қамтумен айқындалатын "жұмыс iстеушi кедейлер" жалақысының төмен деңгейi
кедейлiк себептерiнiң бірi болып табылуда. Экономикалық қызмет түрлерi
бойынша жалақы айырмашылығы 6-7 есе болады, негiзiнен, еңбек өнiмдiлiгi
және жұмыспен қамтылғандардың біліктiлiгi бойынша экономика салалары
арасындағы айырмашылықтармен айқындалады.
Ерлер мен әйелдердiң жұмыспен қамтылуындағы, олардың еңбекақысындағы
айырмашылықтар, еңбек рыногындағы бәсекелестiк қабiлеттiлiгi әйелдердiң
кедейлiгiне әсер ететiн факторлар болып табылады. Әйелдер, әдетте,
еңбекақысы төмен секторларда (денсаулық сақтау, білім беру әлеуметтiк
қызметтер саласы, мәдениет) жұмыс iстейдi. 1998 жылы әйелдердiң орташа
жалақысы ерлер жалақысының 75,8%-iн, 1999 жылы - 67,6%-iн, 2000 жылы
60,5%-ін 2001 жылы - 58,7%-iн құраған. Ерлер сектор iшiнде мейлiнше
жоғары ақылы қызметтерге ие болып отырғандықтан, бұл үрдiс дәстүрлi
"әйелдер" салаларында да сақталуда.
Ауылдық жерлерде және шағын қалаларда әйелдердi жұмыспен қамту
проблемасы мейлiнше өткiр тұр. Жұмыссыз әйелдердiң үштен бірi ауылдық
жерде тұрады. Жұмысқа қабылдау кезiнде орын алып отырған жынысы және жасы
бойынша кемсiтушiлiктер зейнеткерлiк жасы алдындағы адамдардың, әсiресе,
әйелдердiң кедейлiк жағдайын тереңдетуде. Жұмыс берушiлердiң ер
қызметкерлердi жалдауға көңiл бөлуiнен, әйелдер жұмысқа орналасу кезiнде
проблемаларға жиi кезiгуде. 2001 жылы ерлер арасындағы жұмыссыздық
деңгейi - 8,9%-ды, әйелдер арасында 12,0%-ды құрады.
1.2.1.3. Шағын бизнес
Шағын бизнес кедейлiктi еңсеру проблемаларын шешу шеңберiнде
халықтың әртүрлi санаттарына, соның iшiнде оның әлеуметтiк осал топтары
жұмыссыздарға, мүгедектерге, жалғызілікті аналарға, зейнеткepлеpгe,
оралмандарға, босқындарға көмек көрсетуге және жұмыс орындарын ұсынуға
қабiлеттi. Шағын бизнестiң тұрақты қызметi мемлекеттік бюджетке түсетiн
салық түсiмдерiнiң өсуiн қамтамасыз етедi және тиiсiнше, елдiң әлеуметтік
мұқтаждарына шығыстардың ұлғаюына ықпал етедi. Алайда, Қазақстанда ЖIӨ-де
шағын бизнестiң үлесi күнi бүгiнге дейiн мардымсыз болып отыр.
2002 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 388 мыңнан аса
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi тiркелген, олар өндiрiлген өнiмдi сатудан
және қызметтер көрсетуден 238,8 млрд. теңге сомасында табыс алған.
Сонымен бірге, қазiргi таңда қажеттi қаражаттың және жергiлiктi
өкiмет органдары тарапынан ұйымдық қолдаудың болмау себептерiнен халықтың
кедей жiгiнiң шағын бизнеске қатысуының төмен деңгейi орын алып отыр.
1.2.1.4. Қоғамдық жұмыстар
Жұмыссыздық деңгейi күрт өсiп отырған кезеңдерде еңбек рыногын
реттеуде елеулi рөл атқармаса да, қоғамдық жұмыстар жұмыссыздарды
әлеуметтiк қолдауда және еңбек рыногындағы жағдайды бәсеңсітуде
айтарлықтай рөл атқарады.
