493-бап. Егемен билiктi жүзеге асыру мақсатында пайдаланылатын мүлiк
Мемлекеттiң егемен билiгiн жүзеге асырудан өзге мақсатта шет мемлекет пайдаланатын және (немесе) оның пайдалануына арналған мүлiк ретiнде (осы Кодекстiң 492-бабының 3) тармақшасы), атап айтқанда, шет мемлекеттiң мынадай мүлкi қарастырылмайды:
1) шет мемлекеттiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң немесе оның консулдық мекемелерiнiң, арнайы миссиялардың, халықаралық ұйымдар жанындағы өкiлдiктердiң, халықаралық ұйымдар органдарындағы не халықаралық конференциялардағы шет мемлекет делегацияларының функцияларын жүзеге асыруы үшiн пайдаланылатын немесе олардың пайдалануына арналған мүлiк (оның iшiнде банк шотында тұрған ақша);
2) әскери мүлiк және (немесе) Қазақстан Республикасы таныған бiтiмгершiлiк операцияларда пайдаланылатын мүлiк;
3) сатуға қойылмаған не сатуға арналмаған мәдени құндылықтар немесе мұрағат құжаттары.
494-бап. Шет мемлекет қатысатын iстер бойынша сот ісін жүргізу
Егер осы Кодексте немесе басқа заңдарда өзгеше көзделмесе, шет мемлекет қатысатын iстердi Қазақстан Республикасының соттары, заңды тұлғаларға, атап айтқанда, шетелдiк заңды тұлғаларға қатысты қолданылатын соттылық туралы қағидаларды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының сот iсiн жүргізу қағидалары бойынша қарайды.
495-бап. Шет мемлекеттiң соттық иммунитетi туралы мәселені шешу тәртiбi
1. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттi пайдаланатыны-пайдаланбайтыны туралы мәселені Қазақстан Республикасының соты тараптарды шақыра отырып, сот отырысында шешедi.
2. Егер Қазақстан Республикасының соты шет мемлекетте соттық иммунитеттiң болуын анықтаған жағдайда, даудың сотта қаралуға жатпауына байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылады.
496-бап. Қазақстан Республикасы сотының шет мемлекет қатысатын даулар бойынша талап қоюды қамтамасыз ету туралы және сот актiсiн мәжбүрлеп орындату туралы мәселелердi шешуi
1. Қазақстан Республикасының соты талап қоюды қамтамасыз ету және шет мемлекетке қатысты шығарылған сот актiсiн мәжбүрлеп орындату туралы мәселелердi шет мемлекетте тиiсiнше талап қоюды қамтамасыз етуге қарсы иммунитеттiң және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатуға қарсы иммунитеттiң болуына немесе болмауына қарай шешедi.
2. Шұғыл шаралар қабылдамау сот актiсiн орындауды қиындатуы мүмкін болатын немесе, атап айтқанда, сот актiсiн орындауға жол бермеу мақсатында мүлiктi жою, бүлдiру, орнын ауыстыру ықтималдығының жоғары дәрежесiне немесе оған өзгедей билік етуге байланысты мүмкін болмайтын жағдайларда, Қазақстан Республикасының соты шет мемлекет тиiстi иммунитеттi пайдаланады деп пайымдауға өзiнде жеткiлiктi негiздер болмаған кезде - тараптың өтiнiшi бойынша талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға, ал атқарушылық іс жүргізу сатысында - шет мемлекеттің мүлкінен өндіріп алуды жүргізуге құқылы. Қазақстан Республикасының соты шет мемлекеттің мүлкіне тыйым салуға, талап қоюды қамтамасыз етуге байланысты басқа да шараларды қолдану туралы, сондай-ақ шет мемлекеттің мүлкінен өндіріп алу туралы ұйғарым шығарады, оған осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
3. Мұндай шешімді қабылдау шет мемлекетті тиiстi иммунитетінiң болуына сілтеме жасай отырып, оны даулау құқығынан айырмайды.
497-бап. Өзара түсiнiстiк қағидатын қолдану
1. Шет мемлекетке қойылған талап қоюды Қазақстан Республикасының сотында қарау кезiнде сот талап қоюшының немесе iске қатысатын басқа да адамның өтiнiшхаты бойынша өзара түсiнiстiк қағидатын қолданады.
2. Кәсiпкерлiк қызметке байланысты даулар бойынша, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмiлелерден туындаған даулар бойынша тиiстi шет мемлекетте Қазақстан Республикасына берiлетiн юрисдикциялық иммунитеттiң көлемiн дәлелдеу өзара түсiнiстiк қағидатын қолдану туралы өтiнiшхат берген адамға жүктелуi мүмкін.
3. Егер өзiне қатысты юрисдикциялық иммунитет туралы мәселе туындаған шет мемлекетте осы Кодекске орай шет мемлекетке берiлетiн иммунитетке қарағанда Қазақстан Республикасына юрисдикциялық иммунитет неғұрлым шектелген көлемде берiлетiнi дәлелденсе, онда Қазақстан Республикасының соты көрсетiлген мәселенi өзара түсiнiстiк негiзiнде шешу кезiнде Қазақстан Республикасының тиiстi шет мемлекетте юрисдикциялық иммунитеттi қандай көлемде пайдаланатынын негiзге алуға құқылы.
498-бап. Осы Кодекстi қолдану мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының сотына жәрдемдесу
1. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi Қазақстан Республикасы сотының сұрау салуы бойынша немесе өз бастамасы бойынша осы Кодекстiң шет мемлекетке қатысты қолданылуына байланысты, атап айтқанда, өзiне қатысты юрисдикциялық иммунитет туралы мәселе туындайтын тарап шет мемлекет болып табыла ма, мемлекеттiң егемен билiгiн жүзеге асыру жөнiндегi қызмет орын алды ма, шет мемлекетте Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетi қандай көлемде берiледi деген мәселелер бойынша қорытынды бередi.
2. Қазақстан Республикасының соты дау нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша жәрдемдесу және түсiндiру үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы және шетелдегi өзге де органдар мен ұйымдарға да белгiленген тәртiппен жүгiнуi немесе сарапшыларды тартуы мүмкін. Істегi бар дәлелдемелердiң жиынтығы ескерiле отырып, алынған қорытындылар мен түсiндiрмелер Қазақстан Республикасы сотының бағалауына жатады.
499-бап. Процестік құжаттарды шет мемлекетке жiберу және табыс ету
1. Шет мемлекетке оған қатысты Қазақстан Республикасының сотында iс қозғалғаны туралы хабарламаны және өзге де сот құжаттарын жiберу дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады. Тиiстi мемлекеттiң сыртқы iстерiн жүргiзетiн атқарушы билiк органының осы құжаттарды алған күнi олардың табыс етілген күнi болып есептеледi.
2. Қазақстан Республикасы соттарының шет мемлекетке құжаттарды табыс ету туралы және Қазақстан Республикасының сотында оған қатысты қозғалған iске байланысты өзге де процестік әрекеттерді жасау туралы тапсырмалары құқықтық көмек көрсетудi регламенттейтiн заңнамада және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген тәртiппен ресiмделедi.
500-бап. Сырттай шешiм
Қазақстан Республикасының сотында талқылауға қатыспаған шет мемлекетке қатысты шешiм, егер сот:
1) осы Кодекстiң 499-бабының талаптары сақталғанын;
2) шет мемлекетке оған қатысты iс қозғалғаны туралы құжаттарды тапсыру туралы тапсырма жiберiлген күннен бастап кемiнде алты ай өткенiн;
3) осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес мемлекет соттық иммунитеттi пайдаланбайтынын анықтаған жағдайда шығарылуы мүмкін.
501-бап. Шетелдік соттардың шешімдерін, шетелдік төреліктердің төрелік шешімдерін тану және орындау
1. Татуласу келісімдерін бекіту туралы шешімдерді, қаулыларды және ұйғарымдарды, шетелдік соттардың сот бұйрықтарын, сондай-ақ шетелдік төреліктердің төрелік шешімдерін, егер осындай актілерді тану және орындау заңнамада және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не өзара негізде көзделсе, Қазақстан Республикасының соттары таниды және орындайды.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше белгіленбесе, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген актілерді танудың және орындаудың шарттары мен тәртібі заңда айқындалады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген актілер олар заңды күшіне енген кезден бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындатуға берілуі мүмкін. Дәлелді себеппен өткізіп алынған мерзімді осы Кодекстің 126-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының соты қалпына келтіруі мүмкін.
502-бап. Шетелдік соттардың орындауды талап етпейтін шешімдерін тану
Шетелдік соттардың өз сипаты бойынша орындауды талап етпейтін мынадай:
1) сот шешім шығарған мемлекет азаматтарының ғана жеке мәртебесін қозғайтын;
2) егер некені бұзу кезінде ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрса, Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктер арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы;
3) егер некені бұзу кезінде ерлі-зайыптылардың екеуі де Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрса, Қазақстан Республикасының азаматтары арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы шешімдері Қазақстан Республикасында танылады.
503-бап. Шетелдік соттардың шешімдерін, шетелдік төреліктердің төрелік шешімдерін мәжбүрлеп орындату
1. Егер осы Кодекстің 501-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген актілер оларда белгiленген мерзiмдерде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, осы актілер өз пайдасына шығарылған сот, төрелік талқылау тарапы дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі тұрған жердегі сотқа оларды мәжбүрлеп орындату туралы арызбен жүгiнуге құқылы.
2. Атқару парағын беру туралы арыздарға осы Кодекстің 501-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тиiстi түрде расталған төлнұсқа актілер немесе тиiстi түрде расталған олардың көшiрмелерi, сондай-ақ бар болған кезде төрелiк келісімнің төлнұсқасы немесе тиiстi түрде расталған оның көшiрмесi қоса берiледi. Егер көрсетілген актілер немесе төрелік келiсiмдер шетел тiлiнде жазылса, тарап олардың тиiстi түрде расталған қазақ немесе орыс тiлдеріне аудармасын табыс етуге тиiс.
3. Атқару парағын беру туралы арыздар осы Кодекстің 501-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген актілерді ерiктi түрде орындауға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешіктiрмей берiлуi мүмкiн.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Белгiленген мерзiм өтіп кеткен соң берілген не қажеттi құжаттар қоса берілмеген атқару парағын беру туралы арызды сот қараусыз қайтарады, бұл жөнінде ұйғарым шығарылады, оған осы Кодексте белгiленген тәртiппен жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн.
5. Сот көрсетілген мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.
6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күні iшiнде жеке-дара қарайды.
7. Өндiрiп алушының осы Кодекстің 501-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген актілерді мәжбүрлеп орындату туралы келіп түскен арыздары туралы, сондай-ақ олардың сот отырысында қаралу орны мен уақыты туралы сот борышкерге хабардар етедi. Өндiрiп алушы да өз арызының қаралу орны мен уақыты туралы хабардар етiледi. Егер борышкерден сот отырысына келуi мүмкiн болмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтінішхат келіп түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арыздың қаралуына кедергi болмайды.
8. Сот осы Кодекстің 501-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген актілерді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыздарды қараған кезде оларды мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.
9. Сот арызды қарау нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Соттың атқару парағын беру туралы ұйғарымы дереу орындалуға жатады.
504-бап. Атқару парағын беруден бас тарту және беру
Атқару парағын беруден бас тарту және беру осы Кодекстің 20-тарауында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
58-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
505-бап. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексін қолданысқа енгізу
1. Осы Кодекс 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап мына заңнамалық актілердің:
1) 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 18, 644-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 15-16, 239-құжат; № 21-22, 281-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 14, 109-құжат; №15, 138-құжат; 2004 ж., № 5, 25-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 140-құжат; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; № 24, 123-құжат; 2006 ж., № 2, 19-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72-құжат; №13, 86-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 13, 99-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат; № 15-16, 62-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 81-құжат; № 24, 127, 130-құжаттар; 2010 ж., № 1-2, 4-құжат; № 3-4, 12-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар; № 17-18, 111-құжат; № 22, 130-құжат; № 24, 151-құжат; 2011 ж., № 1, 9-құжат; №2, 28-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 14, 117-құжат; № 16, 128, 129-құжаттар; № 23, 179-құжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат; № 6, 43, 44-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 93-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 13, 64-құжат; № 14, 72, 74-құжаттар; № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 1, 6, 9-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 11, 67-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 21, 118, 122-құжаттар; № 22, 128-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 42, 44-құжаттар);
2) «Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексін күшіне енгізу туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 18, 645-құжат; 2000 ж., № 6, 141-құжат; 2001 ж., № 15-16, 239-құжат; 2006 ж., № 10, 52-құжат) күші жойылды деп танылсын.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Аралық соттардың төрелік туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгенге дейін шығарылған шешімдерінің осы Кодекстің 56-тарауында көзделген тәртіппен күші жойылуы мүмкін және олар бойынша атқарушылық парақтар осы Кодекстің 20-тарауында көзделген тәртіппен жазылып берілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін шығарылған сот актілеріне осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі және олар прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шығарылған, осы Кодекстің 434-бабының екінші бөлігінде көзделген істер бойынша сот актілеріне осы Кодекс қолданысқа енгізілген кезден бастап алты ай ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кассациялық сатысына шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Ә. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қазанның 31-і.
№ 377-V