4) қылмыстық істі жекелеген күдіктілерге қатысты тоқтатады, бұл туралы тиісті қаулы шығарады және істі сотқа жібереді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді толық көлемде тоқтатады.
Прокурор осы бөліктің бірінші абзацының 2), 3), 4) тармақтарында көзделген қабылданған шешім туралы мүдделі адамдарды хабардар етеді.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Арасында қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бар екі және одан көп қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысты қылмыстық іс осы баптың төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен сотқа жіберілуге жатады.
629-4-бап. Бұйрықтық іс жүргізудегі сот талқылауының тәртібі мен мерзімі
1. Судья іс сотқа бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен бірге келіп түскен кезден бастап үш тәулікке дейінгі мерзімде істі ұсынылған материалдар негізінде, сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды.
Судья істі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау қорытындылары бойынша мынадай уәжді шешімдердің бірін:
1) 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) егер бұйрықтық іс жүргізуді қолданудың осы Кодекстің 629-1-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздері болмаса, істі прокурорға қайтару туралы қаулы;
3) егер осы Кодекстің 35 және 36-баптарында көзделген негіздер болса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы;
4) бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімін;
5) 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
6) егер сот сотталушыға айыппұлдан өзге қылмыстық жаза тағайындау қажет деген тұжырымға келетін болса, қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шығарады.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды.
629-5-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімінің құрылымы мен мазмұны
1. Айыптау үкімінің кiрiспе бөлiгiнде:
1) үкiмнiң Қазақстан Республикасының атынан шығарылғаны;
2) үкiмнiң шығарылған уақыты мен орны;
3) үкiм шығарған соттың атауы;
4) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде), оның туған жылы, айы, күнi және жерi, тұрғылықты жері, жұмыс орны, айналысатын кәсiбi, бiлiмi, отбасылық жағдайы және сотталушының жеке басы туралы, іс үшін маңызы бар өзге де мәлiметтер;
5) жасалғанына сотталушы айыпталып отырған қылмыстық құқық бұзушылықты көздейтiн қылмыстық заң (бап, бөлiк, тармақ) көрсетiледi.
2. Айыптау үкімінің сипаттау-уәждеу бөлігінде:
1) сотталушы кінәлі деп танылған, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаттамасы;
2) қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы;
3) кінәсінің нысаны, қылмыстық құқық бұзушылықтың уәждері мен салдары, келтірілген нұқсанның сипаты мен мөлшері;
4) сотталушыға айыппұл тағайындау уәждері;
5) азаматтық талап қою бойынша шешімнің уәждері;
6) заттай дәлелдемелердің тағдыры, процестік шығасыларды өндіріп алу көрсетіледі.
3. Айыптау үкімінің қарар бөлігінде мыналар көрсетілуге тиіс:
1) сотталушының тегi, аты және әкесiнiң аты (ол болған кезде);
2) сотталушыны қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тану туралы шешім;
3) сотталушы кінәлі деп танылған қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ);
4) айыппұл мөлшері, оның ішінде теріс қылықтардың және (немесе) онша ауыр емес қылмыстардың жиынтығы кезінде әрбір қылмыстық құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 58-бабы негізінде тағайындалған айыппұлдың түпкілікті мөлшері;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) сотталушыны белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы шешім;
5) қойылған азаматтық талап бойынша шешім;
6) заттай дәлелдемелер туралы мәселенің шешілуі;
7) процестік шығасыларды бөлу туралы шешім;
8) үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат келтіру және үкімге шағым жасау тәртібі мен мерзімі туралы көрсету.
629-6-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімінің көшірмесін жіберу
1. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі айыптау үкімі шығарылған күннен бастап бір тәуліктен кешіктірмей, сот оның көшірмесін сотталған адамға табыс ету туралы хабарламамен, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге және прокурорға, сондай-ақ тиісті өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде процестің басқа қатысушыларына жiбередi.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сотталған адам айыптау үкімінің көшірмесін алған күннен бастап жеті тәулік ішінде бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен үкім шығарған сотқа, айыппұл мөлшерін қоспағанда, үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат жіберуге құқылы.
Егер сотталған адамнан белгіленген мерзімде үкіммен келіспейтіні туралы өтінішхат келіп түссе, судья өзі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарған үкімнің күшін жояды және істі прокурорға қайтарады, бұл туралы қаулы шығарады.
Прокурор қылмыстық істі алып, оны одан әрі тергеп-тексеруді жүргізу үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жібереді.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған үкімнің күшін жою туралы қаулының көшірмесі ол шығарылған күні - сотталған адамға, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге және прокурорға, сондай-ақ тиісті өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде процестің басқа қатысушыларына табыс етіледі (жіберіледі).
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі үкімнің күшін жою туралы қаулы шағым жасалуға немесе прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға жатпайды.
629-7-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне шағым жасау
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне - көрсетілген сот актілерінің көшірмесі алынған кезден бастап жеті тәулік ішінде жәбірленушінің шағымы және (немесе) прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін, олар осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген апелляциялық тәртіппен қаралуға жатады.
Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне, азаматтық талап қоюға қатысты бөлігінде, көрсетілген сот актілерінің көшірмесі алынған кезден бастап жеті тәулік ішінде апелляциялық тәртіппен шағым жасауға құқылы.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны және айыптау үкімін қайта қарау туралы өтінішхаттарды қарау осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Сотталған адам тағайындалған айыппұл мөлшеріне келіспеген жағдайда ғана айыптау үкіміне өтінішхат келтіре алады.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы да және айыптау үкімі де осы Кодекстің 10-бөлімінде көзделген тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
629-8-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі істі тоқтату туралы қаулының және айыптау үкімінің заңды күшіне енуі
Егер белгіленген мерзімде сотталған адамнан, жәбiрленушiден, азаматтық талапкерден, азаматтық жауапкерден немесе прокурордан өтінішхат келіп түспесе, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған істі тоқтату туралы қаулы және айыптау үкімі орындауға жіберіледі, бұл туралы сотталған адамға, оның қорғаушысына (ол қатысқан кезде), жәбiрленушiге және прокурорға хабарланады.
14-БӨЛIМ. ІСТЕР БОЙЫНША АЛҚАБИЛЕРДIҢ ҚАТЫСУЫМЕН IС ЖҮРГIЗУ
65-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
630-бап. Істер бойынша алқабилердiң қатысуымен iс жүргiзу тәртiбi
Сот алқабилердiң қатысуымен қарайтын қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу осы бөлiмде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодекстiң қағидаларына сәйкес жүргiзiледi.
631-бап. Істердің алқабилер қатысатын сотқа соттылығы
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 175-VІІ ҚР Заңымен (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-бөлік жаңа редакцияда
1. Сот алқабилердің қатысуымен:
1) төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру;
2) бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар;
3) террористік және экстремистік қылмыстар;
4) соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар;
5) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар;
6) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, аса ауыр қылмыстар туралы істерді қарайды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 116 (екінші және үшінші бөліктерінде), 125 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 128 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 146 (екінші және үшінші бөліктерінде), 160, 163, 164 (екінші бөлігінде), 168, 249 (екінші бөлігінде), 317 (төртінші бөлігінде), 335 (төртінші бөлігінде), 337 (төртінші және алтыншы бөліктерінде), 345 (төртінші бөлігінде), 345-1 (төртінші бөлігінде), 346 (бесінші және алтыншы бөліктерінде), 380-1 (екінші бөлігінің 6) тармағында) - баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істерді де сот алқабилердің қатысуымен қарайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 175-VІІ ҚР Заңымен (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-бөлік жаңа редакцияда
2. Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабында көзделген қылмыстарды жасады деп айыпталса, егер қылмыстардың мұндай жиынтығына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 116 (екінші және үшінші бөліктерінде), 125 (үшінші бөлігінің 1) тармағында), 128 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінің 1) тармағында), 146 (екінші және үшінші бөліктерінде), 160, 163, 164 (екінші бөлігінде), 168, 249 (екінші бөлігінде), 317 (төртінші бөлігінде), 335 (төртінші бөлігінде), 337 (төртінші және алтыншы бөліктерінде), 345 (төртінші бөлігінде), 345-1 (төртінші бөлігінде), 346 (бесінші және алтыншы бөліктерінде), 380-1 (екінші бөлігінің 6) тармағында) - баптарында көзделген қылмыстың, сондай-ақ:
1) төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру;
2) бейбітшілікке және адамзат қауіпсіздігіне қарсы, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар;
3) террористік және экстремистік қылмыстар;
4) соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар;
5) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар;
6) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған қылмыстың ең болмағанда біреуі кірсе, айыпталушының өз ісін сотқа алқабилердің қатысуымен қаратуға құқығы бар.
3. Егер iс бойынша бiрнеше адам айыпталса, егер олардың ең болмағанда бiреуi қылмыстық iстi алқабилердiң қатысуымен қарау туралы өтiнiшхат мәлімдесе, соттың оны алқабилердiң қатысуымен қарауы барлық сотталушыларға қатысты осы бөлiмде көзделген қағидалар бойынша жүргiзiледi.
632-бап. Алқабилер қатысатын сот құрамы
Қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотта және қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық әскери сотта алқабилер қатысатын сот бiр судьяның және он алқабидiң құрамында әрекет етедi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 633-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
633-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу
Бүкiл сот талқылауы барысында іс бойынша төрағалық етушінің, мемлекеттiк айыптаушының, жәбiрленушiнің, сотталушының және оның қорғаушысының, сондай-ақ процестiң басқа да қатысушыларының осы iстi қарауға қатысатын алқабилермен белгiленген тәртiптен бөлек қарым-қатынас жасауына тыйым салынады.
634-бап. Соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат
1. Қылмыстық сот iсiн жүргiзудi осы бөлiмде көзделген қағидаларға сәйкес жүзеге асыру күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты бойынша жүргiзiледi.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаннан кейiн күдіктіні iстiң барлық материалдарымен таныстыру кезiнде оған соттың істі алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат беру құқығын, сондай-ақ алқабилер қатысқан соттың үкiмiне шағым жасау және шағымды қарау ерекшелiктерiн қоса алғанда, осындай өтiнiшхатты қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсiндiруге мiндеттi.
3. Істiң барлық материалдары танысу үшiн ұсынылған кезде, сондай-ақ келесi кезеңде, оның iшiнде сотта iстi алдын ала тыңдауда, бiрақ сот басты сот талқылауын тағайындағанға дейiн күдіктінің, айыпталушының iстi соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат мәлiмдеуге құқығы бар.
4. Күдіктінің, айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы не өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарату құқығын пайдаланудан бас тартуы туралы өтiнiшхаты күдіктіге тергеу әрекеттерiнің аяқталғанын хабарлау және оның құқықтарын түсiндiру туралы хаттамада көрсетіледі. Кейiннен мәлiмделген өтiнiшхатты күдікті, айыпталушы жазбаша түрде баяндайды және ол осы іс соттылығы бойынша сотқа дереу жiберiледi. Істі алдын ала тыңдау барысында мәлімделген өтінішхат жазбаша және ауызша болуы мүмкін.
5. Сот басты сот талқылауын тағайындағаннан кейiн айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты қабылданбайды.
6. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргiзiлгенге дейiн және алдын ала тыңдау барысында өз iсiн алқабилердiң қатысуымен қарау туралы мәлiмдеген өтiнiшхатынан бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз iсiн соттың алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхаты алдын ала тыңдау барысында расталғаннан кейiн оның одан бас тартуы қабылданбайды.
66-тарау. СОТ ОТЫРЫСЫН ТАҒАЙЫНДАУ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
635-бап. Алдын ала тыңдауды өткізу
Осы Кодекстің 631-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген істер бойынша алдын ала тыңдау өткізу күдіктінің, айыпталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхатының болуына немесе болмауына қарамастан міндетті.
636-бап. Алдын ала тыңдау өткiзудің ерекшелiктерi
1. Судья алдын ала тыңдауды сотталушыларды, оның ішінде өздеріне iстi алқабилердiң қатысуымен қарау құқығы тиесілі емес сотталушыларды және олардың қорғаушыларын мiндеттi түрде қатыстыра отырып, жеке-дара өткiзедi.
2. Судья сот отырысының басында қай iстiң қаралуға жататынын хабарлайды, отырысқа қатысатын адамдарға өзiн таныстырады, кiмнiң мемлекеттiк айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенiн хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлiмделген қарсылық білдірулерді шешедi. Мемлекеттiк айыптаушы айыптау актісін жария етедi. Судья сотталушыға айыптаудың түсiнiктi-түсініксіз екенін анықтайды, қажет болған жағдайларда оған айыптаудың мәнiн түсiндiредi және оның өз iсiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы берген өтiнiшхатын растайтын-растамайтынын сұрайды. Егер істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімделмесе, судья сотталушыға оның осы сот отырысында тікелей мәлімделуі мүмкін екенін түсіндіреді. Сотталушының ауызша өтінішхаты сот отырысының хаттамасына енгізіледі, жазбаша өтінішхат іске қоса тігіледі. Сотталушының істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өз өтінішхатынан бас тартуы, сондай-ақ оның осындай өтінішхатты мәлімдегісі келмейтіні сот отырысының хаттамасында не іске қоса тігілетін сотталушының жазбаша өтінішхатында көрсетіледі.
