2. Төрелік талқылау тараптары, үшінші тұлғалар төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхат берген жағдайда, сот оларға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған көрсетілген тұлғалардың келмей қалуы істі қарауға кедергі болмайды.
3. Сот істі қараған кезде мәлімделген талаптар мен қарсылықтарға негіз ретінде сотқа ұсынылған дәлелдемелерді зерттеу арқылы төрелік шешімнің күшін жою үшін заңда көзделген негіздердің болуын немесе болмауын анықтайды.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды
3-1. Сот тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелік талқылауды қайта бастау не төрелік шешімнің күшін жою үшін негiздердi жоюға мүмкiндiк беретін өзге де шараларды қолдану үшін төрелік шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiшхат бойынша iс жүргiзудi белгiленген мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
Егер төрешілер жаңа шешім шығарса, тарап сот белгілеген мерзім ішінде талап қоюды ұсынбай, қайта басталған төрелік талқылауға немесе бастапқы шешімдегі өзгерістерге қатысты бөлігінде шешімнің күшін жою туралы өтінішхат беруге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сот төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты қарау нәтижелерi бойынша төрелік шешiмнiң күшiн жою не өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Соттың ұйғарымына осы Кодекске сәйкес жеке шағым берілуі, прокурор өтінішхат келтіруі мүмкiн.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды
5. Сот төрелік шешімнің күшін жою туралы ұйғарымда төрелік шешімді мәжбүрлеп орындатуға беру туралы ұйғарымның күшін жою мәселелерін шешуге тиіс.
4-бөлім. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРОЦЕСС
57-тарау. ШЕТЕЛДІК ТҰЛҒАЛАР ҚАТЫСАТЫН ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
466-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша Қазақстан Республикасы соттарының құзыреті
1. Егер Қазақстан Республикасының аумағында жауапкер-ұйым орналасқан болса немесе жауапкер-азаматтың тұрғылықты жері болса, шетелдік тұлғалар қатысатын істі Қазақстан Республикасының соттары қарайды.
2. Қазақстан Республикасының соттары шетелдік тұлғалар қатысатын істерді де мынадай:
1) шетелдік тұлғаның басқару органы, филиалы немесе өкілдігі Қазақстан Республикасының аумағында болған;
2) жауапкердің Қазақстан Республикасының аумағында мүлкі болған;
3) алименттер өндіріп алу туралы және әке болуды анықтау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған;
4) мертігумен, денсаулыққа өзге де зақым келтірумен немесе асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиян Қазақстан Республикасының аумағында келтірілгенде немесе талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған;
5) мүлікке келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша, зиянды өтеу туралы талап қою үшін негіз болған әрекет немесе өзге де мән-жай Қазақстан Республикасының аумағында орын алған;
6) талап қою, оның толық немесе ішінара орындалуы Қазақстан Республикасының аумағында орын алуға тиіс болған немесе орын алған шарттан туындаған;
7) талап қою Қазақстан Республикасының аумағында орын алған негізсіз баюдан туындаған;
8) некені бұзу туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған немесе ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болған;
9) ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған;
10) дербес деректер субъектілерінің құқықтарын қорғау туралы, оның ішінде залалдарды және (немесе) моральдық зиянды өтеу туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған жағдайларда қарайды.
3. Қазақстан Республикасының соттары басқа істерді де, егер олар заңмен және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартпен өз құзыретіне жатқызылса, қарайды.
467-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыреті
1. Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне:
1) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлік құқығына байланысты істер;
2) егер тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының аумағында болса, тасымалдаушыларға тасымал шарттарынан туындайтын талап қою жөніндегі істер;
3) егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некесін бұзу туралы істер;
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) осы Кодекстің 30-тарауында көзделген ерекше талап қою ісін жүргізу істері жатады.
2. Қазақстан Республикасының соттары ерекше іс жүргізу істерін:
1) фактіні анықтау туралы іс бойынша арыз берушінің Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған немесе анықталуы қажет факт Қазақстан Республикасының аумағында орын алған немесе орын алатын;
2020.07.07. № 361-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) өзіне қатысты бала асырап алу туралы, әрекетке қабілеттігін шектеу немесе оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті деп жариялау (эмансипация) туралы, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына мәжбүрлеп емдеуге жатқызу туралы, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамды мәжбүрлеп емдеуге жатқызу мерзімін ұзарту, туберкулезден мәжбүрлеп емдеу туралы арыз берілген азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не оның Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған;
3) өзіне қатысты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы мәселе қойылған азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында соңғы белгілі тұрғылықты жері болған және бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін анықтау осы мәселенің шешілуіне байланысты болған;
4) Қазақстан Республикасының аумағындағы затты иесіз деп тану туралы арыз берілген;
5) бағалы қағазды жоғалды деп тану туралы және оған тиісті құқықтарды қалпына келтіру (шақыртып іс жүргізу) туралы берілген арызды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе орналасқан азамат немесе ұйым берген;
6) жаңсақтығын анықтау туралы арыз берілген азаматтық хал актілеріндегі жазуды Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазу органдары жасаған;
7) шағым жасалып отырған нотариаттық әрекеттерді (оларды жасаудан бас тартуды) Қазақстан Республикасының нотариусы немесе басқа да органы жасаған жағдайларда қарайды.
468-бап. Шарттық соттылық
Шетелдік соттың құзыреті осы Кодекстің 31-бабында көзделген жағдайлардан басқа, тараптардың жазбаша келісімімен көзделуі мүмкін. Мұндай келісім болған жағдайда сот жауапкердің өтінішхатымен, егер мұндай өтінішхат істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін мәлімделсе, арызды қараусыз қалдырады.
469-бап. Құзыреттің өзгермейтіндігі
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреттілік қағидаларын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының соты іс жүргізуге қабылдаған іс бұдан әрі тараптардың азаматтығының, тұрғылықты жерінің өзгеруіне және құзыретке әсер ететін басқа да мән-жайларға байланысты басқа мемлекеттің сотының соттылығына жатқызылса да, мәні бойынша шешіледі.
470-бап. Шетелдік сотта іс жүргізудің мәні
1. Қазақстан Республикасы сот шешімдерін өзара тануды және орындауды көздейтін халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттің соты егер сол тараптар арасындағы, сол нысанасы туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде шешім шығарып қойған болса, Қазақстан Республикасының соты арызды қараусыз қалдырады, ал іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
2. Егер шет мемлекеттің сотында сол тараптар арасындағы, сол нысанасы туралы және сол негіздер бойынша бұрын қозғалған дау жөніндегі іс болса, ол бойынша шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында тануға жатса, Қазақстан Республикасының соты арызды қараусыз қалдырады, ал іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
3. Осы баптың ережелері осы іс Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне жатқызылатын жағдайларды қозғамайды.
471-бап. Соттылық
Қазақстан Республикасының заңнамасында Қазақстан Республикасы соттарының құзыретіне жатқызылған істердің соттылығы осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық қағидалары бойынша айқындалады.
472-бап. Шетелдік тұлғалардың процестік құқықтары мен міндеттері
1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік және халықаралық ұйымдардың (бұдан әрі - шетелдік тұлғалар) өздерінің бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқығы бар.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, шетелдік тұлғалар процестік құқықтарды пайдаланады және процестік міндеттерін Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей орындайды.
3. Соттарда шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша сот ісін жүргізу осы Кодекске, өзге де заңдарға және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының процестік құқықтарын арнайы шектеулерге жол берілетін мемлекеттердің шетелдік тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы қарсы шектеулер (реторсиялар) белгілеуі мүмкін.
473-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық процестік әрекетке қабілеттілігі
1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық процестік әрекетке қабілеттілігі олардың жеке заңы бойынша айқындалады.
2. Өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің құқығы шетелдіктің жеке заңы болып табылады.
3. Азаматта бірнеше шет мемлекеттің азаматтығы болған жағдайда, ол неғұрлым тығыз байланыста болатын, оның ішінде азаматтың тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңы оның жеке заңы болып есептеледі.
4. Азаматтығы жоқ адамның жеке заңы - ол тұрғылықты тұратын жері бар мемлекеттің заңы, ал олай болмаған жағдайда оның әдетте тұрып жатқан мемлекетінің заңы сол адамның жеке заңы болып есептеледі.
5. Өзінің жеке заңы бойынша процестік әрекетке қабілетті болып табылмайтын адам, егер Қазақстан Республикасының заңына сәйкес процестік әрекет қабілетіне ие болса, ол Қазақстан Республикасының аумағында әрекетке қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
474-бап. Шетелдік және халықаралық ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі
1. Шетелдік ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі осы ұйым соған сәйкес құрылған шет мемлекеттің заңы бойынша айқындалады. Бұл заң бойынша процестік құқыққа қабілеті жоқ шетелдік ұйым Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында құқыққа қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
2. Халықаралық ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі осы ұйым соған сәйкес құрылған халықаралық шарттың немесе Қазақстан Республикасының өзге де халықаралық шарттарының негізінде белгіленеді.
475-бап. Шет мемлекеттердің органдары берген құжаттарды тану
1. Қазақстан Республикасының ұйымдарына немесе шетелдік тұлғаларға қатысты шет мемлекеттердің заңдары бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалған, шет мемлекеттердің құзыретті органдары белгілеген нысанмен берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық заңдастыру болған немесе апостиль қойылған жағдайда қабылдайды.
2. Шетел тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының соттарына ұсынылған кезде олардың тиісті түрде куәландырылған, сот ісін жүргізу тіліне аударылған аудармасымен бірге берілуге тиіс.
476-бап. Құқықтық көмек туралы тапсырмалар
1. Қазақстан Республикасының соттары заңнамада және (немесе) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделетін көлемде құқықтық көмек көрсетеді.
Құқықтық көмек көрсету, хабарламаларды, басқа да құжаттарды тапсыруды және жіберуді, сондай-ақ өзге де процестік әрекеттерді орындауды, атап айтқанда, тараптарды, куәгерлерді тыңдауды, сараптама жүргізуді, сол жерде қарап-тексеруді, орындалуы құқықтық көмек көрсету шеңберінде заңнамада немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не өзара негізде көзделген басқа да процестік әрекеттерді қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының соттары:
1) тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының егемендігіне нұқсан келтіретін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін;
2) тапсырмаларды орындау соттың құзыретіне кірмейтін жағдайларды;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, өздеріне заңда немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не өзара негізде көзделген тәртіппен берілген жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы шетелдік соттардың тапсырмаларын орындайды.
3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, шетелдік соттардың жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмаларын орындау осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Қазақстан Республикасының соттары жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмалармен шетелдік соттарға жүгіне алады.
5. Қазақстан Республикасы соттарының шетелдік соттармен қарым-қатынас жасау тәртібі заңда немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда не өзара негізде айқындалады.
6. Қазақстан Республикасы соттарының құқықтық көмек көрсетуі туралы заңнамасының қолдануын және шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмекке жүгінуді егжей-тегжейлейтін нұсқаулықты соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган бекітеді.
477-бап. Шет мемлекеттiң иммунитетi
Осы Кодексте белгiленген жағдайларды қоспағанда, шет мемлекет Қазақстан Республикасында соттық иммунитеттi, талап қоюды қамтамасыз етуге қарсы иммунитеттi және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатуға қарсы иммунитеттi қоса алғанда, юрисдикциялық иммунитеттi пайдаланады.
478-бап. Соттық иммунитет
Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес шет мемлекет, егер ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiссе не осы Кодекстiң 484-бабына сәйкес шет мемлекетке иммунитет қолданылмайтын болса, сондай-ақ егер ол мемлекеттiң егемен билiгiн жүзеге асырудан өзге қызметтi жүзеге асырса, оның iшiнде осы Кодекстiң 484, 485, 486, 487, 488, 489, 490 және 491-баптарында көрсетiлген жағдайларда Қазақстан Республикасында соттық иммунитеттi пайдаланбайды.
479-бап. Шет мемлекеттің қарсы талап қоюға қатысты иммунитеттен бас тартуы
1. Қазақстан Республикасының сотына талап қойған шет мемлекет осы мемлекеттiң алғашқы талап қоюы сияқты сол құқықтық қатынастарға немесе фактiлерге негiзделген кез келген қарсы талап қоюға қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
2. Қазақстан Республикасының сотына қарсы талап қою берген шет мемлекет алғашқы талап қоюына қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
480-бап. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасы сотының юрисдикциясына келiсуi және соттық иммунитеттен бас тартуы
1. Егер шет мемлекет тиiстi мәселеге немесе iске қатысты Қазақстан Республикасы сотының юрисдикцияны жүзеге асыруына, атап айтқанда:
1) халықаралық шартта;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келiсiмде;
3) Қазақстан Республикасының сотында мәлімдеме жасау немесе нақты талқылау шеңберiнде жазбаша хабардар ету арқылы тiкелей келiсiм бiлдiрсе, ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiсті деп танылады.
2. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi оның талап қоюды қамтамасыз ету иммунитетінен және сот актiсiн мәжбүрлеп орындату иммунитетінен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
3. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдануға келiсуi соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
481-бап. Шет мемлекеттiң сот талқылауына қатысуы
1. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында өзiнiң бастамасымен қозғалған талқылау тарапы болып табылса немесе Қазақстан Республикасының сотында iстiң мәнiн талқылауға кіріссе немесе iстiң мәнi бойынша қандай да бiр өзге әрекеттi қолданса, осы мемлекет соттық иммунитеттен бас тартуға келiсті деп танылады. Алайда, егер мемлекет ол осындай әрекетті қолданғанға дейiн иммунитет туралы мәлiмдеуге негiз болатын фактiлердің өзiне белгiлi болмағанын сотта дәлелдесе, ол осы фактiлер өзiне белгiлi болғаннан кейiн дереу солардың негiзiнде иммунитетке сүйене алады.
2. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында талқылауға қатысса немесе иммунитетке сүйену немесе талқылау нысанасы болып табылатын мүлiкке қатысты өз құқығына дәлелдемелер келтiру мақсатында қандай да бiр басқа әрекетті қолданса, ол оның соттық иммунитеттен бас тартуы ретiнде қарастырылмайды.
3. Шет мемлекет өкiлiнiң Қазақстан Республикасының сотына куә айғақтарын беру үшiн келуi осы мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
4. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында талқылауға қатыспаса, бұл мән-жай өзiнен-өзi оның соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуі ретiнде түсiндiрiлмеуге тиiс.
482-бап. Шет мемлекеттің төрелiк талқылауға қатысты иммунитеттен бас тартуы
Егер шет мемлекет туындаған немесе болашақта туындауы мүмкін дауларды өзiнiң қатысуымен төрелікте қарауға жазбаша нысанда келiсiм бiлдiрсе, Қазақстан Республикасы сотының төрелікке қатысы бар функцияларды жүзеге асыруына қатысты мәселелер бойынша оның осы дауларға байланысты соттық иммунитеттен бас тартуға ерiктi түрде келiскенi деп танылады.
483-бап. Иммунитеттен бас тартуға келiсiмдi керi қайтарып алу
1. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен, талап қоюды қамтамасыз етуге қарсы иммунитеттен және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатуға қарсы иммунитеттен бас тартуға келiсуi, осындай келiсудi керi қайтарып алуға жол беру дауға қатысушы басқа тараппен келiсiмде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, керi қайтарып алынбайды.
2. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi сот талқылауының барлық сатыларына қолданылады.
484-бап. Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетi бұзылған жағдайда шет мемлекеттің иммунитетін қолданбау
Шет мемлекет Қазақстан Республикасында соттық иммунитетті, сол сияқты талап қоюды қамтамасыз етуге және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатуға қарсы иммунитеттi, осындай шет мемлекет Қазақстан Республикасы мен оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетiн бұзған жағдайда пайдаланбайды.
485-бап. Кәсiпкерлiк қызметке байланысты даулар бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау
1. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруы кезiнде туындаған даулар бойынша соттық иммунитеттi осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
2. Шет мемлекет жасаған немесе мемлекеттiң егемен билiгiн жүзеге асырған кездегiден өзгеше түрде онымен байланысты болатын кәсiпкерлiк қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмiлелерден туындаған даулар бойынша соттық иммунитеттi осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
3. Шет мемлекет жасаған немесе ол байланысты болатын мәмiле оның егемен билiгiн жүзеге асыруға байланысты қызмет болып табылатындығы не табылмайтындығы туралы мәселенi шешу кезiнде Қазақстан Республикасының соты осындай мәмiленiң сипаты мен мақсатын назарға алады.
486-бап. Заңды тұлғаларға қатысуға байланысты даулар бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау
Шет мемлекет Қазақстан Республикасының аумағында құрылған немесе негiзгi қызмет орны бар коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғаларға өзiнiң қатысуына байланысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
487-бап. Мүлiкке құқықтарға қатысты даулар бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау
Шет мемлекет:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлiкке өзiнiң құқықтарына, сондай-ақ осындай мүлiкке байланысты өзiнiң мiндеттемелерiне;
2) жылжымайтын мүлiкке осы мемлекеттiң егемен билiгiн жүзеге асыруына байланысты емес негiздер бойынша туындайтын өзiнiң құқықтарына қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
488-бап. Нұқсанды (зиянды) өтеу туралы даулар бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау
Шет мемлекет, егер талап Қазақстан Республикасының аумағында толық немесе iшiнара орын алған әрекетпен (әрекетсiздiкпен) немесе мән-жаймен нұқсан (зиян) келтiруден туындаса, осы мемлекеттiң өмiрге және (немесе) денсаулыққа келтiрiлген зиянды және мүлiкке келтiрiлген нұқсанды өтеуi туралы даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
489-бап. Зияткерлiк меншiк құқықтары объектілерiне қатысты даулар бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау
1. Шет мемлекет зияткерлiк меншiк объектiлерiне өзiнiң құқықтарын белгiлеуге және жүзеге асыруға қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
2. Шет мемлекет басқа тұлғалардың зияткерлiк меншiк объектiлерiне құқықтарын осы мемлекеттiң ықтимал бұзуына қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
490-бап. Еңбек даулары бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау
1. Шет мемлекет Қазақстан Республикасының аумағында толық немесе iшiнара орындалған немесе орындалуға тиiс жұмысқа қатысты осы мемлекет пен жұмыскердiң арасында туындаған еңбек даулары бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң қағидасы:
1) жұмыскердiң Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi болған жағдайды қоспағанда, талқылау қозғалған кезде жұмыскер өзін жұмысқа қабылдаған мемлекеттiң азаматы болып табылатын;
2) жұмыскер мемлекеттiң егемен билiгiн жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттердi орындау үшiн жалданған;
3) еңбек шартын жасасу немесе қайта жаңарту даудың нысанасы болып табылатын жағдайларда қолданылмайды.
491-бап. Теңiз кемелерiн және iшкi суда жүзетiн кемелердi пайдалануға байланысты даулар бойынша шет мемлекеттің иммунитеті
1. Теңiз кемесiнiң немесе iшкi суда жүзетiн кеменiң меншiк иесi болып табылатын не осы кеменi пайдаланатын шет мемлекет, егер кеме талап қою білдіруге негiз болған фактiлер туындаған кезде мемлекеттiк коммерциялық емес мақсаттардан гөрi өзге мақсаттарда пайдаланылса, осы кеменi пайдалануға немесе осы кемемен жүк тасымалдауға қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң қағидасы:
1) әскери корабльдерге және әскери-қосалқы кемелерге, сондай-ақ мұндай корабльдер мен кемелердiң бортында тасымалданатын жүкке;
2) мемлекетке тиесiлi және осы жүк қандай кемемен тасымалданатынына қарамастан, тек қана мемлекеттiк коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын немесе пайдалануға арналған жүкке қатысты қолданылмайды.
3. Осы баптың қолданылу мақсаттары үшiн кеменi пайдалануға қатысты даулар деп, атап айтқанда:
1) кемелердiң соқтығысуына, порттық және гидротехникалық құрылыстардың бұзылуына немесе басқа да кеме жүзетін аварияларға;
2) көмек көрсетуге, құтқару жұмыстары мен жалпы аварияға;
3) кемеге қатысты өнім беруге, жөндеу және басқа да жұмыстарға, қызметтер көрсетуге;
4) теңiз ортасының ластану зардаптарына;
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) суға батқан мүлiктi көтеруге (суға батқан мүлікті аластауға) қатысты даулар түсiнiледi.
492-бап. Шет мемлекеттің талап қоюды қамтамасыз етуге және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатуға қарсы иммунитеті
Мынадай:
1) шет мемлекет осы Кодекстiң 480-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәсiлдердiң бiрi арқылы осы бапта көрсетiлген юрисдикциялық иммунитеттiң түрлерiнен бас тартуға тiкелей келiсiм бiлдiрген;
2) шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында талқылаудың нысанасы болып табылатын талапты қанағаттандырған жағдайда мүлiктi резервке қойған немесе өзгедей түрде белгiлеген;
3) шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлкiн мемлекеттiң егемен билiгiн жүзеге асырудан өзге мақсатта шет мемлекет пайдаланатын және (немесе) оның пайдалануына арналған жағдайларды қоспағанда, талап қоюды қамтамасыз етуге қарсы иммунитеттi және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатуға қарсы иммунитеттi шет мемлекет пайдаланады.