Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылардың тұрған жерін анықтау және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен монополияға қарсы органның жазбаша сұрау салуларына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін оларды монополияға қарсы органға жеткізу жөнінде шаралар қолданады;
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен монополияға қарсы орган ұсынатын, қылмыстық жазаланатын бәсекелестікке қарсы әрекеттердің белгілері бар материалдар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды, бұл жөнінде монополияға қарсы органға хабардар етеді;
монополияға қарсы органға Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың дәлелдемелерін табуға және бекітуге практикалық көмек көрсетеді.
90-6-бап. Монополияға қарсы органның құзыреті
Монополияға қарсы орган:
1) бәсекелестiктi қорғау және монополистiк қызметтi шектеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың iске асырылуын жүзеге асырады;
2) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
3) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
5) мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың бәсекелестікті шектеуге және (немесе) жоюға бағытталған актілерінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) жолын кеседі;
6) 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) экономикалық шоғырлануға келісім алу туралы өтінішхатты қарайды;
7) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында көзделген бұзушылықтарды қоспағанда, тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдаланудың алдын алады және оны жояды;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
7-1) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтерді көрсету қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
8) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдерін және келісілген әрекеттерін, жосықсыз бәсекелестікті болғызбайды және олардың жолын кеседі;
9) бәсекелестікті қорғау, монополистік қызметті шектеу және тауар нарықтарының жұмыс істеуі саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді келіседі;
10) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының нормаларын қолдану туралы ақпаратты таратуды және адал бәсекелестікті насихаттауды жүзеге асырады;
11) тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдауды жүзеге асырады;
12) тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің қызметін талдауды және оның мониторингін жүзеге асырады;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
13) тауарлардың өзара алмастырылу, оларды сатып алуға қолжетімділік өлшемшарттарын, сондай-ақ тауар нарығының шекараларын айқындай отырып, тауар нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізу жөніндегі әдістемелерді, қаржы ұйымдарына қатысты - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
14) тармақша 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
14) қоғамдық маңызы бар нарықтарды талдау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
15) мемлекеттік кәсіпорындар және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар құрылатын және (немесе) олар қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын тауар нарықтарына зерттеп-қарау жүргізу жөніндегі әдістемелерді, мемлекеттік кәсіпорындарға және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлғаларға және олармен үлестес заңды тұлғаларға қатысты - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді;
16) тармақша 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
16) тауар нарықтарындағы экономикалық шоғырлануды бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
17) тармақша 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 17) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
17) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша қаржы нарықтарындағы экономикалық шоғырлануды бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
18) үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген монополиялық жоғары (төмен), монопсониялық төмен бағаны анықтайды;
19) монополиялық жоғары (төмен) және монопсониялық төмен бағаны анықтау жөніндегі әдістемелерді бекітеді;
20) нарық субъектілерінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдардың Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық фактілері бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен тергеп-тексеру жүргізеді;
21) банктік құпияны, сақтандыру құпиясын және бағалы қағаздар нарығындағы коммерциялық құпияны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, оның ішінде мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органнан, мемлекеттік кірістер органдарынан, нарық субъектілерінен, сондай-ақ лауазымды адамдардан және өзге де жеке және заңды тұлғалардан осы Кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты, оның ішінде коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты сұратады және алады;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 22) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
22) нарық субъектілеріне:
осы Кодекстің нормаларын бұзушылықтарды тоқтату және (немесе) олардың салдарларын жою;
бастапқы жағдайды қалпына келтіру;
осы Кодекске қайшы келетін шарттарды бұзу немесе өзгерту;
экономикалық шоғырлануды реттеу кезінде мәмілелерді бұзу немесе оларды жарамсыз деп тану арқылы олардың күшін жою қажеттілігі;
егер белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарт жасасудан негізсіз бас тарту немесе жалтару бұзушылық болып табылған жағдайда, өзге нарық субъектісімен шарт жасасу туралы орындалуға міндетті нұсқамалар шығарады;
23) мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарға, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдарға осы Кодекске қайшы келетін өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту, бұзушылықтарды жою, сондай-ақ өздері жасасқан келісімдер мен мәмілелерді бұзу, күшін жою немесе өзгерту және бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттер жасау туралы орындалуға міндетті нұсқамалар енгізеді;
24) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайды және әкімшілік жазалар қолданады, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтар туралы істерді қарау бойынша сотқа қатысады;
25) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу үшін құқық қорғау органдарына материалдар жібереді;
26) жыл сайын, 1 маусымнан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне жекелеген тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйі және монополистік қызметті шектеу жөнінде қолданылатын шаралар туралы жылдық есепті жібереді, сондай-ақ оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады;
27) жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 5 қаңтарынан кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік кәсіпорындарды, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес заңды тұлғаларды бәсекелестік ортаға беру жөніндегі ұсыныстарды және акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесін жаңартып отыру жөнінде ұсыныстарды жібереді;
28) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласында жүргiзілетiн мемлекеттік саясаттың ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етедi, оның ішінде тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың он бесінен кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде өзінің интернет-ресурсында өз қызметі туралы мәлiметтердi орналастырады;
29) мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарлардың бағаларына сараптама жүргізеді;
30) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құқық қорғау органдарына жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы жүгінеді;
31) нарық субъектісінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органның, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымның лауазымды адамына Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға алып келуі мүмкін әрекетті (әрекетсіздікті) жасауға жол бермеу туралы жазбаша нысанда алдын ала ескерту жібереді;
32) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын ақпаратты қоспағанда, өзінің интернет-ресурсында тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдауды орналастырады;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 33) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33) нарық субъектісінің, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органның, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымның әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуы туралы хабарламаны нарық субъектілеріне, мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдарға, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдарға жібереді;
34) монополияға қарсы орган қабылдаған бәсекелестікті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме береді;
35) нарық субъектілері келісімдерінің жобаларын Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тұрғысынан қарау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
36) нарық субъектілері үшін монополияға қарсы комплаенстің үлгілік сыртқы актілерін әзірлейді және бекітеді;
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 37) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
37) нарық субъектісі (нарық субъектілері) жіберетін монополияға қарсы комплаенстің сыртқы актісінің Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының нормаларына сәйкестігін белгілейді;
38) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері туралы ақпаратты, монополияға қарсы органның шешімін өзінің интернет-ресурсында орналастырады;
39) осы Кодекске қайшы келетін шарттарды бұзу, өзгерту және (немесе) мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз береді;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 39-1) тармақшамен толықтырылды
39-1) мемлекеттік монополия субъектілерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастырады және жүргізеді;
40) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 90-7-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
90-7-бап. Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің құқықтары
Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару, оның ішінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуы туралы өтініштерді қарау, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық туралы істерді тергеп-тексеру, экономикалық шоғырлануды реттеу және бәсекелестік деңгейінің жай-күйін айқындау кезінде, өздеріне жүктелген өкілеттіктерге сәйкес қызметтік куәліктерін және монополияға қарсы органның Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу туралы шешімін көрсеткен кезде:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік органдар мен нарық субъектілерінің үй-жайлары мен аумақтарына кедергісіз кіруге;
2) монополияға қарсы орган белгілеген, бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардан, нарық субъектілерінен, лауазымды адамдардан және өзге де жеке және заңды тұлғалардан жазбаша ақпарат, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының жол берілген бұзушылық фактілері бойынша жазбаша және (немесе) ауызша түсініктемелер сұратуға және алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқығы бар.
90-8-бап. Коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, монополияға қарсы орган өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алған коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат жария етілуге жатпайды.
2. Монополияға қарсы органның қызметкерлері коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
3. Монополияға қарсы органның не оның лауазымды адамдарының коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етуі нәтижесінде жеке немесе заңды тұлғаға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтелуге жатады.
8-тарау. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
91-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау ұғымы
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау деп Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені түсініледі.
92-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) шағын және орта кәсіпкерлік;
2) агроөнеркәсіптік кешен және ауылдық жердегі кәсіпкерлік қызметтің ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлері;
3) индустриялық-инновациялық қызмет;
4) сарнайы экономикалық аймақтар;
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) индустриялық аймақтар;
5) инвестициялық қызмет;
6) отандық тауар өндірушілердің кәсіпкерлігі;
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) тұрғын үй құрылысы.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда өзге де бағыттар бойынша да жүзеге асырылуы мүмкін.
93-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі түрлері
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың мынадай негізгі түрлерін қамтиды:
1) қаржылық және мүліктік қолдау;
2) инфрақұрылымдық қолдау;
3) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың қаржы институттарын, мемлекеттiк органдар жанынан жеке кәсiпкерлiк проблемаларын зерделеу және оны дамыту ұсыныстарын әзiрлеу жөнiндегi ғылыми-зерттеу институттарын құруды және дамытуды қамтитын институционалдық қолдау;
4) жеке кәсiпкерлiкті ақпараттық-талдамалық, оқу-әдiснамалық, ғылыми-әдiстемелiк қолдауды қамтитын ақпараттық қолдау.
2. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерін көздейді.
94-бап. Жеке кәсіпкерлікті қаржылық және мүліктік қолдау
1. Жеке кәсіпкерлікті қаржылық және мүліктік қолдау:
1) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) кепілдік берілген көлемін сатып алу;
2) бюджет қаражаты есебінен қарыздар беру;
3) екінші деңгейдегі банктер, ұлттық даму институттары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де заңды тұлғалар арқылы кредит беруді ұйымдастыру;
4) экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру;
5) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның Даму Банкі және лизинг қызметін жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғалар беретін кредиттер және олар жасайтын лизинг мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды
5-1) тұрғын үй құрылысы мақсаттары үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен субсидиялау;
6) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне микроқаржы ұйымдары беретін микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарған және қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне енгізілген облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
7) шығыстарды және (немесе) шығындарды өтеу және (немесе) субсидиялау;
8) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттеріне ішінара кепілдік беру;
9) лизинг;
10) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеке кәсіпкерлікті қаржылық және мүліктік қолдаудың өзге де шараларын беру арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қаржылық қолдау тәртібін, нысандарын, мемлекеттік қаржылық қолдауға жататын жеке кәсіпкерлік субъектілері қызметін жүзеге асыратын экономика саласын (салаларын), мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін тартылатын заңды тұлғаны (тұлғаларды), қаржылық қолдау мөлшерлерін және мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету үшін қажетті басқа да шарттарды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
95-бап. Жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қоры
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бастамаларын мемлекет тарапынан қаржылық қолдауды, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қоры (бұдан әрі - арнайы қор) жүзеге асырады.
Жеке кәсіпкерлікті қаржылық және қаржылық емес қолдауды ұсыну арқылы Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлікті сапалы дамытуға жәрдемдесу арнайы қор қызметінің негізгі мақсаты болып табылады.
Арнайы қордың негізгі міндеттері:
1) микроқаржы ұйымдарының қызметін дамыту;
2) жеке кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейдегі банктерден және өзге де заңды тұлғалардан кредиттер алған кезде оларға кепілдік беру жүйесін құру;
3) қаржы лизингін дамыту;
4) жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыру, оның ішінде жеке кәсіпкерлікті қаржылық және мүліктік қолдау мәселелері бойынша оқыту және консалтинг;
5) жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша ақпараттық-талдамалық қолдау;
6) қаражатты екiншi деңгейдегi банктерде және өзге де заңды тұлғаларда негізделген түрде орналастыру жолымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей көзделген өзге де тәсілдермен жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру;
7) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның Даму Банкі және лизинг қызметін жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғалар беретін кредиттер және олар жасайтын лизинг мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды
7-1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарған және қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының тізіміне енгізілген облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
8) жеке кәсіпкерлік идеясын насихаттау;
9) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламаларының іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру;
10) арнайы қордың жарғысына сәйкес басқа да міндеттер болып табылады.
2. Арнайы қордың міндеттерін іске асыру тәртібі мен шарттарын ұлттық басқарушы холдинг айқындайды.
96-бап. Жеке кәсiпкерлiкті ақпараттық қолдау
Жеке кәсiпкерлiкті ақпараттық қолдау бәсекеге қабiлеттi тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) шығаруға мүмкiндiк беретiн, жеке кәсіпкерлік субъектілері мен олардың жұмыскерлерінің кәсiби деңгейiн арттыру мақсатында жүзеге асырылады.
Ақпараттық қолдау:
1) жеке кәсiпкерлiктi дамыту бойынша оқу семинар-тренингтер және ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру;
2) шетелдік тағылымдамалар ұйымдастыру;
3) жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыру практикасы, жаңа технологиялар нарығы туралы әдiстемелiк құралдар, ақпараттық бюллетеньдер тарату;
4) өңiрлерде ақпараттық, консалтингтiк орталықтар желiсiн құру;
5) консультациялық, ақпараттық, заң мен маркетингтік және өзге де қызметтер көрсету;
6) озық шетелдік технологиялар трансфертіне жәрдемдесу;
7) отандық тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) экспортқа ілгерілету кезінде сервистік-ақпараттық қолдау;
8) өңiрлерде шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiн оқытуды ұйымдастыру үшiн менеджерлер даярлау арқылы жүзеге асырылады.
3. Жеке кәсіпкерлік субъектілерін ақпараттық қолдау бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
4. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган жеке кәсіпкерлікті ақпараттық қолдауды жүзеге асыру мақсатында өз интернет-ресурсында мынадай ақпаратты:
1) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталған мемлекеттік және өзге де бағдарламалар және олардың іске асырылуы туралы;
2) экономикалық қызмет түрлеріне сыныптай отырып, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің саны туралы;
3) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау инфрақұрылымын құратын ұйымдар туралы, осындай ұйымдардың жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету шарттары және тәртібі туралы;
4) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдау шаралары туралы;
5) кәсіпкерлік ортаға, инвестициялық ахуалға және жеке кәсіпкерлікті дамыту инфрақұрылымына жүргізілген талдау нәтижелері туралы;
6) жеке кәсіпкерліктің дамуын қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған заң жобаларының және нормативтік құқықтық актілер жобаларының тұжырымдамалары туралы;
7) жеке кәсіпкерлік субъектілерін дамыту үшін осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің акітлерінде көзделген өзге де қажетті ақпаратты орналастырады.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 97-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
97-бап. Жеке кәсіпкерлікті инфрақұрылымдық қолдау
Жеке кəсіпкерлікті инфрақұрылымдық қолдау жеке кəсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын құру және дамыту арқылы қамтамасыз етіледі, ол өз ісін ұйымдастыруға жәрдемдесуді, құқық, маркетинг, инжиниринг және менеджмент саласында ақпарат беруді, коммерциялық негізде материалдық-техникалық, қаржылық және басқа да ресурстармен қамтамасыз етуде қолдау көрсетуді қоса алғанда, жеке кəсіпкерліктің жұмыс істеуі мен дамуының жалпы жағдайларын қамтамасыз ететін құрылып жатқан немесе жұмыс істеп тұрған ұйымдардың кешені ретінде түсініледі.
Жеке кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымына кәсіпкерлікті қолдау орталықтары, бизнес-инкубаторлар және индустриялық-инновациялық инфрақұрылымның элементтері жатады.
98-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту саласындағы құзыреті
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту саласында: