2) бір жыл iшiнде алты сауқат немесе сәлемдеме және алты бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде төрт қысқа мерзімді және төрт ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
3. Жазасын жеңiлдiктi жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар мекеме бастығының қаулысы бойынша тәулік бойы бақылауда және қадағалауда болып, күзетілетін периметрдің шегінен тыс жерде, бірақ мекемеге іргелес жатқан аумақтық шекарасы шегінде тұруға және еркiн жүрiп-тұруға құқылы.
Олар:
1) бір жыл ішінде төрт ұзақ мерзімді кездесу;
2) саны шектеусіз қысқа мерзімді кездесулер алуға құқылы.
4. Жазасын қатаң жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатынан екі айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл ішінде екі сауқат немесе сәлемдеме және екі бандероль алуға;
3) бір жыл iшiнде үш қысқа мерзiмдi кездесу алуға;
4) күн сайын ұзақтығы бiр жарым сағаттық сейілдеуді пайдалануға құқылы.
139-бап. Төтенше қауіпсіз мекемелер
1. Төтенше қауіпсіз мекемелерде дағдылы жағдайларда осы мекемеге жаңадан келген сотталғандар, сондай-ақ қатаң және жеңілдетілген жағдайлардан ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейді.
2. Дағдылы жағдайларда жаза мерзімінің кемінде бір жылын өтегеннен кейін еңбекке адал қараған кезде дәрежесі бірінші оң мінез-құлықты сотталғандар жеңілдетілген жағдайларға ауыстырылады.
3. Жеңілдетілген жағдайларда кемінде алты ай болған, дәрежесі үшінші оң мінез-құлықты сотталғандар мерзімін өтеу бойынша босатылғанға дейін алты ай қалғанда жеңілдікті жағдайларға ауыстырылады.
4. Жазасын дағдылы, жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларда өтеп жүрген, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылған сотталғандар қатаң жағдайларға ауыстырылады.
Жазасын жеңілдетілген жағдайларда өтеп жүрген, жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы сотталғандар дағдылы жағдайларға ауыстырылады.
5. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларынан дағдылысына ауыстыру жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жазалауы болмаған кезде, кемінде бір жыл өткен соң жүргізіледі.
6. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларынан дағдылысына, дағдылы жағдайларынан жеңілдетілгеніне немесе жеңілдетілген жағдайларынан жеңілдіктісіне қайта ауыстыру осы баптың екінші, үшінші және бесінші бөліктерінде айқындалатын тәртіппен жүргізіледі.
7. Басқа төтенше қауіпсіз мекемеден ауыстырылған сотталғандар өздеріне ауыстырылғанға дейін айқындалған сол жағдайларда жазасын өтейді.
140-бап. Төтенше қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу жағдайлары
1. Өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылған сотталғандар жазасын төтенше қауіпсіз мекемелерде басқа сотталғандардан бөлек өтейді.
2. Жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты екі айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл ішінде үш сауқат немесе сәлемдеме және үш бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде үш қысқа мерзімді және бір ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
3. Жазасын жеңілдетілген ұстау жағдайларында өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатынан жеті айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл ішінде төрт сауқат немесе сәлемдеме және төрт бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде үш қысқа мерзімді және үш ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
4. Жазасын жеңілдікті жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар мекеме бастығының қаулысы бойынша тәулік бойы бақылауда және қадағалауда болып, күзетілетін периметрдің шегінен тыс жерде, бірақ мекемеге іргелес жатқан аумақтың шекарасы шегінде тұруға және еркін жүріп-тұруға құқылы.
Олар:
1) бір жыл ішінде үш ұзақ мерзімді кездесу;
2) саны шектеусіз қысқа мерзімді кездесулер алуға құқылы.
5. Жазасын қатаң ұстау жағдайларында өтеп жүрген сотталғандар камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты екі айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде бір сауқат немесе сәлемдеме және бір бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде үш қысқа мерзімді кездесу алуға;
4) күн сайын ұзақтығы бір жарым сағаттық сейілдеуді пайдалануға құқылы.
