3) өз құзыреті шегінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы құқықтық актілерді және есепке алу құжаттамасы мен есептік құжаттаманың нысандарын әзірлейді және бекітеді;
4) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайды;
5) осы Кодекстің 230-бабының 1), 2), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көрсетілген фармацевтикалық қызмет түрлерін, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызмет түрлерін лицензиялауды жүзеге асырады;
6) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін үйлестіреді;
7) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді және тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізуді, мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алуды жүзеге асырады, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді;
8) Қазақстан Республикасында тіркелген және тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелуді (әкетуді) келіседі;
9) тиісті фармацевтикалық практикалардың стандарттарын әзірлейді және бекітеді;
10) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, осы Кодекстің 24-бабы 1-тармағының 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асырады, сондай-ақ рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізеді;
11) фармацевтикалық өнімге сертификат (СРР) береді;
12) дәрілік затқа, медициналық бұйымға интервенциялық клиникалық зерттеу жүргізуге рұқсат береді;
13) дәрілік заттың, медициналық бұйымның тіркеу куәлігінің қолданысын тоқтата тұру арқылы дәрілік затты, медициналық бұйымды медициналық қолдануды тоқтата тұру, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сериясын (партиясын) медициналық қолдануға тыйым салу туралы және айналыстан алып қою немесе медициналық қолдануды тоқтата тұру туралы шешімдер қабылдайды;
14) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасының сараптау және бағалау жөніндегі монополиялық қызметті жүзеге асыратын сынақ зертханаларын аккредиттеуді жүргізеді;
15) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
16) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес реттелетін салада тексеру парақтарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру жүргізудің жартыжылдық графиктерін әзірлейді және бекітеді;
17) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында инспекциялауды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
18) фармацевтикалық инспекцияларды жүзеге асырады;
19) Қазақстан Республикасының фармацевтикалық инспекторатын қалыптастыру, фармацевтикалық инспекторларының тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
20) нарықтан, оның ішінде медициналық ұйымдарда тәуекелге бағдарланған тәсіл ескеріле отырып, сапасы бақылануға жататын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды іріктеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
21) тауарларды таңбалау тәртібін және таңбалауға жататын тауарлардың айналымына бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындауға қатысады;
22) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
11-бап. Әскери-медициналық (медициналық), сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық бөлімшелері бар орталық атқарушы органдар мен өзге де орталық мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Әскери-медициналық (медициналық), сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық бөлімшелері бар орталық атқарушы органдар мен өзге де орталық мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:
1) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер жұмыскерлерінің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;
3) әскери-медициналық (медициналық), сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық бөлімшелердің қызметіне басшылықты жүзеге асырады;
4) әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
5) әскери-медициналық (медициналық), сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық бөлімшелердің басшыларын лауазымдарға тағайындайды және лауазымдардан босатады;
6) денсаулық сақтау саласындағы ведомстволық электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің, ақпараттық-коммуникациялық желілердің құрылуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
7) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің құрылымын, олардың қызметі туралы ережелерді әзірлейді және бекітеді;
8) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, әскери-медициналық (медициналық), сот-медициналық, сот-наркологиялық, сот-психиатриялық бөлімшелердің үлгілік штаттары мен штаттық нормативтерін әзірлейді және бекітеді;
9) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган мен оның аумақтық бөлімшесін бір мезгілде хабардар ете отырып, әскерлердің, бөлімшелер мен ведомстволық ұйымдардың аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді белгілейді (оның күшін жояды);
10) уәкілетті органмен келісу бойынша әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
11) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, мемлекеттік авиацияда, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызмет өткеру үшін адамдардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді;
12) әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердегі (ұйымдардағы) тиісті контингентке медициналық қарап-тексеру жүргізу тәртібі мен мерзімділігін белгілейді;
13) ведомстволық әскери-медициналық (медициналық) статистикалық есептілік нысандарын әзірлейді және бекітеді;
14) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі:
1) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясында қызмет өткеру үшін адамдардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді.
3. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі:
1) уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және ішкі істер органдарындағы әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені әзірлейді және бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында және мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде қызмет өткеру үшін адамдардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарымен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет өткеру үшін адамдардың денсаулық жағдайына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді.
5. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы:
1) ведомстволық бағынысты ұйымдарда медициналық көмек көрсету, оның ішінде медициналық оңалту қағидаларын;
2) ведомстволық бағынысты ұйымдардың медицина мамандарын шетелде оқуға, біліктілігін арттыруға жіберу қағидаларын;
3) білім беру іс-шараларын жүргізу, шетелдік консультанттарды тарту қағидаларын;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді.
12-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді және атқарушы органдарының құзыреті
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары:
1) ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындайды;
2) денсаулық сақтау мен медициналық білім берудің жергілікті бюджеттерін және олардың атқарылуы туралы есептерді бекітеді;
3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге тегін немесе жеңілдікті жол жүруді ұсыну туралы шешім қабылдайды;
4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа медициналық көмек көрсетудің жүріп-тұру сипатындағы жағдайда көлікпен қамтамасыз ету немесе медициналық көмек көрсету үшін ауылдық жерге шығу кезінде көліктік шығыстарды өтеу бойынша шаралар қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін және (немесе) жеңілдікті шарттармен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша беру туралы шешім қабылдайды;
6) денсаулық сақтау ұйымдарын дамыту мен олардың жұмыс істеуіне бағытталған іс-шараларды бекітеді;
7) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі халық санына шаққандағы есеппен мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайды;
8) донорларға қосымша көтермелеуді ұсыну туралы шешім қабылдайды;
9) халықты медициналық көмекпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын өңірді медицина қызметкерлерімен қамтамасыз етудің уәкілетті орган бекіткен ең төмен нормативінен артық қосымша кадрмен және материалдық-техникалық қамтамасыз ету туралы шешім қабылдайды;
10) өңірді медицина қызметкерлерімен кадрлық қамтамасыз етуді жоспарлауды жүзеге асырады және медициналық білім беру ұйымдарында медицина қызметкерлерін даярлауға тапсырысты орналастырады;
11) медициналық білім беру ұйымдарынан келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудың, сондай-ақ олардың жұмыспен өтеуі мен оларды ұстап қалу мониторингін жүзеге асырады;
12) саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруға жәрдемдеседі;
13) жергілікті бюджеттердің құрамында йод тапшылығы ауруларының профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізуге арналған шығыстарды бекітеді;
14) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары, денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының йод тапшылығы ауруларының профилактикасы бойынша жұмыстың жай-күйі туралы ақпаратын тыңдайды;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету бойынша өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;
3) уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарындағы адамдарды күтіп-бағуға бақылауды жүзеге асырады;
4) коммуналдық заңды тұлғалар болып табылатын денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін қамтамасыз етеді;
5) саламатты өмір салтын ынталандыру жөніндегі іс-шаралар кешенін ұйымдастырады;
6) денсаулық сақтау ресурстарын тиімді жоспарлау мен пайдалануды қамтамасыз етеді;
7) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдайды;
8) халықтың денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді;
9) қан мен оның компоненттерінің ерікті өтеусіз донорлығын дамыту жөніндегі шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
10) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу үшін тұрақты тұратын елді мекеннен тысқары жерлерге шығатын Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары айқындайтын тізбе бойынша ел ішінде жол жүру ақысын төлейді;
11) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарын құрады;
12) уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
13) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының кадрмен қамтамасыз етілуіне бақылауды ұйымдастырады;
14) жас мамандарды әлеуметтік қолдау және ұстап қалу шараларын қоса алғанда, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын кадрмен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды;
15) денсаулық сақтау ұйымдарының желісін салу және дамыту, оларды қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде дәріханалардың мемлекеттік желісін дамыту және дәріхана қоймаларын құру бойынша шаралар қабылдайды;
16) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде денсаулық сақтау субъектілерінің қызметін үйлестіреді;
17) төтенше ахуалдар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде тегін медициналық көмек көрсетуді, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етеді;
18) денсаулық сақтау саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
19) денсаулық сақтау саласында кадрлар даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды қамтамасыз етедi;
20) денсаулықты нығайтуға, аурулардың профилактикасына, саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруға қажетті іс-шараларды жүзеге асырады;
21) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектік қамтамасыз етуді қоса алғанда, халыққа медициналық көмек көрсетуді, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың профилактикасын және емделуін ұйымдастырады;
22) мүмкіндігі шектеулі балаларды ата-анасының немесе өзге заңды өкілдерінің келісімімен психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларға жіберуді қамтамасыз етеді;
23) өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
24) уәкілетті органмен денсаулық сақтау саласындағы қызметтің түпкі нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған меморандум жасасады және оны іске асырады;
25) туберкулезбен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтарын мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы сот шешімінің орындалуына жәрдемдеседі;
26) профилактикалық дезинсекция мен дератизацияның (инфекциялық және паразиттік аурулардың табиғи ошақтарының аумағындағы, сондай-ақ инфекциялық және паразиттік аурулардың ошақтарындағы дезинсекция мен дератизацияны қоспағанда) тиімділігін бағалай отырып, оларды ұйымдастырады және жүргізеді;
27) фармацевтикалық білімі бар маман болмаған жағдайда, аудан орталығынан шалғайдағы елді мекендерде амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы көмек, мамандандырылған медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункттері және жылжымалы дәріхана пункттері арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізуді жүзеге асыру үшін медициналық білімі бар мамандарды оқытуды жүргізеді;
28) ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) ерікті өтеусіз донорлығын дамыту жөніндегі шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
29) уәкілетті органмен келісу бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарын әзірлейді және бекітеді;
30) әскери қызметтің мүддесінде Қазақстан Республикасының азаматтарын медициналық куәландырудан өткізу үшін медициналық комиссияларды құрады және олардың қызметін қамтамасыз етеді;
31) мектепке дейінгі ұйымдарды, білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарын йодталған ас тұзымен және басқа да йод қосындыларымен байытылған тағамдық өнімдермен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
32) үкіметтік емес ұйымдар үшін, оның ішінде халықтың негізгі топтары үшін азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру, оның іске асырылуын мониторингтеу және оны бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асырады;
33) паллиативтік медициналық көмекті қоспағанда, паллиативтік көмек беру жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастырады;
34) «Кәсібі бойынша үздік» аталымын береді;
35) интерндер мен резидент-дәрігерлерге тұратын және медициналық көмек көрсететін орындарды беруді (егер денсаулық сақтау ұйымы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы бар басқа елді мекенде орналасқан жағдайда) қоса алғанда, интерндер мен резидент-дәрігерлерді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің денсаулық сақтау ұйымдарына орналастыру үшін жағдай жасауды қамтамасыз етеді;
36) медициналық қалдықтарды қауіпсіз кәдеге жаратуды ұйымдастырады;
37) денсаулық сақтау ұйымдарының желісін дамытуды және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларын орындауды жүзеге асырады;
38) денсаулық сақтау жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруды, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы іс-шаралардың және Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесі шешімдерінің орындалуын қамтамасыз етеді;
39) денсаулық сақтау саласында өңірлік электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің, ақпараттық-коммуникациялық желілердің құрылуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
40) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
13-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының құзыреті
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары өз құзыреті шегінде:
1) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының орындалуын қамтамасыз етеді;
3) адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етеді;
4) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарын қоспағанда, денсаулық сақтау субъектілерінің қызметіне мониторинг пен бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
5) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады;
6) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялайтын) препараттарды, медициналық бұйымдарды сатып алуды және сақтауды жүзеге асырады;
7) медициналық бұйымдарды, санитариялық көлікті, сондай-ақ мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына күрделі жөндеу жүргізуге көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастырады;
8) өңірді денсаулық сақтау саласындағы кадрлармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
9) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес мемлекеттік медициналық ұйымдарды күтіп-ұстауды және пайдалануды қамтамасыз етеді;
10) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары үшін денсаулық сақтау саласындағы коммуналдық заңды тұлғалардағы клиникалық базаларды береді;
11) төтенше ахуалдар кезінде тегін медициналық көмек көрсетуді, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
12) денсаулық сақтау саласындағы кадрларды даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады және үйлестiредi;
13) гигиеналық оқытуды, саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды насихаттау мен қалыптастыруды ұйымдастырады;
14) халыққа әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың таралуы туралы ақпарат береді;
15) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау мәселелері бойынша халықаралық және үкіметтік емес қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасайды;
16) статистикалық әдіснама талаптарын сақтай отырып, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде денсаулық сақтау саласындағы ведомстволық статистикалық байқауды жүзеге асырады;
17) әскери қызметтің мүддесінде Қазақстан Республикасының азаматтарын медициналық куәландырудан өткізу үшін құрылатын медициналық комиссиялардың дербес құрамын әзірлеп, бекітеді және олардың қызметін ұйымдастырады;
18) уәкілетті органға денсаулық сақтау жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын орындау бойынша, сондай-ақ денсаулық сақтаудың негізгі сандық және сапалық көрсеткіштері бойынша тоқсан сайынғы есепті ұсынады;
19) уәкілетті органға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде денсаулық сақтау жүйесінің қызметін жақсарту жөнінде, оның ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, ана мен баланы қорғау және әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша бағдарламаны іске асыру жөнінде ұсыныс енгізеді;
20) уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын кадрмен қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
21) халыққа профилактикалық екпелерді ұйымдастырады және жүргізеді;
22) Қазақстан Республикасының заңнамасында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
14-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық оператордың өкілеттіктері
Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық оператор денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық жобалар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асырады.
15-бап. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия
1. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия стандарттауды, клиникалық хаттамаларды, денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін бақылау жүйесінің стандарттарын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды тұжырымдау, сондай-ақ осы Кодекстің 25-бабына сәйкес субъектілерді аккредиттеу мақсатында құрылады.
2. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссия мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік және мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдерінен қалыптастырылады.
3. Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияны қалыптастыру тәртібін және оның қызметі туралы ережені уәкілетті орган айқындайды.
16-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің ведомствоаралық өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да мүдделі заңды тұлғалардың ведомствоаралық өзара іс-қимылы инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың туындау тәуекелі факторларын төмендетуге, төтенше ахуалдар кезінде іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған.
2. Мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да мүдделі заңды тұлғалардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан консультациялық-кеңесші орган - Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесі құрылады.
Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің негізгі міндеті Қазақстан Республикасының аумағында азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелері жөніндегі стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көзделген іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы негізгі бағыттарды айқындау жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау болып табылады.