2001 жылы 132,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға қатысты, 1997-2001
жылдар кезеңiнде қоғамдық жұмыстармен айналысатын жұмыссыздар саны 113,6
мың адамға немесе алты есе өстi. Бұл жұмыссыздық жөніндегі
жәрдемақылардың жойылуымен байланысты, мұның өзi бос жұмыс орындарының
тапшылығы жағдайында қоғамдық жұмыстарды жұмыссыздардың көпшiлiгi үшiн
табыс алудың бірден бір мүмкiндiгi етiп отыр.
2001 жылы қалаларды көгалдандырумен және көркейтумен, сондай-ақ
аумақтарды жинастырумен байланысты жұмыстар қатысушыларының саны бойынша
мейлiнше бұқаралы болды. Оларға қоғамдық жұмыстарға қатысқан
жұмыссыздардың жалпы санының 60%-ынан астамы қатысты.
Жылына екi айдан кем еңбек ету кезіндегі еңбекақының төмен деңгейi,
сондай-ақ көпшiлiгiнде тартымсыз дене еңбегi, оның мәнiссіздiгi
жұмыссыздардың қоғамдық жұмыстарға қатысудан бас тартуының негiзгi
себептерi болып табылады. Сондықтан мұндай жұмыстарға тек өте мұқтаж
адамдар ғана өтiнiш бередi.
1.2.1.5. Кәсiптiк даярлау және қайта даярлау
2001 жылы кәсiптiк даярлау және қайта даярлау курстарынан өткен
жұмыссыздардың үлес салмағы небары 5,9%-ды құрады. Жұмыспен қамту
мәселелерi жөніндегi уәкiлеттi органдар еңбек рыногының қажеттiлiктерiне,
әсiресе, жаңа технологиялар қолдануды қажет ететiн мамандықтар
бойынша (мысалы, дәнекерлеушілер, тас қалаушылар, машинистер, құрылыс
мамандықтары жұмысшыларын) уақытылы қарайласуға сәтi келе бермейдi.
Жұмысшы және инженер-техникалық мамандықтарға рынок сұранысы бойынша
деректер базасы жоқ, экономика салалары бойынша білікті жұмысшылар мен
мамандар қажеттiлiгiн айқындау тұрғысында еңбек рыногына мониторинг
жүргiзiлмейдi, кадрлар даярлауда кәсіпорындар қорларын пайдалану жөнінде
олармен ынтымақтастық нашар жолға қойылған.
Кәсiптiк курстарды ұйымдастыру жағдайы аумақтық шашыраңқылықпен,
нашар көлiк қатынасымен және білім беру ұйымдарынан шалғайлығымен
күрделенiп отырған ауылдық жерлерде қайта оқытылғандардың үлесi 2001 жылы
барлығы 4,6%-ды құрады. Жастар еңбек ресурстарын толтырудың нақты көзi
болып отырғанда, оқыған жастар санының төмендеу үрдiсi байқалуда.
Республика өңiрлерiнде жұмыспен қамту мәселесi жөніндегі уәкiлеттi
органдардың қаражаты есебiнен жұмыссыздарды және қолы бос халықты оқыту
үшiн аймақтық орталықтар ретiнде мемлекеттік кәсiптiк мектептердi
(лицейлердi) барынша пайдалану, олардың оқу-материалдық базасын жақсарту
және инженер-педагогикалық қызметкерлердiң біліктiлiгiн арттыру үшiн
шаралар қабылданбай келедi. Жастарға және жұмыссыз азаматтарға кәсiптiк
білім беру және қайта оқыту мәселелерi жөніндегі өңiрлiк комиссиялар
еңбек рыногы талаптарын ескере отырып, кадрлар даярлауды, қайта даярлауды
және біліктiлiгiн арттыруды жоспарлауда және ұйымдастыруда әлеуметтiк
әрiптестердiң iс-қимыл келісімдiлігiн қамтамасыз етпейдi.
