9) айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетелдік валютаның сатып алу бағамының теңгеге сату бағамынан ауытқу шегін белгілеу тәртібін айқындайды;
9-1) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюталық операцияларының тәртібін белгілейді және мониторингін (валюталық мониторинг) жүзеге асырады;
10) арнайы валюта режимі шеңберінде валюталық операциялар жүргізуге арнайы рұқсат береді;
11) мемлекеттік органдармен келісім бойынша олардың құзыретіне сәйкес Қазақстан Республикасындағы резиденттер мен резидент еместер орындауға міндетті валюталық операциялар бойынша есепке алудың және есептіліктің тәртібі мен нысандарын, сондай-ақ валюталық бақылау агенттерінің есептеме беру тәртібі мен мерзімдерін белгілейді;
12) банктер мен өзге тұлғалардың Қазақстан Республикасының банктік және валюталық заңнамасын бұзу фактілері анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының банктік және валюталық заңнамасында көзделген санкцияларды қолданады.
Қазақстан Ұлттық Банкi осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес валюталық реттеу мен валюталық бақылау саласындағы өзге де функцияларды орындауға құқылы.
ҚР Президентінің 05.12.95 ж. № 2672 Заң күшi бар жарлығымен; 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 2006.05.07. № 165-III (01.07.2006. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 57-бап өзгертiлдi; 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 57-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 57-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
57-бап. Шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтермен жасалатын операциялар
Қазақстан Ұлттық Банкi шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтермен мынадай операцияларды жүргізеді:
шетел валютасын сатып алады және сатады;
Қазақстан Республикасының Үкіметі шетел валютасында, шет мемлекеттердiң үкiметтерi немесе халықаралық қаржы ұйымдары шығарған және кепiлдiк берген бағалы қағаздармен операцияларды жүргізеді;
Қазақстан Республикасының банктерінде, өздерi тiркелген мемлекеттердiң заңнамасы бойынша тиiстi құқығы бар шетелдік орталық банктерде, шетел банктерінде және басқа қаржы институттарында, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарында шоттар ашады;
өздерi тiркелген мемлекеттердiң заңнамасы бойынша тиiстi құқығы бар шетелдік орталық банк, шетел банктері және басқа қаржы институттары, шет елдердің үкіметтері мен олардың агенттерi, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдары үшiн шоттарды ашады және жүргiзеді, олардың өкiлі немесе корреспонденті ретiнде iс-әрекет жасайды;
тазартылған алтынды, басқа да бағалы металдарды қабылдау мен сақтауды жүзеге асырады;
ішкі және сыртқы нарықтарда тазартылған алтынды және басқа да бағалы металдарды сатып алу, сату, сақтауға орналастыру және депозитке салу жөнiндегі, оның ішінде мемлекеттің басым құқығын іске асыру шеңберінде тазартылған алтынды сатып алу жөніндегі операцияларды жүргiзеді;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасына шетел валютасындағы активтер мен бағалы металдарды әкеледі, сондай-ақ оларды шетел банктеріндегі және мамандандырылған қаржы ұйымдарындағы өз шоттарына орналастыру үшiн шет елдерге әкетеді;
Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы оларға қойылатын талаптарды айқындайтын бағалы қағаздармен операцияларды жүргізеді;
Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы ең төменгі деңгейін айқындайтын кредиттік рейтингі бар қарсы әріптестермен ақша нарығының құралдарымен операцияларды жүзеге асырады;
Қазақстан Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес туынды қаржы құралдарымен операцияларды жүзеге асырады;
клиенттердің металл шоттарын ашады және жүргізеді;
Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының шешімі бойынша басқа да операцияларды жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкі валюталық операциялардың кез келген түрін шектеусіз жүзеге асырады.
Осы Заңда көзделген мақсаттарға қол жеткізу және міндеттерді орындау үшін Қазақстан Ұлттық Банкі активтерді салу тәуекелін ескере отырып және оларды басқарудың негізгі қағидаттарына сәйкес, шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді олардың ұзақ мерзімді болашақта сақталуын, өтімділігі мен кірістілігін қамтамасыз ете отырып басқару жөніндегі қызметті жүзеге асырады.
