2. Судья қарсылық немесе арыз келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сот бұйрығының күшін жою туралы ұйғарым шығарады. Ұйғарымда өндіріп алушы мәлімдеген талаптың талап қою іс жүргізуі тәртібімен берілуі мүмкін екені түсіндіріледі. Сот бұйрығының күшін жою туралы ұйғарымның көшірмелері ол шығарылғаннан кейін келесі күннен кешіктірмей өндіріп алушыға және борышкерге жіберіледі.
Сот бұйрығының күшiн жою туралы соттың ұйғарымы шағым жасауға және наразылық білдіруге жатпайды.
Сот бұйрығының күшiн жоюдан бас тарту туралы соттың ұйғарымына шағым жасауы, наразылық білдіруі мүмкін.
143-бап. Өндіріп алушыға сот бұйрығын беру және оны орындауға жіберу
1. Егер белгіленген мерзімде сотқа борышкерден қарсылық келіп түспесе, судья соттың мөрімен куәландырылған сот бұйрығын оны борышкердің тұрғылықты жеріндегі тиісті әділет органына орындауға ұсынуы үшін өндіріп алушыға береді.
2. Өндіріп алушының өтініші бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 243-бабына сәйкес дереу орындалуға жататын талаптар бойынша сот бұйрығын сот тікелей жіберуі мүмкін.
3. Мемлекеттік бажды борышкерден тиісті бюджеттің кірісіне өндіріп алу үшін соттың мөрімен куәландырылған сот бұйрығының жеке данасын сот аумақ бойынша тиісті әділет органына тікелей жібереді.
4. Сот бұйрығының көшірмесі сот жүргізген істе қалады.
13-тарау. ОҢАЙЛАТЫЛҒАН (ЖАЗБАША) ІС ЖҮРГІЗУ
144-бап. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі
1. Сот істерді осы Кодекстің 14-тарауының қағидалары бойынша осы тарауда белгіленген ерекшеліктерімен бірге оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды.
2. Судья істерді арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды. Істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды.
3. Сот, егер:
1) тарап бұл туралы өтінішхат берсе;
2) үшінші тұлғаның іске кіруі туралы өтінішхаты қанағаттандырылса;
3) қарсы талап қою қабылданса;
4) осы іс бойынша қабылданған сот актісімен басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылуы мүмкін болса;
5) дәлелдемелерді олардың тұрған жерінде қарап тексеру және зерттеу жүргізу, сараптама тағайындау немесе куәның айғақтарын тыңдау қажет болса;
6) қосымша мән-жайларды анықтау немесе қосымша дәлелдемелерді зерттеу қажет болса істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жалпы тәртіппен қарау туралы ұйғарым шығарады.
4. Істі талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жалпы тәртіппен қарау туралы ұйғарымда іске қатысатын адамдар жасауға тиіс әрекеттер мен осы әрекеттерді жасау мерзімдері көрсетіледі. Іс осы Кодексте тиісті санаттағы істер үшін белгіленген мерзімдерде қаралуға тиіс. Істі қарау мерзімі талап қою арызы алғаш қабылданған күннен бастап есептеледі.
5. Егер бір мезгілде бірнеше талап мәлімделсе, оның біреуі немесе одан да көбі осы Кодекстің 145-бабында көрсетілген тізбеге сәйкес келмесе және сот осы талаптарды жеке іс жүргізуде бөліп қарамаса, олар осы Кодекстің 14-тарауында белгіленген тәртіппен қаралады.
145-бап. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын істер
1. Мынадай:
1) егер талап қою бағасы заңды тұлғалар үшін - жеті жүз айлық есептік көрсеткіштен, жеке кәсіпкерлер, азаматтар үшін екі жүз айлық есептік көрсеткіштен аспаса, ақша сомаларын өндіріп алу туралы талап қою арыздары бойынша;
2) талап қою бағасына қарамастан, талап қоюшы ұсынған, жауапкердің ақшалай міндеттемелерін белгілейтін құжаттарға және (немесе) шарт бойынша берешекті растайтын құжаттарға негізделген талап қою арыздары бойынша;
3) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;
4) «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен нотариус куәландырған дауды реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;
5) тараптардың тапсырма шарты бойынша адвокаттың немесе адвокаттар мен тараптардың қатысуымен «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес партисипативтік рәсім тәртібімен жасалған дауларды реттеу туралы келісімдерді орындау туралы;
6) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған кәсіпкерлік, инвестициялық қызметке байланысты даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
7) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған сақтандыру даулары және банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
8) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
9) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған зияткерлік меншікке құқықтарды қорғау саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
10) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған неке-отбасылық қатынастар саласындағы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
11) азаматтың абыройына, қадір-қасиетіне немесе iскерлiк беделiне және заңды тұлғаның іскерлік беделін түсіретін мәліметтерді теріске шығаруды не бұқаралық ақпарат құралында жауапты жариялау туралы даулар бойынша келісімдерді орындау туралы;
12) заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда дауларды сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған өзге де келісімдерді орындау туралы істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде санамаланған талап қою талаптары оларды оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау көрсетілмей қойылған кезде олар осы тараудың қағидалары бойынша қаралады.
146-бап. Істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қараудың ерекшеліктері
1. Талап қою арызы нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 148 және 149-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Сот талап қою арызын іс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарады, онда істің оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатындығын көрсетеді.
3. Сот тараптарды хабарландырып, жауапкердің өзі негіздейтін құжаттар мен дәлелдемелерді қоса беріп, он бес жұмыс күні ішінде талап қою арызына пікір (қарсылық) ұсынуы үшін мерзім белгілейді. Пікірге (қарсылыққа) оның көшірмелері талап қоюшыға жіберілгенін растайтын құжат қоса беріледі.
4. Сот белгілеген мерзім өткеннен кейін сотқа келіп түскен пікір (қарсылық), дәлелдемелер және өзге де құжаттар, егер тарап оларды сот белгілеген мерзімде ұсынудың мүмкін еместігін негіздесе және олар сот шешім шығарғанға дейін түссе, қабылданады.
5. Пікірді, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін сот тараптарды шақырмай істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды.
6. Сот тараптар ұсынған құжаттарда баяндалған түсініктемелерді, қарсылықтарды және (немесе) дәлелдемелерді зерттейді және шешім қабылдайды.
7. Істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау кезінде осы Кодекстің 26-тарауында және осы Кодекстің 198-бабында көзделген қағидалар қолданылмайды.
147-бап. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын іс бойынша шешім
1. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын іс бойынша қысқаша шешім шығарылады, ол осы Кодекстің 19-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Сот шешімінің көшірмелері тараптарға оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып жолданады не шешім шығарылған күннен бастап түпкілікті нысанда бес жұмыс күнінен кешіктірмей беріледі.
2. Жауапкер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шешім шығарған сотқа сот шешімінің көшірмелерін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы. Арыз, егер жауапкер талап қою арызының келіп түскені және оның оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатыны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған және пікірді, сондай-ақ шешімнің мазмұнына әсер ете алатын дәлелдемелерді ұсына алмаған жағдайда беріледі.
3. Шешімнің күшін жою туралы арыз осы баптың екінші бөлігінде көзделген талаптар ескеріле отырып, осы Кодекстің 21-тарауында белгіленген қағидалар бойынша қаралады.
4. Шешімге осы шешімнің күшін жою туралы арыз беру мерзімі өткен соң, ал егер арыз берілген жағдайда - сот осы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарғаннан кейін бір ай мерзім ішінде апелляциялық тәртіппен тараптар шағым жасауы немесе прокурор наразылық білдіруі мүмкін.
5. Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен тараптар ұсынған құжаттар бойынша тараптарды шақырмастан, осы Кодекстің 277, 279-баптарында белгіленген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуы, арыз қараусыз қалдырылуы мүмкін.
2-КІШІ БӨЛІМ. ТАЛАП ҚОЮ ІСІН ЖҮРГІЗУ
14-тарау. ТАЛАП ҚОЮ
148-бап. Талап қою арызының нысаны мен мазмұны
1. Талап қою арызы жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында бірінші сатыдағы сотқа беріледі.
