2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Маман болып тағайындалған адам: соттың шақыруы бойынша келуге; арнайы білімін, дағдылары мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, процестік әрекеттерді жүргізуге және сот талқылауына қатысуға; консультациялар беруге; өзі орындайтын әрекеттер бойынша, оның ішінде техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып түсініктер беруге міндетті. Барлық туындаған мәселелер бойынша маманның қорытындысы сотқа жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында ұсынылуға тиіс.
5. Он жасқа толған кәмелетке толмаған баланың даудың нысанасы бойынша пікірін анықтау жөніндегі процестік әрекеттерді жүргізу кезінде педагогтың және (немесе) психологтың қатысуы міндетті.
6. Педагог және (немесе) психолог кәмелетке толмаған адамның жеке басын сипаттайтын азаматтық іс материалдарымен одан сұрау басталғанға дейін танысуға, кәмелетке толмаған адамның даудың нысанасы бойынша пікірін нақтылау үшін төрағалық етушінің рұқсатымен оған сұрақ қоюға, ал процестік әрекет аяқталғаннан кейін сот отырысы хаттамасымен оның сот отырысына қатысуын көрсететін бөлігімен танысуға құқылы.
7. Он жастан асқан балаға сауал қою педагогтың және (немесе) психологтың қатысуымен жүргізіледі. Балаға сауал қою уақытында оның заңды өкілдері соттың хаттамалық ұйғарымы бойынша сот отырысы залынан шығарылуы мүмкін. Заңды өкілдері отырыс залына қайта оралғаннан кейін оларға баланың пікірінің мазмұны хабарлануға және оған сұрақтар қоюға мүмкіндік берілуге тиіс. Даудың нысанасы бойынша баланың пікірі анықталғаннан кейін ол сот отырысы залынан шығарылады.
8. Инвестициялық дауларды қараған кезде сот Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Халықаралық кеңес мамандарының қорытындысын сұратуға құқылы.
78-бап. Дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдар
1. Іс бойынша дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдарды сот, тараптар, сондай-ақ сарапшы және маман өздерінің осы Кодексте көзделген процестік міндеттерін атқаруы кезінде пайдалана алады.
2. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде жәрдем көрсету үшін сот маманды шақыруы мүмкін.
3. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға, егер ол:
1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;
2) ғылыми негізделген болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;
4) қауіпсіз болса, жол беріледі деп танылады.
4. Ғылыми-техникалық құралдарды жасырын пайдаланудың нәтижелері, мұндай пайдалануға заңда жол берілген және (немесе) бұл дәлелдемелер өздеріне қарсы бағытталған тарап оларды мойындаған және дау айтпаған жағдайларды қоспағанда, азаматтық сот ісін жүргізуде дәлелдемелер ретінде пайдаланылмайды.
5. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану тарап ұсынатын анықтамамен немесе тиісті процестік әрекеттің хаттамасымен не сот отырысының хаттамасымен тіркеп қойылады. Анықтамада немесе хаттамада ғылыми-техникалық құралдардың атауы, оларды қолданудың шарттары мен тәртібі, осы құралдар қолданылған объектілер және оларды пайдалану нәтижелері көрсетіледі.
6. Ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен алынған құжаттар мен басқа да материалдарды зерттеу, сақтау және оларға иелік ету осы Кодекстің 96 және 98-баптарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
79-бап. Іске қатысатын адамдардың түсініктемелері
1. Іске қатысатын адамдардың іс үшін маңызы бар өздеріне белгілі мән-жайлар туралы түсініктемелері іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен қатар тексеруге және бағалауға жатады.
Көрсетілген тұлғалардың түсініктемелері ауызша және жазбаша болуы мүмкін.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бір тараптың өзінің талаптарын немесе қарсылықтарын негіздейтін фактілерді екінші тараптың мойындауы алдыңғы тарапты осы фактілерді одан әрі дәлелдеу қажеттігінен босатады. Тарап мойындаған факті сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Егер фактіні мойындау жазбаша арызда не электрондық құжат нысанында баяндалған болса, ол іске қоса тіркеледі.
3. Сот фактілерді мойындауды, егер олар істің шындығында болған мән-жайларын жасыру мақсатында не алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың немесе жаңылдырудың әсерінен жасалғандығына күдігі болса, оларды қабылдамайды, бұл туралы сот шешімінде көрсетіледі. Мұндай жағдайда осы фактілер жалпы негіздерде дәлелденуге тиіс.
80-бап. Куәның айғақтары
1. Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы қандай да болмасын мәліметтер өзіне белгілі болған кез келген адам куә бола алады. Адамның айғағы, егер ол өзінің хабардар болу көзін көрсете алмаса, дәлелдеме деп танылмайды.
2. Куәны шақыру туралы өтінішхат берген адам сотқа оның тегін, атын, әкесінің атын және тұрғылықты жерін немесе жұмыс орнын хабарлауға, осы куәдан жауап алу қажеттілігін негіздеуге міндетті.
3. Куә ретінде:
1) балаларды тәрбиелеу туралы даулар бойынша істерді қоспағанда, өзінің жастығына, дене немесе психикалық кемістіктеріне байланысты фактілерді дұрыс қабылдауға және олар туралы дұрыс айғақтар беруге қабілетсіз адамдар;
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) өкілдің немесе қорғаушының міндеттерін атқаруына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы - азаматтық, әкімшілік істер бойынша өкілдер немесе қылмыстық іс, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өкілдер, қорғаушылар;
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) шешім немесе үкім шығару кезінде істің мән-жайларын талқылау барысында кеңесу құпиясын сақтау мәселелері бойынша - судья;
4) өзінің мiндеттерiн орындауға байланысты өзіне белгiлi болған мән-жайлар туралы - төрешi, алқаби;
5) заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, медиацияны жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы - медиатор, медиацияны жүргізген судья;
6) тәубаға келу үстінде өздеріне сырын ашқан адамдардан оларға белгілі болған мән-жайлар туралы - діни қызметшілер;
7) заңда көрсетілген басқа да тұлғалар жауап алуға жатпайды.
4. Адам сотта өзіне, жұбайына (зайыбына) және қатары заңмен айқындалатын жақын туыстарына қарсы куә айғақтарын беруден бас тартуға құқылы.
81-бап. Куәның міндеттері мен құқықтары
1. Куә ретінде шақырылған адам сотқа тағайындалған уақытта келуге және шынайы айғақтар беруге міндетті.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер куә ауруының, қарттығының, мүгедектігінің, тұратын жерінің алыстығының немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан соттың шақыруы бойынша келуге жағдайы болмаса, сот одан оның болған жерінде не техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып жауап алуы мүмкін.
3. Көрінеу жалған айғақ бергені және заңда көзделмеген негіздер бойынша айғақтар беруден бас тартқаны үшін куә Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген жауаптылықта болады.
4. Куәның сотқа шақырылуына байланысты шығыстарды өтеттіруге және уақытын жоғалтуына байланысты ақшалай өтемақы алуға құқығы бар. Шығыстар мен өтемақылардың мөлшері Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалады.
82-бап. Сот сараптамасын тағайындау
1. Сот сараптамасы іс үшін маңызы бар мән-жайлар сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін оның объектілерін зерттеу нәтижесінде анықталуы мүмкін жағдайларда тағайындалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды.
2. Істе ревизиялар, тексерулер актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының, бағалаушылар есептерінің болуы сарапшының қорытындысын ауыстырмайды және сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
3. Сот сараптамасын сот тараптың өтінішхаты бойынша немесе өз бастамасы бойынша тағайындайды.
4. Тараптың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың жазбаша дәлелдеменің бұрмалануы туралы арызы бойынша сот тиісті сараптама тағайындауға құқылы.
5. Сарапшы ретінде арнайы ғылыми білімі бар іске мүдделі емес адам шақырылуы мүмкін. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғаларға;
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) «Сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес арнайы ғылыми білімді иеленген өзге де адамдарға біржолғы тәртіппен тапсырылуы мүмкін.
