Өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімі басшы қызметкер лауазымына кандидат осы лауазымдарға қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда бір не бірнеше лауазымға берілуі мүмкін.
Өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімі басшы қызметкер лауазымын қайтадан келіспей атқаруға құқық береді және мынадай:
1) өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері лауазымына келісілген кандидат келісім алынған немесе басшы қызметкер лауазымынан босатылған (өкілеттіктері тоқтатылған) күннен бастап он екі ай ішінде тағайындалмаған (сайланбаған);
2) уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алған жағдайларда өзінің қолданысын тоқтатады.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Басшы қызметкер лауазымына кандидат уәкілетті органның келісуінсіз тиісті функцияларды жүзеге асыруға құқылы емес.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тыйым салу басқару органының басшысы немесе мүшесі лауазымына сайланған, тәуелсіз директор болып табылатын, өзі сайланған күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде уәкілетті органның келісуінсіз тиісті функцияларды жүзеге асыруға құқылы адамға қолданылмайды.
Уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру үшін ұсынылған құжаттарды уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес құжаттардың толық топтамасы ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде қарайды.
Басқару органы басшысының міндеттерін атқаруды басқару органының мүшесіне немесе атқарушы орган басшысының міндеттерін атқаруды атқарушы органның мүшесіне күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімге жүктеу жағдайларын қоспағанда, басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісімі жоқ адамның өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерінің міндеттерін атқаруына (уақытша болмағанда оны алмастыруына) тыйым салынады.»;
мынадай мазмұндағы 5-1 және 5-2-тармақтармен толықтырылсын:
«5-1. Тәуелсіз директор болып табылатын басқару органының басшысы немесе мүшесі лауазымына кандидат оны аталған лауазымға сайлағанға дейін де, одан кейін де келісілуі мүмкін.
Тәуелсіз директор болып табылатын басқару органының басшысы немесе мүшесі оны сайлағаннан кейін келісілген кезде құжаттар осы баптың 5-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзімде уәкілетті органға келісуге ұсынылуға тиіс.
Осы тармақта көрсетілген мерзім өткеннен кейін және құжаттардың толық топтамасы уәкілетті органға келісуге ұсынылмаған не уәкілетті орган келісуден бас тартқан жағдайда, өтініш беруші (лицензиат) осы басшы қызметкердің өкілеттіктерін тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
5-2. Уәкілетті орган «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-5-бабына сәйкес басшы қызметкер лауазымына кандидатқа қатысты уәжді пайымдауды пайдаланған кезде уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына кандидатты келісуге құжаттарды ұсынған адамға басшы қызметкер лауазымына кандидатқа қатысты уәжді пайымдауды қалыптастыру туралы хабарлама жібереді.
Уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерлері лауазымдарына кандидаттарды тағайындауға (сайлауға) келісім алу үшін ұсынылған құжаттарды қарау мерзімін уәкілетті орган басшы қызметкерлер лауазымдарына осы кандидаттарға қатысты уәжді пайымдауды қалыптастырған кезде тоқтата тұрады. Осы мерзім басшы қызметкер лауазымына кандидатты келісуге құжаттарды ұсынған адамға уәжді пайымдаудың жобасы жіберілген күннен бастап уәкілетті органның шешімі уәжді пайымдау пайдаланыла отырып қабылданған күнге дейін тоқтатыла тұрады.»;
7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беруден мынадай негіздер бойынша бас тартады:
1) басшы қызметкерлер лауазымдарына кандидаттардың осы бапта, осы Заңның 63-бабының 5-тармағында, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 20) тармақшасында, 54-бабының 4-тармағында, 59-бабының 2-тармағында және «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабында немесе уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
2) тестілеудің теріс нәтижесі.
Мыналар тестілеудің теріс нәтижесі болып табылады:
басшы қызметкер лауазымына кандидаттың тестілеу нәтижесі дұрыс жауаптардың жетпіс пайызынан аз болуы;
басшы қызметкер лауазымына кандидаттың уәкілетті орган айқындаған тестілеу тәртібін бұзуы;
уәкілетті органның басшы қызметкер лауазымына кандидаттың келісу мерзімі ішінде белгіленген уақытта тестілеуге келмеуі;
3) уәкілетті органның ескертулерін жоймау немесе уәкілетті органның ескертулері ескеріле отырып пысықталған құжаттарды уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген мерзім өткеннен кейін ұсыну;
4) тәуелсіз директор болып табылатын, басқару органының басшысы немесе мүшесі лауазымына кандидатты сайлаудың (тағайындаудың) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртібін бұзу;
5) құжаттардың тәуелсіз директор болып табылатын, басқару органының басшысы немесе мүшесі лауазымына кандидат өз лауазымын уәкілетті органның келісуінсіз атқарып жүрген, осы баптың 5-1-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мерзім өткеннен кейін ұсынылуы;
6) уәкілетті органда басшы қызметкер лауазымына кандидаттың бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтіруге алып келген деп танылған әрекеттерді жасағаны туралы мәліметтердің (фактілердің) болуы.
Осы талап санамаланған оқиғалардың ең алдыңғысы басталған:
уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына кандидаттың әрекеттерін бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп таныған;
уәкілетті орган мұндай әрекеттерді жасау салдарынан үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтірілгенін растайтын фактілерді алған күннен бастап бір жыл бойы қолданылады;
7) уәкілетті органда басшы қызметкер лауазымына кандидаттың өзіне қатысты уәкілетті орган қадағалап ден қою шараларын қолданған және (немесе) оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 259-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық үшін, бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп танылған әрекеттерді жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданылған қаржы ұйымының қызметкері және (немесе) әрекеттері мәмілеге қатысушы қаржы ұйымына және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтіруге алып келген қаржы ұйымының қызметкері екендігі туралы мәліметтердің болуы.
Осы талап санамаланған оқиғалардың ең алдыңғысы басталған:
уәкілетті орган қаржы ұйымының әрекеттерін бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп таныған;
уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына кандидат әрекеттерінің салдарынан қаржы ұйымына және (немесе) үшінші тұлғаға (үшінші тұлғаларға) нұқсан келтірілгенін растайтын фактілерді алған күннен бастап бір жыл бойы қолданылады.
Осы тармақшаның мақсаттары үшін қаржы ұйымының қызметкері деп жоғарыда көрсетілген бұзушылықтарға алып келген мәселелер бойынша шешімдер қабылдау құзыретіне кірген қор биржасының басшы қызметкері не оның міндеттерін атқарған адамы және (немесе) трейдері түсініледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген мәліметтерге, сонымен бірге Қазақстан Республикасының бейрезидент-қаржы ұйымы резиденті болып табылатын мемлекеттің қаржылық қадағалау органынан уәкілетті орган алған мәліметтер жатады.
8. Лицензиат уәкілетті органды лицензиаттың тиісті органының шешімі қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, басшы қызметкерлерді тағайындауды (сайлауды), басқа лауазымға ауыстыруды, еңбек шартын бұзуды және (немесе) өкілеттіктерін тоқтатуды қоса алғанда, олардың құрамында болған барлық өзгерістер туралы, басшы қызметкерді сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы, сондай-ақ растайтын құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, басшы қызметкердің тегіндегі, атындағы, әкесінің атындағы (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) өзгерістер туралы хабардар етуге міндетті.
Басшы қызметкер қылмыстық жауаптылыққа тартылған жағдайда лицензиат уәкілетті органды осы ақпарат лицензиатқа белгілі болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.»;
9-тармақ алып тасталсын;
11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Уәкілетті орган өтініш берушінің (лицензиаттың) басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) берген келісімін мынадай негіздер бойынша кері қайтарып алады:
1) келісім беруге негіз болған анық емес мәліметтердің анықталуы;
2) уәкілетті органның осы Заңның 3-5-бабы 1-тармағының 10) тармақшасында көрсетілген қадағалап ден қою шараларын қолдануы;
3) алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болуы;
4) басшы қызметкерлердің осы бапта, осы Заңның 63-бабының 5-тармағында, «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 20) тармақшасында, 54-бабының 4-тармағында және 59-бабының 2-тармағында және «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабында немесе уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.
Уәкілетті органның лицензиаттың басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алуы өзге қаржы ұйымдарында, банк, сақтандыру холдингтерінде, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдарында, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдарында, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдарында осы басшы қызметкерге бұрын берілген келісімді (келісімдерді) кері қайтарып алуға негіз болып табылады.
Өтініш беруші (лицензиат):
1) уәкілетті орган басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алған;
2) басшы қызметкер лауазымына кандидатты сайлаудың (тағайындаудың) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртібі бұзылған жағдайларда, басшы қызметкермен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда басшы қызметкердің өкілеттіктерін тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
12. Ұлттық пошта операторына қатысты осы баптың талаптары оның атқарушы органының мүшелеріне және (немесе) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген, лауазымдық міндеттеріне бағалы қағаздар нарығындағы кәсіптік қызметке байланысты мәселелерге жетекшілік ету кіретін өзге де басшыларға қолданылады.»;
мынадай мазмұндағы 13-тармақпен толықтырылсын:
«13. Осы баптың басқару органының басшысы мен мүшелері бөлігіндегі талаптары жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығынсыз брокерлердің және (немесе) дилерлердің байқаушы кеңесінің басшысы мен мүшелеріне қолданылады.»;
45) 56-бапта:
1, 2, 4, 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Бағалы қағаздар нарығында:
1) бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің бағалы қағаздар нарығындағы іс-қимылын өзгерту мақсатында оларға кез келген нысанда ықпал етуге;
2) бағалы қағаздар нарығында қалыптасатын ахуалға ықпал ету мақсатында анық емес мәліметтер таратуға;
3) бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасауға;
4) инсайдерлік ақпаратты таратуға және (немесе) оны пайдалана отырып мәмілелер жасауға тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптарын бұзған тұлғалар осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған мәмілені сот мүдделі тұлғалардың талап қоюы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін.
2. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және өзге де тұлғалардың әрекеттерін бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тануды уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығы субъектісінің әрекеттерін бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану мәселелерін қарау мақсатында құрылған сараптама комитетінің (осы бапта бұдан әрі - сараптама комитеті) қорытындысын қарау нәтижелері бойынша жүзеге асырады.»;
«4. Сараптама комитетін құру және оның жұмыс істеу тәртібі, сондай-ақ оның сандық құрамы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді. Сараптама комитеті туралы ереже уәкілетті органның шешімімен бекітіледі.
5. Бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің бағалы қағаздарға бағаларды сұраныстың және (немесе) ұсыныстың объективті арақатынасы нәтижесінде белгіленген бағалардан жоғары немесе төмен белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға және (немесе) бағалы қағаздар сұранысына және (немесе) ұсынысына және (немесе) бағасына қатысты анық емес және (немесе) жаңылыстыратын ұсыныс қалыптастыруға және (немесе) бағалы қағазбен сауда көрінісін жасауға бағытталған, мыналар:
1) ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында бағалы қағаздарды сатып алуға және (немесе) сатуға мәміле жасау және (немесе) өтінімді жариялау;
2) бағалы қағаздар, олармен жасалған мәмілелер туралы, сондай-ақ бағалы қағаздар эмитенті, ол жүзеге асыратын қызмет туралы анық емес және (немесе) жаңылыстыратын ақпаратты кез келген тәсілмен тарату арқылы жасалған әрекеттері бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау фактілерін анықтау тұрғысынан мониторингтеуге және талдауға жатады.
Бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің және өзге де тұлғалардың өзге қаржы құралдарына қатысты әрекеттері айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп анықтау тұрғысынан мониторингтеуге және талдауға жататын шарттар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалады.
6. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және өзге тұлғалардың әрекеттерін бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану тәртібі мен шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және қор биржасының ішкі құжаттарында айқындалады.»;
7 және 8-тармақтар алып тасталсын;
46) 63-бапта:
3-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3-1. Номиналды ұстаушы болып табылатын брокер және (немесе) дилер уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және шарттарда өзінің клиенттеріне электрондық көрсетілетін қызметтер, оның ішінде жеке шот ашу бойынша, бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу бойынша, сондай-ақ ақпараттық операциялар жасау бойынша көрсетілетін қызметтер ұсынуға құқылы.»;
мынадай мазмұндағы 3-2-тармақпен толықтырылсын:
«3-2. Брокер және (немесе) дилер осы Заңда белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, өз клиенттеріне ұйымдастырылмаған (биржадан тыс) шетелдік валюта және қор нарықтарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарықтарында мәмілелер жасауға байланысты мәселелер бойынша консультациялық, ақпараттық көрсетілетін қызметтер және (немесе) клиенттердің есебінен және мүдделерінде осы нарықтарда мәмілелер жасасу бойынша көрсетілетін қызметтер ұсынуға құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қызметтерді жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының аумағында брокерлер және (немесе) дилерлер ғана көрсетуге құқылы.»;
47) 64-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Брокер және (немесе) дилер клиенттің бұйрығына сәйкес және (немесе) клиент бұрын жасасқан маржалық мәмілелер шеңберінде көзделген шарттар негізінде қаржы құралдарымен мәмілелер жасайды. Клиенттер бұйрықтарының түрлері, олардың мазмұны және ресімделуі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде және брокердің және (немесе) дилердің ішкі құжаттарында айқындалады.»;
2-2-тармақта:
«ақшасын» деген сөзден кейін «, бағалы қағаздары мен туынды қаржы құралдарын» деген сөздермен толықтырылсын;
«қарыз түрінде не өз мүдделерінде немесе үшінші бір адамдардың мүдделерінде міндеттемелерді орындау ретінде» деген сөздер «өз мүдделерінде немесе үшінші тұлғалардың мүдделерінде» деген сөздермен ауыстырылсын;
48) 72-1-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Қазақстан Республикасының бейрезидент-заңды тұлғасы рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төмен рейтингі болған кезде зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын инвестициялық портфельді басқарушының акционері бола алады. Талап етілетін ең төмен рейтинг және рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Қазақстан Республикасының бейрезидент-жеке тұлғасының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын инвестициялық портфельді басқарушының акцияларын иелену үлесі зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын инвестициялық портфельді басқарушының дауыс беретін акцияларының жалпы санының он пайызынан аспайды.»;
6-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«4) инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық жағдайының ықтимал нашарлауы жағдайларында инвестициялық портфельді басқарушыны қайта капиталдандыру жоспары;»;
8-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) осы баптың 6-тармағының 1), 3) және 4) тармақшаларында және 7-тармағының 1), 2), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды;»;
49) 72-2-баптың 1-тармағының 13) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«13) уәкілетті орган банкті, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалын төлемге қабілетсіз банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары санатына жатқызу туралы, банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалын, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалын, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалын лицензиядан айыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржы ұйымын мәжбүрлеп тарату, оны банкрот деп тану немесе Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде тұлға бұрын ірі қатысушы - жеке тұлға не ірі қатысушы - заңды тұлғаның бірінші басшысы және (немесе) қаржы ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының басшы қызметкері болған не болып отырған жағдайлар негіз болып табылады. Көрсетілген талап уәкілетті орган банкті, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалын төлемге қабілетсіз банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары санатына жатқызу туралы, банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалын, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалын, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерінің филиалын лицензиядан айыру, сондай-ақ қаржы ұйымын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп тарату, оны банкрот деп тану немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы шешім қабылдағаннан кейін бес жыл бойы қолданылады.»;
50) 73-бапта:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылмайтын кастодиан:
1) зейнетақы активтеріне;
2) ашық және (немесе) аралық инвестициялық пай қорының активтеріне;
3) сақтанушының инвестицияларға қатысу талабы көзделетін сақтандыру шарттары бойынша, сақтанушылардан инвестициялау мақсаттары үшін алынған сақтандыру сыйлықақыларының бір бөлігі және оларды инвестициялаудан алынған кірістер (шеккен залалдар) есебінен қалыптастырылған активтерге қатысты инвестициялық портфельді үлестес басқарушымен кастодиандық қызмет көрсету шартын жасасуға құқылы емес.»;
мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
«6. Кастодиан «Астана» халықаралық қаржы орталығына қатысушыларға кастодиандық қызмет көрсету бойынша қызметтер көрсетуге құқылы.»;
51) 79-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Орталық депозитарийдің директорлар кеңесінің құрамына уәкілетті органның жазбаша хабарламасы негізінде уәкілетті органның өкілі тұрақты негізде дауыс беру құқығымен кіреді.»;
52) мынадай мазмұндағы 79-1-баппен толықтырылсын:
«79-1-бап. Консультативтік кеңес
1. Консультативтік кеңес орталық депозитарий клиенттерінің мүдделерін білдіретін алқалы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Консультативтік кеңес мүшелерінің негізгі міндеттері, өкілеттік мерзімі және оларды сайлау тәртібі, олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ консультативтік кеңестің отырыстарын шақыру, дайындау және өткізу тәртібін қоса алғанда, оның қызметін ұйымдастыру тәртібі орталық депозитарийдің директорлар кеңесі бекітетін консультативтік кеңес туралы ережеде айқындалады.
3. Консультативтік кеңестің құзыретіне консультативтік кеңес туралы ережеде айқындалған, орталық депозитарий қызметінің мәселелерін алдын ала қарау жатады.
4. Консультативтік кеңестің шешімдері жазбаша түрде ресімделеді және ұсынымдық сипатта болады.»;
53) 80-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 3-2) тармақшамен толықтырылсын:
«3-2) құжаттама нысанында шығарылған бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарының сақталуын жүзеге асырады;»;
2-тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасындағы «айырбастау операцияларын;» деген сөздер «айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқылы.» деген сөздермен ауыстырылып, 6) тармақшасы алып тасталсын;
54) мынадай мазмұндағы 80-1-баппен толықтырылсын:
«80-1-бап. Талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін орталық депозитарийде ашылған шотта есепте тұрған активтерді басқару тәртібі
1. Орталық депозитарийдегі және талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін ашылған шотта есепке алынатын активтерді сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен орталық депозитарий арасында жасалатын сенімгерлік басқару шарты негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган сенімгерлік басқаруға берілген және талап етілмеген ақшаны есепке алу үшін орталық депозитарийде ашылған шотта есепке алынатын активтерді басқарудан түсетін инвестициялық кірісті бөлу тәртібін айқындайды.»;
55) 81-баптың 2-тармағында:
бірінші абзацта орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді;
мынадай мазмұндағы 6-2) тармақшамен толықтырылсын:
«6-2) қазақстандық депозитарийлік қолхаттарды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу және өтеу;»;
9) тармақша «мен шарттары» деген сөздермен толықтырылсын;
56) 84-бапта:
2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі орталық депозитарий сауда-саттықты ұйымдастырушының функциясын жүзеге асырған кезде оған қолданылмайды.»;
4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Сауда-саттықты ұйымдастырушының директорлар кеңесінің құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және уәкілетті органның жазбаша хабарламалары негізінде уәкілетті органнан және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен бір-бір өкіл тұрақты негізде дауыс беру құқығымен кіреді.
5. Листинг, делистинг, бағалы қағаздардың ресми тізімінің санаттарын немесе алаңын алмастыру мәселелері бойынша шешімдерді қор биржасының листинг комиссиясы қабылдайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы листинг, делистинг, оңайлатылған рәсім бойынша бағалы қағаздардың ресми тізімінің санаттарын немесе алаңын алмастыру мәселелеріне қолданылмайды, олар бойынша шешімдерді қор биржасының ішкі құжаттарында айқындалған тәртіппен оның атқарушы органы қабылдайды.
Листинг комиссиясының құрамына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді. Листинг комиссиясының құрамына уәкілетті органның өкілі тұрақты негізде дауыс беру құқығымен кіреді.