ҚР Президентінің 05.12.95 ж. № 2672 Заң күшi бар жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 58-бап өзгертiлдi; 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 58-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен 58-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
58-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің алтын-валюта резервтері
Қазақстан Ұлттық Банкінің алтын-валюта резервтері (бұдан әрі - алтын-валюта резервтері) халықаралық капитал нарығында жоғары өтімділікке ие Қазақстан Ұлттық Банкі активтерінен Қазақстан теңгесінің ішкі және сыртқы тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қалыптастырылады және:
тазартылған құйма алтынды және металл шоттарындағы алтынды;
Халықаралық валюта қорындағы резервтік позицияны және Халықаралық валюта қорының арнайы қарыз беру құқығындағы активтерді;
қолма-қол ақшаны, шетел банктерінде орналастырылған депозиттерді қоса алғанда, еркін айырбасталатын шетел валютасындағы активтерді және эмитенттері шетелдердің үкіметтері немесе халықаралық қаржы ұйымдары болып табылатын бағалы қағаздарды;
өтімділікке және шектеу талаптарынсыз пайдалану мүмкіндігіне ие, еркін айырбасталатын шетел валюталарында номинирленген басқа да сыртқы активтерді қамтиды.
Қазақстан Ұлттық Банкі алтын-валюта резервтерін ұлттық валютаның тұрақтылығын және айырбасталуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының міндеттемелері бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін қажетті деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, алтын-валюта резервтерін кредиттер (қарыздар, несиелер) беру нысанында пайдалануға және Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместеріне кепiлдiктер немесе басқа да мiндеттемелер ұсынуға жол берiлмейдi.
Қазақстан Ұлттық Банкі алтын-валюта резервтерінің құрылымын ұлғайтуды және өзгертуді:
Қазақстан теңгесi мен шетел валютасына тазартылған алтынды сатып алу;
Қазақстан теңгесiне (естелiк және кәдесый монеталарын қоса алғанда) және шетел валютасына Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидент еместерден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметінен еркін айырбасталатын шетел валютасындағы активтерді сатып алу;
шетел валютасымен депозиттік, салымдық, дилингтік операциялардан және шетел валютасында номинирленген бағалы қағаздармен операциялардан, сондай-ақ оларға шетел валютасында берілген кредиттерден түсетiн еркін айырбасталатын шетел валютасындағы комиссиялық және басқа да сыйақы түсімдері;
Қазақстан Ұлттық Банкінің тазартылған алтында номинирленген бағалы қағаздарымен операциялардан түсетін түсiмдерді қоса алғанда, Қазақстан Ұлттық Банкінің алтынды сатудан, депозитке салудан және онымен басқа да операциялар жүргізуінен түсетін алтын және еркін айырбасталатын шетел валютасындағы түсімдер;
Қазақстан Ұлттық Банкінің шетел валютасындағы эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруынан түсетін еркін айырбасталатын шетел валютасындағы түсімдер;
шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді басқарудың негізгі қағидаттарына сәйкес шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді алтын-валюта резервтеріне аудару;
Қазақстан Ұлттық Банкi халықаралық қаржы ұйымдарынан, шет мемлекеттердiң орталық банктерiнен және басқа кредиторлардан алған кредиттерден түсетін түсімдер;
осы Заңға және Қазақстан Ұлттық Банкi туралы ережеге сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкi көрсететін қызметтерден түсетін еркін айырбасталатын шетел валютасындағы түсімдер жолымен жүргізеді.
Қазақстан Ұлттық Банкi алтын-валюта резервтерінің құрылымын азайтуды және өзгертуді:
айырбастау бағамы саясатын қоса алғанда, ақша-кредит саясатын жүргiзу және iшкi валюта нарығында шетел валютасына сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті деңгейлестіру мақсатында еркін айырбасталатын валютаны сату;
бюджет қаражаты және Қазақстан Ұлттық Банкiнің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен, Қазақстан Ұлттық Банкінің халықаралық міндеттемелерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының сыртқы борышын өтеу және оған қызмет көрсету, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Ұлттық Банкінің міндеттемелерін, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау;
өнiм (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) импортына ақы төлеу, шет елдегі дипломатиялық және өзге де өкiлдiктердi ұстау, iссапар және өкілдік шығыстарын төлеу;
басқа шетел валютасын сатып алу үшін еркін айырбасталатын шетел валютасындағы активтерді сату;
Қазақстан Ұлттық Банкінің эмиссиялық бағалы қағаздарын өтеу;
Қазақстан Ұлттық Банкі алған кредиттер бойынша негiзгi соманы және сыйақыны қайтару, сондай-ақ комиссиялық және соларға iлеспе басқа да шығыстарды төлеу;
шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді басқарудың негізгі қағидаттарына сәйкес алтын-валюта резервтерін шетел валютасындағы және бағалы металдардағы басқа активтерге аудару;
тазартылған алтынды Қазақстан теңгесіне және шетел валютасына өткізу;
шетел валютасындағы және бағалы металдардағы активтерді басқару мен сақтауға байланысты шығыстарды төлеу;
шығынды алтын-валюта резервтерін есептен шығару жолымен жүргізеді.
Алтын-валюта резервтерін ұлғайту немесе азайту алтын-валюта резервтеріне кіретін активтердің нарықтық құнының өзгеруі және Қазақстан Ұлттық Банкінде ашылған еркін айырбасталатын валютадағы банк шоттары иелерінің-резиденттердің операциялары нәтижесінде де жүргізіледі.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 59-бап өзгертiлдi; 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен 59-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2006.05.07. № 165-III (01.07.2006. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 59-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 59-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
59-бап. Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығы
Қазақстан Республикасының өндіру және шығару субъектілерімен бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алу жөніндегі мәмілелерді жасасуға басым құқығы бар.
Қазақстан Ұлттық Банкі өндіру және шығару субъектілерінен бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырушы орган болып табылады.
Өндіру және шығару субъектілері тазартылған алтынды өткізген кезде ол басымдықты түрде Қазақстан Ұлттық Банкіне ұсынылады.
Мемлекеттің басым құқығы көлік шығыстарын, өткізу шығындарын және Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығы қабылдаған және осы қауымдастықтың құжаттарында «Лондон сапалы жеткізілімі» («London good delivery») стандарты ретінде белгіленген халықаралық сапа стандарттарына сай келмейтін тазартылған алтынды сатып алған жағдайда қолданылатын сапа жеңілдігін шегергендегі халықаралық нарықта қалыптасқан бағалар пайдаланылып есептелген бағалар бойынша тазартылған алтынды сатып алу жолымен іске асырылады.
Бағалы металдардағы активтерді толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру тәртібін Қазақстан Ұлттық Банкінің Басқармасы айқындайды.
Қазақстан Ұлттық Банкі тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асырудан бас тартқан жағдайда тазартылған алтынды өндіру және шығару субъектілері оны өздерінің қалауынша өткізеді.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 60-бап өзгертiлдi; ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 60-бап жаңа редакцияда; 2005.08.07. № 69-III ҚР Заңымен 60-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
60-бап. 2009.11.07 № 185-ІV Заңымен алып тасталды (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 11-тарау жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
11-тарау. ҚАРЖЫ НАРЫҒЫ МЕН ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫН ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАРЖЫ ЗАҢНАМАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ МЕН ҚАДАҒАЛАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТӘРТІБІ
61-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомствосының бақылау мен қадағалау жөніндегі өкілеттіктері
2012.26.11 № 57-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы Қазақстан Республикасының банк қызметі, сақтандыру және сақтандыру қызметi, валюталық реттеу мен валюталық бақылау, ақша төлемдері мен аударымдары, зейнетақымен қамсыздандыру, бағалы қағаздар нарығы, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік, мемлекеттік статистика, кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру, почта, Қазақстанның Даму Банкі, микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасында белгіленген талаптарды қаржы нарығының субъектілері мен қатысушыларының сақтауын бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес және өздерінің бақылау функцияларын жүзеге асыру барысында көрсетілген талаптарды бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғайды не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де шараларды қолданады.
2012.26.11 № 57-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы Қазақстан Республикасының банк қызметі, сақтандыру және сақтандыру қызметi, валюталық реттеу мен валюталық бақылау, ақша төлемдері мен аударымдары, зейнетақымен қамсыздандыру, бағалы қағаздар нарығы, бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік, кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру, почта, Қазақстанның Даму Банкі, микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасында белгіленген талаптарды қаржы нарығының субъектілері мен қатысушыларының сақтауын қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес және өздерінің қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне, оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік іс қозғамай, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолданады.
3. Қазақстан Ұлттық Банкі және оның ведомствосы бақылау мен қадағалауды осы Заңға сәйкес тексеру жүргізу нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырады.
4. Қазақстан Ұлттық Банкі басқа мемлекеттердің орталық банктерімен және бақылау мен қадағалау органдарымен ынтымақтастық жасайды және құпиялылық жөніндегі талаптарды ескере отырып, бақылау мен қадағалау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат алмасуға құқылы.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 62-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
62-бап. Қазақстан Ұлттық Банкінің тексеру түрлері
1. Қазақстан Ұлттық Банкі дербес не басқа мемлекеттік органдарды және (немесе) ұйымдарды тарта отырып, тексерілетін субъектілердің қызметіне кешенді түрде не олардың қызметінің жекелеген мәселелері бойынша тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер, ішінаражоспардан тыс және құжаттамалық тексерулер жүргізеді.
2. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру - Қазақстан Ұлттық Банкі тексерілетін субъектіге барып жүзеге асыратын және Қазақстан Ұлттық Банкі тексерілетін субъектіге қатысты тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тағайындайтын тексеру.
Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде субъектіні тексеруді Қазақстан Ұлттық Банкіжылына бір реттен жиілетпей жүзеге асырады.
Тексерілуге жататын субъектілердің тізбесін Қазақстан Ұлттық Банкі тексерілетін субъектілердің қызметіне байланысты тәуекелдерді бағалауды ескере отырып, жартыжылдық негізде жасайды.
Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерілуге жататын субъектілердің тізбесін Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы не Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының тиісті бұйрығының негізінде өзге де уәкілетті лауазымды адамдар бекітеді.
3. Қазақстан Ұлттық Банкінің жоспардан тыс тексеруі тексерілетін субъектіге бара отырып, мынадай жағдайларда:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынылатын жеке және заңды тұлғалардың өтініштері және мемлекеттік органдардың сауалдарының келіп түсуіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын, қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтар туралы өзге де ақпараттың келіп түсуіне байланысты;
2) Қазақстан Ұлттық Банкі бақылау және қадағалау функцияларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылғанын және қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын анықтаған жағдайда;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне, оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген кезде;
4) алдыңғы тексеруде анықталған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың жойылуын бақылау мақсатында жүзеге асырылады.
Жоспардан тыс тексеру бір мезгілде бірнеше субъектінің Қазақстан Республикасы заңнамасының жекелеген талаптарын сақтауы мәселелері бойынша олардың қызметін қамтуы мүмкін.
4. Қазақстан Ұлттық Банкінің құжаттамалық тексеруі бастапқы статистикалық және әкімшілік деректерді талдау процесінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзу белгілері анықталған кезде не жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттік органдардың өтініштері және Қазақстан Ұлттық Банкінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын тексеруді талап ететін өзге де ақпараттың келіп түсуіне байланысты тексерілетін субъектіге бармастан құжаттар мен ақпаратқа сауал нысанында жүзеге асырылады.
62-2-бап. Жоспарлы, жоспардан тыс тексеруді ұйымдастыру мен жүргізудің жалпы тәртібі
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Ұлттық Банкі тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеруді және жоспардан тыс тексеруді Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары, Қазақстан Ұлттық Банкі аумақтық филиалдарының басшылары не тиісті бұйрық негізінде өзге де уәкілетті лауазымды адамдар бекіткен тексеруді тағайындау туралы актінің негізінде жүргізеді.
Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру немесе жоспардан тыс тексеру тағайындалған жағдайларда, тексеруді тағайындау туралы актілер тексеруді тағайындау туралы актілерді тіркеу журналында тіркеледі. Қазақстан Ұлттық Банкі орталық аппаратының бөлімшелері, аумақтық филиалдары тексеруді тағайындау туралы актілерді тіркеудің жеке журналдарын жүргізеді.
Қазақстан Ұлттық Банкі тексеруді тағайындау туралы актіні тексеру басталғаннан кейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркейді.
Тексеруді тағайындау туралы актіде:
1) актінің нөмірі мен күні;
2) тексеруші қызметкерлердің, сондай-ақ тексеруге басшылық ету жүктелген адамдардың тегі, инициалдары және лауазымы;
3) өзіне қатысты тексеру жүргізу тағайындалған тексерілетін субъектінің атауы, оның орналасқан жері;
4) тексерудің түрі;
5) тексеруге жататын мәселелер;
6) тексеруді жүргізу мерзімі;
7) тексерілетін кезең көрсетіледі.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Тексерілетін субъектінің басшысына (оның орынбасарына) тексеруді тағайындау туралы актінің көшірмесі тапсырылған күн тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталуы деп есептеледі. Тексерілетін субъектіге тексеруді тағайындау туралы актінің көшірмесі тапсырылғаннан кейін оның түпнұсқасына тексеруді тағайындау туралы актіні алғаны және онымен танысқаны туралы белгі қойылады.
Тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартылған немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдарының тексеру жүргізу үшін қажетті материалдарға қол жеткізуіне кедергі келтірілген жағдайларда тиісті акт жасалады, оған Қазақстан Ұлттық Банкінің тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамы қол қояды. Тексерілетін субъектінің қызметкері тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдаудан бас тартқан кезде, оған тиісті жазба жасалады. Тексеруді тағайындау туралы актіні алудан бас тарту тексеруді жүргізбеу үшін негіз болып табылмайды. Тексерілетін субъект тексеруші топтың сауалдарында көрсетілген мерзімдерде құжаттарды, ақпаратты беруден бас тартқан, белгіленген мерзімдерде тексеру жүргізудің мүмкін болмауына әкеп соққан, осы баптың шарттары орындалмаған жағдайда, тексеруді тағайындау туралы актіні бекітуге уәкілеттік берілген лауазымды адаммен келісу бойынша тексеру басшысының шешімімен тексеру жүргізілмеді деп есептеледі.
Тексеруді тағайындау туралы актінің көшірмесі тексерілетін субъектінің қызметкеріне не оның құрылтайшысына (құрылтайшыларының біріне) тапсырылған кезде тексерілетін субъект басшысының (оның орынбасарының) оны алғаны туралы белгісі бар тексеруді тағайындау туралы актінің көшірмесі тексеруді тағайындау туралы акт тапсырылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Ұлттық Банкінің лауазымды адамдарына табыс етілуге тиіс.
Тексеруді тағайындау туралы актінің көшірмесін тексерілетін субъектінің қызметкеріне не оның құрылтайшысына (құрылтайшыларының біріне) тапсыру мүмкін болмаған жағдайда ол тексерілетін субъектінің және (немесе) оның басшысының (оның орынбасарының) тіркелген жері бойынша хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі. Хат кері қайтарылған және тексеруді тағайындау туралы актіні тексеру жүргізу үшін белгіленген мерзімдерде тапсыру мүмкін болмаған кезде, тексеру жүргізілмеді деп есептеледі. Бұл ретте, тексеру басшысы тексеруді тағайындау туралы актіні бекітуге уәкілеттік берілген лауазымды адамды бұл жөнінде жазбаша хабардар етеді.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Тексерілетін субъект тексеру басталғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірмей тексеру басшысының немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің тексеруші қызметкерінің атына:
1) тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ тексерудің аяқталуы туралы актімен, аралық актімен және (немесе) тексерудің нәтижелері туралы актімен танысуға және оған қол қоюға жауапты басшы және оны алмастыратын адам;
2) тексерілетін субъектінің қажетті құжаттарды (мәліметтерді) дайындауға, оларды тексеруші қызметкерлерге уақтылы беруге және (немесе) тексеруші қызметкерлерден аралық актілерді алуға жауапты мамандары туралы деректері бар хатты ұсынады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру жүргізу мерзімі отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс. Тексеру көлемінің ауқымдылығына байланысты тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру, жоспардан тыс тексеру жүргізу мерзімі Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары, Қазақстан Ұлттық Банкі аумақтық филиалдарының басшылары не тиісті бұйрық негізінде өзге де уәкілетті лауазымды адамдар бекіткен тексеруді ұзарту туралы қосымша актінің негізінде отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге бір рет қана ұзартылуы мүмкін.
5. Тексерілетін субъект тексеруші қызметкерлерге өзінің әкімшілік ғимараттарына (оның ішінде мереке және демалыс күндері) кіруге рұқсат беруге, жұмыс істеу үшін ұйымдастыру техникасымен және қалааралық байланыспен жабдықталған жеке үй-жай ұсынуға, тексерілетін субъектінің қызметіне қатысты ақпаратқа, оның ішінде деректерді түзету мүмкіндігінсіз, нақты уақыт режимінде (деректерді қағаз жеткізгішке шығару мүмкіндігімен қарау режимінде) автоматтандырылған жүйелерге және дерекқорларға қол жеткізуін қамтамасыз етуге, тексеруші қызметкерлерге қажетті құжаттардың көшірмелерін, оның ішінде электрондық түрдегі құжаттардың көшірмелерін түсіріп алуға мүмкіндік беруге, сондай-ақ тексеруші қызметкерлердің сұрақтарына түсініктемелер (ауызша және жазбаша) беруді қамтамасыз етуге және тексеруші қызметкерлерге тексеруді уақтылы аяқтауға жәрдемдесуге міндетті.
6. Тексеруші қызметкерлер тексерілетін субъектінің басшысына, тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге жауапты басшыға не тексерілетін субъектінің өзге де уәкілетті қызметкеріне көрсетілген мерзімде орындалуға жататын жазбаша сұрау салуды жібереді.