35-бап. Аудармашы
1. Әкімшілік іске мүдделі емес, әкімшілік сот ісін жүргізу жүзеге асырылатын тілді білетін, бір тілден екінші тілге аудару үшін қажетті білімі бар адам не саңыраумен, мылқаумен, керең-мылқаумен қарым-қатынас жасау техникасын еркін білетін адам аудармашы ретінде шақырылады.
2. Аудармашының:
1) аударманы жүзеге асыру кезінде қатысушы адамдарға аударманы нақтылау үшін сұрақтар қоюға;
2) іс жүргізуде өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және аударманың толықтығына және дұрыстығына қатысты хаттамаға енгізілуге жататын ескертулер жасауға;
3) егер оның аударма үшін қажетті білімі болмаса, әкімшілік іске қатысудан бас тартуға;
4) сот әрекеттерін іс жүргізуге қатысуына байланысты өзі шеккен шығыстардың өтемін және егер іс бойынша іс жүргізуге қатысу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындаған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
3. Аудармашы:
1) соттың шақыруы бойынша келуге;
2) толық және дұрыс аударманы жүзеге асыруға;
3) әкімшілік іске қатысушыларға олардың ана тіліне немесе олар білетін тілге аударылып табыс етілетін құжаттардағы аударманың дұрыстығын өз қолтаңбасымен куәландыруға;
4) әкімшілік істің мән-жайлары туралы мәліметтерді және аудармашы ретінде тартылуына байланысты өзіне белгілі болған өзге де деректерді жария етпеуге;
5) сот отырысы кезінде тәртіп сақтауға міндетті.
4. Аудармашы көрінеу дұрыс емес аударма жасаған жағдайда, заңда белгіленген қылмыстық жауаптылықта болады.
2-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ІШКІ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДЕРІ
7-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ІШКІ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДЕРІНІҢ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ
36-бап. Мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыру шарттары
Осы Кодексте көзделген мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері:
1) мемлекеттік сайлау органдарын қоспағанда, төмен тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың жоғары тұрғандарға бағынуы;
2) жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің өзара жауаптылығы мен мүдделерінің теңбе-тең болуы;
3) мемлекеттің барлық мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдарының құзыретінің нақты ажыратылуы және келісіп жұмыс істеуі жағдайларында жүзеге асырылады.
37-бап. Жеке қолданылатын құқықтық актінің орындалуын ұйымдастыру және бақылау
1. Жеке қолданылатын құқықтық актінің орындалуын ұйымдастыру тиісті уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды адамының қабылданған шешімді уақтылы және түпкілікті орындау жөніндегі шараларды әзірлеуі мен қабылдауынан тұрады.
2. Қажет болған жағдайда жеке қолданылатын құқықтық актінің орындалуын қамтамасыз ету үшін уәкілетті мемлекеттік орган (лауазымды адам) оны орындау жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын әзірлейді және бекітеді, ол тікелей орындаушылардың назарына жеткізіледі.
3. Егер жеке қолданылатын құқықтық актіде оны орындаудың нақты мерзімдері мен тікелей орындаушылары айқындалмаса, онда оларды орындаушы мемлекеттік орган немесе жоғары тұрған орган белгілейді және тікелей орындаушылардың назарына дереу жеткізіледі.
4. Қабылданған шешімдерді уақтылы және түпкілікті орындау мақсатында мемлекеттік орган немесе лауазымды адам олардың орындалуын бақылауды жүзеге асыруға тиіс.
38-бап. Мемлекеттік органның жеке қолданылатын құқықтық актісінің, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі тапсырмаларының орындалуын ішкі бақылауды жүзеге асыру тәртібі
1. Ішкі бақылау:
1) жеке қолданылатын құқықтық актілердің (орындалуы құқықтық актілерде көзделген іс-шаралардың) орындалуын бақылау болып бөлінеді. Бұл жағдайда орындалуға жататын іс-шаралар қамтылатын жеке қолданылатын барлық құқықтық актілер бақылауға алынады;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және мемлекеттік органның басшы лауазымды адамдарының қызметтік сипаттағы өзге де құжаттардан туындайтын тапсырмаларының орындалуын бақылау болып бөлінеді.
2. Ішкі бақылау:
1) қажетті ақпаратты талап етіп алдыру;
2) орындалуы туралы есептер мен баяндамаларды тыңдау және талқылау;
3) ревизия және құжаттамалық тексерудің өзге де нысандары;
4) сол жерге барып тексеру;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да тәсілдер арқылы жүргізіледі.
3. Ішкі бақылау мынадай параметрлер бойынша жүргізіледі:
1) құрылымдық, аумақтық бөлімшелер, ведомстволық бағынысты мемлекеттік органдар мен ұйымдар және олардың лауазымды адамдары қызметінің өздерінің алдына қойылған міндеттерге сәйкестігі;
2) орындаудың уақтылығы және толықтығы;
3) орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуы.
4. Күшіне енген жеке қолданылатын құқықтық актінің не Қазақстан Республикасының Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және мемлекеттік органның басшы лауазымды адамдарының қызметтік сипаттағы өзге де құжаттардан туындайтын тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген лауазымды адам не мемлекеттік органның тиісті құрылымдық бөлімшесі қажет болған кезде бақылау жөніндегі іс-шараларды әзірлейді.
Бұл ретте бақылауды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген лауазымды адам не мемлекеттік органның тиісті құрылымдық бөлімшесі оның орындалуы туралы келіп түсетін ақпаратты:
1) жеке қолданылатын құқықтық актінің орындалу дәрежесі мен сапасын;
2) жеке қолданылатын құқықтық актіні орындауда ауытқушылықтардың бар-жоғын, олардың себептерін және ауытқушылықтарды жою үшін ықтимал шаралар белгілеуді;
3) бақылаудан алу не орындалу мерзімін ұзарту мүмкіндігін;
4) жеке қолданылатын құқықтық актіні орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін нақты лауазымды адамдардың жауаптылығын айқындау үшін талдайды.
Ақпаратты талдау қорытындылары бойынша әзірленген ұсыныстар тиісті шешім қабылдау үшін мемлекеттік органның басшылығына баяндалады. Ақпаратқа талдау жүргізген мемлекеттік органның орындаушыларына қабылданған шешім туралы хабарланады.
5. Жеке қолданылатын құқықтық актіде көзделген іс-шараларды бақылаудан алуды және олардың орындалу мерзімдерін ұзартуды мемлекеттік органның басшылығы жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларын бақылаудан алу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Жоғары тұрған мемлекеттік органның не орындаушы органның бақылау қызметі жеке қолданылатын құқықтық актіде белгіленген орындалу мерзімі өткенге дейін орындаушыға мемлекеттік органның регламентінде айқындалатын тәртіппен тиісті жазбаша еске салу жібереді.
Ішкі бақылауды ұйымдастырудың және жүзеге асырудың қосымша мәселелерін мемлекеттік органның өзі не оған қатысты жоғары тұрған мемлекеттік орган айқындауы мүмкін.
Осы бөліктің күші Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүргізілетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі ішкі бақылау бойынша уәкілеттік берген орган жүзеге асыратын ішкі бақылауға қолданылмайды.
39-бап. Мемлекеттік органдардың жұмысын жоспарлау
1. Мемлекеттік органдар өз қызметін стратегиялық және операциялық жоспарларға, сондай-ақ қажет болған кезде тоқсанға, бір жылға және ұзақ мерзімді перспективаға арналып жасалатын жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады.
2. Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін мемлекеттік органдар өз қызметін тоқсанға, бір жылға және ұзақ мерзімді перспективаға арналып жасалатын жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік органдардың жұмыс жоспарлары мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары негізінде және құқықтық актілерді орындау үшін алдын ала жасалады.
Мемлекеттік органның жұмыс жоспары негізінде осы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері өз жұмыс жоспарларын жасайды.
40-бап. Мемлекеттік орган және мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы регламент, ереже
1. Мемлекеттік орган өз қызметін ұйымдастыру және ішкі тәртібі мәселелері бойынша регламент қабылдайды.
2. Мемлекеттік органның мәртебесі мен өкілеттіктері мемлекеттік орган туралы ережеде айқындалады.
Мемлекеттік орган туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі нұсқаулықты Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Мемлекеттік орган туралы үлгілік ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша бекітеді.
3. Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындау мәселелері бойынша ереже бекітіледі.
Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу мен бекіту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
41-бап. Мемлекеттік органның құзыреті, өкілеттіктері, функциялары мен міндеттері
1. Мемлекеттік орган қызметінің нысанасын айқындайтын оның белгіленген өкілеттіктерінің жиынтығы мемлекеттік органның құзыреті деп түсініледі.
Мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттері мемлекеттік органның өкілеттіктері деп түсініледі.
Мемлекеттік орган қызметінің негізгі бағыттары мемлекеттік органның міндеттері деп түсініледі.
Мемлекеттік органның өз құзыреті шегінде қызметті жүзеге асыруы мемлекеттік органның функциялары деп түсініледі.
Мемлекеттік органның құзыреті, өкілеттіктері, функциялары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, өзіне қатысты жоғары тұрған орталық мемлекеттік орган қабылдайтын өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
2. Мемлекеттік органның функциялары стратегиялық, реттеу, іске асыру және бақылау функциялары болып бөлінеді:
жоспарлы құжаттарды әзірлеу, қабылдау, халықаралық қатынастарды, ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету жөніндегі функциялар стратегиялық функциялар болып табылады;
мемлекеттік функциялардың іске асырылуын нормативтік құқықтық қамтамасыз ету, нормативтік құқықтық актілерді тіркеу және олардың орындалуына талдау жүргізу, мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі функциялар реттеу функциялары болып табылады;
жоспарлы құжаттарды, нормативтік құқықтық актілерді орындауға, мемлекеттік органның жоспарлы құжаттарында көзделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге, мемлекеттік қызметтер көрсетуге, оның ішінде рұқсаттарды, сондай-ақ оларға қосымшаларды беруге, ұзартуға, қайта ресімдеуге, жаңартуға және Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсаттарға, сондай-ақ оларға қосымшаларға қатысты көзделген басқа да әрекеттерді жүзеге асыруға бағытталған функциялар іске асыру функциялары болып табылады;
жеке және заңды тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік мекемелер қызметінің нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру және байқау жөніндегі функциялар бақылау функциялары болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президентіне есеп беретін мемлекеттік органдардың құрылымында функцияларды стратегиялық, реттеу, іске асыру және бақылау функциялары деп бөлуді - Қазақстан Республикасының Президенті, ал орталық атқарушы органдарда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында өздеріне көзделмеген функцияларды жүзеге асыруына тыйым салынады.
Мемлекеттік органдар мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган бекітетін, мемлекеттік органдардың қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолулар жүргізу жөніндегі әдістемеге сәйкес қызметке функционалдық талдауды дербес жүргізеді.
42-бап. Жеке-дара өкімдік қызмет
1. Мемлекеттік органдарда лауазымды адамдар жүзеге асыратын, уәкілетті лауазымды адамдардың жеке қолданылатын құқықтық актілерге жеке-дара қол қоюынан, қарамағындағы қызметкерлерге нұсқаулар мен тапсырмалар беруінен, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру жөнінде өзге де ұйымдық-өкімдік шараларды жеке-дара қабылдауынан тұратын қызмет жеке-дара өкімдік қызмет болып табылады.
2. Мемлекеттік органның басшысы (алқалы мемлекеттік органдарды қоспағанда) жеке-дара өкімдік қызмет арқылы сеніп тапсырылған органға басшылықты жүзеге асырады және қабылданатын шешімдердің заңдылығына дербес жауаптылықта болады.
3. Жеке-дара өкімдік қызметті жүзеге асырған кезде төмен тұрған лауазымды адамдар өздерінің әрекеттерін жоғары тұрған лауазымды адамның шешімдерімен қатаң сәйкестікте жүзеге асырады. Егер мемлекеттік функциялар тек жеке-дара өкімдік қызмет арқылы жүзеге асырылса, онда бұл жағдайда төмен тұрған лауазымды адамдардың міндеті уәкілетті тұлғаның осы қызметін қамтамасыз ету болып табылады.
43-бап. Алқалы мемлекеттік орган
1. Шешімдері мемлекеттік органдар мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданатын органдар алқалы мемлекеттік органдар болып табылады. Алқалы орган қабылдайтын шешімдердің заңдылығы үшін жауаптылық, шешімді қабылдаған кезде қарсы дауыс бергендерді қоспағанда, алқалы органның дауыс беруге қатысқан барлық мүшелеріне жүктеледі.
2. Алқалы мемлекеттік органдар қызметінің негізгі нысаны осы органдардың шешімдері қабылданатын олардың отырыстары болып табылады.
3. Алқалы мемлекеттік органдардың отырыстарын дайындау және өткізу кезінде уәкілетті органдар (олардың құрылымдық бөлімшелері) мен лауазымды адамдар мынадай мәселелерді шешеді:
1) тиісінше бір тоқсан және бір жыл мерзімге алқалы мемлекеттік органның басшысы не алқалы мемлекеттік органның қызметін қамтамасыз ететін органның басшысы бекітетін, мүдделі органдар мен лауазымды адамдардың назарына жеткізілетін, отырыстарды өткізу жоспарын әзірлеу және бекіту;
2) алқалы мемлекеттік органның отырысына шығарылатын мәселелерді дайындауды, отырысты өткізу жөніндегі өзге де ұйымдастыру іс-шараларын оның тиісті құрылымдық бөлімшелері не алқалы мемлекеттік органның қызметін қамтамасыз ететін орган жүзеге асырады.
4. Отырыстарды өткізу тәртібі алқалы мемлекеттік органдардың регламенттерінде айқындалады.
5. Алқалы мемлекеттік органның отырысы хаттамаға түсіріледі.
6. Отырыста қабылданған шешімдер алқалы мемлекеттік органның регламентіне сәйкес қаулылармен ресімделеді және орындаушылардың назарына жеткізіледі. Қажет болған жағдайда қабылданған шешімдерді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленеді және бекітіледі, олардың орындалуына бақылау белгіленеді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 43-1-баппен толықтырылды
43-1-бап. Жобалық басқару
1. Стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарда белгіленген мақсаттарға қол жеткізу жобалық басқару арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларын жобалық басқару жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
3. Жобалық басқару жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдарды жобалық басқарудың үлгілік регламентін бекітеді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 43-2-баппен толықтырылды
43-2-бап. Деректерді басқару
1. Деректерді басқару - деректерді айқындауға, құруға, жинауға, жинақтауға, сақтауға, таратуға, жоюға, қолдауға, сондай-ақ олардың талдауын, сапасын, қолжетімділігін, қорғалуын қамтамасыз етуге байланысты процесс.
2. Деректерді басқару жөніндегі уәкілетті орган:
1) деректерді басқарудың мемлекеттік саясатына басшылықты жүзеге асырады және оның іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) деректерді басқару жөніндегі талаптарды әзірлейді және бекітеді;
3) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3. Мемлекет бюджет қаражаты есебінен жасалатын, жинақталатын және сатып алынатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де тәсілдермен алынған деректердің меншік иесі болып табылады.
4. Мемлекеттік құпияларды, қызметтік немесе құпия ақпаратты құрайтын деректерді басқару Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 43-3-баппен толықтырылды
43-3-бап. Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау
2023.19.04. № 223-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік органдар цифрлық трансформациялауды жүргізеді.
2. Ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауды ұйымдастырушылық және әдіснамалық қолдап отыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған заңды тұлға жүзеге асырады.
44-бап. Мемлекеттік органдарда қызметтік құжаттардың қаралуы мен өтуі
1. Мемлекеттік органға немесе тікелей осы органның басшылығына арналған қызметтік құжаттар келіп түскеннен және іс қағаздарын жүргізу қызметінде тіркелгеннен кейін басшылыққа беріледі, басшылық оларды қарайды және олар бойынша тапсырмалар (қарарлар) дайындайды.
2. Мемлекеттік органның лауазымды адамы мәселені өз қарауына алған кезде қойылған мәселені шешу осы органның немесе осы лауазымды адамның құзыретіне жататынына көз жеткізуге тиіс.
3. Құжаттарға мемлекеттік органның атынан оның басшысы, оны ауыстыратын адам (осы органда белгіленген қызметтік міндеттерді бөлуге сәйкес) не осы органның өзге уәкілетті лауазымды адамы қол қояды.
4. Мемлекеттік органға қайтаруды талап ететін құжатты жіберу кезінде оған осы мемлекеттік органға қайтару қажеттігі туралы белгі қойылады.
5. Құжаттардың мемлекеттік органдарда қаралу мерзімі, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, бір айдан аспауға тиіс.
45-бап. Ақпарат алмасуға қойылатын талаптар
1. Мемлекеттік органдар лауазымды адамдарының өздерінің қызметтік өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпаратты жөнелтуі және алуы ақпарат алмасу болып табылады.
2. Ақпарат алмасуды регламенттейтін рәсімдер:
1) Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігінің іркіліссіз жұмыс істеуіне, оның әлемдік байланыс пен информатика жүйесіне енуіне;
2) ақпаратты, оның ішінде мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтуға ықпал етуге тиіс.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен лауазымды адамдарының шешімдер қабылдауы объективті және алдын алушы ақпаратқа негізделуге тиіс.
3. Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелері арасында ақпарат алмасу өзара ақпараттар легінің ең аз қажетті көлеміне, берілетін басқарушылық ақпараттың қайталануына жол бермеуге негізделеді.
