289-бап. Регрестiк талаптар
1. Басқа адамның мiндеттемесiн орындаған борышқор орындалған мiндеттеме мөлшерiнде сол адамға керi талап (регресс) қоюға құқылы.
Үшiншi адамның әрекеттерi салдарынан мiндеттеменi орындамаған борышқор осы адамнан залалдарын талап етуге құқылы.
2. Ортақтасқан мiндеттеменi орындаған борышқор қалған борышқорлардың әрқайсысына оның өзiне тиесiлi үлесiн шегерiп, тең үлеспен керi талап қоюға құқылы.
Борышқорлардың бiреуi ортақтасқан мiндеттi орындаған борышқорға төлемегенi осы борышқорға және қалған борышқорларға тең үлесте түседi.
Осы тармақтың ережелерi борышқорлардың бiреуiнiң қарсы талабы есептеле отырып, тиiсiнше ортақтасқан мiндеттемелердi тоқтату кезiнде қолданылады.
3. Борышқордың орындағанын қабылдаған ортақтас несие берушi басқа несие берушiлерге, егер олардың арасындағы қатынастардан өзгеше туындамаса, оларға тиесiлi үлестерiн өтеуге мiндеттi.
290-бап. Мiндеттеменiң орындалғанын куәландыру
1. Мiндеттеменiң орындалғанын қабылдай отырып, несие берушi борышқордың талап етуi бойынша оның толық немесе бiр бөлiгi орындалғаны жөнiнде оған қолхат беруге мiндеттi.
Егер борышқор мiндеттеменi куәландыру үшiн несие берушiге борыш құжатын берсе, несие берушi оның орындалғанын қабылдай отырып, құжатты борышқорға қайтаруға тиiс. Қайтарып беру мүмкiн болмаған жағдайда ол мұны өзi беретiн қолхатта көрсетуге мiндеттi.
Қолхат борышқорға қайтарылған борыш құжатындағы жазумен алмастырылуы мүмкiн.
2. Борышқорда борыш құжатының болуы, өзгеше дәлелденгенге дейiн мiндеттеменiң тоқтатылғанын куәландырады.
3. Несие берушi мiндеттеменiң орындалғаны туралы қолхат беруден, борыш құжатын қайтарудан немесе оны қайтарудың мүмкiн еместiгiн қолхатта атап көрсетуден бас тартқан жағдайда борышқор оны орындауды кiдiрте тұруға құқылы. Бұл ретте несие берушi мерзiмiн өткiзiп алушы деп есептеледi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211 Заңдарымен 291-бап өзгертiлдi; 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 291-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
291-бап. Борышты төлеу арқылы міндеттемені орындау
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Егер борышқор:
1) несие берушiнiң немесе орындалған iстi қабылдауға өзi уәкiлдiк берген адамның мiндеттеме орындалуға тиiстi жерде болмауы;
2) несие берушiнiң әрекет қабiлетсiздiгi және оның өкiлiнiң болмауы;
3) мiндеттеме бойынша атап айтқанда, бұл мәселе жөнiнде несие берушi мен басқа адамдар арасындағы дауға байланысты несие берушiнiң кiм екенi жайында анық айқындық болмауы;
4) несие берушiнiң орындалған iстi қабылдаудан жалтаруы немесе оның тарапынан өзге мерзiмiн өткiзiп алушылық салдарынан борышқор мiндеттеменi орындай алмаса, борышқор мiндеттемелерiн орындау үшiн өзiнен алынатын ақшаны депозит шарттарында, ал бағалы қағаздарды нотариустың атына сақтау шарттарында, ал заң құжаттарымен белгiленген жағдайларда соттың атына орналастыруға құқылы.
