5) оқыту семинарларын ұйымдастыру;
6) агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми, нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету және ол үшін кадрлар даярлау;
7) аграрлық ғылымды дамыту және ғылыми әзірлемелерді өндіріске тарату арқылы жүзеге асырылады.
2. Мамандандырылған ұйымдардың агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiне өтеусiз негiзде ұсынуына жататын ақпарат пен көрсетілетін қызметтердiң тiзбесiн агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлетті орган айқындайды.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 240-бап жаңа редакцияда (2020 ж. 6 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
240-бап. Агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыруды мемлекеттік қолдау
Агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыруды мемлекеттік қолдау «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
241-бап. Шаруа немесе фермер қожалықтарын мемлекеттiк қолдау
1. Мемлекет отандық шаруа нарығын немесе фермерлік нарықты дамытуға және қорғауға жәрдемдеседі.
2. Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және орта есеппен алғанда жыл iшiндегi активтерiнiң жалпы құны алпыс мың еселенген есептiк көрсеткiштен аспайтын шаруа немесе фермер қожалықтары:
241-баптың 2-тармағының 2) тармақшасының қолданылуы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақша осы Кодекстің 324-бабының 14-тармағында қолданылады
1) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын қолдана отырып, электр энергиясы, жылумен, сумен жабдықтау және кәріз бойынша қосылатын қуат үшiн ақы төлеуден Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен және шарттарда босатылады;
2) мемлекет қатысатын екiншi деңгейдегi банктерде ақы төлемей шоттар ашады;
3) оңайлатылған тәртiппен бухгалтерлiк есеп жүргізедi және қаржылық есептілікті жасайды;
4) 2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қаржылық қолдау шеңберiнде мемлекеттiк бюджеттегі тиiстi жылға арналған қаражат шегінде жеңiлдiктi шарттарда ақпараттық көрсетілетін қызметтер (құралдар), сондай-ақ ғылыми-техникалық әзірлемелер мен технологияларды алады;
6) шағын кәсiпкерлiктi қолдау үшiн көзделген қаражат есебiнен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жүргiзедi.
3. Шаруа немесе фермер қожалықтары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексi) сәйкес жекелеген салық түрлерiн есептеу мен төлеудiң оңайлатылған не жалпыға белгiленген тәртiбiн қолдануға құқылы.
4. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне инвестицияларды жүзеге асыратын және арнаулы салық режимiн пайдаланбайтын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына осы Кодексте көзделген тәртiппен және шарттарда инвестициялық преференциялар берiлуi мүмкiн.
2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 23-1-тараумен толықтырылды
23-1-тарау. ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
241-1-бап. Инновациялық қызмет ұғымы және оның мазмұны
1. Инновациялық қызмет деп инновацияларды жасауға бағытталған қызмет (зияткерлік, шығармашылық, ғылыми, ғылыми-техникалық, технологиялық, өнеркәсіптік-инновациялық, ақпараттық-коммуникациялық, ұйымдастырушылық, қаржылық және (немесе) коммерциялық қызметті қоса алғанда) түсініледі.
Инновациялық қызмет инновациялық қызметтің нарықтық перспективаларының белгісіздігімен және салынған қаржылық және өзге де ресурстардың ықтимал ысыраптары мен сипатталатын жоғары кәсіпкерлік тәуекелдің болуы мүмкіндігін білдіреді.
2. Инновациялық қызмет шеңберінде жүзеге асырылатын және жаңа немесе жетілдірілген өнімді немесе процесті жасауға және (немесе) енгізуге және оны тұтынушыға дейін жеткізуге бағытталған, белгілі бір уақыт мерзімі ішінде іске асырылатын іс-шаралар кешені инновациялық жоба болып табылады.
2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері іске асыратын, ғылымды қамтитын өнімдерді (тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жасауға бағытталған үйлестірілген ғылыми, ғылыми-техникалық жұмыстар кешені толық ғылыми цикл жобасы болып табылады.
3. Бәсекеге қабілеттілікті және алдыңғы өнімдерге немесе процестерге қарағанда салыстырмалы артықшылықты қамтамасыз ететін, әлеуетті пайдаланушыларға қолжетімді болған өнім (тауар, жұмыс немесе көрсетілетін қызмет) немесе пайдалануға берілген процесс түріндегі инновациялық қызметтің жаңа немесе жетілдірілген нәтижесі инновация болып табылады.
4. Инновациялық жобаларды іске асыратын жеке, заңды тұлғалар, жай серіктестіктер инновациялық қызмет субъектілері болып табылады.
5. Тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер, процестер мен технологиялар жаңа немесе жетілдірілген деп есептелуі мүмкін болатындай, оларда жүзеге асырылуы мүмкін жаңалықтардың барлық түрлері инновациялық қызметтің объектісі болып табылады.
241-2-бап. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мақсаты, міндеттері мен негіздері
1. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мақсаты ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жаңа немесе едәуір жақсартылған өнімді (тауарды, жұмысты немесе көрсетілетін қызметті), технологияны немесе процесті, маркетингтің жаңа әдісін немесе іскерлік практикадағы жаңа ұйымдастыру әдісін қолданысқа енгізу, жұмыс орындарын немесе сыртқы байланыстарды ұйымдастыру үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.
2. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау міндеттері мыналар болып табылады:
1) таланттарды анықтау, тәрбиелеу, тарту және ұстап қалу әрі ғылыми, инженерлік және кәсіпкерлік кадрлардың кәсіби өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасау;
2) жоғары технологиялық салаларды дамыту, экономиканың технологиялық күрделілігін арттыру, экономика мен қоғамның инновацияларды қабылдау қабілетін арттыру есебінен ұлттық экономиканың базалық салаларын технологиялық жаңғырту және оны әртараптандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау;
3) инновациялық қызметті қолдау, инновацияларды тиімді енгізу, жоғары технологиялық өндірістерді, корпоративтік инновацияларды дамыту және технологиялар трансферті;
4) стартап-инфрақұрылымы мен венчурлік инвестициялау мәдениетінің дамуы үшін жағдайлар жасау;
5) инновацияларға деген сұранысты ынталандыру;
2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) инновациялық қызмет субъектілеріне технологияларды, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруда, ғылымды қажетсінетін бизнесті, оның ішінде толық ғылыми цикл жобаларын дамыту үшін жағдайлар жасауда жәрдем көрсету;
7) инновациялық қызмет субъектілеріне инновациялық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықта, оның ішінде инновациялық қызмет үшін жоғары білікті кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықта жәрдем көрсету;
8) инновациялық қызмет субъектілеріне еңбек өнімділігін арттыруда және инновациялық кластерлерді дамытуда жәрдем көрсету;
2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9) мемлекеттік технологиялық саясатты іске асыру және ғылымды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.
3. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау мыналарға негізделеді:
1) осы Кодекске сәйкес инновациялық қызмет субъектілері не мемлекеттік қолдау алуға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету;
2) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың ұсынылатын шараларының жариялылығы, атаулылығы және транспаренттілігі;
3) мемлекет пен инновациялық қызмет субъектілері мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету;
4) инновациялық қызмет субъектілері инновациялық жобаларының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оларды табысты іске асыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыру;
5) мемлекет пен инновациялық қызмет субъектілерінің тұрақты өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ететін кешенділік пен жүйелілік;
6) ғылым, технологиялар және инновациялар саласында тиімді коммуникациялар жүйесін қалыптастыру есебінен инновациялық қызметтің өмірлік циклінің барлық сатыларын да мемлекеттік қолдау көрсету.
241-3-бап. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектілері
1. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектілеріне инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей не жанама түрде мемлекетке тиесілі, инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілеттік берілген өзге де заңды тұлғалар жатады.
2. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектілері:
1) технологиялық болжамдауды жүргізуде, мемлекеттік технологиялық саясатты іске асыруда және инновациялық инфрақұрылымды дамытуда әдіснамалық және консультациялық қолдау көрсетеді;
2) инновацияларды дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетеді;
3) инновациялық қызмет субъектілерінің жарғылық капиталдарына қатысу, шетелдік қатысатын заңды тұлғаларды құру, инвестициялық және венчурлік қорларды құру немесе оларға қатысу арқылы және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдермен инновациялық жобаларға инвестицияларды жүзеге асырады;
4) технологиялық тұғырнамаларды, технологияларды коммерцияландыру орталықтарын, технологиялық парктерді, бизнес-инкубаторларды, акселераторларды, технологиялар трансфертінің халықаралық орталықтарын, технологиялық даму орталықтары нысанындағы бірлескен кәсіпорындарды құруға, басқаруға және үйлестіруге қатысады;
5) экономиканың басым секторларының технологиялық дамуын ынталандыру үшін ақпараттық, білім беру және қаржы ресурстарын тарту мақсатында халықаралық ұйымдар мен ынтымақтастық жасайды;
6) іске асырылатын инновациялық жобалар, енгізілген технологиялар, технологиялық болжамдау бойынша жүргізілген талдамалық зерттеулердің нәтижелері туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді;
7) бизнес-инкубациялау, стартаптарды акселерациялау, технологияларды коммерцияландыру және технологиялар трансферті, инновациялық қызмет субъектілерінің кадрлық, басқарушылық және өндірістік әлеуетін күшейту бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін іске асыруға қатысады;
8) мемлекеттік органдарға инновациялық қызмет мәселелері бойынша сараптамалық қорытындылар және (немесе) ұсынымдар береді;
9) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға инновациялық гранттар беру бойынша қызметтер көрсетеді;
10) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік технологиялық саясатты іске асыру бойынша қызметтер көрсетеді;
11) тәуекелмен инвестициялаудың инвестициялық қорларын, венчурлік қорларды және венчурлік қаржыландыруды дамытуға жәрдем көрсетеді;
12) маркетингтік және өзге іс-шараларды өткізу, әлеуетті инвесторларды іздестіру бойынша инновациялық қызмет субъектілеріне акселерациялау, бизнес-инкубациялау қызметтерін ұсынады;
13) инновацияларды ақпараттық-насихаттық қолдауға, оның ішінде инноваторлар, рационализаторлар мен өнер-тапқыштар арасында конкурстар өткізуді ұйымдастыру арқылы қатысады;
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды
14) қайырымдылық ұйымдарына, эндаумент-қорларға инновациялық жобаларға сараптама, мониторинг жүргізу жөнінде қызметтер көрсете алады;
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
15) инновациялық жүйенің тиімділігіне тәуелсіз талдау жүргізу үшін инновациялар мен технологияларды дамыту жөніндегі шараларды іске асыру туралы инновациялық обсерваторияға жыл сайынғы ақпаратты береді.
241-4-бап. Мемлекеттік технологиялық саясат
1. Мемлекеттік технологиялық саясат ұлттық экономиканың, оның секторлары мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің технологиялық даму деңгейін арттыру мақсатында, технологиялық тұғырнамаларды, технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарын құруды, нысаналы технологиялық бағдарламаларды іске асыруды қоса алғанда, мемлекет және (немесе) инновациялық қызмет субъектілері жүзеге асыратын, технологиялық басымдықтарды айқындауға, инфрақұрылымды және оларды іске асыру жөніндегі құзыреттерді дамытуға бағытталған экономикалық, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар жүйесін білдіреді.
2. Мемлекеттік технологиялық саясатты қалыптастыру және іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Технологиялық саясат жөніндегі кеңес жұмыс істейді.
Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
1) технологиялық даму басымдықтарын және мемлекеттік технологиялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындау;
2) мемлекеттік органдар үшін елдің инновациялық және технологиялық даму мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу;
3) инновациялық жүйені және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектілерінің қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды келісу;
4) әзірленетін мемлекеттік технологиялық саясатты салалық бағыттар бойынша қарау;
5) мемлекеттік органдардың технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарын, нысаналы технологиялық бағдарламаларды айқындау және салаларда технологиялық тұғырнамаларды ұйымдастыру бойынша бастамаларын қарау.
2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен 241-5-баптың тақырыбы өзгертілді (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
241-5-бап. Мемлекеттік технологиялық саясатты қалыптастыру мен іске асыру және ғылымды дамыту құралдары
2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік технологиялық саясатты қалыптастыру мен іске асыру және ғылымды дамыту үшін технологиялық тұғырнамалар құрылады.
Технологиялық тұғырнама өзара байланысты және өзара толықтыратын білім беру, ғылыми және өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылым элементтерінен, технологияларды генерациялау мен жетілдірудің, кадрлар даярлаудың, инновациялық жобаларды іске асырудың үздіксіз процесін қамтамасыз ету үшін қажетті ғылыми, ғылыми-техникалық, инновациялық және өнеркәсіптік қызмет субъектілерінен тұратын кешен болып табылады.
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Тиісті саланың немесе технологиялық бағыттың мемлекеттік технологиялық саясатын тұжырымдау және ғылымын дамыту және оның сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарын айқындайды.
Тиісті саланы технологиялық болжамдауды жүзеге асыру, нысаналы технологиялық бағдарламаны әзірлеу мен іске асыруға жәрдемдесу, жеделдетілген технологиялық даму үшін әлемдік технологиялық трендтерді, ғылыми жетістіктерді мониторингтеу, ағымдағы жағдайлар мен бәсекелестік артықшылықтарды, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қажеттілігі мен мүдделілігін айқындау, тиісті саланың кәсіпкерлік субъектілері арасында инновациялық қызметтің үздік практикалары мен тәжірибесін таратуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасына шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарының негізгі міндеттері болып табылады.
Технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарына қойылатын өзге де өлшемшарттар технологиялық болжамдауды жүзеге асыру, технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарының жұмыс істеуі, технологиялық тұғырнамаларды ұйымдастыру және нысаналы технологиялық бағдарламаларды әзірлеу әдістемесі мен өлшемшарттарына сәйкес айқындалады.
2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Технологиялық саясатты қалыптастыру және ғылымды дамыту үшін технологиялық болжамдау жүргізіледі.
Технологиялық болжамдау деп игерілуі мемлекеттің орнықты инновациялық дамуы үшін қажетті шарт болып табылатын негізгі (басым) технологияларды анықтауға бағытталған талдамалық зерттеулер кешені түсініледі.
Технологиялық болжамдау шетелдік және отандық сарапшыларды тарту, сауалнамалар мен талдамалық зерттеулер жүргізу, алынған деректерді жинақтап қорыту және ұсынымдарды қалыптастыру арқылы технологиялық тұғырнамалармен өзара іс-қимыл жасау кезінде тиісті салалардағы технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарының қатысуымен жүргізіледі.
Технологиялық болжамдау қорытындылары мемлекеттік технологиялық саясатты қалыптастыру және ғылымды дамыту, инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындау кезінде ескеріледі.
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.01.07. № 104-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Технологиялық саясатты іске асыру және ғылымды дамыту үшін технологиялық құзыреттердің салалық орталықтары тиісті мемлекеттік органдар бекітетін нысаналы технологиялық бағдарламаларды әзірлейді.
Нысаналы технологиялық бағдарлама деп негізгі (басым) технологияларды дамыту және мемлекеттің, кәсіпкерлік субъектілері мен ғылымның өзара іс-қимылына негізделген саланың (салалардың) технологиялық міндеттерін шешу жөніндегі шаралар кешені түсініледі.
Нысаналы технологиялық бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын инновациялық жобалардың инновациялық гранттар мен инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларын беру кезінде басым артықшылығы болады.
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде, оның ішінде шетелдік инвестициялар тарту арқылы нысаналы технологиялық бағдарламаны іске асыруға қатысады.
5. Технологиялық болжамдау және нысаналы технологиялық бағдарламаларды әзірлеу технологиялық болжамдауды жүзеге асыру, технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарының жұмыс істеуі, технологиялық тұғырнамаларды ұйымдастыру және нысаналы технологиялық бағдарламаларды әзірлеу әдістемесі мен өлшемшарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
241-6-бап. Инновациялық белсенділікті ынталандыру және инновациялық жүйені талдау құралдары
1. Инновацияларды ақпараттық-насихаттық қолдау және білімді тарату, оның ішінде технологияларды коммерцияландыру арқылы тарату инновациялық белсенділікті ынталандыру құралдары болып табылады.
Технологияларды коммерцияландыруға жәрдемдесу (қолдау) мыналар арқылы жүзеге асырылады:
1) технологиялық кәсіпкерлік саласындағы құзыреттерді қалыптастыруға және дамытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және (немесе) өткізу;
2) технологияларды іздестіру, оларды сәйкестендіру жүйесін қалыптастыру және дамыту және оларды нарыққа ілгерілетуге жәрдем көрсету;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдер.
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға, технологиялық саясаттар мен нысаналы технологиялық бағдарламаларды іске асыруға уәкілеттік берілген өзге де заңды тұлғалар жүзеге асыратын инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылу тиімділігін бағалау инновациялық жүйені талдау құралы болып табылады.
Ұсынымдар әзірлей отырып, оның ішінде ақпараттық жүйе арқылы инновациялық жүйенің тиімділігін тәуелсіз талдауды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын инновациялық обсерватория жүзеге асырады.
Ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттары және жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға уәкілетті өзге де ұйымдар инновациялық жүйенің тиімділігіне тәуелсіз талдау жүргізу үшін инновациялар мен технологияларды дамыту жөніндегі шараларды іске асыру туралы инновациялық обсерваторияға жыл сайынғы ақпаратты береді.
Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылу тиімділігін бағалау әдістемесін инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Инновациялық гранттар беру бойынша инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларының іске асырылу тиімділігін бағалау инновациялық қызметтің нарықтық перспективаларының белгісіздігімен және салынған қаржылық және өзге де ресурстардың ықтимал ысыраптарымен сипатталатын жоғары кәсіпкерлік тәуекел сияқты инновациялық қызметтің ерекшеліктері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
241-7-бап. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары
1. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодексте айқындалады.
2. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларына мыналар жатады:
1) венчурлік қорларды қоса қаржыландыру;
2) инновациялық гранттар беру.
3. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау осы Кодекске, «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес айқындалады.
241-8-бап. Венчурлік қорлар мен жекеменшік венчурлік инвесторларды қоса қаржыландыру
1. Венчурлік қорлар мен жекеменшік венчурлік инвесторларды қоса қаржыландыруды инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектілері жүзеге асырады.
2. Венчурлік қаржыландыру деп инновациялық қызметті ғана жүзеге асыратын тұлғалардың жарғылық капиталдарына инвестицияларды жүзеге асыру, олар шығарған қаржы құралдарын сатып алу немесе оларға ақшалай қарыздарды беру арқылы оларды қаржыландыруға байланысты қызмет түсініледі.
3. Стартап-компанияларды венчурлік қаржыландыруды жүзеге асыратын және оларға өз қалауы бойынша сараптамалық қолдауды қамтамасыз ететін жеке тұлға жекеменшік венчурлік инвестор болып табылады.
241-9-бап. Инновациялық гранттар беру
1. Инновациялық грант деп инновациялық гранттар берудің басым бағыттары шеңберінде инновациялық қызмет субъектілеріне олардың инновациялық жобаларын іске асыру үшін өтеусіз негізде берілетін бюджет қаражаты түсініледі.
Инновациялық гранттар беруді инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып жүзеге асырады.
Инновациялық гранттар беруге арналған конкурс жеке кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымымен және (немесе) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектілерімен бірлесе отырып, жекелеген басым бағыттар бойынша өткізілуі мүмкін.
2. Инновациялық гранттар инновациялық қызмет субъектілеріне инновациялық жобаларды іске асыруды қоса қаржыландыру арқылы беріледі.
3. Инновациялық гранттар мыналарға:
1) технологияларды коммерцияландыруға;
2) жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды технологиялық дамытуға;
3) салаларды технологиялық дамытуға беріледі.
4. Инновациялық гранттар беру кезінде инновациялық гранттар беру қағидаларына сәйкес сараптама жүргізіледі.
Инновациялық гранттар беру қағидаларында инновациялық гранттар беру кезінде қойылатын өлшемшарттар белгіленеді.
5. Инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты инновациялық гранттар берілген инновациялық жобалар бойынша жоспарланған мақсаттарға қол жеткізуді талдау мақсатында берілген инновациялық гранттарға мониторинг жүргізеді.
6. Инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган мен инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалатын шарт негізінде инновациялық гранттар беруге бөлінген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының резиденті екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шот ашады.
Қаржы жылының соңына есептелетін ағымдағы шоттағы қаражат қалдықтары инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға және тиісінше мемлекеттік бюджетке қайтарылуға жатпайды, келесі қаржы жылында инновациялық гранттар беруге жұмсалады. Инновациялық гранттар беруге арналған ақшаның жалпы көлемі барлық инновациялық гранттар арасында бөлінеді.
2024.21.05. № 86-VIII ҚР Заңымен 241-10-баппен толықтырылды (2024 ж. 22 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
241-10-бап. Инновациялық жобаларды сынамалауға арналған эксперименттік режим
1. Айрықша нормативтік құқықтық реттеуді белгілеуді талап ететін инновациялық жобаларды сынамалау мақсатында эксперименттік режим енгізілуі мүмкін.
Инновациялық жобаларды сынамалауға арналған эксперименттік режим «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген пилоттық жобалар үшін қолданылатын талаптарға сәйкес енгізіледі.
2. Инновациялық жобаларды сынамалауға арналған эксперименттік режим белгілі бір мерзімге және эксперименттік режимге қатысуға келісім білдірген адамдардың белгілі бір тобына қатысты енгізіледі.
3. Инновациялық жобаларды сынамалауға арналған эксперименттік режим қоғам мен мемлекет үшін теріс салдар туындатпауға және адамның өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне, қоршаған ортаға зиян және (немесе) қандай да бір залал келтірмеуге тиіс.