ҚР 02.03.98 ж. N 211-1 Заңымен 119-бап 4-тармақпен толықтырылды
119-бап. Кәсiпорын
1. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын мүлiктiк кешен құқық объектiсi түрiндегi кәсiпорын деп танылады.
Кәсiпорын тұтасымен мүлiктiк кешен ретiнде қозғалмайтын мүлiк деп танылады.
2. Мүлiктiк кешен ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, соның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атау, тауар белгiлерi) және, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, басқа да айрықша құқықтар енедi.
3. Кәсiпорын тұтасымен немесе оның бiр бөлiгi сатып алу-сату, кепiлге, арендаға беру және заттық құқықтарды белгiлеуге, өзгертуге және тоқтатуға байланысты басқа да мәмiлелер объектiсi болуы мүмкiн.
4. Мүлiк кешенi ретiндегi кәсiпорын құрамындағы борыштарды берген кезде несие берушiлердiң құқықтарына осы Кодекстiң 48-бабында көзделген тәртiппен кепiлдiк берiледi.
120-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн мүлiк
1. Мүлiк бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн.
Бөлiнетiн мүлiк дегенiмiз - бөлу нәтижесiнде бөлiктерi өз мақсатын (мiндетiн) жоғалтпайтын мүлiк.
Бөлiнбейтiн мүлiк дегенiмiз - өзiнiң шаруашылық мақсатын (мiндетiн)өзгертпей бөлуге болмайтын немесе заң құжатында ұйғарылуына қарай бөлуге жатпайтын мүлiк.
2. Құқық объектiлерi ретiнде бөлiнбейтiн заттардың ерекшелiктерi заңдарда белгiленедi.
121-бап. Күрделi заттар
1. Егер әртектi заттар оны бiрiгу мәнi белгiлейтiн мақсаты бойынша пайдалануға мүмкiндiк беретiн бүтiн бiр затты құрайтын болса, олар бiр зат (күрделi зат) деп қаралады.
2. Күрделi зат жөнiнде жасалған мәмiленiң күшi, егер шартта өзгеше белгiленбесе оның барлық құрамдас бөлiктерiне қолданылады.
122-бап. Басты зат және керек-жарақ
Керек-жарақ, яғни басты затқа қызмет етуге арналған және ортақ шаруашылық мақсатқа қолданылуы сонымен байланысты болатын зат, егер заңдарда немесе шартта өзгеше белгiленбесе, басты затқа iлесiп жүредi.
123-бап. Жемiстер, азық-түлiк және табыстар
Мүлiктердi пайдалану нәтижесiнде алынған түсiм (жемiстер, өнiмдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлiктi пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлiктi заңды негiзде пайдаланушы адамға тиесiлi болады.
124-бап. Жануарлар
Заңдарда өзгеше белгiленбегендiктен, жануарларға заттар туралы жалпы ережелер қолданылады.
ҚР 02.03.98 ж. N 211-1 Заңымен 125-бап өзгертiлдi
125-бап. Интеллектуалдық меншiк
1. Осы Кодексте және өзге де заң актiлерiнде белгiленген реттер мен тәртiп бойынша азаматтың немесе заңды тұлғаның шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерiне және оларға теңестiрiлген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына, жеке немесе заңды тұлғаның өзi орындайтын жұмысының немесе қызметiнiң өнiмдерiне (фирмалық атау, тауар белгiсi, қызмет көрсету белгiсi және т.б.) ерекше құқығы танылады.
2. Шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерi мен ерекше құқықтардың (интеллектуалдық меншiктiң) объектiсi болуы мүмкiн даралану құралдарын пайдалануды үшiншi жақтар құқық иеленушiнiң келiсiмiмен ғана жүзеге асырылады.
126-бап. Қызметтiк және коммерциялық құпия
1. Үшiншi жаққа белгiсiз болуына байланысты ақпараттың нақты немесе потенциалды коммерциялық құны болып, онымен заңды негiзде еркiн танысуға болмайтын және ақпаратты иеленушi оның құпиялылығын сақтауға шара қолданатын ретте, қызметтiк немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпарат азаматтық заңдармен қорғалады.
2. Мұндай ақпаратты заңсыз әдiстермен алған адамдар сондай-ақ еңбек шартына қарамастан қызметшiлер немесе азаматтық-құқықтық шартқа қарамастан контрагенттер қызметтiк немесе коммерциялық құпияны жария етсе, келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттi.
127-бап. Ақша (валюта)
1. Қазақстан Республикасының ақша бөлiнiсi теңге болып табылады.
2. Теңге Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында өз құны бойынша қабылдануға мiндеттi заңды төлем құралы болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы аумағында төлемдер қолма қол төлеп және қолма қол төлемей есеп айырысу түрiнде жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасы аумағында шетел валютасымен есеп айырысудың реттерi, тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
128-бап. Валюталық қазыналар
1. Валюталық қазыналар деп танылатын мүлiк түрлерi және олар арқылы мәмiлелер жасау тәртiбi заң құжаттарында белгiленедi.
2. Валюталық қазыналарға меншiк құқығы Қазақстан Республикасында жалпы негiздерде қорғалады.
2. Бағалы қағаздар
ҚР 05.03.97 ж. N 80-I Заңымен 129-бап өзгертiлді
129-бап. Бағалы қағаз
1. Белгiленген нысан мен мiндеттi реквизиттердi сақтай отырып, жүзеге асырылуы тек оны көрсеткенде ғана мүмкiн болатын мүлiктiк құқықтарды куәландыратын құжат бағалы қағаз болып табылады.
2. Заң құжаттарында көзделген реттерде бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру және беру үшiн арнайы (жай немесе компьютерленген) реестрде бекiтiлген, бағалы қағаз шығаруды жүзеге асырушы және онда айтылған мiндеттемеге, сондай-ақ бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногына кәсiпқой қатысушылардың жауап беретiн адам-эмитенттiң айғағы жеткiлiктi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 10.07.98 ж. N 282-1 Заңдарымен 130-бап өзгертiлдi
130-бап. Бағалы қағаздың түрлерi
1. Бағалы қағаздарға: облигация, коносамент, акция және заң актiлерiнде немесе соларда белгiленген тәртiппен бағалы қағаздар қатарына жатқызылған басқа да құжаттар жатады.
2. Бағалы қағаздар ұсынбалы, ордерлiк және атаулы болуы мүмкiн.
Атаулы бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар онда аталған адамға тиесiлi болады.
Ұсынбалы бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар бағалы қағазды ұсынушыға тиесiлi болады.
Ордерлiк бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар онда аталған адамға тиесiлi болады, ал ол бұл құқықтарды осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағында көзделген тәртiп бойынша берген жағдайда басқа құқықты адамға тиесiлi болады.
3. Бағалы қағаздардың белгiлi бiр түрiн атаулы, не ордерлiк не ұсынбалы қағаз ретiнде шығару мүмкiндiгiне осы Кодекспен және заң құжаттарында жол берiлмеуi мүмкiн.
Осы Кодекспен және заң құжаттарында бағалы қағаздардың әр түрiнiң белгiлерiн ұштастыратын бағалы қағаздарды шығару мүмкiндiгi де көзделуi мүмкiн.
131-бап. Бағалы қағазға қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтардың түрлерi, бағалы қағаздардың мiндеттi реквизиттерi, бағалы қағаз нысанына талаптар және басқа да қажеттi талаптар заң құжаттарымен немесе соларда белгiленген тәртiп бойынша белгiленедi.
2. Бағалы қағаздың мiндеттi реквизиттерi болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшiн белгiленген нысанға сәйкес келмеуi оның жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.
ҚР 02.03.98 N 211 Заңымен 132-бап өзгертiлдi
132-бап. Бағалы қағаз бойынша құқықтар беру
1. Ұсынушыға бағалы қағазбен куәландырылған құқықты басқа адамға беру үшiн бағалы қағазды сол адамға тапсыру жеткiлiктi.
2. Атаулы бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар талапты (цессияны) жеңiлдету үшiн белгiленген тәртiп бойынша берiледi. Бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам осы Кодекстiң 347-бабына сәйкес бұл талапты орындау үшiн емес, тиiстi талаптың жарамсыздығы үшiн жауапты болады. Атаулы бағалы қағаз бойынша құқықтарды басқа адамға берген кезде берiлетiн қағаз жойылады, ал оның жаңа иесiне басқа бағалы қағаз берiледi.
Заң актiлерiнде атаулы акциялар бойынша құқықтарды беру көзделуi мүмкiн.
3. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқықтар бұл қағазға берiлген жазу - индоссамент арқылы берiледi. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам (индоссант) құқықтың болуы үшiн ғана емес, оның жүзеге асырылуы үшiн де жауапты болады.
Бағалы қағазда жасалған индоссамент бағалы қағазбен куәландырылған барлық құқықтарды бағалы қағаз бойынша құқықтар берiлетiн адамға - (индоссантқа) немесе соның бұйрығына ауыстырады. Индоссамент бланкiлiк болуы мүмкiн (орындауға тиiс адам көрсетiлмейдi).
Бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру, бұл құқықтарды индоссантқа бермей-ақ (сену индоссаментi) индоссаментке тапсырумен ғана шектелуi мүмкiн. Бұл жағдайда индоссант өкiл ретiнде әрекет жасайды.
133-бап. Бағалы қағаз бойынша орындау
1. Бағалы қағазды берген адам және оны индоссиялаған барлық адамдар оның заңды иесiнiң алдында бiрге жауап бередi. Бағалы қағаздың заңды иесiнiң сондай қағазбен куәландырылған мiндеттемесiн бағалы қағаз бойынша мiндеттенгендердiң арасынан бiр немесе бiрнеше адамның орындауы туралы талабын қанағаттандырған ретте олар бағалы қағаз бойынша өздерiнен бұрын мiндеттенген өзге адамдарға керi талап қою (регресс) құқығына ие болады.
2. Мiндеттеменiң негiзi болмауын не оның жарамсыздығын сылтауратып бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi орындаудан бас тартуға жол берiлмейдi.
3. Бағалы қағаздың жалғандығын немесе жасандылығын байқаған бағалы қағаз иесi өзiне қағазды берген адамға, бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi лайықты орындау туралы және залалдардың орнын толтыру туралы талап қоюға құқылы.
4. Заңсыз иеленушiнiң қолындағы бағалы қағаз бойынша құқықтар жүзеге асырылмауға тиiс.
134-бап. Бағалы қағазды қалпына келтiру
Жоғалған бағалы қағаз бойынша және ордерлiк бағалы қағаз бойынша ұсынушы құқығын қалпына келтiрудi iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.
ҚР 05.03.97 ж. N 80-I Заңымен 135-бап өзгертiлдi
135-бап. Құжатталмаған бағалы қағаздар
1. Заң құжаттарында белгiленген жағдайларда немесе оларда белгiленген тәртiппен арнайы лицензия алған ұйымдар атаулы немесе ордерлiк бағалы қағаз бекiткен, соның iшiнде құжатталмаған нысанда (электронды-есептеу техникасы құралдарының және т.б. көмегiмен) бекiткен құқықтарды тiркеу бойынша жүзеге асыра алады. Құқықтарды тiркеудiң мұндай нысанына, егер тiркеу ерекшелiктерiнен өзгеше туындамайтын болса, осы Кодексте және бағалы қағаздарға арналған өзге де заң құжаттарында белгiленген ережелер қолданылады.
Эмитенттiң немесе тиiстi құқықтарды иеленушi ретiнде тiркелген адамдардың өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тiркеу бағалы қағазға теңестiрiледi және бағалы қағаз бойынша құқықтарды жүзеге асыру мен беру үшiн жеткiлiктi болады. Құқық иесiнiң талабы бойынша депозитарий оған бекiтiлiп берiлген құқықтарды куәландыратын құжат беруге мiндеттi.
2. Депозитарийдiң тiркеу арқылы куәландырылған құқықтары, бағалы қағаз депозитарийлерi қызметiнiң және бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыру үшiн оларға лицензия беру тәртiбi, құқықтарды және құқық иеленушiлерiн депозитарийдiң ресми тiркеу тәртiбi, депозитарийдегi жазбаны құжат арқылы растау тәртiбi мен құжатталмаған бағалы қағаздармен операциялар жасау тәртiбi заң құжаттарында немесе онда белгiленген тәртiппен анықталады.
3. Құқықтарды жүзеге асыру, өткiзу, беру және шектеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленуi тиiс. Атаулы немесе ордерлi бағалы қағазбен, соның iшiнде құжатсыз нысанда бекiтiлген, құқықтарды белгiлеуге арнайы лицензия алған бағалы қағаздар рыногына кәсiпқой қатысушылар ресми жазбалардың сақталуына, олардың құпиялығын қамтамасыз етуге, осындай жазбалар туралы дұрыс деректер беруге және жүргiзiлген операциялар туралы ресми жазбаларды жүргiзуге жауапты болады.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 10.07.98 ж. N 282-1 Заңдарымен 136-бап өзгертiлдi
136-бап. Облигация
Оны иеленушiнiң облигацияның атаулы құнын немесе өзге де мүлiктiк эквивалентiн облигация шығарған тұлғадан оны шығару шарттарында белгiленген мерзiмде алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз облигация ретiнде танылады.
Облигация, сондай-ақ оны ұстаушыға ол бойынша облигация шығару шарттарына сәйкес сыйақы (мүдденi) алуға құқық бередi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 137, 138-баптар алынып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1; 10.07.98 ж. N 282-1; 21.05.02 ж. N 323 Заңдарымен 139-бап өзгертiлдi
139-бап. Акция
1. Өз ұстаушысының (акционердiң) акционерлiк қоғам таза табысының бiр бөлiгiн дивидендтер түрiнде алуына, акционерлiк қоғамның iстерiн басқаруға қатысуға және ол таратылғаннан кейiн қалған мүлiктiң бiр бөлiгiне құқығын куәландыратын бағалы қағаз акция деп танылады.
2. Акционерлiк қоғам жай және артықшылықты акциялар шығаруға құқылы. Акцияларды шығару тәртiбi заңдармен белгiленедi.
3. Акционерлік қоғамдарда акционерлердің құрылтай немесе жалпы жиналысы жарғылық капиталды қалыптастыруға және дивидендтер алуға қатыспайтын "алтын акция" енгізуі мүмкін. "Алтын акция" иесінің жалпы жиналыстың, басқарманың және директорлар кеңесінің қоғам жарғысымен белгіленетін мәселелер жөніндегі шешімдеріне вето қоюға ғана құқығы болады.
"Алтын акциямен" куәландырылған вето қою құқығы берілуге жатпайды.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 140-бап алынып тасталды
3. Мүліктік емес өзіндік құқықтар
ҚР 02.03.98 ж. N 211-1 Заңымен 141-бап өзгертiлдi
141-бап. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау
1. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтары бұзылған адамның, осы Кодекстiң 9-бабында көзделген шаралардан басқа, осы Кодекстiң ережелерi бойынша моральдық зардаптарын өтетуге құқығы бар.
2. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың қорғалуын азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiп бойынша сот жүзеге асырады.
3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе құқық бұзған адамның кiнәсiне қарамастан, мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар қорғалуға тиiс. Қорғау туралы талап қойған адам өзiнiң мүлiктiк емес өзiндiк құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиiс.
4. Мүлiктiк емес өзiндiк құқығы бұзылған адам өз таңдауы бойынша оны бұзушыдан бұзылу зардаптарын жоюды немесе бұзушының есебiнен өз бетiнше қажеттi әрекеттер жасауды не олардың орындалуын үшiншi жаққа тапсыруды талап етуi мүмкiн.
142-бап. Мүлiктiк құқықтармен байланысты мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар
Мүлiктiк емес өзiндiк және мүлiктiк құқықтар бiр мезгiлде бұзылған жағдайда мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың бұзылғандығы үшiн жәбірленушiге тиесiлi өтем ескерiле отырып, мүлiктiк зиянның орнын толтыру мөлшерi ұлғаяды.
143-бап. Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау
1. Азамат немесе заңды тұлға өзiнiң ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтарды, егер ондай мағлұматты таратушы адам олардың шындыққа сай екендiгiн дәлелдей алмаса, сот арқылы терiске шығаруды талап етуге құқылы.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтiндiгi туралы тиiстi адамға мiндеттi түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе керi сұратып алынуға тиiс.
Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгiлейдi.
3. Бұқаралық ақпарат құралдары азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн мағлұматтар жарияласа, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегiн жариялауға құқылы.
4. Бұқаралық ақпарат құралдарында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған ретте, сотта қаралады.
5. Егер соттың шешiмi орындалмаса, сот тәртiп бұзушыға бюджеттiң кiрiсiне өндiрiлiп алынатын айыппұл салуға құқылы. Айыппұл азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерде салынады. Айыппұл төлеу тәртiп бұзушыны сот шешiмiнде көзделген әрекеттi орындау мiндетiнен босатпайды.
6. Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар таратылған болса, олар мұндай мағлұматтарды терiске шығарумен бiрге олардың таратылуымен өздерiне келтiрiлген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
7. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтарды таратушыны анықтау мүмкiн болмаса, өзi жөнiнде осындай мағлұматтар тараған адам таратылған мағлұматтарды шындыққа сай келмейдi деп тану туралы сотқа жолдануға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 144-бап өзгертiлдi
144-бап. Жеке бастың құпиясын сақтау құқығы
1. Азаматтың жеке бас құпиясын, оның iшiнде хат алысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделiктер, естелiктер, жазбалар, iшкi жан сыры, бала асырап алу, туу құпиясын, дәрiгерлiк, адвокаттық құпияны, банктiк салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар.
Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгiленген реттерде ғана ашылуы мүмкiн.
2. Күнделiктердi, жазбаларды, естелiктердi және басқа құжаттарды жариялауға - олардың авторының келiсiмiмен, ал хаттарды олардың авторы мен алысушысының келiсiмiмен ғана жариялауға жол берiледi. Олардың қайсыбiрi қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келiсiмiмен жариялануы мүмкiн.
145-бап. Өз бейнесiне құқық
1. Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерiнiң келiсiмiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ.
2. Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) - бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келiсiм талап етiлмейдi.
146-бап. Тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы
Заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде азаматтың тұрғын үйге қол сұққызбау құқығы болады, яғни тұрғын үйiне өзiнiң еркiнен тыс баса-көктеп кiрудiң кез келген әрекетiн тыюға құқығы бар.
4-тарау. Мәмілелер
147-бап. Мәмiле ұғымы
Азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады.
148-бап. Бiржақты мәмiлелер мен шарттар
1. Мәмiлелер бiржақты және екi немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкiн.
2. Заңдарға немесе тараптардың келiсiмiне сәйкес жасалуы үшiн бiр тараптың ерiк бiлдiруi қажет және жеткiлiктi болатын мәмiле бiржақты мәмiле деп есептеледi.
3. Шарт жасасу үшiн екi тараптың (екiжақты мәмiле) не үш немесе одан да көп тараптың (көпжақты мәмiле) келiсiлген ерiк бiлдiруi қажет.
149-бап. Бiржақты мәмiлелердi құқықтық реттеу
1. Бiржақты мәмiле мәмiле жасаған адамға мiндеттер жүктейдi. Ол басқа адамдарға заң құжаттарында белгiленген не сол адамдармен келiсiм болған реттерде ғана мiндеттер жүктей алады.
2. Бiржақты мәмiлелерге тиiсiнше мiндеттемелер туралы және шарттар туралы жалпы ережелер қолданылады, өйткенi бұл заңдарға, мәмiленiң табиғаты мен мәнiне қайшы келмейдi.
150-бап. Шартпен жасалған мәмiлелер
1. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттердiң туындауын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiнге қалдырылатын шартпен жасалды деп есептеледi.
2. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттемелердiң тоқтатылуын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiн күшi жойылатын шартпен жасалды деп есептеледi.
3. Егер шарттың басталуы тиiмсiз болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен кедергi жасаса, шарт басталды деп танылады.
Егер шарттың басталуы тиiмдi болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен ықпал етсе, шарт басталмаған деп танылады.
151-бап. Мәмiленiң нысаны
1. Мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).
2. Заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгiлi бiр нысан белгiленбеген мәмiле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмiлелердiң бәрi ауызша жасалуы мүмкiн. Мұндай мәмiле адамның мiнез-құлқынан оның мәмiле жасау еркi айқын көрiнiп тұрған ретте де жасалған деп саналады.
3. Жетон, билет немесе әдеттегiдей қабылданған өзге де растайтын белгi арқылы расталған мәмiле, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, ауызша түрде жасалған болып табылады.
4. Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген реттерде мәмiле жасауға ерiк бiлдiру деп танылады.
5. Жазбаша түрде жасалған шартты орындау үшiн жасалған мәмiлелер, егер заңдарға қайшы келмесе, тараптардың келiсiмi бойынша ауызша жасалуы мүмкiн.
ҚР 02.03.98 ж. N 211-1 Заңымен 152-бап өзгертiлдi; ҚР 07.01.03 ж. N 372-II Заңымен 152-бап толықтырылды (қолданысқа енгізілген жоқ)
152-бап. Мәмiленiң жазбаша түрi
1. Мынадай мәмiлелер:
1) егер мәмiлелердiң жекелеген түрлерi үшiн заңдарда өзгеше арнайы көзделмесе немесе iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан туындамаса, мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, кәсiпкерлiк қызмет үрдiсiнде жүзеге асырылатын;
2) мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, жүз есептiк көрсеткiш жоғары сомаға;
3) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де реттерде жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Егер iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан өзгеше туындамаса, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге тараптар немесе олардың өкiлдерi қол қоюға тиiс.
Егер заңдарға немесе мәмiлеге қатысушылардың бiрiнiң талаптарына қайшы келмесе, мәмiле жасау кезiнде қол қоюдың факсимилелiк көшiрме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол берiледi.
3. Екiжақты мәмiлелер әрқайсысына өзiн жасаған тараптар қол қойған құжаттарды алмасу арқылы жасалуы мүмкiн.
Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен өзгеше белгiленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi.
Заңдармен және тараптардың келiсiмiмен қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн, оларға мәмiле нысаны, атап айтқанда, белгiленген нысанды бланкiге жазу, мөрмен бекiту сәйкес келуге және оларда осы тараптарды орындамау салдары көзделуге тиiс.
4. Егер азамат дене кемтарлығы, науқастығы немесе сауатсыздығы салдарынан өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша мәмiлеге басқа азамат қол қоя алады. Соңғысының қойған қолын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, нотариат немесе сондай нотариалдық әрекет жасау құқығы бар басқа лауазымды адам, мәмiле жасаушының өзi қол қоя алмаған себептердi көрсете отырып, куәландыруға тиiс.
5. Жазбаша түрде жасалған мәмiленi орындаған тарап екiншi тараптан оның орындалғанын растайтын құжат талап етуге құқылы.
Мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, ауызша кәсiпкерлiк мәмiленi орындаған тараптың да осындай құқығы бар.
153-бап. Мәмiленiң жазбаша түрiн сақтамау салдары
1. Мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырмайды, бiрақ дау туған жағдайда тараптарды мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалуын куәгерлiк айғақтармен растау құқығынан айырады. Алайда тараптар мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге, куәгерлiк айғақтардан басқа дәлелдермен растауға құқылы.