1. Сақтанушы сақтандыру жағдайы басталған кезде қоршаған ортаның авариялық ластану нәтижесінде келтірілген зиянды бағалау үшін экологиялық аудиторлар тартуға құқылы.
2. Уәкілетті орган сақтанушының қоршаған ортаны қорғаудың нормалары мен ережелерін, экологиялық талаптарды сақтауын бағалау үшін экологиялық аудиторлар тартуға құқылы.
3. Экологиялық аудит жүргізу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
19-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асырудың жалпы талаптары
1. Сақтанушы немесе жәбірленуші (пайда алушы) сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды қоса тіркей отырып, сақтандырушыға сақтандыру төлемі туралы талапты жазбаша нысанда қояды.
2. Сақтандыру төлемі туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса тіркеледі:
1) сақтандыру полисі (оның телнұсқасы);
2) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен құрылатын құзыретті комиссияның келтірілген зиянның себептері, ауқымы және қоршаған ортаның авариялық ластануына әкеп соққан сақтандыру жағдайының зардаптары туралы актісі;
3) жәбірленушіге денсаулық сақтау ұйымдары берген еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі туралы анықтамасының немесе мамандандырылған мекемелердің мүгедектікті белгілеу туралы анықтамасының көшірмесі - ол белгіленген жағдайда;
4) жәбірленушінің қайтыс болғаны туралы куәліктің нотариат куәландырған көшірмесі және пайда алушының зиянды өтеткізу құқығын растайтын құжат (көшірмесі) - жәбірленуші қайтыс болған жағдайда;
5) сақтандыру жағдайы басталған кезде зиянды болғызбау немесе азайту мақсатында сақтанушының шеккен шығыстарын растайтын құжаттар - олар болған кезде;
6) жекелеген жағдайларда - өтелуге жататын зиянның мөлшерін көрсете отырып, сақтанушыны сақтандыру жағдайының басталуына және үшінші тұлғаларға келтірілген зиянға жауапты деп таныған сот шешімі.
3. Жәбірленуші, сондай-ақ келтірілген зиянды сақтандырушының жауапкершілігі көлемінің шегінде жәбірленушіге (залалды өтеткізуге құқығы бар тұлғаға) өтеген және сақтандыру төлеміне құқық алған сақтанушы немесе өзге тұлға пайда алушы болып табылады.
4. Сақтандыру төлемі қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне және (немесе) қоршаған ортаға келтірілген зиянның (нақты залалдың) мөлшерінен аспауға тиіс.
5. Сақтандырушы жәбірленушінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиян үшін сақтандыру төлемін оған әлеуметтік қамсыздандыру бойынша, басқа да сақтандыру шарттары бойынша тиесілі сомаларға қарамастан жүзеге асырады.
6. Сақтандыру төлемі жәбірленушінің жазбаша өтініші немесе нотариат куәландырған сенімхат бойынша қоршаған ортаның авариялық ластануы нәтижесінде денсаулыққа және (немесе) мүлікке келтірілген зиянды өтеу жөнінде оған қызмет көрсеткен (көрсететін) тұлғаға тікелей төленуі мүмкін.
7. Сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асыру кезінде пайда алушыдан оның сақтандырушыға талап қою құқығын шектейтін шарттар қабылдауын талап етуге құқылы емес.
20-бап. Сақтандыру төлемін жүзеге асыру тәртібі
1. Сақтандырушы сақтандыру төлемін осы Заңның 19-бабында көзделген құжаттарды өзі алған күннен бастап отыз күн ішінде жүргізеді.
2. Пайда алушы сақтандыру төлемінің мөлшеріне дау айтқан жағдайларда сақтандырушы сақтандыру төлемін аталған тұлғалардың бірде-бірі дау айтпаған бөлігінде осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім ішінде дереу жүзеге асыруға міндетті.
Сақтандыру төлемінің дау туғызған бөлігін сақтандырушы бітім келісімі жасалған және оны сот бекіткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде не, егер сот шешімнің дереу орындалуын ұйғармаса, осы дау бойынша соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап төлеуге тиіс.
3. Бұрын сақтандыру төлемін алған жәбірленушінің денсаулық жағдайы нашарлай бастаған (мүгедектігі не мүгедектіктің неғұрлым жоғары тобы белгіленсе) не қайтыс болған жағдайда сақтандырушы жәбірленушіден (пайда алушыдан) келіп түскен өтініш пен тиісті құжаттардың негізінде сақтандыру төлемін қайта есептеуді жүргізуге міндетті. Бұл ретте бұрын төленген сомалар есепке алынады.
4. Сақтандыру төлемі уақтылы жүзеге асырылмаған кезде сақтандырушы жәбірленушіге (пайда алушыға) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіппен және мөлшерде тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.
21-бап. Зиян келтірген тұлғаға кері талап қою құқығы
1. Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушының сақтанушыға (сақтандырылушыға) мынадай жағдайларда:
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) сақтанушы (сақтандырылушы) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы қасақана қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттер (әрекетсіздіктер) жасаған;
2) сақтанушы сақтандыру объектісі, сақтандыру тәуекелі, сақтандыру жағдайы және оның салдарлары туралы сақтандырушыға көрінеу жалған мәліметтер хабарлаған;
3) сақтанушы (сақтандырылушы) сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға өзінің талап қою құқығынан бас тартқан, сондай-ақ сақтандырушыға талап қою құқығының ауысуы үшін қажетті құжаттарды беруден бас тартқан жағдайларда жүзеге асырылған сақтандыру төлемі шегінде қарсы талап қою құқығы бар.
2. Сақтанушының сақтандыру нәтижесінде сақтандырушы өтеген зиян үшін жауапты тұлғаға кері талап қою құқығы сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушыға ол төлеген сома шегінде ауысады.
22-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатудың негіздемесі
1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
1) қажетті қорғану және аса қажеттілік жағдайында жасалған іс-әрекеттерді қоспағанда, пайда алушының сақтандыру жағдайының туындауына бағытталған не оның басталуына септігін тигізетін қасақана іс-әрекеттері;
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) пайда алушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сақтандыру жағдайымен себептік байланыстағы қасақана қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттері салдарынан болса, сақтандыру төлемін толық немесе ішінара төлеуден бас тартуға құқылы.
2. Сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуы үшін сондай-ақ:
1) сақтанушының зиян келтіруге кінәлі тұлғадан зиянның тиісті өтемін алуы;
2) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар етпеу немесе уақтылы хабардар етпеу;
3) сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру объектісі, сақтандыру тәуекелі, сақтандыру жағдайы және оның салдарлары туралы көрінеу жалған мәліметтер хабарлауы;
4) сақтанушының сақтандыру жағдайынан келетін залалдарды азайту жөніндегі шараларды қасақана қабылдамауы;
5) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталу мән-жайларын тексеруіне және келтірілген залалдың мөлшерін анықтауына сақтандырушының кедергі келтіруі;
6) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталуына жауапты тұлғаға өзінің талап қою құқығынан бас тартуы, сондай-ақ сақтандырушыға талап қою құқығының ауысуы үшін қажетті құжаттарды оған беруден бас тартуы негіз болуы мүмкін. Егер сақтандыру өтемі төленіп қойылған болса, сақтандырушы оның толық немесе ішінара қайтарылуын талап етуге құқылы.
3. Сақтандырушыны сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабардар етпеу немесе уақтылы хабардар етпеу, егер бұл сақтанушының еркінен тыс себептерге байланысты болса және осы фактіні растайтын тиісті құжаттар ұсынылса, сақтандыру төлемінен бас тартуға негіз бола алмайды.
4. Сақтандыру төлемінен бас тарту үшін негіздер болған кезде сақтандырушы талап қойылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сақтандыру төлемі туралы талапты мәлімдеген тұлғаға бас тарту себептерінің дәлелді негіздемесі келтірілген сақтандыру төлемінен толық немесе ішінара бас тарту туралы тиісті шешімді жазбаша нысанда жіберуге міндетті.
5. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:
1) соғыс қимылдарының, азамат соғысының, кез келген түрдегі халық толқуларының, жаппай тәртіпсіздіктердің немесе ереуілдердің;
2) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан болса, сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылады.
6. Сақтандырушы сақтандыру төлемінен осы бапта көзделмеген негіздер бойынша бас тартуға құқылы емес.
23-бап. Дауларды қарау тәртібі
Тараптардың міндетті экологиялық сақтандыру жөніндегі қатынастарынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
24-бап. Қазақстан Республикасының міндетті экологиялық сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының міндетті экологиялық сақтандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
Осы Заң 2006 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаев
Астана, 2005 жылғы желтоқсанның 13-і,
№ 93-III ҚРЗ