2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Эмитент пен оның лауазымды адамдары мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге қойылатын талаптарды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
5. Уәкiлеттi органның мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздарды мақсатқа сай еместiк желеуiмен мемлекеттік тiркеуден бас тартуға құқығы жоқ.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2006.05.06 № 146-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара) 9-бап өзгертілді; 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 9-бап жаңа редакцияда
9-бап. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісі
1. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісінде мыналар қамтылуға тиіс:
1) эмитенттің атауы және оның орналасқан жері туралы ақпарат;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар туралы, оларды төлеу және олар бойынша кіріс алу тәсілдері туралы мәліметтер;
3) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру, айналысы, өтеу шарттары мен тәртібі, сондай-ақ осы Заңның 15 және 18-4-баптарында белгіленбеген облигацияларды сатып алудың қосымша шарттары, олар бар болса;
4) ковенанттар (шектеулер), олар бар болса (акциялар шығарылымы проспектісін қоспағанда);
5) эмиссиялық бағалы қағаздарды конвертациялау шарттары, мерзімдері мен тәртібі (конвертацияланатын бағалы қағаздарды шығару кезінде);
6) шығарылған облигациялар бойынша міндеттемелерді толық немесе ішінара қамтамасыз ету болып табылатын облигациялар эмитенті мүлкінің құнын көрсете отырып, осы мүлік туралы мәліметтер (қамтамасыз етілген облигациялар бойынша);
7) облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны пайдаланудың нысаналы мақсаты туралы;
8) эмитенттің орналастырылған (акционерлік қоғам сатып алғандарын қоспағанда) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) он және одан көп пайызын иеленетін құрылтайшылары туралы немесе ірі акционерлері (қатысушылары) туралы мәліметтер;
9) эмитенттің басқару органы және атқарушы органы туралы мәліметтер (акциялар шығарылымының проспектісін қоспағанда);
10) эмитент қызметінің негізгі түрлерін көрсете отырып, эмитенттің қаржы-экономикалық және шаруашылық қызметінің көрсеткіштері;
11) эмитент туралы және ол орналастыратын эмиссиялық бағалы қағаздар туралы қосымша мәліметтер.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда, эмитент мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды олар туындаған немесе эмитенттің немесе облигацияларды ұстаушылардың тиісті органдары шешім қабылдаған күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
3. Осы баптың 1-тармағының 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік емес облигациялар шығарылымының проспектісіндегі мәліметтерді өзгертуді эмитент облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысының шешімі негізінде бір мезгілде мынадай шарттар сақталған кезде:
1) орналастырылған (сатып алынғандарын қоспағанда) облигациялардың жалпы санының кемінде сексен бес пайызын иеленетін ұстаушылар осы шешім үшін дауыс берген кезде;
2) эмитент сатып алған облигацияларды қоспағанда, облигациялар ұстаушылардың құрамында осы шығарылым облигацияларының он пайызынан астамын дербес иеленген екі және одан көп тұлға болған жағдайда, шығарылым шарттарын өзгерту үшін осындай облигациялар ұстаушылардың жалпы санының жетпіс бес және одан көп пайызы дауыс берген кезде жүзеге асырады.
Осы тармақтың талабы қаржы ұйымдарына немесе бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда олар қайта құрылымдауды жүргізген кезде қолданылмайды.
4. Эмитент:
1) орналастырылған акциялар санын азайтуды көздейтін акциялар шығарылымының проспектісіне;
2) жарияланған облигациялар санын ұлғайтуды көздейтін мемлекеттік емес облигациялар шығарылымының проспектісіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы емес.
5. Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес арнайы қаржы компаниясы шығаратын облигациялар шығарылымының проспектісіне қойылатын қосымша талаптар Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасында белгіленеді.
6. Ислам бағалы қағаздары шығарылымының проспектісі исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңеспен келісуге жатады.
Эмитент ислам бағалы қағаздарын ұстаушылардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірілетін жағдайларда, ислам бағалы қағаздары шығарылымының проспектісінде белгіленген ислам бағалы қағаздарын орналастыру, айналысы және өтеу шарттарын өзгертуге құқылы емес.
7. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісін (облигациялық бағдарлама проспектісін), мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды жасау және ресімдеу қағидалары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
8. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісі (облигациялық бағдарлама проспектісі) уәкілетті органға қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады. Шетел валютасында номиналданған мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылған жағдайда, мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының проспектісі уәкілетті органға ағылшын тілінде қосымша ұсынылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды
9. Осы баптың талаптары айналыс мерзімі он екі айдан аспайтын облигацияларға, жеке орналастыруға жататын мемлекеттік емес облигацияларға қолданылмайды.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр.ред. қара)
10-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды (бағалы қағаздарды шығару проспектісіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды) мемлекеттік тiркеуден бас тарту және олардың шығарылуын мемлекеттік тiркеудi тоқтата тұру
07.07.04 ж. № 577-II ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Эмитент шығару құжаттарын мемлекеттік тiркеуге табыс ету талаптары мен тәртібін бұзған және құжаттарды қарау процесiнде олардың Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiндiгi анықталған жағдайда уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды (бағалы қағаздарды шығару проспектісіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды) мемлекеттік тiркеуден бас тартуға құқылы.
2. Егер табыс етiлген құжаттарды қарау процесiнде эмитент пен оның қызметi туралы қосымша мәлiметтер алу қажеттiгi туындаса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды (бағалы қағаздарды шығару проспектісіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды) мемлекеттік тiркеудi тоқтата тұруға құқылы.
Уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды (бағалы қағаздарды шығару проспектісіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды) мемлекеттік тiркеудi эмитент қосымша мәлiметтердi табыс еткен күннен бастап қайта жаңғыртады.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Эмитент уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды (бағалы қағаздарды шығару проспектісіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды) мемлекеттік тiркеуден бас тарту туралы шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11-бап. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу және акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жарияланған акцияларды шығару туралы шешімді акционерлік қоғамның құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшысы) немесе акционерлердің жалпы жиналысы (дауыс беретін барлық акцияларды иеленетін акционер) қабылдайды.
Акционерлік қоғам жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды:
1) акционерлік қоғам заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген;
2) егер бұрын акциялар шығарылымы жарияланған акциялар шығарылымын жарамсыз деп тану туралы сот шешімі негізінде жойылған жағдайда, акционерлердің жалпы жиналысы (жалғыз акционердің шешімімен) жарияланған акцияларды шығару туралы шешім қабылдаған күннен кейін күнтізбелік бір ай ішінде ұсынуға міндетті.
Осы тармақтың екінші бөлігі 1) тармақшасының талабы құрылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына, құрылатын банкке қолданылмайды.
Құрылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы, құрылатын банк сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын құруға немесе банк ашуға рұқсат алуға құжаттарды берген кезде жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды ұсынуға міндетті.
2. Уәкілетті орган акционерлік қоғам заңды тұлға ретінде тіркелген күннен кейін не жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуді жарамсыз деп тану туралы сот шешімі негізінде акционерлік қоғамның акциялар шығарылымы жойылған күннен кейін бір жыл өткеннен кейін жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға құқылы емес.
3. Егер акционерлік қоғамның акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу осы баптың 1-тармағында көрсетілген күннен бастап бір жыл өткеннен кейін жүзеге асырылмаса:
1) акционерлік қоғам ерікті түрде таратылуды немесе басқа ұйымдық-құқықтық нысанға қайта ұйымдастырылуды жүзеге асыруға міндетті;
2) уәкілетті орган акционерлік қоғамды тарату не қайта ұйымдастыру мақсатында сотқа жүгінуге құқылы.
4. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу акционерлік қоғам уәкілетті органға ұсынған мынадай құжаттар:
1) еркін нысанда жазылған өтініш;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жағдайда жарияланған акцияларды шығару туралы құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшы шешімінің) немесе акционерлердің жалпы жиналысы (дауыс беретін барлық акцияларды иеленетін акционер шешімінің) хаттамасының көшірмесі;
3) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жағдайда, жарияланған акциялар шығарылымын жарамсыз деп тану туралы сот шешімінің көшірмесі;
4) 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) акциялар шығарылымы проспекті;
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2020 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) акционерлік қоғамның құрылтайшылары арасында орналастырылатын жарияланған акцияларға ақы төленгенін растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады.
7) 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады және акционерлік қоғамға жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен акциялар шығарылымы проспектісін береді (жібереді).
6. Акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу үшін акционерлік қоғам уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) акциялар шығарылымы проспектісінің өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін құрылымдық бірліктерін көрсете отырып, еркін нысанда жазылған өтініш;
2) акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар;
3) электрондық түрдегі өзгерістер және (немесе) толықтырулар ескерілген акциялар шығарылымы проспектісі;
4) акционерлік қоғамның акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге негіз болған шешімнің (хаттаманың) көшірмесі;
5) жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің түпнұсқасы (жарияланған акциялар саны ұлғайған және (немесе) олардың түрі өзгерген, акционерлік қоғамның атауы өзгерген, акционерлік қоғамның орналасқан жері өзгерген кезде);
6) «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабында белгіленген жағдайларда жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғамның жарияланған акцияларын мәжбүрлі түрде шығару туралы сот шешімінің көшірмесі (акционерлік қоғамның жарияланған акциялары болмаған немесе олар мерзімі өткен салық берешегін өтеуге жеткіліксіз болған жағдайда).
7. Акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу үшін ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкілетті орган акционерлік қоғамға:
1) егер акциялар шығарылымы проспектісіне енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар бұрын берілген жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген мәліметтерді өзгертуді көздесе, жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті;
2) егер енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар бұрын берілген жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген мәліметтерді өзгертуді көздемесе, акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаны;
3) акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды береді (жібереді).
8. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуден немесе акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеуден бас тартылған жағдайда, акционерлік қоғам осы баптың 4 және 6-тармақтарында көрсетілген құжаттарды бас тартуды алған күннен бастап қырық бес жұмыс күні ішінде қайта ұсынады, бұл ретте уәкілетті органның құжаттарды қарау мерзімі қайтадан есептеледі.
9. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу, акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу тәртібі, сондай-ақ жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу, акциялар шығарылымы проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу үшін құжаттарға қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12-бап. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу және мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу
1. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу үшін эмитент уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) еркін нысанда жазылған өтінішті;
2) облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу және өтеу, облигацияларды орналастыру нәтижесінде эмитент алған қаражатты пайдалану тәртібі, облигацияларды шығару көлемі, саны мен түрі, облигациялардың номиналды құны, облигацияларды ұстаушылардың құқықтары туралы мәліметтер қамтылған мемлекеттік емес облигацияларды шығару туралы эмитент органы шешімінің көшірмесін не облигациялық бағдарламаның шығарылу көлемі туралы мәліметтер қамтылған облигациялық бағдарламаны шығару туралы эмитент органы шешімінің көшірмесін;
3) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісін (облигациялық бағдарлама проспектісін);
4) эмитент жарғысының көшірмесін (болған кезде);
5) инфрақұрылымдық, сондай-ақ банк кепілдігімен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес облигациялар шығарылған жағдайда, эмитенттің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етудің болуын растайтын құжаттарды;
6) егер эмитенттің мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісінде қор биржасының сауда жүйесінде осы облигациялардың айналысы көзделсе, эмитенттің және ол шығаратын мемлекеттік емес облигациялардың қор биржасының тізіміне эмитенттің мемлекеттік емес облигацияларын енгізуге және олардың тізімде болуына қойылатын талаптарға сәйкес келуі туралы қор биржасының қорытындысын, сондай-ақ қор биржасының листинг комиссиясының эмитенттің бағалы қағаздар шығарылымы проспектісіне инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін қажетті қосымша шектеулерді енгізу жөніндегі ұсынымдарын;
7) облигацияларды ұстаушылардың өкілімен жасалған шарттың көшірмесін (облигацияларды ұстаушылардың өкілімен шарт жасасу міндеті осы Заңның талаптарында көзделген және (немесе) шарт жасасу эмитенттің бастамасымен болған жағдайда);
8) ұйымдастырылған нарыққа облигациялар орналастыруды жоспарлайтын эмитенттер үшін эмиссиялық бағалы қағаздарды қор биржасының ресми тізіміне енгізу және олардың тізімінде болу мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсететін ұйыммен жасалған шарттың көшірмесін (осындай ұйыммен шарт жасасу міндеті осы Заңның талаптарында көзделген жағдайда);
9) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған эмитенттер үшін эмитенттің кірісін оның қатысушылары арасында бөлу тәртібін;
10) эмитенттің аудиторлық есептермен расталған, соңғы екі қаржы жылындағы жылдық қаржылық есептілігінің көшірмелерін, сондай-ақ аудиторлық есептердің көшірмелерін (жаңадан құрылған эмитенттерді қоспағанда);
11) мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берер алдында соңғы тоқсанның аяғындағы не мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды берер алдында соңғы тоқсаннан кейінгі айдың 25-күніне дейін ұсынған жағдайда, соңғы тоқсанның алдындағы тоқсанның аяғындағы жағдай бойынша эмитенттің қаржылық есептілігінің көшірмесін ұсынуға міндетті;
Аяқталған қаржы жылы үшін қаржылық есептіліктің аудиторлық есебі болмаған жағдайда, эмитент ағымдағы жылғы 1 қаңтар - 1 маусым аралығындағы кезеңде уәкілетті органға соңғы аяқталған жылдың алдындағы екі жыл үшін қаржылық есептілікті және көрсетілген кезең үшін қаржылық есептіліктің аудиторлық есебін ұсынады. Аяқталған қаржы жылы үшін аудиторлық есеп пен қаржылық есептілікті эмитент Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жылдық қаржылық есептілік бекітілген күннен бастап бір ай ішінде ұсынады.
2. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитент уәкілетті органға қосымша мынадай құжаттарды ұсынуға міндетті:
1) Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитент орналасқан мемлекеттің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитенттің заңды тұлға ретінде тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі, дұрыстығын нотариат куәландырған оның қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы қоса тіркеледі;
2) Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитенттің құрылтай құжаттарының көшірмелері, дұрыстығын нотариат куәландырған оның қазақ және орыс тілдеріндегі аудармалары қоса тіркеледі;
3) шетел мемлекетінің қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органының облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуге өтініш беру күніне дейін үш айдағы кезеңде Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитенттің пруденциялық нормативтерді және бейрезиденттің уәкілетті органы белгілеген өзге де нормалар мен лимиттерді сақтауы туралы хаты (егер Қазақстан Республикасының бейрезиденті-эмитент қаржы ұйымы болып табылса).
3. Құрылтайшылар (жалғыз құрылтайшы) жарғылық капиталды төлегеннен кейін ғана эмитент мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуге құжаттарды ұсынуға құқылы.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Өзара сақтандыру қоғамдарының мемлекеттік емес облигациялар шығаруға құқығы жоқ.
5. Ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырады және эмитентке облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік пен мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісін (облигациялық бағдарлама проспектісін) береді (жібереді).
6. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу үшін эмитент уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) еркін нысанда жазылған өтінішті;
2) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістер және (немесе) толықтыруларды;
3) электрондық түрдегі өзгерістер және (немесе) толықтырулар ескерілген, мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісін (облигациялық бағдарлама проспектісі);
4) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге негіз болған шешімнің (хаттаманың) көшірмесін;
5) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің түпнұсқасын (облигациялар саны азайған, мемлекеттік емес облигациялар түрі, айналыс мерзімі өзгерген, эмитенттің атауы өзгерген, эмитенттің орналасқан жері өзгерген кезде) ұсынады.
7. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу үшін ұсынылған құжаттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкілетті орган эмитентке:
1) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу туралы өзгертілген куәлікті (мемлекеттік емес облигациялар саны азайған және (немесе) олардың түрі, айналыс мерзімі өзгерген, эмитенттің атауы өзгерген, эмитенттің орналасқан жері өзгерген кезде);
2) егер енгізілген өзгерістер және (немесе) толықтырулар бұрын берілген мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікте көрсетілген мәліметтерді өзгертуді көздемесе, мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаны;
3) мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды береді (жібереді).
8. Осы баптың 1-тармағының 4), 10) және 11) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды, егер осы құжаттар мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) немесе мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы (облигациялық бағдарлама) проспектісіне өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар ұсынылатын күнге дейін қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында орналастырылған болса, эмитент уәкілетті органға ұсынбайды.
9. Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеу, мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу тәртібі, сондай-ақ мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын (облигациялық бағдарламаны) мемлекеттік тіркеуге, мемлекеттік емес облигациялар шығарылымы проспектісіне (облигациялық бағдарлама проспектісіне) өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеуге арналған құжаттарға қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды
10. Осы баптың талаптары айналыс мерзімі он екі айдан аспайтын облигацияларға, жеке орналастыруға жататын облигацияларға қолданылмайды.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 12-1-баппен толықтырылды
12-1-бап. Жеке орналастыруға жататын мемлекеттік емес облигацияларды шығару
1. Жеке орналастыруға жататын мемлекеттік емес облигацияларды шығару деп осы Заңның мақсатына орай инвесторлардың шектеулі саны арасында орналастырылатын облигацияларды шығару танылады.
2. Жеке орналастыруға жататын мемлекеттік емес облигацияларды шығару шарттары жеке меморандумда айқындалады, оның мазмұнына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
3. Осы облигацияларды орналастыруға қатысатын инвесторлар саны елуден аспауға тиіс.
4. Жеке орналастыруға жататын мемлекеттік емес облигацияларды білікті инвесторлар болып табылмайтын инвесторлардың арасында орналастыруға тыйым салынады.
5. Жеке орналастыруға жататын мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу, жеке меморандумға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеу тәртібі, шарттары және мерзімдері, сондай-ақ жеке орналастыруға жататын мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге, жеке меморандумға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды тіркеуге арналған құжаттарға қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.