141-бап. Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген сотталғандарға арналған төтенше қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу жағдайлары
1. Өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандар камераларға орналастырылады.
Сотталғандармен тәрбие жұмысы камераларда ұстау талаптары ескеріле отырып, ұйымдастырылады.
2. Сотталғандардың күн сайын ұзақтығы:
1) жазаны өтеудің қатаң жағдайларында - бiр сағаттық;
2) жазаны өтеудің дағдылы жағдайларында - бiр жарым сағаттық;
3) жазаны өтеудің жеңілдетілген жағдайларында - екі сағаттық сейілдеуге құқығы бар.
3. Барлық сотталғандар төтенше қауіпсіз мекемелерге келген бойда жазаны өтеудiң дағдылы жағдайларына орналастырылады.
Жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін жазалауы болмаған кезде жазаны өтеудің дағдылы жағдайларынан жазаны өтеудiң жеңілдетілген жағдайларына ауыстыру он жылдан кейін жүргiзiледi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Жазаны өтеудің белгіленген тәртiбiн қаскөйлікпен бұзушылар деп танылған және жазасын дағдылы және жеңiлдетiлген жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар жазаны өтеудiң қатаң жағдайларына ауыстырылады.
Жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазалары болмаған кезде кемінде он жылдан кейін жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылы жағдайларына ауыстыру жүргiзiледi.
5. Жазаны өтеудің дағдылы не жеңілдетілген жағдайларына қайта ауыстыру осы баптың үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын, ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты екі айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға жұмсауға;
2) бір жыл ішінде үш сауқат немесе сәлемдеме және үш бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде төрт қысқа мерзімді кездесу алуға құқылы.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 7-бөлікпен толықтырылды
7. Жеңiлдетiлген жағдайларда жазасын өтеп жүрген сотталғандар камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын, ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты жеті айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға жұмсауға;
2) бір жыл ішінде төрт сауқат немесе сәлемдеме және төрт бандероль алуға;
3) бір жыл iшiнде үш қысқа мерзiмдi және екі ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 8-бөлікпен толықтырылды
8. Қатаң жағдайларда жазасын өтеп жүрген сотталғандар камераларда тұрады.
Олар:
1) ай сайын, ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты екі айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға жұмсауға;
2) бір жыл ішінде бір сауқат немесе сәлемдеме және бір бандероль алуға;
3) бір жыл iшiнде екі қысқа мерзiмдi кездесу алуға құқылы.
142-бап. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелер
1. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелер:
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 46-бабы бесінші бөлігінің 1) тармағында аталған сотталғандар;
2) осы Кодекстiң 96-бабында көзделген тәртiппен орташа қауіпсіз және қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерден ауыстырылған, оң мiнездемесі бар сотталғандарды ұстауға арналған мекемелерге бөлінеді.
2. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде бас бостандығынан айыруға сотталғандар жазасын қатаң, дағдылы және жеңілдетілген жағдайларда өтейдi.
3. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде дағдылы жағдайларда осы мекемеге жаңадан келген сотталғандар, сондай-ақ қатаң және жеңiлдетiлген жағдайлардан ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейдi.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Дәрежесі бірінші оң мінез-құлықты сотталғандар еңбекке адал қараған кезде жеңілдетілген жағдайларға ауыстырылады. Бұл ретте ауыстыру дәрежесі бірінші оң мінез-құлыққа ие болған күннен бастап дағдылы жағдайларда жаза мерзімінің кемінде үш айын, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 7, 8, 9, 12, 13 және 15-тарауларында көзделген қылмыстар бойынша сотталғандар үшін бір жылын өтегеннен кейін ғана жүзеге асырылады.
5. Жазасын дағдылы немесе жеңiлдетiлген жағдайларда өтеп жүрген, жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн қаскөйлікпен бұзушылар деп танылған сотталғандар қатаң жағдайларға ауыстырылады.
Жазасын жеңiлдетiлген жағдайларда өтеп жүрген, жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшін қолданыста екіден көп жазалауы бар сотталғандар дағдылы жағдайларға ауыстырылады.
6. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларынан дағдылысына ауыстыру жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жазалауы болмаған кезде алты айдан кейін жүргiзiледi.
7. Жазаны өтеудiң қатаң жағдайларынан дағдылысына немесе дағдылы жағдайынан жеңiлдетiлгеніне қайта ауыстыру осы бапта айқындалатын тәртiппен жүргiзiледi.
8. Қауіпсіздігі барынша төмен басқа мекемеден ауыстырылған сотталғандар өздеріне ауыстырылғанға дейiн айқындалған сол жағдайларда жазасын өтейдi.
9. Қауіпсіздігі барынша төмен бір мекемеде сотталған ерлер мен сотталған әйелдер ұсталуы мүмкін.
10. 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
143-бап. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазаны өтеу жағдайлары
1. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеп жүрген сотталғандар күзетсiз, бiрақ мекеме әкiмшiлiгiнiң бақылауымен және қадағалауымен ұсталады.
2. Сотталған адамға мекеме әкімшілігі оның жеке басын растайтын белгіленген нысандағы құжат береді. Сотталған адамның жеке басын куәландыратын құжаттар олардың жеке iстерiнде сақталады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сотталғандардың:
1) мобильді байланыс құралдарын;
2) компьютерлік жабдықты, аудио-, фото- және бейнежазу функциялары бар құралдарды;
3) атыс қаруын және суық қаруды;
4) жарылу қаупі бар және жарылғыш заттарды;
5) есірткі немесе психотроптық заттарды;
6) әскери үлгідегі киімді;
7) алкогольдік ішімдіктердің барлық түрін;
8) дәрігердің рұқсатынсыз құрамында есірткі бар медициналық препараттарды қоспағанда, нәрселер мен заттарды мекеменің аумағына әкелуіне, пайдалануына және сақтауына рұқсат етіледі.
4. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Олар:
1) мекеменiң iшкi тәртiптеме қағидаларымен ұйықтауға бөлiнген уақыттан басқа кезде, мекеме аумағының шегiнде еркiн жүрiп-тұруға;
2) мекеме әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен, егер бұл олардың орындайтын жұмысының сипаты бойынша, оқуына байланысты, бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алу, моншаға немесе шаштаразға бару үшін қажет болса, мекемеге iргелес жатқан аумақтың шекарасы шегiнде айына төрт рет сағат тоғыздан он сегізге дейін қадағалаусыз жүрiп-тұруға;
3) азаматтық киiм киiп жүруге;
4) өзiмен бірге ақша мен бағалы заттар алып жүруге;
5) ақшаны шектеусіз пайдалануға;
6) ай сайын бір қысқа мерзімді және бір ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-бөлік өзгертілді
5. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын жеңілдетілген жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген құқықтармен қатар, сотталғандар:
1) апта сайын бір қысқа мерзімді және бір ұзақ мерзімді кездесу алуға;
2) мекеме орналасқан елдi мекеннің шегiнде жалға алынған немесе меншікті тұрғын алаңында өз отбасымен тұруға құқылы. Бұл ретте, олар мекеме бастығының қаулысымен белгiленген күндері айына төрт рет мекемеге тiркелу үшін келіп тұруға және сағат жиырма бірден жетіге дейін тұрғылықты жерінде болуға мiндеттi. Мекемелер әкiмшiлiгi сотталғандар тұрып жатқан тұрғын үй-жайларға тәуліктің кез келген уақытында баруға құқылы.
Мекеме орналасқан елдi мекеннің шегiнде жалға алынған немесе меншікті тұрғын алаңда өз отбасымен тұруға рұқсат беру не одан бас тарту, сондай-ақ осы құқықты ұзарту не оның күшін жою мекеме бастығының не мекеменің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес оны алмастыратын адамның қаулысымен ресімделеді. Қаулының көшірмесі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей прокурорға жіберіледі.
6. Жазасын қатаң жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар жатақханаларда немесе камераларда тұрады.
Олар:
1) мекеменiң iшкi тәртiптеме қағидаларымен ұйықтауға бөлiнген уақыттан басқа кезде, мекеме әкімшілігінің рұқсатымен мекеме аумағының шегiнде жүрiп-тұруға;
2) азаматтық киiм киiп жүруге;
3) ақшаны шектеусіз пайдалануға;
4) мекеме әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен, егер бұл бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алу үшін қажет болса, мекемеге iргелес аумақтың шекарасы шегiнде айына бір рет сағат тоғыздан он сегізге дейін қадағалаусыз жүрiп-тұруға;
5) тоқсан сайын бір қысқа мерзімді және алты айда бір рет ұзақ мерзімді кездесу алуға құқылы.
7. Еңбек шартын жасасу мен тоқтатуды және басқа жұмысқа ауыстыруды қоспағанда, сотталғандардың еңбегi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледi. Еңбек шартын жасасуды, оны тоқтатуды және сотталған адамды басқа жұмысқа ауыстыруды мекеме әкiмшiлiгiн хабардар ете отырып, жұмыс берушi жүзеге асырады.
8. Мекеме әкiмшiлiгi сотталғандарды мекеменiң кәсiпорнына не мұндай мүмкiндiк болмаған кезде, мекеме шегінен тыс жерде, бірақ ол орналасқан тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың шегiнде орналасқан қылмыстық-атқару жүйесінің мемлекеттік мекемелеріне, оларды тиiсінше бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету шартымен сотталғандарға тұру құқығы беріліп, мекеме әкiмшiлiгi мен жұмыс берушi арасындағы шарттардың негiзiнде жұмысқа орналастырады.
Сотталғандар мекеме әкімшілігі мен жұмыс беруші арасындағы шарттар негізінде, тұру құқығынсыз, мекеме орналасқан тиісті облыс, республикалық маңызы бар қала, астана шегіндегі өзге де ұйымдарда жұмысқа орналастырылуы мүмкін.
Қылмыстық-атқару жүйесінің мемлекеттік мекемелерінде тұру құқығы дәрежесі теріс мінез-құлықты сотталғандарға берілмейді.
9. Мекеме әкiмшiлiгi:
1) қылмыстық-атқару жүйесiнің жоғары тұрған органдарының жазбаша нұсқауы бойынша;
2) оны босату кезiнде;
3) төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзiлген кезде;
4) сотталған адам жазаны өтеу тәртiбiн бұзған жағдайда;
5) жұмыс берушi шарт бойынша мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда;
6) мекемеде ерекше жағдайлар режимі енгізілген кезде сотталған адамды жұмысқа орналастырылған ұйымнан кері шақыртып алуға мiндеттi.
10. Сотталғандарға мекеме орналасқан тиiстi облыс, республикалық маңызы бар қала, астана аумағының шегiнде орналасқан жоғары және орта бiлiмнен кейiнгi білім беру ұйымдарында сырттай, оның ішінде мекемеде тиісті техникалық жағдайлар болған кезде қашықтықтан оқуға рұқсат етiледi.
144-бап. Толық қауіпсіз мекемелер
1. Толық қауіпсіз мекемелерде жаза мерзiмiнiң бір бөлiгiн толық қауіпсіз мекемеде өтеумен бес жылдан астам мерзiмге сотталғандар, сондай-ақ орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары және төтенше қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн үш жылға дейiнгi мерзiмге толық қауіпсіз мекемеге ауыстырылған сотталғандар, сондай-ақ өздеріне қатысты өлiм жазасы туралы үкiм өлiм жазасын орындауға мораторий енгiзiлгенге дейiн немесе мораторийдің қолданылу уақытында күшiне енген адамдар ұсталады.