3. Егер сотталушы өз ісiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растаса, онда судья осы өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы шешiм қабылдайды, бұл ретте басқа сотталушылардың пікірі ескерілмейді және мемлекеттiк айыптаушы, жәбiрленушi, сотталушы және оның қорғаушысы мәлiмдеген басқа өтiнiшхаттарды қарауға көшедi.
4. Қажет болған жағдайда, алдын ала тыңдауда дәлелдемелер ретiнде жол берілетінін тексеру үшiн iс материалдары жария етiлуi мүмкiн.
5. Егер сотталушы өз iсiн алқабилер қатысатын сотқа қарату туралы өз өтiнiшхатын растамаса, судья осы Кодекстiң 321-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген басқа негiздер болмаған кезде алдын ала тыңдау аяқталды деп хабарлайды. Iс бойынша одан әрi іс жүргiзу осы Кодекстiң 42-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
6. Судьяның iстi алқабилер қатысатын соттың қарауы туралы мәселе жөніндегі қаулысы түпкiлiктi болып табылады. Одан әрі қаулы сотталушының ұстанымының өзгеруіне орай қайта қаралмайды.
637-бап. Алқабилер қатысатын сот отырысын тағайындау кезiнде алдын ала тыңдау тәртiбiмен шығарылатын шешiмдердiң ерекшелiктерi
1. Судья алдын ала тыңдау қорытындысы бойынша осы Кодекстiң 322 - 327-баптарында көзделген шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.
2. Егер сотталушы істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе немесе бұл туралы бұрын мәлімделген өтінішхатты растаса, судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда iстi алқабилер қатысатын соттың қарайтынын көрсетедi және осы сот отырысына шақырылуға жататын алқабиге кандидаттардың санын айқындайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиiс.
3. Судья алдын ала тыңдау нәтижелерi бойынша осы Кодекстiң 112-бабына сәйкес iс материалдарынан дәлелдемелер ретiнде жарамсыз деп танылған нақты деректердi алып тастайды.
638-бап. Сот талқылауына қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау тәртiбi
1. Судья істi алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетiлген алқабиге кандидаттарды алқабиге iрiктеу үшiн олардың сот отырысына келуiн қамтамасыз ету туралы өкiм бередi.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн төрағалық етушiнiң өкiмi бойынша сот отырысының хатшысы соттағы алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімінен алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргiзедi.
3. Бiр сол адам сот отырыстарына алқаби ретiнде жылына бiр реттен артық қатыса алмайды.
4. Қылмыстық iстi қарауға қатысу үшiн алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау аяқталғаннан кейiн олардың тегi, аты, әкесiнiң аты және үйінің мекенжайлары көрсетiле отырып, алдын ала тiзiм жасалады, оған сот отырысының хатшысы қол қояды.
5. Алдын ала тiзiмге енгiзiлген алқабиге кандидаттарға сот талқылауы басталғанға дейiн жетi тәулiктен кешiктiрiлмей, сотқа келетiн күнi мен уақыты көрсетiлген хабарлама табыс етіледі.
6. Хабарлама алған азаматтар алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге мiндеттi.
67-тарау. СОТ ТАЛҚЫЛАУЫНА ҚАТЫСУ ҮШIН АЛҚАБИГЕ КАНДИДАТТАРДЫ IРIКТЕУ
639-бап. Жалпы ережелер
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кандидаттар ішінен алқабилердi iрiктеу осы Кодекстiң 350 - 363-баптарының талаптары орындалғаннан кейiн жабық сот отырысында:
1) төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы;
2) өздiгiнен бас тарту туралы мәселелердi шешу;
3) қарсылық білдіру туралы мәселелердi шешу;
4) алқабиге кандидаттарға уәжсіз қарсылық білдіру арқылы жүзеге асырылады.
2. Сот отырысының хатшысы төрағалық етушiге алқабиге кандидаттардың сот отырысына келуi туралы баяндайды және алқабиге кандидаттың әрқайсысына оның тегiн көрсете отырып билет жазып бередi.
3. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттар алдында:
1) өзiн таныстырып;
2) тараптарды таныстырып;
3) қандай iс қаралуға жататынын хабарлап;
4) заңға сәйкес алқабилердiң мiндеттерi және олардың осы қылмыстық iстi қарауға қатысу тәртiбi туралы хабарлап, қысқаша кіріспе сөз сөйлейдi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Алқабилерге кандидатты iстi қарауға қатысудан босату туралы мәселенi объективтi түрде шешу мақсатында төрағалық етушi, сондай-ақ тараптар алқабилердi iрiктеу кезiнде кандидаттарға алқабилер алқасын қалыптастыру үшін маңызы бар сұрақтарды қоя алады. Сұрақтарды қою тәртібін төрағалық етуші айқындайды.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Алқабиге кандидат iстi қарауға қатысу үшiн iрiктеу кезiнде төрағалық етушi және тараптар қойған сұрақтарға шынайы жауап беруге, сондай-ақ оның талабы бойынша өзi туралы және iске қатысатын басқа адамдармен қарым-қатынасы туралы өзге де қажеттi ақпараттар беруге тиiс.
6. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардың абыройы мен қадiр-қасиетiн түсіретiн сұрақтар қоймайды.
Төрағалық етуші сұрақ пен жауаптың процеске басқа да қатысушылар мен залда қатысып отырған адамдар үшін қолжетімді болмауын сақтай отырып, алқабиге кандидатқа кейбір сұрақтарды қоюға құқылы, ал кандидат оған жауап беруге құқылы.
7. Төрағалық етушi алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босатуға байланысты барлық мәселелердi, сондай-ақ өздiгiнен бас тартуларды және алқабиге кандидаттарға мәлiмделген қарсылық білдірулерді кеңесу бөлмесiне кетпей тұрып, сот отырысының хаттамасына судьяның қаулысын енгізе отырып жеке-дара шешедi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 8-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың жиырма бесiнен азы келсе не олардың кейбiрiн сот талқылауына қатысудан босатқаннан кейiн немесе төрағалық етушi судья өздiгiнен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейiн олар он жетiден азайып қалса, төрағалық етушi сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетiспейтiн санын бірыңғай тiзiмнен толықтыру туралы өкiм бередi. Бұл жағдайда сот отырысында алқабиге бірыңғай кандидаттарды шақыру үшiн үзiлiс жарияланады.
640-бап. Төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы
1. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттарға олардың осы Кодексте белгiленген мiндеттерiн түсiндiредi, содан кейiн алқабиге кандидаттардан iстi қарауға өздерінің алқаби ретiнде қатысуына кедергi келтiретiн мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
2. Төрағалық етушi:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдiк келтірілетін немесе айыпталатын;
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамдарды, сөйлеу қабілетінен толық айырылған адамдарды, есту қабілетінен толық айырылған адамдарды және көру қабілетінен толық айырылған адамдарды;
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) мүгедектігі бар адамдардың сот отырысына толыққанды қатысуын қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырушылық не техникалық мүмкіндіктер болмаған кезде, оларды процеске қатысушылармен талқыламастан, алқаби міндеттерін атқарудан босатады.
3. Төрағалық етушi:
1) алпыс бес жастан асқан адамдарды;
2) үш жасқа толмаған балалары бар әйелдердi;
3) өзiнiң дiни нанымына байланысты өзінің сот төрелiгiн жүзеге асыруға қатысуы мүмкiн емес деп есептейтін адамдарды;
4) қызметтiк мiндеттерiн орындаудан алаңдатылуы қоғамдық және мемлекеттiк мүдделерге едәуiр зиян келтiруi мүмкiн адамдарды (дәрiгерлер, мұғалiмдер, әуежолдарының ұшқыштары және басқалар);
5) сот отырысына қатыспау үшiн дәлелдi себептерi бар өзге де адамдарды, олардың ауызша немесе жазбаша өтiнiшi бойынша, процеске қатысушылармен талқыламастан, алқаби мiндеттерiн атқарудан босатуы мүмкін.
4. Төрағалық етушi алқабиге кандидаттардан сотта қаралатын iстiң мән-жайлары туралы хабардар екенін анықтайды.
5. Төрағалық етушi алқабиге кез келген кандидатты осы адамға заңсыз көрсетiлген ықпал ету, онда теріс пiкiрдің болуы, ол iстiң мән-жайларын процестік емес көздерден емес, басқа көздерден бiлуi салдарынан оның объективтiлiгiне негiздi күмән келтiрiлсе, сондай-ақ алқабиге кандидат алқаби ретiнде iстi қарауға қатысқан кезде объективтi болмау мүмкiндiгiн көрсететiн басқа да себептермен iс бойынша алқабидiң мiндеттерiн атқарудан босатады.