Егер борышкер мен кредитор арасындағы нотариат куәландырған шартта міндеттемені орындау тәсілі ретінде нотариус депозитіне ақша орналастыру көзделген болса, борышкер міндеттемелерін орындау үшін өзінен алынатын ақшаны депозит шарттарында нотариустың атына орналастыруға да құқылы.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Ақша сомасын немесе бағалы қағаздарды депозит шарттарында салу немесе нотариустың немесе соттың атына сақтау мiндеттеменiң орындалғаны болып есептеледi.
Ақша немесе бағалы қағаздар атына салынған нотариус немесе сот бұл туралы несие берушiлерге хабарлайды.
Борышкердің ақшаны және бағалы қағаздарды нотариустың атына орналастыру, оларды кредиторға беру шарттары, сондай-ақ депозит пен сақтаудың басқа да шарттары Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасында белгіленеді.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздердің салдарынан орындалуы мүмкін емес бағалы қағаздар нарығындағы жекелеген міндеттемелерді орындау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
18-тарау. Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету
1. Жалпы ережелер
ҚР 2005.08.07. № 72-III Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 292-бап өзгертiлдi
292-бап. Мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету әдiстерi
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
1. Міндеттемені орындау Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген тұрақсыздық айыбымен, кепілмен, борышкердің мүлкін ұстап қалумен, кепілгерлікпен, кепілдікпен, кепілпұлмен, кепілдік жарнамен, қамтамасыз ету ақысымен және басқа да тәсілдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.
Бағалы қағаздар бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету тәсiлдерi Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi реттейтiн заң актілерінде белгiленедi.
2. Мiндеттеменi қамтамасыз ету туралы келісімнiң жарамсыздығы бұл мiндеттеменiң (негiзгi мiндеттеменiң) жарамсыздығына әкелiп соқтырмайды.
3. Негiзгi мiндеттеменiң жарамсыздығы оны қамтамасыз ететiн мiндеттеменi жарамсыз етедi.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
4. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, негізгі міндеттеменің тоқтатылуы оны қамтамасыз ететін міндеттеменің тоқтатылуына алып келеді.
§ 2. Айып төлеу
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 293-бап өзгертiлдi
293-бап. Айып төлеу ұғымы
Борышқор мiндеттемесiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, атап айтқанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алған ретте несие берушiге төлеуге мiндеттi, заңдармен немесе шартпен белгiленген ақша сомасы айып төлеу (айыппұл, өсiм) деп танылады. Айып төлеу туралы талап бойынша несие берушi оған келтiрiлген залалдарды дәлелдеуге мiндеттi емес.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 294-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
294-бап. Айып төлеу туралы келісімнiң нысаны
Айып төлеу туралы келісім, негiзгi мiндеттеменiң нысанына қарамастан, жазбаша түрде жасалуға тиiс.
Жазбаша нысанды сақтамау тұрақсыздық айыбы туралы келiсiмнiң маңызсыздығына алып келеді.
295-бап. Заңды айып төлеу
1. Несие берушi тараптардың келісімiнде айып төлеу мiндетi көзделген-көзделмегенiне қарамастан, заңдарда белгiленген айып төлеудi (заңды айып төлеудi) талап етуге құқылы.
2. Егер заңдарда тыйым салынбаса, тараптардың келісімiмен заңды айып төлеу мөлшерi көбейтiлуi мүмкiн.
296-бап. Айып төлеу мөлшерi
Айып төлеу мөлшерi нақты ақша сомасында немесе орындалмаған не тиiсiнше орындалмаған мiндеттеме сомасына шаққандағы процентпен белгiленедi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 297-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
297-бап. Тұрақсыздық айыбының мөлшерiн азайту
Егер төленуге тиiстi тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсiмпұл) кредитордың шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болса, сот борышкердің талабы бойынша борышкердің мiндеттеменi орындау дәрежесiн және борышкер мен кредитордың назар аударуға лайықты мүдделерiн ескере отырып, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсiмпұлды) азайтуға құқылы.
