1. Соттың қаржы ұйымын қайта құрылымдауды тоқтату туралы шешімі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның арызы бойынша мынадай:
1) қайта құрылымдауды жүргізу туралы сот шешімімен көзделген қаржы ұйымын қайта құрылымдау мерзімінің өтіп кетуі;
2) қайта құрылымдау жоспарында көзделген шаралар кешенінің жүзеге асырылуы;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) қаржы ұйымын қайта құрылымдау:
қаржы ұйымын қайта құрылымдау қаржы ұйымы қызметінің қаржылық нәтижелерін жақсартуға әкеп соқпайтынына жеткілікті негіздердің болуы;
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен алынған қаржы ұйымы кредиторлары мақұлдауының болмауы;
қайта құрылымдау жоспарында көзделген іс-шаралардың орындалмауы;
қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қайта құрылымдау кезеңінде қолданылған нұсқамалары орындалмаған жағдайда, мерзімінен бұрын тоқтатылуы негіздері бойынша қабылданады.
Қайта құрылымдау жоспарында көзделген шаралар кешенiн жүзеге асыру қайта құрылымдалған мiндеттемелер бойынша талаптарды қанағаттандыру туралы соттардың, төрелiктің бұрын қабылдаған шешiмдерi бойынша міндеттемелердiң, оларды орындаудың тоқтатылуына әкеп соғады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Сот қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген арызын оны соттың іс жүргізуіне қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 42-тарау жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
42-тарау. ДАРА КӘСІПКЕРЛЕР МЕН ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БЕРЕШЕГІН ҚАЙТА ҚҰРЫЛЫМДАУ, ОЛАРДЫ ОҢАЛТУ, ОЛАРДЫҢ БАНКРОТТЫҒЫ, СОНДАЙ-АҚ ОЛАРДЫ БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІН ҚОЗҒАМАЙ ТАРАТУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ
355-бап. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың берешегін қайта құрылымдау, оларды оңалту және олардың банкроттығы, сондай-ақ оларды банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы iстердi қарау
Сот дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың берешегін қайта құрылымдау, оларды оңалту және олардың банкроттығы, сондай-ақ оларды банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы iстердi «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ерекшеліктермен осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша қарайды.
43-тарау. ЖЫЛЖЫМАЛЫ ЗАТТЫ ИЕСІЗ ДЕП ТАНУ ЖӘНЕ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІККЕ КОММУНАЛДЫҚ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫН ТАНУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
356-бап. Арыз беру
1. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда жылжымалы затты иесіз деп тану туралы арыз осы затты иеленуге кіріскен жеке тұлғаның тұрғылықты жеріндегі немесе ұйым орналасқан жердегі сотқа беріледі.
2. Жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті орган сол мүлік орналасқан жердегі сотқа береді.
3. Егер коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы мүлікті есепке алған күнінен бастап бір жыл өткенге дейін арызбен сотқа жүгінсе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, сот жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды қайтарады.
357-бап. Арыздың мазмұны
1. Жылжымалы затты иесіз деп тану туралы арызда қандай заттың иесіз деп тануға жататындығы көрсетілуге, оның негізгі ерекше белгілері сипатталуға, сондай-ақ меншік иесінің оған меншік құқығын сақтау ниетінсіз тастап кетуі туралы куәландыратын дәлелдемелер және арыз иесінің затты иеленуге кіріскені туралы куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
2. Коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген органның жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызында қандай мүліктің иесіз деп тануға жататыны, оны кім және қалай анықтағаны және оның иесіз ретінде қай уақытта есепке қойылғаны көрсетілуге, сондай-ақ меншік иесінің оған меншік құқығын сақтау ниетінсіз осы мүлікті тастап кеткені туралы куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
358-бап. Істі сот талқылауына дайындау
Істі сот талқылауына дайындау кезінде сот қандай адамдар (меншік иелері), іс жүзіндегі иелері және басқалары мүліктің тиесілігі туралы мәліметтерді бере алатынын анықтайды, қолда бар мәліметтер туралы тиісті ұйымдардан жауап алады, сондай-ақ осы Кодекстің 165-бабында көзделген барлық процестік әрекеттерді жүргізеді.
Сот талқылауына істі дайындау арыз соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
359-бап. Арызды қарау
Жылжымалы затты иесіз деп тану туралы немесе жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды сот арыз берушінің және іс бойынша барлық мүдделі тұлғалардың қатысуымен қарайды.
360-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Сот жылжымалы заттың меншік иесінің жоқтығын не меншік иесінің оған меншік құқығын сақтау ниетінсіз тастап кеткенін тани отырып, жылжымалы затты иесіз деп тану туралы және оны иеленген тұлғаның меншігіне беру туралы шешім шығарады.
2. Сот жылжымайтын мүліктің меншік иесінің жоқтығын не оның меншік құқығын сақтау ниетінсіз тастап кеткенін және белгіленген тәртіппен есепке алынғанын тани отырып, жылжымайтын мүлікті иесіз деп тану және коммуналдық меншік құқығын тану туралы шешім шығарады.
44-тарау. АЗАМАТТЫҚ ХАЛ АКТІЛЕРІ ЖАЗБАЛАРЫНЫҢ ДҰРЫС ЕМЕСТІГІН АНЫҚТАУ ТУРАЛЫ ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
361-бап. Арыз беру
Егер құқық туралы дау болмаған кезде азаматтық хал актілерін жазу органдары жасалған жазбаға түзетулер енгізуден бас тартса, сот азаматтық хал актілеріндегі жазбалардың қателерін анықтау туралы істі қарайды. Азаматтық хал актілеріндегі жазбаның қатесін анықтау туралы арыз арызды берушінің тұрғылықты жері не азаматтық хал актілерін жазу органының орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
Істі сот талқылауына дайындау арыз соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
362-бап. Арыздың мазмұны
Арызда азаматтық хал актілеріндегі жазбалардың қателігі неде екендігі, жасалған жазбаны түзетуден немесе өзгертуден қашан және қандай азаматтық хал актілерін жазу органы бас тартқаны көрсетілуге тиіс.
363-бап. Арыз бойынша сот шешімі
Азаматтық хал актілеріндегі жазбалардың қателігін анықтаған сот шешімі азаматтық хал актілерін жазу органдарының мұндай жазбаны түзетуіне немесе өзгертуіне негіз болып табылады.
45-тарау. НОТАРИАТТЫҚ ӘРЕКЕТТЕРГЕ НЕМЕСЕ ОЛАРДЫ ЖАСАУДАН БАС ТАРТУҒА БЕРІЛЕТІН ШАҒЫМДАР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
364-бап. Шағым беру
1. Жасалған нотариаттық әрекетті немесе нотариаттық әрекет жасаудан бас тартуды дұрыс емес деп санайтын мүдделі тұлға бұл туралы нотариус немесе нотариаттық әрекет жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адам тұрған жер бойынша сотқа шағым беруге құқылы.
2. Заңда санамаланған лауазымды адамдардың өсиеттер мен сенімхаттарды дұрыс куәландырмауына немесе оларды куәландырудан бас тартуына шағымдар тиісті аурухана, басқа да стационарлық емдеу-профилактикалық мекеме, халықты әлеуметтік қорғау мекемесі, тиісті халықты әлеуметтік қорғау органы, экспедиция, госпиталь, әскери-оқу мекемесі, әскери бөлім, құрама, мекеме, ұйым, бас бостандығынан айыру орны орналасқан жер бойынша сотқа беріледі.
3. Қазақстан Республикасының туын көтеріп жүзетін теңіз кемесі немесе ішкі сулардағы кеме капитанының өсиетті дұрыс куәландырмауына немесе оны куәландырудан бас тартуына шағымдар кеме тіркелген порт орналасқан жер бойынша сотқа беріледі.
4. Шағым жасалған нотариаттық әрекет туралы немесе нотариаттық әрекет жасаудан бас тарту туралы арыз берушіге белгілі болған күннен бастап есептелетін он күн мерзімде сотқа беріледі.
365-бап. Істі сот талқылауына дайындау
Істі сот талқылауына дайындау кезінде сот жасалған қандай нотариаттық әрекетпен немесе оны жасаудан бас тартумен арыз берушінің келіспейтінін, оның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу неден көрінетінін анықтайды, осы Кодекстің 165-бабында көзделген барлық процестік әрекеттерді жасайды.
Істі сот талқылауына дайындау арыз соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
366-бап. Шағымды қарау
1. Шағымды сот арыз берушінің, шағым жасалып отырған нотариаттық әрекетті жасаған немесе нотариаттық әрекетті жасаудан бас тартқан нотариустың немесе нотариаттық әрекеттер жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамның қатысуымен қарайды. Алайда олардың келмеуі істі шешу үшін кедергі болмайды.
2. Егер шағым беру кезінде немесе істі қарау кезінде мүдделі тұлғалар арасында жасалған нотариаттық әрекетке негізделген құқық туралы дау белгілі болса, сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады, онда арыз берушіге және басқа да мүдделі тұлғаларға олардың дауды талап қою ісін жүргізу тәртібімен шешу құқығын түсіндіреді.
367-бап. Шағым бойынша сот шешімі
Арыз берушінің шағымын қанағаттандырған сот шешімі жасалған нотариаттық әрекеттің күшін жояды немесе осындай әрекетті жасауға міндеттейді.
46-тарау. КӨРСЕТУШІГЕ БЕРІЛЕТІН ЖОҒАЛҒАН БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ЖӘНЕ ОРДЕРЛІК БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ (ШАҚЫРТУ ІСІН ЖҮРГІЗУ)
368-бап. Арыз беру
1. Көрсетушіге берілетін бағалы қағазды немесе ордерлік бағалы қағазды (бұдан әрі - құжат) жоғалтқан адам заңда көрсетілген жағдайларда сотқа жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы және ол бойынша құқықтарды қалпына келтіру туралы арыз беруге құқылы. Тиісті түрде сақтамау салдарынан немесе басқа да себептермен құжаттың төлемдік белгілері жоғалған кезде де құжат бойынша құқықтардың қалпына келтірілуі мүмкін.
2. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арыз құжатты берген тұлға орналасқан жер бойынша сотқа беріледі.
369-бап. Арыздың мазмұны
Арызда жоғалған құжаттың ерекше белгілері, оны берген тұлғаның атауы көрсетілуге, сондай-ақ құжат жоғалған кездегі мән-жайлар, арыз берушінің құжатты берген адамға ол бойынша төлем жүргізуге немесе оны беруге тыйым салу туралы өтініші жазылуға тиіс.
370-бап. Істі сот талқылауына дайындау
1. Істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымда судья арыз берушіні өзінің есебінен бұқаралық ақпарат құралдарында (аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі, Интернет желісінде, телевидениеде) көрсетушіге берілетін жоғалған бағалы қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар бойынша құқықтарды қалпына келтіру туралы іс қозғалғаны туралы жарияланым жасауға міндеттейді.
Жарияланым сот белгілеген мерзімде жүргізіледі және:
1) құжаттың жоғалғаны туралы арыз келіп түскен соттың атауын;
2) арыз берген тұлғаның және оның мекенжайының көрсетілуін;
3) құжаттың атауы мен ерекше белгілерін;
4) жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушыға жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзімде сотқа осы құжатқа өз құқықтары туралы арыз беру ұсынысын қамтуға тиіс.
2. Арыз беруші бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланым туралы растауды ол орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сотқа ұсынуға міндетті. Жарияланым туралы растауды ұсынбау арызды қараусыз қалдыруға әкеп соғады.
3. Сот ұйғарымның көшірмесін құжатты берген адамға, тізілім ұстаушыға және арыз берушіге жібереді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-бөлік өзгертілді
4. Судья арызды қабылдағаннан кейін құжатты берген адамға ол бойынша төлемдер жүргізуге немесе оны беруге тыйым салу туралы ұйғарым шығарады және ұйғарымның көшірмесін құжатты берген адамға, тізілім ұстаушыға және орталық депозитарийге жібереді.
Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
371-бап. Құжатты ұстаушының арызы
Жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушы жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін ұйғарым шығарған сотқа құжатқа өз құқықтары туралы арыз беруге және бұл орайда құжаттың төлнұсқасын табыс етуге міндетті.
372-бап. Құжатты ұстаушыдан арыз келіп түскеннен кейінгі судьяның әрекеттері
1. Құжатты ұстаушыдан жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін арыз келіп түскен жағдайда сот құжатты жоғалтқан адамның арызын қараусыз қалдырады және құжатты берген адамға ол бойынша төлемдер жүргізуге және оны беруге тыйым салынатын мерзім белгілейді. Бұл мерзім екі айдан аспауға тиіс.
2. Сонымен бір мезгілде сот арыз берушіге оның осы құжатты талап ету туралы құжатты ұстаушыға жалпы тәртіппен талап қою құқығын, ал құжатты ұстаушыға оның қабылданған тыйым салу шараларымен келтірілген залалдарды арыз берушіден өндіріп алу құқығын түсіндіреді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Соттың ұйғарымы апелляциялық тәртіппен шағым жасауға және прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды.
373-бап. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арызды қарау
1. Егер құжатты ұстаушыдан осы Кодекстің 372-бабында көрсетілген арыз келіп түспесе, жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы істі судья жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткеннен кейін қарайды.
2. Жоғалған құжатты ұстаушыдан арыздың үш ай мерзім өткен соң, бірақ мәні бойынша іс қаралғанға дейін түсуі осы Кодекстің 372-бабында көзделген салдарларға әкеп соғады.
374-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Арыз берушінің арызы қанағаттандырылған жағдайда сот жоғалған құжатты жарамсыз деп танитын шешім шығарады. Бұл шешім арыз берушіге жарамсыз деп танылған құжаттың орнына қосымша немесе жаңа құжат беруге негіз болып табылады.
2. Төлемдік белгілерін жоғалтқан құжаттар бойынша құқықты қалпына келтіру туралы арыз қанағаттандырылған жағдайда, сот жаңа құжат беру туралы шешім шығарады.
375-бап. Құжат ұстаушының мүліктің негізсіз сатып алынғандығы туралы талап қою құқығы
Қандай да бір себептермен осы құжатқа өз құқықтары туралы уақытында мәлімдемеген құжат ұстаушы құжатты жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жоғалған құжаттың орнына жаңа құжат алу құқығы берілген адамға мүліктің негізсіз сатып алынғандығы немесе сақталғандығы туралы талап қоя алады.
47-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) БАСҚА МЕМЛЕКЕТТIҢ АУМАҒЫНДА ЭКСТРЕМИЗМДI НЕМЕСЕ ТЕРРОРИСТIК ӘРЕКЕТТI ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ҰЙЫМДЫ ЭКСТРЕМИСТIК НЕМЕСЕ ТЕРРОРИСТІК ҰЙЫМ ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ОНЫҢ ӨЗ АТАУЫН ӨЗГЕРТКЕНІН АНЫҚТАУ ТУРАЛЫ, СОНДАЙ-АҚ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУМАҒЫНА ӘКЕЛІНЕТІН, ОНДА БАСЫП ШЫҒАРЫЛАТЫН, ӘЗІРЛЕНЕТІН ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ТАРАТЫЛАТЫН АҚПАРАТТЫҚ МАТЕРИАЛДАРДЫ ЭКСТРЕМИСТIК НЕМЕСЕ ТЕРРОРИСТІК ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ АРЫЗ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
376-бап. Арыз беру
Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы арызды прокурор осындай талаптарды мәлімдеген прокурордың орналасқан жері бойынша немесе осындай материалдар табылған жер бойынша сотқа береді.
377-бап. Арыздың мазмұны
Арызда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экстремистік немесе террористік деп танылуы мүмкiн әрекетті ұйымның Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында жүзеге асыру фактiсiн не оның өз атауын өзгерту фактісін, сондай-ақ ақпараттық материалдарда экстремизм немесе терроризм белгілерінің және (немесе) оған шақырудың болуы фактісін растайтын мән-жайлар жазылуға тиiс.
Прокурордың ұйымды экстремистiк немесе террористiк деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы арызында қамтылған материалдар шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарынан алынған нақты деректердi де, оның iшiнде халықаралық соттардың және шет мемлекеттер соттарының сот шешiмдерiн қамтуы мүмкiн.
378-бап. Арыз бойынша сот шешімі
Сот ұйымды экстремистік немесе террористік деп және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тани отырып, ұйымның қызметіне тыйым салу және оны тарату және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына ақпараттық материалдарды әкелуге, шығаруға, дайындауға және (немесе) таратуға тыйым салу туралы, сондай-ақ ұйымның мүлкін тәркілеу және мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешім шығарады.
Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында экстремизмді немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда басып шығарылатын, әзірленетін және (немесе) таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы соттың шешімі бұл туралы мәлiметтердi өз құзыретi шегiнде құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органның арнайы есепке алу жүйесiне қосу үшiн негiз болады.
48-тарау. ИНТЕРНЕТ-КАЗИНОНЫ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУМАҒЫНДА ТАРАТЫЛАТЫН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢДАРЫНА ҚАЙШЫ КЕЛЕТІН АҚПАРАТТЫ ҚАМТИТЫН ШЕТЕЛДІК БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛЫНЫҢ ӨНІМІН ЗАҢСЫЗ ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
379-бап. Арыз беру
Интернет-казиноны, Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн ақпаратты қамтитын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн заңсыз деп тану туралы арызды шетелдiк бұқаралық ақпарат құралының өнімінде заңды мүдделері қозғалған азаматтар мен заңды тұлғалар, прокурор немесе уәкiлеттi орган арыз берушiнiң орналасқан жерi бойынша бередi.
380-бап. Арыздың мазмұны
Интернет-казиноны, Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін заңсыз деп тану туралы арызда интернет-казиноның заңсыз қызметі туралы не қандай ақпарат заңсыз деп танылуға жататыны туралы куәландыратын фактілер көрсетілуге және құжаттар қоса берілуге, сондай-ақ ақпараттық өнімнің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес еместігі туралы куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге, арызда жазылған ақпараттың таратылғанын растайтын фактілер жазылуға тиіс.
381-бап. Арыз бойынша сот шешімі
Сот интернет-казино, Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімі заңсыз болып табылады деп танып, интернет-казиноның қызметін, Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік бұқаралық ақпарат құралы өнімінің таратылуын тоқтата тұру не тоқтату туралы шешім шығарады. Соттың шешімі тиісті мемлекеттік органға жіберіледі.
49-тарау. ШЕТЕЛДІКТІ НЕМЕСЕ АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕГІНЕН ТЫС ШЫҒАРЫП ЖІБЕРУ ТУРАЛЫ АРЫЗ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
382-бап. Арыз беру
Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызды ішкі істер органдары шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның болған және (немесе) тіркелген жеріндегі сотқа береді.
383-бап. Арыздың мазмұны
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызда Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғаны туралы куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызға шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғанын растайтын құжаттар қоса беріледі.
384-бап. Арызды қарау
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызды сот іс қозғалған кезден бастап он күн ішінде қарайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арыз шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның міндетті түрде қатысуымен қаралады.
3. Сот шығыстарын, сондай-ақ шығарып жіберу бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар не Қазақстан Республикасына шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шақырған ұйымдар немесе жеке тұлғалар көтереді. Аталған адамдардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды өтеуге қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
385-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы сот шешімі оны қабылдаған күннен бастап заңды күшіне енеді және шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберуге негіз болады.
2. Шешімде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге тиіс мерзім көрсетіледі.
3. Соттың шешімі орындау үшін ішкі істер органдарына жіберіледі.
386-бап. Шығарып жіберу туралы сот актісін орындауды тоқтата тұру
Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге тиіс болатын, сот көрсеткен мерзімге дейін шағым немесе наразылық келіп түскен жағдайда, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы сот шешімі шағым немесе наразылық қаралғанға дейін тоқтатыла тұрады.
5-КІШІ БӨЛІМ. ЖОҒАЛҒАН СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІ НЕМЕСЕ АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС
ЖҮРГІЗУДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
50-тарау. ЖОҒАЛҒАН СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІ НЕМЕСЕ АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС
ЖҮРГІЗУДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
387-бап. Арыз беру
1. Азаматтық іс бойынша толық не бір бөлігі жоғалған, шешім шығарумен немесе тоқтатумен аяқталған сот ісін жүргізуді немесе атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіруді сот осы тарауда белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Сот ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды даудың мәні бойынша шешім шығарған не іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарған сотқа іске қатысатын адамдар не прокурор береді.
3. Жоғалған атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды атқарушылық іс жүргізу тараптары, сот орындаушысы не прокурор орындалатын жері бойынша сотқа береді.
4. Арызда арыз берушінің нақты қандай іс жүргізуді қалпына келтіруді сұрайтыны, соттың мәні бойынша шешім қабылдағаны не іс бойынша іс жүргізудің тоқтатылғаны, онда арыз берушінің қандай процестік жағдайда болғаны, іс бойынша тағы да кімдердің және қандай процестік жағдайда қатысқаны, олардың орналасқан не тұратын жері, арыз берушіге жоғалған іс жүргізудің мән-жайларынан ненің белгілі екені, іс жүргізу құжаттары көшірмелерінің немесе олар туралы мәліметтердің тұрған орны туралы, арыз берушінің нақты қандай құжаттарды қалпына келтіруді қажет деп есептейтіні, оларды қалпына келтіру қандай мақсат үшін қажет екені көрсетілуге тиіс.
5. Арызға сақталып қалған және іске қатысты құжаттар немесе олардың көшірмелері, тіпті егер олар белгіленген тәртіппен куәландырылмаса да қоса беріледі.
6. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызға мемлекеттік баж төленбейді.
388-бап. Арызды қарау
1. Арызда жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы мәселе бойынша сотқа жүгінудің мақсаттары көрсетілмеген кезде, сондай-ақ егер арыз беруші көрсеткен жүгіну мақсаты оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға байланысты болмаса, сот іс жүргізуді қалпына келтіру туралы істі қозғаудан бас тартады не егер ол іс қозғалған болса, оны уәжді ұйғарыммен қараусыз қалдырады.