18-бап. Кәсіптік біліктілікті тану емтиханынан немесе емтихандарынан өту үшін кандидатқа қойылатын талаптар
Кандидат кәсіптік біліктілікті тану емтиханынан немесе емтихандарынан өту үшін:
1) еңбек функцияларын орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпке, өндіріс ерекшелігі мен еңбек қауіпсіздігі жағдайларына қойылатын талаптар негізге алына отырып белгіленген жасқа сәйкес келуге;
2) кәсіптік біліктілікті тану қағидаларына сәйкес кәсіптік біліктілікті тану үшін қажетті құжаттардың толық топтамасын ұсынуға;
3) кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өткен кезде Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, санитариялық-гигиеналық нормалар саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға тиіс.
19-бап. Кәсіптік біліктілікті тану шеңберінде формалды емес және (немесе) информалды білім беруді тану
1. Тану орталықтары кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту кезінде, егер формалды емес және (немесе) информалды білім беру нәтижелерін тану жөніндегі талаптар тиісті кәсіптік стандарттарда, ал олар болмаған кезде - біліктілік талаптарында белгіленсе, формалды емес және (немесе) информалды білім беру арқылы алынған оқу нәтижелерін таниды.
2. Кандидат кәсіптік біліктілікті тану шеңберінде формалды емес білім беруді тану туралы шешімнің қабылдануы үшін тану орталығына білім беру қызметтерін ұсынатын ұйым берген сертификатты немесе оқуды аяқтағаны туралы куәлікті ұсынады.
3. Кандидат кәсіптік біліктілікті тану шеңберінде информалды білім беруді тану туралы шешімнің қабылдануы үшін тану орталығына алған оқу нәтижелерінің сипаттамасын ұсынады.
20-бап. Дағдыны немесе дағдыларды тану
1. Тану орталықтарында жекелеген дағдыны немесе дағдыларды бір кәсіп шеңберінде тануға жол беріледі.
2. Егер дағдыны немесе дағдыларды тану жөніндегі талап тиісті кәсіптік стандарттарда, ал олар болмаған кезде - біліктілік талаптарында белгіленсе, жекелеген дағдыны немесе дағдыларды тану жүзеге асырылады.
3. Жекелеген дағдыны немесе дағдыларды тану кезінде кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатта дағдының немесе дағдылардың атауы, кәсіптік біліктілік пен кәсіптің атауы көрсетіледі.
21-бап. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты алу тәртібі
1. Емтиханды немесе емтихандарды тапсырған кандидаттар кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат алады.
2. Егер кандидат өзінің еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде емтиханнан немесе емтихандардан өтпесе, тану орталығы емтиханды немесе емтихандарды қайта тапсыруға уақыт белгілейді.
3. Егер кандидат емтиханнан немесе емтихандардан өту қорытындылары бойынша теріс шешім алса, тану орталығы кәсіптік біліктілікті тану қағидаларына сәйкес кандидатқа ұсынымдар береді және емтиханды немесе емтихандарды қайта тапсыру мерзімдерін айқындайды.
4. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың нысаны кәсіптік біліктілікті тану қағидаларында айқындалады.
5. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың қолданылу мерзімі кәсіптер тізіліміне сәйкес белгіленеді.
22-бап. Кәсіптік біліктілікті тану мәселелері бойынша апелляцияларды қарау ерекшеліктері
1. Кандидат кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту қорытындылары бойынша тану орталығы шешімінің нәтижелерімен келіспеген жағдайда өзіне нәтижелер туралы хабарланған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тану орталығына апелляцияға арналған өтінішті беруге құқылы.
2. Тану орталығы кандидаттың апелляцияға арналған өтінішін тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.
3. Тану орталығы кандидаттың тану рәсімінен өту қорытындылары бойынша шешімнің нәтижелерімен келіспейтіні туралы апелляцияға арналған өтінішін қарау үшін:
1) апелляциялық комиссия құруға;
2) кандидатты апелляцияға берген өтінішін қарау қорытындылары туралы хабардар етуге міндетті.
Апелляциялық комиссия кәсіптік біліктілікті тану қағидаларына сәйкес құрылады.
4-тарау. ТАНУ ОРТАЛЫҚТАРЫН АККРЕДИТТЕУ
23-бап. Тану орталықтарын аккредиттеу
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тану орталықтарын аккредиттеуді уәкілетті органмен келісу бойынша ерікті және өтеусіз негіздерде жүргізеді.
2. Аккредиттеу мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды:
1) өтінімді және ұсынылған құжаттарды қабылдау, қарау;
2) ұсынылған құжаттарды сараптау;
3) өтініш берушіні тұрған жері бойынша зерттеп-қарау;
4) аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау;
5) қолданылу мерзімі үш жыл болатын аккредиттеу аттестатын беру;
6) аккредиттеуден кейінгі шартты жасасу.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тану орталықтарын аккредиттеуді жүргізу кезінде:
1) аккредиттеуді жүргізу барысында өтініш берушіден алынатын құжаттардың, ақпараттың сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге;
2) өтініш берушінің тұрған жері бойынша толық және объективті зерттеп-қарауды жүргізуге және өтініш берушінің аккредиттеу өлшемшарттарына сәйкестігін бағалау қамтылуға тиіс негізделген және объективті есепті беруге міндетті.
Осы бапта көзделген нормаларды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
4. Уәкілетті орган тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта рәсімдеу, кері қайтарып алу, оның қолданысын қайта бастау және тоқтату қағидаларын бекітеді.
5. Тану орталықтарын қайта аккредиттеу осы баптың 2-тармағында көзделген барлық кезең сақтала отырып жүргізіледі. Өтініш беруші қайта аккредиттеуге арналған өтінімді аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі өткенге дейін алты ай бұрын береді.
24-бап. Аккредиттеу өлшемшарттары
1. Өтініш беруші мынадай өлшемшарттарға сай келуге тиіс:
1) заңды тұлға мәртебесінің болуы;
2) меншік, шаруашылық жүргізу, жедел басқару құқығында, бірлескен қызмет туралы шарт негізінде немесе уақытша иелігінде және пайдалануында кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қажетті үй-жайдың, жабдық пен материалдық ресурстардың болуы;
3) ұсынылған кәсіптерінің кәсіптер тізілімінде болуы;
4) біліктілік бағдарламалары жобаларының уәкілетті орган белгіленген талаптарға сәйкес келуі;
5) кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін, уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келетін білікті персоналдың болуы.
2. Білім беру ұйымдарының жанынан тану орталықтарын құруға жол берілмейді.
25-бап. Аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешімді уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынылған құжаттарды сараптау және өтініш берушінің тұрған жері бойынша зерттеп-қарау нәтижелері негізінде қабылдайды.
2. Оң шешім қабылданған жағдайда он жұмыс күні ішінде сериялық нөмірі бар аккредиттеу аттестаты беріліп, аккредиттелген тану орталықтарының тізбесіне мәліметтер енгізіледі және аккредиттеуден кейінгі шарт жасалады.
Аккредиттеуден кейінгі шарт тану орталықтарының қызметіне мониторингті жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен тану орталығы арасында жасалады.
Уәкілетті орган аккредиттеуден кейінгі шарттың үлгілік нысаны мен талаптарын бекітеді.
3. Тану орталықтарының қызметін мониторингтеу тану орталықтарының кәсіптік біліктілікті тану рәсімін жүргізуі нәтижелерін Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бақылауы арқылы жүзеге асырылады.
Тану орталықтарының қызметін мониторингтеу нәтижелері бойынша аккредиттеу өлшемшарттарының бұзылғаны анықталған жағдайда осы Заңның 26-бабының 2-тармағына сәйкес шаралар қабылданады.
4. Теріс шешім қабылданған кезде өтініш берушіге аккредиттеуден бас тарту себептері көрсетілген жауап шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда жіберіледі.
5. Өтініш беруші аккредиттеуден бас тарту жөніндегі шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасауға құқылы.
26-бап. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, кері қайтарып алу және оның қолданысын тоқтату
1. Тану орталығы қайта ұйымдастырылған (қосылған, біріктірілген, бөлінген, бөліп шығарылған, қайта құрылған) кезде аккредиттеу аттестаты тану орталықтарын аккредиттеу, аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, кері қайтарып алу, оның қолданысын қайта бастау және тоқтату қағидаларына сәйкес қайта ресімделуге жатады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аккредиттеу аттестатын мынадай жағдайларда:
1) тану орталығының аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы жазбаша өтініші болғанда;
2) кәсіптік біліктілікті тану тәртібі бұзылғанда;
3) аккредиттеу өлшемшарттарын және аккредиттеуден кейінгі шарт талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде тану орталықтарының қызметін мониторингтеу қорытындылары бойынша;
4) тану орталықтарында кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат алған адамдарға қатысты расталған шағымдар анықталғанда кері қайтарып алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында белгіленген жағдайда осы адамға берілген кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың күші жойылуға жатады. Кәсіптік біліктілікті тану туралы күші жойылған құжаттар туралы мәліметтер Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы баптың 2-тармағында көзделген оқиғалар басталған және (немесе) бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешім қабылдайды.
4. Аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешімнің көшірмесі тану орталығына осы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы арқылы электрондық тәсілмен жіберіледі.
5. Тану орталығы аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға негіз болған бұзушылықтар жойылғаннан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына аккредиттеу аттестатының қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдау үшін осы бұзушылықтардың жойылғаны жөніндегі мәліметтерді ұсынады.
Азаматтардың денсаулығына, тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге және қауіпсіздігіне байланысты бұзушылықтар анықталған жағдайда аккредиттеу аттестатының қолданысы қайта басталмайды.
Аккредиттеу аттестаттарының қолданысы қайта басталуға жатпайтын тану орталықтарының тізбесі, сондай-ақ олардың құрылтайшылары (қатысушылары) туралы мәліметтер Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.
6. Аккредиттеу аттестатының қолданысы мынадай негіздер бойынша:
1) аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алу туралы шешім болғанда;
2) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі тоқтатылғанда;
3) тану орталығының қызметі тоқтатылғанда (таратылғанда);
4) кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметпен айналысуға тыйым салу туралы сот шешімі болғанда тоқтатылады.
5-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ЫНТАЛАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ
27-бап. Жұмыс берушілер кәсіптік біліктілігін тануға жіберетін кандидаттарға берілетін өтемақылар, кепілдіктер мен жеңілдіктер
Жұмыс берушілер кәсіптік біліктілігін тануға жіберетін кандидаттарға өтемақылар, кепілдіктер мен жеңілдіктер беру тәртібі Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.
28-бап. Жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде кәсіптік біліктілікті тануды есепке алу
Жұмыскерлерде кәсіптік біліктілікті тану туралы құжаттың болуы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде ескеріледі.
29-бап. Кәсіптік біліктілікті танудың ваучерлік жүйесі
1. Тіркелген жұмыссыз адамдар кәсіптік біліктілікті ақысыз негізде тану үшін біржолғы ваучер алуға құқылы. Біржолғы ваучер жылына бір рет беріледі және біржолғы ваучерде көрсетілген қолданылу мерзімі ішінде пайдаланылуға тиіс.
2. Біржолғы ваучер алған адамдар кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту үшін кәсіптік біліктілікті және тану орталығын таңдауды кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіп бойынша өз бетінше жүзеге асырады.
3. Егер біржолғы ваучер қолданылу мерзімі ішінде пайдаланылмаса, оның күші жойылады. Біржолғы ваучердің қолданылу мерзімі біржолғы ваучерді алған адамның еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде ұзартылуға жатады.
4. Біржолғы ваучер негізінде кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтуге арналған шығыстардың мөлшері мен оларды өтеу тәртібі уәкілетті орган бекіткен, біржолғы ваучерлерді беру, қаржыландыру және Қазақстан Республикасының өңірлері арасында бөлу қағидаларында белгіленеді.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2023 жылғы 4 шілде
№ 14-VІІІ ҚРЗ