Жарнама мониторингін жүргізу мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалаудың бақылауындағы өнімнің (тауарлардың) жарнамасын орналастыруға қойылатын талаптардың сақталуын, сондай-ақ оның Өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куəліктердің бірыңғай тізілімінде мемлекеттік тіркелуі туралы мəліметтердің болуын тексеруден тұрады.
Қазақстан Республикасының жарнама саласындағы заңнамасы талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда:
1) жарнама берушіге жəне (немесе) жарнама таратушыға осы Кодекстің 44-бабына сəйкес анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным жіберіледі;
2) бақылау мен қадағалау субъектісіне өнімді (тауарды) өткізуден алып қою жəне кері қайтарып алу түріндегі жеделден қою шарасы қолданылады;
2024.08.07. № 116-VІІІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2024 ж. 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) бұзушы туралы ақпарат масс-медиа саласындағы уəкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тəртіппен жіберіледі.
8. Бақылау мен қадағалау субъектісі ұсынған халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы есепке алу мен есептік құжаттаманың мониторингі олардың уақтылы ұсынылуын жəне (немесе) анықтығын салыстыруды жəне талдауды қамтиды.
9. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен алынған, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын субъектінің (объектінің) қызметі туралы мəліметтерді қамтитын мəліметтер бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы профилактикалық бақылауды жүргізу үшін ақпарат көзі болып табылады.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 45-1-баппен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
45-1-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы тергеп-тексерулер
1. Тергеп-тексерулер Қазақстан Республикасы Кəсіпкерлік кодексінің 144-4-бабы 3-тармағының 1) - 4) жəне 6) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүргізіледі.
2. Осы Кодекстің 37-бабының 1-тармағында көзделген лауазымды адамдар тергеп-тексерулерді осы Кодекске, Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне жəне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында тергеп-тексерулерді жүргізу тəртібіне сəйкес жүргізеді.
3. Бақылау мен қадағалау субъектілері тергеп-тексеру шеңберінде мыналарды:
1) талап етілуі бақылау мен қадағалау субъектісінің ішкі құжаттарында көзделген арнаулы киім мен жеке-дара қорғану құралдарын лауазымды адамға немесе комиссия мүшелеріне, тартылған сарапшылар мен мамандарға беруді;
2) тергеп-тексеруге қатысты құжаттарды жəне (немесе) материалдарды, оның ішінде архивтік құжаттарды жəне (немесе) материалдарды, түсініктемелерді жазбаша жəне (немесе) ауызша нысанда беруді;
3) объектіге зерттеп-қарау; өнімнің (тауардың), шикізаттың, табиғи орта құрамдастарының сынамаларын (үлгілерін) іріктеу; тұлғаларды зерттеп-қарау жүргізу; зертханалық жəне аспаптық зерттеулер, өлшеуді жүргізу үшін кедергісіз мүмкіндік беруді;
4) лауазымды адамдардың, комиссия мүшелерінің, тартылған сарапшылар мен мамандардың тергеп-тексеру нысанасына жататын объектінің аумағына (тұрғын жəне əкімшілік ғимараттарға, құрылыстарға, құрылысжайларға, үй-жайларға жəне басқа да объектілерге) кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге міндетті.
4. Тергеп-тексеру шеңберінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін өнімнің (тауардың), шикізаттың, табиғи орта құрамдастарының сынамаларын (үлгілерін) іріктеу; тұлғаларды зерттеп-қарау; зертханалық жəне аспаптық зерттеулер, өлшеу жүргізу жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Тергеп-тексеруді жүзеге асыру барысында жəне оның нəтижелері бойынша осы Кодекстің 42-1-бабында көзделген негіздер болған кезде жедел ден қою шаралары қолданылады, сондай-ақ санитариялық-эпидемияға қарсы жəне санитариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуі, осы Кодекске сəйкес шектеу іс-шаралары енгізілуі мүмкін.
