251-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу тәртібі
252-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге рұқсат етілген тұлғалар
253-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалын, фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың) стандартты үлгілерін және олардың қоспаларын жеке пайдалану және өзге де коммерциялық емес мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу
254-бап. Уәкілетті орган мен кеден ісі саласындағы уәкілетті органның өзара іс-қимылы
255-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалын, фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың) стандартты үлгілерін және олардың қоспаларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкету тәртібі
256-бап. Медициналық техниканы монтаждау, жөндеу, оған техникалық және метрологиялық қызмет көрсету
257-бап. Медициналық бұйымдардың тиімділігіне, қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын жалпы талаптар
258-бап. Қолданудың ықтимал тәуекелі дәрежесіне қарай медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін сыныптау және қауіпсіздігін қайта сыныптау
259-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдануды тоқтата тұру, тыйым салу немесе айналыстан алып қою не шектеу
260-бап. Жалған, контрафактілік дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар
261-бап. Фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдар қауіпсіздігінің, сапасы мен тиімділігінің мониторингі
262-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы ақпарат
263-бап. Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр
264-бап. Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану
265-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы
6-БӨЛІМ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ КАДР САЯСАТЫ
29-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ КАДР РЕСУРСТАРЫ
266-бап. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесі
267-бап. Денсаулық сақтау саласындағы салалық біліктілік жүйесінің ерекшеліктері
268-бап. Денсаулық сақтау саласындағы кадр саясатын іске асыру қағидаттары
269-бап. Денсаулық сақтау қызметкерлерін үздіксіз кәсіптік дамыту
30-тарау. МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ
270-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі және олардың құқықтары
271-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің міндеттері
272-бап. Әлеуметтік кепілдіктер. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қорғау
273-бап. Медицина қызметкері құпиясы
274-бап. Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ар-намыс кодексі
7-БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
275-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
276-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша «профилактикалық бақылау мен қадағалау», «профилактикалық бақылау мен қадағалаудың», «профилактикалық бақылау мен қадағалауды», «профилактикалық бақылау және қадағалау» деген сөздер тиісінше «профилактикалық бақылау», «профилактикалық бақылаудың», «профилактикалық бақылауды», «профилактикалық бақылау» деген сөздермен ауыстырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адамның мекендеу ортасы (бұдан әрі - мекендеу ортасы) - адамның тiршiлiк ету жағдайын айқындайтын, ортаның (табиғи және жасанды) табиғи, антропогендiк және әлеуметтiк факторларының жиынтығы;
2) АИТВ инфекциясы - адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына алып келетін созылмалы инфекциялық ауру;
3) алғашқы көмек бойынша сертификатталған жаттықтырушы - алғашқы көмек пен базалық жүрек-өкпе реанимациясы бойынша қосымша даярлықтан өткен адам;
4) анонимдік зерттеп-қарау - адамды жеке басын сәйкестендірмей, ерікті түрде медициналық зерттеп-қарау;
5) апат медицинасы - әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың (бұдан әрі - төтенше ахуалдар) медициналық-санитариялық салдарларының алдын алуға және оларды жоюға бағытталған, халық ауруларының алдын алуды және оларды емдеуді, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды, төтенше ахуалдарды жоюға қатысушылардың денсаулығын сақтауды және қалпына келтіруді, сондай-ақ авариялық-құтқару қызметтерінің қызметкерлеріне медициналық көмекті қамтитын медицина саласы;
6) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры - аударымдар мен жарналарды жинақтауды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
7) әскери медицина - әскери-медициналық қызметтің ғылыми білімі (ғылыми-практикалық пәндер кешені) мен практикалық қызметінің жүйесін білдіретін, бейбіт уақытта және соғыс уақытында арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әскерлерін, бөлімшелері мен ведомстволарын жан-жақты медициналық қамтамасыз етуді өзіне мақсат ететін медицина мен денсаулық сақтау саласы;
8) әскери-медициналық қызмет - әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің Қазақстан Республикасының заңдарында осы органдардың қызметін әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз етуге арналған әскери қызмет немесе мемлекеттік қызметтің ерекше түрі көзделген жиынтығы;
9) әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер - әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, орталық атқарушы органдар мен өзге де орталық мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ әскери-медициналық (медициналық) мекемелер (ұйымдар), өзге де бөлімшелер;
10) байыту (фортификация) - тағамдық өнімді өндіру немесе қайта өңдеу процесінде оған дәрумендерді, минералдарды және басқа да заттарды тағамдық және биологиялық құндылығын арттыру, сондай-ақ адамда олардың тапшы болуына байланысты аурулардың профилактикасы мақсатында енгізу;
11) бала (балалар) - он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;
12) бейінді маман - жоғары медициналық білімі, денсаулық сақтау саласында сертификаты бар медицина қызметкері;
13) белгіленген (түпкілікті) санитариялық-қорғаныш аймағы - есептік (алдын ала) санитариялық-қорғаныш аймағын растау үшін шынайы зерттеулер мен өлшемдердің жылдық циклі нәтижелерінің негізінде айқындалатын санитариялық-қорғаныш аймағының аумағы;
14) белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі - белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттары бөлінісінде дәрілік заттардың, медициналық бұйымдар мен арнайы емдік өнімдердің атаулары мен сипаттамаларын қамтитын, амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бюджет қаражаты және (немесе) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдар мен арнайы емдік өнімдердің тізбесі;
15) биоаналогтық дәрілік препарат (биоаналог, биотектес дәрілік препарат, биосимиляр) - құрамында тіркелген биологиялық бірегей дәрілік препараттың немесе референттік дәрілік препараттың әсер етуші затының нұсқасы бар және ол бойынша сапа, биологиялық белсенділік, қауіпсіздік және тиімділік көрсеткіштері бойынша салыстырып зерттеулердің негізінде ұқсастығы (тектестігі) көрсетілген биологиялық дәрілік препарат;
16) биобанк - ғылыми және медициналық мақсаттар үшін биологиялық материалдарды мамандандырылған сақтау қоймасы;
17) биологиялық белсенді заттар - жануарлар мен адам организмінің патологиялық өзгерген функцияларын қалыпқа келтіретін табиғи жолмен алынатын заттар немесе олардың синтетикалық аналогтары;
18) биологиялық дәрілік препарат - әсер етуші заты биологиялық көзден өндірілген немесе бөліп алынған және оның қасиеттерін сипаттау мен сапасын бақылау үшін өндірістік процесті және оны бақылау әдістерін бағалай отырып, талдаудың биологиялық және физикалық-химиялық әдістерін ұштастыру қажет болатын дәрілік препарат;
19) биологиялық жолмен алынатын дәрілік препараттар - құрамында биологиялық заттарды (гормондар, цитокиндер, қанды ұйыту факторлары, инсулиндер, моноклондық антиденелер, ферменттер, колония ынталандырушы факторлар, тіндер жасушаларының базасында жасалған препараттар және биотехнологиялық әдістердің көмегімен алынған өзге де заттар) қамтитын препараттар;
20) биомедициналық зерттеу - мақсаты адамның өмірі, денсаулығы, аурулар, оларды диагностикалау, емдеу немесе олардың профилактикасы, сондай-ақ өмір процестерімен, аурулармен және денсаулықпен байланысты генетикалық және экологиялық факторлар туралы жаңа білімді ғылыми әдістермен алу болып табылатын зерттеу;
21) биотехнологиялық дәрілік препарат - биотехнологиялық процестердің және рекомбинанттық дезоксирибонуклеин қышқылы технологиясы, биологиялық белсенді ақуыздарды өндіруді кодтайтын гендердің бақыланатын экспрессиясы, гибридомдық технологиялар, моноклондық антиденелер немесе басқа да биотехнологиялық процестер пайдаланылатын әдістерді қолданудың көмегімен өндірілген дәрілік препарат;
22) биоэтика - өмір туралы ғылымның жаңа жетістіктерін қолданудың моральдық, әлеуметтік, құқықтық аспектілерін талдау мақсатында биомедициналық және гуманитарлық ғылымдарды біріктіретін пәнаралық ғылыми бағыт;
23) босандыру - босану актісінің табиғи немесе жасанды жолмен (аспаптық, қолдың көмегімен, дәрі-дәрмекпен) аяқталуы;
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 24) тармақша өзгертілді (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
24) бөлшек саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына арналған шекті баға - бөлшек саудада өткізуді одан жоғары бағамен жүзеге асыруға болмайтын, бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген дәрілік заттың саудалық атауына арналған баға;
25) бірегей дәрілік препарат - қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін растайтын клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық толық зерттеулердің нәтижелерін қамтитын дерекнама негізінде әлемдік фармацевтика нарығында бірінші болып тіркелген және орналастырылған, жаңа әсер етуші заты бар дәрілік препарат;
26) бірлесіп төлеу - ерікті түрде жүзеге асырылатын, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық деңгейде дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың құны мен олардың орнын толтырудың белгіленген шекті бағасындағы айырманы төлеу;
27) бірыңғай дистрибьютор - қызметін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде осы Кодекстің 247-бабына сәйкес жүзеге асыратын заңды тұлға;
28) вакциналар - иммундық жүйе арқылы профилактикалық әсер ететін, инфекциялық аурулардың ерекше профилактикасына арналған дәрілік препараттар;
29) гемопоэздік дің жасушалары - адамның өмір сүру процесінде сүйек кемігінде, перифериялық қанда және кіндік қанында болатын және полипотенттілігі бар, сүйек кемігінің қан өндіру жасушалары;
30) гемопоэздік дің жасушалары (сүйек кемігі) донорларының тіркелімі - гемопоэздік дің жасушаларының (сүйек кемігінің) өтеусіз донорлығына келіскен және НLА жүйесі бойынша типтелген адамдардың тізбесі;
31) генетикалық түрлендірілген объектілер - гендік инженерия әдістері пайдаланыла отырып алынған, өсімдіктен және (немесе) жануардан алынатын шикізат пен өнімдер, оның ішінде генетикалық түрлендірілген көздер, организмдер;
32) гомеопатиялық дәрілік препарат - Қазақстан Республикасы және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақ фармакопеяларының талаптарына сәйкес немесе олар болмаған жағдайда, гомеопатиялық фармакопеялардың талаптарына сәйкес гомеопатиялық шикізат пайдаланыла отырып, гомеопатиялық технология бойынша өндірілген дәрілік препарат;
33) дәрілік зат - затты не заттардың комбинациясын білдіретін немесе қамтитын, адам организмімен байланысқа түсетін, адамның ауруларын емдеуге, олардың профилактикасына немесе оның физиологиялық функцияларын фармакологиялық, иммунологиялық не метаболизмдік әсер ету арқылы қалпына келтіруге, түзетуге немесе өзгертуге немесе адамның аурулары мен жай-күйінің диагностикасына арналған зат;
34) дәрілік затқа арналған шекті баға - дәрілік затты одан жоғары бағамен өткізуді жүзеге асыруға болмайтын баға;
35) дәрілік заттардың айналысы - дәрілік заттарды әзірлеу, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер, сынақтар, клиникалық зерттеулер, сараптау, тіркеу, фармакологиялық қадағалау, сапасын бақылау, өндіру, дайындау, сақтау, тасымалдау, әкелу және әкету, босату, өткізу, беру, қолдану, жою процестерін қамтитын қызмет;
36) дәрілік заттардың айналысы саласындағы тиісті фармацевтикалық практикалар (бұдан әрі - тиісті фармацевтикалық практикалар) - дәрілік заттардың өмірлік циклінің барлық кезеңіне қолданылатын денсаулық сақтау саласындағы стандарттар: тиісті зертханалық практика (GLP), тиісті клиникалық практика (GCP), тиісті өндірістік практика (GMP), тиісті дистрибьюторлық практика (GDP), тиісті дәріханалық практика (GPP), тиісті фармакологиялық қадағалау практикасы (GVP) және басқа да тиісті фармацевтикалық практикалар;
37) дәрілік заттарды өндіруші - дәрілік заттарды өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және дәрілік заттарды өндіруге лицензиясы бар ұйым;
38) дәрілік заттарды өндірушілердің уәкілетті тұлғаларының тізілімі -уәкілетті органның дәрілік заттарды өндірушілердің уәкілетті тұлғалары туралы мәліметтер қамтылатын электрондық ақпараттық ресурсы;
39) дәрілік заттарды өндірушінің уәкілетті тұлғасы - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес өндіруші өндірген дәрілік заттардың сапасын қамтамасыз етуге және бақылауға жауап беретін және дәрілік заттарды өндірушілердің уәкілетті тұлғаларының тізіліміне енген тұлға;
40) дәрілік заттарды ұтымды пайдалану - жеткілікті уақыт кезеңі ішінде және неғұрлым аз шығындармен пациенттің жеке қажеттіліктеріне сай келетін дозаларда клиникалық көрсетілімге сәйкес келетін дәрі-дәрмекпен емдеу;
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 41) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
41) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарты - бірыңғай дистрибьютор Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан дәрілік заттарды немесе медициналық бұйымдарды өндірушімен не патенттелген бірегей дәрілік заттардың келісімшарттық өндірісіне тапсырыс берушімен, сондай-ақ дәрілік заттарды немесе медициналық бұйымдарды жеткізуге медициналық бұйымдардың келісімшарттық өндірісіне тапсырыс берушілермен не Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың өндірісін құруға немесе жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуға ниеті бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектімен үш жылға дейін ұзарту құқығымен он жылға дейінгі мерзімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жасасатын азаматтық-құқықтық шарт;
42) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізу - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды алумен (әкелуден басқа), сақтаумен, бөлумен, түпкі тұтынушыға өткізумен (әкетуден басқа), жоюмен байланысты фармацевтикалық қызмет;
43) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды келісімшарттық өндіру (бұдан әрі - келісімшарттық өндіру) - дәрілік заттар үшін тиісті өндірістік практика (GMP) және медициналық бұйымдарды өндірушілер үшін сапаны басқару жүйесінің халықаралық стандарты (ISO 13485) талаптарының толық сақталуын қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің өндірістік қуаттарында келісімшарттық негізде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру;
44) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, көрсетілетін қызметтерді денсаулық сақтау субъектілерінен сатып алу веб-порталы - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, көрсетілетін қызметтерді денсаулық сақтау субъектілерінен сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін беретін ақпараттық жүйе;
45) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, көрсетілетін қызметтерді денсаулық сақтау субъектілерінен сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі - бірыңғай оператор) - уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын заңды тұлға;
46) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізу - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көлемдерін шектемей сатып алумен (алумен), сақтаумен, әкелумен (импорттаумен), әкетумен (экспорттаумен), өткізумен (халыққа өткізуді қоспағанда), тасымалдаумен және жоюмен байланысты фармацевтикалық қызмет;
47) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында басшылықты, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
48) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын қамтамасыз ету бойынша денсаулық сақтау саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік монополия субъектісі;
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 49) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
49) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы объектілер - дәріхана, оның ішінде Интернет арқылы өткізуді жүзеге асыратын дәріхана, денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункті және ауылдық елді мекендерге арналған жылжымалы дәріхана пункті, дәріхана (дистрибьюторлық) қоймасы, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды уақытша сақтау қоймасы, оптика дүкені, медициналық бұйымдар дүкені, медициналық бұйымдар қоймасы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру жөніндегі ұйымдар;
50) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер - фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
51) Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімі - Қазақстан Республикасында тіркелген және медициналық қолдануға рұқсат етілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурс;
52) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі ұзақ мерзімді шарт - бірыңғай дистрибьютор тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) талаптарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының резиденті - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектімен жасасатын, қызметтер көрсетудің азаматтық-құқықтық шарты;
53) дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік қайта тіркеу - мемлекеттік тіркеуді куәландыратын мерзімсіз құжатты (бұдан әрі - тіркеу куәлігі) бұрынғы тіркеу нөмірімен бере отырып және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне тиісті жазба енгізе отырып, дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеудің қолданылу мерзімін ұзарту рәсімі;
54) дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу - Қазақстан Республикасының аумағында дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың айналысына рұқсат алу және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізіліміне дәрілік затты немесе медициналық бұйымды белгілі бір мерзімге енгізу рәсімі;
55) дәрілік заттың жарамдылық мерзімі - уақыты өткеннен кейін дәрілік затты қолдануға болмайтын күн;
56) дәрілік заттың қаптамасы - дәрілік заттарды бүлінуден және ысырап болудан қорғау жолымен олардың айналысы процесін қамтамасыз ететін, сондай-ақ қоршаған ортаны ластанудан сақтайтын құрал немесе құралдар кешені;
57) дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның балк-өнімі - түпкі қаптаманы қоспағанда, технологиялық процестің барлық сатысынан өткен, дозаланған дайын дәрілік препарат немесе дайын медициналық бұйым;
58) дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу - тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі ішінде тіркеу дерекнамасына енгізілетін өзгерістерді сараптау негізінде жүзеге асырылатын рәсім;
59) дәрілік заттың сапасы - фармацевтикалық субстанция (белсенді фармацевтикалық субстанция) мен дәрілік препараттың нысаналы мақсатқа сәйкес келуін қамтамасыз ететін олардың қасиеттері мен сипаттамаларының жиынтығы;
60) дәрілік заттың сапасы жөніндегі нормативтік құжат - дәрілік затты тіркеу кезінде оған жүргізілген сараптама негізінде тіркеуден кейінгі кезеңде дәрілік заттың сапасын бақылауға қойылатын талаптарды белгілейтін және дәрілік заттың өзіндік ерекшелігін, талдамалық әдістемелері мен сынақтарының сипаттамасын немесе мұндай сынақтарға сілтемелерді, сондай-ақ сапа көрсеткіштері үшін қолайлылықтың тиісті өлшемшарттарын қамтитын құжат;
61) дәрілік заттың саудалық атауы - дәрілік заттың тіркелетін атауы;
62) дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауы - дәрілік заттың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған атауы;
63) дәрілік қамтамасыз етудің сапасы - дәрілік заттарды өндіруді, әкелуді, сақтауды, уақтылы беруді және фармакологиялық қадағалауды реттейтін денсаулық сақтау саласындағы стандарттардың талаптарына сәйкестік деңгейі;
64) дәрілік нысан - дәрілік препараттың оны енгізу, қолдану тәсілдеріне сәйкес келетін және қажетті емдік әсерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін жай-күйі;
65) дәрілік өсімдік шикізаты - дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланылатын жаңадан алынған немесе кептірілген өсімдіктер, балдырлар, саңырауқұлақтар немесе қыналар не олардың бүтін немесе ұсақталған бөліктері;
66) дәрілік препарат - дәрілік нысан түріндегі дәрілік зат;
67) дәрілік препараттарды дайындау - дәріханаларда дәрілік препараттарды дайындаумен, фармацевтикалық қолдану үшін фармацевтикалық субстанцияларды (белсенді фармацевтикалық субстанцияларды) сатып алумен, дайындалған дәрілік препараттарды сақтаумен, олардың сапасын бақылаумен, оларды ресімдеумен және өткізумен байланысты фармацевтикалық қызмет;
68) дәрілік препараттың қауіпсіздігі - дәрілік препаратты қолдану кезінде адамның өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіру мүмкіндігімен байланысты жол берілмейтін тәуекелдің болмауы;
69) дәрілік препараттың тиімділігі - дәрілік препараттың профилактикалық, диагностикалық немесе емдік әсерге қол жеткізуді не физиологиялық функцияны қалпына келтіруді, түзетуді немесе түрлендіруді қамтамасыз ететін сипаттамаларының жиынтығы;
70) дәрілік шикізат - дәрілік заттарды өндіру және дайындау үшін пайдаланылатын, өсімдіктен, минералдан, жануардан алынатын заттар немесе химия өнеркәсібі өнімдері;
71) дезинсекция - адамды, жануарларды, үй-жайлар мен аумақты жәндіктер мен буынаяқтылардан қорғау мақсатында оларды жою жөніндегі профилактикалық және қырып-жою іс-шараларының кешені;
72) дезинфекция - сыртқы ортада инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жоюға бағытталған арнайы іс-шаралар кешені;
73) денсаулық - аурулар мен дене кемістіктерінің болмауы ғана емес, тұтастай тәндік, рухани (психикалық) және әлеуметтік саламаттылық жай-күйі;
74) денсаулық сақтау - аурулардың алдын алуға және оларды емдеуге, қоғамдық гигиена мен санитарияны қолдауға, әрбір адамның тәндік және психикалық денсаулығын сақтауға және нығайтуға, оның ұзақ жыл белсенді өмір сүруін қолдауға, денсаулығынан айырылған жағдайда оған медициналық көмек беруге бағытталған саяси, экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, мәдени, медициналық сипаттағы шаралар жүйесі;
75) денсаулық сақтау жүйесі - қызметі Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау субъектілерінің жиынтығы;