298-бап. Айып төлеудi өндiрiп алу негiздерi
Мiндеттеменi бұзғаны үшiн борышқор жауапқа тартылатын жағдай болған кезде мiндеттеменiң орындалмағаны немесе тиiсiнше орындалмағаны үшiн айып өндiрiп алынады (осы Кодекстiң 359-бабы).
§ 3. Кепіл
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 17.01.02 ж. № 285-II Заңдарымен 299-бап өзгертiлдi
299-бап. Кепiл ұғымы
1. Мiндеттемеге сәйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) борышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған ретте кепiлге салынған мүлiк құнынан осы Кодексте белгiленген алып тасталатындарды қоспай, осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай әдiсi кепiл деп танылады.
Кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiк, кiмнiң пайдасына сақтандырылғанына қарамастан, оның жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн, егер жоғалу немесе бүлiну кепiл ұстаушы жауап беретiн себептер бойынша болмаса, сақтандыру өтемiнен сол бұрынғы негiзде қанағаттандырылуға құқығы бар.
2. Кәсiпорындар, үйлер, ғимараттар, пәтерлер, жер учаскелерiне және басқа қозғалмайтын мүлiкке құқықтар (ипотека) кепiлi қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Қазақстан Республикасы Заңымен реттеледi. Ипотека туралы Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше ережелер белгiленбеген реттерде ипотекаға осы Кодекстегi кепiл туралы жалпы ережелер қолданылады.
3. Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелерінің, ішкі суда жүзетін кемелердің, «өзен-теңізде» жүзетін кемелердің кепілі (кемелер ипотекасы) Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерімен реттеледі. Осы Кодекстегі кепіл туралы жалпы ережелер Қазақстан Республикасының арнайы заң актілерінде өзге ережелер көзделмеген жағдайда кемелер ипотекасына қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптар жасалып жатқан теңіз кемелеріне, ішкі суда жүзетін кемелерге, «өзен-теңізде» жүзетін кемелерге де қолданылады.
300-бап. Кепiлдiң пайда болу негiздерi
1. Кепiл шартқа сәйкес пайда болады. Кепiл заң құжаттарының негiзiнде, егер заң құжаттарында қандай мүлiк және қандай мiндеттеменiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн кепiлде жатқан деп танылатыны көзделсе, оларды көрсетiлген мiндеттемелердiң пайда болуы кезiнде де туындайды.
2. Осы Кодекстiң шартқа сәйкес пайда болатын кепiл туралы ережелерi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, тиiсiнше заң құжаттары негiзiнде пайда болған кепiлге сәйкес қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154; 02.03.98 ж. 211 Заңдарымен; 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 301-бап өзгертiлдi
301-бап. Кепiл мәні
1. Кез келген мүлiк, оның ішінде айналымнан алынған заттарды (осы Кодекстiң 116-бабының 2-тармағы), кредитордың жеке басымен тығыз байланысты талаптарды, атап айтқанда алименттер, өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды және оларды басқа тұлғаға беруге заңнамалық актілермен тыйым салынған өзге де құқықтарды қоспағанда, заттар және мүлiктiк құқықтар (талаптар) кепiл мәні болуы мүмкін.
2. Кепiл құқығы келешекте кепiлге берушінің меншiгiне немесе шаруашылық жүргізуіне түсетiн мүлiкке шарт бойынша қолданылуы мүмкiн.
3. Өндіріп алуға жол берілмейтін мүліктің жекелеген түрлерін, атап айтқанда, азаматтардың мүлкін кепілге қоюға заңнамалық актілермен тыйым салынуы немесе ол шектелуі мүмкін.
4. 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. ҚР 2005.08.07. № 72-III Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңымен 302-бап өзгертiлдi
302-бап. Кепiл арқылы қамтамасыз етiлетiн талаптар
1. Егер шартта немесе заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, кепiл талапты оның нақты қанағаттандырылатын кезіндегі көлемдi сыйақыны (мүдденi) қоса алғанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алу арқылы келтiрiлген шығындардың өтелуiн, айып (айыппұл, өсiм) салуды, кепiлге салынған мүлiктi ұстау жөніндегі қажеттi шығындарды, сондай-ақ өндiрiп алу жөніндегі шығындарды өтеудi қамтамасыз етедi.
2. Егер тараптар мұндай талаптарды кепiл арқылы қамтамасыз ету мөлшерi туралы уағдаласқан жағдайда кепiл болашақта пайда болатын тараптарға қатысты белгiленуi мүмкiн.
11.07.97 ж. № 154; 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 303-бап өзгертiлдi; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 303-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
303-бап. Кепiл түрлерi
1. Ипотека - кепiлге салынған мүлiк кепiл салушының немесе үшiншi бiр жақтың иелiгiнде және пайдалануында қалатын кепiл түрi.
Кәсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлi үйдегi пәтерлер, көлiк құралдары, ғарыш объектiлерi, айналымдағы тауарлар және азаматтық айналымнан алынбаған басқа да мүлiк ипотека мәнi бола алады.
Бөлiнетiн жемiстер бөлген кезден бастап үшiншi жақтың құқықтарының объектiсi болмайтын жағдайда ғана олар ипотека мәнi бола алады. Кәсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пәтерлi үйдегi пәтерлер, көлiк құралдары мен ғарыш объектiлерi ипотекасы осындай объектiлердi тiркеудi жүзеге асыратын органдарда тiркелуге тиiс.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
2. Кепiлзат - кепiлге салынған мүлiктi кепiл берушi кепiл ұстаушының иелiгiне беретiн кепiл түрi.
Кепiл ұстаушының келiсiмiмен кепiл нысанасы кепiл ұстаушының құлпы салынып, кепiл берушіде қалдырылуы мүмкiн. Кепiл нысанасы кепiл туралы куәландырылатын белгiлер салынып (анық кепiл), кепiл берушiнiң иелiгiнде қалдырылуы мүмкiн.
3. Құқықтарды кепiлге салу кезiнде иелiктен айырылуы мүмкiн мүлiктiк құқықтар, атап айтқанда, кәсiпорындарды, құрылыстарды, үйлердi, ғимараттарды жалға беру құқықтары, шаруашылық серiктестiк мүлкіндегі үлеске құқық, борыштық талап қою, авторлық, өнертапқыштық және өзге де мүлiктiк құқықтар кепiл мәнi болып табылады.
Жер учаскесiне құқықтарды, сондай-ақ өзге табиғи ресурстарға құқықтарды кепiлге беруге, жер және өзге табиғи ресурстық заңдарда белгiленген шектер мен ережелер бойынша жол берiледi.
Мерзiмдi құқық оның әрекет жасау мерзiмi бiткенге дейiн ғана кепiл мәнi бола алады.
Кепiл құқығының борышқоры кепiл туралы хабардар болуға тиiс.
Егер кепiлге салынатын құқық құжатпен расталатын болса, кепiл шарты құқық белгiлеушi құжатты беру арқылы ресiмделуi мүмкiн.
3-1. Банктiк салым кепiлге қойылған кезде салымшының банктiк салым шарты бойынша құқықтары кепiлге ұсынылады. Кепiл берушi-салымшы кепiл ұстаушы туралы мәліметтерді көрсете отырып, банктік салым кепілі туралы банкке жазбаша хабарлауға міндетті.
4. Бағалы қағаздар кепiлi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
5. Егер кепіл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепіл нысанасы болып табылатын ақша банкке орналастырылады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы ақша үшiн алынатын сыйақы (мүдде) кепiл берушіге тиесiлi болады.
Ақша кепіл ұстаушыға немесе өзге тұлға кепіл ақшаны пайдалану мүмкіндігін шектейтін шарттарды сақтаған кезде (банк сейфіне, сейфтің ұяшығына, сақтауға арналған жеке үй-жайда сақтауға беру) осы тұлғаға берілуі мүмкін. Осындай тұлғаның кепіл ақшаны пайдалану жөніндегі шектеулерді орындамауы оның ақша берілген кезден бастап негізсіз байығаны үшін жауаптылығына негіз болып табылады.
304-бап. Ортақ меншiктегi мүлiктi кепiлге беру
Ортақ меншiктi құрайтын мүлiк кепiлге барлық меншiк иелерiнiң келiсуiмен ғана берiлуi мүмкiн. Ортақ мүлiктегi үлеске құқық кепiлдiң дербес мәнi бола алады.
305-бап. Кепiл берушi
1. Борышқордың өзi де, үшiншi жақ та кепiл берушi болуы мүмкiн.
2. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, заттың меншiк иесi не меншiк иесiнiң келісімiмен оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар адам заттың кепiл берушiсi бола алады.
3. Кепiлге салынатын құқыққа ие адам құқықты кепiлге берушi бола алады.
Жалға беру құқығын немесе бөтен адамның затына өзге құқықты оны меншiктенушiнiң немесе оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар жақтың келісімiнсiз, егер заң құжаттарында немесе шартта аталған жақтардың келісімiнсiз бұл құқықты иелiктен айыруға тыйым салынған болса, кепiлге салуға жол берiлмейдi.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 305-1-баппен толықтырылды
305-1-бап. Тең кепіл ұстаушылар
1. Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шарттарда көзделген жағдайларда бір қарыз шарты бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ететін кепіл нысанасы бір борышкердің бірнеше кепіл ұстаушының (тең кепіл ұстаушының) алдындағы міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін олардың кепілінде болуы мүмкін.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе шарттарда өзгеше белгіленбесе, тең кепіл ұстаушылардың әрқайсысы өзінің кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшері шегінде кепіл ұстаушының құқықтары мен міндеттерін дербес жүзеге асырады.
2. Кепіл нысанасын өткізуден түскен ақша негізгі міндеттеме бойынша кредиторлар болып табылатын тең кепіл ұстаушылар арасында, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, олардың кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшерлеріне пропорционалды түрде бөлінеді.
Кепіл нысанасы өткізілмеген жағдайда оған өндіріп алу қолданылған кезде кепіл нысанасы, егер тең кепіл ұстаушылардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, олардың кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшерлеріне пропорционалды түрде олардың үлестік меншігіне түседі.
Осы баптың ережелері келесі кепілге (қайта салынған кепілге) қолданылмайды.
ҚР 18.12.00 ж. № 128-II Заңымен 306-бап өзгерді
306-бап. Кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру
1. Кепiл ұстаушыға оның иеленуiне берiлген кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру мiндетi шартпен немесе заң құжаттарымен жүктелуi мүмкiн.
Кепiл берушiнiң пайдалануында қалатын кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру кепiл берушiге жүктеледi.
2. Сақтандыру жағдайы туған кезде кепiл берушiнiң кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру шарты бойынша талап ету құқығы одан кепiл ұстаушы бас тартқан ретте ғана пайда болады.
Егер сақтандыру төлемінің сомасы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме сомасынан асып кетсе, кепiл ұстаушы оны алған кезден бастап банктiк үш күннiң iшiнде кепiл берушiге айырмасын аударуға мiндеттi.
2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 307-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
307-бап. Кепiл туралы шарттың мазмұны мен нысаны
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 1-тармақ өзгертілді; 2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Кепiл туралы шартта кепiл нысанасы, кепiлмен қамтамасыз етiлетiн мiндеттеменiң мәнi, мөлшерi немесе ең жоғары сомасы және орындалу мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Егер кепіл нысанасы жылжымайтын мүлік болған жағдайда, кепіл туралы шартта оның бағасы көрсетілуге тиіс.
Кепілмен қамтамасыз етудің нақты сипаттамасы талап етілместен және кепіл нысанасы бағаланбастан, кепіл нысанасы болып табылатын жылжымалы мүліктің және (немесе) жылжымалы мүліктің жекелеген санаттарының (машина жабдығын және материалдық айналым құралдарының қорларын қоса алғанда) кепіл нысанасының жалпы сипаттамасы болуы мүмкін.
Кепіл туралы шартта кепiлге салынған мүлiк тараптардың қайсысында екендігі және оны пайдалануға болатындығы да көрсетiлуге тиiс.
Кепіл нысанасын бағалау теңгемен көрсетіледі және егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, тараптардың келісімімен айқындалуы мүмкін. Шетелдік валютада міндеттемені қамтамасыз ететін кепіл нысанасын бағалау теңгемен және кепіл туралы шарт жасасылған күнгі валютаны айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша міндеттеме валютасымен көрсетіледі.
2. Кепiл туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиiс.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарындағы қағидаларды сақтамау кепiл туралы шарттың маңызсыздығына алып келеді.
ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 308-бап толықтырылды; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 308-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
308-бап. Кепiлдi тiркеу
1. Егер осы Кодекстен өзгеше туындамаса, тiркелуге жататын мүлiкті кепiлге салу осы мүлiктiң тiркелуін жүзеге асыратын органда тiркелуге тиiс.
Жылжымайтын мүлiк кепiлi жылжымайтын мүлiкке құқықтардың тiркелуін жүзеге асыратын органда мемлекеттік тiркелуге жатады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кепiл нысанасының өзгеруі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда басқа да өзгерістер тiркелуге жатады.
Міндетті тiркелуге жатпайтын кепiлдiң өзгеруі қатысушылардың қалауы бойынша тіркелуі мүмкін.
3. Кепiлдi тоқтату туралы жазба тiзiлiмге:
1) негiзгi мiндеттеменiң орындалуына байланысты кепiл ұстаушының өтiнiшi негiзiнде кепiлдi тоқтатуды тiркеу кезiнде;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртiппен кепiл нысанасынан ақы өндiрiп алу кезiнде;
3) кепiл шартының бұзылуына байланысты кепiлдi тоқтатуды тiркеу кезiнде;
4) осы Кодексiнiң 322-бабында көзделген өзге де негiздер бойынша кепiлдi тоқтату кезiнде енгiзiледi.
4. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындаған кепiл берушi тiзiлiмдегi кепiл туралы жазбаның жойылуын талап етуге құқылы. Кепiл ұстаушы кепiл берушiнiң талабы бойынша тiркеудi жүргiзетiн органға қажеттi құжаттар мен жазбаша өтініштерді табыс етуге мiндеттi. Кепiл ұстаушы бұл мiндеттемелердi орындамаған немесе уақтылы орындамаған жағдайда, кепiл берушi өзiне келтiрiлген залалдың өтелуiн талап етуге құқылы.
309-бап. Кепiл ұстаушының құқығы қолданылатын мүлiк
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Кепiл мәнi болып табылатын затқа кепiл ұстаушының құқығы (кепiл құқығы), егер шартта немесе заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, оның керек-жарақтары мен бөлiнбейтiн жемiстерiне де қолданылады.
Шартта немесе заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда кепiл құқығы кепiлге қойылған мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған бөлiнетiн жемiстерге, өнiмге және кірістерге, сондай-ақ кейіннен иемденген активтер мен ауыстырылған активтерге қолданылуы мүмкін.
Егер кепіл нысанасы жылжымалы мүлік болған жағдайда, кепіл құқығы, егер шартта өзгеше көзделмесе, оны пайдалану нәтижесінде алынған бөлінетін жемістерге, өнімге және кірістерге (оның ішінде кейіннен сатып алынған активтер мен ауыстырылған активтерге) қолданылады.
Бұл ретте кепіл құқығы бөлiнетiн жемiстерге, өнiмге және кірістерге (оның ішінде кейіннен сатып алынған активтер мен ауыстырылған активтерге) талаптың нақты қанағаттандырылған кезіне кепілге салынған жылжымалы мүлікпен қамтамасыз етілмейтін көлемінде ғана қолданылады.
2. Кәсiпорынның немесе өзге мүлiк кешенiнiң ипотекасы жағдайында жалпы кепiл құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, талап ету, соның iшiнде ипотека кезiнде сатып алынған құқықтары мен ерекше құқықтарды қоса алғанда, оның барлық қозғалмалы және қозғалмайтын мүлкiне қолданылады.
3. Үй немесе ғимарат ипотекасына осы үй немесе ғимарат тұрған жер учаскесiне не осы учаскенiң кепiлге салынатын объектiнiң қызметiн қамтамасыз ететiн бөлiгiне құқық нақ сол шарт бойынша бiр мезгiлде жасалатын ипотека арқылы жол берiледi.
310-бап. Кепiл құқығының пайда болуы
1. Кепiл туралы шартта өзгеше көзделмегендiктен, кепiл құқығы кепiлi тiркелуге жататын мүлiк жөніндегі шартты тiркеу кезiнен бастап, басқа мүлiк жөнiнен - бұл мүлiктi кепiл ұстаушыға берген кезден бастап, ал егер ол беруге жатпаса, кепiл туралы шарт жасасқан кезден бастап пайда болады.
2. Айналымдағы тауарларға кепiл құқығы осы Кодекстiң 327-бабының 2-тармағының ережелерiне сәйкес пайда болады.
02.03.98 ж. № 211; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 311-бап өзгертiлдi
311-бап. Кейiнгi кепiл (кепiлдi қайталап салу)
1. Егер кепiлге салынған мүлiк басқа талаптарды қамтамасыз ететiн басқа бiр кепiлдiң нысанасы болса (кепiлдi қайталап салу), кейiнгi кепiл ұстаушының талабы алдыңғы кепiл ұстаушылардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн кепiл мәнiнiң құнынан қанағаттандырылады.
2. Егер кепiл туралы бұрынғы шарттарда тыйым салынбаса, қайтадан кепiл салуға жол берiледi.
3. Кепiл берушi келесi кепiл ұстаушысының әрқайсысына осы мүлiктiң бұрыннан бар барлық кепiлдерi жөніндегі мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi және осы мiндеттiң орындалмауы себептi кепiл ұстаушыларға келтiрiлген залалдар үшiн жауап бередi.
312-бап. Кепiлге салынған мүлiктi күтiп ұстау мен сақтау
1. Кепiл берушi немесе кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiк олардың қайсысында екенiне қарай, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе:
1) кепiлге салынған мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн, соның iшiнде оған үшiншi жақтар тарапынан қол сұғылып, талаптар қойылуынан қорғау үшiн қажеттi шаралар қолдануға;
2) кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну қаупiнiң пайда болуы туралы екiншi тарапқа дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Кепiл ұстаушы және кепiл берушi басқа тарапта тұрған кепiлге салынған мүлiктi құжаттар бойынша және оның iс жүзiнде бар екендiгiн, көлемiн, жай-күйiн және сақталу жағдайын тексеруге құқылы.
3. Кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну қаупi туып, кепiл ұстаушы осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мiндеттердi өрескел бұзған жағдайда кепiл берушi кепiлдiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын талап етуге құқылы.
313-бап. Кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну салдары
1. Егер кепiл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепiл берушi кепiлге салынған мүлiктiң кездейсоқ қирау немесе бүлiну тәуекелiн мойнына алады.
2. Кепiл ұстаушы, егер осы Кодекстiң 359-бабына сәйкес жауапкершiлiктен босатыла алатынын дәлелдей алмаса, өзiне кепiлге берiлген нәрсенiң толық немесе iшiнара жоғалуы немесе бүлiнуi үшiн жауап бередi.