2. Үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) иелiктен шығарылуына байланысты меншiктегi немесе жер пайдаланудағы жер учаскесi иелiктен алынған кезде, алушылар жер учаскесiне иелiктен алынатын құқық тиесiлi болмайтын тұлғаға осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілеріне сәйкес бұл құқықты сол тұлғаға тиесiлi болатын құқық етiп қайта ресiмдеуге тиiс.
2021.30.06. № 59-VII ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Жеке және (немесе) заңды тұлғалар осы Кодекстің талаптарын бұза отырып жасасқан азаматтық-құқықтық мәмілелер жарамсыз болады.
7-тарау. Сервитуттар
67-бап. Сервитут туындауының негiздерi
1. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларда меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесiн мүдделi жеке және заңды тұлғаларға шектеулi нысаналы пайдалану құқығымен беруге мiндеттi.
2. Бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығы (сервитут):
1) тiкелей нормативтiк құқықтық актiден;
2) мүдделi тұлғаның меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен шартының негiзiнде;
3) жергiлiктi атқарушы органның актiсi негiзiнде;
4) сот шешiмi негiзiнде;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда туындауы мүмкiн.
3. Егер нормативтiк құқықтық актiде мүдделi тұлғаның меншiк иесiмен немесе жер пайдаланушымен шарты негiзiнде сервитут белгiлеу көзделсе, олардың мұндай шарт жасасудан немесе меншiк иесi немесе жер пайдаланушы қоятын шарттың талаптарынан бас тартуына мүдделi тұлға меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға талап-арыз беруi арқылы сот тәртібімен дауласа алады.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Егер нормативтік құқықтық актіде жергілікті атқарушы органның актісі негізінде сервитут белгілеу көзделсе, сервитут белгілеуге мүдделі тұлға, меншік иесі немесе жер пайдаланушы бұл актіге Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауы мүмкін.
68-бап. Жеке тұлғаның бөтен жер учаскелерiнде болу және солар арқылы өту құқығы
1. Жеке тұлғалардың жалпы жұрттың кiруiне жабық емес жер учаскелерiнде еркiн, қандай да бiр рұқсатсыз болуға құқығы бар.
2. Егер бiреудiң жеке меншiгіндегі немесе жер пайдалануындағы жер учаскесi қоршалмаған болса немесе жеке меншiк иесi немесе жер пайдаланушы учаскеге өзiнiң рұқсатынсыз кiруге болмайтынын өзге де әдiспен белгiлеп қоймаса, егер бұл жеке меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға зиян келтiрмейтiн болса, осы учаске арқылы кез келген адам өте алады.
69-бап. Көршi немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi пайдалану құқығы
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Жеке меншік иесі, жер пайдаланушы немесе барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушы көршi жер учаскесiне жеке меншiк немесе жер пайдалану құқығы субъектiсiнен, ал қажет болған жағдайларда өзге жер учаскесіне де жеке меншiк немесе жер пайдалану құқығы субъектiлерiнен осы учаскелердi шектеулi пайдалану құқығын (жекеше сервитут) беруді талап етуге құқылы.
2. Көршi немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi пайдалану құқығы (жекеше сервитут):
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1) егер жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өз учаскесiне (барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушының - барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізу үшін өз аумағына) басқа жолмен өтуi мүмкiн болмаса, аса қиын болса немесе шамадан тыс шығыстарды талап етсе, көршi және (немесе) өзге де жер учаскесi арқылы жаяу және көлікпен жүрiп өтудi;
2012.09.01. № 533-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2) тармақша өзгертілді; 2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2) көршi немесе өзге де жер учаскесіне сервитут белгiленбейiнше қамтамасыз етуге болмайтын, электр таратудың, байланыстың қажеттi желiлерiн тартуды және (немесе) пайдалануды, сумен жабдықтауды, су бұруды, жылумен жабдықтауды, газбен жабдықтауды, мелиорацияны және жеке меншiк иесiнiң, жер пайдаланушының немесе барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізетін жер қойнауын пайдаланушының басқа да мұқтаждарын қамтамасыз ету үшiн белгiленуi мүмкiн.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Көршi немесе өзге де жер учаскесіне жекеше сервитут осы учаскелерге жеке меншiк немесе жер пайдалану құқығы субъектiлерiмен жасалатын шарт (жекеше сервитутты белгілеу туралы шарт) немесе соттың шешімі бойынша белгiленедi.
