76) денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың өңірлік перспективалық жоспары - денсаулық сақтау ұйымдарының бұрыннан бар желісі, жоспарланып отырған қайта құрылымдау (ашу, біріктіру, жабу, қайта бейіндеу) жөніндегі ақпаратты, сондай-ақ денсаулық сақтаудың жаңа объектілеріне қажеттілік және инвестицияларды жоспарлау туралы ақпаратты көрсететін өңірдің инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімді жоспары;
77) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының ғылыми-педагог кадрларын аттестаттау - денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары ғылыми-педагог кадрларының педагогикалық және кәсіби құзыреттілігі деңгейін айқындау рәсімі;
78) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымы - «Денсаулық сақтау» және (немесе) «Денсаулық сақтаумен және әлеуметтік қамсыздандырумен (медицина) байланысты пәнаралық бағдарламалар» даярлық бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;
79) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы -білім беру ұйымының құрылымдық бөлімшесі немесе денсаулық сақтау ұйымы, оның базасында ғылым мен практиканың қазіргі заманғы жетістіктері негізінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша медициналық білімнің білім беру бағдарламалары іске асырылады;
80) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым - денсаулық сақтау саласындағы ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті, сондай-ақ медициналық, фармацевтикалық және (немесе) білім беру қызметін жүзеге асыратын ұлттық орталық, ғылыми орталық немесе ғылыми-зерттеу институты;
81) денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарт - денсаулық сақтау саласындағы мамандардың біліктілігі деңгейіне, еңбегінің мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт;
82) денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттау - жеке тұлға біліктілігінің денсаулық сақтау саласындағы салалық біліктілік шеңберінде және кәсіптік стандарттарда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындау рәсімі, сондай-ақ клиникалық немесе фармацевтикалық практикаға немесе халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметке дайындықты қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік қызметке дайындықты айқындау;
83) денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты - жеке тұлғаның біліктілігін және клиникалық немесе фармацевтикалық практикаға немесе халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметке дайындығын қоса алғанда, оның денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік қызметке дайындығын растайтын, белгіленген үлгідегі құжат;
84) денсаулық сақтау саласындағы менеджер - мемлекеттік медициналық ұйымды басқаруды жүзеге асыратын бірінші басшы;
85) денсаулық сақтау саласындағы менеджер сертификаты - мемлекеттік медициналық ұйымды басқару жөніндегі қызметпен айналысуға арналған, белгіленген үлгідегі құжат;
86) денсаулық сақтау саласындағы сараптама - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау қызметінің әртүрлі салаларындағы құралдардың, әдістердің, технологиялардың, білім беру және ғылыми бағдарламалардың, көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын айқындауға, сондай-ақ денсаулық жағдайы бойынша еңбекке уақытша жарамсыздығын, кәсіби жарамдылығын айқындауға бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығы;
87) денсаулық сақтау саласындағы стандарт (бұдан әрі - стандарт) - медициналық, фармацевтикалық қызмет, денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет, цифрлық денсаулық сақтау аясында денсаулық сақтау саласындағы стандарттауды қамтамасыз ету үшін қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;
88) денсаулық сақтау саласындағы стандарттау (бұдан әрі - стандарттау) - стандарттарды, талаптарды, нормаларды, нұсқаулықтарды, қағидаларды әзірлеу, ендіру және олардың сақталуын қамтамасыз ету арқылы денсаулық сақтау процестерінің, технологиялары мен көрсетілетін қызметтерінің сипаттамаларын ретке келтірудің оңтайлы дәрежесіне қол жеткізуге бағытталған қызмет;
89) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
90) денсаулық сақтау саласындағы ұлттық оператор - денсаулық сақтау саласында, оның ішінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
91) денсаулық сақтау технологияларын бағалау - денсаулық сақтау саласындағы шешімдерді қабылдау үшін жүргізілетін, денсаулық сақтау технологияларының салыстырмалы дәлелденген клиникалық және клиникалық-экономикалық (фармакологиялық-экономикалық) тиімділігі мен қауіпсіздігін, сондай-ақ оларды қолданудың экономикалық, әлеуметтік және этикалық салдарларын кешенді бағалау;
92) денсаулық сақтау технологиясы - вакциналарды, дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды, емшараларды, манипуляцияларды, операцияларды, скринингтік, профилактикалық бағдарламаларды, оның ішінде ақпараттық жүйелерді қоса алғанда, денсаулықты нығайту, аурудың профилактикасы, диагностикасы, оны емдеу, пациенттерді оңалту және паллиативтік медициналық көмек көрсету үшін пайдаланылатын білім мен дағдыны қолдану;
93) денсаулық сақтау ұйымы - денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
94) денсаулық сақтау ұйымының дәрiлiк формуляры - Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр негізінде қалыптастырылған және денсаулық сақтау ұйымының басшысы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бекіткен, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған дәрілік заттардың тізбесі;
95) денсаулық үшін ортақ жауапкершілік - қоғамға қатысушылар: мемлекет, жұмыс беруші және азамат арасында өзінің денсаулығын және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайту, аурудың пайда болу тәуекелдерін төмендету үшін жауапкершілікті бөлу;
96) дератизация - кеміргіштерді жоюға немесе олардың санын азайтуға бағытталған профилактикалық және қырып-жою іс-шаралары кешені;
97) детоксикация - адам организмiнен эндоген немесе экзоген текті уытты заттарды шығаруға бағытталған медициналық iс-шаралар кешенi;
98) диагностика - аурудың болу немесе болмау фактісін анықтауға бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;
99) динамикалық байқау - пациенттің денсаулық жағдайын жүйелі түрде байқау, сондай-ақ осы байқау нәтижелері бойынша қажетті медициналық көмек көрсету;
100) донор - донорлық қанды, оның компоненттерін, өзге де донорлық материалды (оның ішінде шәует, аналық жасушалар, репродуктивтік ағзалардың, жыныс жасушаларының, эмбриондардың тіндері) алу, сондай-ақ реципиентке трансплантаттау үшін ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу жүргізілетін адам, адамның мәйіті, жануар;
101) донорлық ұйым - трансплантаттау мақсатында мәйіттерден ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу және консервациялау жүзеге асырылатын денсаулық сақтау ұйымы;
102) донорлық функция - донордың медициналық зерттеп-қараудан ерікті түрде өтуі және қан мен оның компоненттерінің аллогендік донациясын орындау;
103) емдеу - ауруды жоюға, оның бетін қайтаруға және (немесе) оның ағымын жеңілдетуге, сондай-ақ оның өршуінің алдын алуға бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;
104) емдеуші дәрігер - пациент медициналық ұйымда байқауда болған және емделген кезеңде оған медициналық көмек көрсететін дәрігер;
105) ерікті түрде емделу - пациенттің немесе оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылатын емдеу;
106) есептік (алдын ала) санитариялық-қорғаныш аймағы - атмосфералық ауа ластануының жайылуы, адам денсаулығына физикалық (шу, діріл, иондамайтын сәулелену) және (немесе) радиациялық әсер ету есептері бар жоба негізінде айқындалатын санитариялық-қорғаныш аймағының аумағы;
107) жағымсыз реакция - организмнің дәрілік (зерттелетін) препаратты қолданумен байланысты және осы дәрілік (зерттелетін) препараттың қолданылуымен ықтимал өзара байланыстың болуы болжанатын, байқаусызда болған қолайсыз реакциясы;