2. Арызда:
1) талап қою арызы берілетін соттың атауы;
2) талап қоюшының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның туған күні, тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, ал егер талап қоюшы заңды тұлға болса, онда оның толық атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi мен банктік деректемелері; егер арызды өкіл берсе, өкілдің атауы мен оның мекенжайы көрсетілуге тиіс. Арызда, егер бар болса, талап қоюшы мен өкілдің ұялы байланысының абоненттік нөмірі мен электрондық мекенжайы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс;
3) жауапкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол талап қоюшыға белгілі болса), егер жауапкер заңды тұлға болса, онда оның толық атауы, орналасқан жері, банктік деректемелері (егер олар талап қоюшыға белгілі болса) мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi (егер ол талап қоюшыға белгілі болса). Арызда, егер талап қоюшыға белгілі болса, жауапкердің ұялы байланысының абоненттік нөмірі мен электрондық мекенжайы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс;
4) азаматтың құқықтары мен бостандықтарын немесе талап қоюшының заңды мүдделерін және талап қоюшының талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні;
5) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің мазмұны;
6) егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау туралы мәліметтер;
7) егер талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы, сондай-ақ өндіріп алынатын немесе дауланатын ақшалай сомалардың есебі;
8) талап қою арызына қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Прокурордың мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделер үшін берген талап қою арызында мемлекеттік немесе қоғамдық мүдденің мәні неден көрінетіндігіне, қандай заңды мүдделердің бұзылғанына негіз, сондай-ақ қолдануға жататын заңға сілтеме болуға тиіс. Прокурор азаматтың мүдделері үшін өтініш жасаған жағдайда талап қою арызында азаматтың өзінің талап қоюдың мүмкін еместігі себептеріне негіз болуға тиіс. Талап қою арызына, әрекетке қабілетсіз тұлғаның мүдделері үшін талап қою берілетін жағдайларды қоспағанда, прокурордың талап қоюмен сотқа жүгінуіне азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісім беруін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.
4. Талап қою арызына талап қоюшы немесе талап қою арызына қол қоюға өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қояды. Талап қою электрондық құжат нысанында берілген кезде ол талап қоюшының немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.
149-бап. Талап қою арызына қоса берілетін құжаттар
1. Талап қою арызына:
1) жауапкерге немесе оның өкіліне, үшінші тұлғаларға талап қою арызы мен оған қоса берілген құжаттар көшірмелерінің жіберілгенін растайтын құжат;
2) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
3) өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат;
4) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздеген мән-жайларды растайтын құжаттар;
5) дауды сотқа дейін реттеу тәртібінің сақталғанын растайтын құжаттар, егер осы тәртіп заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе;
6) егер дәлелдеме жауапкерде немесе үшінші тұлғада болса, талап қоюшының дәлелдемелерді талап ету туралы өтінішхаты;
7) егер талап қоюды заңды тұлға берсе, жарғының, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмелері қоса беріледі.
2. Электрондық құжат нысанында берілетін талап қою арызына осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың электрондық нысандағы көшірмелері қоса беріледі.
150-бап. Талап қою арызын қабылдау
1. Судья талап қою арызы келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені шешеді.
2. Талап қою арызын бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылдап, судья сот ісін жүргізу тілін көрсетумен бірге азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
151-бап. Талап қою арызын қабылдаудан бас тарту
1. Егер:
1) арыз азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса;
2) сол тараптардың арасындағы, нақ сол нысана туралы және нақ сол негіздер жөніндегі шығарылған дау бойынша, осы Кодексте көзделген негіздермен іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы заңды күшіне енген сот шешімі немесе сот ұйғарымы болса;
3) төреліктің нақ сол тараптар арасындағы нақ сол нысана туралы және нақ сол негіздер жөніндегі дау бойынша қабылданған шешімі болса және бұл туралы сотқа белгілі болса, судья талап қою арызын қабылдаудан бас тартады.
2. Судья талап қою арызын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымды ол келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде шығарады, ол талап қоюға қоса берілген барлық құжаттармен бірге арыз берушіге табыс етіледі немесе жіберіледі.
3. Талап қою арызын қабылдаудан бас тарту талап қоюшының нақ сол жауапкерге нақ сол нысана және нақ сол негіздер бойынша талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі келтіреді.
4. Егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға және шешуге жатпаса, соттың талап қою арызын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымында талап қоюшыға қай органға жүгінгені дұрыс болатыны көрсетіледі.
5. Талап қою арызын қабылдаудан бас тарту туралы ұйғарымға шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін.
152-бап. Талап қою арызын қайтару
1. Егер:
1) талап қоюшы істердің осы санаты үшін заңда белгіленген немесе тараптардың шартында көзделген дауды сотқа дейін реттеудің тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жойылмаса;
2) іс осы соттың соттылығына жатпаса;
3) талап қою арызы осы Кодекстің 148-бабының, 149-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 5) тармақшаларының талаптарына сәйкес келмесе және істі сот талқылауына дайындау сатысында кемшіліктерді жоюдың мүмкін еместігі анықталатын болса;
4) арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;
5) арызға оған қол қоюға немесе оны беруге өкілеттігі жоқ адам қол қойса;
6) осы немесе басқа соттың не төреліктің іс жүргізуінде сол тараптардың арасындағы, сол нысана туралы және сол негіздер жөніндегі дау бойынша іс болса;
7) егер заңда өзгеше көзделмесе, осы дауды төреліктің шешуіне беру туралы тараптар арасында заңға сәйкес келісім жасалса;
8) коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган жылжымайтын затты есепке қабылдаған күннен бастап бір жыл өткенге дейін осы затқа коммуналдық меншік құқығын тану туралы сотқа жүгінсе;
9) талап қоюшы өзі берген талап қою арызын қайтару туралы мәлімдесе, судья талап қою арызын қайтарады.
2. Судья талап қою арызын қайтару туралы ұйғарым шығарады, онда, егер іс осы соттың қарауына жатпаса, адам қандай сотқа жүгіну керектігін, не азаматтық істі қозғауға кедергі келтіретін мән-жайларды қалай жоюға болатындығын көрсетеді. Ұйғарым талап қою арызы сотқа келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде шығарылуға және қоса берілген барлық құжаттарымен бірге талап қоюшыға тапсырылуға немесе жіберілуге тиіс.
3. Талап қою арызын қайтару, егер талап қоюшы жіберілген бұзушылықты жоятын болса, сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қоюшының талап қоюмен сотқа қайтадан жүгінуіне кедергі болмайды.
4. Талап қою арызын қайтару туралы соттың ұйғарымына апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.
153-бап. Қарсы талап қою
1. Жауапкер істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін бастапқы талап қоюмен бірлесіп қарау үшін талап қоюшыға қарсы талап қоюға құқылы. Қарсы талап қою, қарсы талап қоюды қайтару, оны қабылдаудан бас тарту осы Кодекстің 148, 151 және 152-баптарында көзделген қағидалар бойынша жүргізіледі.
2. Егер жауапкер істі дайындау сатысында істі сот талқылауына дайындау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланбауы себебінен сот талқылауына қатыспаса, сот талқылауы барысында қарсы талап қою қабылдануы мүмкін.
154-бап. Қарсы талап қоюды қабылдау шарттары
Егер:
1) қарсы талап қою алғашқы талап қоюдың есебіне бағытталса;
2) қарсы талап қоюды қанағаттандыру бастапқы талап қоюды толық немесе ішінара қанағаттандыруды жоққа шығаратын болса;
3) қарсы талап қою мен бастапқы талап қою арасында өзара байланыс болса, ал оларды бірлесіп қарау дауларды неғұрлым жылдам және дұрыс қарауға әкелсе, судья қарсы талап қоюды қабылдайды.
15-тарау. ТАЛАП ҚОЮДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
155-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету үшін негіздер
1. Іске қатысатын адамдардың, төрелік талқылау тараптарының арызы бойынша сот істің қандай жағдайында болмасын, егер осындай шараларды қабылдамау соттың шешімін орындауды қиындатса немесе мүмкін етпейтіндей болса, талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдай алады.
Төрелік талқылау тараптары талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызға төрелікке талап қоюды растайтын құжатты қоса беруге тиіс.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымына, сондай-ақ банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымы болып табылмайтын ұйымға қатысты олар қайта құрылымдауды жүргізген кезде талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қолдануға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың және (немесе) оларға қосымшалардың қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі дауланып отырған құқықтық актісінің, сондай-ақ оның жазбаша нұсқамаларының қолданылуын тоқтата тұруға қатысты талап қоюды қамтамасыз ету шараларын қабылдауға жол берілмейді.
Салық тексерулерін жүргізу үшін негіз болып табылатын мемлекеттік кіріс органдарының дауланып отырған құқықтық актісінің қолданылуын тоқтата тұру түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдауға жол берілмейді.
156-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
1. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар:
1) жауапкерге тиесілі және оның өзіндегі немесе басқа да тұлғалардағы мүлікке (банктің корреспонденттік шотында тұрған ақшаға және сауда-саттық ұйымдастырушылардың ашық сауда-саттықтар әдісімен сауда жүйелерінде жасасқан репо операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке, сондай-ақ жалақы сомалары түсетін банк шоттарында тұрған ақшаға тыйым салуды қоспағанда) тыйым салу болуы мүмкін.
Міндетті зейнетақы жарналарына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына (олар бойынша өсімпұлдарға), зейнетақы активтеріне және зейнетақы жинақтарына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтеріне, сондай-ақ мемлекет кепілдік берген әлеуметтік төлемдерге тыйым салуға жол берілмейді.
Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының және оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетiн бұзуынан келтiрiлген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар бойынша шет мемлекеттің корреспондентік шотында Қазақстан Республикасының аумағында тұрған ақшаға тыйым салуға жол берiледi.
Жауапкерге тиесілі және банкте тұрған ақшаға тыйым салу түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымда тыйым салынатын ақша сомасы көрсетілуге тиіс. Тыйым салынатын ақша сомасын талап қоюдың бағасын негізге ала отырып сот айқындайды;
2) жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу;
3) басқа тұлғалардың орындау мерзімі жеткен міндеттемелер бойынша мүлікті жауапкерге беруіне немесе заңда немесе шартта көзделген өзге де міндеттемелерді жауапкерге қатысты орындауына тыйым салу;
4) мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қойылған жағдайларда мүлікті өткізуді тоқтата тұру және (немесе) борышкердің мүлкін бағалау нәтижелеріне дау айту;
5) мемлекеттік органның, жергілікті өзін-өзі басқару органының дауланып отырған құқықтық актісінің (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиялардың және (немесе) оларға қосымшалардың қолданылуын тоқтата тұру және (немесе) олардан айыру, қаржы ұйымдарын консервациялауды жүргізу жөніндегі құқықтық актісін, сондай-ақ оның жазбаша нұсқамаларын қоспағанда) қолданылуын тоқтата тұру;
6) борышкер сот тәртібімен даулайтын атқарушылық құжат бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру;
7) кепіл нысанасын соттан тыс сату жөніндегі сауда-саттықтарды тоқтата тұру;
8) дауланып отырған актілерді және сот орындаушысының өндіріп алуды мүлікке айналдыруға байланысты атқарушылық іс жүргізуде жасайтын әрекеттерін тоқтата тұру болуы мүмкін.
2. Қажетті жағдайларда сот осы Кодекстің 155-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мақсаттарға сай келетін, талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы мүмкін. Сот талап қоюды қамтамасыз етудің бірнеше шараларын қабылдауы мүмкін. Осы бапта көрсетілген тыйым салулар бұзылған кезде кінәлі адамдар заңдарда белгіленген жауапты болады. Бұдан басқа, талап қоюшы талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындамаудан келтірілген залалдарды осы адамдардан сот тәртібімен өндіруді талап етуге құқылы.
3. Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талап қоюшының мәлімдеген талабына сай болуға және үшінші тұлғалардың жария мүдделері мен мүдделерін бұзбауға тиіс.
157-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды қарау
1. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды, егер ол талап қою арызына қоса берілсе немесе бұл туралы талап қою арызында көрсетілсе, азаматтық іс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күні судья қарайды және шешеді. Қалған жағдайларда талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья арыз сотқа келіп түскен күні шешеді.
2. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья іске қатысатын адамдарға, төрелік талқылау тараптарына хабарламай, сот отырысын өткізбей қарайды және шешеді.
3. Судья арызды қараудың нәтижелері бойынша осы Кодекстің 156-бабында көзделген қамтамасыз ету шараларын көрсете отырып, талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
158-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды орындау
1. Сот:
1) мүлік туралы мәліметтер болмаған кезде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен борышкердің мүлкіне тыйым салу үшін аумақ бойынша тиісті әділет органына;
2) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 6), 8) тармақшаларында көзделген жағдайларда атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру үшін аумақ бойынша тиісті әділет органына;
3) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда шығарылса, жауапкерге;
4) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жағдайда мемлекеттік органға немесе жергілікті өзін-өзі басқару органына;
5) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көзделген жағдайда кепіл ұстаушыға;
6) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайда әділет органына немесе мүлікке шектеулі билік етуді іске асыратын уәкілетті органға;
7) осы Кодекстің 156-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайда жауапкердің дебиторына;
8) даулы мүлікке ауыртпалықты салу үшін тіркеуші органға;
9) жауапкерге тиесілі және банк шоттарында тұрған ақшаға тыйым салу үшін банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға шоттардын нөмірлері мен нақтылы банк белгілі болған жағдайда оны дереу ұсыну үшін қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы өтінішхатты берген адамға талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымды жібереді немесе табыс етеді.