2) сақтандыру сыныптары (түрлері) және сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы қызметінің нысанасы болып табылатын сақтандыру тәуекелдерінің тізбесі;
3) ортақ сақтандырудың (бірлескен қайта сақтандырудың) жекелеген шарты бойынша міндеттемелердің ең жоғары мөлшерін, қабылданатын тәуекелдер бойынша пулға әрбір қатысушы жауапкершілігінің ең жоғары үлесін қоса алғанда, сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы мен оның қатысушыларының жиынтық міндеттемелерінің ең жоғары мөлшері;
4) ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарттарын жасасу және орындау талаптары, тәртібі;
5) шарттың қолданылу мерзімі;
6) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
7) дауларды шешу тәртібі;
8) тараптардың қолтаңбалары қамтылуға тиіс.
Сақтандыру (қайта сақтандыру ұйымы) уәкілетті органды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қатысуымен бірлескен қызмет туралы шарт жасасқан күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы шарттың көшірмесін қоса бере отырып, оның жасалғаны туралы хабардар етеді.
3. Ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында сақтандыру (қайта сақтандыру) шартына қойылатын талаптарға сай келуге тиіс.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы қызметінің шеңберінде жасалған ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шартында бірлескен қызмет туралы шарттың нөмірі мен жасалған күні, сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылар туралы мәліметтер, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметінде жетекші болып табылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уәкілетті тұлғасының не сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін басқару үшін тартылған сақтандыру брокерінің қолтаңбасы қамтылуға тиіс.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының әрбір қатысушысы сақтандыру резервтерін қабылданған міндеттемелердің көлеміне сәйкес қалыптастырады.
6. Лицензиясында сақтандырудың тиісті сыныбы көрсетілмеген сақтандыру ұйымының сақтандыру пулына қатысуына тыйым салынады.
7. Сақтандырудың тиісті саласы бойынша қайта сақтандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы жоқ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қайта сақтандыру пулына қатысуына тыйым салынады.
8. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы өз қатысушыларының пул қызметінің шеңберінен тыс туындаған міндеттемелері бойынша жауап бермейді, сол сияқты сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылар басқа қатысушылардың пул қызметінің шеңберінен тыс туындаған міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
9. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін басқару үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылар мен сақтандыру брокерінің арасында келісім болған кезде уәкілетті органның тиісті лицензиясы бар сақтандыру брокерлері тартылуы мүмкін.
Бұл ретте сақтандыру брокеріне жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының функциялары жүктеледі.
2006.05.05 № 139-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен; ҚР 2006.05.07. № 164-III Заңымен (бұр.ред.қара); 2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 14-бап өзгертілді; 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 14-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
14-бап. Лицензиясыз қызметке тыйым салу
1. Уәкілетті органның тиісті лицензиясы жоқ бірде-бір тұлғаның:
1) сақтандыру, қайта сақтандыру жөніндегі қызметті өз атынан жүзеге асыруға, осы Заңның 11-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларда, негізгі немесе қосымша қызмет түрі ретінде сақтандыру брокері, актуарий қызметтерін көрсетуге;
2) өзінің атауында, құжаттарда, хабарландырулар мен жарнамада «сақтандыру», «қайта сақтандыру», «сақтандыру ұйымы», «қайта сақтандыру ұйымы», «сақтандыру брокері» деген сөздерді немесе оның өз атынан сақтандыру немесе қайта сақтандыру операцияларын жүзеге асыратынын не осы Заңның 11-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көзделген жағдайларда сақтандыру брокері, актуарий ретінде әрекет ететінін білдіретін туынды сөздерді (сөз тіркестерін) кез келген тілде пайдалануға құқығы жоқ.
2. Өзара сақтандыру қоғамдарының қызметін қоспағанда, уәкілетті органның лицензиясынсыз сақтандыру қызметін жүзеге асыруға тыйым салынады.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II Заңымен (бұр. ред. қара); 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен ( бұр. ред. қара) 15-бап өзгертілді
15-бап. Трансшекаралық сақтандыру және қайта сақтандыру
1. Сақтандыру ұйымының басқа мемлекеттiң аумағында сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға байланысты сақтандыру трансшекаралық сақтандыру болып табылады.
2. 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге шығатын автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру шартын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру ұйымының атынан сақтандыру шартын жасасу жөніндегі делдалдық қызметке жол берiлмейдi.
4. Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру ұйымының атынан Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге шығатын автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметтi тиiстi сақтандыру сыныбы көрсетiлген уәкiлеттi органның лицензиясы бар Қазақстан Республикасының резиденттерi - сақтандыру ұйымдары және аталған Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру ұйымымен жасалған тиiстi шарты болған жағдайда Қазақстан Республикасының резиденттерi - сақтандыру брокерлерi жүзеге асыра алады.
5. 2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен алып тасталды ( бұр. ред. қара)
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 15-1-баппен толықтырылды; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 15-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
15-1-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жеңілдікті жағдайлар жасауына тыйым салу
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғаларына жеңілдікті жағдайлар жасауына тыйым салынады.
2. Жеңілдікті жағдайлар жасау:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғасымен мәмілеге келуді немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өзінің табиғаты, мақсаты, ерекшеліктері мен тәуекелі бойынша аффилиирленген тұлға болып табылмайтын клиенттермен оның мүддесі үшін мәмілеге келмеуін;
2) сақтандыру тарифін төмендетіп қолдануды не басқа сақтанушыларға қарағанда жоғары сақтандыру төлемін жүзеге асыруды білдіреді.
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғасымен мәміле осы баптың 1-тармағының талаптары ескеріле отырып, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының директорлар кеңесінің шешімі бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғаларына берілген (орналастырылған) активтерге қатысты талап құқықтарынан бас тарту кейіннен акционерлердің жалпы жиналысын хабардар ету арқылы жүзеге асырылады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғасы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және:
өзі;
өзінің кез келген жақын туыстарының бірі немесе оның жұбайы (зайыбы);
өзі немесе жақын туыстарының бірі, оның жұбайы (зайыбы) лауазымды адамы немесе ірі қатысушысы болып табылатын кез келген заңды тұлға арасындағы кез келген мәмілені қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға қатыспауға тиіс.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғасы арасындағы кез келген мәміле бойынша директорлар кеңесінің шешімі оның барлық шарттарын директорлар кеңесі қарағаннан кейін ғана қабылдануы мүмкін.
4-1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының директорлар кеңесі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының орналастырылған (артықшылықты және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сатып алған акцияларды шегере отырып) акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызын иеленетін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына ірі қатысушы - жеке тұлға немесе сақтандыру холдингі осы Заңның 26-бабында белгіленген тиісті мәртебені алу шеңберінде ұсынған бизнес-жоспарды қарайды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы уәкілетті органға сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына ірі қатысушының (сақтандыру холдингінің) бизнес-жоспарын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының даму стратегиясына (даму жоспарына) енгізу не енгізбеу туралы тиісті шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы директорлар кеңесінің сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына ірі қатысушының (сақтандыру холдингінің) бизнес-жоспарын қарау нәтижелері туралы хабарлауға міндетті.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының директорлар кеңесі сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының даму стратегиясының (даму жоспарының) сақталуын қамтамасыз етеді.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы уәкілетті органға сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аффилиирленген тұлғаларымен жасалатын барлық мәмілелер туралы ақпаратты уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген нысандар бойынша беруге міндетті.
6. Осы баптың талаптары:
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2012 ж. 4 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) мынадай шарттардың бірі:
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингінің, сондай-ақ сақтандыру холдингінде, сақтандыру холдингінің белгілерін иеленген тұлғада шыққан елдің қаржылық қадағалау органының аталған Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғалар шоғырландырылған қадағалауға жататындығы туралы жазбаша растауының болуы;
уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісімнің, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингінің болуы орындалған кезде сақтандыру холдингі, сақтандыру холдингінің белгілерін иеленген тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент еместерін қоспағанда, сақтандыру холдингтеріне қолданылады. Ең төменгі рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді;
2) банк конгломераттарының құрамына кіретін банк холдингтері болып табылатын сақтандыру холдингтерін қоспағанда, сақтандыру холдингтеріне қолданылады.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
5-1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының еншілес ұйымдарына, сондай-ақ капиталына сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қомақты қатысатын ұйымдарға сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы шығарған, субординарлық борыш талаптарына сәйкес келетін облигацияларды иеленуге және (немесе) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қарыздар ұсынуға тыйым салынады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 15-2-баппен толықтырылады (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2006.05.05. № 139-III (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 16-бап өзгертілді; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
16-бап. Сақтандыру ұйымына сақтанушыларға ақпарат беру жөнiнде қойылатын талаптар
1. Тұрақты жұмыс iстейтiн органының орналасқан жерi өзгерген, атауы өзгерген жағдайда сақтандыру ұйымы бұл жөнiнде өзiнiң сақтанушыларына республикалық екi газетте хабарландыру жариялау арқылы бiр айдан кешiктiрмей хабарлауға мiндеттi.
Өзiнiң оқшауланған бөлiмшесiнiң орналасқан жерi өзгерген жағдайда сақтандыру ұйымы бұл жөнiнде өзiнiң сақтанушыларына тиiстi екi облыстық газетте хабарландыру жариялау арқылы бiр айдан кешiктiрмей хабарлауға мiндеттi.
2. Сақтандыру ұйымы сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензияның тиiстi түрде куәландырылған көшiрмесiн оны көрiп, танысуға болатын жерге орналастыруға мiндеттi.
2-1. Сақтандыру ұйымы сақтандыру қызметін жүзеге асыру шеңберінде қызметтер көрсеткені үшін сақтандыру сыныптары бойынша және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес сақтандыру тарифтерінің мөлшері туралы ақпаратты интернет-ресурста немесе клиенттердің көруі үшін қолжетімді жерде орналастыруға және жаңартылған күйде ұстауға мiндеттi.
2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтанушының сақтандыру ұйымынан оның қызметінің кірістері мен шығыстары пайдалары мен шығындары туралы бухгалтерлік баланс пен есептен тұратын жылдық қаржы есебін және аудиторлық ұйым куәландырған аудиторлық есепті, сондай-ақ сақтандыру құпиясын, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрамайтын өзге де ақпаратты сұратып алуға құқығы бар.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Сақтанушы исламдық сақтандыру шартын жасасқан кезде исламдық сақтандыру ұйымынан сақтандыру қағидаларының осы Заңның 6-1-тарауында көрсетілген талаптарға сәйкестігін растайтын, исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің қорытындысын сұратуға құқылы.
4-тарау. Сақтандыру делдалдығы
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 16-1-баппен толықтырылды
16-1-бапқа өзгерістерді қараңыз - 2015.24.11. № 422-V ҚР Заңы (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі)
16-1-бап. Сақтандыру брокерін құру
1. Сақтандыру брокерінің ұйымдық-құқықтық нысаны жауапкершілігі шектеулі серіктестік не акционерлік қоғам болып табылады.
2. Сақтандыру брокерінің атауы «сақтандыру брокері» деген сөздерден немесе осы сөздерден туындайтын сөздерден құралуға тиіс.
3. Сақтандыру брокеріне өз атауында «ұлттық», «орталық», «бюджеттік», «республикалық» деген сөздерді пайдалануға тыйым салынады.
4. Бұрын құрылған сақтандыру брокерлерінің, соның ішінде Қазақстан Республикасының резиденті емес сақтандыру брокерлерінің атауларымен аралас дәрежеге дейінгі бірегей немесе ұқсас белгілерді атауы ретінде пайдалануға жол берілмейді. Осы тыйым салу еншілес сақтандыру брокері өзінің бас ұйымының атауын пайдаланған жағдайда қолданылмайды.
5. Сақтандыру брокерін мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 16-2-баппен толықтырылды
16-2-бап. Сақтандыру брокерінің құрылтайшыларына қойылатын талаптар
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының немесе оның қызметкерлерінің сақтандыру брокерін құруына немесе оның қызметіне қатысуына тыйым салынады.
2. Сақтандыру брокерінің құрылтайшылары мен қызметкерлеріне бір мезгілде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында қызмет атқаруға болмайды.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 16-3-баппен толықтырылды
16-3-бап. Сақтандыру брокерінің жарғылық капиталын қалыптастыру
1. Сақтандыру брокерінің құрылтайшылары, қатысушылары не акционерлері сатып алынатын қатысу үлестерін не акцияларды ұлттық валютадағы ақшамен ғана төлеуге міндетті.
2. Құрылатын сақтандыру брокерінің жарғылық капиталының ең аз мөлшерін оның құрылтайшылары оны мемлекеттік тіркеу сәтіне дейін толық төлеуге тиіс.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Сақтандыру брокерінің жарғылық және меншікті капиталының ең төмен мөлшеріне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2006.20.02. № 128-III ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 17-бап өзгертілді; 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 17-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
17-бап. Сақтандыру брокерінің қызметі және оған қойылатын талаптар
1. Сақтандыру брокерінің қызметі айрықша қызмет түрі болып табылады және уәкілетті органның лицензиялауына жатады.
Сақтандыру брокеріне:
1) сақтандыру агентінің қызметін жүзеге асыруға;
2) сақтандыру шарттарын жасасуға байланысты қызметтер ұсыну бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысуға;
3) Қазақстан Республикасының бейрезиденті - екі және одан көп сақтандыру брокері қатысқан кезде Қазақстан Республикасының бейрезиденті - қайта сақтандырушыға қайта сақтандыруға тәуекелдерді беруге;
4) жұмыскерлер мен үлестес тұлғаларға бастапқы есепке алу құжаттарынсыз ақша беруге;
5) сақтандыру брокерінің жұмыскерлеріне айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспайтын сомаға қаржылық көмекті қоспағанда, өтеусіз негізде қаржылық көмек беруге тыйым салынады.
2-тармақ 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2. Сақтандыру брокері мынадай брокерлік қызмет түрлерін:
1) өз атынан және сақтанушының тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті;
2) өз атынан және қайта сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша қайта сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асырады.
3. Сақтандыру брокерінің қызметі мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыруды:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) мәселелері бойынша консультациялық қызметті;
2) сақтандыруға (қайта сақтандыруға) жеке және заңды тұлғаларды іздестіруді және тартуды;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының көрсететін қызметтеріне және қаржылық жай-күйіне салыстырма талдау жүргізуді;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары ұсынатын қызметтерге салыстырма талдау жүргізу мақсатында сақтандыру объектілері туралы ақпарат жинауды;
5) клиенттердің тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) талаптарын, сақтандырушыларды (қайта сақтандырушыларды) таңдау өлшемшарттарын әзірлеуді, сақтандыру тәуекелдерін анықтау жөніндегі сараптамалық қызметтер көрсетуді;
6) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын жасасу үшін қажетті құжаттарды дайындауды және (немесе) ресімдеуді, сақтандыру мәселелері бойынша ақпарат жинауды;
7) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын ресімдеуді;
8) сақтанушымен (цедентпен) тиісті келісім болған кезде сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтанушылардан (цеденттерден) сақтандыру сыйлықақыларын кейіннен оларды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына аудару үшін жинауды;
9) клиенттердің тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) немесе ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру тәуекелдерін орналастыруды;
10) сақтандыру (қайта сақтандыру) шартын жасасу, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру, сақтандыру жағдайы басталған кезде наразылықтарды қарау кезінде құжаттардың, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасасуға байланысты басқа да құжаттардың дұрыс және уақтылы ресімделуін қамтамасыз етуді;
11) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушының (цеденттің), пайда алушының сақтандыру төлемін алуына консультациялар жүргізуді және жәрдем көрсетуді;
12) сақтандыру төлемін алу үшін қажетті құжаттарды берілген өкілеттіктерге сәйкес ресімдеуді;
13) сақтанушының (цеденттің) тапсырмасы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан сақтандыру төлемдерін кейіннен оларды сақтанушыға (цедентке), пайда алушыға беру үшін жинауды;
14) сақтандыру жағдайы басталған кезде мүдделі тұлғалардың тапсырмасы бойынша шығындарды қарау және реттеу жөніндегі құжаттарды дайындауды;
15) залалды бағалау және сақтандыру төлемінің мөлшерін айқындау бойынша сарапшылар көрсететін қызметтерді ұйымдастыруды;
16) осы Заңның 15-бабының 4-тармағында көрсетілген қызметті;
17) сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін оның қатысушыларымен жасалған келісім негізінде басқаруды қамтуы мүмкін.
4. Сақтандыру брокеріне сақтанушыдан (цеденттен) немесе сақтандырушыдан (қайта сақтандырушыдан) алынған сақтандыру сыйлықақыларының немесе сақтандыру төлемдерінің сомаларын орналастыру жөніндегі инвестициялық қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
Сақтандыру брокері меншікті қаражатын Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі депозиттерде орналастыруға құқылы.
5. Сақтандыру брокері өз қызметін жүзеге асыру кезінде сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының тарапы болып табылмайды.
6. Сақтандыру брокерінің негізгі құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі оның сақтандыру брокері қызметін жүзеге асырудың ішкі қағидаларында айқындалуға тиіс.
7. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген брокерлік қызметті жүзеге асырғаны үшін сақтандыру брокеріне кез келген сыйақыны сақтанушының (цеденттің) мүдделерінде, осы баптың 8-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, сақтанушы (цедент) ғана төлеуге тиіс.
8. Егер сақтандыру брокері және (немесе) оның үлестес тұлғасы - сақтандыру брокері (оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезиденті - сақтандыру брокері) бір сақтандыру тәуекелі бойынша сақтандыру және (немесе) қайта сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі делдалдық қызметті жүзеге асырса, онда сақтандыру брокері және оның үлестес тұлғасы - сақтандыру брокері (оның ішінде Қазақстан Республикасының бейрезиденті - сақтандыру брокері) көрсетілген сақтандыру тәуекелі бойынша сыйақыға байланысты өзара есеп айырысуды жүргізеді.
9. Сақтандыру брокері қызметін жүзеге асыру шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2009.30.12. № 234-IV ҚР Заңымен 18-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18-бап. Сақтандыру агентінің делдалдық қызметі және оған қойылатын талаптар
1. Сақтандыру агентінің сақтандыру нарығында делдалдық қызметті жүзеге асыруға өкілеттіктері осы Заңның және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптары ескеріле отырып, тапсырма шартында айқындалады.
Сақтандыру ұйымы мен сақтандыру агентінің арасында жасалатын тапсырма шартына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Сақтандыру агенті сақтандыру ұйымы уәкілеттік берген әрекеттерді жеке өзі жасайды және оларды жасауды өзге тұлғаға қайта сенім білдіріп тапсыруға құқылы емес.
Сақтандыру агентінде өкілеттіктер болмаған жағдайда оның сақтандыру агенті ретіндегі қызметіне жол берілмейді.
2. Сақтандыру ұйымы өзінің атынан және өзінің тапсырысы бойынша сақтандыру агенті жасасқан сақтандыру шарты бойынша міндеттемелерді орындауға міндетті.
Сақтандыру ұйымы сақтандыру агентінің мынадай әрекеттерді жасағаны үшін:
1) сақтандыру шарттарын жасасқаны, сондай-ақ сақтандыру агентінің белгіленген өкілеттіктер шегінен шығатын әрекеттерді жасағаны;
2) сақтандыру ұйымында уәкілетті органның лицензиясы жоқ сақтандыру сыныптары (түрлері) бойынша сақтандыру шарттарын жасасқаны;
3) сақтандыру шартын жасасу талаптары бойынша сақтанушыны әдейі жаңылыстырғаны;
4) сақтандыру шартын және олардың негізінде сақтандыру шарты жасалатын құжаттарды ресімдеу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптарды сақтамағаны;
5) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасының талаптарын өзге де бұзушылықтары үшін жауапты болады.
Сақтандыру ұйымы сақтандыру агентінің Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген делдалдық қызметті оның жүзеге асыруына байланысты емес әрекеттері үшін жауапты болмайды.
3. Сақтандыру агенті сақтауға міндетті шарттар, оның ішінде сақтандыру есептілігінің бланкілерін есепке алу және сақтау, қолма-қол ақшамен жұмыс істеу мәселелері бойынша шарттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, сақтандыру ұйымының ішкі құжаттарында белгіленеді.
4. Сақтандыру агентіне сақтандыру ұйымының атынан және оның тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасасу кезінде сақтандыру сыйлықақысын төлеу үшін қолма-қол ақшамен төлемді заңды тұлға болып табылатын сақтанушыдан қабылдауына тыйым салынады.
Осы шектеу сақтандыру агентінің Қазақстан Республикасының аумағына уақытша келетін адамдардан қолма-қол ақшамен төлемді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеу үшін қабылдауына қолданылмайды.