Теңiз кемелерi экипаждарының мүшелерiне диплом беру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 ж. 22 тамыздағы № 936 қаулысы
ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 901 Қаулысымен күші жойылды
«Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Теңiз кемелерi экипаждарының мүшелеріне диплом беру ережесi бекiтілсiн.
2. «Теңiз кемелерiнің басшылық құрамындағы адамдардың атақтары туралы Ереженi бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнің 1994 жылғы 28 ақпандағы № 233 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1994 ж., № 12, 144-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | И. Тасмағамбетов |
Қазақстан Республикасы
Yкіметінiң
2002 жылғы 22 тамыздағы
№ 936 қаулысымен
бекiтілген
Теңiз кемелерi экипаждарының мүшелерiне диплом беру
ЕРЕЖЕСI
1. Жалпы ережелер
1. Осы Теңiз кемелерi экипаждарының мүшелерiне диплом беру ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының және Теңiзшiлердi даярлау, оларға дипломдар беру және вахта атқару туралы 1978 жылғы Халықаралық конвенцияның және осы Конвенцияға 1995 жылғы түзетулердiң (бұдан әрi 1978 жылғы Конвенция) негiзiнде әзiрлендi.
2. Маманның дипломдары, біліктілік және арнайы куәлiктерi:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарына;
2) Қазақстан Республикасының теңiз оқу орындарын бiтiрген шетел азаматтарына;
3) кеме капитаны, капитанның аға көмекшiсi, аға механик және радиомаман лауазымдарына орналасуға құқығы жоқ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы астындағы кемелерде жұмыс iстейтiн немесе жұмыс iстеген шетел азаматтарына;
4) кеме капитаны, капитанның аға көмекшiсi, аға механик және радиомаман лауазымдарына орналасуға құқығы жоқ, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде теңiз оқу орындарын бiтiрген және оны Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес дәлелдеген шетел азаматтарына берiледi.
3. Қазақстан Республикасының Әскери-Теңiз Күштерiнiң туы астында жүзетiн және шекара қызметiнiң теңiз бөлiмдерiнiң кемелерiн, коммерциялық тасымалдармен айналыспайтын серуендiк яхталар мен қарапайым конструкциялы ағаш кемелердi қоспағанда, теңiз кемелерi экипаждарының мүшелерiне маман дипломдарының, біліктілік және арнаулы куәлiктерiнiң мынадай түрлерi берiледi:
1) дипломдар:
кеме жүргiзушiлерiне:
капитан;
капитанның аға көмекшiсi;
капитанның вахталық көмекшiсi;
жалпы сыйымдылығы 500 регистрлiк тоннадан (бұдан әрi - р.т.) кем жағалауға жақын жүзетiн кемелердiң капитаны;
жалпы сыйымдылығы 500 р.т. кем жағалауға жақын жүзетiн кемелер капитанының вахталық көмекшiсi;
кеме механиктерiне:
бiрiншi разрядты;
екiншi разрядты;
үшiншi разрядты;
кеме электромеханиктерiне:
бiрiншi разрядты;
екiншi разрядты;
үшiншi разрядты;
кеме радиомамандарына:
Зiлзала кезiнде және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн ғаламдық теңiздiк байланыс жүйесiнiң (бұдан әрi - ЗҚҒТБЖ) бiрiншi сыныпты радиоэлектроншысы;
ЗҚҒТБЖ екiншi сыныпты радиоэлектроншысы;
ЗҚҒТБЖ операторы;
ЗҚҒТБЖ шектеулі ауданының операторы;
бiрiншi сыныпты радиооператор;
екiншi сыныпты радиооператор;
оператор-радиотелефонист;
кеме дәрiгерi;
2) кеме командасы тұлғалары үшiн біліктілік куәлiктерi:
матрос;
моторист;
токарь-моторист;
электрик;
3) 1978 жылғы Конвенцияның талаптарына сәйкес берiлетiн командалық құрам және кеме командасының тұлғалары үшiн маманның арнайы куәлiктерi.
4. Маманның дипломдарын, біліктілік және арнайы куәлiктерiн жасы 18-ден кем емес, тиiстi теңiз білімi, теңiз кемелеріндегі жұмыс стажы бар, денсаулық жағдайы бойынша жарамды және Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі бекiткен талаптар бойынша біліктілік комиссиясы өткiзетiн емтихандарды тапсырған, тұлғаларға, порттардың Теңiз әкiмшiлiгi бередi. Көрсетiлген емтихандардан оқуды аяқтағаннан кейiн бiр жыл бойы теңiз оқу орындарының түлектерi босатылады.
5. Бiлiктілiк комиссияларын құру, емтихан өткізу, маманның дипломдарын, білiктілік және арнайы куәлiктерiн және дипломдар мен білiктілік куәлiктерiнiң берiлгендiгiн куәландыратын растамаларды беру тәртібін Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі белгiлейдi.
6. Кеменiң экипаж мүшелерiнiң лауазымына орналасу үшiн әскери-теңiз білімi бар тұлғаларға дипломдар мен біліктілік куәлiктерiн беру осы Ережеге сәйкес жүргiзiледi.
7. Теңiз кемелерiнiң капитандары мен басқа да экипаж мүшелерiне берiлген дипломдар осындай дипломдардың берiлгендiгiн куәландыратын, теңiз сауда порттарының капитандары беретiн растамалар бар болған кезде жарамды болып есептеледi.
8. Матростың, мотористiң, токарь-мотористiң және электриктiң біліктілік куәлiктерi бар тұлғаларға жүру тұғырында немесе машиналық үй-жайда вахтаға тұру жөніндегі экипаж мүшелерiнiң мiндеттерiн атқаруға pұқсат етiледi.
9. Капитанның, капитан көмекшiлерiнiң, кеме механиктерi мен кеме электромеханиктерiнiң бұл мамандықтарға оқыту теңiз кемелерiнiң командалық құрамын даярлау бағдарламасына енгiзiлсе, құтқару қайықтары мен салдары бойынша өртпен күрес бойынша маманның арнайы куәлiгi болмауы да мүмкiн.
10. Ерекше жағдайларда, егер бұл адамдарға, мүлiктерге немесе қоршаған ортаға қауiп төндiрмейтiн болса, теңiз порты капитанының шешiмi бойынша теңiз кемелерi командалық құрамының тұлғаларына дипломмен рұқсат етілгенге қарағанда шектеулi мерзiмге бiр санат жоғары лауазымға орналасуға жеңiлдiктi рұқсат (бұдан әрi - жеңiлдiктi рұқсат) етiлуi мүмкiн.
Капитанның немесе аға механиктiң лауазымына орналасу құқығына жеңiлдіктi рұқсат тек төтенше жағдайларда барынша қысқа мерзiмге берiледi.
Егер тұлғаның дипломы болмаса, дипломның болуын талап ететiн ең төменгi лауазымға орналасуға жеңілдiктi рұқсат берiлуi мүмкiн.
Жеңілдiктi рұқсаттар теңiзде жүзу қауiпсiздiгi жөніндегі талаптарды орындау үшiн маманның жеткiлiктi біліктілігi мен тәжiрибесi болған кезде 6 айдан артық емес мерзiмге берiледi.
Теңiз көлiгi ұйымдарының басшылары мен теңiз кемелерiнiң капитандары маманның дипломы, біліктілік немесе арнайы куәлiгi не жеңілдiктi рұқсаты жоқ тұлғаларды жұмысқа жiберуге құқығы жоқ.
Жеңілдiктi рұқсаттарды беру туралы ақпаратты теңiз порттарының капитандары Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігіне ай сайын берiп отырады.
11. Маманның дипломдары, олардың берiлгендiгiн куәландыратын растамалар біліктілік және арнайы куәлiктер:
1) адам өмiрiне тiкелей қауiп төнген;
2) мүлiк сақталмаған;
3) теңiздiк қоршаған ортаға залал келтiрген жағдайларда теңiз кемелерiнiң экипаждары мүшелерінің құзыретсіздігі немесе өз мiндеттерiн тиiсiнше атқармауы салдарынан порт капитандарының оларды алып қоюы, күшiн жоюы немесе олардың қолданылуын тоқтата тұруы мүмкін.
12. Шет мемлекеттерi - 1978 жылғы Конвенцияға қатысушылар берген капитандардың және командалық құрам тұлғаларының дипломдарын тану Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі белгiлеген ережелер бойынша растамаларды беру арқылы жүзеге асырылады.
2. Дипломдарды алу үшiн қойылатын талаптар
Кеме жүргiзушілерiнiң дипломдары
13. Капитанның вахталық көмекшiсiнiң дипломын алу үшiн:
1) оқу орындарының жоспарларына сәйкес капитанның, дипломы бар маманның немесе біліктi практика жетекшiсiнiң басқаруымен 12 айдан кем емес, соның iшiнде жалпы сыйымдылығы 500 р.т. және одан да көп өзi жүзетiн кемелердiң жүргiзу тұғырында вахтада тұру жөніндегі мiндеттердi атқарумен 6 айдан кем емес палубалық команда құрамында өзi жүзетiн кемелерде жүзу стажы. Практикадан өту Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі бекiткен нысан бойынша тiркеу кiтабына тiркелiп отырылуы тиiс;
2) кемелiк радиомаманның дипломы;
3) "Радиолокациялық қадағалау және бағыт сiлтеу" және "Автоматтандырылған радиолокациялық бағыт сiлтеу жүйесiн пайдалану" бағдарламалары бойынша тренажерлiк дайындықтан өткенi туралы оқу орны немесе сертификатталған оқу орталығы берген куәлiгi.
14. Капитанның аға көмекшiсi дипломын алу үшiн:
1) капитанның вахталық көмекшiсiнiң дипломы;
2) кемелiк радиомаманның дипломы;
3) жалпы сыйымдылығы 500 р.т. кем емес өзi жүзетiн кемелерде капитанның вахталық көмекшiсiнiң мiндеттерiн атқарумен 12 айдан кем емес жұмыс стажы болуы қажет.
15. Капитанның дипломын алу үшiн:
1) капитанның аға көмекшiсiнiң дипломы;
2) кемелiк радиомаманның дипломы;
3) жалпы сыйымдылығы 500 р.т. және одан да көп өзi жүзетiн кемелерде капитанның аға көмекшiсiнiң лауазымында 12 айдан кем емес жұмыс стажы болуы қажет.
16. Жалпы сыйымдылығы 500 р.т. кем емес жағалауға жақын жүзетiн кемелер капитанының вахталық көмекшiсi дипломын алу үшiн:
1) өзi жүзетiн кемелерде 12 айдан кем емес, соның iшiнде капитанның, дипломы бар маманның немесе біліктi практика жетекшiсiнiң басқаруымен жүргiзу тұғырында вахтада тұру жөніндегі мiндеттердi атқарумен кемiнде 6 ай жүзу стажы;
2) кемелiк радиомаманның дипломы;
3) "Радиолокациялық қадағалау және жол сiлтеу" бағдарламасы бойынша тренажерлiк дайындығы болуы қажет.
17. Жалпы сыйымдылығы 500 р.т. кем емес жағалауға жақын жүзетiн кемелер капитаны дипломын алу үшiн:
1) капитанның вахталық көмекшiсiнiң немесе жалпы сыйымдылығы 500 р.т. кем емес кемелер капитаны вахталық көмекшiсiнiң дипломы;
2) кемелік радиомаманның дипломы;
3) өзi жүзетiн кемелердегi капитанның көмекшiсi лауазымындағы 12 айдан кем емес жұмыс стажы.
18. Кеме жүргiзушiлердiң дипломдары бар тұлғаларға:
1) капитанның вахталық көмекшiсiне - кез келген кемелерде капитанның вахталық көмекшiсi лауазымына немесе жалпы сыйымдылығы 500 р.т. кем емес жағалауға жақын жүзетiн кемелер капитанының аға көмекшiсi лауазымына орналасуға;
2) капитанның аға көмекшiсiне - қоса алғанда кез келген кемелерде капитанның аға көмекшiсiне дейiнгi лауазымға орналасуға;
3) капитанға - қоса алғанда кез келген кемелерде, соның iшiнде жағалауға жақын жүзетiн кемелерде капитанға дейiнгi лауазымға орналасуға;
4) жалпы сыйымдылығы 500 р.т. кем жағалауға жақын жүзетiн кемелер капитанының вахталық көмекшiсiне - жалпы сыйымдылығы 500 р.т. кем жағалауға жақын жүзетiн кемелерде капитанның вахталық көмекшiсi лауазымына немесе осы кемелерде капитанның вахталық көмекшiсiнiң мiндеттерiн атқарумен өзi жүзетiн кемелерде 12 айдан кем емес жұмыс стажын растайтын құжаты бар болған кезде капитанның аға көмекшiсi лауазымына орналасуға;
5) жалпы сыйымдылығы 500 р.т. кем жағалауға жақын жүзетiн кемелер капитанына - жалпы сыйымдылығы 500 р.т. кем жағалауға жақын жүзетiн кемелер капитанының лауазымына орналасуға рұқсат етiлуі мүмкiн.
Жағалауға жақын жүзу болып, шығу пунктiнен 150 теңiз милясынан кем және жағалаудан 30 теңiз милясына дейiнгi ең қысқа жол бойынша бiр бағытта Қазақстан Республикасының жағалауымен бойлай жүзу есептеледi.
Кемелер механиктерiнiң дипломдары
19. Yшiншi разрядты кеме механигiнiң дипломын алу үшiн кемелiк техникалық құралдарға қызмет көрсету жөніндегі мiндеттердi орындаумен машина командасының құрамында өзi жүзетiн кемелерде 6 айдан кем емес жүзу стажы және оқу орындарының жоспарларына сәйкес кеме жөндеу жөніндегі өндiрiстiк практикадан өткені туралы куәлiктiң болуы қажет. Практикадан өту Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігі бекiткен нысан бойынша тiркеу кiтабына тiркелiп отырылуы тиiс.
20. Екiншi разрядты кеме механигiнiң дипломын алу үшiн үшiншi разрядты кеме механигiнiң дипломымен және бас қозғалтқыштарының жалпы қуаты 750 кВт-тан кем емес кемелерде вахталық механиктiң мiндеттерiн орындаумен өзi жүзетiн кемелерде 12 айдан кем емес жүзу стажы болуы қажет.
21. Бiрiншi разрядты кеме механигiнiң дипломын алу үшiн өзi жүзетiн кемелерде 36 айдан кем емес, оның iшiнде екiншi разрядты кеме механигiнiң дипломымен 12 айдан кем емес, және бас қозғалтқышының жалпы қуаты 750 кBт және одан артық кемелерде аға механиктiң мiндеттерiн орындаумен және/немесе бас қозғалтқыштарының жалпы қуаты 3000 кBт және одан артық кемелерде екiншi механиктiң мiндеттерiн орындаумен жұмыс стажы болуы қажет.
22. Кеме механигiнiң дипломы бар тұлғаларға:
1) үшiншi разрядты кеме механигiне:
бас қозғалтқышының жалпы қуаты 750 кBт-тан кем кемелерде қоса алғанда аға механикке дейiнгi лауазымға орналасуға;
бас қозғалтқыштарының жалпы қуаты 3000 кВт-тан кем кемелерде бас қозғалтқышының жалпы қуаты 750 кBт және одан артық кемелерде вахталық механиктiң мiндеттерiн орындаумен 12 айдан кем емес, оның iшiнде үшiншi механиктiң лауазымындағы, 8 айдан кем емес жұмыс стажын растайтын құжаты болған кезде екiншi механиктiң лауазымына орналасуға;
кез келген кемелерде қоса алғанда үшiншi механиктiң лауазымына орналасуға;
2) екiншi разрядты кеме механигiне:
бас қозғалтқыштарының жалпы қуаты 3000 кBт-тан кем кемелерде бас қозғалтқышының жалпы қуаты 750 кBт және одан артық кемелерде екiншi механиктiң лауазымындағы 12 айдан кем емес жұмыс стажын растайтын құжаты болған кезде аға механиктiң лауазымына орналасуға;
кез келген кемелерде қоса алғанда екiншi механиктiң лауазымына орналасуға;
3) бiрiншi разрядты кеме механигiне - кез келген кемеде мамандығы бойынша кез келген лауазымға орналасуға рұқсат етілуi мүмкін.
