2. Банк клиенттерi, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, кредитор-банктi хабардар ете отырып, басқа банктерде банктiк шоттар ашуға құқылы.
11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 06.07.04 ж. № 572-II; 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара); 2006.07.07. № 178-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 34-бап өзгертiлдi; 2005.12.23 № 107-III тақырыбы жаңа редакцияда ( бұр. ред. қара); 2009.12.02. № 133-IV (бұр.ред.қара); 2009.13.02. № 135-IV (бұр.ред.қара); 2009.30.12. № 234-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 34-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 34-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
34-бап. Банктік қарыз операциясы
1. Банкпен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен жасалған банк қарызы, лизинг, факторинг, форфейтинг операцияларын жүзеге асыру, вексельдердi есепке алу, кепiлдiктер, кепiлдемелер, аккредитивтер шығару шарттары туралы ақпарат Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасында айқындалған шарттарда мемлекет қатысатын кредиттік бюроға міндетті түрде беруге жатады.
2. Банктік қарыз шартының міндетті талаптарының тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
3. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз шартының талаптарын оларды қарыз алушы үшін жақсарту жағына қарай біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы.
4. Кез келген валютаның баламасына таңылып, теңгемен берілген банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені және төлемдерді индекстеуге жол берілмейді. Бұл шектеулер банктердің арасында жасалатын шарттарға қолданылмайды.
5. Тізбесін уәкілетті орган белгілейтін оффшорлық аймақтарда тіркелген тұлғаларға банктік қарыздар беруге тыйым салынады.
6-тармақтың қолданысы 2011 ж. 10.02. № № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады
6. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның мынадай:
1) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның жаңа қарыздар беруді жүзеге асырмау құқығы туындайтын, банктік қарыз шартында көзделген;
2) қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның алдындағы өз міндеттемелерін бұзған;
3) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүргізетін мониторинг нәтижелері бойынша анықталған қарыз алушының қаржылық жағдайы нашарлаған;
4) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банктік қарыз шартын тиісінше орындауына әсер ететін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары өзгерген жағдайларды қоспағанда, жасалған банктік қарыз шартының (шарттарының) шеңберінде жаңа қарыздар беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқығы жоқ.
7. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қарыз алған қарыз алушы - жеке тұлға, қарыз берілген күннен бастап банк есептеген сыйақыларды төлей отырып, банктік қарыз шартын жасасқан күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарызды қайтаруға құқылы.
Осы тармақта көзделген жағдайда, қарызды қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбы немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлері алынбайды.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
8. Банктiк қарыз операциялары банктiң, ипотекалық ұйымның немесе агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтiң еншiлес ұйымының басқару органы бекiтетiн Ішкi кредит саясаты туралы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
9. Банктiң кредит комитетi ішкi кредиттік саясатты жүзеге асыратын орган болып табылады.
10. Iшкi кредиттік саясат туралы қағидалар банктiк қарыз операцияларын жүзеге асыру кезiнде тәуекелдi төмендету мақсатында жасалады және мыналарды:
1) жеке және заңды тұлғаларға кредиттер беру шарттарын;
2) лауазымды адамдар мен банк қызметкерлерiне кредит беру шарттарын;
3) кредиттік комитеттiң ұйымдық құрылымын, функциясын және өкiлеттiгiн;
4) кредиттік комитет мүшелерiнiң жауапкершiлiгiн;
5) кредит берудiң лимиттерін;
6) кредиттік шарттарды бекіту рәсiмiн;
7) кредит беру туралы өтініштерді қараудың, кредит беру (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдаудың, кредит беру шарттарын өзгертудің шекті мерзімдерін айқындайды.
11-тармақтың қолданысы 2011 ж. 10.02. № № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады
11. Егер қарыз беру туралы шарттарда сақтандыру және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын айқындау мақсатында бағалау жүргізу шарттарын жасасу туралы талаптар көзделген болса, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыға, кепіл берушіге сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдауда шек қоюға құқығы жоқ.
Қарыз алушыға банктік қарыз шартымен өз өмірін немесе денсаулығын сақтандыру міндеті жүктелмейді.
12. Осы баптың 4, 5, 8 - 11-тармақтарында белгiленген нормалар банктердiң кепiлдiктер мен кепiлдемелер беру жөніндегі операцияларына, сондай-ақ осы Заңның 52-5-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген ислам банктерiнiң операцияларына қолданылады.
13. Ислам банкінің банктiк қарыз және өзге де операцияларды жүргiзу ерекшелiктерi мен шектеулерi осы Заңның 4-1-тарауында белгiленедi.
Кредиттеу жөніндегі құжаттамасынжүргізу ережесін қара
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 35-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 35-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
35-бап. Кредиттердің қайтарымдылығын қамтамасыз ету
1. Кредиттердің қайтарымдылығы тұрақсыздық айыбымен, кепiлмен, кепiлдiкпен, кепiлдемемен және Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
2-тармақтың қолданысы бұрын жасалған банктік қарыз шарттарынан туындайтын қатынастарға қолданылады. 2011 ж. 10.02. № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін төленген жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайды
2. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты, оның ішінде ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері әрбір мерзімі өткен күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс.
3. Клиент кредитті өтеу қабiлеті жоғары және сенiмдi болған жағдайда, банк қамтылымсыз кредит (бланктік кредит) беру туралы шешiм қабылдауға құқылы. Қамтылымсыз кредит (бланкілік кредит) беру критерийлері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
4. Егер кредиттің қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін бірнеше кепіл нысанасы берілсе, онда қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін тиісінше орындаған жағдайда және қарыз алушы, кепіл беруші кепілдік қамтамасыз етуді азайту туралы талаппен өтініш жасаған кезде бағалаушы айқындаған кепіл нысаналарының нарықтық құны банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) кепілдік саясатының талаптарын ескергенде, қарыз алушы міндеттемелерінің орындалмаған бөлігінің сомасынан асып кеткен жағдайда, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушы, кепіл беруші өтініш жасаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарыз алушы міндеттемелерінің мөлшерінен асып кеткен бөлігінде бір немесе бірнеше кепіл нысанасының кепілі туралы шартты (шарттарды) бұзу (өзгерту) жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
5. Кепiл туралы шартта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, банк кепiлдегі мүлiктi сот тәртiбінен тыс сауда-саттық (аукцион) өткізу арқылы мәжбүрлі түрде сот тәртібінен тыс дербес өткізуге құқылы.
6. Осы баптың 1 - 5-тармақтарында белгiленген нормалар банктердiң кепiлдiктер мен кепiлдемелер беру жөніндегі операцияларын қамтамасыз етуге қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 29.06.98 ж. № 236-1 Заңдарымен 36-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 36-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
36-бап. Төлем қабілеті жоқ қарыз алушыға қатысты қолданылатын шаралар
Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған кезде банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушыны банктік қарыз шартында көзделген әдіспен банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді төлеу қажеттігі туралы және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамауының салдарлары туралы хабардар етуге міндетті.
Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған кезде банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыртын ұйым) қарыз алушыға мынадай шаралар қолдануға:
1) қарыз алушыға қатысты шаралар қолдану туралы мәселені банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның уәкілетті органының қарауына шығаруға құқылы. Шаралар қолдану туралы шешім қабылдау банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның Ішкі кредиттік саясат туралы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады;
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен, қарыз алушының талабы бойынша ашылған банк шоттарындағы, қарыз алушы мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылары мен әлеуметтік төлемдер түрінде алатын ақшаны қоспағанда, қарыз алушының кез келген банк шоттарындағы ақшаны даусыз (акцептсіз) тәртіппен өндіріп алуға (егер мұндай өндіріп алу банктік қарыз шартында ескертілген болса);
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) банктік қарыз шартында көзделген кез келген шараларды қолдануға, оның ішінде банктік қарыз шарты бойынша борыш сомасын өндіріп алу туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге, сондай-ақ кепілге қойылған мүлікті соттан тыс тәртіппен (Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларды қоспағанда) не сот тәртібімен өндіріп алуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарыз алушы - заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 37-бап жаңа редакцияда
37-бап. Талап қою және қуынымның ескiру мерзімi
Банктердiң кредит шарттарын тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн қарыз алушыларға қойған талаптарына талап қою мен қуынымның ескiру мерзiмi қолданылмайды.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1 Заңдарымен 38-бап өзгертiлдi
38-бап. Төлемдер және ақшалай қаражаттар аударуды жүзеге асыру
1. Банктер Қазақстан Республикасының аумағында төлемдер мен ақша аударымдарын заңдарда белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
2. Ақша және төлемдер аудару тиiстi дәрежеде жүзеге асырылған ретте банк Қазақстан Республикасының заңдарына және клиентпен (депозитормен) жасасқан шартқа сәйкес жауапты болады.
3. Ақшаның халықаралық төлемдерін және аударылымдарын банкiлер халықаралық банк тәжiрибесiнде қолданылатын және Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына қайшы келмейтiн түрлерiнде әдiстер мен тәртiп бойынша жүзеге асырады.
4. Банк төлем құжатының қолдан жасалғандығын растайтын құжаттар болған жағдайда, сондай-ақ олардың қате есептелу фактiсi анықталған жағдайда клиенттердiң (депозиторлардың) есепшотынан есептелген ақшаны олардың келісімiнсiз есептен алып қоюға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 39-бап жаңа редакцияда; 2007.19.02. № 230-III ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара); 2009.12.02. № 133-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 39-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 39-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
39-бап. Мөлшерлемелер мен тарифтер
1. Сыйақы мөлшерлемелері мен комиссиялар, сондай-ақ банк қызметтерін көрсеткені үшін тарифтерді банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді.
2. Жеке тұлғалармен жасалатын банктік қарыз шарттарында, оның ішінде ипотекалық қарыз шарттарында банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар сыйақының тіркелген не құбылмалы мөлшерлемесін белгілейді және қарыз алушының таңдауы бойынша банктік қарыз шартын жасасқан күнгі банк ұсынған қарызды өтеу әдісін көрсетеді.
Ипотекалық тұрғын үй қарызы шартын жасасқанға дейін, сондай-ақ уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген жағдайларда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарызды өтеу әдісін таңдау үшін әртүрлі әдістермен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобаларын жеке тұлғаға беруге міндетті. Қарыз алушыға банктік қарыз шартында белгіленген кезеңділікпен есептелген қарызды өтеу кестелерінің жобалары мынадай өтеу әдістерімен міндетті түрде ұсынылуға тиіс:
сараланған төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақыны қамтитын азайтылған төлемдермен жүзеге асырылады;
аннуитеттік төлем әдісі, бұл ретте банктік қарыз бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша ұлғайтылған төлемдерді және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақы бойынша азайтылған төлемдерді қамтитын банктік қарыздың бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Бірінші және соңғы төлем мөлшерлері бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға өздерінің ішкі қағидаларына сәйкес есептелген қарызды өтеудің қосымша әдістерін ұсынуға құқылы.
Сыйақының тіркелген мөлшерлемесі біржақты тәртіппен өзгертілуге жатпайды.
Сыйақының тіркелген мөлшерлемесі тараптардың келісімі бойынша азаю жағына қарай не шарттың қолданылу мерзімі ішінде сыйақының құбылмалы мөлшерлемесіне қарай өзгеруі мүмкін.
Сыйақының тіркелген мөлшерлемесі тараптардың келісімі бойынша оның шартта айқындалған қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ұлғаю жағына қарай өзгеруі мүмкін, бірақ ол банктік қарыз шарты жасалған күннен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді. Тараптардың келісімі бойынша сыйақының тіркелген мөлшерлемесінің ұлғаю жағына қарай одан кейінгі әрбір өзгеруі тіркелген мөлшерлеменің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін мүмкін болады, бірақ сыйақының тіркелген мөлшерлемесінің алдыңғы өзгерген күнінен бастап үш жылдан ерте өзгертілмейді.
Сыйақының құбылмалы мөлшерлемесін есептеу тәртібі, оның қолданылу шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қарыз шартын жасасу күні белгіленген тарифтердің, комиссиялық сыйақылардың және қарызға қызмет көрсету жөніндегі басқа да шығыстардың мөлшерін және оларды есептеу тәртібін біржақты тәртіппен ұлғаю жағына қарай өзгертуге құқығы жоқ.
3-тармақтың қолданысы 2011 ж. 10.02. № № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады
3. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банктік қарыз шарттарында қарыз беруге байланысты өндіріп алуға жататын комиссиялардың толық тізбесін және олардың мөлшерін көрсетуге міндетті және жасалған шарт шеңберінде комиссиялардың жаңа түрлерін біржақты тәртіппен енгізуге құқығы жоқ.
4. Банктің интернет-ресурсында жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін банктік және өзге де қызметтер үшін мөлшерлемелер мен тарифтер туралы ақпарат орналастырылуға тиіс. Мөлшерлемелер мен тарифтер туралы ақпарат қолданыстағы мөлшерлемелер мен тарифтерге өзгерістердің енгізілу күні туралы мәліметтер, ішкі құжаттың нөмірі және осы өзгерісті қабылдаған орган көрсетіліп, өзекті режимде сақталып тұруға тиіс.
5-тармақтың қолданысы бұрын жасалған банктік қарыз шарттарының ол қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайтын қатынастарына қолданылады, оның шарттарымен қарыз алған күннен бастап бір жылдан асатын мерзімде негізгі борышты мерзімінен бұрын ішінара өтегені немесе мерзімінен бұрын толық өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алу көзделген
5. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін өндіріп алуға құқығы жоқ.
6-тармақтың қолданысы 2011 ж. 10.02. № № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады
6. Банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың:
1) банктік қарыз шартында көзделген жағдайларда, қарыз алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты дәйекті ақпарат беру бойынша қарыз алушы өз міндеттемелерін бұзған;
2) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда, сондай-ақ банктік қарыз шартында көзделген мынадай:
банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) алдын ала жазбаша хабарламасын алмай-ақ, акционерлік қоғам (шаруашылық серіктестік) акцияларының (қатысу үлесінің) он және одан да көп пайызын жинақтап алғанда иеленетін қарыз алушы қатысушыларының (акционерлерінің) құрамы өзгерген;
кепіл ұстаушы болып табылатын банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның құжаттар бойынша және кепілге қойылған мүліктің іс жүзінде болуын, көлемін, жай-күйін және сақтау шартын тексеру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың қарыз алушының (кепіл берушінің) мүлкіне, оның ішінде банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға кепілге қойылған мүлікке талап қою құқықтарын қарыз алушы және (немесе) кепіл беруші бұзған жағдайларда, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның міндеттемелердің мерзімінен бұрын орындалуын талап ету құқығы туындаған жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалармен банктік қарыз шартын жасасқан күні белгіленген сыйақы мөлшерлемелерін ұлғайту жағына біржақты тәртіппен өзгертуге құқығы жоқ.
7. Ислам банктерін қоспағанда, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар дәйекті, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелген сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) көрсетуге міндетті, оның тәртібін уәкілетті орган клиенттермен жасалатын шарттарда, сондай-ақ қарыздар мен салымдар (банкаралықты қоспағанда) бойынша сыйақы шамасы туралы ақпаратты таратқанда, оның ішінде оны жариялағанда белгілейді.
Осы бапта белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда, уәкілетті орган банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға осы Заңда көзделген шектеулі ықпал ету шараларын және (немесе) санкцияларды қолданады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара); 2009.13.02. № 135-IV (бұр.ред.қара); 2009.30.12. № 234-IV (2009 жылғы 21 ақпаннан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 40-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 40-бап өзгертiлдi (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
40-бап. Банкiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты адамдарға жеңiлдiк жағдайлар жасауға тыйым салу
1. Банкiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты адамдарға жеңiлдiк жағдайлар жасауға банкiлерге тыйым салынады.
2. Жеңiлдiк жағдайлар жасау дегенiмiз:
табиғатына, мақсатына, ерекшелiктерiне және тәуекел етуiне қарай банк өзiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты емес тұлғалармен мәмiле жасай қоймайтын, банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен немесе оның мүддесіне мәмiле жасасу. Банк өзімен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғаларға қамтамасыз етусіз заемдар (бланктік заемдар) бере алмайды.
банк операциясын орындағаны немесе басқа тұлғалардан талап етiлетiнiне қарағанда төмен қамтамасыз етудi қабылдағаны үшiн сыйақылар мен төлемдер өндiрiп алу.
3. Банкiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты адамдар деп мыналар танылады:
а) аталған банкінің кез келген лауазымды адамы немесе басшы қызметкерi, филиалдың бірінші басшысы және бас бухгалтері, сондай-ақ олардың жақын туыстары;
б) аталған банкінің iрi қатысушысы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға не банкінің iрi қатысушысының лауазымды адамы, сондай-ақ олардың жұбайлары және жақын туыстары;
в) осы баптың 3-тармағының (а) және (б) тармақшаларында көрсетiлген адамдар iрi қатысушысы не лауазымды адамдары болып табылатын заңды тұлға;
г) өзiне қатысты жағынан осы банк iрi қатысушысы болып табылатынын заңды тұлға, осы заңды тұлғаның лауазымды адамдары, олардың жақын туыстары.
д) банктің үлестес тұлғалары.
Банктің акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдинг және акцияларының (қатысу үлестерінің) он және одан да көп пайызы осындай ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар осы баптың мақсатында банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар болып танылмайды.
3-1. Банк қандай да бір тұлғамен:
банкпен ерекше қатынаста болатын тұлға алдындағы міндеттемелер төлеміне;
банкпен ерекше қатынаста болатын тұлғадан қандай да бір мүлікті сатып алуға;
банкпен ерекше қатынаста болатын тұлғаның айналысқа шығарған бағалы қағаздарын сатып алуға әкеп соғатын мәмілені жасаса алмайды.
4. 2005.12.23 № 107-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
5. Өзара байланысты заңды тұлғалар тобының біреуiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты адам олардың әрқайсысымен ерекше қатынастар арқылы байланысты адам деп танылады.
6. Екi және одан көп заңды тұлғалар, егер олардың ең болмағанда біреуi екiншiсiнiң iрi қатысушысы болса, өзара байланысты заңды тұлғалар тобы деп танылады.
16-1. Осы баптың мақсаттары үшiн банктiң акционерi болып табылатын ұлттық басқарушы холдинг және акцияларының (қатысу үлестерінің) он және одан да көп пайызы осындай ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар өзара байланысты заңды тұлғалар тобы болып танылмайды
7. Банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғамен мәміле жасау осы баптың 1-тармағының талаптары ескеріле отырып, банктің директорлар кеңесінің шешімі бойынша ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Банкпен ерекше қатынастарға байланысты тұлғаларға берiлген (тұлғаларда орналастырылған) активтерге қатысты талаптардың құқықтарынан бас тарту акционерлердiң жалпы жиналысында кейiннен хабарлана отырып, жүзеге асырылады.
Банктің басшы қызметкері, филиалдың бірінші басшысы және бас бухгалтері банк пен:
олардың өздерінің;
өзінің кез келген жақын туысының немесе өзінің жұбайының (зайыбының);
өзі немесе өзінің жақын туыстарының бірі, оның жұбайы (зайыбы) лауазымды адамы немесе ірі қатысушысы болып табылатын кез келген заңды тұлғамен арадағы кез келген мәмілені қарауға және ол бойынша шешім қабылдауға қатыспауы тиіс.
Банк және банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлға арасындағы кез келген мәміле бойынша директорлар кеңесінің шешімі оның барлық шарттарын директорлар кеңесі қарағаннан кейін ғана қабылдануы мүмкін.
8. Банк уәкiлеттi органға өзімен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалармен жасалған барлық мәмілелер туралы уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген нысандар бойынша ақпарат беруге міндетт.
9. Банктің директорлар кеңесі банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акциялары шегеріле отырып) жиырма бес немесе одан көп пайызын иеленетін банктің ірі қатысушысы жеке тұлға немесе банк холдингі осы Заңның 17-1-бабында белгіленген тиісті мәртебені иелену аясында ұсынған бизнес-жоспарды қарайды.