4. Сот осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде санамаланған тапсырма бойынша өкілдерді іске қатысатын адамның өтінішхаты бойынша немесе соттың бастамасы бойынша іске қатысудан шеттетеді. Сот бұл туралы ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
5. Тапсырма бойынша өкілдерді іске қатысудан шеттеткен кезде сот істі талқылауды басқа өкілдің өкілеттіктерін ресімдеу және оның іс материалдарымен танысуы үшін қажетті, бірақ бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге кейінге қалдырады.
60-бап. Өкілдің өкілеттіктері
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тапсырма бойынша өкіл, талап қоюға қол қоюдан, істі төрелікке, «Астана» халықаралық қаржы орталығының сотына беруден, татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасудан, талап қоюдан немесе талап қоюды танудан толық немесе ішінара бас тартудан, талап қою талаптарының нысанасын ұлғайтудан немесе азайтудан, талап қоюдың нысанасын немесе негізін өзгертуден, өкілеттіктерді басқа тұлғаға беруден (басқаға сеніп тапсырудан); сот актісіне апелляциялық, кассациялық тәртіптермен шағым жасаудан, жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарау туралы арыз беруден, сот актісін мәжбүрлеп орындатуды талап етуден, ұйғарылған мүлікті алудан, апелляциялық шағымнан және кассациялық тәртіппен сот актісін қайта қарау туралы өтінішхаттан бас тартудан басқа, өкілдік етушінің атынан осы Кодексте көзделген барлық процестік әрекетті жасауға құқылы.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген тапсырма бойынша өкіл осы баптың бірінші бөлігінде көзделген құқықтармен қатар мемлекеттік органдардан, қоғамдық бірлестіктерден, заңды тұлғалардан анықтамаларға немесе өзге де құжаттарға сұрау салуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен заң көмегін көрсету үшін өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.
3. Өкілдің осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген процестік әрекеттердің әрқайсысын жасауға өкілеттіктері өкілдік беруші берген сенімхатта арнайы көзделуге тиіс.
61-бап. Өкілдің өкілеттіктерін ресімдеу
1. Өкілдің өкілеттіктері заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта көрсетілуге тиіс.
Сенімхат сотқа жазбаша нысанда немесе сенім білдірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі.
2. Кәсіптік одақтар мен басқа да ұйымдардың уәкілетті өкілдері осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) тармақшаларына сәйкес осы іс бойынша өкілдікті жүзеге асыруға арналған тапсырманы куәландыратын құжаттарды сотқа беруге тиіс.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Адвокаттың нақты істі жүргізуге өкілеттіктері «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген адвокат куәлігімен және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламамен расталады.
Адвокаттың осы Кодекстің 60-бабының бірінші бөлігінде көзделген процестік әрекеттерді жасауы сенімхатпен куәландырылады.
4. Заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті заңды тұлғаның басшысы немесе осыған уәкілеттік берілген өзге де тұлға береді.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2019 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген өкілдердің өкілеттіктері сенімхатта немесе сот отырысына сенім білдірушінің жеке өзі қатысқан жағдайда, оның сот отырысының хаттамасына енгізілген ауызша мәлімдемесінде көрсетілуі мүмкін. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігінің 6) тармақшасында көрсетілген өкіл заң консультанттары палатасына мүшелігін растайтын құжат ұсынады.
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды (2019 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
6. Осы Кодекстің 58-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының үшінші абзацында көрсетілген істер бойынша өкіл қосымша түрде өзі жұмыскері болып табылатын заңды тұлға мен өзі мүддесін білдіретін заңды тұлға сол бір тұлғаның бақылауында (тікелей немесе жанама) екенін растайтын құжаттарды ұсынады.
62-бап. Заңды өкілдер
1. Әрекетке қабілетсіз азаматтардың, кәмелетке толмағандардың және сот тәртібімен әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта олардың
ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары, патронат тәрбиешілері немесе оларды алмастыратын басқа да тұлғалар қорғайды, олар сотқа өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды ұсынады.
2. Хабарсыз кетті деп белгіленген тәртіппен танылған азамат қатысуға тиісті іс бойынша хабарсыз кеткен азаматтың мүлкіне қорғаншылықты жүзеге асыратын тұлға оның өкілі ретінде әрекет етеді.
3. Қайтыс болған немесе қайтыс болды деп заңда белгіленген тәртіппен жарияланған адамның мұрагері қатысуға тиісті іс бойынша, егер мұраны әлі ешкім қабылдамаса, мұрагерлік мүлік өзіне сенімгерлік басқаруға берілген тұлға мұрагердің өкілі ретінде әрекет етеді.
4. Заңды өкілдер өкілдік берушілерге жасау құқығы тиесілі барлық процестік әрекеттерді заңда көзделген шектеулермен өкілдік етушілердің атынан жасайды. Заңды өкілдер істі сотта жүргізуді басқа өкілге тапсыра алады.
Кәмелетке толмағанның, сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның не сот тәртібімен хабарсыз кетті деп танылған адамның заңды өкілі қорғаншылыққа алынған адамның мүлкі олардың нысанасы болып табылатын даулар бойынша істерді қарау кезінде өзі өкілі болып отырған адамның мүддесінде барлық процестік әрекеттерді жасайды.
Кәмелетке толмағанның, әрекет қабілеті шектеулі деп танылған адамның заңды өкілі шектелген құқықтар көлемінен туындайтын міндеттемелер нысанасы болып табылатын істерді қарау кезінде осы адамның мүддесінде барлық процестік әрекеттерді өз бетінше жасайды. Басқа даулар бойынша әрекет қабілеті шектеулі тұлға процестік әрекеттерді жасайды және процестік міндеттерді өз бетінше атқарады.
5. Заңды өкілдер және тапсырма бойынша өкілдер процестік әрекеттерді өз мүдделерінде немесе өздері өкілі болып отырған тұлғаның мүдделеріне қарамастан жасауға құқылы емес.
7-тарау. ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР ЖӘНЕ ДӘЛЕЛДЕУ
63-бап. Дәлелдемелер
1. Сот солардың негізінде тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың, сондай-ақ істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар өзге де мән-жайлардың бар немесе жоқ екендігін анықтайтын заңды тәсілмен алынған фактілер туралы мәліметтер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Фактілер туралы мәліметтер тараптар мен үшінші тұлғалардың түсініктемелерінен, куәлардың айғақтарынан, сарапшылардың қорытындыларынан, заттай дәлелдемелерден, процестік әрекеттердің хаттамаларынан, сот отырыстарының хаттамаларынан, аудио-, бейнежазбаға, процестік әрекеттердің барысын және нәтижелерін көрсететін бейнеконференцбайланыс жүйелерін пайдалану арқылы алынған деректерден және өзге де көздерден алынуы мүмкін.
64-бап. Дәлелдемелердің қатыстылығы
Егер дәлелдемеде іс үшін маңызы бар мән-жайлардың бар екендігі туралы түйіндерді растайтын, теріске шығаратын не оларға күмән келтіретін фактілер туралы мәліметтер болса, сот дәлелдемені іске қатысты деп таниды.
65-бап. Дәлелдемелердің жарамдылығы
1. Егер дәлелдеме осы Кодексте көзделген тәртіппен алынса, сот оны жарамды деп таниды.
2. Аудио-, бейнежазбалар, оның ішінде байқау және (немесе) тіркеу аспаптарымен алынғандар, фото және (немесе) киноға түсіру матералдары, электрондық, цифрлық және өзге де материалдық жеткізгіштердегі басқа да материалдар жарамды дәлелдемелер ретінде танылуы мүмкін.
3. Істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс мән-жайларының ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуы мүмкін емес.
66-бап. Дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін мәліметтер
1. Фактілер туралы мәліметтерді, егер олар осы Кодекстің талаптарын бұза отырып, іске қатысатын адамдардың заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларды шектеу арқылы, оның ішінде:
1) зорлық-зомбылықты, қорқытуды, алдауды, сол сияқты өзге де заңсыз әрекеттерді қолдану арқылы;
2) іске қатысатын адамға өз құқықтары мен міндеттерін түсіндірмеу, толық немесе дұрыс түсіндірмеу салдарынан туындаған оның жаңылысуын пайдалану арқылы;
3) осы азаматтық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға құқығы жоқ тұлғаның процестік әрекетті жүргізуіне байланысты;
4) қарсылық білдірілуге жататын тұлғаның процестік әрекетке қатысуына байланысты;
5) процестік әрекетті жүргізу тәртібін елеулі түрде бұзу арқылы;
6) белгісіз көзден не сот отырысында анықтала алмайтын көзден;
7) дәлелдеу барысында қазіргі заманғы ғылыми білімге қайшы келетін әдістерді қолдану арқылы;
8) тараптың немесе іске қатысатын басқа да тұлғалардың дәлелдерін негіздеу немесе теріске шығару мақсатында мазмұнын арнайы дайындау немесе өзгерту арқылы алынған фактілер туралы мәліметтердің анықтығына ықпал еткен немесе ықпал ете алатын дәлелдемелер ретінде сот жарамсыз деп таниды.
2. Іс бойынша іс жүргізу кезінде мәліметтердің дәлелдемелер ретінде пайдаланылуына жол бермеу соттың қалауы немесе іске қатысатын адамдардың өтінішхаты бойынша анықталады.
3. Заңды бұза отырып алынған дәлелдемелердің заңдық күші жоқ деп танылады және оларды сот шешімінің негізіне алуға, сондай-ақ іс үшін маңызы бар кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдалануға болмайды. Мұндай дәлелдемелер бұзушылықтар фактісін және оларға жол берген тұлғалардың кінәсін дәлелдеу кезінде пайдаланылуы мүмкін.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Дау (жанжал) медиация тәртібімен реттелмеген жағдайда, судья өзі сотта медиация жүргізу кезінде алған дәлелдемелерді, егер тараптар бұған қарсы болмаған жағдайды қоспағанда, іс жүргізуінде іс жатқан судьяға ұсына алмайды.
67-бап. Дәлелдемелердің анықтығы
Егер тексеру нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетіні анықталса, дәлелдеме анық деп есептеледі.
68-бап. Дәлелдемелерді бағалау
1. Әрбір дәлелдеме оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығы ескеріле отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
2. Осы Кодекстің 16-бабына сәйкес судья дәлелдемелерді өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды.
3. Егер бір тарап екінші тарап ұсынған дәлелдемелерге дау айтпаса және оларды мойындаса не дәлелдемелерге дау айту жауапкердің қарсылығынан немесе жауапкердің дәлелдеріне қарсы талап қоюшының қарсылығынан тікелей туындамаса, мән-жайлар анықталды деп есептеледі.
4. Екінші тарап ұсынған дәлелдемелердің бұрмалануы туралы өтінішхат мәлімделген жағдайда, осындай мәлімдеме жасаған тұлға дәлелдемелердің бұрмаланғандығы туралы куәландыратын белгілерді көрсетуге міндетті.
Егер дәлелдемені ұсынған тұлға, оның бұрмалануы туралы мәлімдемені негізді деп таныса, сот дәлелдемені жарамды дәлелдемелер қатарынан шығарып тастайды және істі басқа дәлелдемелердің негізінде шешеді.
5. Мән-жайлар, егер оларды растауға құжаттардың көшірмелері ғана ұсынылса, түпнұсқасын ұсыну қажеттігі заң талаптарынан туындаса, анықталды деп есептелмейді.
Егер:
1) құжаттың төлнұсқасы жоғалса және сотқа берілмесе;
2) дауласушы тараптардың әрқайсысы ұсынған осы құжаттың көшірмелері бір-біріне ұқсамаса;
3) құжат төлнұсқасының мазмұнын басқа дәлелдемелердің көмегімен анықтау мүмкін болмаса, сот сонымен қатар құжаттың көшірмесімен немесе өзге де жазбаша дәлелдемелермен ғана расталатын мән-жайларды оның мазмұнын даулаған кезде дәлелденді деп есептей алмайды.
6. Егер іс үшін маңызы бар және екінші тарап жоққа шығармаған мән-жайларды даусыз растайтын, іске қатысты жарамды және анық дәлелдемелер жиналса, дәлелдемелердің жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткілікті деп танылады.
69-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету
1. Іске қатысатын және өздері үшін қажетті дәлелдемелерді ұсыну кейіннен мүмкін болмайды немесе қиындық келтіреді деп қауіптенуге негізі бар адамдар соттан осы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы сұрай алады.
2. Сот дәлелдемелерді қамтамасыз етуді куәлардан жауап алу, сараптама тағайындау және жүргізу, дәлелдемелерді олардың сақталған жерлерінде қарап тексеру, сот тапсырмасын жіберу және басқа да тәсілдер арқылы жүргізеді.
3. Сотта іс қозғалғанға дейін дәлелдемелерді қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының нотариат туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
70-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз
1. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз іс жүргізуінде іс жатқан сотқа беріледі.
2. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арызда қамтамасыз етілуге қажетті дәлелдемелер, осындай қамтамасыз ету қажетті растау немесе теріске шығару үшін істің мән-жайлары, қажет дәлелдемелерді ұсынудың қиындығын куәландыратын деректер көрсетілуге тиіс. Арыз беруден бас тартылған дәлелдемелерді қамтамасыз ету қажет болған іс онда көрсетілуге тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арызды қарау нәтижелері бойынша сот ұйғарым шығарады, оған сәйкес дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша процестік әрекеттерді жасайды не одан бас тартады. Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады және қайта қарауға жатпайды. Шығарылған ұйғарымға қатысты істен бөліп алынған материал жеке шағыммен, прокурордың өтінішхатымен бірге апелляциялық сатыдағы сотқа жіберіледі.
71-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету тәртібі
1. Дәлелдемелерді қамтамасыз етуді судья істі сот талқылауына дайындау кезінде немесе істі бірінші сатыдағы сотта қарау кезінде арыз келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жүргізеді.
2. Арыз беруші және іске қатысатын басқа да тұлғалар дәлелдемелерді қамтамасыз етудің уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі соттың дәлелдемелерді қамтамасыз етуі бойынша жеке процестік әрекетті жасауына кедергі болып табылмайды.
3. Хаттамалар және қамтамасыз ету тәртібімен жиналған барлық дәлелдемелер бұл туралы іске қатысатын адамдарға хабарлана отырып, істі қарайтын сотқа беріледі.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 72-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
72-бап. Дәлелдеу міндеті
Әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс.
73-бап. Дәлелдемелерді ұсыну
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады, онда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың олар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну және алмасу бойынша әрекеттері көрсетіледі.
Егер дәлелдемелерді ұсынған тұлғалар оларды істі сот талқылауына дайындау сатысында ұсынудың мүмкін еместігін негіздесе, дәлелдемелер сот талқылауы сатысында ұсынылуы мүмкін.
Осы Кодекстің 404-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда дәлелдемелер апелляциялық сатыдағы сотқа ұсынылуы мүмкін.
Тараптардың қолында бар дәлелдемелерді сотқа ұсынбау осы дәлелдемелерді апелляциялық, кассациялық сатылардағы сотқа ұсыну мүмкіндігін болдырмайды.
2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды сот тараптар мен іске қатысатын басқа да адамдардың талаптары мен қарсылықтарының негізінде, қолданылуға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып анықтайды. Тұлға осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген жағдайларда істі сот талқылауына дайындау барысында не сот талқылауы барысында ашылған және сотқа дейінгі хаттамада көрсетілген дәлелдемелерге ғана сүйенуге құқылы.