4. Ақпараттық рәсімдер мемлекеттік құпияларды, таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты құрайтын мәліметтердің жария болуына жол бермеуге тиіс және барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметіне және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларына байланысты ақпаратқа қол жеткізуді шектеуді қамтамасыз етуге тиіс.
Таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгі қойылады.
Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік ақпарат өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерді орындау үшін ғана беріледі. Бұл ақпарат қызметтен тыс мақсаттарда пайдаланылмайды.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелерді қоспағанда, ақпараттық жүйелерді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде интеграциялауды жүргізеді.
Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде мемлекеттік органдардың интеграцияланған ақпараттандыру объектілеріндегі деректерге қол жеткізуге мемлекеттік органдардың келісімі талап етілмейді.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 5-1-бөлікпен толықтырылды
5-1. Мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде мемлекеттік органдарға және өзге де тұлғаларға «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінде ақпарат болған жағдайда, оны жеке және заңды тұлғалардан жинауға және талап етуге тыйым салынады.
6. Мемлекеттік органдар мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде қағаз жеткізгіштегі құжаттарды пайдалануды және оларды ұсыну бойынша талаптарды қысқарту (болғызбау) жөніндегі шараларды қабылдайды.
Мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін орындау процесінде қағаз жеткізгіштегі құжаттар пайдаланылған жағдайда, қағаз жеткізгіштегі құжаттарды электрондық құжаттар нысанына аудару жөніндегі шаралар қабылданады.
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 7-бөлікпен толықтырылды
7. Қағаз жеткізгіштегі немесе электрондық нысандағы құжаттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жасалады, куәландырылады және сақталады.
Электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық нысандағы құжат (электрондық құжат) қағаз жеткізгіштегі қол қойылған құжатпен тең және өзге де тәсілдермен куәландыруды талап етпейді.
46-бап. Қызметтік құжаттардың орындалуын ішкі бақылау
1. Мемлекеттік орган басшысының немесе өзге де жоғары тұрған лауазымды адамның аталған лауазымды адамдар шығарған актілерге байланысты емес тапсырмаларының орындалуын ішкі бақылау осы мемлекеттік органның тиісті бөлімшелеріне жүктеледі.
2. Қызметтік құжаттар бойынша тапсырмалардың орындалу мерзімдерін ішкі бақылауды мемлекеттік органның іс қағаздарын жүргізу қызметі жүзеге асырады.
3. Бірнеше орындаушыға берілген тапсырмалардың орындалуын тапсырмада бірінші болып көрсетілген лауазымды адам үйлестіреді.
4. Іс қағаздарын жүргізу қызметі бақылаудағы тапсырманың орындалу мерзімі аяқталғанға дейін тиісті бөлімшеге бұл туралы алдын ала еске салу жібереді.
5. Тапсырманы орындау үшін қосымша уақыт қажет болған жағдайда орындаушы тапсырманы берген лауазымды адамға тапсырманы орындау мерзімін ұзарту туралы жазбаша өтініш береді. Тапсырманы орындаудың қосымша мерзімін тапсырманы берген басшы белгілейді.
6. Тапсырманы берген лауазымды адам не өзге уәкілетті лауазымды адам орындалған құжаттарды бақылаудан алады.
8-тарау. ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАНДАРДЫҢ ФУНКЦИЯЛАРЫН БӘСЕКЕЛЕС ОРТАҒА БЕРУ
47-бап. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға берудің жалпы ережелері
1. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға берудің негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:
1) бәсекелес ортаны дамытуға және жетілдіруге жәрдемдесу;
2) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын жүзеге асырудың тиімділігі мен сапасын арттыру;
3) мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру;
4) оңтайландыру.
2. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға берудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:
1) азаматтардың, бизнес-қоғамдастық пен мемлекет мүдделерінің теңгерімін сақтау;
2) азаматтардың, бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тең дәрежеде қорғауды қамтамасыз ету;
3) орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға берудің негізділігі мен тиімділігі;
4) бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттің орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың бәсекелес ортаға берілген функцияларын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылығы;
5) орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру бойынша процестердің үздіксіздігі және тұтастығы, сондай-ақ оған байланысты оңтайландыру.
3. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) шешімдері негізінде жыл сайынғы негізде осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады.
4. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру:
1) аутсорсинг;
2) мемлекеттік тапсырма;
3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс;