2. Істі облыстық немесе оған теңестірілген сотта, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында қарау кезінде судьяға қарсылық білдірілген (өздігінен бас тартылған) не соттың бүкіл құрамына қарсылық білдірілген жағдайда істі сол сотта басқа судья немесе судьялардың басқа құрамы қарайды.
3. Егер облыстық немесе оған теңестірілген сотта өздігінен бас тартулар немесе қарсылық білдірулер қанағаттандырылғаннан кейін осы істі қарау үшін жаңа сот құрамын құру мүмкін болмаса, іс қаралатын сотты анықтау үшін іс Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілуге тиіс.
5-тарау. ІСКЕ ҚАТЫСАТЫН АДАМДАР
43-бап. Іске қатысатын адамдардың құрамы
1. Тараптар; үшінші тұлғалар; прокурор; мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар немесе осы Кодекстің 55 және 56-баптарында көзделген негіздер бойынша процеске кіретін азаматтар; осы Кодекстің 302-бабында санамаланған сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер бойынша мәлімдеушілер мен өзге де мүдделі адамдар іске қатысатын адамдар деп танылады.
2. Іске қатысатын адамдардың құрамы тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалар талаптарының, қарсылықтарының нысанасы мен негіздерінің және қолданылуға тиіс заңдардың мазмұнымен айқындалады.
44-бап. Азаматтық процестік құқық қабілеттілігі
Азаматтық процестік құқықтар мен міндеттерге ие болу қабілеттілігі (азаматтық процестік құқық қабілеттілігі) барлық азаматтар және материалдық құқық субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар үшін бірдей шамада танылады.
45-бап. Азаматтық процестік әрекетке қабілеттілігі
1. Сотта өздерінің әрекеттерімен өз бетінше өз құқықтарын жүзеге асыру және міндеттерін орындау қабілеттілігі (азаматтық процестік әрекет қабілеттілігі) он сегіз жасқа толған азаматтарға, заңды тұлғаларға толық көлемде тиесілі болады.
2. Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қорғайды. Сот осындай істерге қатысуға кәмелетке толмағандардың өздерін немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтарды тартуға міндетті. Кәмелетке толмағандардың немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған азаматтардың заңды өкілдерінің өтінішхаты бойынша сот іске қатысуға прокурорды тарта алады.
3. Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың заңды өкілдері, прокурор қорғайды.
4. Заңда көзделген жағдайларда, он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың азаматтық, отбасылық, еңбек, кооперативтік және өзге де құқықтық қатынастардан және алған жалақысына немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстарына иелік етуге байланысты мәмілелерден туындайтын істер бойынша өз құқықтары мен заңды мүдделерін сотта жеке өзі қорғауға құқығы бар.
5. Заңда көзделген негіздер бойынша эмансипацияланған кәмелетке толмағандар эмансипация кезінен бастап толық процестік қабілеттілікке ие болады.
6. Сот осы баптың төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін оларға көмек көрсету үшін өз қалауы бойынша іске қатыстыруға құқылы.
46-бап. Іске қатысатын адамдардың құқықтары мен міндеттері
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Іске қатысатын адамдардың іс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшірмелер жазып алуға және көшірмелер түсіруге; қарсылықтарын мәлімдеуге; дәлелдемелерді табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға; іске қатысатын басқа да тұлғаларға, куәларға, сарапшылар мен мамандарға сұрақтар қоюға; өтінішхаттар, оның ішінде талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шаралар қолдану туралы, дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша, қосымша дәлелдемелерді талап ету туралы, татуластыру рәсімдерін қолдану туралы өтінішхаттар беруге; сотқа ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге; сот процесі барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін келтіруге; іске қатысатын басқа да адамдардың өтінішхаттары мен дәлелдеріне қарсы болуға; сот жарыссөздеріне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған жазбаша ескертпелер беруге; соттың шешімдеріне, ұйғарымдары мен қаулыларына шағым жасауға; Қазақстан Республикасының азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңнамасында берілген басқа да процестік құқықтарды пайдалануға құқығы бар. Олар басқа адамдардың құқықтарын теріс пайдаланбай, олардың мүдделерін бұзбай, өздеріне тиесілі барлық процестік құқықтарды адал пайдалануға тиіс және істерді қарау мен шешу мерзімдерін қасақана созып жіберуге жол бермеуге тиіс.
Іске қатысу осы Кодексте белгіленген жағдайларда және тәртіппен техникалық байланыс құралдары пайдаланыла отырып қамтамасыз етілуі мүмкін.
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Іске қатысатын, есту және (немесе) көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар, сөйлеу қабілетінен толық айырылған адамдар осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құқықтарды аудармашы көрсететін қызметтердің көмегімен, сондай-ақ сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдарды қолдана отырып пайдалануға құқылы.
2. Іске қатысатын адамдар істің нақтылы мән-жайлары туралы сотқа толық әрі шынайы түрде мәлімдеуге, сөз сөйлеуге немесе сотқа екінші тарап растаған фактілерді теріске шығаратын жазбаша құжаттар ұсынуға міндетті. Іске қатысатын адамдардың процестік міндеттерін орындамауы осы Кодексте көзделген процестік салдардың туындауына әкеп соғады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Корпоративтік дауға қатысатын тараптар әрбір нақты құжатты көрсетпестен, бір-бірінен және куәлардан іс үшін маңызы бар құжаттарды сұратуға құқылы.
Тараптар мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын құжаттарды бір-бірінен және куәлардан сұрата алмайды.
4. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген әрекеттер жазбаша нысандағы не электрондық құжат нысанындағы арыздар мен өтінішхаттарды, құжаттарды беру арқылы жасалуы мүмкін.
47-бап. Тараптар
1. Талап қоюшы мен жауапкер азаматтық процесте тараптар болып табылады.
Өздерінің бұзылған немесе даулы құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғап талап қою берген немесе осы Кодексте көзделген тәртіппен өзге де тұлғалар оларды қорғап талап қою берген азаматтар мен заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылады.
Өздеріне талап қою берілген азаматтар мен заңды тұлғалар жауапкерлер болып табылады.
2. Заңда көзделген жағдайларда, заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар да тараптар болуы мүмкін.
3. Басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін заң бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар тұлғалардың арызы бойынша өз мүддесінде іс басталған тұлғаға сот туындаған процесс туралы хабарлайды және ол оған талап қоюшы ретінде қатысады.
4. Азаматтық процесте мемлекет тарап болуы мүмкін.
5. Тараптар процестік құқықтарын тең иеленеді және олардың бірдей процестік міндеттері болады.
48-бап. Талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгерту, талап қоюдан бас тарту, талап қоюды тану, татуласу келісімі, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім
1. Талап қоюшы талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін көбейтуге немесе азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы, жауапкер талап қоюды тануға құқылы, тараптар істі осы Кодекстің 169, 170, 171-баптарында және 17-тарауында көзделген қағидалар бойынша татуласу келісімімен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады.
2. Сот өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негізін өзгертуге құқылы емес. Егер бұл әрекеттер заңға қайшы келсе немесе қандай да біреудің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды және тараптардың татуласу келісімін немесе тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпейді.
3. Талап қоюдың негізі немесе нысанасы өзгерген, талап қою талаптарының мөлшері ұлғайған немесе азайған кезде істерді қарау мерзімінің өтуі бастапқы талап қойылған күннен бастап есептеледі.
49-бап. Бірнеше талап қоюшының немесе жауапкердің іске қатысуы
1. Бірнеше талап қоюшы бірлесіп бір немесе бірнеше жауапкерге талап қою беруі мүмкін. Талап қоюшылардың немесе жауапкерлердің әрқайсысы екінші тарапқа қатысты процесте дербес әрекет етеді. Тараптар іс жүргізуді тиісінше тең талап қоюшылардың немесе тең жауапкерлердің біреуіне сенімхат негізінде тапсыра алады.
2. Егер:
1) бірнеше талап қоюшының немесе бірнеше жауапкердің ортақ құқықтары мен міндеттері даудың нысанасы болып табылса;
2) бірнеше талап қоюшының немесе бірнеше жауапкердің құқықтары мен міндеттерінің негізі бір болса;
3) бірнеше талап қоюшының немесе бірнеше жауапкердің біртекті (ұқсас) құқықтары мен міндеттері даудың нысанасы болып табылса, іске бірнеше талап қоюшының немесе жауапкердің қатысуына жол беріледі.
50-бап. Тиісті емес жауапкерді ауыстыру
1. Істі бірінші сатыдағы сотта мәні бойынша қарау басталғанға дейін жауапкерді ауыстыруға жол беріледі. Сот талап қою бойынша жауап беруге тиісті емес тұлғаға талап қою беріліп отырғанын анықтап, істі тоқтатпай, талап қоюшының өтінішхаты бойынша тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыра алады. Тиісті емес жауапкерді ауыстырғаннан кейін істі дайындау және оны сот отырысында қарау басынан бастап жүргізіледі. Істі қарау мерзімі істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап есептеледі.
2. Егер талап қоюшы тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыруға келіспесе, сот істі берілген талап қою бойынша қарайды және шешеді.
51-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар
1. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар бір немесе екі тарапқа да талап қою арқылы істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін процеске кірісе алады. Олар барлық құқықтарды пайдаланады және талап қоюшының барлық міндеттерін орындайды.
2. Сот істі сот талқылауына дайындау кезінде және қойылып отырған талаптар үшінші тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғауы мүмкін екендігі туралы анық деректер болған кезде көрсетілген тұлғаларға осындай арыздың қабылданғаны туралы хабарлайды.
3. Егер үшінші тұлға іске қатысу немесе бірінші сатыдағы сотта дербес талап қою құқығын іске асырмаса, сот істі талап қоюшының қойған талабы бойынша қарайды және шешеді.
52-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар
1. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар, егер іс тараптардың біреуіне қатысты олардың құқықтарына немесе міндеттеріне әсер етуі мүмкін болса, бірінші сатыдағы сот іс бойынша шешім шығарғанға дейін талап қоюшының немесе жауапкердің жағында процеске кірісе алады. Олар тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың өтінішхаты бойынша немесе соттың бастамасы бойынша іске қатысуға тартылуы мүмкін.
2. Сот істі сот талқылауына дайындаған және қойылған талаптар үшінші тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғауы мүмкін екендігі туралы анық деректер болған кезде көрсетілген тұлғаларға осындай арыздың қабылданғаны туралы хабарлайды.
Даудың нысанасына дербес талабын мәлімдемейтін үшінші тұлғаның іске кірісуі туралы шешімді сот істі сот талқылауына дайындау сатысында қабылдайды, бұл туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда немесе сот отырысында ұйғарыммен көрсетіледі, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
3. Дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар процестік құқықтарды пайдаланады және өзі қай тараптың жағында қатысса, сол тараптың процестік міндеттерін атқарады. Көрсетілген тұлғалар талап қоюдың негізін немесе нысанасын өзгертуге, талаптардың мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға, талап қоюдан бас тартуға, талап қоюды тануға, татуласу келісімін немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасуға, қарсы талап беруге, соттың шешімін мәжбүрлеп орындатуды талап етуге құқылы емес.
Дербес талабын мәлімдемейтін үшінші тұлға іске кіріскен кезде осы тұлғаға іс материалдарымен, оның ішінде іске қатысатын адамдардың бұрын берген түсініктемелерімен танысу мүмкіндігі беріле отырып, істі қарау жалғастырылады.
53-бап. Процестік құқық мирасқорлығы
1. Даулы немесе сот шешімімен белгіленген құқықтық қатынастардан тараптардың біреуі шығып қалған жағдайда (адамның қайтыс болуы, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы, таратылуы, талапты басқаға беру, борышты аудару және даулы материалдық құқықтық қатынастардағы тұлғалардың басқа да ауысу жағдайлары) сот сол тарапты оның құқық мирасқорымен ауыстыруға жол береді. Құқық мирасқорлығы процестің кез келген сатысында мүмкін болады.
2. Құқық мирасқоры процеске кіріскенге дейін жасалған барлық әрекеттер құқық мирасқорын ауыстырған тұлға үшін қаншалықты міндетті болса, құқық мирасқоры үшін сондай шамада міндетті болады.
3. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда істі қарау кезінде тараптардың біреуі шығып қалған жағдайда іс бойынша іс жүргізу осы Кодекстің 272-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес тоқтатыла тұрады.
4. Кассациялық сатыдағы сотта сот актілерін қайта қарау сатысында тараптардың біреуі шығып қалған жағдайда, шығып қалған тараптың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаты қараусыз қалдырылады. Құқық мирасқоры өтінішхатты қайта беруі мүмкін.
Прокурордың бастамасы бойынша наразылық келтіру жағдайларынан басқа, егер наразылық шығып қалған тараптың, іске қатысатын басқа да тұлғаның өтінішхаты бойынша келтірілсе, ол қараусыз қалдыруға жатады.
5. Құқық мирасқорының, прокурордың сот актілеріне шағым жасауға, наразылық білдіруге арналған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхаттарын кассациялық сатыдағы сот осы Кодексте белгіленген тәртіппен қарайды.
54-бап. Прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Азаматтық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығына мемлекет атынан жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тікелей де, өзіне бағынысты прокурорлар арқылы да жүзеге асырады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Прокурор осы Кодексте көзделген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін процеске кірісуге құқылы.
Мемлекет мүдделерін қозғайтын істер бойынша, қоғамдық мүдделерді немесе өздерін өз бетінше қорғай алмайтын азаматтарды қорғау талап етілгенде, сондай-ақ прокурордың қатысу қажеттігін сот танығанда прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы міндетті.
Прокурордың көрсетілген өкілеттіктері тиісті ақпаратты соттың интернет-ресурсында орналастыру арқылы қарауға тағайындалған істердің барлығы туралы соттың уақтылы хабарлауы арқылы қамтамасыз етіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Прокурор:
1) физикалық, психикалық және өзге де мән-жайларға байланысты өз бетінше құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыра алмайтын тұлғалардың;
2) шектелмеген тұлғалар тобының;
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) адамдардың, қоғамның және мемлекеттің, егер бұл адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының қауіпсіздігі үшін орны толмас салдарларды болғызбау үшін қажет болса, бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және мүдделерін қорғау үшін заңнамаға сәйкес сотқа талап қоюмен, арызбен жүгінуге құқылы.
Прокурор квазимемлекеттік сектор, ірі кәсіпкерлік субъектілерінің, оның ішінде мемлекеттік қолдау алған банктердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор, ірі кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде мемлекеттік қолдау алған банктер жасаған мәмілелерді жарамсыз деп тану және мәмілелердің жарамсыздығы салдарын қолдану туралы; олардың мүлкін өзгенің заңсыз иеленуінен талап етіп алу туралы; квазимемлекеттік сектор, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде мемлекеттік қолдау алған банктерге келтірілген залалды өтеу туралы; квазимемлекеттік сектор, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде мемлекеттік қолдау алған банктерге қатысты органдардың шешімдеріне дау айту туралы талап қою беруге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды
3-1. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда, прокурор талап қоюды сотқа мүдделі тұлғаның өтінуі мен арызына қарамастан беруі мүмкін.
4. Егер талап қоюшы прокурор мәлімдеген талапты қолдамаса, егер үшінші тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері қозғалмаса, онда сот талап қоюды қараусыз қалдырады.
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Талап қоюды берген прокурор «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді және дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасу құқығынан басқа, барлық процестік құқықтарды пайдаланады, сондай-ақ онда талап қоюшының барлық процестік міндеттері болады. Прокурордың басқа тұлғаның мүдделерін қорғау үшін берілген талап қоюдан бас тартуы осы тұлғаны ол «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) талаптарына сәйкес мемлекеттік бажды төлегеннен кейін істі мәні бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды.
6. Сот қарайтын дауда прокуратура органдарының мүдделерін талап қоюшы немесе жауапкер ретінде білдіретін прокурор тараптың процестік құқықтары мен міндеттерін пайдаланады.
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен ескертпемен толықтырылды (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
Ескертпе. Сотқа осы баптың үшінші бөлігі 3) тармақшасының екінші абзацында көзделген прокурордың талап қоюы, арыздары «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған субъектілерге және (немесе) олардың үлестес тұлғаларына қатысты не активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес активтерді іздеу және қайтару жөніндегі шараларды жүзеге асыруына байланысты өзге де тұлғаларға қатысты беріледі.
55-бап. Басқа тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін сотқа жүгіну
2021.29.12. № 91-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар немесе азаматтар, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сотқа басқа тұлғалардың өтініші бойынша олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, сол сияқты қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып, жүгіне алады.
2. Әрекетке қабілетсіз азаматтың мүдделерін қорғау үшін мүдделі тұлғаның өтінішіне қарамастан талап қою берілуі мүмкін.
3. Бөгде мүдделерді қорғау үшін талап қойған адамдар барлық процестік құқықтарды пайдаланады және талап қоюдан бас тарту, татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім және дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу құқығынан басқа, талап қоюшының барлық процестік міндеттерін атқарады.
4. Егер өз мүддесінде іс қозғалған тұлға мәлімделген талапты қолдамаса, егер үшінші тұлғалардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері қозғалмаса, сот талап қоюды қараусыз қалдырады.
56-бап. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының іс бойынша қорытынды беру үшін процеске қатысуы
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өз бастамасы бойынша, іске қатысатын адамдардың өтінішхаты бойынша, сондай-ақ соттың бастамасы бойынша іс бойынша жазбаша қорытынды беру үшін процеске кірісе алады.
Қорытынды ұсыну талап етілетін мәселелер мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жіберіледі.
2. Қорытынды осы органдарға азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау жөнінде жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында және мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының құзыреті шегінде беріледі және іс материалдарына қоса тіркеледі.
Мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары қорытындысының күні бұрын белгіленген күші болмайды. Соттың қорытындымен келіспегені туралы сот шешімінде көрсетілуге тиіс.
3. Осы бапта көрсетілген органдар өз өкілдері арқылы осы Кодекстің 46-бабында көзделген іске қатысатын адамдардың барлық құқықтарын пайдаланады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5-1-тараумен толықтырылды
5-1 тарау. ІСТІ ҚАРАУҒА ҚАТЫСАТЫН ӨЗГЕ АДАМДАР
56-1-бап. Консультант
1. Істі қалыптастыруды қамтамасыз ететін, судьяның сот процесін дайындауға және ұйымдастыруға бағытталған заңды тапсырмаларын орындайтын мемлекеттік қызметші консультант болып табылады.
2. Консультант:
1) азаматтық іс материалдарының жүргізілуін және тиісінше ресімделуін қамтамасыз етуге;
2) істі мәні бойынша шешетін сот актілерін қоспағанда, судьяның тапсырмасы бойынша процестік құжаттардың жобаларын дайындауға;
3) соттың ұйғарымдарын орындау бойынша сұрау салуларды жіберуге және басқа да әрекеттерді жасауға;
4) іске қатысатын адамдарды істің материалдарымен таныстыруға, осы Кодексте көзделген жағдайларда оларға сот актілерінің және басқа да құжаттардың көшірмелерін жіберуге;
5) осы Кодексте белгіленген талаптарды сақтай отырып, істі апелляциялық сатыға жіберуге;
6) істі архивке беруді қамтамасыз етуге;
7) судьяның тапсырмасы бойынша сот процесін дайындауға және ұйымдастыруға бағытталған өзге де әрекеттерді жасауға міндетті.
3. Консультант өз өкілеттіктерін іске асыру кезінде сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі фукцияны орындауға, іске қатысатын адамдардың құқықтары мен міндеттерінің туындауына, өзгеруіне не тоқтатылуына әкеп соғатын әрекеттерді жасауға, процестік құжаттардың жобаларын дайындаумен, жабық сот отырысына қатысумен байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын кез келген мәліметтерді жария етуге құқылы емес.
Консультант судьяның тапсырмасы бойынша сот отырысы хатшысының өкілеттігін жүзеге асыра алады.
56-2-бап. Сот отырысының хатшысы
1. Сот отырысының хаттамасын жүргізетін, сондай-ақ сот отырысын аудио-, бейнетіркеуді жүргізетін мемлекеттік қызметші сот отырысының хатшысы болып табылады.
2. Сот отырысының хатшысы:
1) оның хаттама жасауды қамтамасыз етуі қажет болатын барлық уақытта сот отырысының залында болуға және төрағалық етушінің рұқсатынсыз сот отырысынан шығып кетпеуге;
2) соттың әрекеттері мен шешімдерінің, сот отырысына қатысатын барлық адамның өтінішхаттарының, қарсылықтарының, түсініктемелерінің, сондай-ақ сот отырысының хаттамасында көрсетілуге жататын басқа да мән-жайлардың хаттамаға толық және анық бекітілуін қамтамасыз етуге;
3) сот отырысының хаттамасын осы Кодексте көзделген мерзімдерде және қағидалар бойынша жазбаша немесе электрондық нысанда жасауға;
4) төрағалық етушінің заңды өкімдеріне бағынуға;