3. Ғимараттар, құрылыстар, үй-жайлар, автомобиль жолдары және өзге де өнеркәсіптік объектілер қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ететін техникалық регламенттердің, санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің, нормалардың, қала құрылысының талаптары және өзге де талаптар ескеріле отырып орналастырылуға тиіс.
201-бап. Кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді орналастыруға қойылатын экологиялық талаптар
1. Кәсіпорындар, құрылыстар және өзге де объектілер орналастырылатын жерлерді айқындау қоршаған ортаны қорғаудың шарттары мен ережелері сақтала отырып, аталған объектілер қызметінің экологиялық салдарлары ескеріліп жүргізіледі.
2. Кәсіпорындарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді орналастыру кезінде күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтары белгіленеді.
202-бап. Кәсіпорындарды, құрылыстарды және басқа даобъектілерді салуға және реконструкциялауға қойылатын экологиялық талаптар
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Кәсiпорындарды, құрылыстар мен өзге де объектiлердi салу және реконструкциялау мемлекеттiк экологиялық сараптаманың, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың (эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілерді салған және реконструкциялаған жағдайда) оң қорытындылары болған кезде және қоршаған орта сапасының нормативтерiне сәйкес жүзеге асырылады. Бекiтiлген жобаны немесе жұмыстардың құнын қоршаған ортаға залал келтiре отырып өзгертуге жол берiлмейдi.
2. Құрылыс жұмыстарын орындау кезінде жерді қалпына келтіру, табиғи ресурстарды молайту мен ұтымды пайдалану, аумақтарды абаттандыру және қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі шаралар қолданылуға тиіс.
3. Жоба бекітілгенге дейін және нақты жер учаскесі бөлінгенге дейін объектілерді салуға, реконструкциялауға тыйым салынады.
203-бап. Өнеркәсіп, энергетика, көлік және байланыс объектілерін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы және мелиорациялау объектілерін пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Өнеркәсіп, энергетика, көлік және байланыс объектілерін, ауыл шаруашылығы мақсатындағы және мелиорациялау объектілерін пайдалану белгіленген экологиялық талаптар ескеріліп және экологиялық тұрғыдан негізделген технологиялар, қоршаған ортаның ластануын болдырмайтын қажетті тазарту құрылыстары мен санитарлық күзет аймақтары пайдаланыла отырып жүзеге асырылуға тиіс. Аталған объектілерді пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін аз қалдықты және қалдықсыз технологиялар енгізілуге тиіс.
2. Жеке және заңды тұлғалар топырақты, су тоғандарын, ормандарды және өзге де өсімдіктерді, жануарлар дүниесін ауыл шаруашылығы қызметінің зиянды әсерінен қорғау жөніндегі шаралар кешенін орындауға міндетті.
204-бап. Автомобиль және өзге де көлік құралдарын жасау мен пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
Қоршаған ортаға теріс әсерін тигізетін автомобиль және өзге де көлік құралдарын пайдалануды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар жол берілетін шығарындылар нормативтерін сақтауға, шуыл деңгейін және қоршаған ортаға өзге де теріс әсерді азайту жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
205-бап. Атом, жылу және су электр станцияларын орналастыруға қойылатын экологиялық талаптар
1. Атом электр станцияларын орналастыру және салу жоба мен мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындысы болғанда жүзеге асырылады. Атом электр станцияларының жобалары оларды пайдалануды қауіпсіз түрде шығаруды қамтамасыз ететін шешімдерді, сондай-ақ қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі шараларды қамтуға тиіс.
Атом электр станцияларын орналастыру, жобалау және салу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданады.
2. Жылу электр станцияларының іргелес аумақтың ауа бассейнінің жай-күйіне зиянды әсерін шектеу мақсатында оларды орналастырудың алдында жобаның құрамында әрбір энергетика ұйымы (және оның әрбір ластаушы көзі) үшін жылу электр станциясының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бақылау көрсеткіштері (секундына грамм есебімен) және жылдық нормативтер (жылына тонна есебімен) белгілеу арқылы қоршаған ортаға эмиссияларды нормалау жүргізіледі.
Бақылау көрсеткіштерін (секундына грамм есебімен) есептеу және қоршаған ортаға эмиссияларды азайту жөніндегі тиісті іс-шараларды әзірлеу жылу электр станциялары жабдықтарының жоспарланып отырған ең жоғары өнімділігін негізге ала отырып (жоспарлы жөндеуді, резервке шығаруды ескере отырып) жүргізіледі.
3. Су электр станцияларын орналастыру, жобалау және салу кезінде тиісті өңірлердің электр энергиясына нақты қажеттігі, аумақтың сейсмикалығы мен объектіні орналастыруға арналған жердің рельефі, жалпы алғанда қоршаған ортадағы елеулі түрдегі теріс өзгерістерді болғызбауды қамтамасыз ететін ормандар мен жерлерді сақтау, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі ресурстарын тиімді қорғау жөніндегі шаралар толық ескерілуге тиіс.
4. Жобалану және салыну үстіндегі электр станциялары үшін қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін сақтау оларды пайдалануға қабылдау кезіне қарай қамтамасыз етілуге тиіс.
206-бап. Әскери және қорғаныс объектілеріне, әскери қызметке қойылатын экологиялық талаптар
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, осы Кодексте белгіленген экологиялық талаптар әскери және қорғаныс объектілері мен әскери қызметке қолданылады.
207-бап. Табиғи ресурстарды пайдалану кезіндегi экологиялық талаптар
1. Жерді, жер қойнауын, суды, орманды және өзге де өсімдіктерді, жануарлар дүниесін пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
2. Табиғи экологиялық жүйелердің бұзылуына, тірі организмдердің генетикалық қорының жойылуына, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіпті қоршаған ортаның басқа да өзгерістеріне әкеп соғатын шаруашылық және өзге де қызметке тыйым салынады.
31-тарау. Жерді пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
208-бап. 2011.15.07. № 461-IV ҚР Заңымен алып тасталды (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
209-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді аймақтарға бөлу және пайдалану кезінде экологиялық қауіпсіздік пен ауыл шаруашылығы алқаптарының сапалы жай-күйі қамтамасыз етілуге тиіс.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді аймақтарға бөлу критерийі физикалық тозу мен химиялық ластану болып табылатын экологиялық қолайсыздық дәрежесінің көрсеткіштеріне негізделеді.
3. Жердің химиялық ластану деңгейін айқындау қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органдар бекіткен топырақтағы химиялық заттардың жол берілетін шекті шоғырлануы пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Жерлердi неғұрлым бағалыдан бағасы төмендеу жерге ауыстыру, жерлердi консервациялау, сондай-ақ оларды экологиялық зiлзала аймағына немесе төтенше экологиялық жағдай аймағына жатқызу қажеттiгiн айқындау мақсатында жердi бағалаудың экологиялық критерийлерiн (бұдан әрi - жердi бағалаудың экологиялық критерийлерi) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
210-бап. Елді мекендердің жерін аймақтарға бөлу мен пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Елді мекендердің жерін аймақтарға бөлу жерді бағалаудың экологиялық критерийлері негізінде жүзеге асырылады.
2. Елді мекендердің жерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру кезінде ластаушы заттардың осы аумақтардағы ауа мен суға өту мүмкіндігі және олардың халық денсаулығына тікелей әсер етуі ескеріледі.
3. Төтенше экологиялық жағдайдағы аймақ үшін экологиялық ахуалдың одан әрі нашарлауына әкеп соқпайтын ерекше пайдалану режимі белгіленеді.
211-бап. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жердi аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегi экологиялық талаптар
1. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жерді аймақтарға бөлу кезінде экологиялық қауіпсіздік және жерді ұтымды пайдалану қамтамасыз етіледі.
2. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өнеркәсіп, көлік және өзге де объектілерді пайдалану үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға ықпал ететін, аталған жерді пайдаланудың ерекше жағдайлары ескеріле отырып, аймақтар белгіленедi
3. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы емес мақсаттағы жерді басқа санаттағы жерге ауыстыру кезінде өз шегінде аймақтарды белгілеу мақсаттарына сай келмейтін қызмет түрлеріне шек қойылатын немесе тыйым салынатын аймақтар ескеріледі.
4. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жерді басқа санаттағы жерге ауыстыру кезінде олардың химиялық заттармен жерлерді бағалаудың экологиялық критерийлерінде белгіленген деңгейлерден артық ластануы қосымша экологиялық критерий болып табылады. Ластанудың жоғары деңгейіне жатқызылған жер консервациялануға тиіс және босалқы жер құрамына ауыстырылады.
212-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін және сауықтыру мақсатындағы жерді пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін пайдалану режимі Қазақстан Республикасының Жер кодексімен және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
2. Сауықтыру мақсатындағы жерде қолайлы экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларды сақтау мақсатында оларды аймақтарға бөлу кезінде санитарлық қорғаныш аймақтары белгіленеді.
213-бап. Орман қорының жерін пайдалану кезіндегi экологиялық талаптар
1. Орман қорының жерін пайдалану режимі Қазақстан Республикасының Жер және Орман кодекстерімен реттеледі.
2. Жерді орман қоры санатына жатқызу кезінде аумақтың экологиялық жай-күйінің индикаторы ретінде өсімдіктердің жай-күйін экологиялық критерийлер деп есептеген жөн.
3. Орман шаруашылығының мұқтаждықтары үшін пайдаланылмайтын орман қоры жеріндегі ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің санатына ауыстырылуы мүмкін.
4. Орман қорының жерін басқа жер санатына ауыстыруға Қазақстан Республикасының орман заңнамасының талаптарына сәйкес орман орналастыру және жерге орналастыру материалдарының негізінде мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде:
1) бұрын белгіленген нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану мүмкін болмаған;
2) қоныстар шегі өзгерген;
3) елді мекендердің шекаралары (шектері) өзгерген;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерінің санатына жатқызылған жағдайда жол беріледі.
5. Орман қорының жерін басқа санаттарға ауыстыру кезінде жерді бағалаудың экологиялық критерийлеріне сәйкес жердің жай-күйінің шөпті және сүректі өсімдіктерге әсер етуін көрсететін экологиялық көрсеткіштерді ескерген жөн.
214-бап. Су қорының жерін аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Су қорының жерін аймақтарға бөлу кезінде су объектілерін қорғау және суды ұтымды пайдалану қамтамасыз етіледі.
2. Су қоры жерінің құрамындағы жер учаскелерін жергілікті атқарушы органдар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарының келісімі бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары үшін және жер учаскесінің негізгі нысаналы мақсатына қайшы келмейтін, жердің ластануы мен тозуына және тиісінше экологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соқтырмайтын басқа да мақсаттар үшін уақытша жер пайдалануға беруі мүмкін.
3. Су қорының жерін басқа жер санатына ауыстыруға, мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары Қазақстан Республикасының су заңнамасының талаптарына сәйкес болған кезде:
1) су объектісінің жұмыс істеуі тоқтатылған немесе оның экологиялық және гигиеналық көрсеткіштері едәуір өзгерген;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жеріне жатқызылған;
3) елді мекендердің шекаралары (шектері) экологиялық ахуалдың өзгеруіне әкеп соқтыратындай өзгерген жағдайда жол беріледі.
4. Су қорғау белдеулеріне бөліп берілген жер елді мекендер мен өнеркәсіп жерінің санатына ауыстырылмайды, онда судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшін шаруашылық қызметтің арнайы режимі белгіленеді.
215-бап. Босалқы жерді аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Босалқы жерді аймақтарға бөлу кезінде келеңсіз өзгерістер байқалған алаңдарды және зерттелетін аумақтағы тозу дәрежесі әртүрлі учаскелерді бөлудің кеңістікті әркелкілігі ескеріледі.
2. Экологиялық жүйелердің тозу жылдамдығы елу жылдық байқау қатары бойынша есептеледі. Экожүйелердің тозуын бағалау жерді бағалаудың экологиялық критерийлеріне сәйкес жүргізіледі.
3. Босалқы жер басқа жер санатына одан әрі пайдалану мақсаттарына қарай сол орында санатына ауыстырылатын жердің шекаралары белгіленгеннен кейін ғана ауыстырылуы мүмкін. Босалқы жерді басқа жер санатына ауыстыру кезінде жер учаскесін осындай жер санатына қойылатын экологиялық талаптарға сәйкес таңдау алдын ала жүзеге асырылады.