Жер учаскесiн шектеулi пайдалану құқығы (жекеше сервитут) субъектiсi жеке меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға жекеше сервитутты белгілеу туралы шартта немесе сот шешімінде айқындалған мөлшерде сервитутқа байланысты барлық залалдарды өтеуге тиiс.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.22.06. № 21-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Жария сервитуттар, егер бұл мемлекеттiң және жергiлiктi халықтың мүдделерiн қамтамасыз ету немесе пайдалы қазбаларды барлауды немесе геологиялық зерттеуді жүргізу мақсаттары үшін қажет болған жағдайларда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің шешімдері негізінде жер учаскелерiн алып қоймастан, олардың жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреттері шегінде белгiленуi мүмкiн.
Қауымдық сервитуттар:
1) ортақ пайдаланудағы объектiлерге, зираттарға, қорымдарға және өзге де ғибадат объектiлерiне жер учаскесi арқылы жаяу немесе көлiкпен өту;
2) жер учаскесiн сервитуттар белгіленбейінше қамтамасыз ету мүмкін болмайтын немесе мөлшерлес емес шығыстарды қажет ететін коммуналдық, инженерлiк, электр және басқа да желiлер мен тораптарды, сондай-ақ көлiк инфрақұрылымы объектiлерiн жүргізу мен пайдалану мақсатында пайдалану;
2-1) магистральдық құбырлардың желілік бөлігін орналастыру және пайдалану мақсатында жер учаскесін пайдалану;
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 2-2) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
2-2) байланыс желілері мен құрылысжайларын салу;
2022.21.12. № 167-VІІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2023 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3) жер учаскесiнде межелік белгілер мен геодезиялық пункттерді және оларға кірме жолдарды орналастыру;
4) су алу және суат;
5) жер учаскесi арқылы мал айдап өту;
6) жер учаскесiн белгiленген мерзiмде және белгiленген тәртiппен аң аулау, жер учаскесiнде орналасқан тұйық су айдындарында балық аулау, жабайы өсiмдiктердi жинау мақсатында пайдалану;
7) iздестiру, зерттеу және басқа да жұмыстар жүргiзу мақсатында жер учаскесiн уақытша пайдалану;
7-1) пайдалы қазбаларды барлауды немесе геологиялық зерттеуді жүргізу мақсатында жер учаскесін немесе оның бір бөлігін уақытша пайдалану;
8) жағалау белдеуiне еркiн өту;
9) мемлекеттік органдардың шешiмiмен жер учаскесiн мәдени-көпшiлiк iс-шаралар өткiзуге пайдалану;
10) қоғамдық және мемлекеттік мүдделерге байланысты өзге де жағдайлар үшiн белгiленуi мүмкiн.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жекеше сервитут ауыртпалығы салынған жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушысы мүдделерiне орай сервитут белгiленген тұлғалардан мөлшерлес төлемақы талап етуге құқылы. Жекеше сервитут үшін төлемақы мөлшері жекеше сервитутты белгілеу туралы шартпен немесе соттың шешімімен айқындалады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымда қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Мемлекеттік меншiктегi және жер пайдалануға берiлмеген жер учаскелерi бойынша жария сервитут белгiленген кезде, пайдалы қазбаларды барлауды немесе геологиялық зерттеуді жүргізу мақсаттары үшін белгіленетін сервитутты қоспағанда, сервитут үшiн төлемақы бюджетке түседi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара ); 2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
7. Жер учаскесі жария сервитут түріндегі ауыртпалықпен бірге меншікке немесе жер пайдалануға берілген тұлғаларды қоспағанда, жария сервитут ауыртпалығы салынған жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушысы, егер сервитутты белгiлеу жер учаскесiн пайдалануда елеулi қиындықтарға алып келсе, жария сервитутты белгiлеген мемлекеттік органнан мөлшерлес төлемақы талап етуге құқылы.
Егер жария сервитутты белгілеу жер учаскесін пайдалану мүмкін болмайтын жағдайларға алып келсе, жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы меншік немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған кезде залалдарды жария сервитутты белгілеген мемлекеттік орган толық көлемде өтей отырып, өзінен осы жер учаскесін алып қоюды, оның ішінде сатып алу арқылы алып қоюды не құны тең жер учаскесін беруді немесе мүмкін болмаған жағдайда - басқа жер учаскесін оның құнын немесе оған құқықтарды жердің бағасына жатқыздырып және шеккен залалдарды өтей отырып, беруді талап етуге құқылы.
Пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізу мақсаттары үшін жария сервитут белгіленген жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген төлемақыны төлеуді және (немесе) осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген залалдарды өтеуді тиісті жер қойнауын пайдаланушы жүргізеді.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 70-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
70-бап. Уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдау жолдары
1. Аудандық (аудан аумағында) немесе облыстық (екi және одан көп аудан аумағында) атқарушы органдар уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдау жолдарын жеке меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан жердi алып қоймай, жерiнен тас жол өтетiн жеке меншiк иелерiмен немесе жер пайдаланушылармен, сондай-ақ мал айдау жолы пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операциялар жүргізілетін аумақ арқылы өтетін жағдайда, жер қойнауын пайдаланушылармен келiсу бойынша белгiлеуі мүмкін.
2. Мал иелерi малды тас жолмен айдап өткен кезде келтiрiлетін залалдар үшiн жеке меншiк иелерi, жер пайдаланушылар және сервитуттарды иеленушілер алдында жауаптылықта болады.
71-бап. Жер учаскелерiн iздестiру жұмыстары үшiн пайдалану
2015.28.10. № 366-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Геологиялық, геофизикалық, iздеу, геодезиялық, топырақты зерттеу, геоботаникалық, жерге орналастыру, археологиялық, жобалау және басқа да iздестiру жұмыстарын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар бұл жұмыстарды жеке меншiк иелерiнен немесе жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай жүргiзе алады.
Бұл ретте құрылыс салу мақсаты үшін іздестіру жұмыстары мемлекеттік меншікке жататын жерлерде жобаланып отырған құрылыс объектісінің Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес белгіленген тәртіппен бекітілген қала құрылысы жобаларына (бас жоспарға, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобаларына) сәйкес келген жағдайда жер учаскесіне құқық берілмей жүргізіледі.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Осы баптың 1-тармағында аталған жұмыстарды жүргiзу үшiн жер учаскелерiн пайдалануға рұқсатты, оның қолданыс мерзiмiн көрсете отырып аудандық, қалалық атқарушы органдар, ал егiстiкте, жақсартылған шабындықтар мен жайылымдарда, көп жылдық екпелер бар жерде, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерi мен орман қоры жерiнде жұмыстар жүргiзу үшiн облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бередi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Аталған жұмыстарды жүргiзу мерзiмдерi, олардың орны, шығынды өтеу және жердi нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жөніндегі мiндеттер, сондай-ақ басқа да жағдайлар iздестiрушiнiң жеке меншiк иесiмен не жер пайдаланушымен немесе жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органымен (босалқы жерде, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылары жоқ басқа да санаттағы жерде) жасасқан шартында айқындалады.
4. Іздестiру жұмыстары үшiн пайдаланылатын жер учаскелерiн тiкелей мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының iздестiрушiмен арасындағы шартта, учаскелердi мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйге келтiру жөніндегі жұмыстар iздестiру жұмыстарының барысында, ал бұл мүмкiн болмаған жағдайда жұмыстар аяқталғаннан кейiн, топырақтың тоңдану кезеңiн қоспағанда, бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей жүргiзiлуге тиiс екенi ескерiле отырып айқындалады.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Осы баптың күші пайдалы қазбаларды барлау және геологиялық зерттеу бойынша операцияларды жүзеге асыру кезінде іздестіру жұмыстарын жүргізуге қолданылмайды.
2017.27.12. № 126-VІ ҚР Заңымен 71-1-баппен толықтырылды (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
71-1-бап. Жер учаскелерін пайдалы қазбаларды барлау және геологиялық зерттеу үшін пайдалану
1. Жер қойнауын пайдаланушылар пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жерде, мұндай жерді меншікке немесе жер пайдалануға алмай, жария сервитут негізінде жүргізе алады.
Жеке меншіктегі немесе жер пайдаланудағы жер учаскелерінде пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар мұндай учаскелерде қажетті жұмыстарды жеке меншік иелерінен немесе жер пайдаланушылардан жер учаскелерін алмай жекеше немесе жария сервитут негізінде жүргізе алады.
2. Пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі операцияларды жүргізу үшін белгіленетін жария сервитут жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша, тиісті жер қойнауын пайдалануға арналған лицензия немесе жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің шешімімен ресімделеді.
3. Пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу мерзімдері мен орны, жерді рекультивациялау бойынша міндеттер және өзге де шарттар - жекеше сервитутты белгілеу туралы шартпен, ал жекеше сервитутты белгілеу туралы шарт болмаған кезде соттың шешімімен айқындалады.
