7) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан осы Заңның 17 және 18-баптарына сәйкес бейбіт жиналыстарды тоқтата тұруды немесе тоқтатуды талап етеді;
8) осы Заңның 17 және 18-баптарында көзделген жағдайларда бейбіт жиналыстарды тоқтата тұрады немесе тоқтатады;
9) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының жазбаша немесе электрондық нысанда білдірген, бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге келісетіні туралы жауабы болмаған немесе келіспеген жағдайда, бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту туралы шешім шығарады;
10) өзінің интернет-ресурсында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың тізбесін, сондай-ақ олардың бос-бос еместігі туралы ақпаратты орналастырады;
11) өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
4. Құқық қорғау органдарының құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
9-бап. Бейбіт жиналыстарды өткізу орны мен уақыты
1. Бейбіт жиналыстар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда өткізіледі. Пикеттеуді қоспағанда, өзге орындарда бейбіт жиналыстар өткізуге тыйым салынады.
Осы баптың 5-тармағында көрсетілген орындарда пикеттеуді өткізуге тыйым салынады.
2. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды айқындаған және оларды пайдалану тәртібін белгілеген кезде бейбіт жиналыстардың мақсатына қол жеткізу мүмкіндігі, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды әкімшілік-аумақтық бірліктердің орталық және өзге де бөліктерінде белгілеу, ұйымдастыру ыңғайлылығы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкіндігі, санитариялық нормалар мен қағидаларды сақтау, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың, басқа да адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуге тиіс.
Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, сондай-ақ облыстардың әкімшілік орталықтары аудандарының орталық бөліктеріндегі пикеттеу, жиналыстар немесе митингілер ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар саны үштен кем болмауға тиіс.
3. Дәл сол бір жерде және (немесе) дәл сол бір жүру маршруты бойынша не дәл сол бір уақытта бейбіт жиналыс өткізуге бір мезгілде бірнеше бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы үміткер болған жағдайда, көрсетілген орынды пайдалану кезектілігін жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан тиісті хабарламаны немесе өтінішті алған уақытын негізге ала отырып айқындайды.
4. Бейбіт жиналыстарды бейбіт жиналыстар өткізілетін күні әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті уақыты бойынша сағат 9-дан ерте бастауға және сағат 20-дан кеш аяқтауға болмайды.
5. Пикеттеуді өткізуге:
1) жаппай жерлеу орындарында;
2) теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;
3) мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда;
5) қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;
6) магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда тыйым салынады.
6. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бір жерде дәл сол бір уақытта дәл сол бір объектіде екі және одан көп пикет өткізуге жол берілмейді.
Пикеттеу ұзақтығы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бір жерде дәл сол бір объектіде күніне екі сағаттан аспауға тиіс.
10-бап. Бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарлама
1. Пикеттеу, жиналыс, митинг нысанында бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға өткізілетін күніне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында береді.
2. Хабарламаның жергілікті атқарушы органда тіркелген күні бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны беру күні болып табылады.
3. Бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламада:
1) бейбіт жиналыстың мақсаты;
2) бейбіт жиналыстың нысаны;
3) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы азаматының, оның өкілінің (болған кезде) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері немесе уақытша болатын (тұратын) жері не бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жері;
4) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын, пикеттер үшін - өткізу орны;
5) бейбіт жиналыстың басталатын және аяқталатын күні, уақыты;
6) қатысушылардың болжамды саны;
7) киіз үйлер, шатырлар мен өзге де құрылысжайлар орнату туралы мәліметтер;
8) осы Заңда көзделген жағдайларда дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын пайдалану ниеті;
9) пикеттеуді қоспағанда, ұйымдастырушы бекіткен бейбіт жиналыстар өткізу регламенті;
10) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) электрондық пошталық мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі;
11) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) хабарламада көрсетілген өз дербес деректерін жинауға, өңдеуге келісімі;
12) бейбіт жиналыстар өткізуді қаржыландыру көздері;
13) бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаның берілген күні және ұйымдастырушының немесе оның өкілінің (болған кезде) қолтаңбасы көрсетіледі.
11-бап. Хабарламаны қарау тәртібі
1. Жергілікті атқарушы орган хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға:
1) киіз үйлерді, шатырларды, өзге де құрылысжайларды орнатпай, дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды пайдаланбай пикеттеу, жиналыс, митинг өткізу туралы;
2) осы Заңның 14-бабында көзделген негіздер бойынша пикеттеуді, жиналысты, митингіні өткізуден бас тарту туралы;
3) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуін, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында пикеттеудің, жиналыстың, митингінің орнын және (немесе) уақытын өзгерту ұсынысы туралы хабарлайды.
Хабарламаны қарау мерзімі өткен соң жергілікті атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізеді.
2. Жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға қабылданған шешім туралы мынадай тәсілдердің бірімен:
1) қолма-қол;
2) табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында;
3) электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы;
4) ұйымдастырушы көрсеткен электрондық поштаның мекенжайы бойынша;
5) ұйымдастырушы көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлайды.
Жергілікті атқарушы органның шешімі осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен жіберілген жағдайда, шешім табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімімен де жіберіледі.
3. Бейбіт жиналысты ұйымдастырушы бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы ұсынысты алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуге өзінің келісетіні немесе келіспейтіні туралы мынадай нысандардың бірімен:
жазбаша (қолма-қол);
электрондық нысанда (ұсыныс келіп түскен электрондық поштаның мекенжайына немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы);
ұсыныс келіп түскен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлайды.
Бейбіт жиналысты ұйымдастырушы бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуге келіскен жағдайда, жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тартуға құқылы емес.
Бейбіт жиналысты ұйымдастырушының бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгертуге келісетіні туралы жауабы болмаған немесе келіспеген жағдайда, жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту туралы шешім шығарады.
12-бап. Келісуді алу туралы өтініш
1. Демонстрация, шеру нысанында бейбіт жиналыстар өткізуге келісуді алу туралы өтінішті бейбіт жиналысты ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға өткізілетін күніне дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында береді.
Өтініштің жергілікті атқарушы органда тіркелген күні келісуді алу туралы өтінішті беру күні болып табылады.
2. Келісуді алу туралы өтініште:
1) бейбіт жиналыстың мақсаты;
2) бейбіт жиналыстың нысаны;
3) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы азаматының, оның өкілінің (болған кезде) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері немесе уақытша болатын (тұратын) жері не бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жері;
4) бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын және (немесе) қатысушылардың жүру маршруты;
5) бейбіт жиналыстың басталатын және аяқталатын күні, уақыты;
6) қатысушылардың болжамды саны;
7) осы Заңда көзделген жағдайларда қоғамдық тәртіпті қорғауды, медициналық көмек ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу шаралары, дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын, көлік құралдарын пайдалану ниеті;
8) қажет болған жағдайда - көлік құралдарының жалпы саны мен санаттары, маршруттың ұзындығын, басталатын және аяқталатын орнын қоса алғанда, олардың қозғалыс маршруты;
9) ұйымдастырушы бекіткен бейбіт жиналыстар өткізу регламенті;
10) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) электрондық пошталық мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі;
11) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) өтініште көрсетілген өз дербес деректерін жинауға, өңдеуге келісімі;
12) бейбіт жиналыстар өткізуді қаржыландыру көздері;
13) келісуді алу туралы өтініштің берілген күні және ұйымдастырушының немесе оның өкілінің (болған кезде) қолтаңбасы көрсетіледі.
13-бап. Келісуді алу туралы өтінішті қарау тәртібі
1. Жергілікті атқарушы орган өтінішті қарайды және тіркелген күнінен бастап жеті жұмыс күні ішінде бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға:
1) демонстрация, шеру өткізудің келісілгені туралы;
2) демонстрацияны, шеруді дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, көлік құралдарын пайдаланбай өткізудің келісілгені туралы;
3) осы Заңның 14-бабында көзделген негіздер бойынша өткізуден бас тартылғаны туралы;
4) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуін, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүліктің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгерту ұсынысы туралы хабарлайды.
2. Жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға қабылданған шешім туралы мынадай тәсілдердің бірімен:
1) қолма-қол;
2) табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімі нысанында;
3) электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы;
4) ұйымдастырушы көрсеткен электрондық поштаның мекенжайы бойынша;
5) бейбіт жиналысты ұйымдастырушы көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлайды.
Жергілікті атқарушы органның шешімі осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәсілдермен жіберілген жағдайда, шешім табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтілімімен де жіберіледі.
3. Бейбіт жиналысты ұйымдастырушы бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгерту туралы ұсынысты алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге өзінің келісетіні немесе келіспейтіні туралы мынадай нысандардың бірімен:
жазбаша (қолма-қол);
электрондық нысанда (ұсыныс келіп түскен электрондық поштаның мекенжайына немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат арқылы);
ұсыныс келіп түскен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша хабарлайды.
Бейбіт жиналысты ұйымдастырушы бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге келіскен жағдайда, жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тартуға құқылы емес.
Бейбіт жиналысты ұйымдастырушының бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгертуге келісетіні туралы жауабы болмаған немесе келіспеген жағдайда, жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту туралы шешім шығарады.
14-бап. Бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту
1. Жергілікті атқарушы орган осы Заңның 11-бабының 1-тармағында және 13-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімдерде бейбіт жиналыстар өткізуден:
1) егер олардың мақсаттары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзу, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзу болып табылса;
2) егер бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы осы Заңның 5-бабының 6-тармағында аталған тұлға болса;
3) егер мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, денсаулық сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қатер төнсе;
4) егер бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы осы Заңның 10 және 12-баптарында белгіленген, бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаның немесе келісуді алу туралы өтініштің мерзімдерін бұзса;
5) осы Заңның 10-бабының 3-тармағында және 12-бабының 2-тармағында көрсетілген ақпарат толық берілмеген немесе бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының немесе оның өкілінің (болған кезде) қолтаңбасы болмаған жағдайда;
6) ұсынылған құжаттардың анық емес екендігі немесе бейбіт жиналыстарды өткізу үшін қажетті құжаттардың, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі анықталған жағдайда;
7) егер бейбіт жиналыстардың ұйымдастырылуы мен өткізілуін қаржыландыруды:
жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне енгізілген жеке тұлғалар және (немесе) заңды тұлғалар;
қызметі Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған заңды тұлға;
шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар жүзеге асырса;
8) осы Заңның 2-бабының 4-тармағында, 9-бабының 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларда;
9) егер қатысушылардың болжамды саны бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың шекті толу нормаларынан асып түссе;
10) егер осындай іс-шараларды өткізудің болжамды уақытында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда басқа ресми, мәдени, ойын-сауық мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және өзге де іс-шаралардың өткізілуі жоспарланса, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүзеге асырылып жатса, бас тартады.
2. Бейбіт жиналыстар өткізуден бас тарту туралы шешім негізді әрі уәжді болуға тиіс және оған Қазақстан Республикасының заңына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
15-бап. Үгіттеу
1. Бейбіт жиналысты ұйымдастырушының және Қазақстан Республикасының өзге де азаматтарының:
1) осы Заңның 11 және 13-баптарына сәйкес бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны және келісуді алу туралы өтінішті қарау немесе жергілікті атқарушы органның шешімін алу мерзімдері өткеннен;
2) осы Заңның 11-бабының 3-тармағына және 13-бабының 3-тармағына сәйкес бейбіт жиналысты ұйымдастырушы бейбіт жиналыстардың өткізу орнын және (немесе) жүру маршрутын не уақытын өзгерту туралы келісімін бергеннен кейін бейбіт жиналыстардың өткізу орны және (немесе) жүру маршруты не уақыты, бейбіт жиналыстарды өткізу мақсаттары туралы ақпаратты және оларды ұйымдастыру мен өткізуге байланысты өзге де ақпаратты хабарлай отырып, үгіттеуді кедергісіз жүргізуге, осы Заңда тыйым салынбаған нышанды, иллюстрациялық материалдарды пайдалануға, сондай-ақ осы іс-шараларға қатысуға үгіттеуге құқығы бар.
2. Үгіттеу жүргізу үшін үндеухаттар, плакаттар мен хабарландырулар таратылуы, бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация желілері, Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де тәсілдер пайдаланылуы мүмкін.
16-бап. Бейбіт жиналыстар өткізуді материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету
1. Бейбіт жиналыстар өткізуді материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді оларды ұйымдастырушы мен оларға қатысушылар өз қаражаты есебінен, сондай-ақ осы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жиналған және (немесе) берілген қаражат пен мүлік есебінен, егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, жүзеге асырады.
2. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруды және өткізуді:
жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне енгізілген жеке тұлғалардың және (немесе) заңды тұлғалардың;
қызметі Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған заңды тұлғаның;
шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың қаржыландыруына тыйым салынады.
3. Жергілікті атқарушы органның келісімінсіз бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылысжайлар орнатуға тыйым салынады.
17-бап. Бейбіт жиналыстарды тоқтата тұру негіздері мен тәртібі
1. Егер бейбіт жиналыстар өткізу кезінде оған қатысушылардың кінәсінан адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмейтін құқықтық тәртіпті бұзу орын алса, жергілікті атқарушы органның өкілі бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан осы бұзушылықты өз бетінше немесе өзімен бірлесіп жоюды талап етуге құқылы.
2. Бұзушылықты жою туралы заңды талап орындалмаған жағдайда жергілікті атқарушы органның өкілі бұзушылықты жою үшін өзі белгілеген уақытқа бейбіт жиналыстарды тоқтата тұрады. Бұзушылық жойылған кезде бейбіт жиналыстар өткізу оларды ұйымдастырушы мен жергілікті атқарушы органның өкілі арасындағы келісу бойынша жалғасады.
3. Егер бұзушылық жергілікті атқарушы органның өкілі белгілеген уақыт өткеннен кейін жойылмаса, бейбіт жиналыстар осы Заңның 18-бабында көзделген тәртіппен тоқтатылуға тиіс.
18-бап. Бейбіт жиналыстарды тоқтату негіздері мен тәртібі
1. Бейбіт жиналыстарды тоқтату негіздері мыналар болып табылады:
1) азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке және (немесе) қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатердің төнуі, мүлікке, оның ішінде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орынның шекті толу нормасынан асып түсу салдарынан нұқсан келтіру;
2) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзуға үндеулер;
3) бейбіт жиналыстарды өткізу нысанын өзгерту;
4) осы Заңның 17-бабының 3-тармағында көзделген жағдай;
5) ұйымдастырушының бейбіт жиналыс өткізуден бас тартуы;
6) бейбіт жиналыс өткізу уақытының өтуі.
2. Бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда, жергілікті атқарушы органның өкілі:
1) бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан не оларға қатысушылардан бейбіт жиналыстарды өз еркімен тоқтатуды талап етеді;
2) бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы талапты орындау үшін уақыт белгілейді.
3. Бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы талап орындалмаған жағдайда ішкі істер органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейбіт жиналыстарды мәжбүрлеп тоқтату жөнінде қажетті шараларды қолданады.
4. Бейбіт жиналыстарға қатысушының (қатысушылардың) осы Заңның талаптарын бұзуы оның (олардың) бейбіт жиналыстарға қатысуын тоқтатуға алып келеді және ол жойылған жағдайда, бейбіт жиналыстарды тоқтату үшін негіз болып табылмайды.
3-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
19-бап. Бейбіт жиналыстар бостандығы құқығын бұзатын шешімдер мен әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағым жасау
Мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, олардың лауазымды адамдарының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
20-бап. Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
21-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» 1995 жылғы 17 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 1-2, 19-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 23, 142-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 25 мамыр
№ 333-VI