелерi бойынша анықтау және тергеу органдарының орындауы үшiн мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды.
Анықтауды және тергеудi жүзеге асыратын органдардың нормативтiк құқықтық актiлерi олардың құзыретi шегiнде, Бас Прокурормен келiсiле отырып, қабылданады.
63-бап. Тергеу бөлiмiнiң бастығы
1. Тергеу бөлiмiнiң бастығы - алдын ала тергеудi жүзеге асыратын органның тергеу бөлiмшесiнiң бастығы мен өз құзыретi шегiнде iс-әрекет жасайтын оның орынбасарлары.
2. Тергеу бөлiмiнiң бастығы тергеу iсiн жүргiзудi тергеушiге тапсырады, тергеушiлердiң жүргiзуiндегi қылмыстық iстер бойынша олардың дер кезiнде iс-әрекет жасауына, тергеушiлердiң алдын ала тергеу және күзетпен ұстау мерзiмдерiн сақтауына, прокурор нұсқауларының, осы Кодексте белгiленген жағдайларда басқа да тергеушiлер тапсырмаларының орындалуына бақылау жасауды жүзеге асырады; iстер бойынша нұсқаулар бередi; алдын ала тергеу жүргiзудi бiрнеше тергеушiге тапсырады; заңда көзделген жағдайларда тергеушiнi iс бойынша iс жүргiзуден шеттетедi; өз құзыретi шегiнде өзiне бағынысты алдын ала тергеудi жүзеге асырушы органның бiр тергеу бөлiмшесiнен қылмыстық iстi алады және алдын ала тергеудi жүзеге асырушы сол не өзге де өзiне бағынысты органның басқа тергеу бөлiмшесiне бередi; аяқталған қылмыстық iстердi прокурорға жолдайды. Тергеу бөлiмiнiң бастығы қылмыстық iс қозғауға, қылмыстық iстi өзiнiң iс жүргiзуiне алуға және бұл орайда тергеушiнiң өкiлеттiгiн пайдалана отырып, жеке-дара алдын ала тергеу жүргiзуге құқылы.
3. Тергеу бөлiмi бастығының қылмыстық iс бойынша нұсқауы тергеушiнiң дербестiгiн, осы Кодекстiң 64-бабында белгiленген оның құқықтарын шектей алмайды. Нұсқау жазбаша нысанда берiледi және атқарылуы мiндеттi, бiрақ ол жөнiнде прокурорға шағымдануға болады. Тергеушiнiң тергеу бөлiмi бастығының iс-әрекетi жөнiнде прокурорға шағымдануы, қылмыстың сипаттамасы мен айыптаудың көлемi, айыпталушыны сотқа беру үшiн iстi прокурорға жолдау туралы немесе қылмыстық iстi қысқарту туралы нұсқауларды қоспағанда, олардың атқарылуын кiдiртпейдi.
ҚР 16.03.01 ж. N 163-II Заңымен 64-бап өзгертілді
64-бап. Тергеушi
1. Тергеушi - өз құзыретi шегiнде қылмыстық iс бойынша алдын ала тергеудi жүзеге асыруға уәкiлеттiк берiлген лауазымды адам: iшкi iстер органдарының тергеушiсi, ұлттық қауiпсiздiк органдарының тергеушiсi және қаржы полициясы органдарының тергеушiсi.
2. Тергеушi қылмыстық iс қозғауға, ол бойынша алдын ала тергеу жүргiзуге және осы Кодексте көзделген барлық тергеу қызметiн орындауға құқылы.
3. Тергеушi iстiң жағдайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге барлық шараларды қолдануға, оның қылмыс жасағандығын көрсететiн жеткiлiктi дәлелдер жиналған адамдарға қатысты айыпталушы ретiнде тарту, айып тағу, осы Кодекске сәйкес оған жолын кесу шарасын таңдап алу, айыптау қорытындысын жасау жолымен қылмыстық iзге түсудi жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Тергеушi алдын ала тергелуi мiндеттi iстер бойынша анықтау органдарының осы Кодекстiң 200-бабында көзделген кезек күттiрмейтiн тергеу әрекеттерiн орындауын күтпей-ақ iстi кез келген сәтте iс жүргiзуге қабылдауға және оны тергеуге кiрiсуге құқылы.
5. Тергеушi, заңда прокурордың санкциясын немесе соттың шешiмiн алу көзделген жағдайларды қоспағанда, тергеудiң бағыты мен тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу туралы барлық шешiмдi дербес қабылдайды және олардың заңды және уақтылы атқарылуы үшiн толық жауапты болады. Тергеушiнiң қызметiне заңсыз араласу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады.
6. Тергеушi тергеудегi iс бойынша прокурордың нұсқауларымен келiспеген жағдайда ол жөнiнде жоғары тұрған прокурорға шағымдануға құқылы.
7. Тергеушi өз тергеуiндегi iстер бойынша анықтау органдарының тергелiп жатқан iске қатысты жедел iздестiру материалдарымен танысуға, осы Кодексте белгіленген тәртіппен осы іске қосу үшін оларды сұратып алуға, анықтау органдарына жазбаша, атқару үшiн мiндеттi iздестiру және тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу туралы тапсырмалар мен нұсқаулар беруге және олардан тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзуге жәрдемдесудi талап етуге құқығы бар.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II; 16.03.01 ж. N 163-II; 16.07.01 ж. N 244-II Заңдарымен 65-бап өзгертілді
65-бап. Анықтау органы
1. Қылмыстың сипатына қарай анықтау органдарына:
1) заңмен белгiленген құзыретiне сәйкес қылмыстың белгiлерi мен оларды жасаған адамдарды табу, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында қажеттi қылмыстық iс жүргiзу және жедел iздестiру шараларын қолдану;
2) алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi iстер бойынша осы Кодекстiң 200-бабында көзделген тәртiппен қылмыстық-iс жүргiзу және жедел iздестiру әрекеттерiн орындау;
3) осы Кодекстiң 37-тарауында көзделген тәртiппен алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi емес iстер бойынша анықтау;
4) осы Кодекстiң 288-бабының үшiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда алдын ала тергеу жүргiзу жүктеледi.
2. Мыналар анықтау органдары болып табылады:
1) iшкi iстер органдары;
2) ұлттық қауiпсiздiк органдары;
3) қылмыстық жазаларды орындау тәртібімен байланысты қылмыстар туралы істер бойынша - әділет органдары;
4) қаржы полициясы органдары;
5) контрабанда және кеден төлемдерiн төлеуден жалтару туралы iстер бойынша - кеден органдары;
6) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларында шақыру немесе келiсiм-шарт бойынша әскери қызметiн атқарып жүрген әскери қызметшiлер; әскери жиындарды өткеру кезiнде запастағы азаматтар; әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң азаматтық қызметкерлерi олардың қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты немесе осы бөлiмдердiң, құрамалардың және мекемелердiң орналасқан жерiнде жасаған барлық қылмыстары туралы iстер бойынша - әскери полиция органдары;
7) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы заңдарды бұзу туралы iстер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континентальдық шельфiнде жасалған қылмыстар туралы iстер бойынша шекара бөлiмдерiнiң командирлерi;
8) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлерi мен әскери құрамаларында шақыру немесе келiсiм-шарт бойынша әскери қызметiн атқарып жүрген өздерiне бағынысты әскери қызметшiлер, сондай-ақ олар әскери жиындар өткеру кезiнде запастағы азаматтар жасаған барлық қылмыстар туралы iстер бойынша; әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң азаматтық қызметкерлерi олардың өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты немесе осы бөлiмдердiң, құрамалардың және мекемелердiң орналасқан жерiнде жасаған қылмыстары туралы iстер бойынша - әскери полиция органы болмаған жағдайда әскери бөлiмдердiң, құрамалардың командирлерi, әскери мекемелер мен гарнизондардың бастықтары;
9) өздерiнiң қызметкерлерi болған елдерiнде жасаған қылмыстар туралы iстер бойынша - Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкiлдiктерiнiң, консулдық мекемелерiнiң және өкiлеттi өкiлдiктерiнiң басшылары;
10) өртке байланысты барлық қылмыстар туралы iстер бойынша мемлекеттiк өртпен күресу қызметiнiң басқару органдары мен бөлiмшелерi.
3. Анықтау органының барлық қылмыстар туралы iстер бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу және кезек күттiрмейтiн тергеу қимылдарын орындау жөнiндегi құқықтары мен мiндеттерi сол сияқты алысқа жүзу сапарындағы теңiз кемелерiнiң капитандарына, геологиялық барлау партияларының осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған анықтау органдарынан алыстағы басқа да - мемлекеттiк ұйымдар мен олардың бөлiмшелерiнiң басшыларына да, көлiк қатынасы болмаған кезеңде жүктеледi.
