4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк оған қатысушылардың қабылдаған шешiмi бойынша өз еркiмен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi қайта құру мен таратудың өзге негiздерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк өзге де шаруашылық серiктестiк акционерлік қоғам немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
5.алынып тасталды
6. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құқықтық ережесi, оған қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1 Заңдарымен 78-бап өзгертiлдi
78-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталы
1. Жарғылық капиталдың мөлшерiн жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылтайшылары (қатысушылары) белгiлейдi және ол заң құжаттарында белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
2. алынып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 ; 02.03.98 ж. N 211-1; 22.04.98 ж. N 221-1 Заңдарымен 79-бап өзгертiлдi
79-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi басқару
1. Серiктестiк органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың серiктестiк атынан шешiмдер қабылдау немесе әрекет ету тәртiбi осы Кодекске, заң актiлерiне және серiктестiк жарғысына сәйкес белгiленедi.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мыналар жатады:
1) серiктестiктiң жарғысын өзгерту, соның iшiнде оның жарғылық капиталы мөлшерiн өзгерту;
2) серiктестiктiң атқарушы органын құру және оның өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi немесе оның мүлкiн сенiмгерлiк басқаруға беру туралы шешiм қабылдау және осындай беру шарттарын белгiлеу;
3) серiктестiктiң қаржылық есебiн бекiту және оның таза табысын бөлу;
4) серiктестiктi қайта құру немесе тарату туралы шешiм шығару;
5) серiктестiктiң байқау кеңесiн және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушiсiн) сайлау және өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ серiктестiк тексеру комиссиясының (тексерушiсiнiң) есептерi мен қорытындыларын бекiту;
6) iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмдерiн және серiктестiктiң iшкi қызметiн реттейтiн басқа да құжаттарды бекiту;
7) серiктестiктiң өзге де шаруашылық серiктестiктерге, сондай-ақ коммерциялық емес бiрлестiктерге қатысуы туралы шешiм шығару;
8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекiту;
9) осы Кодекстiң 82-бабына сәйкес жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм шығару.
3. Серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi ол серiктестiктiң атқарушы органының шешуiне бере алмайды.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1 Заңдарымен 80-бап өзгертiлдi
80-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталдағы үлесiнiң басқа адамға ауысуы
1. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысы серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн өз қалауынша осы серiктестiктiң бiр немесе бiрнеше қатысушысына сатуға немесе басқа түрде беруге құқылы.
2. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi адамдарға беруiне болады.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар үшiншi тұлғалар алдында үлестi немесе оның бiр бөлiгiн сатып алуға артықшылық берiлген құқықты пайдаланады. Егер құрылтай құжаттарында немесе серiктестiк қатысушыларының келiсiмiмен өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға артықшылық берiлген құқықты қатысушылар серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлестерiнiң мөлшерiне барабар жүзеге асырады.
Үлес (оның бiр бөлiгi) сатып алуға артықшылық берiлген құқық бұзыла отырып сатылған кезде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң кез келген қатысушысы сатылған күннен бастап үш ай iшiнде өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.
3. Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi жақтарға беру мүмкiн болмаса, ал серiктестiктiң басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, серiктестiк қатысушыға оның нақты құнын төлеуге не оған сондай құнға сәйкес заттай мүлiк беруге мiндеттi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысының үлесi оны толық төлеп болғанға дейiн оның төленген бөлiгi мөлшерiнде ғана бөлiп берiлуi мүмкiн.
5. Қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң өзi сатып алған ретте ол оны басқа қатысушыларға немесе үшiншi жаққа заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген мерзiм мен тәртiп бойынша сатуға не өзiнiң жарғылық капиталын азайтуға мiндеттi. Осы кезең iшiнде түскен таза табысты бөлу, сондай-ақ жоғары органда дауыс беру жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң сатып алған үлесi есептелмей жүргiзiледi.
6. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында мұндай ауысуға тек серiктестiктiң қалған қатысушыларының келiсiмiмен ғана рұқсат етiлетiндiгi көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлес серiктестiктiң қатысушысы болған азаматтардың мұрагерлерiне және заңды тұлғалардың құқықты мирасқорларына ауысады. Үлестiң ауысуына келiсiм беруден бас тарту серiктестiктi қатысушының мұрагерлерiне (мирасқорларына) заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп пен жағдайлар бойынша үлестiң нақты құнын төлеуге немесе оларға құны сондай заттай мүлiк беру мiндетiне әкелiп соқтырады.
Заң актiлерiнде үлестiң заңды тұлғалардың құқықтық мұрагерлерiне ауысу ерекшелiктерi көзделуi мүмкiн.
ҚР 22.04.98 ж. N 221-1 Заңына сәйкес 81-бап жаңа редакцияда
81-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының қосымша жарналары
Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы серiктестiк мүлкiне қатысушылардың қосымша жарналар енгiзуi туралы шешiм қабылдай алады. Шешiм серiктестiктiң барлық қатысушыларының төрттен үш көпшiлiк дауысымен қабылданады.
ҚР 02.03.98 ж. N 211-1 Заңына сәйкес 82-бап жаңа редакцияда
82-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiң қатысушысы заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында белгiленген серiктестiк алдындағы өз мiндеттерiн бұзған жағдайда серiктестiк жалпы жиналыстың шешiмiне сәйкес сот бойынша осындай қатысушының үлесiн серiктестiктiң қатысушымен келiсiмiнде белгiленген бағамен мәжбүрлеп сатып алуды талап етуге құқылы. Келiсiмге қол жетпеген жағдайда мәжбүрлеп сатып алынатын үлестiң бағасын сот белгiлейдi.
ҚР 02.03.98 ж. N 211 Заңымен 83-бап өзгертiлдi
83-бап. Қатысушының жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi үлесiнен ақы өндiрiп алу
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз борыштарын өтеу үшiн мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда несие берушiлер борышқор-қатысушының үлесiн белгiленген тәртiп бойынша бөлiп берудi талап етуi мүмкiн.
5. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 22.04.98 ж. N 221-1 Заңдарымен 84-бап өзгертiлдi
84-бап. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Қатысушылары серiктестiк мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретiн, ал бұл сомалар жеткiлiксiз болған жағдайда өздерiне тиесiлi мүлiкпен оған өздерi еселенген мөлшерде енгiзген салымдар арқылы жауап беретiн серiктестiк қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк деп танылады.
2. Қатысушылар жауапкершiлiгiнiң шектi мөлшерi жарғыда көзделедi.
Қатысушылардың бiрi банкрот болған жағдайда оның серiктестiк мiндеттемелерi жөнiндегi жауапкершiлiгi, егер құрылтай құжаттарында жауапкершiлiктi бөлудiң өзгеше тәртiбi көзделмесе, қалған қатысушылар арасында олардың салымдарына қарай бөлiнедi.
3. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке, осы бапта өзгеше көзделмегендiктен, осы Кодекстiң жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы ережелерi қолданылады.
III. Акционерлiк қоғам
ҚР 19.06.97 ж. N 134-I; 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1; 10.07.98 ж. N 282-1 Заңдарымен 85-бап өзгертiлдi
85-бап. Акционерлiк қоғам ұғымы
1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлiк қоғам болып танылады. Акционерлiк қоғамның акционерлерi осы заң актiлерiнде көзделгеннен басқа жағдайларда оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты шығындар тәуекелiн көтередi.
2. Акционерлiк қоғамның өз қатысушыларының мүлкiнен оқшауланған мүлкi болады, өз мiндеттемелерi бойынша өз мүлкi шегiнде жауапты болады және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
Корпоративтiк жинақтаушы зейнетақы қорларының акционерлерi аталған қорлардың мiндеттемелерi бойынша зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарда белгiленген тәртiп пен жағдайларда ортақтасып жауап бередi.
3. Қоғамның барлық акцияларын бiр акционер сатып алған жағдайда акционерлiк қоғам бiр адамнан құрылуы немесе бiр адамнан тұруы мүмкiн, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе.
4. Акционерлiк қоғамның құқықтық ережелерi, акционерлердiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi. Мемлекеттiк кәсiпорындарды жекешелендiру арқылы құрылған акционерлiк қоғамдардың құқықтық ережелерiнiң ерекшелiктерi заңдармен белгiленедi.
5. Заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.
ҚР 07.12.96 ж. N 50-I; 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1; 10.07.98 ж. N 282-1 ; 18.12.00 ж. N 128-II Заңдарымен 86-бап өзгертiлдi
86-бап. Ашық және жабық акционерлiк қоғамдар
1. Қатысушылары өздерiне тиесiлi акцияларды басқа акционерлердiң келiсiмiнсiз бөлiп бере алатын акционерлiк қоғам ашық акционерлiк қоғам болып табылады. Ашық қоғам шығарған акцияларын жабық, жеке және ашық әдiстермен орналастыруға құқылы.
2. Ашық қоғам заңда көзделген тәртiппен баспасөз басылымында кiрiстер мен шығындар туралы жылдық және тоқсандық баланстар мен есептердi жариялауға мiндеттi.
3. Акцияларды оның құрылтайшылары және алдын ала белгiленген адамдар тобы арасында орналастырылған акционерлiк қоғам жабық акционерлiк қоғам болып табылады. Жабық акционерлiк қоғам өздерi шығарған акцияларды тек жабық әдiспен орналастыруға құқылы.
4. Жабық акционерлiк қоғамның өз акцияларын сатқысы келетiн акционерi оларды қоғамның басқа қатысушыларына, ал олар бас тартқан жағдайда - қоғамның өзiне сатып алуға ұсынуға мiндеттi. Жабық акционерлiк қоғамның акцияларын сату рәсiмiнiң ерекшелiктерi заң актiлерiнде айқындалады.
5. Жабық акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттарында өз әрекетiмен қоғамның мүдделерiн елеулi түрде бұзған қатысушының акцияларын қоғамның сот тәртiбiмен мәжбүрлеп сатып алу мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн.
6. Банктерде банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында заңда белгiленген тәртiппен есептелген капиталдың терiс мөлшерi бар болған жағдайда заң актiлерiнде олардың акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың мүмкiндiгi мен негiздемелерi көзделуi мүмкiн.
7. алынып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1; 10.07.98 ж. N 282-1 Заңдарымен 87-бап өзгертiлдi
87-бап. Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттары
1. Құрылтай шарты мен жарғы акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады.
Бiр қатысушы құрған акционерлiк қоғамның құрылтай құжаты жарғы болып табылады.
Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттарын нотариат куәландыруға тиiс.
2. Акционерлiк қоғамның құрылтай шартын құрылтайшылар жасайды.
Акционерлiк қоғамның құрылтай құжаттары осы Кодекспен және өзге де заң актiлерiмен белгiленген мәлiметтердi қамтуға тиiс.
3. Акционерлiк қоғамның жарғысын құрылтайшылардың жалпы жиналысы бекiтедi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 10.07.98 ж. N 282-1 Заңдарымен 88-бап өзгертiлдi
88-бап. Акционерлiк қоғамның жарияланған және шығарылған (төленген) жарғылық капиталы
1. Акционерлiк қоғамның жарияланған жарғылық капиталы шығарылатын болып жарияланған барлық акциялардың атаулы жиынтық құнынан тұрады және бiрыңғай валютамен көрсетiледi. Акционерлiк қоғам шығаруға жарияланған акциялардың барлығын немесе бiр бөлiгiн шығаруға құқылы. Акционерлiк қоғамның эмиссияларының жарияланған көлемiнен акцияларды толық орналастырмау ашық әдiспен орналастыру кезiнде жарияланған жарғылық капиталдың кемуiне әкеп соқпайды.
2. Акционерлiк қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталы шығарылған акциялардың атаулы жиынтық құнынан тұрады.
3. Акционерлiк қоғамның жарияланған және шығарылған (төленген) жарғылық капиталын қалыптастырудың тәртiбi заң актiлерiмен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 10.07.98 ж. N 282-1 Заңдарымен 89-бап өзгертiлдi
89-бап. Жарияланған, шығарылған (төленген) жарғылық капиталды арттыру
1. Акционерлiк қоғам акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша акциялардың атаулы құнын арттыру немесе қосымша акциялар шығару арқылы жария етiлген жарғылық капиталды арттыруға құқылы. Акционерлiк қоғамның жария етiлген жарғылық капиталын арттыруға ол толық төленгеннен кейiн жол берiледi.
2. Шығарылған (төленген) капиталды жария етiлген жарғылық капитал шегiнде жаңа акциялар шығару жолымен арттыру туралы шешiмдi, заң белгiлеген тәртiппен акционерлiк қоғам директорларының кеңесi (директорлар кеңесi жоқ акционерлiк қоғамда - акционерлiк қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы) қабылдайды. Акционерлiк қоғамның, заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, залал шегiп отырған кезде акциялар эмиссиясын жүзеге асыруға құқығы жоқ.
3. Егер акционерлiк қоғам акцияға айырбасталатын акцияларды немесе басқа да бағалы қағаздар шығару жөнiнде өз ниетiн жария етсе, онда ол акцияға айырбасталатын осы жаңа акцияларды немесе бағалы қағаздарды заңдарда белгiленген тәртiппен оларда бар акцияларға барабар басымдықпен сатып алу құқығына сәйкес өз акционерлерiне ұсынуға мiндеттi/
4. Жарияланған және шығарылған (төленген) жарғылық капиталды арттырудың тәртiбi заң актiлерiмен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1; 10.07.98 ж. N 282-1 Заңдарымен 90-бап өзгертiлдi
90-бап. Жарияланған, шығарылған (төленген) жарғылық капиталды азайту
Акционерлiк қоғамның жарияланған және шығарылған (төленген) жарғылық капиталын азайту заңдарда белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1; 10.07.98 ж. N 282 Заңдарымен 91-бап өзгертiлдi
91-бап. Бағалы қағаздарды шығару және орналастыру
1. Акционерлiк қоғам шығаратын бағалы қағаздардың түрлерi заң актiлерiнде белгiленедi.
Акционерлiк қоғамның тек атаулы акциялар шығаруға құқығы бар.
2. Акционерлiк қоғам акцияларды орналастыруды мынадай: қоғамның құрылтайшылары және алдын ала белгiленген адамдар тобының арасында - жабық; бiлiктi инвесторлардың арасында - жеке; бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес аукцион және/немесе еркiн сауда өткiзу арқылы шектелмеген адамдар тобының арасында - ашық тәсiлдермен жүзеге асырады.
Акционерлiк қоғамның акциялар эмиссиясын тiркеудiң және оларды орналастырудың ерекшелiктерi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен айқындалады.
3. Акционерлiк қоғам қоғамның белгiлi бiр мүлкiнiң кепiлiмен қамтамасыз етiлген, үшiншi тұлғалардың кепiлдiктерiмен қамтамасыз етiлген облигациялар, қамтамасыз етiлмеген облигациялар шығаруға құқылы. Акционерлiк қоғам купондық және дисконттық облигациялар шығаруға құқылы. Облигациялар шығарудың шарттары мен тәртiбi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен белгiленедi.
4. Бағалы қағаздар бойынша табысты төлеудiң нысаны, тәсiлi және тәртiбi акционерлiк қоғамның жарғысымен немесе бағалы қағаздар эмиссиясының (шығару шарттары) проспектiсiмен заң актiлерiнде көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып белгiленедi
5. Егер қоғам банкроттық туралы заңдарға сәйкес төлемге қабiлетсiздiк немесе дәрменсiздiк белгiлерiне сай келсе немесе қоғамда аталған белгiлер дивидендтер жөнiнде жарияланып, төлегеннен кейiн пайда болса, акционерлiк қоғамның келесi жылы қоғамның терiс өз капиталы болғанда жай акциялар бойынша дивидендтер төлеуге құқығы жоқ.
Заң актiлерiнде акционерлiк қоғамның жай акциялар бойынша дивидендтер төлеуiне және облигациялар шығаруына тыйым салатын өзге де негiздер көзделуi мүмкiн.
6. Акционерлiк қоғам заңдарда белгiленген тәртiппен туынды бағалы қағаздар, опциондар мен айырбасталатын бағалы қағаздар шығаруға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1; 10.07.98 ж. N 282 Заңдарымен 92-бап өзгертiлдi
92-бап. Акционерлiк қоғамды басқару
1. Акционерлiк қоғамның жоғары органы оның акционерлерiнiң жалпы жиналысы болып табылады.
2. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретi заң актiлерiмен белгiленедi.
3. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi акционерлiк қоғамның өзге органдарына беруге болмайды.
4. Акционерлiк қоғамда директорлар кеңесi құрылады, осы Кодексте, заң актiлерiнде және акционерлiк қоғамның жарғысында акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi қоспағанда, ол қоғамның қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Осы Кодексте, заң актiлерiнде және акционерлiк қоғамның жарғысында директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi акционерлiк қоғамның атқарушы органының шешуiне беруге болмайды.
Жабық акционерлiк қоғамның жарғысында акционерлiк қоғамды директорлар кеңесiн құрмай-ақ басқару мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн. Бұл жағдайда осы Кодексте және заң актiлерiнде директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелер акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне берiледi.
5. Акционерлiк қоғамның атқарушы органы алқалық (басқарма) немесе (және) жеке дара (директор, бас директор, президент) болуы мүмкiн. Ол акционерлiк қоғам қызметiне күнделiктi басшылықты жүзеге асырады және директорлар кеңесi мен акционерлердiң жалпы жиналысына есеп бередi.
Қоғам басқа да органдарының заңдармен немесе құрылтай құжаттарымен белгiленген ерекше құзыретiне кiрмейтiн барлық мәселелердi шешу акционерлiк қоғамның атқарушы органының құзыретiне жатады.
6. Акционерлiк қоғамның қаржы-шаруашылық қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыру үшiн тексеру комиссиясы құрылуы немесе акционерлiк қоғамның акционерлерi немесе кәсiби аудиторлар (бухгалтерлер) арасынан оның тексерушiсi сайлануы мүмкiн.
Акционерлердiң жалпы жиналысының акционерлiк қоғамның жылдық қаржы есебiн тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) қорытындысынсыз бекiтуге құқығы жоқ.
Акционерлiк қоғамда заң актiлерiне сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкiн.
7. Акционерлiк қоғам органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау және қоғам атынан әрекет жасау тәртiбi осы Кодекске, заңдарға және құрылтай құжаттарына сәйкес белгiленедi.
8. Кез-келген акционер қоғамның жылдық қаржылық есебiн аудиторлық тексерудi, сондай-ақ оның iстерiнiң ағымдағы жай-күйiн тәуелсiз аудитордың тексеруiн өз есебiнен жүргiзудi талап етуге құқылы.
ҚР 15.07.96 ж. N 30-I Заңымен 93-бап өзгертілді
93-бап. Акционерлiк қоғамды қайта құру және тарату
1. Акционерлiк қоғам акционерлер жиналысының шешiмi бойынша қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Акционерлiк қоғамды қайта құрудың және таратудың өзге негiздерi мен тәртiбi осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi.
2. Акционерлiк қоғам жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
IV. Еншiлес және тәуелдi акционерлiк қоғам
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 10.07.98 ж. N 282-1 Заңдарымен 94-бап өзгертiлдi
94-бап. Еншiлес ұйым
1. Жарғылық капиталының (шығарылған жарғылық капиталының) басым бөлiгiн басқа заңды тұлға қалыптастырған не олардың арасында жасалған шартқа сәйкес (не өзгедей түрде) негiзгi ұйым осы ұйымның қабылдайтын шешiмдерiн айқындай алатын заңды тұлға еншiлес ұйым болып табылады.
2. Еншiлес ұйым өзiнiң негiзгi ұйымының борыштары бойынша жауап бермейдi.
Еншiлес ұйыммен жасасқан шарт бойынша (не өзгедей түрде) оған мiндеттi нұсқаулар беруге құқығы негiзгi ұйым онымен осындай нұсқауларды орындау үшiн жасалған мәмiлелер бойынша еншiлес ұйыммен бiрге субсидиарлық жауапты болады.
Негiзгi ұйымның кiнәсiнен еншiлес ұйым банкрот болған жағдайда негiзгi ұйым оның борыштары бойынша субсидиарлық жауапты болады.
3. Егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, еншiлес ұйымның қатысушылары негiзгi ұйымнан оның кiнәсiнен еншiлес ұйымға келтiрiлген зиянды өтеудi талап етуге құқылы.