Кеме электромеханиктерiнiң дипломдары
23. Үшiншi разрядты кеме электромеханигiнiң дипломын алу үшiн кемелiк электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі мiндеттердi орындаумен машина командасының құрамында өзi жүзетiн кемелерде 6 айдан кем емес жүзу стажының болуы және оқу орындарының жоспарларына сәйкес кеме жөндеу жөніндегі өндiрiстiк практикадан өтуі қажет.
24. Екiншi разрядты кеме электромеханигiнiң дипломын алу үшiн үшiншi разрядты кеме электромеханигiнiң дипломымен электромеханиктiң лауазымында қуаты 750 кВт және одан артық электр жабдығы бар өзi жүзетiн кемелерде 12 айдан кем емес жүзу стажы болуы қажет.
25. Бiрiншi разрядты кеме электромеханигiнiң дипломын алу үшін екiншi разрядты кеме электромеханигiнiң дипломымен электромеханиктiң лауазымында қуаты 1500 кBт және одан артық электр жабдығы жоқ өзi жүзетiн кемелерде 24 айдан кем емес жүзу стажы болуы қажет.
26. Кеме электромеханигiнiң дипломы бар тұлғаларға:
1) үшiншi разрядты кеме электромеханигiне:
қуаты 3500 кВт-тан кем электр жабдығымен көсулiк электр қозғалтқыштары жоқ кемелерде электромеханиктiң лауазымына орналасуға;
жалпы қуаты 750 кВт және одан артық көсулiк электрқозғалтқыштары бар кемелерде үшiншi электромеханиктiң мiндеттерiн орындаумен 12 айдан кем емес жұмыс стажын растайтын құжаты болған кезде жалпы қуаты 3000 кBт-тан кем көсулiк электрқозғалтқыштары бар кемелерде екiншi электромеханиктiң лауазымына орналасуға;
көсулiк электрқозғалтқыштары жоқ кемелерде екiншi электромеханиктiң лауазымына орналасуға;
кез келген кемелерде қоса алғанда үшiншi электромеханиктiң лауазымына дейiн орналасуға;
2) екiншi разрядты кеме электромеханигiне:
жалпы қуаты 750 кВт және одан артық көсу электрқозғалтқыштары бар кемелерде екiншi электромеханиктiң мiндеттерiн орындаумен 12 айдан кем емес жұмыс стажын растайтын құжаты болған кезде қуаты 3000 кBт-тан кем көсулiк электрқозғалтқыштары бар кемелерде аға электромеханиктiң лауазымына орналасуға;
қуаты 5000 кBт-тан кем электр жабдығы бар көсулiк электрқозғалтқыштары жоқ кемелерде аға электромеханиктiң лауазымына орналасуға;
кез келген кемелерде қоса алғанда екiншi электромеханиктiң лауазымына дейiн орналасуға;
3) бiрiншi разрядты кеме электромеханигiне кез келген кемеде мамандығы бойынша кез келген лауазымға орналасуға рұқсат етiлуi мүмкін.
Кеме радиомамандарының дипломдары
27. Кеме операторы-радиотелефонисiнiң дипломын алу үшiн теңiз оқу орнында немесе оқу жоспарына сәйкес осы мамандық бойынша оқу орталығында дайындықтан өту қажет.
28. Екiншi сыныпты кемелiк радиооператордың дипломын алу үшін:
жоғары немесе орта теңiздiк арнаулы білімi;
оқу практикасын қоса алғанда, мамандығы бойынша жұмыстарды орындаумен кемелерде 6 айдан кем емес жұмыс стажы болуы қажет.
29. Бiрiншi сыныпты кемелiк радиооператордың дипломын алу үшін:
екiншi сыныпты кемелiк радиооператордың дипломы;
орта білімi бар тұлғалар үшiн радиомаманның жұмысын орындаумен кемелерде 18 айдан кем емес, жоғары білімдiлер үшiн - 12 айдан кем емес жұмыс стажы болуы қажет.
30. ЗҚҒТБЖ шектеулi ауданы кеме операторының дипломын алу үшiн кеме жүргiзу мамандығы бойынша жоғары немесе орта теңiздiк арнайы білiмi болуы және оқу жоспарына сәйкес ЗҚҒТБЖ оқу-тренажерлiк орталығында дайындықтан өтуі қажет.
31. ЗҚҒТБЖ кеме операторының дипломын алу үшiн:
кеме жүргiзу мамандығы бойынша жоғары немесе арнайы орта теңiздiк білімi;
жедел радио байланыспен байланысты мамандық бойынша жұмысты орындаумен кемелерде 6 айдан кем емес жұмыс стажы болуы және оқу жоспарына сәйкес ЗҚҒТБЖ оқу-тренажерлiк орталығында дайындықтан өтуi қажет.
32. Екiншi сыныпты ЗҚҒТБЖ кемелiк радиоэлектроншының дипломын алу үшiн мыналар қажет:
1) жоғары теңiздiк радиотехникалық білімi бар тұлғалар үшiн:
радиооператордың не радиостанция бастығының лауазымында кемелерде 6 айдан кем емес жұмыс стажының болуы немесе жұмысты атқарумен;
оқу жоспарына сәйкес бойынша ЗҚҒТБЖ оқу-тренажерлiк орталығында дайындықтан өтуi;
2) орта теңiздiк радиотехникалық білімi бар тұлғалар үшiн:
радиостанция бастығының лауазымында кемелердегi 24 айдан кем емес жұмыс стажының болуы;
оқу жоспарына сәйкес ЗҚҒТБЖ оқу-тренажерлiк орталығында дайындықтан өтуi және оқу жоспарына сәйкес жоғары теңiз оқу орны жанындағы арнайы білiктілік көтеру курстарында оқуы.
33. Бiрiншi сыныпты ЗҚҒТБЖ кемелiк радиоэлектроншының дипломын алу үшiн мыналардың болуы қажет:
жоғары теңiздiк радиотехникалық білімi туралы диплом;
екiншi сыныпты ЗҚҒТБЖ кемелік радиоэлектроншының дипломы;
мамандығы бойынша жұмысты атқарумен ЗҚҒТБЖ аппаратурасымен жабдықталған кемелерде 24 айдан кем емес жұмыс өтілі;
34. Кемелiк радиомамандардың дипломы бар тұлғаларға:
1) кемелiк оператор-радиотелефоншыға радиотелефон қондырғымен жабдықталған жалпы сыйымдылығы 300 р.т. кем кемелерде оператор-радиотелефоншының лауазымына орналасуға;
2) екiншi сыныпты кемелiк радиооператорға жалпы сыйымдылығы 300 р.т. кем кемелерде мамандығы бойынша лауазымға орналасуға;
3) бiрiншi сыныпты кемелiк радиооператорға жалпы сыйымдылығы 300 р.т. кем кемелерде мамандығы бойынша лауазымға орналасуға;
4) екiншi сыныпты ЗҚҒТБЖ кемелiк радиоэлектроншыға жалпы сыйымдылығы 20000-ға дейiнгi жүк кемелерiнде және ЗҚҒТБЖ талаптарына сәйкес жабдықталған сыйымдылығы 250 жолаушыға дейiнгi жолаушылар кемелерiнде капитанның радиоэлектроника жөнiндегі көмекшiсi лауазымына орналасуға;
5) бiрiншi сыныпты ЗҚҒТБЖ кемелiк радиоэлектроншыға ЗҚҒТБЖ талаптарына сәйкес жабдықталған кез келген жүк және жолаушылар кемелерiнде капитанның радиоэлектроника жөніндегі көмекшiсi лауазымына орналасуға рұқсат етiледi.
Кеме командасының біліктілік куәлiктерi
35. Теңiзшiнiң, моторшының, токарь-моторшының, электриктiң біліктілік куәлiгiн алу үшiн:
1) оқу жоспарына сәйкес тиiстi мамандық бойынша оқу орталығында дайындықтан өту;
2) теңiз кемесіндегі кемiнде 2 ай жұмыс стажын қоса алғанда, жағада немесе кемеде арнайы дайындықтан өту қажет.