6. Іске қатысатын адамдар соттан сот сараптамасы ісін жүргізуді қажетті арнайы ғылыми білімі бар нақты адамға тапсыру туралы сұрай алады.
Соттың біржолғы тәртіппен сараптама жүргізу тапсырылған адамды шақырту туралы талабы көрсетілген адам жұмыс істейтін ұйымның басшысы үшін міндетті.
7. Іске қатысатын әрбір тұлға сарапшының алдына қойылуға тиіс сұрақтарды сотқа ұсынуға құқылы. Сарапшы қорытынды беруге тиіс сұрақтардың түпкілікті шеңберін сот айқындайды. Сот ұсынылған сұрақтарды қабылдамауды сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда уәждеуге міндетті.
8. Егер тарап сараптама жүргізуге қатысудан жалтарса немесе оны өткізуге кедергі келтірсе (сараптамаға келмесе, сарапшыларға зерттеу үшін қажетті материалдарды бермесе, сотқа беру мүмкін емес немесе қиындық келтіретін, өзіне тиесілі объектілерді зерттеуге мүмкіндік бермесе), ал істің мән-жайлары бойынша осы тараптың қатысуынсыз сараптама жүргізу мүмкін болмаса, сот қай тараптың сараптамадан жалтарғанына қарай, анықтау үшін сараптама тағайындалған фактіні анықталған немесе жоққа шығарылған деп тануға құқылы.
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 9-бөлік өзгертілді
9. Сот сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, сарапшыға осы Кодекстің 91-бабында көзделген құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді және көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді.
Сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда соттың атауы; сараптаманы тағайындау уақыты, орны; қаралатын іс бойынша тараптардың атауы; сараптаманың түрі; сараптама тағайындау үшін негіздер; сарапшылар алдына қойылған мәселелер; іс материалдары мен сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, объектілерді толық немесе ішінара жою, зерттеу барысында олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгерту мүмкіндігіне рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) біржолғы тәртіппен сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі; оны жүргізу үшін ақы төлеуді жүргізуге тиіс тараптың атауы көрсетіледі. Соттың сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымы ол жіберілген және өз құзыретіне кіретін органдардың немесе адамдардың орындауы үшін міндетті.
Сараптама «Сот-сараптама қызметі туралы» 2017 жылғы 10 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде жүргізіледі. Сараптама тағайындау туралы ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына енгізілуі мүмкін.
83-бап. Үлгiлердi алу
1. Судья істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында сараптамалық зерттеу үшін сараптама жасауға қажетті тірі адамның, мәйiттiң, жануардың, заттар мен материалдардың қасиеттерін бейнелейтін үлгілерді алуға құқылы.
Үлгiлерге материалдардың, заттардың, шикiзаттың, дайын өнiмнiң сынамалары да жатады.
2. Үлгiлердi алу туралы уәжді ұйғарым шығарылады, онда үлгiлерді алатын адам; үлгiлер алынуға тиіс адам (ұйым); дәл қандай үлгiлер және қандай санда алынуға тиіс екендігі; одан үлгілерді алу үшін адам қашан және кімге келуге тиіс екендігі; үлгiлер алынғаннан кейін қашан және кімге берілуге тиіс екені көрсетіледі.
3. Үлгілерді, егер бұл үлгiлер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешiндiрумен байланысты болмаса және ерекше кәсiби дағдыны талап етпесе, судья өзі, ал қажет болған кезде маманның қатысуымен алуы мүмкiн. Өзге жағдайларда үлгілердi судьяның тапсырмасы бойынша маман алуы мүмкiн.
4. Үлгiлер тараптардан, сондай-ақ үшінші тұлғалардан алынуы мүмкін.
5. Маман судьяның тапсырмасы бойынша қажетті әрекеттерді жүргізеді және үлгілерді алады. Үлгілер оралады және мөрленеді, одан кейін маман жасаған ресми құжатпен бірге судьяға жіберіледі.
6. Үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылатын жағдайларда оны сарапшы жүргізуі мүмкін.
7. Yлгiлердi алу хаттамасында жүргiзiлу реттілігiмен үлгiлердi алу үшiн жасалған әрекеттер сипатталады, бұл ретте қолданылған ғылыми зерттеу және басқа да әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгiлердiң өздері, оларды орау мен сақтау шарттары жазылады.
84-бап. Маманның немесе сарапшының тірі адамнан үлгiлерді алуы
1. Судья өзiнен үлгілер алынуға тиiс адамды, сондай-ақ тиiстi тапсырмасы бар ұйғарымды маманға жiбередi. Ұйғарымда осы процестік әрекетке барлық қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi көрсетiлуге тиiс.
2. Маман судьяның тапсырмасы бойынша қажеттi әрекеттердi жүргізеді және сараптамалық зерттеу үшін талап етілетін үлгілердi алады. Yлгiлер оралады және мөрленеді, одан кейiн маман жасаған ресми құжатпен бiрге судьяға жiберiледi.
3. Сарапшы зерттеу жүргiзгеннен кейiн үлгiлердi оралған және мөрленген түрде өзiнiң қорытындысына қоса тiркейдi.
4. Сарапшы зерттеу процесінде эксперименттік үлгілерді дайындауы мүмкін, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
5. Егер үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алса, ол ресми құжат жасайды, бұған процестік әрекетке барлық қатысушылар қол қояды және іс материалдарына қоса тіркеу үшін судьяға беріледі.
6. Алынған үлгілер оралған және мөрленген түрде хаттамаға қоса беріледі.
85-бап. Салыстырып зерттеу үшін жазу үлгілерін алу
1. Өзінің атынан орындалған құжаттағы адамның қойған қолының төлнұсқалығына шағым жасалған жағдайда, сот салыстырып зерттеу үшін осы адамның жазуы мен қойған қолының үлгілерін алуға құқылы.
2. Сот адамның жазуы мен қол қою үлгілерін алу туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
3. Тұлғаның салыстырып зерттеу үшін жазуы мен қол қою үлгілерін беруден жалтаруы, тараптың өз талаптарына немесе қарсылықтарына негіз ретінде сілтеме жасаған мән-жайларды осы адамның мойындағаны деп бағаланады.
4. Жазу мен қол қою үлгілерін алу сот отырысында жүргізіледі және хаттамада көрсетіледі.
86-бап. Үлгiлердi алу кезiнде жеке бастың құқықтарын қорғау
1. Үлгілерді алу әдістері мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болуға тиіс.
2. Ауыру сезімін не денсаулық үшін ықтимал теріс салдар тудыратын күрделi медициналық рәсiмдердi немесе әдiстердi қолдануға үлгiлер алынуға тиiстi адамға осындай салдарлар түсіндірілгеннен кейін және осы адамның жазбаша келiсiмімен ғана, ал егер ол кәмелетке толмаса немесе психикалық аурудан зардап шегетін болса, онда оның заңды өкілдерінің де келісімімен жол беріледі.
87-бап. Сараптама жүргізу тәртібі
1. Сараптама зерттеу сипатына не сот отырысында зерттеу үшін объектілерді жеткізудің мүмкін еместігіне немесе қиындығына қарай сотта немесе соттан тыс жүргізіледі.
2. Сараптама жүргізу кезінде оның объектілері сараптаманы тағайындаған соттың рұқсатымен зерттеулер жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты қажет болса, сол шамада ғана бүлдірілуі немесе пайдаланылуы мүмкін. Көрсетілген рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымда немесе сот сарапшысының өтінішхатын қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы уәжді ұйғарымда қамтылуға тиіс.
3. Сараптамалық зерттеу объектілерінің анықтығы мен жарамдылығына сот кепілдік береді.
4. Сараптамалық зерттеу объектілері, егер олардың көлемі мен қасиеттері бұған мүмкіндік берсе, сарапшыға оралған және мөрленген түрде беріледі. Қалған жағдайларда сараптаманы тағайындаған сот сарапшыны зерттеу объектілері орналасқан жерге жеткізуді, оларға кедергісіз қол жеткізуді және зерттеу жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс.
5. Іске қатысатын адамдар сараптама жүргізу кезінде, осындай қатысу соттан тыс сараптама жүргізу кезінде сарапшылардың қалыпты жұмысына кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, қатысуға құқылы. Сот іске қатысатын адамдардың сараптама жүргізу кезінде қатысуы туралы өтінішхатты қанағаттандырған кезде, көрсетілген адамдар сараптама жүргізілетін орын мен уақыт туралы хабарландырылады. Хабарландырылған адамдардың келмеуі сараптама жүргізуге кедергі келтірмейді.
6. Соттан тыс сараптама жүргізу кезінде іске қатысатын адамдар қатысқан жағдайда, сот приставының міндетті қатысуын сот айқындайды.
7. Сараптама жүргізу сот сараптамасы органына тапсырылған кезде, сот сараптаманы тағайындау туралы ұйғарымды және қажетті материалдарды оның басшысына жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органының ұйғарымда көрсетілген қызметкері жүргізеді. Егер сараптама тағайындау туралы ұйғарымда нақты сарапшы көрсетілмесе, оны таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптаманы тағайындаған сотқа хабарлайды.
8. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) егер осы сот сараптамасы органында қажетті арнайы ғылыми білімі бар сарапшы болмаса; осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы мен жағдайлары нақты сарапшылық міндеттерді шешуге мүмкіндік бермесе; сарапшының алдына қойылған мәселелер оның құзыретінің шегінен тыс болса; сараптама жүргізуге арналған материалдар осы Кодексте көзделген талаптарды бұза отырып ұсынылса, уәждерін көрсете отырып, сотқа сараптаманы тағайындау туралы ұйғарымды орындамастан, оны жүргізу үшін ұсынылған объектілерді қайтаруға;
2) егер осы сот сараптамасы органында жұмыс істемейтін адамдардың арнайы ғылыми білімдері қорытынды беру үшін қажет болса, оларды сот сарапшылары комиссиясының құрамына енгізу туралы сот алдында өтінішхат беруге;
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) сот сараптамасын тағайындаған сот алдында сот сараптамасын жүргізу мерзімін ұзарту туралы уәжді өтінішхат беруге құқылы.
Сот сараптамасы органы басшысының «Сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге құқықтары да бар.
9. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарымды және зерттеу объектілерін алғаннан кейін заңның талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты сот сарапшысына немесе сот сарапшылары комиссиясына іс жүргізуді тапсыруға;
2) сот сарапшысының тәуелсіздігі қағидатын бұзбай, сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуын, жүргізіліп жатқан зерттеулердің жан-жақтылығын, толықтығы мен объективтілігін, сот сараптамасы объектілері сақталуының қамтамасыз етілуін бақылауды қамтамасыз етуге;
3) сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге міндетті.
10. Егер сараптама жүргізуді сот сараптамасы органының қызметкері болып табылмайтын адамға тапсыру көзделсе, сот сараптаманы тағайындау туралы ұйғарым шығарылғанға дейін оның жеке басына және сарапшыға қарсылық білдіруге осы Кодекстің 39-бабында көзделген негіздердің жоқ екендігіне көз жеткізуге тиіс.
11. Сараптаманы жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 110 және 111-баптарында белгіленген қағидалар бойынша жүргізіледі.
88-бап. Жеке-дара және комиссиялық сараптамалар
1. Сараптаманы жүргізуді сарапшы жеке-дара не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
2. Комиссиялық сараптама күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандығы бар кемінде екі сарапшы жүргізеді.
3. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының әрқайсысы сот-сараптамалық зерттеуді тәуелсіз және өз бетінше толық көлемде жүргізеді. Сараптама комиссиясының мүшелері алынған нәтижелерді бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, қорытындыға не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарға қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушілік болған жағдайда, олардың әрқайсысы жеке қорытынды береді не пікірі комиссияның қалған мүшелерінің түйіндеріне сәйкес келмеген сарапшы оны қорытындыда жеке тұжырымдайды.
4. Соттың комиссиялық сараптама жүргізу туралы ұйғарымы сот сараптамасы органының басшысы үшін міндетті. Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
89-бап. Кешенді сараптама
1. Кешенді сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайды анықтау үшін әртүрлі білім салалары негізінде зерттеу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны түрлі мамандығы бар сарапшылар өз құзыреті шегінде жүргізеді.
2. Кешенді сараптаманың қорытындысында әрбір сарапшының қандай зерттеуді, қандай көлемде жүргізгені және оның қандай түйіндерге келгені көрсетілуге тиіс. Әрбір сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлігіне қол қояды.
3. Сарапшылардың әрқайсысы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жай туралы ортақ түйін (түйіндер) жасайды. Алынған нәтижелерді бағалауға құзыреті бар сарапшылар ғана ортақ түйін (түйіндер) тұжырымдап, қол қояды. Егер сарапшылардың бірі (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактілер комиссияның түпкілікті түйінінің немесе оның бір бөлігінің негізі болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетілуге тиіс.
4. Сарапшылар арасында келіспеушіліктер туындаған жағдайда, зерттеулердің нәтижелері осы Кодекстің 88-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ресімделеді.
5. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру оның басшысына жүктеледі. Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға да құқылы.
90-бап. Қосымша және қайталама сараптама
1. Қосымша сараптама қорытындының анықтығы немесе толықтығы жеткіліксіз болған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелерді шешу қажеттігі туындаған кезде тағайындалады.
2. Қосымша сараптама жүргізу нақ сол немесе өзге сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
3. Егер сарапшының қорытындысы жеткілікті түрде негізді болмаса не оның түйіндері күмән туғызса не сараптама жүргізудің тәртібі мен әдістемесі елеулі түрде бұзылса, дәл сол объектілерді зерттеу және бұрын қойылған сұрақтарға жауаптар алу үшін қайталама сараптама тағайындалады.
4. Қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда алдыңғы сараптаманың нәтижелерімен келіспеу уәждері келтірілуге тиіс.
5. Қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама жүргізген кезде оған қатысып, комиссияға түсініктер бере алады, алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.
6. Қосымша және қайталама сараптамаларды жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары берілуге тиіс.
7. Егер екінші немесе реті бойынша келесі сараптама, олардың біреуі - қосымша сараптамаға, ал басқалары қайталама сараптамаға жататын бірнеше негіздер бойынша тағайындалса, мұндай сараптама қайталама сараптама жүргізу қағидалары бойынша жүргізіледі.
91-бап. Сарапшының құқықтары мен міндеттері
1. Сарапшының сараптама объектісіне жататын іс материалдарымен танысуға; сарапшылық зерттеу үшін өзіне қажетті қосымша материалдарды беру туралы өтінішхатты мәлімдеуге; процестік әрекеттерді жүргізуге және сот отырысына қатысуға, соттың рұқсатымен оларға қатысатын адамдарға сарапшылық зерттеу объектісіне қатысты сұрақтар қоюға; өзі қатысқан жеке процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және жүргізілген әрекеттер мен алынған нәтижелердің толық және дұрыс тіркелуіне қатысты хаттамаға енгізілуге жататын ескертулер жасауға; сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, маңызы бар мән-жайлар бойынша қорытынды беруге; ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге; сараптаманы жүргізу кезінде адамдардың процестік құқықтарын бұзатын әрекеттеріне шағым жасауға; сараптаманы жүргізу кезінде жұмсалған шығыстардың өтемін алуға; егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
2. Сарапшы соттан бөлек, іске қатысатын адамдармен сараптаманы жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге; сараптамалық зерттеу үшін материалдарды өз бетінше жинауға; егер сараптама тағайындаған соттың бұған арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеліп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.