2. Арыз келіп түскен күннен бастап - он бес жұмыс күні ішінде, ал апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарға іс тиісті сотқа келіп түскен күннен бастап көрсетілген мерзімде қаралуға тиіс.
458-бап. Арыздың нысаны мен мазмұны
1. Арыз беретін тұлға немесе оның уәкілетті өкілі арызға қол қояды.
2. Сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызда:
1) арыз берілетін соттың атауы;
2) арыз беретін тұлғаның және іске қатысатын басқа да тұлғалардың атауы, олардың орналасқан жері немесе тұрғылықты жері;
3) арыз беруші жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтініп отырған сот актісін қабылдаған соттың атауы, сот актісінің қабылданған күні, даудың нысанасы;
4) арыз беретін тұлғаның талаптары; осы Кодекстің 455-бабында көзделген және арыз берушінің пікірінше осы мән-жайдың ашылуын немесе белгіленуін растайтын құжаттарға сілтеме жасала отырып, жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарау туралы мәселені қоюға негіз болған жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар;
5) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс. Арызда іске қатысатын адамдардың телефон, факс нөмірлері, электрондық поштасының мекенжайы және өзге де мәліметтер де көрсетілуі мүмкін.
3. Арыз беретін тұлға іске қатысатын басқа да тұлғаларға оларда жоқ арыздың және қоса берілген құжаттардың көшірмелерін жіберуге міндетті.
4. Арызға:
1) жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) арызданушы қайта қарау туралы өтініш жасаған сот актісінің көшірмесі;
3) іске қатысатын басқа да тұлғаларға оларда жоқ арыздың және құжаттардың көшірмелері жіберілгенін растайтын құжат;
4) сенімхат немесе тұлғаның арызға қол қою өкілеттігін растайтын өзге де құжат қоса берілуге тиіс.
459-бап. Арыз беруге арналған мерзімнің есептелуі
Арыз беруге арналған мерзім:
1) осы Кодекстің 455-бабы екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда - сот үкімі, қаулысы, қылмыстық іс бойынша қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың қаулылары заңды күшіне енген күннен бастап;
2) осы Кодекстің 455-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайларда - шешім шығаруға негіз болған, аталған актілердің күшін жойған соттың шешімі, үкімі, ұйғарымы, қаулысы немесе өзге де мемлекеттік органның қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап;
3) осы Кодекстің 455-бабы үшінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайларда - преюдициалдық маңызы бар сот актісінің күшін жойған сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;
4) осы Кодекстің 455-бабы үшінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайларда - мәмілені жарамсыз деп таныған сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап;
5) осы Кодекстің 455-бабы үшінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайларда - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап есептеледі.
460-бап. Арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау
1. Арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптарды сақтай отырып берілген сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз тиісті соттың іс жүргізуіне қабылданады.
2. Арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені ол сотқа келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті соттың судьясы жеке-дара шешеді.
3. Тиісті соттың судьясы арызды іс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарады.
4. Ұйғарымда арызды қарау жөніндегі сот отырысын өткізу күні мен орны көрсетіледі.
5. Ұйғарымның көшірмелері іске қатысатын адамдарға жіберіледі.
461-бап. Арызды қайтару
1. Тиісті соттың судьясы, егер сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені шешу кезінде:
1) арыздың осы Кодекстің 456 және 457-баптарында белгіленген қағидаларды бұза отырып берілгенін;
2) арыздың белгіленген мерзім өткеннен кейін берілгенін және оны қалпына келтіру туралы өтінішхаттың жоқ екенін немесе арыз берудің өткен мерзімін қалпына келтіруден бас тартылғанын;
3) арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталмағанын анықтаса, арыз берген арыз берушіге оны қайтарады.
Арыз осы Кодексте көзделген басқа да негіздер бойынша қайтарылуы мүмкін.
2. Арызды қайтару туралы ұйғарым шығарылады. Ұйғарымның көшірмесі арызбен және оған қоса берілетін құжаттармен бірге ұйғарым шығарылған күннен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей арыз берушіге жіберіледі.
3. Соттың арызды қайтару туралы ұйғарымына шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
462-бап. Арызды қарау
Сот жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны қайта қарау туралы арызды сот отырысында қарайды.
Арыз берушіге және іске қатысатын адамдарға арызды қарау уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмей қалуы арызды қарауға кедергі болмайды.
463-бап. Соттың істі қайта қарау туралы ұйғарымы
1. Сот шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қарай келіп, арызды қанағаттандырады және шешімнің, ұйғарымның немесе қаулының күшін жояды не оны қайта қараудан бас тартады.
2. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актісінің күшін жою туралы ұйғарымдары шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық және кассациялық шағымдарға енгізілуі мүмкін.
3. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарымдарына шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
4. Шешімнің, ұйғарымның немесе қаулының күші жойылған жағдайда сот істі осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша қарайды.
56-тарау. ТӨРЕЛІК ШЕШІМДЕРДІҢ КҮШІН ЖОЮ ТУРАЛЫ ӨТІНІШХАТ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
464-бап. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат беру
1. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты төрелік талқылау тараптары, іске қатысуға тартылмаған, бiрақ төрелік заңда көзделген негiздер бойынша құқықтары мен мiндеттерiне қатысты шешiм қабылдаған үшiншi тұлғалар төрелік шешімді алған күннен бастап бір ай iшiнде бере алады.
2. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат:
1) егер төрелік шешім Қазақстан Республикасының аумағында қабылданса, төрелік дауды қараған жер бойынша;
2) егер төрелік шешім шет мемлекетте Қазақстан Республикасының заңы бойынша қабылданса, тұрақты жұмыс істейтін төреліктің орналасқан жері бойынша;
3) егер төрелік шешім шет мемлекетте Қазақстан Республикасының заңы бойынша қабылданса, Қазақстан Республикасында төреліктің құрылған жері бойынша Қазақстан Республикасының тиісті сотына беріледі.
3. Егер шешімнің күшін жою үшін осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өтіп кетсе және осы Кодекске сәйкес оны қалпына келтіру үшін негіздер болмаса, судья өтінішхатты қайтарады.
465-бап. Өтінішхатты қарау
1. Төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты сот осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша iс қозғалған кезден бастап он жұмыс күні iшiнде қарайды.
Үшінші тұлға өтінішхат берген кезде қосымша дәлелдемелер беру қажет болса, судьяның іс бойынша іс жүргізуді бір айға дейінгі мерзімге ұзартуға құқығы бар.
2. Төрелік талқылау тараптары, үшінші тұлғалар төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат берген жағдайда, сот оларға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған көрсетілген тұлғалардың келмей қалуы істі қарауға кедергі болмайды.
3. Сот істі қараған кезде мәлімделген талаптар мен қарсылықтарға негіз ретінде сотқа ұсынылған дәлелдемелерді зерттеу арқылы төрелік шешімнің күшін жою үшін заңда көзделген негіздердің болуын немесе болмауын анықтайды.
4. Сот төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты қараудың нәтижелерi бойынша төрелік шешiмнiң күшiн жою не өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Соттың ұйғарымына осы Кодекске сәйкес шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкiн.
4-бөлім. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРОЦЕСС
57-тарау. ШЕТЕЛДІК ТҰЛҒАЛАР ҚАТЫСАТЫН ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
466-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша Қазақстан Республикасы соттарының құзыреті
1. Егер Қазақстан Республикасының аумағында жауапкер-ұйым орналасқан болса немесе жауапкер-азаматтың тұрғылықты жері болса, шетелдік тұлғалар қатысатын істі Қазақстан Республикасының соттары қарайды.
2. Қазақстан Республикасының соттары шетелдік тұлғалар қатысатын істерді де мынадай:
1) шетелдік тұлғаның басқару органы, филиалы немесе өкілдігі Қазақстан Республикасының аумағында болған;
2) жауапкердің Қазақстан Республикасының аумағында мүлкі болған;
3) алименттер өндіріп алу туралы және әке болуды анықтау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған;
4) мертігумен, денсаулыққа өзге де зақым келтірумен немесе асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиян Қазақстан Республикасының аумағында келтірілгенде немесе талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған;
5) мүлікке келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша, зиянды өтеу туралы талап қою үшін негіз болған әрекет немесе өзге де мән-жай Қазақстан Республикасының аумағында орын алған;
6) талап қою, оның толық немесе ішінара орындалуы Қазақстан Республикасының аумағында орын алуға тиіс болған немесе орын алған шарттан туындаған;
7) талап қою Қазақстан Республикасының аумағында орын алған негізсіз баюдан туындаған;
8) некені бұзу туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған немесе ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болған;
9) ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған;
10) дербес деректер субъектілерінің құқықтарын қорғау туралы, оның ішінде залалдарды және (немесе) моральдық зиянды өтеу туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған жағдайларда қарайды.