108) жалған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар - құрамы немесе жинақталуы және (немесе) өндірушісі туралы, сондай-ақ өнім берудің пайдаланылған арналарын қозғайтын жазбалар мен құжаттарды қоса алғанда, өнім беру туралы анық емес ақпаратпен құқыққа қайшы және әдейі жабдықталған дәрілік заттар, медициналық бұйымдар;
109) жеке медициналық кітапша - жұмысқа жіберілу туралы белгі қойылып, міндетті медициналық қарап-тексерудің нәтижелері енгізілетін дербес құжат;
110) жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызмет - диагностика мен емдеудің инновациялық, ресурсты қажет ететін және (немесе) бірегей әдістерін пайдалануды талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін қызмет;
111) жүктілікті жасанды үзу - тиісті бейіндегі жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері жүргізетін, дәрі-дәрмектік немесе хирургиялық әдістерді пайдалана отырып, шарананың тіршілікке қабілеттілік мерзіміне дейін жүктілікті үзу;
112) жылжымалы медициналық кешендер - ауылдық жерлердің және шалғайдағы елді мекендердің халқына көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және тізбесін кеңейту үшін не қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін пайдаланылатын, қажетті медициналық жабдықпен жарақтандырылған автомобиль көлігі базасындағы мобильді клиникалар (кабинеттер);
113) жыныстық жолмен берілетін инфекциялар - жұқтырудың неғұрлым жиі жолы жыныстық қатынас болып табылатын инфекциялық аурулар;
114) жыныстық сәйкестендіруде ауытқушылығы бар адам - қарама-қайшы жыныстағы адам ретінде өмір сүруге және қабылдануға ұмтылатын адам;
115) иммунологиялық дәрілік препарат (иммундық-биологиялық дәрілік препарат) - белсенді немесе бәсең иммунитетті қалыптастыруға немесе иммунитеттің бар-жоғын диагностикалауға немесе аллергия тудыратын заттарға иммунологиялық қарсылықтың өзіндік жүре пайда болған өзгерісін диагностикалауға (табуға) арналған дәрілік препарат;
116) иммуннологиялық типтеуді жүргізу жүйесі (бұдан әрі - HLA жүйесі) - адам лейкоциттерінде орналасқан және ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау кезінде донор мен реципиенттің тіндік үйлесімділігін айқындайтын антигендер жүйесі;
117) инвазиялық әдістер - адам организмінің ішкі ортасына ендіру жолымен жүзеге асырылатын диагностикалау мен емдеу әдістері;
118) инновациялық медициналық технологиялар - медицина (биомедицина), фармация және денсаулық сақтауды цифрландыру саласына ендірілуі әлеуметтік мәні бар және (немесе) экономикалық жағынан тиімді болып табылатын ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің әдістері мен құралдарының жиынтығы;
119) интеграцияланған академиялық медициналық орталық - білім беруді, зерттеулер мен клиникалық практиканы интеграциялау арқылы медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту үшін ресурстарды бірлесіп пайдалану мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейiнгi медициналық білім беру ұйымын денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдармен және денсаулық сақтау ұйымдарымен біріктіру;
120) интервенциялық емес клиникалық зерттеу - дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін жүргізілетін және медициналық практика шеңберінде тағайындалатын зерттеу;
121) интервенциялық зерттеу - зерттеу субъектісі ретіндегі адам қатысатын, зерттеуші-дәрігер клиникалық зерттеулер жүргізу тәртібіне сәйкес келетін интервенциялық клиникалық зерттеу хаттамасы негізінде зерттеу субъектісіне арнайы араласуды тағайындайтын зерттеу;
122) инфекциялық емес ауруларды эпидемиологиялық қадағалау -санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының халықтың денсаулығына әсер ететін қоршаған орта объектілерінің әсер етуінен болатын тәуекел факторларын, оның ішінде өндірістік факторлардың, еңбекке қабілеттілікті уақытша жоғалтатын кәсіптік ауруларды мониторингтеу, созылмалы инфекциялық емес ауруларды барынша азайту және оларды басқару бағдарламаларының ендірілуін бақылау жөніндегі қызметі;
123) инфекциялық және паразиттік аурулар - пайда болуы мен таралуы мекендеу ортасы биологиялық факторларының адамға әсер етуінен және аурудың ауырған адамнан, жануардан сау адамға берілу мүмкіндігінен болатын адам аурулары;
124) йод тапшылығы ауруы - организмге йодтың жеткіліксіз түсуімен және онда жеткіліксіз қорытылуымен байланысты қалқанша без функциясының бұзылуынан болатын организмнің патологиялық процесі;
125) кәсіптік ауру - жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған жіті немесе созылмалы ауру;
126) клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалы - клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде алынған және зертханалық зерттеулерге арналған, адам мен жануарлардың биологиялық сұйықтықтарының, тіндерінің, секреттері мен тіршілік әрекеті өнімдерінің үлгілері, биопсиялық материал, гистологиялық кесінділер, жағындылар, қырындылар, шайындылар;
127) клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеу - зерттелетін затты (дәрілік затты) өзіндік ерекше әсерін зерделеу және (немесе) адам денсаулығы үшін қауіпсіздігінің дәлелдемелерін алу мақсатында бағалаудың ғылыми әдістерін қолдану арқылы зерделеу бойынша химиялық, физикалық, биологиялық, микробиологиялық, фармакологиялық, токсикологиялық және басқа да эксперименттік зерттеу немесе зерттеулер сериясы;
128) клиникалық база - бірлесіп қызмет ету туралы шарт бойынша денсаулық сақтау саласында кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру үшін білім беру ұйымы пайдаланатын денсаулық сақтау ұйымы;
129) клиникалық зерттеу - аурулардың профилактикасы, оларды диагностикалау мен емдеу құралдарының, әдістері мен технологияларының қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау немесе растау үшін адамды субъект ретінде қатыстыра отырып жүргізілетін зерттеу;
130) клиникалық мейіргерлік нұсқау - мейіргер персоналына арналған, пациенттерді күту жөніндегі ғылыми дәлелденген ұсынымдарды қамтитын, пациенттерді қадағалап қарауда профилактикалық, диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын пайдалануды көздейтін құжат;
131) клиникалық фармаколог - «емдеу ісі», «педиатрия», «жалпы медицина» бейіндері бойынша жоғары медициналық білімі бар, клиникалық фармакология бойынша резидентура немесе қайта даярлау бағдарламасын меңгерген және денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты бар маман;
132) клиникалық хаттама - пациенттің белгілі бір ауруы немесе жай-күйі кезіндегі профилактика, диагностика, емдеу, медициналық оңалту және паллиативтік медициналық көмек бойынша ғылыми дәлелденген ұсынымдар;
133) консилиум - кемінде үш дәрігердің қатысуымен диагноз қою, емдеу тактикасын айқындау және ауруды болжау мақсатында адамды зерттеу;
134) контрацепция - қаламаған жүктіліктің алдын алу әдістері мен құралдары;
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 135) тармақша өзгертілді (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
135) көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына арналған шекті баға - көтерме саудада өткізуді одан жоғары бағамен жүзеге асыруға болмайтын, бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген дәрілік заттың саудалық атауына арналған баға;
136) Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр - клиникалық қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген дәрілік заттардың, сондай-ақ орфандық (сирек) дәрілік препараттардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық ұйымдардың дәрілік формулярларын әзірлеу және дәрілік заттарды сатып алу тізімдерін қалыптастыру үшін міндетті негіз болып табылатын тізбесі;
137) Қазақстан Республикасының медициналық бұйымдар номенклатурасы - медициналық бұйымдардың жаһандық номенклатурасымен (GMDN) үйлестірілген және Қазақстан Республикасында қолданылатын, медициналық бұйымдар түрлерінің жүйеленген номенклатуралық сыныптауышы;
138) Қазақстан Республикасының мемлекеттік фармакопеясы - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын ең төмен талаптар жинағы;
139) Қазақстан Республикасы фармацевтикалық инспекторларының тізілімі - Қазақстан Республикасының фармацевтикалық инспекторлары туралы мәліметтер қамтылатын, уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурсы;
140) қайта өндірілген дәрілік препарат (генерик) - әсер етуші заттардың сандық және сапалық құрамы да, дәрілік нысаны да бірегей дәрілік препаратпен бірдей болатын және бірегей дәрілік препаратқа биобаламалылығы биоқолжетімділіктің тиісті зерттеулерімен расталатын дәрілік препарат. Түрлі тұздар, эфирлер, изомерлер, изомерлер қоспалары, әсер етуші заттың кешендері немесе туындылары, егер олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі айтарлықтай ерекшеленбесе, нақ сол әсер етуші зат болып танылады. Заттарды дереу босатып шығаратын, ішуге арналған түрлі дәрілік нысандар биоқолжетімділікті зерттеулер шеңберінде нақ сол дәрілік нысан болып танылады;
141) қан мен оның компоненттерінің аллогендік донациясы - медициналық мақсаттарда қолдану үшін қан мен оның компоненттерін бір адамнан екінші адамға донациялау;
142) қатынасуға дейінгі профилактика - АИТВ инфекциясын жұқтыруды болғызбау үшін инфекция жұқтырмаған адамдарға қолданылатын ретровирусқа қарсы терапия;
143) қатынасудан кейінгі профилактика - инфекция жұқтыру ықтималдығынан кейін АИТВ инфекциясын жұқтыру тәуекелін төмендету мақсатында қолданылатын ретровирусқа қарсы терапия;
144) қоғамдық денсаулық - Қазақстан Республикасы азаматтарының дұрыс тамақтануды қоса алғанда, саламатты өмір салтын ұстануы бойынша, аурулар мен жарақаттардың профилактикасы бойынша, сондай-ақ мекендеу ортасының қолайсыз факторларының әсерін болғызбау бойынша қоғамның күш-жігерін көрсететін, халықтың психикалық, тәндік және әлеуметтік саламаттылығының кешенді сипаттамасы;
145) қоғамдық денсаулық саласындағы зерттеу - денсаулыққа әсер ететін және денсаулық сақтау жүйесінің дамуын айқындайтын негізгі факторларды анықтау, мақсатты әсер ету және осы факторларды басқару әдістерін әзірлеу үшін клиникалық-эпидемиологиялық деректер мен өзге де медициналық ақпаратты жинау және қорыту негізінде жүргізілетін зерттеу;
146) қолайсыз оқиға - медициналық бұйымның кез келген жарамсыздығы және (немесе) сипаттамаларының нашарлауы немесе жұмыс істеуінің бұзылуы немесе медициналық бұйымға ілеспе ақпараттың (құжаттаманың) жеткіліксіздігі не дұрыс еместігі, қолдану жөніндегі нұсқаулықта немесе пайдалану жөніндегі нұсқауда көрсетілмеген, пайдаланушылардың немесе үшінші тұлғалардың өліміне немесе денсаулық жағдайының елеулі нашарлауына тікелей немесе жанама түрде алып келген немесе алып келуі мүмкін жанама әсерлер немесе жағымсыз реакция;
147) қолданбалы биомедициналық зерттеу - ауруларды диагностикалау, емдеу немесе олардың профилактикасы, халықтың денсаулығын қамтамасыз ету саласында нақты мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған биомедициналық зерттеу;
148) қорқор - темекінің, сондай-ақ құрамында темекі жапырағы жоқ өнімдердің бықсуынан және (немесе) қызуынан туындайтын аэрозольді, буды немесе түтінді жұту үшін пайдаланылатын және аэрозоль, бу немесе түтін сұйықтығы бар түтік ыдыс арқылы өтетін аспап;
149) қорқорға арналған темекі - қорқорды пайдалана отырып шегуге арналған және темекі емес шикізат пен өзге де ингредиенттер қосылған немесе қосылмаған, кесілген немесе жұлынған шикізат қоспасынан тұратын, шегілетін темекі бұйымының түрі;
150) қорқор қоспасы - темекі жапырағын шикізат материалы ретінде пайдаланбай дайындалған, қорқорды қолдана отырып тұтыну үшін пайдаланатындай етіп жасалған бұйым;
151) қосалқы зат - фармацевтикалық субстанцияларды (белсенді фармацевтикалық субстанцияларды) қоспағанда, дәрілік препаратқа қажетті қасиеттерді беру үшін оның құрамына кіретін зат;
152) құпия медициналық зерттеп-қарау - медицина қызметкерінің құпиясын сақтауға және зерттеп-қаралатын адамның жеке басы туралы ақпараттың сақталуына негізделген зерттеп-қарау;
153) мәжбүрлеп емдеу - науқасты сот шешімі негізінде жүзеге асырылатын емдеу;
154) медицина қызметкері - кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;
155) медициналық авиация - әуе көлігін тарта отырып, халыққа шұғыл нысанда жедел медициналық көмек беру;