6. Тергеп-тексеруді жүргізу барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылық себептері анықталады, тергеп-тексеруді жүргізуге негіз болған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылыққа жол берген бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) айқындалады.
7. Тергеп-тексеру нəтижелері бойынша тергеп-тексеру нəтижелері туралы акт жасалады, онда анықталған бұзушылықтар, оларды жою жөніндегі нұсқаулар, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері көрсетіледі.
Анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдері оны орындаудың нақты мүмкіндігіне əсер ететін мəн-жайлар ескеріле отырып айқындалады, бірақ ол тергеп-тексеру нəтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кем болмауы керек.
8. Бақылау мен қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою үшін қосымша уақыт жəне (неме се) қаржы шығындары қажет болған жағдайда, өзіне тергеп-тексеру нəтижелері туралы акт табыс етілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, тергеп-тексеруді жүргізген бақылау жəне қадағалау органына анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін ұзарту туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
9. Тергеп-тексеру қорытындыларына шағым жасау тергеп-тексеру нəтижелері туралы актінің орындалуын тоқтата тұрмайды.
10. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуға жол берген бақылау мен қадағалау субъектісі анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен адамдарды жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылданады.
11. Бақылау мен қадағалау субъектісі тергеп-тексеру нəтижелері туралы актіде көрсетілген анықталған бұзушылықтарды мерзімінен бұрын немесе тергеп-тексеру нəтижелері туралы актіде көрсетілген мерзімдерде жойылған жағдайда, тергеп-тексеруді жүргізген бақылау жəне қадағалау органына анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат беруге міндетті.
Бақылау мен қадағалау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы берілген ақпаратқа бұзушылықты жою фактісін дəлелдейтін материалдарды қоса береді (қажет болған кезде).
Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпарат ұсынылған жағдайда, сондай-ақ ол тергеп-тексеру нəтижелері туралы актіде белгіленген мерзімдерде ұсынылмаған жағдайда, жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.
12. Осы баптың ережелерін жəне халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында тергеп-тексеруді жүргізу тəртібін сақтамау тергеп-тексеруді тағайындау, оның мерзімдерін ұзарту жəне нəтижелері туралы актілерді жарамсыз деп тану жəне (немесе) олардың күшін жою үшін негіз болып табылады.
13. Мемлекеттік құпияларды не Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мəліметтерді қоспағанда, тергеп-тексеруді жүргізу қорытындылары тергеп-тексеруді жүргізген бақылау жəне қадағалау органының интернет-ресурсында тергеп-тексеру аяқталған күннен кейін он жұмыс күні ішінде жарияланады.
46-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама
1. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама - органолептикалық, санитариялық-гигиеналық, микробиологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық, санитариялық-химиялық, иммундық-биологиялық, молекулалық-генетикалық, токсикологиялық, радиологиялық, радиометриялық, дозиметриялық өлшеулердің, электрмагнит өрістері мен физикалық факторларды өлшеулердің, басқа да зерттеулер мен сынақтардың кешені, сондай-ақ жобалардың, өнімнің, кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызмет объектілерінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігін бағалау мақсатында жобалардың сараптамасы.
2. Жобалардың санитариялық-эпидемиологиялық сараптамасын қоспағанда, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдары құзыреттері шегінде санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің, кеден органдарының лауазымды адамдарының қаулылары немесе нұсқамалары мен жеке немесе заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жүргізеді.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама мемлекеттік материалдық резервте сақтаудағы, жарамдылық мерзімі өткен тағамдық өнімдерді кәдеге жаратуды жүргізу мүмкіндігін айқындау үшін жүргізіледі.
Жобалардың санитариялық-эпидемиологиялық сараптамасы - жобалар сараптамасының жаңа объектілер салуға немесе қолданыстағы объектілерді реконструкциялауға (кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға) және күрделі жөндеуге арналған жобалардың (техникалық-экономикалық негіздемелердің және жобалау-сметалық құжаттаманың) кешенді ведомстводан тыс сараптамасының, қала құрылысы жобаларының кешенді қала құрылысы сараптамасының құрамында жүргізілетін бөлігі.
Эпидемиялық мәні бар объектілер құрылысы жобаларының, сондай-ақ қала құрылысы жобаларының санитариялық-эпидемиологиялық сараптамасын Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталған сарапшылар жүзеге асырады.
Санитариялық-эпидемиологиялық зертханалық зерттеулер бөлігінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік ұйымдар жүргізеді.
2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Осы Кодекстің 37-бабының 1-тармағында көзделген лауазымды адамдар санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін өнімнің (тауардың) сынамаларын (үлгілерін) іріктеуді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тəртіппен жүргізеді.
3. Құрылыс жобаларының санитариялық-эпидемиологиялық сараптамасын:
1) эпидемиялық мәні бар объектілердің құрылысына арналған жобалар (есептік (алдын ала) санитариялық қорғаныш аймағының өлшемін белгілей отырып, техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттама) бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптама құрамында мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымдары жүргізеді;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті өкілді органдарының бекітуіне жататын қала құрылысының жобалары бойынша жүргізіледі.
4. Осы баптың 3-тармағында көзделмеген жобалар бойынша санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органдар, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері:
1) өнеркәсіптік және азаматтық мақсаттағы объектілерге;
2) қоршаған ортаға, санитариялық қорғау аймақтарына және санитариялық-қорғаныш аймақтарына зиянды заттар мен физикалық факторлардың жол берілетін шекті шығарындылары мен жол берілетін шекті төгінділері бойынша нормативтік құжаттама жобаларына, шикізатқа және өнімге;
3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімге, оның ішінде тағамдық өнімдердің жарамдылық мерзімдері мен сақтау шарттарын келісуге;
4) топыраққа, су қоймаларына және атмосфералық ауаға химиялық, биологиялық, токсикологиялық, радиологиялық жүктеме жөніндегі материалдарға жүргізеді.
47-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық зертханалық зерттеулер жүргізу тәртібі
1. Санитариялық-эпидемиологиялық зертханалық зерттеулер санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың органолептикалық, санитариялық-гигиеналық, микробиологиялық, вирусологиялық, паразитологиялық, санитариялық-химиялық, иммундық-биологиялық, молекулалық-генетикалық, токсикологиялық, радиологиялық, радиометриялық, дозиметриялық өлшеулер, электромагнит өрістері мен физикалық факторларды өлшеулер, басқа да зерттеулер мен сынақтар жүргізуге байланысты бөлігі болып табылады.
Санитариялық-эпидемиологиялық зертханалық зерттеулердің тізбесі мен көлемдерін (санын) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
2. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын тағамдық өнімге санитариялық-эпидемиологиялық зертханалық зерттеулер мынадай:
1) жарамдылық мерзімінің өткені;
2) сапасыздықтың айқын белгілері (бүліну, ыдырау, ластану) анықталған жағдайда жүргізілмейді.
3. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың және ғылыми сараптаманың нәтижелері бойынша адамның немесе болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін қауіпті деп танылған химиялық және биологиялық заттарды Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған қауіпті химиялық, биологиялық заттардың тізілімі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсында жариялануға жатады.
4. Жеке немесе заңды тұлғалардың өтініштері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін олар қаржыландыруды қамтамасыз етеді және қажетті құжаттаманы ұсынады.
48-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық аудит
1. Санитариялық-эпидемиологиялық аудитті рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізілген аудитор жүргізеді.
2. Санитариялық-эпидемиологиялық аудит халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын объектілер иелерінің жолданымдары бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес өтініш беруші мен аудитордың арасында жасалған санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізуге арналған шарт негізінде жүргізіледі.
3. Аудиторлар жыл сайын есепті жылдан кейінгі оныншы қаңтарға қарай халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға жүргізілген аудит туралы ақпаратты халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша беруге міндетті.