4. Бұзылған жерді босалқы жер санатынан ауыстыру қалпына келтіру және жердің сапасы мен экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырғаннан кейін мүмкін болады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Ядролық қаруды сынау жүргізілген жер учаскелері босалқы жер құрамынан ядролық қаруды сынау зардаптарын жою және кешенді экологиялық тексеру жөніндегі барлық іс-шаралар аяқталғаннан кейін мемлекеттік экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындысы болған кезде ғана меншікке немесе жер пайдалануға берілуі мүмкін.
216-бап. Оңтайлы жер пайдалану жөніндегі экологиялық талаптар
1. Оңтайлы жер пайдаланудың негізгі экологиялық талаптары:
1) ұсынылып отырған жердің қайта түлетілуі және жерді қайта бөлу салдарларын ғылыми негіздеу және болжау;
2) барлық санаттағы жердің ұтымды пайдаланылуы мен қорғалуын жоспарлау мен ұйымдастыруда бірыңғай мемлекеттік саясатты негіздеу және іске асыру;
3) жердің нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы өндірісіндегі құнарлы жерді сақтау;
4) экологиялық негізделген жинақы және алаңы жағынан оңтайлы жер учаскелерін қалыптастыру және орналастыру;
5) ауыл шаруашылығы алқаптарын жақсарту, топырақтың құнарлылығын арттыру, тұрақты ландшафттарды күтіп ұстау және жерді қорғау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;
6) жерді ұтымды пайдалану және қорғау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;
7) жерге түгендеу жүргізу және пайдаланылмайтын, ұтымды пайдаланылмайтын, нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерді анықтау;
8) жердің өнімділігін арттыру мақсатында және адам денсаулығын сақтау мүддесіне орай ормандардың орта құрау, су қорғау, қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық, сауықтыру және өзге де пайдалы табиғи қасиеттерін сақтау және күшейту;
9) биологиялық әралуандықты сақтау болып табылады.
2. Кәсіпорындар, құрылыстар және өзге де объектілерді орналастыру және пайдалану үшін жер учаскелерін беру аталған объектілер қызметінің экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық салдарларын ескеріп, қоршаған ортаны қорғаудың, табиғи ресурстарды молайтудың және ұтымды пайдаланудың шарттары мен ережелері сақтала отырып жүргізіледі.
3. Ауыл шаруашылығы өндірісімен байланысты емес объектілерді салу мен тұрғызу үшін ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін жарамсыз, топырағының бонитет балы ең төмен жер бөлінуге тиіс.
217-бап. Жерді пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Табиғат пайдаланушылар жерді пайдалану кезінде:
1) санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарға сәйкес келетін өндіріс технологияларын қолдануы, халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеуі, қолжетімді озық технологияларды енгізуі;
2) топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және құнарлылығының төмендеуіне, сондай-ақ құнарлы қабаттың мүлдем жоғалуын болғызбау үшін оны алу қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа тұлғаларға сату немесе беру мақсатында топырақтың құнарлы қабатын алуға жол бермеуі;
3) қалдықтарды жинақтау мен жоюды олардың құзыреті шегінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен, сондай-ақ арнайы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісім бойынша жергілікті атқарушы органдардың шешімімен айқындалатын жерде жүргізу талаптарын сақтауы тиіс.
2. Табиғат пайдаланушылар пайдалы қазбаларды қазу, геологиялық-барлау, құрылыс және басқа да жұмыстарды жүргізу кезінде:
1) иеленіп отырған жер учаскелерін оларды одан әрі мақсатына сай пайдалануға жарамды күйде ұстауға;
2) жердің бүлінуімен байланысты жұмыстар жүргізілген кезде топырақтың құнарлы қабатын сылып алуға, сақтауға және пайдалануға;
3) бүлінген жерді қалпына келтіруді жүргізуге міндетті.
3. Бүлінген жерді қалпына келтіру бағытын таңдау кезінде:
1) жер учаскесінің үстіңгі жағының бүліну сипаты;
2) объект орналасқан ауданның табиғи және физикалық-географиялық жағдайлары;
3) ауданның даму перспективалары және қоршаған ортаны қорғау талаптарын ескере отырып, объектіні орналастырудың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері;
4) қара топырақты жердің таралу және үдемелі ауыл шаруашылығы аймағында бүлінген жердің негізгі көлемін жыртылатын жер алқаптары ретінде қалпына келтіру қажеттігі;
5) кені алынған бос жерде су тоғандарын және аршылған жыныстар мен байытылған қалдықтар үйінділерінде сәндік бақ-парк кешендерін құруды қоса алғанда, елді мекендерге тым жақын орналасқан бүлінген жерді бақ, қосалқы шаруашылықтар және демалыс аймақтары етіп қалпына келтіру қажеттілігі;
6) өндірістік объектінің аумағында жоспарлау жұмыстарын орындау, қажетсіз шұңқырлар мен үйінділерді жою, құрылыс қоқыстарын жинау және жер учаскесін абаттандыру;
7) пайдаланылатын жер учаскесіндегі жыралар мен су шайған жерлерді топырақпен жабу немесе тегістеу;
8) міндетті түрде аумақты көгалдандыру ескерілуге тиіс.
4. Жер учаскелері өнеркәсіптік қалдықтарды орналастыру, көму, жинақтау үшін пайдаланылған жағдайда олар мынадай талаптарға сай келуге:
1) кәдеге жаратылмаған өнеркәсіптік қалдықтарды көмуге арналған полигондарды жобалаудың, салудың және пайдаланудың санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға сәйкес келуге;
2) су тоғаны, ауыл шаруашылығы алқаптары, ормандар, өнеркәсіптік кәсіпорындар жағына 1,5 процент еңісі бар жерлерде сыйымдылықтың түбінен алғанда екі метрден аспайтын ыза суы тұрғанда әлсіз сүзгіш топырағы болуға;
3) елді мекенге қатысты желден ық жақта және жерасты суы ағысының бағыты бойынша төмен орналасуға;
4) тасқын су мен нөсер су басып қалмайтындай жерлерде орналасуға;
5) инженерлік қарсы сүзгі қорғанышы, периметрі бойынша қоршауы мен көгалдандырылуы, қатты жамылғысы бар кірме жолдары болуға;
6) жер учаскесінен шығатын жер үсті және жер асты ағыны ашық су объектілеріне қосылмауға тиіс.
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жаңа технологияларды енгізуге, жерді мелиорациялау және топырақтың құнарлығын арттыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға олар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелерге және өзге де талаптарға сәйкес келмеген жағдайда тыйым салынады.
6. Радиоактивті және химиялық ластануға ұшыраған жерді пайдаланудың, күзет аймақтарын белгілеудің, осы жерде тұрғын үйлерді, өндірістік, коммерциялық және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерді сақтаудың, оларда мелиорациялық және техникалық жұмыстар жүргізудің тәртібі радиациялық және химиялық әсер етудің жол берілетін шекті деңгейлерінің нормативтері ескеріле отырып айқындалады.
7. Жерді қорғау мақсатында жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар:
1) жерді су және жел эрозиясынан, селдерден, су басудан, батпақтанудан, қайта тұзданудан, құрғап кетуден, тығыздалудан, радиоактивті және химиялық заттармен ластанудан, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен қоқыстанудан, ластанудан, оның ішінде биогендік ластанудан, сондай-ақ басқа да теріс әсерлерден сақтау;
2) ауыл шаруашылығы алқаптарын және басқа да жерді бактериялық-паразиттік және карантиндік зиянкестермен және өсімдіктер ауруларымен зақымданудан, арамшөптер, бұталар және шіліктер басып кетуден, жердің жай-күйінің өзге де нашарлану түрлерінен қорғау;
3) ластанудың, оның ішінде биогендік ластанудың және жердің қоқыстануының салдарларын жою;
4) мелиорацияның қол жеткізілген деңгейін сақтау;
5) бүлінген жердің құнарлылығын қалпына келтіру, топырақ құнарлылығын қалпына келтіру, жерді айналымға уақтылы енгізу;
6) топырақтың құнарлы қабатын кейіннен жердің құнарлылығын қалпына келтіруді жүргізу кезінде пайдалану үшін алу мен сақтау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге міндетті.
8. Елді мекендер жерінде көктайғаққа қарсы күресу үшін ас тұзын пайдалануға тыйым салынады.
32-тарау. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 218-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
218-бап. Жер қойнауын пайдалану жөнiндегі операцияларды жүргiзу үшiн экологиялық негiз
1. Жобалау құжаттамасына мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы және экологиялық рұқсат жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу үшiн экологиялық негiз болып табылады.
2. Жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттік экологиялық сараптамаға барлық жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын ұсынуға міндетті, оған жоспарланатын қызметтiң қоршаған ортаға тигiзетiн әсерiне баға беру енгізілуге және ол «Қоршаған ортаны қорғау» бөлiмiн қамтуға тиіс.
219-бап. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі жалпы экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі жалпы экологиялық талаптар:
1) жер қойнауын Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес пайдалану;
2) кен орнын игерудің арнаулы әдістерін қолдану есебінен жердің үстіңгі қабатын сақтау;
3) жердің техногендік шөлейттенуін болғызбау;
4) барлау, өндіру кезінде, сондай-ақ барлаумен және өндірумен байланысты емес жер асты құрылыстарын салу мен пайдалануға беру кезінде қауіпті техногендік процестердің пайда болуынан сақтандыру шараларын қолдану;
5) жер қойнауын су басудан, өрттен және кен орындарын пайдалану мен қазуды қиындататын басқа да дүлей факторлардан қорғау;
6) жер қойнауының, әсіресе мұнайды, газды немесе өзге де заттар мен материалдарды жер астында сақтау, зиянды заттар мен қалдықтарды көму кезінде ластануын болғызбау;
7) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды, тоқтату, тоқтатып қою, кен орнын игеру объектілерін консервациялау мен жою жөніндегі белгіленген тәртіпті сақтау;
8) қалдықтарды жинап қою мен орналастыру кезінде экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қамтамасыз ету;
9) автомобиль жолдарын салу жұмыстары басталмас бұрын ұтымды схема бойынша, сондай-ақ ұңғымаларды бұрғылауда тармақты тәсілді қоса алғанда басқа да әдістерді пайдалану, ішкі үйінділер жасау технологиясын қолдану, минералдық шикізатты өндіру мен өңдеудің қалдықтарын пайдалану арқылы бұзылатын және бүлінетін жердің аумағын азайту;
10) топырақтың жел эрозиясына ұшырауын, аршу жыныстары және өндіріс қалдықтарының құлауын, олардың тотықтануы мен өздігінен жануын болғызбау;
11) сіңірме және тұщы су қабаттарының ластануын болғызбау үшін оларды оқшаулау;
12) жер асты суларының сарқылуын және ластануын болғызбау, оның ішінде жуғыш сұйықтарды дайындағанда уытсыз реагенттерді қолдану;
13) бұрғылау ерітінділерін тазалау және қайталап пайдалану;
14) бұрғылау және жанар-жағармай материалдарының қалдықтарын экологиялық қауіпсіз тәсілмен жою;
15) мұнай кен орындарында қабатаралық қысымды сақтау жүйесінде мұнай кәсіпшілігі сарқынды суларын тазалау және қайтадан пайдалану негізгі экологиялық талаптар болып табылады.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.25.04. № 505-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Заттардың сапасының нормативтерін белгілеу талап етілмейтін мынадай сарқынды суларды:
1) жерасты сулары минералға қаныққан, ауызсу, бальнеологиялық, техникалық қажеттіліктер үшін, сондай-ақ ирригация және мал шаруашылығы мақсатында пайдаланылмайтын немесе пайдалануға болмайтын, жерасты сутұтқыш белдеулерге сарқынды суларды айдауды;
2017.05.04. № 56-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) қосымша ілесіп шыққан шахта және карьер суларын жинақтауыш тоғандарға және (немесе) буландырғыш тоғандарға ағызуды қоспағанда, нормативтiк көрсеткiштерге дейін тазартылмаған сарқынды суларды жер қойнауына ағызуға тыйым салынады.