47-бап. Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін әлеуметтік қамсыздандыру ерекшеліктері
Сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) лауазымдарында күнтізбелік есептеуде кемінде сегіз жыл қызмет өткерген келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқуға жұмсалатын шығындарын бюджет қаражаты есебінен оқыту құнының елу пайызы мөлшерінде өтетуге құқылы. Осы құқықты әскери қызметшілер бір рет пайдалана алады.
Әскери қызметшіге көрсетілген шығындарды өтеуді құрылымында әскери қызметші әскери қызмет өткеретін уәкілетті орган жүргізеді.
Әскери қызметшіні басқа білім беру ұйымына ауыстыру кезінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтеу мөлшері түзетілуге жатады.
Әскери қызметшіге академиялық демалыс берілген кезде оның Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалған шығындарды өтету құқығы сақталады.
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтетуге құқылы әскери қызметшіге, ол оқыған (оқитын) білім беру ұйымы таратылған және қайта ұйымдастырылған, әрекетін тоқтатқан, білім беру ұйымы лицензиясынан айырылған жағдайларда басқа жоғары оқу орындарында оқуға жұмсалатын шығындарды өтетуге кепілдік беріледі.
2013.04.02. № 75-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 48-бап өзгертілді
48-бап. Мерзімді қызметтегі əскери қызметшілерді, əскери оқу орындарының тəрбиеленушілерін, ұландарын, кадеттері мен курсанттарын əлеуметтік қамсыздандыру ерекшеліктері
Мерзімді қызметтегі əскери қызметшілер, əскери оқу орындарының курсанттары, кадеттері, тəрбиеленушілері мен ұландары бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уəкілетті органмен келісу бойынша уəкілетті органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша заттай мүлікпен, тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.
Демалысқа, каникулға кеткен кезде оларға демалыс, каникул өткізу орнына дейін бару кезеңіне азық-түлік үлесі беріледі.
Қысқа мерзiмдi демалысқа барған жəне керi қайтқан кезде мерзімді қызметтегі əскери қызметшілерге, каникулдық демалысқа жəне тағылымдамаға барған кезде, сондай-ақ керi қайтқанда əскери оқу орындарының курсанттарына, кадеттеріне темiржол, автомобиль жəне ішкі су көлiгiмен мемлекет есебiнен жол жүру құқығы берiледi. Шетелдік əскери оқу орындарында білім алып жатқан курсанттарға да оқуға жіберілген жəне каникулдық демалысқа барған кезде жəне керi қайтқанда əуе көлігімен мемлекет есебiнен жол жүру құқығы берiледi.
Мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне, әскери оқу орындарының бірінші және екінші курстар курсанттарына тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі айқындайтын мөлшерде пошта жөнелтімдеріне арналған өтемақы да төленеді.
Мерзімді əскери қызмет өткерген жəне əскери оқу орнында оқыған кезде тұру үшін əскери қызметшілер казармаларға орналастырылады. Курсанттарға, кадеттерге жəне ұландарға да əскери оқу орнында оқу уақытына жатақхана берілуі мүмкін.
2015.15.06. № 321-V ҚР Заңымен 49-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
49-бап. Әскери қызметшілердің жекелеген санаттарын қосымша әлеуметтік қамсыздандыру
Жауынгерлік іс-қимылдарға, террорға қарсы және бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге және барлау қызметі шеңберінде жүктелген жедел міндеттерді орындауға қатысатын Қорғаныс министрлігі әскери барлау органдарының әскери қызметшілеріне жыл сайынғы демалысына қосылатын ұзақтығы екі апта қосымша демалыс беріледі.
Жауынгерлік іс-қимылдарға және террорға қарсы операцияларға қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге жауынгерлік іс-қимылдар және террорға қарсы операциялар кезеңінде жеңілдіктер шарттарымен еңбек сіңірген жылдарына қызметінің бір айы үш ай болып есептеледі.
Бітімгершілік операцияларына қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге бітімгершілік операцияларына қатысқан кезең жеңілдіктер шарттарымен қызметінің бір айы бір жарым ай болып есептеледі.
Бітімгершілік операциядан қайтып оралғаннан кейін әскери қызметшілер құрылымында өздері әскери қызмет өткеретін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қаражаты есебінен кемінде күнтізбелік жеті күн, бірақ жиырма бір тәуліктен аспайтын мерзімге санаторий-курорттық емделуге жіберіледі.