ҚР 16.03.01 ж. N 163-II Заңымен 66-бап өзгертілді
66-бап. Анықтау органының бастығы
1. Осы Кодекстiң 285-бабында көзделген қылмыстар туралы iстер бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында анықтау органы бастығының өкiлеттiгiне өз құзыретiнiң шегiнде Бас басқарманың (Департаменттiң), басқарманың, бөлiмнiң, бөлiмшенiң және анықтау органының өзге де бөлiмшелерiнiң бастықтары ие болады.
2. Анықтау органының бастығы қылмыстың белгiлерi мен оны жасаған адамдарды анықтау, қылмыстарды болдырмау және жолын кесу мақсатында қажеттi қылмыстық iс жүргiзу және жедел iздестiру шараларын қолдануды ұйымдастырады. Жедел-іздестіру қызметінің қылмыстық істі дұрыс шешу үшін маңызы болатын, нақты деректері бар нәтижелерін қылмыстық іске қосу үшін қылмыстық іс жүргізуші органның талап етуі бойынша не өз бастамасымен осы Кодекстің 130-бабында белгіленген тәртіппен жібереді.
3. Анықтау органының бастығы алдын ала тергеу органдары тергейтiн қылмыстар туралы iстер бойынша:
1) кезек күттiрмейтiн тергеу әрекеттерiн жүргiзудi қамтамасыз етедi;
2) прокурордың, тергеушiнiң тапсырмаларын, оның iшiнде жекелеген тергеу және өзге де әрекеттер жүргiзу туралы және жәбiрленушiлердi, куәларды, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы басқа да адамдарды қорғау шараларын қолдану туралы тапсырмаларын орындауды ұйымдастырады;
3) соттың тапсырмаларын орындауды ұйымдастырады.
4. Сотқа дейiнгi iс жүргiзудi анықтау органдары жүзеге асыратын қылмыстар туралы iстер бойынша анықтау органының бастығы анықтаушылардың iс-әрекеттерiнiң уақтылылығына және заңдылығына бақылау жасайды және:
1) олардың iс жүргiзуiндегi iстердi тексеруге;
2) жекелеген тергеу және өзге де iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзу, айыпталушы ретiнде тарту, қылмысты саралау және айыптаудың көлемi туралы, iстердi (материалдарды) бiр анықтаушыдан екiншiсiне беру туралы нұсқау беруге;
3) анықтауды бiрнеше анықтаушыға тапсыруға;
4) қылмыстық iс қозғауға және iстi өзiнiң жүргiзуiне қабылдап не жекелеген iс жүргiзу әрекеттерiн орындай отырып анықтауды жеке-дара жүргiзуге құқылы.
5. Анықтау органының бастығы қылмыстық iс қозғау немесе оны қозғаудан бас тарту, тiнту жүргiзу және мүлiкке тыйым салу туралы, айыпталушыны қызметiнен шеттету, айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қамауға алу түрiндегi бұлтартпау шараларын таңдау, өзгерту немесе тоқтату туралы, iс бойынша iс жүргiзудi қысқарту, тоқтата тұру, жаңғырту қамауға алынбаған айыпталушыны (сезiктiнi) стационарлық сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптамалар жүргiзу үшiн медициналық мекемеге жiберу, айыпталушыны (сезiктiнi) қамауда ұстау мерзiмiн ұзарту туралы, айыпталушыны этаппен жөнелту, оған iздеу жариялау туралы қаулыларды бекiтедi; қылмыс жасады деп күмән келтiрiлген адамдарды ұстау туралы хаттаманы, айыптау хаттамасын бекiтедi; қылмыс жасауға жағдай туғызатын жағдаяттарды жою жөнiнде шаралар қолдануды қамтамасыз етедi; прокурорға айыптау хаттамасымен бiрге қылмыстық iстi жолдайды.
6. Анықтау органы бастығының қылмыстық iстер жөнiндегi нұсқауы анықтаушының дербестiгiн, оның осы Кодекстiң 67-бабында белгiленген құқықтарын шектей алмайды. Нұсқау жазбаша нысанда берiледi және атқарылуға мiндеттi, бiрақ ол жөнiнде прокурорға шағым жасалуы мүмкiн. Анықтаушының прокурорға анықтау органы бастығының iс-әрекетiне шағымдануы олардың атқарылуын тоқтатпайды.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңымен 67-бап өзгертілді
67-бап. Анықтаушы
1. Анықтаушы - өз құзыретiнiң шегiнде қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзудi жүзеге асыруға уәкiлеттi мемлекеттiк лауазымды адам.
2. Анықтаушы осы Кодексте айқындалған нысандарда сотқа дейiнгi iс жүргiзудiң басталуы және жүзеге асырылуы туралы шешiм қабылдауға, заңда оларды анықтау органы бастығының бекiтуi, прокурордың санкциясы немесе соттың шешiмi көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес шешiмдер қабылдауға және тергеу мен басқа да iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзуге құқылы.
3. Алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi емес қылмыстық iстер бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу кезiнде анықтаушы осы Кодекстiң 37-тарауында көзделген алынып тасталатындарды қоспағанда, алдын ала тергеу жүргiзу үшiн осы Кодексте көзделген ережелердi басшылыққа алады.
4. Анықтаушы, алдын ала тергеу жүргiзiлуi мiндеттi қылмыстық iстер бойынша кiдiртуге болмайтын жағдайларда анықтау органы бастығының тапсырмасы бойынша қылмыстық iс қозғауға, сондай-ақ шұғыл тергеу әрекеттерi мен жедел iздестiру шараларын жүргiзуге, ол туралы жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей прокурор мен алдын ала тергеу органын хабардар етуге мiндеттi.
5. Анықтаушы соттың, прокурордың, алдын ала тергеу органының және анықтау органының жекелеген тергеу әрекеттерiн жүргiзу туралы, қылмыстық процеске қатысушы адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қолдану туралы тапсырмаларын орындауға мiндеттi.
6. Анықтау органы бастығының нұсқаулары анықтаушы үшiн мiндеттi. Анықтау органы бастығының қылмыстық iстер жөнiндегi нұсқауына прокурорға шағым жасалуы мүмкiн. Нұсқауларға шағым жасалуы, қылмыстың саралануы мен айыптаудың көлемi, айыпталушыны сотқа беру үшiн iстi прокурорға жолдау туралы немесе қылмыстық iстi қысқарту туралы нұсқауларды қоспағанда, олардың атқарылуын тоқтатпайды.
9-тарау. Өз құқықтары мен мүдделерін немесе
өздері білдіретін құқықтар мен мүдделерді
қорғап процеске қатысушылар
68-бап. Сезiктi
1. Тергеушi, анықтаушы қылмыс жасады деп күмән келтiрiлгендiгiн хабарлап, соған байланысты осы Кодексте белгiленген негiздерде және тәртiппен өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған, не ұстау жүзеге асырылған, не айып тағылғанға дейiн жолын кесу шарасы қолданылған адам сезiктi болып танылады.
2. Сезiктi ұсталған немесе оған айып тағылғанға дейiн бұлтартпау шаралары қолданылған жағдайда ұсталған немесе бұлтартпау шаралары қолданылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрiлмей, өзi таңдаған немесе тағайындалған қорғаушымен алғашқы жауап алуға дейiн оңаша және құпия жолығу құқығы қамтамасыз етiле отырып, одан жауап алынуы тиiс. Ұсталған сезiктi алғашқы жауап алу аяқталғаннан кейiн телефон арқылы немесе өзге де тәсiлмен дереу өзiнiң тұрған жерiне немесе жұмыс орнына өзiнiң ұсталғандығы және ұсталып отырған жерi туралы хабарлауға құқылы.
3. Қылмыстық iзге түсу органының:
1) ұсталған адамды - жетпiс екi сағаттан артық;
2) жолын кесу шарасы қолданылған адамды - сезiктiге бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы жарияланған сәттен бастап он тәулiктен артық сезiктi адам жағдайында ұстауға құқығы жоқ.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде белгiленген мерзiмдер аяқталған сәтте қылмыстық iзге түсу органы сезiктiнi қамаудан босатуға, оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының күшiн жоюға не оны айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулы шығаруға мiндеттi.
5. Күдiк жеткiлiктi негiзделмеген деп тапқан қылмыстық iзге түсу органы осы баптың үшiншi бөлiгiнде белгiленген мерзiмдер аяқталғанға дейiн сезiктiнi қамаудан босатуға, оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының күшiн жоюға мiндеттi.
6. Адам оны қамаудан босатқан, не оған қатысты таңдалған бұлтартпау шарасының күшi жойылған сәттен бастап не оған қатысты қылмыстық iзге түсу тоқтатылған, не қылмыстық iзге түсу органы оны айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулы шығарған сәттен бастап сезiктi жағдайында болуын тоқтатады.
7. Сезiктi: өзiне не үшiн күдiк келтiрiлгенiн бiлуге және өзiне қарсы қылмыстық iс қозғалғандығы туралы қаулының көшiрмесiн не ұстау хаттамасының немесе бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулының көшiрмесiн алуға; өзiне қарсы күдiкке байланысты түсiнiктеме мен жауап беруге, түсiндiрме мен жауап беруден бас тартуға; дәлел ұсынуға; өтiнiш пен қарсылық мәлiмдеуге; ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ пен түсiнiктеме беруге; аудармашының ақысыз көмегiн пайдалануға; өзiнiң қатысуымен жүргiзiлген тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және хаттамаларға ескерту беруге; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен оның өтiнiшi немесе қорғаушының не заңды өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiне қатысуға; соттың, прокурордың, тергеушiнiң және анықтаушының iс-әрекетi мен шешiмiне шағым беруге; оның өтiнiшi бойынша қорғаушының қатысуымен жауап алынушы болуға құқылы.
8. Сезiктiнiң қорғаушысының немесе заңды өкiлiнiң болуы сезiктiнiң қандай да болсын құқығын жою немесе шектеу үшiн негiз бола алмайды.
69-бап. Айыпталушы
1. Өзiне қатысты айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулы шыққан адам, не өзiне қатысты сотта жеке айыптайтын қылмыстық iс қозғалған адам, сондай-ақ оған қатысты анықтау органының бастығы айыптау хаттамасын жасаған және бекiткен адам айыпталушы болып танылады. Iс бойынша басты соттың талқылауы тағайындалған айыпталушы, - сотталушы, өзiне қатысты айыптау үкiмi шығарылған айыпталушы, сотталған адам, өзiне қатысты ақтау үкiмi шығарылған айыпталушы, ақталушы деп аталады.
2. Айыпталушы: заңға қайшы келмейтiн құралдармен және тәсiлдермен өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауға және қорғануға дайындалу үшiн жеткiлiктi уақыты мен мүмкiндiгi болуға; өзiнiң не үшiн айыпталғандығын бiлуге және өзiн айыпталушы ретiнде тарту туралы қаулының көшiрмесiн алуға; қылмыстық iзге түсу органынан өзiне тиесiлi құқықтар туралы дереу түсiндiрме алуға; қылмыстық процестi жүргiзушi органнан өзiнiң құқықтарын және мүдделерiн қозғайтын iс жүргiзу шешiмдерiн қабылдау туралы хабардар етiлуге, бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулының көшiрмесiн алуға; өзiне тағылған айып бойынша түсiнiктеме мен айғақ беруге; айғақ беруден бас тартуға; дәлел ұсынуға; өтiнiш пен қарсылық мәлiмдеуге; ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде айғақ беруге және түсiнiсуге; аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға; қорғаушысы болуға; осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртiппен өзiнен алғашқы жауап алудың алдындағы кезден бастап қорғаушымен оңаша және құпия жолығуға; тергеушiнiң немесе анықтаушының рұқсатымен өзiнiң өтiнiшi бойынша немесе өзiнiң қорғаушысының не заңды өкiлiнiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу әрекеттерiне қатысуға; осы әрекеттердiң хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге; сарапшының алдына мәселелер қоюға, сараптама тағайындау туралы қаулымен және сарапшының қорытындысымен танысуға; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға және одан кез келген мәлiметтi кез келген көлемде көшiрiп алуға; соттың, прокурордың, тергеушiнiң және анықтаушының iс-әрекетi мен шешiмiне шағым беруге; ақтамайтын негiздер бойынша iстi қысқартуға қарсылық бiлдiруге; жария сөз талқылауын талап етуге құқылы. Сотталушының бiрiншi және апелляциялық сатыдағы соттарда iстi соттың қарауына қатысуға және тараптың барлық құқықтарын пайдалануға, сонымен бiрге ақырғы сөз құқығына да құқы бар. Сотталған немесе ақталған адамның сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер беруге; соттың үкiмiне, қаулысына, судьялардың қаулыларына шағымдануға және шағымдалған шешiмдердiң көшiрмесiн алуға; iс бойынша келтiрiлген шағымдар мен қарсылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылық беруге; мәлiмделген шағымдар мен қарсылықтардың сотта қаралуына қатысуға құқығы бар.