3. Сот тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер беруді ұсынуға құқылы.
4. Іске қатысатын тараптар мен басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді беру қиын болған жағдайда, бірінші сатыдағы сот олардың өтінішхаты бойынша оларға дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсетеді.
Бірінші сатыдағы сот қанағаттандырусыз қалдырған, тарапқа қажетті дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсету туралы өтінішхат апелляциялық сатыдағы соттың алдында апелляциялық шағымда немесе сот отырысында мәлімделуі мүмкін.
5. Дәлелдемелерді талап етіп алдыруға жәрдем көрсету туралы өтінішхатта дәлелдеме, сондай-ақ іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлар осы дәлелдемемен анықталатыны немесе теріске шығарылатыны, дәлелдемелерді өз бетінше алуға кедергі келтіретін себептер және оның тұрған жері көрсетілуге тиіс.
6. Қажет болған кезде сот іске қатысатын адамға дәлелдемені алу үшін сұрау салуды береді. Сот талап еткен дәлелдемесі бар тұлға оны тікелей сотқа жібереді немесе сотқа дәлелдемені ұсыну үшін соттың тиісті сұрау салуы бар тұлғаның қолына береді. Корпоративтік даулар бойынша дәлелдемелерді тек қана сот талап етуге және тікелей сотқа жіберілуге тиіс.
7. Талап етілген дәлелдемелерді ұсынбаудың себептері туралы сотқа хабарланбаған, сондай-ақ сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша сот белгілеген мерзімде дәлелдемелер ұсынылмаған жағдайда, кінәлі лауазымды немесе іске қатыспайтын өзге де тұлғалар осы Кодекстің 9-тарауында белгіленген қағидалар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жазаға тартылады.
8. Әкімшілік жаза қолдану сот талап еткен дәлелдемені иеленген тұлғаны дәлелдемені сотқа ұсыну міндетінен босатпайды. Соттың талабын қасақана орындамаған жағдайда көрсетілген тұлғалар қылмыстық жауаптылықта болады.
9. Егер тарап сот талап еткен дәлелдемені өзінде ұстап қалса және оны соттың сұрау салуы бойынша сот белгілеген мерзімде ұсынбаса, онда қамтылған мәліметтер осы тараптың мүдделеріне қарсы бағытталған деп болжанады және ол мойындады деп есептеледі.
10. Төрелік талқылау тараптары төреліктің келісімімен дәлелдемелерді алуға жәрдемдесу туралы өтінішхатпен сотқа жүгіне алады, ол осы баптың төртінші бөлігінің бірінші абзацына сәйкес қаралады.
74-бап. Сот тапсырмалары
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Істі қарайтын сот өз бастамасы бойынша немесе іске қатысатын адамның басқа қаладағы немесе аудандағы дәлелдемелерді қамтамасыз етудің (жинаудың, зерттеудің) қажеттігі туралы өтінішхаты қанағаттандырылған жағдайда, тиісті сотқа белгілі бір процестік әрекеттерді жүргізуді тапсырады.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Істі қарайтын сот өз бастамасы бойынша немесе іске қатысатын адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шарты бар басқа мемлекеттегі дәлелдемелерді қамтамасыз етудің (жинаудың, зерттеудің) қажеттігі туралы өтінішхаттары қанағаттандырылған жағдайда, осы шарттың ережелеріне сәйкес сот тапсырмасын жібереді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сот тапсырмасы туралы ұйғарымда қаралатын істің мәні, тараптар туралы мәліметтер қысқаша жазылады, анықтауға жататын мән-жайлар, тапсырманы орындаушы сот жинауға тиіс дәлелдемелер көрсетіледі. Бұл ұйғарым ол жолданған сот үшін міндетті. Сот тапсырмасы туралы ұйғарым шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
75-бап. Сот тапсырмасын орындау тәртібі
1. Соттың тапсырмасын орындау осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша сот отырысында жүргізіледі. Іске қатысатын адамдар отырыстың уақыты мен орны туралы хабарландырылады, алайда олардың келмеуі тапсырманы орындауға кедергі болып табылмайды.
2. Сот тапсырмасын өзіне жолданған сот ол келіп түскен күнінен бастап бір ай мерзімде орындайды.
3. Хаттамалар мен сот тапсырмасын орындау кезінде жиналған барлық материалдар істі қарап жатқан сотқа дереу жіберіледі.
4. Егер іске қатысатын адамдар немесе тапсырманы орындаған сотқа түсініктеме немесе айғақ берген куәлар істі қарайтын сотқа келсе, олар жалпы тәртіппен түсініктеме мен айғақ береді.
76-бап. Дәлелдеуден босатудың негіздері
1. Сот жалпыға бірдей белгілі деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді.
Белгілі бір аумақта, оның ішінде сотқа және іске қатысатын адамдарға кеңінен танымал болуына орай іс бойынша дәлелдеу нысанасына кірмейтін мән-жайлар жалпыға бірдей белгілі деп танылады.
2. Соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.
3. Соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.
4. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында және 36-бабында көзделген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған тұлға жасаған іс-әрекеттің азаматтық-құқықтық салдары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қою кезінде қайта дәлелденбейді.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша соттың заңды күшіне енген қаулысымен анықталған әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаның кінәсі осы тұлға жасаған нақ осы құқық бұзушылықтың азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайта дәлелденбейді.
6. Заңға сәйкес анықталған деп болжанған фактілер азаматтық істі талқылау кезінде дәлелденбейді.
7. Егер тиісті құқықтық рәсім шеңберінде керісінше дәлелденбесе, мына мән-жайлар:
1) қазіргі заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсіпшілікте жалпыға бірдей қабылданған зерттеу әдістерінің дұрыстығы;
2) адамның заңды білуі;
3) адамның өзінің қызметтік және кәсіби міндеттерін білуі;
4) арнайы даярлықтың немесе білімінің бар екенін растайтын құжатты ұсынбаған және арнайы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа мекемені көрсетпеген тұлғада олардың болмауы дәлелдемелерсіз анықталған мән-жайлар болып есептеледі.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 8-бөлікпен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
8. Әкімшілік іс бойынша соттың заңды күшіне енген шешімімен белгіленген әкімшілік актінің заңсыздығы осы акт заңсыздығының азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайтадан дәлелденбейді.
77-бап. Маманды процестік әрекеттерге қатысуға тарту
1. Сот ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға консультациялар (түсiндiрмелер) беру және көмектесу арқылы дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету мақсатында сот отырысына немесе процестік әрекеттерге қатысу үшiн iстiң нәтижесiне мүдделi емес, арнаулы білiмi бар кәмелетке толған адамды маман ретiнде тартуы мүмкiн.
Сот мамандарды тараптың өтінішхаты бойынша да тартуға құқылы. Iске қатысатын тұлғалар сотқа арнаулы бiлiмi бар нақты адамды маман ретiнде тарту туралы өтiнiш жасай алады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Маманды тағайындау туралы - істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда, ал сот отырысы барысында сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
3. Маман ретінде шақырылған адамның: өзінің шақырылу мақсатын білуге; егер тиісті арнаулы білімі мен дағдысы болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; соттың рұқсатымен процестік әрекетке қатысушыларға сұрақтар қоюға; процестік әрекетке қатысушылардың назарын дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету кезіндегі, ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындау кезіндегі өзінің әрекетіне байланысты мән-жайларға аударуға; өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелерін толық әрі дұрыс тіркеп қоюға қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға; процестік әрекеттерді жүргізуге қатысуына байланысты өзіне жұмсаған шығыстардың өтемін және егер іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмесе, орындаған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.