50-бап. Әскери қызметтен шығарылған азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру
2015.02.08. № 342-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен шығарылған, әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты ауырған, сондай-ақ жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар адамдарға мемлекет есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған аурулар тізбесі бойынша көрсеткіштер бар болған кезде әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда) медициналық қамтамасыз ету, ал жиырма бес және одан да көп еңбек сіңірген жылдары барларға - санаторлық-курорттық емделу беріледі.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарға медициналық көмек көрсету бойынша әскери-медициналық мекемелердің (ұйымдардың, бөлімшелердің) көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры:
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асырады.
Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдардың тұрғылықты жерінде әскери-медициналық мекемелер (ұйымдар, бөлімшелер) немесе оларда тиісті бөлімшелер, мамандар не арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көрсетілімдер бойынша медициналық көмекті денсаулық сақтау субъектілері:
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетеді.
Осы тармақтың екінші бөлігінің 1 және 2) тармақшаларында көрсетілген медициналық көмекті көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мөлшерінің шегінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде емделуге жұмсалған жеке қаражатты көрсетілген адамдарға, құрылымында олар әскери қызметті өткерген уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен өтейді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдар Қарулы Күштерден шығарылған кезде, оның ішінде әскери қызмет өткерген кезеңде азаматтық мамандықтарды меңгеру мақсатында әлеуметтік бейімделумен қамтамасыз етіледі.
2018.02.07. № 165-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Әскери қызметтен шығарылған адамдардың (Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға байланысты, арнайы тексеруден бас тартқан кезде, теріс себептермен, аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған қызметтік сәйкес келмеуі бойынша шығарылғандарды қоспағанда) Қазақстан Республикасының шегінде әскери есепке қойылатын жерге немесе таңдалған тұрғылықты жеріне теміржол, автомобиль және ішкі су көлігімен мемлекет есебінен жол жүруге құқығы бар.
Әскери қызметтен шығарылған адамдарға (мерзімді әскери қызметтен, Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға байланысты, арнайы тексеруден бас тартқан кезде, теріс себептермен, аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған қызметтік сәйкес келмеуі бойынша шығарылғандарды қоспағанда) Қазақстан Республикасының шегінде өз мүлкін тасымалдау үшін ақша автомобиль жолының әрбір 20 километріне бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекет есебінен төленеді.
Осы тармақтың күші 2017 жылғы 13 маусымнан кейін әскери қызметтен шығарылған адамдарға қолданылады.
51-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен жағдайда әскери қызметшілерге өтемақы төлеу
2013.04.02. № 75-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әскери қызметін өткеру кезеңінде әскери қызметші немесе әскери жиындарға шақырылған әскери міндетті қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оған мүгедектік белгіленген кезде немесе ол әскери қызмет мiндеттерiн орындауға байланысты мертiккен жағдайда біржолғы өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жүргiзiледi.
2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Әскери қызметші әскери қызмет өткеру кезеңінде не қызметтен шығарылғаннан кейін әскери қызмет өткеру кезеңінде алған мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузиясы) немесе ауруы салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, әскери қызметшінің мұрагерлеріне - қаза тапқан (қайтыс болған) күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде, ал мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің, әскери оқу орны курсантының, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттінің мұрагерлеріне 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу жүргізіледі.
3. Келісімшарт бойынша әскери қызметшіге, ол әскери қызмет өткерген кезеңде немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан туындаған мүгедектік белгіленген кезде біржолғы өтемақы әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл өткенге дейін:
1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат;
2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат;
3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде төленеді.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшiлер әскери қызмет мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқтырмаған ауыр мертiгу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) жағдайында оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражат; жеңiл мертіккенде - жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
Мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлеріне, әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) стипендия алатын курсанттарына, әскери жиындарға шақырылған әскери мiндеттiлерге осы тармақта көзделген жағдайларда:
1) I топтағы мүгедекке - 250 айлық есептiк көрсеткiш;
2) II топтағы мүгедекке - 150 айлық есептiк көрсеткiш;
3) III топтағы мүгедекке - 50 айлық есептiк көрсеткiш;
4) ауыр мертіккені үшiн - 12 айлық есептiк көрсеткiш;
5) жеңiл мертіккені үшiн - 4 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде бiржолғы өтемақылар төленедi.
4. Егер әскери қызметшінің қаза табуы (қайтыс болуы) немесе ол алған мертігу:
1) соттың заң күшіне енген үкімі болған кезде өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізген жағдайларды қоспағанда, өзіне-өзі қол жұмсау нәтижесінде;
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйді туғызатын заттарды (сол тектестерді) тұтыну салдарынан;
4) өзiне-өзі қасақана қандай да бiр дене жарақатын түсiру (денесiне зиян келтiру) немесе біржолғы өтемақы алу немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтiру нәтижесінде;
5) әскери қызметшінің әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын бұзған әрекеттері нәтижесінде туындағаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде алған мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қайтыс болған әскери қызметшілерді, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді жерлеу әскери қызмет (жиындар) орны бойынша немесе олардың туыстарының тілегі бойынша басқа жерде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындаумен, мәйітті тасымалдаумен, жерлеумен, құлпытасын жасаумен және орнатумен байланысты барлық шығыстар әскери қызметшілер, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызмет (жиындар) өткерген уәкілетті орган есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлерде жүзеге асырылады.
Осы тармақта көрсетілген ережелер әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты әскери қызметтен шығарылған, әскери қызметінің жалпы ұзақтығы жиырма бес және одан да көп азаматтарға, сондай-ақ әскери қызметтің жалпы ұзақтығына қарамастан, жауынгерлік іс-қимылдарға және терроризмге қарсы операцияларға қатысушыларға қолданылады.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Әскери қызметшілер арасынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға алушының қайтыс болған кезіне үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде біржолғы төлем төленеді.
Қайтыс болған, әскери қызметшілер арасынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алушылардың отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындалуына қарамастан: әйеліне (күйеуіне) - асыраушысының үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде және отбасының еңбекке қабілетсіз әрбір мүшесіне - асыраушысының қайтқан күніне дейін төленіп тұрған бір айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
Осы тармақта көзделген біржолғы жәрдемақы мөлшерін айқындау кезінде жәрдемақыға құқығы бар отбасы мүшелерінің қатарына: жасына және еңбекке қабілеттілігіне қарамастан әйелі (күйеуі); он сегіз жасқа толмаған немесе бұл жастан асқан, егер олар он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болып қалған немесе асыраушысы қайтыс болған күні күндізгі оқу орындарының оқушылары болып табылған және жиырма үш жасқа толмаған балалары; қайтыс болған адамның асырап-бағуында болып келген, заңнамада белгіленген зейнеткерлік жасқа толған не мүгедек болып табылатын ата-аналары енгізіледі.
52-бап. Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда, бөлімшелерде) медициналық көмек алуға құқығы бар.
Медициналық көмек көрсету бойынша әскери-медициналық мекемелердің (ұйымдардың, бөлімшелердің) көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры:
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асырады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Курсанттардың, кадеттердің жəне əскерге шақыру бойынша əскери қызметшілердің отбасы мүшелерін қоспағанда, əскери қызметшілердің өздерімен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелеріне:
əскери қызметші басқа жергілікті жерге, оның ішінде əскери бөлімнің немесе бөлімшенің құрамында ауысқан;
уəкілетті орган əскери қызметшіні əскери бөлім тізімдерінен алып тастап, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын əскери оқу орындарына, басқа да білім беру ұйымдарына, оның ішінде шетелдік оқу орындарына оқуға жіберген, сондай-ақ үлгерімсіздігі, тəртіпсіздігі үшін, басқа да теріс себептермен немесе өз бастамасы бойынша шығарып жіберу жағдайларын қоспағанда, оқу бітіргеннен кейін;
Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуға байланысты, арнайы тексеруден бас тартқан кезде, теріс себептермен, аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған қызметтік сəйкес келмеуі бойынша қызметтен шығаруды қоспағанда, əскери қызметші əскери қызметтен шығарылған жағдайларда, теміржол, автомобиль жəне ішкі су көлігімен мемлекет есебінен жол жүру құқығы беріледі.
3. Әскери қызметшілердің, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқандардың, қайтыс болғандардың немесе хабар-ошарсыз кеткендердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінде кезектен тыс орындар береді.
Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары әскери мектеп-интернаттарына, «Жас ұлан» республикалық мектебіне конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады.
9-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ
53-бап. Әскери қызметшілердің жауаптылығы
1. Әскери тәртіпті бұзғаны үшін командир (бастық) әскери қызметшіге тәртіптік жазалардың:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
5) лауазымында бір сатыға төмендету;
6) әскери атағын бір сатыға төмендету;
7) теріс себептер бойынша әскери қызметтен босату түрлерін қолданады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгендерден басқа, мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне және әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) курсанттарына қатысты тәртіптік жазалардың мынадай түрлері қолданылады:
1) әскери бөлім орналасқан жерден немесе корабльден жағалауға кезекті сейілге шығудан айыру;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың кеуде айырым белгісінен айыру.
3. Әскерге шақыру бойынша офицерлерге қатысты әскери атақты төмендету «кіші сержант» («екінші дәрежелі старшина») әскери атағына дейін жүргізіледі. Бұл ретте осы әскери қызметші сержанттар (старшиналар) құрамына ауыстырылады және мерзімді қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін қызмет етеді.
4. Теріс себептер бойынша әскери қызметтен босату әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерге қатысты қолданылмайды.
5. Әскери қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту жалпы әскери жарғыларда белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 54-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
54-бап. Әскери қызметшiлердiң қылмыстар, теріс қылықтар және өзге де құқық бұзушылықтар үшiн жауаптылығы
Әскери қызметшiлер қылмыстар, теріс қылықтар және өзге де құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкiмшiлiк, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауаптылықта болады.
Əскери қызметшілердің əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен жоғары тұрған лауазымды адамдарға жəне (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін.
10-тарау. ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
55-бап. Өтпелi ережелер
1. Осы Заң, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 44-баптың 2, 4 және 7-тармақтарын және 45-бапты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы Заң қолданысқа енгiзілгенге дейiн әскери атақтар берілген әскери қызметшілердің осы әскери атақтардағы еңбек сіңірген мерзімдері осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес есептеледі.
Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін өздеріне берілген «старшина», «аға кеме старшинасы», «прапорщик», «мичман», «аға прапорщик», «аға мичман» әскери атақтары бар, запаста тұрған немесе отставкадағы әскери қызметшілердің, сондай-ақ азаматтардың аталған әскери атақтары сақталады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы Заңда әскери қызметте болудың шектi жасы өзгертiлген әскери қызметшiлер мынадай шектi жасқа:
1) подполковникті (екінші дәрежелі капитанды) қоса алғанда - қырық бес жасқа;
2) полковниктер (бiрiншi дәрежелi капитандар) - елу үш жасқа;
3) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген полковниктер (бiрiншi дәрежелi капитандар) - елу жасқа;
4) әскери атақ осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген генерал-майорлар (контр-адмиралдар) және генерал-лейтенанттар (вице-адмиралдар) - елу сегіз жасқа;
5) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген генерал-майорлар (контр-адмиралдар) және генерал-лейтенанттар (вице-адмиралдар) - елу бес жасқа;
6) әскери атақ осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген генерал-полковниктер (адмиралдар) - алпыс жасқа толғаннан кейін жұмыстан шығуға немесе отставкаға шығуға құқылы.
Егер мұндай əскери қызметшілерге осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін кезекті əскери атақтар берілсе, онда əскери қызметте болудың шекті жастары осы Заңның 25-бабына сəйкес белгіленеді.
2014.23.04. № 200-V ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Әскери қызметті «старшина», «аға кеме старшинасы», «прапорщик», «мичман», «аға прапорщик», «аға мичман» атақтарында өткерген әскери қызметшілер әскери қызметін Әскери қызметті өткеру қағидаларында айқындалатын тәртіппен өткереді. Әскери қызметшілердің аталған санаты үшін осы Заңның 25-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жас әскери қызметте болудың шектi жасы болып табылады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 3-2-тармақпен толықтырылды
3-2. «Подполковник» əскери атағы осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап жəне 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген əскери қызметшілер шекті жасқа - қырық жеті жасқа толғаннан кейін қызметтен шығуға немесе отставкаға кетуге құқылы.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт, өз қолданысын осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қолданылатын заңнамаға сәйкес мерзімі аяқталғаннан кейін тоқтатады.
Əскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейінгі мерзімге осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған əскери қызмет өткеру туралы келісімшарттардың күші əскери қызметшілер осы Заңның 25-бабының 1-тармағында белгіленген шекті жастарға толғанға дейін қолданылады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.12.12. № 114-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ жаңа редакцияда
5. Тұрғын үй төлемдері тұрғынжайға мұқтаж келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерін, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) олардың баянаты бойынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілеріне (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) тұрғын үй төлемдері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.