1) республикалық деңгейде - денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық басқару саясатын бекітетін уәкілетті орган;
2) өңірлік деңгейде - денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын өңірлік басқару саясатын бекітетін, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары;
3) денсаулық сақтау ұйымдары деңгейінде - корпоративтік кадр саясатын іске асыратын денсаулық сақтау ұйымдары қалыптастырады.
3. Медицина және фармацевтика кадрларын даярлауды жоспарлауды өз құзыреті шегінде уәкілетті орган, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері бар орталық атқарушы органдар және өзге де орталық мемлекеттік органдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары саланың қажеттілігін ескере отырып, жүзеге асырады.
269-бап. Денсаулық сақтау қызметкерлерін үздіксіз кәсіптік дамыту
1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін үздіксіз кәсіптік дамыту медициналық көмектің қауіпсіздігін арттыру мақсатында мамандардың қажеттіліктерін ескеретін кәсіптік білім мен шеберлікті жетілдіруге, қосымша құзыреттіліктерді меңгеруге бағытталады.
2. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің үздіксіз кәсіптік даму нәтижелері қосымша және формальды емес білім алу, кәсіптік даму бойынша өзге іс-шаралар, құзыреттілік деңгейі, жұмысының практикалық өтілі туралы кәсіптік тіркелімнің есепке алу деректері негізінде расталады.
3. Медицина және фармацевтика қызметкерінің үздіксіз кәсіптік даму нәтижелерін растау кәсіптік стандартта белгіленген біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар және денсаулық сақтау қызметкерлерінің лауазымдық міндеттеріне қойылатын біліктілік талаптар ескеріле отырып жүргізіледі.
4. Кәсіптік медициналық қауымдастықтар кәсіптік стандарттарды және қосымша және формальды емес білімнің білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады.
30-тарау. МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ
270-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі және олардың құқықтары
2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген негізгі кепілдіктерге, оның ішінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді қоса алғанда, қызметкердің еңбек міндеттерін орындауы үшін тиісті жағдайлардың жасалуына;
2) жұмыс берушінің немесе осы мақсаттарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттыруға немесе денсаулық жағдайына байланысты еңбек міндеттерін орындау мүмкін болмаған кезде және қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуына байланысты, ұйымның таратылуына байланысты қызметкерлер жұмыстан босатылған кезде кәсіптік біліктілігін өзгертуге;
3) біліктілік деңгейіне сәйкес келетін еңбегіне ақы төленуге;
2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 3-1) - 3-6) тармақшалармен толықтырылды (2024 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) медицина қызметкерлерінің балаларына тұрғылықты жеріндегі мектепке дейінгі ұйымдарда жергілікті атқарушы органдардың басым тәртіппен орын беруіне;
3-2) пациент пен басқа да адамдар тарапынан медицина қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғалуға;
3-3) кәсібіне пациент пен басқа да адамдар тарапынан құрмет көрсетілуіне;
3-4) ғылыми, зерттеу қызметін жүзеге асыруға, медициналық практикаға жаңа әдістемелер мен технологиялар ендіруге қатысуға;
3-5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен педагогикалық қызметті жүзеге асыруға;
3-6) «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес медициналық мамандық бойынша әскери қызметті өткеруге немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға;
4) біліктілік деңгейіне, жұмыстың ерекшелігі мен күрделілігіне, еңбек көлемі мен сапасына, сондай-ақ қызметтің нақты нәтижелеріне сәйкес еңбегінің ынталандырылуына;
5) кәсіптік бірлестіктер құруға және оларға қатысуға;
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2022 ж. 7 наурыздан, 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) медицина қызметкерлерінің медициналық көмек көрсетуі кезінде пациенттің өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірілген жағдайда олардың кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, лауазымдық міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеттіруге;
8) медициналық және фармацевтикалық қызметке рұқсат беру құжаттары болған кезде жеке медициналық практиканы және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға;
9) жеке және заңды тұлғаларға тиесілі байланыс құралдарын шұғыл медициналық көмек көрсету үшін пациентті жақын жердегі медициналық ұйымға тасымалдаған жағдайда кедергісіз және тегін пайдалануға;
2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10) кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін жол жүруге байланысты көліктік шығыстарды өтетуге құқығы бар.
Медицина қызметкерлерінің осы бапта көзделген құқықтарын жүзеге асыру басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға тиіс.
2. 2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2024 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Оқу кезеңінде резидент-дәрігерлердің денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатына сәйкес медициналық ұйымдарда тәлімгердің қадағалауымен жұмыс істеуге құқығы бар.
2021.08.01. № 410-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Шетелде медициналық білім алған адамдар білім туралы құжаттары танылғаннан, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатын бере отырып, уәкілетті орган аккредиттеген ұйымда кәсіптік даярлығын бағалаудың оң нәтижесінен кейін медициналық немесе фармацевтикалық қызметке жіберіледі.
Шетелде медициналық білім алған адамдардың кәсіптік даярлығын бағалау медициналық білім беру бағдарламалары бойынша түлектердің кәсіптік даярлығын бағалау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
5. 2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2024 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 270-1-баппен толықтырылды (2024 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
270-1-бап. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру
1. Медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру денсаулық сақтау субъектісі мен бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылар арасында жасалатын медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шарты негізінде жүзеге асырылады.
2. Медицина қызметкерлері осы Кодекстің 64-бабының 1), 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында көзделген медициналық қызмет түрін жүзеге асырғанға дейін денсаулық сақтау субъектілері медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шарты жыл сайын жасалады, сақтандыру мерзімі ішінде қолданылады және алғашқы сақтандыру жағдайы басталғанда өз қолданысын тоқтатпайды.
Денсаулық сақтау субъектісі медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шартын жасаспай медициналық қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
3. Денсаулық сақтау субъектілерінің және (немесе) медицина қызметкерінің медициналық қызметті жүзеге асыруға байланысты өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін ерікті сақтандыру шартын жасасуы оларды медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шартын жасасу жөніндегі міндеттен босатпайды.
Бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушының денсаулық сақтау субъектісімен медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шартын жасасудан бас тартуына жол берілмейді.
4. Медицина қызметкерлерінің медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге байланысты мүліктік мүдделері медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру объектісі болып табылады.
5. Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісі медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы деп танылады.
Медициналық оқыс оқиға сақтандыру жағдайы болып табылмайды.
6. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік қызметті жүзеге асыруы кезінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру ықтималдығы сақтандыру тәуекелі деп танылады.
7. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың тәртібі мен өзге де шарттары медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандырудың үлгілік шарты негізінде тараптардың келісімімен айқындалады.
2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 270-2-баппен толықтырылды (2024 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
270-2-бап. Тәуелсіз сараптама комиссиясы. Тәуелсіз сараптама комиссиясының қорытындысы
1. Денсаулық сақтау субъектісі пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметінен пациенттің не оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені туралы жолданымы келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәуелсіз сараптама комиссиясын құрады.
Тәуелсіз сараптама комиссиясы медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуын (болмауын) анықтау және растау мақсатында құрылады.
Тәуелсіз сараптама комиссиясы сарапшылар ретінде тартылатын бейінді мамандардан, кәсіптік медициналық қауымдастықтардың және бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушы сақтандыру ұйымының өкілдерінен тұрады.
Тәуелсіз сараптама комиссиясының жұмысына медицина қызметкерлерінің кәсіптік одақтарының өкілдері және медиатор тартылуы мүмкін.
Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы жолданымдарды қарау үшін сарапшылар ретінде тартылатын бейінді мамандар тізілімін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары қалыптастырады.
Сарапшы ретінде тартылатын бейінді маман уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Мынадай:
1) сарапшы ретінде тартылғанға дейін бір жыл ішінде көрінеу жалған қорытынды бергені үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған;
2) Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар;
3) сарапшы ретінде тартылғанға дейін үш жыл ішінде қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін өзіне қатысты соттың айыптау үкімі шығарылған немесе сарапшы ретінде тартылғанға дейін үш жыл ішінде қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде босатылған адам сарапшы ретінде тартылатын бейінді маман бола алмайды.
Пациент не оның жұбайы (зайыбы), жақын туысы немесе заңды өкілі медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені туралы жолданымды тәуелсіз сараптама комиссиясы қараған кезде қатысуға құқылы.
Оқиға орын алған денсаулық сақтау субъектісінің өкілдері тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамына кіргізілмейді.
Тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамына бейінді мамандарды тарту мүмкін болмаған жағдайда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органы денсаулық сақтау субъектісінің жолданымы бойынша тиісті бейінді маманмен қамтамасыз етеді.
Тәуелсіз сараптама комиссиясы қызметінің тәртібін және медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуын (болмауын) анықтау жөніндегі ең төменгі талаптарды уәкілетті орган айқындайды.
Тәуелсіз сараптама комиссиясы бес жұмыс күні ішінде медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуын (болмауын) растайтын қорытынды шығарады.
Тәуелсіз сараптама комиссиясының қорытындысы бейінді мамандардың медициналық көрсетілетін қызметтің (көмектің) тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы дәлелденген ғылыми және клиникалық деректер негізінде тұжырымдардың негізділігі мен дұрыстығын тексеруге мүмкіндік беретін ережелерге негізделген сарапшылық пікірінен қалыптастырылады.
Тәуелсіз сараптама комиссиясының қорытындысы сақтандыру жағдайының басталғанын растайды және медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шеңберінде ғана қолданылады.
Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені туралы жолданымды қарау мерзімі тәуелсіз сараптама комиссиясының уәжді шешімімен ақылға қонымды мерзімге, бірақ медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы жолданымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды анықтау қажеттілігіне байланысты екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, ол жөнінде пациентке не оның жұбайына (зайыбына), жақын туысына немесе заңды өкіліне мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарланады.
2. Денсаулық сақтау субъектісі тәуелсіз сараптама комиссиясының медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы туралы қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны пациентке не оның жұбайына (зайыбына), жақын туысына немесе заңды өкіліне және сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушы сақтандыру ұйымына жібереді.
Пациент не оның жұбайы (зайыбы), жақын туысы немесе заңды өкілі тәуелсіз сараптама комиссиясының медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы қорытындысымен келіспеген жағдайда медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға жүгінуге құқылы.
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес шаралар қабылдайды.
Пациент не оның жұбайы (зайыбы), жақын туысы немесе заңды өкілі тәуелсіз сараптама комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда оған сот тәртібімен не Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.
3. Пациенттің не оның жұбайының (зайыбының), жақын туысының немесе заңды өкілінің медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені туралы жолданымдары келіп түскен кезде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары не медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган пациентті не оның жұбайын (зайыбын), жақын туысын немесе заңды өкілін бірмезгілде хабардар ете отырып, осы баптың 1-тармағында көзделген шараларды қабылдау үшін жолданымдарды үш жұмыс күні ішінде денсаулық сақтау субъектісіне жібереді.
2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 270-3-баппен толықтырылды (2024 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
270-3-бап. Медициналық оқыс оқиғаның және сақтандыру жағдайларының басталу фактілерін талдау
1. Пациентті қолдау және ішкі сараптама қызметі медициналық оқыс оқиғаның және сақтандыру жағдайларының басталу фактілеріне ағымдағы талдауды жүргізеді, оның нәтижелері медициналық оқыс оқиғаның және сақтандыру жағдайларының басталу фактілерін есепке алудың бірыңғай тізіліміне енгізіледі.
Медициналық оқыс оқиғаның және сақтандыру жағдайларының басталу фактілерін талдау медициналық ұйымның ішкі аудиті арқылы жүзеге асырылады, сондай-ақ оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы салаларында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, уәкілетті орган жүзеге асырады.
Медициналық оқыс оқиғаның және сақтандыру жағдайларының басталу фактілерін есепке алудың бірыңғай тізілімін қалыптастыру мен жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Қазақстан Республиканың әкімшілік және қылмыстық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес медициналық көмек көрсетуге және технологияларды, жабдықтар мен құралдарды пайдалануға байланысты, пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіруі, сондай-ақ пациенттің өліміне алып келуі мүмкін организмнің қалыпты жұмыс істеуінен ауытқуға негізделген оқиға медициналық оқыс оқиға болып табылады.
2. Уәкілетті орган медициналық оқыс оқиғаның және сақтандыру жағдайларының басталу фактілерін талдау нәтижелері бойынша мыналарды:
1) медициналық қызметтер көрсету стандарттары мен клиникалық хаттамаларды жаңартып отыруды;
2) медициналық қызметтер (көмек) көрсету кезінде медициналық оқыс оқиға жағдайларын және сақтандыру жағдайларын жою және болғызбау жөнінде шаралар қабылдауды;
3) білім беру бағдарламалары мен біліктілікті арттыру курстарын жетілдіруді;
4) медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.
2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 270-4-баппен толықтырылды (2024 ж. 21 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
270-4-бап. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақыларының (жарналарының) ең төменгі мөлшерлері және сақтандыру төлемдерінің мөлшерлері
1. Сақтандыру сыйлықақыларының (жарналарының) ең төменгі мөлшерлері, оларды төлеу тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мен мерзімдері медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидаларында белгіленеді.
2. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру денсаулық сақтау субъектісінің есебінен жүзеге асырылады.
3. Сақтандыру төлемінің мөлшері медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шарты негізінде айқындалады және мынадай мөлшерден кем болмайды:
1) медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген, мынадай мүгедектіктің белгіленуіне алып келген зиян үшін:
үшінші топ - бес жүз еселенген айлық есептік көрсеткіш;
екінші топ - алты жүз еселенген айлық есептік көрсеткіш;
бірінші топ - сегіз жүз еселенген айлық есептік көрсеткіш;
мүгедектігі бар бала - бес жүз еселенген айлық есептік көрсеткіш;
2) медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген, оның өліміне алып келген зиян үшін үш мың еселенген айлық есептік көрсеткіш;
3) медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген, мүгедектік белгіленбеген зиян үшін ауруға байланысты нақты шығыстар мөлшерінде, бірақ үш жүз еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде.
Сақтандыру төлемінің мөлшерін есептеу үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш пайдаланылады.
4. Сақтандырылған медицина қызметкеріне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабында көзделген құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру қозғалған жағдайда, ол адвокат қызметіне ақы төлеуге нақты жүзеге асырылған шығыстарды өтету үшін бірыңғай сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына жүгінуге құқылы.
Бір денсаулық сақтау субъектісінің сақтандырылған медицина қызметкерлеріне олардың адвокаттар қызметтеріне ақы төлеуге жұмсаған шығыстарын өтеудің жиынтық сомасы жыл сайын медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін ортақ сақтандыру шарты бойынша осы денсаулық сақтау субъектісі төлеген сақтандыру сыйлықақысы сомасының бес пайызынан аспауға тиіс.
Медицина қызметкерінің адвокат қызметіне ақы төлеуге жұмсалатын шығыстары пациентке төленетін сақтандыру төлемінің мөлшеріне әсер етпейді.
271-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің міндеттері
1. Медицина және фармацевтика қызметкерлері қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады және медициналық этика мен деонтология қағидаттарын басшылыққа ала отырып:
1) аурулар профилактикасына, денсаулықты нығайтуға жәрдемдесуге, Қазақстан Республикасының халқы арасында саламатты өмір салтын насихаттауға;
2) өзінің біліктілігіне, қызметтік және лауазымдық міндеттеріне сәйкес медициналық көмек көрсетуге;
3) қажет болған жағдайларда консультация үшін басқа бейіндегі немесе біліктілігі неғұрлым жоғары мамандарды тартуға;
4) медицина қызметкері құпиясын ұстауға және сақтауға, пациенттің аурулары, интимдік және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария етпеуге;
5) кәсіптік деңгейін үздіксіз арттыруға;
6) Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесінде тіркелуге;
7) дәрілік заттарды тағайындаған кезде, пациенттің жеке көтере алмау жағдайларын қоспағанда, тиісті медициналық көрсетілімдер болған кезде өз құзыреті шегінде халықаралық патенттелмеген атауларымен дәрiлiк заттарға рецептілер жазып беруге міндетті.
2. Медицина және фармацевтика қызметкерлері, медициналық ұйымдардың басшылары:
1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарнамалауға қатысуға;
2) өзі көрсететін қызметтер үшін сыйақы алуға жеке мүдделі болу мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізетін белгілі бір объектілерді пациенттерге ұсыным жасауға;
3) күн сайынғы дәрігерлік конференциялар, ғылыми-практикалық конференциялар және (немесе) мамандандырылған семинарлар өткізуді қоспағанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің өкілдері және (немесе) дистрибьюторлар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілетуге құқылы емес.
272-бап. Әлеуметтік кепілдіктер. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қорғау
1. Ауылдық жерде және кенттерде, аудандық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін, мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлеріне мынадай әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың шешімімен міндетті түрде тұрғынжай, оның ішінде қызметтік тұрғынжай беру;
2) жергілікті атқарушы орган белгілеген тәртіппен жәрдемақылардың міндетті түрде төленуі;
3) жергілікті атқарушы органдардың шешімімен коммуналдық шығыстарды өтеу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету және басқа да жеңілдіктер;
4) өзге де шаралар.
2. Мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина және фармацевтика қызметкерлерінің жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау шараларын, қосымша жеңілдіктер мен ынталандырушы төлемдерді алуға халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан кейін басым құқығы бар.
3. Жергілікті атқарушы органдар медицина қызметкерінің беделін арттыру және оның жеке және кәсіптік өсуін арттыруды қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен оған ынталандырушы төлемдер бере отырып, «Кәсібі бойынша үздік» мәртебесін береді.
2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Уәкілетті орган «Өз кәсібінің үздігі» республикалық конкурсының әрбір аталымдағы жеңімпаздарына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерінде біржолғы төлем береді.
«Өз кәсібінің үздігі» атағын беру қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
2024.19.04. № 74-VIII ҚР Заңымен 3-2-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
3-2. Медицина қызметкерінің аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін оған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің бір мың еселенген мөлшерінде біржолғы төлем беріле отырып, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы беріледі.