4. Санитариялық-эпидемиологиялық аудиттің нәтижелері объектінің сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы тұжырымдары бар аудиторлық қорытындыда көрсетіледі.
5. Объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігі туралы тұжырымдары бар аудиторлық қорытындыны аудитор аудит аяқталған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне ұсынады.
6. Санитариялық-эпидемиологиялық аудиттің нәтижелері эпидемиологиялық мәні жоғары объектілерді тексерулерден босатуға негіз болмайды.
49-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын аудиторларға қойылатын талаптар
1. Санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу үшін жеке және заңды тұлғалар мынадай біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс:
1) жеке тұлғалар үшін:
санитариялық-эпидемиологиялық бейіндегі жоғары медициналық білімінің болуы;
тиісті мамандық бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі;
санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруға аккредиттеудің болуы;
2) заңды тұлғалар үшін - штатында осы тармақтың 1) тармақшасында белгіленген талаптарға сәйкес келетін білікті персоналдың болуы.
2. Жеке және заңды тұлғалар санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу жөніндегі қызметті бастағанға дейін және тоқтатқаннан кейін бұл туралы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органды хабардар етуге міндетті.
3. Санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын аудиторлар:
1) аудиттің кешенді, объективті, сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуге;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауға;
3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы аудитті мемлекеттік нормалау құжаттарының негізінде жүргізуге міндетті.
4. Аудитордың мыналарға санитариялық-эпидемиологиялық аудитті жүргізуіне тыйым салынады, олардың орындаушылары:
1) аудит жүргізілетін субъектімен еңбек қатынастарында тұрған немесе оның лауазымды адамдарының, сондай-ақ аудит жүргізілетін субъект акцияларының он және одан көп пайызын (жарғылық капиталға қатысу үлестерін) иеленетін акционердің (қатысушының) жақын туыстары немесе жекжаттары болып табылатын;
2) аудит жүргізілетін субъектімен жеке мүліктік мүдделерімен байланысты;
3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың мемлекеттік органдарынан және ұйымдарынан шығарылған.
5. Аудиторлар өз міндеттерін сапалы әрі тиісінше орындамағаны және объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы өздері берген аудиторлық қорытынды үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
50-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық аудит рәсімі
1. Санитариялық-эпидемиологиялық аудит рәсімі:
1) санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу туралы өтінішті тіркеуді;
2) өтініш беруші ұсынған құжаттарды алдын ала талдауды;
3) санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізуге шарт жасасуды;
4) санитариялық-эпидемиологиялық аудиттің мақсаттарын белгілеуді;
5) санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу жоспарын жасауды;
6) санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізуді (объектіні тексеру, материалдарды талдамалық өңдеу, жоспарланып отырған не жүзеге асырылып жатқан қызметтің қоғамдық денсаулыққа қауіптілік дәрежесіне, объектіні іске асыру негіздемелерінің жеткіліктілігі мен анықтығын салыстырып талдау және бағалау жүргізу);
7) аудиторлық қорытынды жасауды және оны өтініш берушіге ұсынуды қамтиды.
2. Санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу үшін өтініш беруші қаржыландыруды қамтамасыз етеді және мынадай құжаттарды ұсынады:
1) санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізуге өтініш;
2) санитариялық-эпидемиологиялық аудитке жататын объектіге қатысты материалдар:
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органдардың соңғы жылдағы зерттеп-қарау актілері (олар болмаған кезде - соңғылары);
объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды немесе қызметтің басталғаны туралы хабарлама;
3) бар болса, санитариялық-эпидемиологиялық аудиттің алдыңғы қорытындылары және шаруашылық жүргізуші субъектінің менеджмент жүйесі жөніндегі құжаттама;
4) объектіні бағалауға қажетті өзге де материалдар.
3. Жоспарға сәйкес жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық аудиттің нәтижелері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу тәртібінде белгіленген нысан бойынша объектінің санитариялық қағидаларға сәйкестігі туралы аудиторлық қорытынды жасалады.
4. Санитариялық-эпидемиологиялық аудитті жүргізу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.
5. Санитариялық-эпидемиологиялық аудиттің нәтижелері аудиторлық есепті дайындау кезінде мынадай:
1) санитариялық-эпидемиологиялық аудит жүргізу рәсімдерін бұзу;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын орындамау жағдайларына жол берілген жағдайда, жарамсыз деп танылады.
51-бап. Өндірістік бақылау
1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бақылау мен қадағалауға жататын объектілерде қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өндірістік бақылаудың тиімді жүйесін әзірлейді, құжатпен ресімдейді, ендіреді және жұмыс істейтін жағдайда ұстайды.
2. Өндірістік бақылауды қамтамасыз ету дара кәсіпкерге немесе заңды тұлғаның басшысына жүктеледі.
3. Жүзеге асырылатын өндірістік бақылаудың уақтылылығын, толықтығын және анықтығын қамтамасыз ету дара кәсіпкер немесе заңды тұлға тағайындайтын адамдарға жүктеледі.
4. Өндірістік бақылаудың мақсаты объектіде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауға өзін-өзі бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу арқылы өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам үшін қауіпсіздігін және (немесе) зиянсыздығын қамтамасыз ету болып табылады.
5. Өндірістік бақылау мыналарды:
1) өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлеуді;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес зертханалық зерттеулер мен өлшеулерді жүзеге асыруды (ұйымдастыруды);
3) медициналық қарап-тексерулерден өтудің уақтылылығы мен толықтығын бақылауды;
4) өнімнің қауіпсіздігі мен сәйкестігін растайтын құжаттардың бар-жоғын бақылауды;
5) тәуекел факторларын бағалауды, анықталған қауіптерді, өндірістік және қоршаған орта факторларының қауіпсіздігі және (немесе) зиянсыздығы өлшемшарттарын талдауды және процестердің қауіпсіздігін бақылау әдістерін айқындауды;
6) өндірістік бақылауды жүзеге асыруға байланысты құжаттаманы есепке алуды және оның есептілігін жүргізуді;
7) халыққа, жергілікті атқарушы органдарға, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қауіп төндіретін авариялық жағдайлар, өндірістің тоқтауы, технологиялық процестердің бұзылуы, объектінің қызметіне байланысты жаппай (үш және одан көп жағдай) инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар туралы ақпарат беру схемасын әзірлеуді;
8) өндірістік бақылау бағдарламасында көзделген іс-шаралардың орындалуын бақылауды қамтиды.
6. Өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлеуді дара кәсіпкер, заңды тұлға дербес өзі немесе санитариялық-эпидемиологиялық аудитті жүзеге асыратын адамдарды тарта отырып жүзеге асырады.
7. Жаңа технологияны ендіру, технологиялық процеске, тағамдық өнімнің рецептурасына өзгерістер енгізу, санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығына әсер ететін және (немесе) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қауіп төндіретін басқа да өзгерістер кезінде өндірістік бақылау бағдарламасы қайта қаралуға жатады.
8. Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын талаптар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидаларда белгіленеді.
3-параграф. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау
52-бап. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау осы бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарының алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған.
2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізуді жүзеге асыратын, фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері, сондай-ақ бастапқы материалдардың, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы мемлекеттік бақылауға жатады.
3. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау:
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер жүргізу;
2) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу;
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3) тармақша өзгертілді
3) осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының Кəсіпкерлік кодексіне сәйкес субъектіге (объектіге) бармай профилактикалық бақылау жүргізу;
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
4) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес берілген рұқсаттар бойынша біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына, жіберілген хабарламалар бойынша талаптарға сәйкестігіне жүргізілетін тексерулер;
2022.21.05. № 123-VII ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)