3. Қазақстан Республикасының соттары басқа істерді де, егер олар заңмен және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартпен өз құзыретіне жатқызылса, қарайды.
467-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыреті
1. Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне:
1) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлік құқығына байланысты істер;
2) егер тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының аумағында болса, тасымалдаушыларға тасымал шарттарынан туындайтын талап қою жөніндегі істер;
3) егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некесін бұзу туралы істер;
4) осы Кодекстің 27 - 30-тарауларында көзделген ерекше талап қою ісін жүргізу істері жатады.
2. Қазақстан Республикасының соттары ерекше іс жүргізу істерін:
1) фактіні анықтау туралы іс бойынша арыз берушінің Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған немесе анықталуы қажет факт Қазақстан Республикасының аумағында орын алған немесе орын алатын;
2) өзіне қатысты бала асырап алу туралы, әрекетке қабілеттігін шектеу немесе оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау (эмансипация) туралы, психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы, психикасының бұзылуынан зардап шегетін азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу мерзімін ұзарту, туберкулезден, алкоголизмнен, нашақорлықтан және уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емдеу туралы арыз берген азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған;
3) өзіне қатысты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы мәселе қойылған азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында соңғы белгілі тұрғылықты жері болған және бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін анықтау осы мәселенің шешілуіне байланысты болған;
4) Қазақстан Республикасының аумағындағы затты иесіз деп тану туралы арыз берілген;
5) бағалы қағазды жоғалды деп тану туралы және оған тиісті құқықтарды қалпына келтіру (шақыртып іс жүргізу) туралы берілген арызды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе орналасқан азамат немесе ұйым берген;
6) жаңсақтығын анықтау туралы арыз берілген азаматтық хал актілеріндегі жазуды Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазу органдары жасаған;
7) шағым жасалып отырған нотариаттық әрекеттерді (оларды жасаудан бас тартуды) Қазақстан Республикасының нотариусы немесе басқа да органы жасаған жағдайларда қарайды.
468-бап. Шарттық соттылық
Шетелдік соттың құзыреті осы Кодекстің 31-бабында көзделген жағдайлардан басқа, тараптардың жазбаша келісімімен көзделуі мүмкін. Мұндай келісім болған жағдайда сот жауапкердің өтінішхатымен, егер мұндай өтінішхат істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін мәлімделсе, арызды қараусыз қалдырады.
469-бап. Құзыреттің өзгермейтіндігі
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреттілік қағидаларын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының соты іс жүргізуге қабылдаған іс бұдан әрі тараптардың азаматтығының, тұрғылықты жерінің өзгеруіне және құзыретке әсер ететін басқа да мән-жайларға байланысты басқа мемлекеттің сотының соттылығына жатқызылса да, мәні бойынша шешіледі.
470-бап. Шетелдік сотта іс жүргізудің мәні
1. Қазақстан Республикасы сот шешімдерін өзара тануды және орындауды көздейтін халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттің соты егер сол тараптар арасындағы, сол нысанасы туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде шешім шығарып қойған болса, Қазақстан Республикасының соты арызды қараусыз қалдырады, ал іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
2. Егер шет мемлекеттің сотында сол тараптар арасындағы, сол нысанасы туралы және сол негіздер бойынша бұрын қозғалған дау жөніндегі іс болса, ол бойынша шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында тануға жатса, Қазақстан Республикасының соты арызды қараусыз қалдырады, ал іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
3. Осы баптың ережелері осы іс Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне жатқызылатын жағдайларды қозғамайды.
471-бап. Соттылық
Қазақстан Республикасының заңнамасында Қазақстан Республикасы соттарының құзыретіне жатқызылған істердің соттылығы осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық қағидалары бойынша айқындалады.
472-бап. Шетелдік тұлғалардың процестік құқықтары мен міндеттері
1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік және халықаралық ұйымдардың (бұдан әрі - шетелдік тұлғалар) өздерінің бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқығы бар.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, шетелдік тұлғалар процестік құқықтарды пайдаланады және процестік міндеттерін Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей орындайды.
3. Соттарда шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша сот ісін жүргізу осы Кодекске, өзге де заңдарға және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының процестік құқықтарын арнайы шектеулерге жол берілетін мемлекеттердің шетелдік тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы қарсы шектеулер (реторсиялар) белгілеуі мүмкін.
473-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық процестік әрекетке қабілеттілігі
1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық процестік әрекетке қабілеттілігі олардың жеке заңы бойынша айқындалады.
2. Өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің құқығы шетелдіктің жеке заңы болып табылады.
3. Азаматта бірнеше шет мемлекеттің азаматтығы болған жағдайда, ол неғұрлым тығыз байланыста болатын, оның ішінде азаматтың тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңы оның жеке заңы болып есептеледі.
4. Азаматтығы жоқ адамның жеке заңы - ол тұрғылықты тұратын жері бар мемлекеттің заңы, ал олай болмаған жағдайда оның әдетте тұрып жатқан мемлекетінің заңы сол адамның жеке заңы болып есептеледі.
5. Өзінің жеке заңы бойынша процестік әрекетке қабілетті болып табылмайтын адам, егер Қазақстан Республикасының заңына сәйкес процестік әрекет қабілетіне ие болса, ол Қазақстан Республикасының аумағында әрекетке қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
474-бап. Шетелдік және халықаралық ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі
1. Шетелдік ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі осы ұйым соған сәйкес құрылған шет мемлекеттің заңы бойынша айқындалады. Бұл заң бойынша процестік құқыққа қабілеті жоқ шетелдік ұйым Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында құқыққа қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
2. Халықаралық ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі осы ұйым соған сәйкес құрылған халықаралық шарттың немесе Қазақстан Республикасының өзге де халықаралық шарттарының негізінде белгіленеді.
475-бап. Шет мемлекеттердің органдары берген құжаттарды тану
1. Қазақстан Республикасының ұйымдарына немесе шетелдік тұлғаларға қатысты шет мемлекеттердің заңдары бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалған, шет мемлекеттердің құзыретті органдары белгілеген нысанмен берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық заңдастыру болған немесе апостиль қойылған жағдайда қабылдайды.
2. Шетел тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының соттарына ұсынылған кезде олардың тиісті түрде куәландырылған, сот ісін жүргізу тіліне аударылған аудармасымен бірге берілуге тиіс.
476-бап. Құқықтық көмек туралы тапсырмалар
1. Қазақстан Республикасының соттары заңнамада және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделетін көлемде құқықтық көмек көрсетеді.
Құқықтық көмек көрсету, хабарламаларды, басқа да құжаттарды тапсыруды және жіберуді, сондай-ақ өзге де процестік әрекеттерді орындауды, атап айтқанда, тараптарды, куәгерлерді тыңдауды, сараптама жүргізуді, сол жерде қарап-тексеруді, орындалуы құқықтық көмек көрсету шеңберінде заңнамада немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не өзара негізде көзделген басқа да процестік әрекеттерді қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының соттары:
1) тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының егемендігіне нұқсан келтіретін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін;
2) тапсырмаларды орындау соттың құзыретіне кірмейтін жағдайларды;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, өздеріне заңда немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не өзара негізде көзделген тәртіппен берілген жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы шетелдік соттардың тапсырмаларын орындайды.
3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, шетелдік соттардың жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмаларын орындау осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасының соттары жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмалармен шетелдік соттарға жүгіне алады.
5. Қазақстан Республикасы соттарының шетелдік соттармен қарым-қатынас жасау тәртібі заңда немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда не өзара негізде айқындалады.
6. Қазақстан Республикасы соттарының құқықтық көмек көрсетуі туралы заңнамасының қолдануын және шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмекке жүгінуді егжей-тегжейлейтін нұсқаулықты соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган бекітеді.
477-бап. Шет мемлекеттiң иммунитетi
Осы Кодексте белгiленген жағдайларды қоспағанда, шет мемлекет Қазақстан Республикасында соттық иммунитеттi, талап қоюды қамтамасыз етуге қарсы иммунитеттi және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатуға қарсы иммунитеттi қоса алғанда, юрисдикциялық иммунитеттi пайдаланады.
478-бап. Соттық иммунитет
Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес шет мемлекет, егер ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiссе не осы Кодекстiң 484-бабына сәйкес шет мемлекетке иммунитет қолданылмайтын болса, сондай-ақ егер ол мемлекеттiң егемен билiгiн жүзеге асырудан өзге қызметтi жүзеге асырса, оның iшiнде осы Кодекстiң 484, 485, 486, 487, 488, 489, 490 және 491-баптарында көрсетiлген жағдайларда Қазақстан Республикасында соттық иммунитеттi пайдаланбайды.
479-бап. Шет мемлекеттің қарсы талап қоюға қатысты иммунитеттен бас тартуы
1. Қазақстан Республикасының сотына талап қойған шет мемлекет осы мемлекеттiң алғашқы талап қоюы сияқты сол құқықтық қатынастарға немесе фактiлерге негiзделген кез келген қарсы талап қоюға қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
2. Қазақстан Республикасының сотына қарсы талап қою берген шет мемлекет алғашқы талап қоюына қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
480-бап. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасы сотының юрисдикциясына келiсуi және соттық иммунитеттен бас тартуы
1. Егер шет мемлекет тиiстi мәселеге немесе iске қатысты Қазақстан Республикасы сотының юрисдикцияны жүзеге асыруына, атап айтқанда:
1) халықаралық шартта;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келiсiмде;
3) Қазақстан Республикасының сотында мәлімдеме жасау немесе нақты талқылау шеңберiнде жазбаша хабардар ету арқылы тiкелей келiсiм бiлдiрсе, ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiсті деп танылады.
2. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi оның талап қоюды қамтамасыз ету иммунитетінен және сот актiсiн мәжбүрлеп орындату иммунитетінен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
3. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдануға келiсуi соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
481-бап. Шет мемлекеттiң сот талқылауына қатысуы
1. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында өзiнiң бастамасымен қозғалған талқылау тарапы болып табылса немесе Қазақстан Республикасының сотында iстiң мәнiн талқылауға кіріссе немесе iстiң мәнi бойынша қандай да бiр өзге әрекеттi қолданса, осы мемлекет соттық иммунитеттен бас тартуға келiсті деп танылады. Алайда, егер мемлекет ол осындай әрекетті қолданғанға дейiн иммунитет туралы мәлiмдеуге негiз болатын фактiлердің өзiне белгiлi болмағанын сотта дәлелдесе, ол осы фактiлер өзiне белгiлi болғаннан кейiн дереу солардың негiзiнде иммунитетке сүйене алады.
2. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында талқылауға қатысса немесе иммунитетке сүйену немесе талқылау нысанасы болып табылатын мүлiкке қатысты өз құқығына дәлелдемелер келтiру мақсатында қандай да бiр басқа әрекетті қолданса, ол оның соттық иммунитеттен бас тартуы ретiнде қарастырылмайды.
3. Шет мемлекет өкiлiнiң Қазақстан Республикасының сотына куә айғақтарын беру үшiн келуi осы мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
4. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында талқылауға қатыспаса, бұл мән-жай өзiнен-өзi оның соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуі ретiнде түсiндiрiлмеуге тиiс.
482-бап. Шет мемлекеттің төрелiк талқылауға қатысты иммунитеттен бас тартуы
Егер шет мемлекет туындаған немесе болашақта туындауы мүмкін дауларды өзiнiң қатысуымен төрелікте қарауға жазбаша нысанда келiсiм бiлдiрсе, Қазақстан Республикасы сотының төрелікке қатысы бар функцияларды жүзеге асыруына қатысты мәселелер бойынша оның осы дауларға байланысты соттық иммунитеттен бас тартуға ерiктi түрде келiскенi деп танылады.