4. Егер жекеше сервитутты белгілеу туралы шартта өзгеше көзделмесе, жасалған жекеше сервитутты белгілеу туралы шартқа немесе соттың шешіміне сәйкес меншік иелеріне және жер пайдаланушыларға сервитут үшін төлемақы төленгенге және залалдар өтелгенге дейін жер қойнауын пайдаланушы пайдалы қазбаларды барлау немесе геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстарға кірісуге құқылы емес.
72-бап. Басқа да сервитуттар
Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе тараптардың келісімiнде көзделген жағдайларда осы Кодексте аталғаннан басқа да сервитуттар белгiленуi мүмкiн.
73-бап. Жер учаскесiне құқық ауысқан кезде сервитуттың сақталуы
1. Жер учаскесiне меншiк құқығы немесе сервитутпен ауыртпалық салынған жер учаскесiне жер пайдалану құқығы басқа тұлғаға ауысқан жағдайда сервитут сақталады.
2. Сервитут мәмiленiң, оның iшiнде сатып алу-сатудың және кепiлге салудың дербес нысанасы бола алмайды. Сервитут басқа тұлғаларға қамтамасыз етiлуi үшiн сервитут белгiленген құқықпен бiрге ғана ауыса алады.
74-бап. Сервитуттың тоқтатылуы
1. Сервитуттың қолданылуы құқық иесiнiң бас тартуы, ұзақ уақыт (3 жыл) пайдаланылмауы, оның белгiленген мерзiмiнiң өтуi нәтижесiнде, тараптар арасындағы келісім негiзiнде, сот шешiмi негiзiнде және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де негiздер бойынша тоқтатылады.
2. Қауымдық сервитут қоғамдық қажеттер үшiн белгiленiп, ол қажеттер болмаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органның сервитутты жою туралы шешiм қабылдауы арқылы тоқтатылуы мүмкiн.
3. Сервитуттың қолданылуы Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе тараптардың келісімiнде көзделген негiздер бойынша бiржақты тәртiппен тоқтатылады.
4. Сервитут құқық иесiнiң тиiсiнше пайдаланбауына, сондай-ақ ол белгiленген негiздердiң болмауына байланысты жеке меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының талап етуi бойынша сот тәртібімен тоқтатылуы мүмкiн.
5. Сервитут белгiлi бiр мерзiмге белгiленген жағдайларда, егер тараптардың келісімiнде өзгеше белгiленбесе, оның қолданылуы белгiленген мерзiм аяқталған соң тоқтатылады. Сервитут шарт негiзiнде талап етiлетiн кезге дейiн немесе белгiсiз мерзiмге белгiленген жағдайларда сервитуттың қолданылуы сервитутпен ауыртпалық салынған жылжымайтын мүлiк иесiнiң сервитутты тоқтату туралы талап еткен кезiнен бастап бiр ай мерзiм өткен соң тоқтатылады.
75-бап. Сервитутты тiркеу
1. Егер осы бапта және жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiнде өзгеше белгiленбесе, құқық иесiне бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын беретiн сервитуттардың туындауы, өзгертiлуi және тоқтатылуы құқық кадастрында мемлекеттік тiркелуге тиiс.
2. Сервитутты тiркеу кезiнде, сервитуттың туындауына негiз болған құжаттарға осы сервитутты берушi тұлға куәландырған, сервитуттың қолданылу аясының шекарасы бейнеленген жер учаскесiнiң жоспары қоса берiледi. Егер сервитут барлық жер учаскесiне қатысты болса, жер учаскесiнiң жоспарын беру талап етiлмейдi.
3. Нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде туындайтын сервитуттар, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеу туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiне сәйкес тiркеу объектiлерi болып табылмайтын өзге де сервитуттар мемлекеттік тiркеуге жатпайды.
8-тарау. Жер учаскесі мен жер пайдалану құқығын кепілге салу
76-бап. Кепiлдiң мәнi
1. Кепiл берушiге жеке меншiк құқығымен немесе жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскесi кепiл мәнi болуы мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiнiң және жер пайдалану құқығының кепiлiне жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы ережелер қолданылады.
3. Кепiлге салынған жер учаскесi немесе жер пайдалану құқығы осы Кодекске орай жер учаскесiне құқығы жоқ тұлғаларға қатысты кепiл ұстаушының меншiгiне айналған жағдайда осы Кодекстiң 66-бабында белгiленген нормалар қолданылады.
77-бап. Жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салуды шектеу
1. Жep учаскесiне немесе жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасауға тыйым салынған жағдайларда (осы Кодекстiң 33-бабының 2-тармағы және 36-бабы) жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
2. Егер жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн нысаналы мақсатына сәйкес дербес учаске ретiнде пайдалану мүмкiн болмаса, жер учаскесiнiң бұл бөлiгiн немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Кепiлге салуға берiлген жер учаскесiнде немесе оның кепiлге салуға берiлетiн бөлiгiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) бiр мезгiлде кепiлге салмай, бөлiнетiн жер учаскесiн түгелдей немесе оның бiр бөлiгiн не бүкiл жер учаскесiне немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) бiр мезгiлде кепiлге салмай, бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе оған жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын қоса кепiлге салмай, не үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiне жер пайдалану құқығын бiр мезгiлде кепiлге салмай, ол үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне кепiлдi белгiлеген кезде осы Кодекстiң 51-бабының 3-тармағында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2020.09.06. № 341-VI ҚР Заңымен (2020 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Жер учаскесiн жалдау нысанында ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығын жалдау шартының қолданылу мерзiмiне кепiлге салуға жол берiледi.
Қысқа мерзімді уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес кепілдік алу үшін Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына уәкілетті компанияның кепілге беруін қоспағанда, қысқа мерзімді уақытша өтеулі және уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын кепілге салуға жол берілмейді.
78-бап. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) бар жер учаскесiн немесе сондай жер учаскесiне жер пайдалану құқығын кепiлге салу
1. Бөлiнетiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу, егер тараптардың келісімiмен жер учаскесiнiң көрсетiлгеннен үлкен бөлiгi немесе жер учаскесiнiң бөлiгiне жер пайдалану құқығы не бүкiл жер учаскесi немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығы кепiлге берiлмесе, үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оған қызмет көрсету үшiн қажеттi, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгi немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгiне жер пайдалану құқығы бiр мезгiлде кепiлге берiлетiнiн бiлдiредi.
Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде немесе онда орналасқан жылжымайтын мүлiкке қызмет көрсету үшiн арнайы белгiленген жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде бүкiл жер учаскесiнiң немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығының кепiлге берiлетiнiн бiлдiредi.
Үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) кепiлге салу кезiнде тиiстi жер учаскесiнiң немесе оның бөлiнетiн бөлiгiнiң не жер учаскесiне немесе оның бөлiнетiн бөлiгiне жер пайдалану құқығының құны ескерiлуге тиiс.
2. Егер бөлiнбейтiн жер учаскесiнде ортақ меншiктегi (өзге де ортақ заттық құқықтағы) үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан болса, үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде үйдi (құрылысты, ғимаратты) орналастыру, күтiп-ұстау және пайдалану үшiн қажеттi жер учаскесiнiң кепiлге салынатынын бiлдiредi. Егер аталған жағдайларда кепiл мәнi үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бөлiнген бөлiгi немесе ортақ мүлiкке құқықтағы үлес болса, кепiлге берiлген үй (құрылыс, ғимарат) бөлiгiнiң көлемiне сәйкес келетiн жер учаскесіндегі үлеске кепiл бiр мезгiлде белгiленедi. Кондоминиум объектiсiнде орналасқан үй-жайды кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде кондоминиумға қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалатын ортақ мүлiктегi және жер учаскесіндегі үлестiң де кепiл мәнi болатынын бiлдiредi.
3. Мемлекеттік жер пайдаланушылар аталған жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) және оның осы үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан, оған қызмет көрсетуге арналған бөлiгiн кепiлге айналдырған жағдайда ғана өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы (осы Кодекстiң 39-бабының 2-тармағы).
79-бап. Жер учаскелерiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салу тәртібі
1. Жеке меншiк құқығында немесе уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығында жер учаскелерi бар жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар кепiлге берушi бола алады.
Мемлекеттік жер пайдаланушылар осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы.
2. Жеке және заңды тұлғалар кепiл ұстаушылар болуы мүмкiн.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi немесе ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы бөлiнбейтiн жер учаскесiн кепiлге беруге ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға қатысушылардың барлығының жазбаша келісімi болған кезде жол берiледi.
Жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiкке немесе ортақ үлестiк жер пайдалануға қатысушы өз үлесiн ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға басқа қатысушылардың келісімiнсiз кепiлге салуға құқылы.