4. Еншiлес ұйымдар ережелерiнiң осы бапта көзделмеген ерекшелiктерi заң актiлерiмен айқындалады.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 10.07.98 ж. N 282-1 Заңдарымен 95-бап өзгертiлдi
95-бап. Тәуелдi акционерлiк қоғам
1. Егер акционерлiк қоғамның дауыс берушi акцияларының жиырма проценттен астамы, басқа (қатысушы, басымырақ) заңды тұлғанiкi болса, ол тәуелдi қоғам деп танылады.
2. Басымырақ (қатысушы) заңды тұлға тәуелдi акционерлiк қоғам акцияларының тиiстi бөлiгiн сатып алғаны туралы мәлiметтi заң құжаттарында көзделген тәртiп бойынша дереу жариялауға мiндеттi.
3. Егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, акционерлiк қоғамдардың бiр-бiрiнiң шығарылған жарғылық капиталдарында өзара қатысуы әрбiр шығарылған (төленген) жарғылық капиталдың жиырма бес процентiнен аспауға тиiс. Бiр-бiрiнiң шығарылған (төленген) жарғылық капиталына өзара қатысатын акционерлiк қоғамдар басқа қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысында жиырма бес проценттен артық дауысты пайдалана алмайды.
4. Бiр-бiрiнiң шығарылған (төленген) жарғылық капиталына тәуелдi және өзара қатысатын акционерлiк қоғамдардың осы бапта көзделмеген жағдайының ерекшелiктерi заң актiлерiмен айқындалады.
V. Өндiрiстiк кооператив
ҚР 02.03.98 ж. N 211-1 Заңымен 96-бап өзгертiлдi
96-бап. Өндiрiстiк кооператив туралы жалпы ережелер
1. Азаматтардың бiрлескен кәсiпкерлiк қызмет үшiн мүшелiк негiзде олардың өз еңбегiмен қатысуына және өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң мүлiктiк жарналарын бiрiктiруiне негiзделген ерiктi бiрлестiгi өндiрiстiк кооператив деп танылады.
2. Кооператив мүшелерi екеуден кем болмауға тиiс.
3. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшелерi кооператив мiндеттемелерi бойынша Өндiрiстiк кооператив туралы заңда көзделген мөлшер мен тәртiп бойынша қосымша (жәрдем беру) жауапты болады.
4. Өндiрiстiк кооперативтiң және оның мүшелерiнiң құқықтық жағдайы осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1 Заңдарымен 97-бап өзгертiлдi
97-бап. Өндiрiстiк кооперативтiң жарғысы
Өндiрiстiк кооперативтiң жарғысында осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа кооператив мүшелерi жарнасының мөлшерi туралы; кооператив мүшелерiнiң құрамы мен жарна қосу тәртiбi және олардың жарналарды енгiзу жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооператив қызметiне оның мүшелерiнiң еңбекпен қатысу сипаты мен тәртiбi және олардың жеке еңбекпен қатысуы жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооперативтiң таза табысын бөлу тәртiбi туралы; кооперативтi басқару органдарының құрамы мен құзыретi және олардың шешiмдер қабылдау, соның iшiнде шешiмi бiрауыздан немесе бiлiктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелер жөнiндегi шешiмдер қабылдау тәртiбi туралы ережелер болуға тиiс.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1; 02.03.98 ж. N 211-1 Заңдарымен 98-бап өзгертiлдi
98-бап. Өндiрiстiк кооперативтiң мүлкi
1. Өндiрiстiк кооперативтiң меншiгiндегi мүлiк, егер кооперативтiң жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мүшелерiнiң пайларына олардың жарналарына барабар бөлiнедi.
2. Кооператив таза табысы оның мүшелерi арасында, егер кооператив жарғысында өзгеше тәртiп көзделмесе, олардың еңбекке қатысуына сәйкес бөлiнедi.
3. Өндiрiстiк кооператив таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда кооператив мүшесiнiң өз пайын бөлiп алуға құқығы бар.
ҚР 11.07.97 ж. N 154-1 Заңымен 99-бап өзгертiлдi