1.2.1.6. Шағын кредит беру
Гранттар немесе шағын кредиттер беру жолымен табыстары төмен еңбекке
қабiлеттi азаматтарға шағын кредит беру олардың өзiн-өзi жұмыспен қамтуын
және материалдық жағдайын жақсартуды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң 1998 жылғы 12 ақпандағы № 103
қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының ең аз қамтамасыз етiлген
азаматтарын шағын несиелендiрудiң 1998-2000 жылдарға арналған
бағдарламасы аз қамтылған азаматтарға бизнес құруға 400 АҚШ доллары
(баламалы) мөлшерiнде шағым кредиттер бөлудi көздеген болатын.
Бағдарламаның iске асырылуы пилоттық облыстарда (Алматы, Жамбыл,
Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында,
Қостанай облысының Арқалық қаласында) басталды. Сол уақытта қарыз
қаражатын қайтарудың және қаржыландырудың тұрақты көздерiнiң дәл
әзiрленген тетiктерiнiң болмауы салдарынан бұл Бағдарлама толық көлемде
орындалмады.
Аз қамтылған азаматтарды қолдау жөніндегі халықаралық және отандық
ұйымдар, жеке және үкiметтiк емес ұйымдар тарабынан гранттар беру арқылы
шағын кредит берудiң оң тәжiрибесi бар.
1.2.2. Әлеуметтiк сала
1.2.2.1. Демография және көші-қон
2002 жылдың басында Қазақстан халқы 14820,9 мың адамды құрады, соның iшiнде халықтың 56,3%-ы - қалалық, 43,7%-ы ауылдық жерде тұрады. 2001 жылы халық саны 21 мың адамға азайды.
Тұтастай алғанда республика бойынша 2001 жылы жалпы туу коэффициентi 1000 адамға - 14,9 туылған бала, өлiм коэффициентi 1000 адамға 10,0 жағдай болды.
2001 жылы халықтың табиғи өсiмi 73,2 мың адам болды, бұл 2000 жылдағыдан 4,1 мың адамға көп.
Ересек топ (әйелдер үшiн 58 жастан астам және ерлер үшiн 63 жас) демографиялық тұрғыдан тiкелей кедейлiк қатерiнде емес: шын мәнiнде кедей үй шаруашылықтарындағы қартаң және кәрi халықтың үлесi жалпы ірiктеудегiден төмен. Кедейлер арасында жастармен қатар орта жастағы адамдардың (31-40 жac) үлесі жоғары.
Қазақстандағы отбасының орташа мөлшерi 3,6 адамды құрайды, алайда ол өңiрлер бойынша ерекшеленедi. Негiзiнен, жергiлiктi халық тұратын оңтүстiк-батыс өңiрлерде отбасы құрамы үлкен.
2001 жылы аз қамтылған азаматтардың жалпы санының табысы ең төменгi күнкөрiс деңгейiмен төмен табыстары бар тұрғындардың 48,1%-ы 5 және одан да көп адамнан тұратын үй шаруашылықтарында тұрған. Осылайша, көп балалы отбасыларының кедейлер санатына қосылу қатерi неғұрлым жоғары.
2001 жылы елдiң көшi-қон шығыны 94,3 мың адам болды, ол 2000 жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 23,5%-ға кемiдi.
Мына облыстар (тиiстi шектес мемлекеттерден келетiндердiң есебiнен): Маңғыстау, Оңтүстiк Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары мейлiнше көшi-қон қысымын бастан кешуде.
Жұмыссыздықтан, экологиялық проблемалардан туындаған көшi- қон процестерi кедейлiк және жұмыссыздық деңгейiне айтарлықтай әсер етедi. Өңiрлердiң экологиялық қолайсыз жағдайлары (мысалы, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағы, Арал өңiрi), ауыз судың жетіспеушiлiгi және басқа проблемалар халықты тұруға неғұрлым қолайлы аумақтарға өздiгiнен ауысуға мәжбүр етуде.
1.2.2.2. Халықтың медициналық көмекпен қамтамасыз етiлуі
Реформалар барысында психологиялық күйзелiстiң, құнарсыз тамақтың және экологияның жиынтық әсерi, әсiресе, халықтың кедей жiктерiне тән ауру түрлерi бойынша олардың күрт өсуiнiң себебiне айналды.
Сәбилердiң шетiнеу көрсеткiшiнiң төмендеуiне қарамастан, ол әлi де болса, жоғары деңгейде қалып отыр, жүктi әйелдердiң 55%-ға жуығы қаны аздықпен ауырады. Репродукциялық жастағы әйелдер аборт жасау салдарынан өз денсаулығына қауiп төндiруде.
1996 жылмен салыстырғанда 2001 жылы туберкулез ауруы 78,3%-ға өстi. Психотроптық заттарды пайдалану, психикалық ауытқулар, қатерлi iсiктер, жыныстық жолдармен берiлетiн аурулар салдарынан аурушаңдық деңгейi өте жоғары болып отыр.
Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесi неғұрлым күрделi жағдайда тұр. 1990-2000 жылдары ауылдағы денсаулық сақтау жүйесiнiң жеткiлiксiз деңгейде қаржыландырылуы және медицина қызметкерлерiнiң ауылдан кетуi ауылдағы медициналық ұйымдар желісінiң қысқаруына және ауылдық жерлердiң медицина кадрларымен қамтамасыз етiлу деңгейiнiң төмендеуiне әкеліп соқты.
Ауыл халқына бастапқы медициналық-санитарлық көмектi жақсарту жөнiнде соңғы жылдары қабылданған шаралар ауылдық денсаулық сақтау жүйесiн дамытуды жақсартудың белгiлi бір жолдарын белгiлеуге мүмкiндiк бердi. 2002 жылға қарай барлық елдi мекендер медициналық қызметкерлермен немесе медициналық ұйымдармен қамтамасыз етiлдi.
Дегенмен әсiресе, мемлекеттік секторда медициналық қызмет көрсету сапасы бұрынғыша төмен болып отыр. Ақылы медициналық көмек пен кепiлдi көлемi арасында дәл айырмасы болмауынан ақысыз медициналық көмектiң кепiлдi көлемi ақылы қызметтермен ауыстырылуда, ақылы медициналық қызметтердiң және дәрi-дәрмек құралдарының құны жоғары болуы, халықтың мемлекет кепiлдiк берген ақысыз медициналық қызметтер тiзбесi туралы жеткiлiксiз хабардарлығы орын алуда.
1.2.2.3. Білімге қол жеткізу
2002 жылы республиканың 554 елдi мекенiнде мектептер мүлдем болмаған, 625 ауылда - орта, ал 593 ауылда - негiзгi мектеп болмаған. Осының салдарынан 25,5 мың бала күнделiктi мектепке жеткiзiп тұруды қажет етедi. Әсiресе қыс кезiнде мектепке дейiн күн сайын 3 километрден 40 километрге дейiн жол жүру қажеттiгi оқушылардың осы санатының сабаққа келмеуiне әкеп соғуда.
Мектептен тыс қалған балалар мен жастар арасында аз қамтылған және жағдайы нашар отбасылар өкiлдерi едәуiр үлестi құрайды. Материалдық жағдайдың тұрақсыздығы, жұмыссыздық және мәжбүрлi көшi-қон отбасы жағдайының бюджетiне әсер етуде және жекелеген отбасыларды балаларының білім алуына жұмсалатын қаражатты үнемдеуге мәжбүр етуде.
Аз қамтылған отбасы балалары, жетiм балалар және денсаулығы әлсiреген балалар үшiн ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесi білімге қол жеткізумен байланысты елеулi проблема болып табылады. Тұтастай алғанда республика бойынша мектеп асханаларында аз қамтылған отбасылардың 186 мыңнан аса оқушысы тегiн тамақтанады, бұл олардың жалпы санының 12%-ы, 92 мыңнан аса оқушы (5%) арзандатылған тамақ алып отыр.
Білім берудiң барлық сатыларында әйел жынысындағы оқушыларды қамту (6-дан 24 жасқа дейiн) 71,6%, ал ерлер - 70,1% құрайды. Студенттер арасында қыздардың үлесi жас жiгiттерге қарағанда, жоғары. Алайда, еңбек рыногында олардың жұмысқа орналасу мүмкiндiктерi аз. Жоғары оқу орындарына түсе алмаған және қалада қалуды қалайтын ауылдан келген талапкерлер проблемасы өзектi күйiнде қалып отыр. Ауылдық жерде алынған білім деңгейiнiң төмен болуы нәтижесiнде ауыл жастары жоғары білім алуда бәсекеге түсе алмайды.
"Білім" мемлекеттік бағдарламасының iске асырылуы білім алуға қол жеткізудi жақсартуға ықпал еттi. 1999 жылдан бастап мектепке дейiнгi ұйымдар және жалпы білім беру мектептерi санының біртiндеп өсуi байқалуда. Алайда, тұтынушылар үшiн білім алу сапасы және олардың нақты құны, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы және санитарлық жағдайы әлi де болса халықтың сапалы білімге қол жеткізуiнде елеулi кедергi болып отыр.
1.2.2.4. Халықтың әлеуметтiк осал топтарына мемлекеттік
әлеуметтік көмек жүйесі
1999 жылы атаулы көмек көрсету өлшемi ретiнде кедейлiк шегiн айқындаған "Ең төмен күнкөрiс деңгейi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына және жергiлiктi өкiмет органдарына төлемдер мөлшерiн белгiлеу мүмкiндiгiнiң берiлуiне байланысты халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiнде белгiлi бір жақсару байқалған. Жергiлiктi жерлерде елдi мекендердiң әлеуметтiк-еңбек карталарын жасау жолымен күнкөрiсi төмен отбасыларды есепке алу және оларды дербестендiру жүзеге асырыла бастады.
Сонымен қатар халықты әлеуметтiк қорғаудың қолданыстағы жүйесiнiң бірқатар кемшiлiктерi болды. Проблемалар қатарында халықты әлеуметтiк қорғау мәселелерi жөніндегі әр түрлi мемлекеттік органдар қызметiнiң нашар үйлестiрiлуiн атап өткен жөн. Шешiм қабылдаудағы көлеңкелiк, әлеуметтiк көмек алу мүмкiндiктерi туралы ақпаратты тарату жүйесiнiң дамымағандығы, әлеуметтiк қызмет көрсетуге мемлекеттік емес сектордың жеткiлiксiз қатысуы айтарлықтай рөл атқарады.
2002 жылғы қаңтардан бастап "Мемлекеттік атаулы әлеуметтiк көмек туралы" Қазақстан Республикасы Заңының iске асырылуы неғұрлым мұқтаждарға мемлекеттік әлеуметтiк көмек көрсетуге бағытталған.
2003 жылғы 1 қаңтарда 1171,2 мың адам немесе кедейлiк шегiнде өмiр сүретiн халықтың жалпы санының 90,4%-ға жуығы атаулы әлеуметтiк көмек алушылар болған. Көмектiң осы түрiн алушылар iшiнде балалар - 56,7%, жұмыссыздар - 18,2%, жұмыс істейтiндер - 6,9%, мүгедектер - 1,7%, зейнеткерлер - 2,1%, өзге де алушылар 12,7%-ды құрайды.
1.2.3. Кедейлiктiң инфрақұрылымдық аспектiсi
Инфрақұрылым материалдық және ақпараттық ресурстардан шалғайлық, қатынас құралдарының болмауы сияқты кедейлiктiң "табиғи" себептерiн еңсеруге мүмкiндiк бередi. Ол, сондай-ақ, экономикалық белсендiлiкке ықпал етедi, рыноктарға және әлеуметтiк саланың қызметтер көрсетуiне қол жеткізудi қамтамасыз етедi.
1.2.3.1. Халықтың тұрғын үймен және коммуналдық қызметтер
көрсетумен қамтамасыз етілуi
Өңiрлер бойынша тұрғын үйдiң әркелкi бөлiну проблемасы орын алуда. Тұрғын үймен қамтамасыз етiлу бойынша жоғары көрсеткiштер - халқы көшiп кеткен Қарағанды және Павлодар облыстарында (бір адамға шаққанда 17,8 және 17,3 шаршы м), төмен көрсеткiштер - Атырау және Маңғыстау (14,0 және 14,4 шаршы м) облыстарында байқалады. 89% үй шаруашылықтарының жеке тұрғын үйi бар, алайда оның тек 44%-ында коммуналдық жағдай жақсартылған. Қалаға қарағанда ауылдық жерлерде абаттандыру көрсеткiштерi төмен.
Ақылы қызметтер көрсету құрылымында тұрғын үй-коммуналдық шығыстар үлесi 2000 жылғы 51%-ға қарағанда 2001 жылы 53%-ды құрады. Халықтың төлем қабiлетiнiң төмендiгiнен тұрғын үйдi ағымдағы ұстау үшiн төлемсiздiк деңгейi жоғары күйiнде қалып отыр.
Күнкөрiсi төмендерге тұрғын үй беру арқылы көмек беру жүйесi проблеманы біршама жеңiлдетедi. Тұтынушылардың жалпы берешектерiнде халықтың борыштары 16 млрд. теңгенi (61%) құрайды, бұл жекелеген өңiрлерде үй шаруашылықтарын электр жарығынан ағытып тастаудың басты себебi болып табылуда. Ауыл шаруашылығында электр тұтыну көлемiнiң қысқаруы ауылдық электр желiлерi тиiмдiлiгiнiң төмендеуiне және тарифтердiң жоғарлауына, электр қуатын беруде iрiкiлiстерге әкеп соқтырды.
1.2.3.2. Халықтың сумен қамтамасыз етiлуi
Суға қол жеткізу кедейлiктiң негiзгi индикаторларының бірi болып табылады. Халықтың аурушаңдық деңгейi көп жағдайда ауыз сумен жабдықтау жай-күйiнiң нашарлауына байланысты.
Ел халқының құбырдағы сумен қамтамасыз етiлуi 74% болды. Осыған қарамастан, жұмыс iстеп тұрған су құбырларының саны азаюда және олардың санитарлық-техникалық жай-күйi нашарлауда. Тұтастай алғанда республика бойынша су құбырларының 13,3%-ы жұмыс істемейдi, 23,4%-ы санитарлық-техникалық талаптарға жауап бермейдi.
Халықтың 50%-ға жуығы минеральдығы және кермектiлiгi бойынша нормативтерге сай келмейтiн ауыз суды пайдаланады, 3,9% ауыз суының сапасы бактериологиялық көрсеткiштер бойынша стандарттарға сәйкес келмейдi. Жерасты суларының үдемелi ластануы су көздерiнiң сапалық көрсеткiштерiнiң төмендеуiне әкелiп соғуда. Орталықтандырылмаған су көздерiнен және ашық су қоймаларынан алынған суды тұтыну деңгейi жоғарылап келедi. Тасымалданып әкелiнетiн суды пайдаланатын халықтың үлесi артуда. Бір миллионға жуық ауыл халқы ауыз суы ретiнде тазартылмаған суды және үй шаруашылықтарында, көбiне, егiстiктiң және мал шаруашылығы фермаларының қалдық суларымен ластанған өзендердiң суын пайдаланады.
Республиканың оңтүстiк өңiрлерiнде судың болмауы жер телiмдерiн тиiмсiз пайдалануға әкелiп соғуда.
1.2.3.3. Халықтың жолмен, көлiкпен, байланыс қызметтерiн
көрсетумен қамтамасыз етiлуi
1997-2001 жылдар аралығында жол қатынастарының жалпы желiлерiне қосылған қатқыл төсенiштi жолдармен байланыспаған ауылдық елдi мекендердiң үлес салмағы (36,8-дан 23.9%-ға дейiн) төмендедi. Қазақстанда жолаушылар тасымалымен қамтамасыз етудiң орташа деңгейi тым төмен - 30%, бұл шалғай аймақтағы тұрғындардың әлеуметтiк қызмет түрлерiне қол жеткізу мүмкiндiгiн шектейдi.
Республикада қызметтер көрсету түрлерінің ең төменгi әлеуметтiк-кепiлдi мөлшерiн алу үшiн жолдың нашарлығы салдарынан өңiрдiң әрбір тұрғыны көтеруге мәжбүр апта сайынғы өнiмсiз шығындар жоғары күйiнде қалып отыр.
Көлiк тасымалдарына халықтың төлем қабiлеттiлiк сұранысының қысқаруы жол бағыттарының жалпы санының азаюын және барын кiшiрейтудi туғызды. Жекелеген селолық аудандарда аз қоныстанған елдi мекендер көлiк қатынасынан үзiлiп қалған, бұл кедейлердiң жағдайын одан әрi нашарлатуда. Халыққа көрсетiлетiн ақылы қызметтер құрылымында байланыс қызметi 11,6%-ды құрайды, ауылда халықтың төлем қабiлетсiздiгiнен телефон станцияларының қысқару үрдiсi және байланыс қызметiн пайдаланудан бас тартудың артуы байқалуда.
1.2.4. Кедейлiктiң өңiрлік және экологиялық аспектiлері
1.2.4.1. Кедейлiктiк өңірлiк ерекшелiктерi
Қазақстан аумағы бойынша кедейлiктiң таралуында елеулi өңiрлiк ерекшелiктер бар, бұл ең алдымен табыстың өңiраралық саралануынан байқалуда. Республика өңiрлерiнiң орташа жалақы деңгейi бойынша саралануы үш еседен астам мөлшерде болып отыр.
Жоғары экономикалық көрсеткiштер кедейлердiң жағдайының жақсаруынан әрдайым көрiнiс таба бермейдi. Мысалы, халықтың жан басына шаққанда жалпы өңiрлiк өнiмнiң ең жоғары көрсеткiштерiнiң бірiне ие Маңғыстау облысында кедей тұрғындардың ең жоғары үлесi байқалуда.
Сонымен бірге облыстар iшiнде халықтың ақшалай табыстарында едәуiр айырмашылық бар. Әсiресе ауылдық аудандарда халқының 46,2 %-ын кедейлер құрайтын Маңғыстау облысында жалақының мұнай өндiру өнеркәсiбіндегі ең жоғары және ауыл шаруашылығындағы ең төмен мөлшерiнiң арасындағы оның алшақтығы 18 есенi немесе Атырау облысында мұнай өндiрушi Жылыой ауданы мен ауылдық Махамбет ауданының арасындағы алшақтық 9 есенi құрайды.
Сондықтан қаражат тиiмдi түрде қайта бөлiнбесе, экономикалық өсу өздiгiнен халықтың жағдайын жақсартудың кепiлi бола алмайды.
Өңiрлер кедейлiк деңгейi жөнiнен де, жұмыспен қамтылу деңгейi жөнiнен де ерекшеленедi. Өңiрлерде жұмыс күшiне сұраныстың құлдырауы көбiне олардың әлеуметтiк-экономикалық даму ерекшелiктерiмен, қайта құрылымдау, өндiрiстi техникамен қайта жарақтандыру қарқынымен және басқа да көптеген факторлармен айқындалады.
1.2.4.2. Шағын қалалардағы халық кедейлiгi
Шағын қалаларда кедейлiк деңгейi жоғары күйiнде қалып отыр. Тоқырауға ұшыраған шағын қалаларда халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысы орташа республикалық деңгейден 30-50% төмен.
Шағын қалаларда кедейлiктiң өсуi негiзiнен өндiрiстiң ұзақ уақыт құлдырауынан (шағын және орташа қалаларда әртүрлi себептермен кәсiпорындардың барлығы 40%-ға жуығы тоқтап тұр) және соның салдарынан жұмыссыздықтың жоғары деңгейiнен; бюджет қаражатының және инвестициялардың жетiспеуiнен, әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылым жай-күйiнiң күрт нашарлауынан, халықтың жекелеген топтарының төлем қабiлетiнiң төмен болуы салдарынан коммуналдық қызметтер ұсынудағы iркiлiстерден туындап отыр.
Шағын қалалардағы экономикалық белсендi халықтың үлесi орта есеппен 58%-ды құрайды. Жалпы жұмыссыздықтың деңгейi 47%-ға жетедi. Жағдай біліктiлiгi төмен жұмыс күшiнiң үлес салмағының жоғары болуы себептi ушыға түсуде. Кадрлар даярлаудың, шағын қалалардың әлеуетiн жақсартуға және біліктi жұмыс күшiмен толықтыруға ықпал ететiн оқу орындарының желісі нашар дамыған.
1.2.4.3. Ауылдық жерлердегi халық кедейлігi
Кедей халықтың негiзгi бөлiгi ауылдық жерлерде тұрады. 2001 жылы ауылдағы кедейлiктiң тереңдiгi және өткiрлiгi сияқты өлшемдер қаладағы 5,3%-ға және 2,2%-ға қарағанда тиiсiнше 13,5%-ды және 6,0%-ды құрады. Әсiресе өмiр сүрудiң әуелден қолайсыз экологиялық жағдайлары орташа республикалық деңгейдi алсақ та, орташа облыстық деңгейдi алсақ та iс жүзiнде барлық әлеуметтiк өлшемдер бойынша межеулiкке түрткi болатын тоқыраған селолық аудандарда өткiр ахуал қалыптасып отыр.
Ауыл тұрғындарының номиналды ақшалай табыстары қала тұрғындарынан екi есе төмен. Соңғы бес жыл бойы ауылшаруашылық өндiрiсi қызметкерлерiнiң жалақысы елдегi ең төменгi жалақылардың бірi болып келдi.
Ауылдың еңбекке қабiлеттi әрбір бесiншi тұрғыны жұмыспен қамтылмаған. 2001 жылы ауылда жұмыспен қамтылу 35,3%-ды құрады. Аграрлық еңбек рыногы тар өрiстi мамандық қызметкерлерiнен - механизаторлардан, малшылардан, агрономдардан, зоотехниктерден тұрады, олардың жұмыспен қамтылуы көбiнесе өндiрiстiң маусымдылығымен айқындалады.
Ауылда денсаулық сақтау мен білім берудiң базалық әлеуметтiк қызметтерiне қол жеткізу деңгейi бойынша ахуал күрделi күйiнде қалып отыр; шаруашылық iшіндегі жолдарды, коммуникацияларды күтiп ұстау нашарлап кеттi, халықтың көшi-қоны етек алды.
Ауыл шаруашылығының өндiрiс құралдарын, энергоресурстар және материалдар берушi аралас салаларға экономикалық тәуелдiлiгi, ауыл шаруашылығы өнiмiн өңдеу, оны сақтау және тасымалдау базасының дамымауы, салада кiрiстiң төмен болуына байланысты инвестициялар салудың тартымсыздығы ауылдық жердегi халықтың кедейлiгiне әсер етуде.
1.2.4.4. Халық кедейлігiнің экологиялық аспектici
Қолайсыз экологиялық ахуал халықтың кедей топтарының тұрмысына едәуiр әсерiн тигiзуде. Осындай негiзгi факторлар ретiнде судың, ауаның ластануын, шөлейттенудi атауға болады.
Сумен жабдықтау проблемасы мен кедейлiк бір-бірімен өзара байланысты. Қазақстанның көптеген облыстарында халық қауіпсіз ауыз сумен жеткiлiктi мөлшерде қамтамасыз етілмеген. Ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз етудiң орташа республикалық көрсеткішінің жыл сайынғы төмендеуi 3,5%-ға жетiп отыр, бұл халық денсаулығына, атап айтқанда жұқпалы аурулардың, тырысқақ, сүзек, A вирусты гепатитiнiң таралуы салдарынан келеңсіз әсер етуде.