5. Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеуден бас тарту не тiркеуден негiзсiз жалтару жағдайларында сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
6. Мемлекеттік тiркеу тәртібі осы Кодекске және «Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгiленедi.
7. Азаматтық әуе кемелерiн, теңiз кемелерiн, iшкi суда жүзу кемелерiн, «өзен - теңiз» жүзу кемелерiн, ғарыш объектілерін жылжымайтын мүлiкке теңестiрiлген объектiлер ретiнде мемлекеттік тiркеу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі, сауда мақсатында теңiзде жүзу, iшкi су көлiгi, ғарыш қызметі саласындағы заңдарымен реттеледi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 119-бап толықтырылды; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 119-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
119-бап. Кәсiпорын
1. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын мүлiктiк кешен құқық объектiсi түріндегі кәсiпорын деп танылады.
2. Мүлiктiк кешен ретiнде кәсiпорынның құрамына оның қызмет етуiне арналған мүлiктiң барлық түрлерi, соның iшiнде үйлер, ғимараттар, жабдықтар, құрал-саймандар, шикiзат, өнiмдер, жер учаскесiне құқық, талап ету құқықтары, борыштар, сондай-ақ оның қызметiн дараландыратын белгiлерге құқықтар (фирмалық атау, тауар белгiлерi) және, егер шартта өзгеше көзделмесе, басқа да айрықша құқықтар енедi.
3. Кәсiпорын тұтасымен немесе оның бiр бөлiгi сатып алу-сату, кепiлге, арендаға беру және заттық құқықтарды белгiлеуге, өзгертуге және тоқтатуға байланысты басқа да мәмiлелер объектiсi болуы мүмкiн.
3-1. Кәсiпорынның құрамына мүлiктiк кешен ретiнде кiретiн жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеудiң ерекшелiктерi «Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленедi.
4. Мүлiк кешенi ретіндегі кәсiпорын құрамындағы борыштарды берген кезде несие берушiлердiң құқықтарына осы Кодекстiң 48-бабында көзделген тәртiппен кепiлдiк берiледi.
120-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн мүлiк
1. Мүлiк бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн.
Бөлiнетiн мүлiк дегенiмiз - бөлу нәтижесiнде бөлiктерi өз мақсатын (мiндетiн) жоғалтпайтын мүлiк.
Бөлiнбейтiн мүлiк дегенiмiз - өзiнiң шаруашылық мақсатын (мiндетiн) өзгертпей бөлуге болмайтын немесе заң құжатында ұйғарылуына қарай бөлуге жатпайтын мүлiк.
2. Құқық объектiлерi ретiнде бөлiнбейтiн заттардың ерекшелiктерi заңдарда белгiленедi.
121-бап. Күрделi заттар
1. Егер әртектi заттар оны бiрiгу мәнi белгiлейтiн мақсаты бойынша пайдалануға мүмкiндiк беретiн бүтiн бiр затты құрайтын болса, олар бiр зат (күрделi зат) деп қаралады.
2. Күрделi зат жөнiнде жасалған мәмiленiң күшi, егер шартта өзгеше белгiленбесе оның барлық құрамдас бөлiктерiне қолданылады.
122-бап. Басты зат және керек-жарақ
Керек-жарақ, яғни басты затқа қызмет етуге арналған және ортақ шаруашылық мақсатқа қолданылуы сонымен байланысты болатын зат, егер заңдарда немесе шартта өзгеше белгiленбесе, басты затқа iлесiп жүредi.
123-бап. Жемiстер, азық-түлiк және табыстар
Мүлiктердi пайдалану нәтижесiнде алынған түсiм (жемiстер, өнiмдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлiктi пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлiктi заңды негiзде пайдаланушы адамға тиесiлi болады.
124-бап. Жануарлар
Заңдарда өзгеше белгiленбегендiктен, жануарларға заттар туралы жалпы ережелер қолданылады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен; 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 125-бап өзгертiлдi
125-бап. Интеллектуалдық меншiк
1. Осы Кодексте және өзге де заң актілерінде белгiленген реттер мен тәртiп бойынша азаматтың немесе заңды тұлғаның шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерiне және оларға теңестiрiлген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына, жеке немесе заңды тұлғаның өзi орындайтын жұмысының немесе қызметiнiң өнiмдерiне (фирмалық атау, тауар белгiсi, қызмет көрсету белгiсi және т.б.) ерекше құқығы танылады.
2. Шығармашылық интеллектуалдық қызметтiң нәтижелерi мен ерекше құқықтардың (интеллектуалдық меншiктiң) объектiсi болуы мүмкiн даралану құралдарын пайдалануды үшiншi жақтар, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, құқық иеленушiнiң келісімiмен ғана жүзеге асырылады.
126-бап. Қызметтiк және коммерциялық құпия
1. Үшiншi жаққа белгiсiз болуына байланысты ақпараттың нақты немесе потенциалды коммерциялық құны болып, онымен заңды негiзде еркiн танысуға болмайтын және ақпаратты иеленушi оның құпиялылығын сақтауға шара қолданатын ретте, қызметтiк немесе коммерциялық құпия болып табылатын ақпарат азаматтық заңдармен қорғалады.
2. Мұндай ақпаратты заңсыз әдiстермен алған адамдар сондай-ақ еңбек шартына қарамастан қызметшiлер немесе азаматтық-құқықтық шартқа қарамастан контрагенттер қызметтiк немесе коммерциялық құпияны жария етсе, келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттi.
127-бап. Ақша (валюта)
1. Қазақстан Республикасының ақша бөлiнiсi теңге болып табылады.
2. Теңге Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында өз құны бойынша қабылдануға мiндеттi заңды төлем құралы болып табылады.
3. Қазақстан Республикасы аумағында төлемдер қолма қол төлеп және қолма қол төлемей есеп айырысу түрiнде жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасы аумағында шетел валютасымен есеп айырысудың реттерi, тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.
128-бап. Валюталық қазыналар
1. Валюталық қазыналар деп танылатын мүлiк түрлерi және олар арқылы мәмiлелер жасау тәртібі заң құжаттарында белгiленедi.
2. Валюталық қазыналарға меншiк құқығы Қазақстан Республикасында жалпы негiздерде қорғалады.
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 3-тарау 1-1-параграфпен толықтырылды
§ 1-1. Қаржы құралдары
128-1-бап. Қаржы құралдары
1. Қаржы құралы - операциялар нәтижесінде бір ұйымның қаржылық активімен бір мезгілде басқа ұйымда қаржылық міндеттеме немесе үлестік құрал туындайтын ақша, туынды құнды қағаздарды қоса алғанда, құнды қағаздар, туынды қаржы құралдары мен басқа да қаржы құралдары.
2. Қаржылық актив - ақшасын, басқа ұйымның үлестік құралын білдіретін кез келген актив, басқа ұйымнан ақшасын немесе өзге де қаржылық активті алуға немесе өзі үшін ықтимал тиімді жағдайларда басқа ұйыммен қаржылық активтермен немесе қаржылық міндеттемелермен алмасуға шарттық құқық немесе есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарымен жүзеге асырылатын немесе жүзеге асырылуы мүмкін және бұл ретте, ұйымның меншікті үлестік құралдарының ауыспалы санын алатын немесе алуы міндетті болатын туынды құрал немесе ақшасының немесе өзге де қаржылық активтің белгіленген сомасын алмастыру жолынан гөрі есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарының белгіленген санына кез келген өзге тәсілмен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін туынды құрал болып табылатын шарт.
3. Қаржылық міндеттеме - ақшасын немесе өзге де қаржылық активті басқа ұйымға беру немесе өзі үшін ықтимал тиімсіз жағдайларда басқа ұйыммен қаржылық активтермен немесе қаржылық міндеттемелермен алмасудың шартты міндеттемелерін білдіретін кез келген міндеттеме немесе есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарымен жүзеге асырылатын немесе жүзеге асырылуы мүмкін және бұл ретте, ұйымның меншікті үлестік құралдарының ауыспалы санын беретін және беруге міндетті болатын туынды емес құрал немесе ақшасының немесе өзге де қаржылық активтің тіркелген сомасын алмастыру жолынан гөрі есеп айырысу ұйымның меншікті үлестік құралдарының тіркелген санына кез келген өзге тәсілмен жүргізілетін немесе жүргізілуі мүмкін туынды құрал болып табылатын шарт.
4. Үлестік құрал - ұйымның барлық міндеттемелері шегерілгеннен кейін қалатын оның активтеріндегі қалдық үлесіне құқығын растайтын кез-келген шарт.
128-2-бап. Туынды қаржы құралдары
1. Туынды қаржы құралдары - болашақта осы шарт бойынша есеп айырысуды жүргізуді көздейтін, құны шарттың базалық активінің мөлшеріне (мөлшердің ауытқуын қоса алғанда) тәуелді шарт.
2. Туынды қаржы құралдарына опциондар, фьючерстер, форвардтар, своптар және осы белгілерге сай келетін басқа да туынды, оның ішінде жоғарыда аталған туынды қаржы құралдарының комбинациясы болып табылатын қаржы құралдары жатады.
3. Тауарлар, тауарлардың стандартталған партиялары, бағалы қағаздар, валюта, индекстер, проценттік ставкалар және нарықтық құны бар басқа да активтер, болашақтағы оқиғалар немесе жағдайлар, туынды қаржы құралдары туынды қаржы құралдарының базалық активтері болып табылады.
128-3-бап. Опцион
1. Опцион - оған сәйкес бір тарап (опцион сатушысы) екінші тарапқа (опционды сатып алушы) болашақта келісілген жағдайларда пәтуаласқан баға бойынша базалық актив сатып алу немесе сату құқығын сататын туынды қаржы құралы. Опционды сатушы өзіне міндеттемелер алады, ал сатып алушы құқыққа ие болады.
2. Опционды сатушы опционды сатып алушыға сыйлықақы деп аталатын сыйақыға опционды сатады. Опционның келісілген жағдайлары деп мынадай міндетті шарттарды келісу түсініледі: базалық активтің түрі, базалық активтің жалпы құны (опцион жасалатын сома), базалық активтің бағасы (страйк - опционды орындау бағасы), опционның сыйлығы, опционның мерзімі (опционның қолданылу кезеңі), опционның түрі.
3. Егер опционды сатып алушы өзі сатып алған құқықты іске асырса, онда опцион орындалды деп есептеледі.
128-4-бап. Своп
Своп - оған сәйкес тараптар келісілген шарттармен базалық активтер немесе болашақтағы базалық активтер бойынша төлемдерді айырбастау жөнінде пәтуаласатын туынды қаржы құралы.
128-5-бап. Форвард
1. Форвард - сатып алушы (немесе сатушы) болашақта келісілген шарттарда базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын туынды қаржы құралы.
2. Форвард ұйымдастырылмаған нарықта жасалады.
128-6-бап. Фьючерс
Фьючерс - сатып алушы (немесе сатушы) ұйымдастырылған нарықта белгіленген стандартты шарттарға сәйкес базалық активті сатып алудың (немесе сатудың) белгіленген мерзімі өткеннен кейін міндеттемені өзіне алатын тек ұйымдастырылған нарықта айналымға түсетін туынды қаржы құралы.
§ 2. Бағалы қағаздар
ҚР 05.03.97 ж. № 80-I Заңымен 129-бап өзгертiлді; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 129-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
129-бап. Бағалы қағаздар
1. Бағалы қағаз - мүлiктiк құқықты куәландыратын белгiлi бiр жазбалар мен басқа да белгiлердiң жиынтығы.
2008.10.12. № 101-ІV ҚР Заңымен 129-бап 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Бағалы қағаздар борыштық және үлестік болуы мүмкін.
Борыштық бағалы қағаз - эмитенттің (борышкердің) осы бағалы қағаздарды шығару шарттарында борыштың негізгі сомасын төлеу жөніндегі міндеттемесін куәландыратын бағалы қағаздар.
Үлестік бағалы қағаз - Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мүлік иесінің мүлікке белгіленген үлесіне иелік ету құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
2. Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар және бағалы қағаздардың осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен айқындалған өзге де түрлерi жатады.
3. Бағалы қағаздар шығарылым нысаны бойынша:
1) құжатты және құжатсыз;
2) эмиссиялық және эмиссиялық емес;
3) атаулы, ұсынбалы және ордерлiк бағалы қағаздар болып бөлiнедi.
Құжатты бағалы қағаздар - құжатты нысанда (бағалы қағаздың мазмұнын арнаулы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ тiкелей оқу мүмкiндiгi болатын қағаз немесе өзге материалдық жеткізушi) шығарылған бағалы қағаздар.
Құжатсыз бағалы қағаздар - құжатсыз нысанда (электрондық жазбалар жиынтығы түрiнде) шығарылған бағалы қағаздар.
Эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр шығарылым шегiнде осы шығарылым үшiн бiрдей жағдай негiзiнде орналастырылатын және айналымда болатын, бiртектi белгiлерi мен реквизиттерi бар бағалы қағаздар.
Эмиссиялық емес бағалы қағаздар - осы тармақтың төртiншi бөлiгiнде көрсетiлген белгiлерге сәйкес келмейтiн бағалы қағаздар.
Атаулы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
Ұсынбалы бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың бағалы қағазды ұсынушыға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
Ордерлiк бағалы қағаз - ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға, ал оларға осы құқықтар осы Кодекстiң 132-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен берiлген жағдайда, басқа тұлғаға тиесiлiгiн растайтын бағалы қағаз.
4. Осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен бағалы қағаздардың белгiлi бiр түрiн қайсыбiр нысанда шығару мүмкiндiгiне жол берiлмеуi мүмкiн.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 130-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 130-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 130-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
130-бап. Бағалы қағазға құқықтарды растау
1. Бағалы қағаздың өзi құжатты бағалы қағазға құқықты растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаздар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысына сақтауға берiлген жағдайда, оның есебiн жүргiзу мақсатында осы кәсiби қатысушы ашқан шоттан алынған үзiндi көшiрме оған берiлген лицензияға сәйкес немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес уәкiлеттiнiң осы бағалы қағазды осылай сақтауға құқығын растау болып табылады. Құжатты бағалы қағаз бен аталған шоттан берiлген үзiндi көшiрменiң арасында алшақтық болған кезде үзiндi көшiрмеге басымдық берiледi.
2. Бағалы қағаздар рыногының өзiне берiлген лицензияға сәйкес немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеуге уәкiлеттi кәсiби қатысушысындағы бағалы қағаздың есебiн жүргiзу мақсатында ашылған шоттан үзiндi көшiрме құжатсыз бағалы қағазға құқықты растау болып табылады.
3. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының бағалы қағаздардың есебiн жүргiзуге арналған шоттарды ашу және жүргiзу тәртібі, сондай-ақ осындай шоттардан берiлетiн үзiндi көшiрменiң мазмұны мен ресiмделуiне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
131-бап. Бағалы қағазға қойылатын талаптар
1. Бағалы қағаздармен куәландырылатын құқықтардың түрлерi, бағалы қағаздардың мiндеттi реквизиттерi, бағалы қағаз нысанына талаптар және басқа да қажеттi талаптар заң құжаттарымен немесе соларда белгiленген тәртiп бойынша белгiленедi.
2. Бағалы қағаздың мiндеттi реквизиттерi болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшiн белгiленген нысанға сәйкес келмеуi оның жарамсыз болуына әкелiп соқтырады.
ҚР 02.03.98 № 211-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 132-бап өзгертілді; ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 132-бап толықтырылды; 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 132-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
132-бап. Бағалы қағаз бойынша құқықтар беру
1. Ұсынушыға бағалы қағазбен куәландырылған құқықты басқа адамға беру үшiн бағалы қағазды сол адамға тапсыру жеткiлiктi.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Құжаттық нысанда шығарылған атаулы бағалы қағазбен куәландырылған құқықтар талапты (цессияны) басқаға беру үшiн белгiленген тәртiппен берiледi. Бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам осы Кодекстiң 347-бабына сәйкес тиісті талаптың орындалмағаны үшiн емес, оның жарамсыздығы үшiн жауаптылықта болады.
2-1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар беру және солар бойынша құқықтарды растау ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
3. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқықтар бұл қағазға берiлген жазу - индоссамент арқылы берiледi. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам (индоссант), жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, құқықтың болуы үшiн ғана емес, оның жүзеге асырылуы үшiн де жауапты болады.
Бағалы қағазда жасалған индоссамент бағалы қағазбен куәландырылған барлық құқықтарды бағалы қағаз бойынша құқықтар берiлетiн адамға - (индоссантқа) немесе соның бұйрығына ауыстырады. Индоссамент бланкiлiк болуы мүмкiн (орындауға тиiс адам көрсетiлмейдi).
Бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру, бұл құқықтарды индоссантқа бермей-ақ (сену индоссаментi) индоссаментке тапсырумен ғана шектелуi мүмкiн. Бұл жағдайда индоссант өкiл ретiнде әрекет жасайды.
ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 133-бап толықтырылды
133-бап. Бағалы қағаз бойынша орындау
1. Бағалы қағазды берген адам және оны индоссиялаған барлық адамдар, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның заңды иесiнiң алдында бiрге жауап бередi. Бағалы қағаздың заңды иесiнiң сондай қағазбен куәландырылған мiндеттемесiн бағалы қағаз бойынша мiндеттенгендердiң арасынан бiр немесе бiрнеше адамның орындауы туралы талабын қанағаттандырған ретте олар бағалы қағаз бойынша өздерiнен бұрын мiндеттенген өзге адамдарға керi талап қою (регресс) құқығына ие болады.
2. Мiндеттеменiң негiзi болмауын не оның жарамсыздығын сылтауратып бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi орындаудан бас тартуға жол берiлмейдi.
3. Бағалы қағаздың жалғандығын немесе жасандылығын байқаған бағалы қағаз иесi өзiне қағазды берген адамға, бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi лайықты орындау туралы және залалдардың орнын толтыру туралы талап қоюға құқылы.
4. Заңсыз иеленушiнiң қолындағы бағалы қағаз бойынша құқықтар жүзеге асырылмауға тиiс.
134-бап. Бағалы қағазды қалпына келтiру
Жоғалған бағалы қағаз бойынша және ордерлiк бағалы қағаз бойынша ұсынушы құқығын қалпына келтiрудi iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 135-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 136-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 136-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 136-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
136-бап. Облигация
1. Облигация - шығару кезiнде айналыс мерзiмi алдын ала белгiленген, оны шығару шарттарына сәйкес облигацияны шығарған тұлғадан ол бойынша сыйақы алу және оның айналыс мерзiмiнiң аяқталуы бойынша облигацияның ақшалай немесе өзге де мүлiктiк балама түрдегi нақты құнын алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
2. Облигациялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, коммерциялық ұйымдар облигациялар шығаруға құқылы.
4. Облигациялардың түрлерi және оларды шығару тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
137-бап ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен алып тасталды
138-бап ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен алып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 21.05.02 ж. № 323 Заңдарымен 139-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 139-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңымен 139-бап өзгертiлдi
139-бап. Акция
1. Акция - акционерлік қоғам шығаратын және акционерлік қоғамды басқаруға қатысуға, ол бойынша дивиденд және акционерлік қоғам таратылған жағдайда оның мүлкiнiң бiр бөлiгiн алуға құқықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз.
2. Акциялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.
3. Акциялардың түрлерi Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленедi.
Акцияларды шығару тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгiленедi.
4. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтер төлеудi жүзеге асырмайды.
5. Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзiнiң әрекетiмен немесе әрекетсiздiгiмен акционерлік қоғамның мүддесiн бұзған акционерден акцияларды сот шешiмi бойынша сатып алу мүмкiндiгi көзделуі мүмкiн.
Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленген тәртiппен есептелетiн меншiктi капиталдың тepic мөлшерi болған жағдайда, олардың акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың мүмкiндiгi мен негiздемесi көзделуi мүмкiн.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 139-1-баппен толықтырылды
139-1-бап. Банктік депозит сертификаты
Банктік депозит сертификаты - өз ұстаушысының шығару шарттарында белгіленген айналыс мерзімі аяқталғаннан кейін не ол аяқталғанға дейін номиналды құнын, сондай-ақ шығару шарттарында белгіленген мөлшерде сыйақы алу құқығын растайтын атаулы эмиссиялық емес бағалы қағаз.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 140-бап алынып тасталды
§ 3. Мүліктік емес өзіндік құқықтар
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 141-бап өзгертiлдi
141-бап. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау
1. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтары бұзылған жеке тұлғаның, осы Кодекстiң 9-бабында көзделген шаралардан басқа, осы Кодекстiң ережелерi бойынша моральдық зардаптарын өтетуге құқығы бар.
2. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың қорғалуын азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiп бойынша сот жүзеге асырады.
3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе құқық бұзған адамның кiнәсiне қарамастан, мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар қорғалуға тиiс. Қорғау туралы талап қойған адам өзiнiң мүлiктiк емес өзiндiк құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиiс.
4. Мүлiктiк емес өзiндiк құқығы бұзылған адам өз таңдауы бойынша оны бұзушыдан бұзылу зардаптарын жоюды немесе бұзушының есебiнен өз бетiнше қажеттi әрекеттер жасауды не олардың орындалуын үшiншi жаққа тапсыруды талап етуi мүмкiн.
142-бап. Мүлiктiк құқықтармен байланысты мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар
Мүлiктiк емес өзiндiк және мүлiктiк құқықтар бiр мезгiлде бұзылған жағдайда мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың бұзылғандығы үшiн жәбірленушiге тиесiлi өтем ескерiле отырып, мүлiктiк зиянның орнын толтыру мөлшерi ұлғаяды.
2009.06.02. № 123-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 143-бап өзгертiлдi
143-бап. Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау
1. Азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтiндiгi туралы тиiстi адамға мiндеттi түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе керi сұратып алынуға тиiс.
Өзге реттерде терiске шығару тәртібін сот белгiлейдi.
3. Бұқаралық ақпарат құралдары азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн мағлұматтар жарияласа, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегiн жариялауға құқылы.