156) медициналық ақпарат - медициналық көмек көрсету процесінде туындайтын және медициналық құжаттар мен медициналық ақпараттық жүйелерде көрсетілген пациенттер мен аурулар туралы ақпарат, сондай-ақ денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі ақпарат;
157) медициналық араласу - алдын алу, профилактика, диагностикалау, емдеу, оңалту, зерттеу мақсатында пациенттерге медициналық көмек көрсету кезінде медицина қызметкері орындайтын және денсаулықты қалпына келтіруге немесе жақсартуға бағытталған тікелей немесе жанама әсер ету және (немесе) өзге де манипуляция;
158) медициналық-әлеуметтік көмек - бұл тізбесін уәкілетті орган айқындайтын әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын адамдарға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмек;
2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 159) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
159) медициналық-әлеуметтік оңалту – жұмысқа араластыруға, отбасылық және қоғамдық өмірге қатыстыруға арналған медициналық, әлеуметтік және кәсіптік-еңбек іс-шараларын пайдалана отырып, науқастар мен мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын қалпына келтіру жөніндегі шаралар кешені;
2021.30.12. № 98-VII ҚР Заңымен 160) тармақша өзгертілді (2022 ж. 2 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
160) медициналық-биологиялық эксперимент - жай-күйдің пайда болу немесе аурудың даму себептерін, жағдайлары мен тетіктерін анықтау, емдеу және профилактика әдістерін әзірлеу үшін эксперименттік (зертханалық) жануарларға зерделенетін жай-күйдің немесе аурудың құрылымдық-функционалдық кешенін оңайлатылған нысанда жаңғыртуға (модельдеуге) негізделген зерттеу;
161) медициналық бұйымдар - медициналық мақсаттағы бұйымдар және медициналық техника;
162) медициналық бұйымдарға арналған жұмсалатын материал - медициналық бұйымдарды пайдалану кезінде жұмсалатын, медициналық бұйымның функционалдық мақсатына, пайдалану сипаттамаларына, өндірушінің сервистік қызмет көрсету жөніндегі нұсқауына сәйкес манипуляциялар жүргізуді қамтамасыз ететін бұйымдар мен материалдар;
163) медициналық бұйымдардың айналысы - тәжірибелік үлгілерді жобалау, әзірлеу, жасау, медициналық бұйымдарға техникалық сынақтар, олардың биологиялық әсерін бағалауды зерттеулер (сынақтар), медициналық бұйымдарға клиникалық зерттеулер, олардың қауіпсіздігіне, сапасы мен тиімділігіне сараптама жүргізу, медициналық бұйымдарды тіркеу, өндіру (дайындау), сақтау, тасымалдау, өткізу, монтаждау, жөнге келтіру, қолдану (пайдалану), оларға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және кәдеге жарату;
164) медициналық бұйымдардың биологиялық әсерін бағалауды зерттеулер (сынақтар) - медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен тиімділігінің жалпы талаптарына, олардың таңбалануына және оларға арналған пайдалану құжаттамасына қойылатын талаптарға медициналық бұйымдардың сәйкестігін айқындау мақсатында жүргізілетін зерттеулер (сынақтар);
165) медициналық бұйымдардың жаһандық номенклатурасы (GMDN) - медициналық бұйымдарды сәйкестендіру мақсатында қолданылатын, медициналық бұйымдар түрлерінің жүйеленген номенклатуралық сыныптауышы;
166) медициналық бұйымдардың түрі - Қазақстан Республикасының медициналық бұйымдар номенклатурасында мақсаты ұқсас, қолданылу технологиялары бірдей, конструкциялық белгілері және ортақ цифрлық белгілемесі бар медициналық бұйымдар тобы;
167) медициналық бұйымдар қауіпсіздігінің, сапасы мен тиімділігінің мониторингі - қолайсыз оқиғалар туралы ақпаратты жинау, тіркеу, талдау;
168) медициналық бұйымды өндіруші - медициналық бұйымды әзірлеуге және дайындауға жауапты, оны осы тұлға немесе оның атынан басқа тұлға (тұлғалар) әзірлегеніне және (немесе) дайындағанына қарамастан, оны өз атынан пайдалану үшін қолжетімді ететін және оның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі үшін жауапты болатын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъект;