259) трансплантаттау - ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу;
260) туберкулездің жұқпалы нысаны - науқас адамның сыртқы ортаға туберкулез бактерияларын бөліп шығаруына байланысты айналадағыларға қауіп төндіретін туберкулез нысаны;
261) тұтынудың электрондық жүйелері - никотинді жеткізудің электрондық жүйелері және никотин болып табылмайтын өнімдерді жеткізудің электрондық жүйелері - құрамында никотин бар немесе жоқ сұйықтықты, басқа да химиялық заттарды, пайдаланушы жұтатын аэрозоль түзілетін хош иістендіргіштерді (картридждерде, резервуарларда және басқа да контейнерлерде) электрондық технологиялардың (аккумулятордың) көмегімен қыздыратын құрылғылар (оның ішінде электрондық сигареттер);
262) түлек - медициналық және (немесе) фармацевтикалық білімнің білім беру бағдарламасын, денсаулық сақтау саласындағы өзге де білім беру бағдарламасын меңгерген адам;
263) тін - құрылымы, функциялары және шығу тегі бірдей жасушалар мен жасушааралық заттың жиынтығы;
264) тіндік үйлесімділік - ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау кезінде донор мен реципиенттің үйлесімділігін айқындайтын HLA-жүйесінің өзіндік ерекшелікті антигендері бойынша донор мен ықтимал реципиент тіндерінің ұқсастығы;
265) тірі организмнен тыс (in vitro) диагностикаға арналған медициналық бұйымдар - медициналық мақсаттарда жеке немесе өзара ұштастырылып, сондай-ақ арнайы бағдарламалық қамтылымды қоса алғанда, көрсетілген бұйымдарды мақсаты бойынша қолдану үшін қажетті керек-жарақтармен бірге қолданылатын және физиологиялық немесе патологиялық жай-күйге, туа біткен патологияға, белгілі бір клиникалық жай-күйге немесе ауруға деген бейімділікке, тіндердің ықтимал реципиентпен үйлесімділігіне, терапиялық әсерлерге реакцияларды болжауға, терапиялық құралдарды таңдауға және (немесе) емді бақылауға қатысты ақпарат алу үшін адамның биологиялық материалдарының үлгілерін тірі организмнен тыс (in vitro) зерттеулер кезінде қолдану үшін медициналық бұйымды өндіруші арнап шығарған кез келген құралдар, аппараттар, аспаптар, жабдық, материалдар, реагенттер, калибраторлар, бақылау материалдары және басқа да бұйымдар;
266) уақытша бейімдеу - адамды мас күйінен айықтыру және оны мекендеу ортасы жағдайларына бейімдеу жөніндегі процесс;
267) уақытша бейімдеу және детоксикация орталығы - алкогольдік масаң күйдегі (уыттанған) адамдарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге арналған және психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның құрылымдық бөлімшесі болып табылатын орталық;
268) улану - мекендеу ортасының химиялық, биологиялық және өзге де факторларының адамға жіті (бір мезеттік) немесе созылмалы (ұзақ) әсер етуі кезінде туындайтын ауру (жай-күй);
269) университеттік аурухана - жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының көпбейінді емдеу-профилактикалық құрылымдық бөлімшесі немесе көпбейінді емдеу-профилактикалық ұйым, оның базасында ғылым мен практиканың қазіргі заманғы жетістіктері негізінде жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша медициналық білімнің білім беру бағдарламалары іске асырылады;
270) фармакологиялық қадағалау - дәрілік препараттарды қолданудың жағымсыз салдарларын анықтауға, талдауға, бағалауға және болғызбауға бағытталған қызмет түрі;
271) фармакологиялық қадағалау жүйесі - фармакологиялық қадағалау жөніндегі тапсырмалар мен міндеттерді орындау үшін дәрілік препараттардың тіркеу куәліктерін ұстаушылар мен уәкілетті орган ұйымдастыратын, дәрілік препараттардың қауіпсіздігін бақылауға, дәрілік препараттардың «пайда-тәуекел» арақатынасын бағалауда барлық өзгерісті уақтылы анықтауға, пайдасы тәуекелінен асып кеткен кезде дәрілік препараттардың қолданылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды әзірлеуге және ендіруге арналған жүйе;
272) фармацевтика қызметкерлері - фармацевтикалық білімі бар және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар;
273) фармацевтикалық білім - фармацевтика қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесі, сондай-ақ фармацевтика қызметкері үшін қажетті, фармацевтикалық мамандықтар бойынша даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары бойынша оқыту барысында алынған, оқуды аяқтау туралы ресми құжатпен расталған білім мен дағдының жиынтығы;
274) фармацевтикалық көрсетілетін қызмет - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды, тасымалдауды, сақтауды, есепке алу мен өткізуді қоса алғанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілердің халықты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен байланысты қызметі;
275) фармацевтикалық қызмет - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру және (немесе) дайындау және (немесе) көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізу бойынша денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылатын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алумен (иеленумен), сақтаумен, әкелумен, әкетумен, тасымалдаумен, сапасын бақылаумен, ресімдеумен, бөлумен, пайдаланумен және жоюмен, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етумен байланысты қызмет;
276) фармацевтикалық өнімге арналған сертификат (СРР) - отандық дәрілік заттарды шетелде тіркеу және олардың экспорты үшін уәкілетті орган беретін құжат;
277) фармацевтикалық субстанция (белсенді фармацевтикалық субстанция) - дәрілік препараттарды өндіруге және дайындауға арналған дәрілік зат;
278) формулярлық жүйе - дәрілік заттарды ұтымды пайдалануға бағытталған, дәрілік формулярлар үшін дәрілік заттарды мерзімдік бағалау және іріктеу, дәрілік формулярларды қолдау және тиісті нұсқау мен тізбе түрінде ақпарат беру жүйесі;
279) хабардар етілген келісім - адамның медициналық көмек алуға және (немесе) оның шешім қабылдауы үшін маңызы бар медициналық көмектің және (немесе) зерттеудің барлық аспектісі туралы ақпаратты алғаннан кейін нақты зерттеуге қатысуға өз келісімін жазбаша ерікті түрде растау рәсімі. Хабардар етілген жазбаша келісім уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ресімделеді;
280) халықтың декреттелген тобы - халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін және айналасындағы адамдарға инфекциялық және паразиттік ауруларды жұқтыруға неғұрлым қауіп төндіретін адамдар;
281) халықтың негізгі топтары - өмір сүру салтының ерекшеліктеріне байланысты АИТВ инфекциясын жұқтырудың жоғары тәуекеліне ұшырайтын халық топтары;
282) халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнім - техникалық регламенттерде, гигиеналық нормативтерде белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес емес деп танылған, оны қолдану немесе тұтыну кезінде адамның денсаулығына зиянды әсерге байланысты тәуекелдің бар-жоғын куәландыратын өнімнің жай-күйі; өндірушінің (өнім берушінің) оның қадағалануын, қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ; таңбалануы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін; жарамдылық мерзімі белгіленбеген немесе өткен өнім; жалған өнім;
283) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы - мекендеу ортасы факторларының адамға зиянды әсері болмайтын және оның тыныс-тіршілігіне қолайлы жағдайлар қамтамасыз етілетін кездегі халық денсаулығының, мекендеу ортасының жай-күйі;
284) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызмет - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға бағытталған, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті, санитариялық-эпидемиологиялық нормалауды, өнімді мемлекеттік тіркеуді, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы, гигиеналық оқытуды, санитариялық-эпидемиологиялық аудитті, дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуді, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тәуекеллер дәрежесін бағалауды қамтитын қызметі;
285) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органдардың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және оларды жоюға, сондай-ақ халық денсаулығын және мекендеу ортасын қорғау және өнімдердің, процестердің, көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мақсатында олардың сақталуын бақылау мен қадағалауға бағытталған қызметі;
286) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік саясатты, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген талаптардың сақталуын бақылау мен қадағалауды іске асыратын мемлекеттік орган;
287) хирургиялық стерилизация - медициналық араласуды қолдану арқылы жасалатын контрацепция әдісі, оның нәтижесінде әйел немесе еркек репродуктивтік қабілетін жоғалтады;
288) шарананың тірі тууы немесе өлі тууы - жаңа туған баланың (шарананың) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шарананың тірі тууы мен өлі тууының тиісті халықаралық өлшемшарттары бойынша айқындалатын жай-күйлері;
289) шегілмейтін (құрамында никотин бар) темекі бұйымдары -құрамында никотин бар, сору, шайнау, иіскеу үшін пайдаланатындай етіп дайындалған, шикізат және олардың синтетикалық аналогтары ретінде темекі жапырағынан және (немесе) темекі өсімдігінің басқа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдер;
290) шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин - инфекциялық және паразиттік аурулардың таралуын болғызбауға бағытталған әрі кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің ерекше режимін көздейтін шаралар;
291) ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттар - белгілі бір жағдайларда және белгілі бір шоғырлану кезінде адамның немесе болашақ ұрпақтың денсаулығына зиянды әсер етуі мүмкін, қолданылуы мен пайдаланылуы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілермен регламенттелетін заттар;
292) ықтимал реципиент - тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлігін) трансплантаттауға мұқтаж пациент;
293) іргелі биомедициналық зерттеу - базалық білімін кеңейту және өмірлік процестер мен аурулардың физикалық, химиялық және функционалдық механизмдерін түсіну мақсатында жүргізілетін биомедициналық зерттеу;
294) эвтаназия - аурудың беті бері қарамайтын жағдайларда сырқаты жазылмайтын науқастың өз өлімін жеделдету туралы өтінішін қандай да бір әрекеттермен немесе құралдармен, оның ішінде дәрілік немесе өзге де заттарды енгізу арқылы, сондай-ақ оның өміріне дем беріп тұрған жасанды шараларды тоқтату арқылы қанағаттандыру;
295) эпидемия - сырқаттанушылықтың әдетте тіркелетін деңгейінен инфекциялық аурудың айтарлықтай асып түсетін жаппай таралуы;
296) эпидемиялық мәні бар объектілер - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптары бұзылған кезде өндіретін өнімі және (немесе) қызметі халық арасында тағамнан уланудың және (немесе) инфекциялық, паразиттік аурулардың пайда болуына алып келуі және (немесе) физикалық факторлардан, өнеркәсіптік және радиоактивті ластанулардан халық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін объектілер;
297) ядролық медицина - онкологиялық ауруларды қоса алғанда, адамның ағзалары мен жүйелерiнiң әртүрлi ауруларының профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу мақсатында радиоактивтi элементтер мен иондаушы сәулелену қолданылатын медицина саласы.
2. Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа салаларында қолданылатын «психикалық ауру», «психикалық бұзылушылық» деген ұғымдар, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, «психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылық (ауру)» ұғымымен бірдей.
3. Өзге терминдердің мазмұны осы Кодекстің жекелеген баптарында айқындалады.
2-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Кодексте реттелетін қатынастар
1. Осы Кодекс Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға конституциялық құқығын іске асыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
2. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші:
1) тегін медициналық көмектiң кепiлдiк берілген көлемi шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, мұндай сатып алуды арнаулы мемлекеттік органдардың медициналық бөлімшелері жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда;
2) тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шеңберiнде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу, мұндай сатып алуды арнаулы мемлекеттік органдардың медициналық бөлімшелері жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда;
3) тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шеңберiнде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
4) дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және олардың тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу және олардың қауіпсіздігі мен сапасын бағалау кезінде сараптаманы жүзеге асыру үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді;
5) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді;
6) тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шеңберiнде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу бөлігінде қолданылмайды.
3. Азаматтық авиация саласындағы медициналық куәландыру, медициналық қарап-тексеру бойынша авиация персоналына, сондай-ақ міндетті медициналық куәландыруға және медициналық қарап-тексеруге жататын адамдар санатына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
4-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының мақсаты мен міндеті
1. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының мақсаты Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау мен нығайту үшін қолжетімді және сапалы медициналық көмекті қоса алғанда, азаматтардың денсаулығын сақтау құқығын іске асыруын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының міндеті Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын жақсартуға бағытталған құқықтық жағдайлар жасау болып табылады.
5-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының қағидаттары
Денсаулық сақтау саласындағы қатынастарды құқықтық реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) Қазақстан Республикасы азаматтарының қауіпсіз, тиімді және сапалы медициналық көмек алу құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету;
2) мемлекеттің, жұмыс берушілердің және адамдардың жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайту үшін ортақ жауапкершілігі;
3) ана мен баланы қорғау;
4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз ету;
5) халықтың денсаулығын, дәрілік заттардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторларына жатқызу;
6) қауіпсіз, сапалы және тиімді дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қолжетімділігін және олардың ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету;
7) денсаулық сақтаудың халықтың қажеттіліктерін, мұқтажын қанағаттандыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарлылығы;
8) саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруға жәрдемдесу;
9) денсаулық сақтау жүйесі қызметіндегі профилактикалық бағыттың басымдығы;
10) медициналық көмектің қолжетімділігі;
11) медициналық көмектің сапасын үнемі арттыру;
12) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге қоғамдық бірлестіктердің қатысуы;
13) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету;
14) медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері қызметінің сабақтастығы;
15) қазіргі заманғы оқыту технологияларын пайдалана отырып, денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің үздіксіздігі мен сабақтастығын қамтамасыз ету;
16) отандық медицина мен фармацевтика ғылымын мемлекеттік қолдау, профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту, жаңа дәрілік заттардың инновациялық әзірлемелері саласындағы ғылым мен техниканың озық жетістіктері мен технологияларын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы әлемдік тәжірибені ендіру;
17) ерікті өтеусіз донорлықты көтермелеу;
18) отандық әзірлемелерді және бәсекеге қабілетті медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуды мемлекеттік қолдау;
19) қоғамның денсаулықты сақтау мәселелеріндегі мүмкіндіктерін кеңейту;
20) халықтың барлық санаттары мен топтарын денсаулықты сақтау және нығайту жөніндегі іс-шаралармен қамту.
2-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ МЕН БАСҚАРУ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) төтенше ахуалдар, төтенше жағдай режимін енгізу кезінде халыққа медициналық көмек көрсету тәртібін, түрлері мен көлемін айқындайды;
3) дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнайы емдік өнімдерді, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сатып алуды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды;
4) бірыңғай дистрибьютордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібін айқындайды;
5) Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды гуманитарлық көмек ретінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелу жағдайларын айқындайды;
6) адамның өмірі мен денсаулығына зиянды әсерін тигізетін, күшті әсер ететін заттардың тізбесін айқындайды;
7) бірыңғай дистрибьюторды айқындайды;
8) денсаулық сақтау саласындағы ұлттық операторды, оның функциялары мен өкілеттіктерін айқындайды;
9) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
7-бап. Уәкілетті органның құзыреті
1. Уәкілетті орган:
1) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
2) саламатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды қалыптастыруды ұйымдастырады;
3) халыққа профилактикалық екпелер жүргізуді ұйымдастырады;
4) аурулар мен жай-күйлер профилактикасының, диагностикасының, емдеудің және медициналық оңалтудың, сондай-ақ оларды бақылаудың жаңа әдістерін ендіреді;
5) денсаулық сақтау саласындағы мониторингті жүзеге асырады;
6) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін қалыптастырады;
7) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмектің тізбесін қалыптастырады;
8) денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде денсаулық сақтау саласында білім беру және ғылыми қызмет мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
9) денсаулық сақтау саласындағы халықаралық жобаларды іске асырады;
10) халықаралық медициналық-санитариялық қағидаларды ендіру және іске асыру жөніндегі қызметті салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
11) медициналық оқыс оқиға жағдайларын (оқиғаларды) айқындау, оларды есепке алу және талдау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
12) әлемнің жетекші фармакопеяларының талаптарын Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады деп таниды;
13) дәрілік заттарға бағаларды мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;
14) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық бұйымдарға бағаларды мемлекеттік реттеуді жүзеге асырады;
15) бірыңғай дистрибьютордан сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін айқындайды;
16) биомедициналық зерттеулердің басым бағыттарын айқындайды;
17) медицина және фармацевтика ғылымының, медициналық және фармацевтикалық білім берудің дамуын қамтамасыз етеді және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми және білім беру қызметін үйлестіреді;
18) денсаулық сақтау саласындағы кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады;
19) осы Кодекстің 26-бабының 3-тармағында аталған адамдарды кәсіптік құзыреттілікке аттестаттауды жүргізеді;
20) пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер өз қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын кәсіптердің, жұмыстар мен мамандықтардың тізбесін әзірлеуге қатысады;
21) денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қалыптастырады;
22) денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспарларын келіседі;
23) денсаулық сақтау саласында жергілікті атқарушы органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық етуді жүзеге асырады;
24) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарының басшыларымен денсаулық сақтау саласындағы қызметтің түпкі нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған меморандумдар жасасады;
25) денсаулық сақтау субьектілерінің қызметін үйлестіреді;
26) мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;
27) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік заңды тұлғалардағы корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі қызметті үйлестіруді және мониторингтеуді жүзеге асырады;
28) тәуекелге бағалау жүргізуге және тәуекелге бағалау жүргізу тәртібін белгілеуге құқығы бар ұйымдар үшін бірыңғай әдіснаманы айқындайды;
29) денсаулық сақтауды цифрландыру стратегиясын әзірлейді және бекітеді;
30) денсаулық сақтау саласындағы электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелерді, ақпараттық-коммуникациялық желілерді құрады және олардың жұмыс істеуін, оларға Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың қол жеткізуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
31) өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерді және есепке алу мен есептік құжаттаманың нысандарын әзірлейді және бекітеді;
32) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды әзірлейді және бекітеді;
33) денсаулық сақтау саласындағы нұсқаулықтарды, алгоритмдер мен регламенттерді әзірлейді және бекітеді;
34) пациенттер мен медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдарда қолданылатын техникалық бақылау құралдарын, байқау және тіркеу аспаптарын, фото-, бейнеаппаратураларды қолдану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;