Сотталғандар толық қауіпсіз мекемелерде осы Кодекстiң 89-бабында көрсетiлген негiздер бойынша да ұсталуы мүмкiн.
2. Толық қауіпсіз мекемелерде қатаң, дағдылы және жеңілдетілген жағдайлар белгiленедi.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Дағдылы жағдайларда жаза мерзімінің бір бөлігін толық қауіпсіз мекемеде өтеумен, бес жылдан астам мерзімге бас бостандығын айыруға сотталғандар мен қатаң және жеңілдетілген жағдайлардан ауыстырылған сотталғандар жазасын өтейді.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Қатаң жағдайларда орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары және төтенше қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге толық қауіпсіз мекемеге ауыстырылған сотталғандар, қаскөйлікпен бұзушылар деп танылған, дағдылы және жеңілдетілген жағдайлардан ауыстырылған сотталғандар, сондай-ақ өздеріне қатысты өлім жазасы туралы үкім өлім жазасын орындауға мораторий енгізілгенге дейін немесе мораторийдің қолданылатын уақытында күшіне енген адамдар жазасын өтейді.
5. Сотталған жүкті әйелдер мен жанында жас балалары бар сотталған әйелдер, сондай-ақ мүгедек болып табылатын сотталғандар қатаң жағдайларда ұсталмайды.
6. Жаза мерзімінің кемінде бір жылын өтегеннен кейін, дәрежесі бірінші оң мінез-құлықты сотталғандар жазаны өтеудің дағдылы жағдайларынан жеңілдетілгеніне не қатаң жағдайларынан дағдылысына ауыстырылады.
145-бап. Толық қауіпсіз мекемелерде жазаны өтеу жағдайлары
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар толық қауіпсіз мекемелерде камераларда ұсталады.
Сотталған адамның жазбаша өтініші бойынша, сондай-ақ сотталған адамның жеке басының қауіпсіздігіне қатер төнген не басқа сотталғандардың немесе мекеме персоналының өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін сотталған адамды оқшаулау қажет болған жағдайларда, мекеме бастығының уәжді қаулысы бойынша және прокурордың келiсiмiмен мұндай сотталғандар жалғыз адамдық камераларда ұсталады.
Қатер төндіретін сотталғандарды, сондай-ақ жеке басының қауіпсіздігіне қатер төнген сотталғандарды ұстау үшін сыйымдылығы үлкен камералар пайдаланылуы мүмкін.
Сотталғандардың өтініші бойынша жалғыз адамдық камераларға ауыстыру жалғыз адамдық бос камералар болған жағдайда жүргізіледі.
2. Сотталғандарды камераларға орналастыру осы Кодекстiң 94-бабында көзделген талаптар сақтала отырып жүргiзiледi.
Өздеріне қатысты өлiм жазасы туралы үкiм өлiм жазасын орындауға мораторий енгiзiлгенге дейiн немесе мораторийдің қолданылу уақытында күшiне енген сотталғандар басқа сотталғандардан оқшауланып жалғыз адамдық камераларда ұсталады.
Жазаны өтеудің қатаң, дағдылы және жеңілдетілген жағдайларындағы сотталғандар бөлек ұсталады.
Шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшiн толық қауіпсіз мекемелерге жіберілген сотталғандар басқа сотталғандардан оқшауланып ұсталады.
3. Сотталғандардың сейілдеуі камера бойынша күндiзгi уақытта арнайы жабдықталған аумақ бөлiгiнде ашық ауада жүргiзiледi.
4. Жазасын қатаң жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастыратын қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты екі айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл iшiнде бір сауқат немесе сәлемдеме және бір бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде екі қысқа мерзімді кездесу алуға;
4) күн сайын ұзақтығы бiр сағаттық сейілдеуді пайдалануға құқылы.
5. Жазасын дағдылы жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты бес айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл ішінде екі сауқат немесе сәлемдеме және екі бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде екі қысқа мерзімді және бір ұзақ мерзімді кездесу алуға;
4) күн сайын ұзақтығы бір жарым сағаттық сейілдеуді пайдалануға құқылы.
6. Жазасын жеңілдетілген жағдайларда өтеп жүрген сотталғандар:
1) ай сайын тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды сатып алуға ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражатты жеті айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде жұмсауға;
2) бір жыл ішінде үш сауқат немесе сәлемдеме және үш бандероль алуға;
3) бір жыл ішінде үш қысқа мерзімді және үш ұзақ мерзімді кездесу алуға;
4) күн сайын ұзақтығы екі сағаттық сейілдеуді пайдалануға құқылы.
23-тарау. КАМЕРАЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРДА ҰСТАУМЕН БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ТҮРІНДЕГІ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
146-бап. Сотталғандарды камералық жағдайда ұстау мекемесі
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды мекемеге қабылдауды әкімшілік мекеменің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Мекемеге келген сотталғандар он бес тәулікке дейiнгi мерзiмге карантин бөлімшесіне орналастырылады. Карантин бөлiмшесінде болған кезеңде сотталған адамның жеке басы зерделенеді, оның психологиялық портреті жасалады, сондай-ақ онымен жұмыс жасау әдістері әзірленеді және оны басқа сотталғандармен ұстау үйлесімділігі айқындалады.
3. Камералар жеке жатын орындарымен, киімге, iшкиiмге және ыдысқа арналған шкафтармен, санитариялық тораппен және қолжуғышпен жабдықталады.
4. Камералардағы сотталғандарға ұзақтығы:
1) қатаң ұстау жағдайларында - бір жарым сағаттық;
2) дағдылы ұстау жағдайларында - төрт сағатқа дейін сейілдеу беріледі.
Сотталғандарды сейілдеуге шығарған кезеңде камераларда тінтулер мен техникалық қарап-тексерулер жүргізіледі.
Сотталғандар сейілдеуде болған уақытта камералар құлыпталады, оларда сотталғандардың болуына жол берілмейді.
Жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайлардағы сотталғандардың сейілдеулері блок бойынша (қабат бойынша), жергілікті учаскелердің бөлек сейілдеу аулаларында жүргізіледі.
Дағдылы және қатаң жағдайлардағы сотталғандардың сейілдеулері камералар бойынша сейілдеу камераларында жүргізіледі.
5. Жеңілдетілген және жеңілдікті ұстау жағдайларындағы сотталғандар сағат оннан жиырмаға дейін камерадан тыс жерде бола алады.
6. Сотталғандардың тамақ ішуі камера бойынша, сондай-ақ асханада жүзеге асырылады. Өндірістік аймаққа жұмысқа шығарылатын, сондай-ақ жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларда ұсталатын сотталғандар өндірістік объектілердің және тұрғын аймақтың асханаларында тамақ ішеді.
7. Осы баптың бесінші және алтыншы бөліктерінде, сондай-ақ мекемелерде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, камералардың есіктерін ашуға тыйым салынады.
8. Камера бойынша ұстау мекемелерінде ұсталатын сотталғандарды қадағалау мекемелердегі сотталғандарды қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
147-бап. Камералық ұстаудың негізгі жағдайлары
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сотталғандар камераларға осы Кодекстің 115-бабының бірінші бөлігінде белгіленген тұрғын алаңы нормаларына сәйкес орналастырылады. Әрбір секция душ кабиналарымен жабдықталады.
Сотталғандарды ұстауға арналған камералар санитариялық талаптарға сәйкес жабдықталады.
2. Сотталғандарды тексеру камера бойынша корпустарда, тексеру карточкалары бойынша жүргізіледі.
3. Сотталғандарға темекі шегуге осы мақсатқа арнайы бөлінген орындарда ғана рұқсат беріледі.
4. Сотталғандарға тиесілі темекі өнімдері мен сіріңке, оттықтар да сақтау камерасындағы арнайы жабдықталған шкафта (жәшікте) сақталады.