4) 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
5) қағидалар;
6) нұсқаулық.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде туынды түрдегі нормативтік құқықтық актілердің өзге де нысандары көзделуі мүмкін.
4. Туынды түрдегі нормативтiк құқықтық актiлер негiзгi түрдегi нормативтiк құқықтық актiлер арқылы қабылданады немесе бекiтiледi және олармен бiртұтастықты құрайды.
5. Уәкілетті органдардың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын, әкім уәкілеттік берген жергілікті атқарушы органдар нормативтік құқықтық актілер шығаруға құқылы емес.
6. Орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының басшылары құрылымына осы ведомство кіретін мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде нормативтік құқықтық бұйрықтарды бекіту жөнінде тікелей құзырет болған кезде нормативтік құқықтық бұйрықтарды қабылдайды және олар адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қозғай алмайды.
8-бап. Қазақстан Республикасының кодекстерiмен реттелетiн қоғамдық қатынастар
Қазақстан Республикасының кодекстерi мынадай:
1) бюджеттiк;
2) азаматтық;
3) азаматтық процестік;
4) неке-отбасы;
5) экологиялық;
6) су;
7) жер;
8) орман;
9) салық;
10) кеден;
11) еңбек;
12) қылмыстық жазаларды орындауға байланысты;
13) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға байланысты;
14) қылмыстық жауаптылыққа тартуға байланысты;
15) қылмыстық-процестік;
16) денсаулық сақтау саласындағы;
17) кәсіпкерлік саласындағы;
18) жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану саласындағы біртектес аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттеу мақсатында қабылданады.
9-бап. Шоғырландырылған заңдармен реттелетін қатынастар
Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары заңнаманың құрылымын жетілдіру мақсатында қабылданады және:
1) мемлекеттік мүлік;
2) жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару;
3) білім және ғылым;
4) азаматтық қорғау;
5) тұрғын үй қатынастары;
6) қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу, бақылау және қадағалау;
7) көлік;
8) рұқсаттар және хабарламалар;
9) оңалту және банкроттық;
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс;
2018.05.07. № 177-VІ ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды
11) адвокаттық қызмет және заң көмегі саласындағы (аясындағы) өзінің сипаты жағынан кешенді қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдарды біріктіреді.
10-бап. Нормативтік құқықтық актілер сатысы
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заңдық күші бар.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясын қоспағанда, өзге нормативтiк құқықтық актiлердiң заңдық күшiнiң арақатынасы мынадай төмендей беретiн деңгейлерге сәйкес болады:
1) Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзетiн заңдар;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары;
3) Қазақстан Республикасының кодекстерi;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары, заңдары;
5) Қазақстан Республикасы Парламентiнің және оның Палаталарының нормативтiк қаулылары;
6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк құқықтық жарлықтары;
7) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк құқықтық қаулылары;
8) Қазақстан Республикасы министрлерiнің және орталық мемлекеттiк органдардың өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары;
9) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
10) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.
3. Төмен тұрған деңгейдегi нормативтiк құқықтық актiлердiң әрқайсысы жоғары тұрған деңгейлердегi нормативтiк құқықтық актiлерге қайшы келмеуге тиiс.
4. Туынды түрдегі нормативтік құқықтық актінің нормативтiк құқықтық актілер сатысындағы орны негізгі түрдегі актінің деңгейімен айқындалады.
2018.05.07. № 179-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының актілері, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары нормативтік құқықтық актілердің осы бапта белгіленген сатысынан тыс тұрады.
11-бап. Нормативтiк құқықтық актiлердiң тiкелей қолданылуы
1. Егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады.
2. Қолданысқа енгізілген нормативтiк құқықтық актiлердi қолдану үшiн қандай да болсын қосымша нұсқаулар талап етiлмейдi.
3. Егер нормативтiк құқықтық актiнiң өзiнде оның қандай да бiр құқық нормасы қосымша нормативтiк құқықтық акт негiзiнде қолданылатындығы көрсетiлсе, онда бұл норма негiзгi және қосымша нормативтiк құқықтық актiге сәйкес қолданылады.
Қосымша нормативтiк құқықтық акт қабылданғанға дейiн тиiстi қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілер қолданылады.
12-бап. Әртүрлi нормативтiк құқықтық актiлердiң құқық нормаларының қайшылықтары
1. Әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады.
2. Заңдар нормаларының Қазақстан Республикасы кодекстерінің нормаларымен алшақтығы болған жағдайларда, олар кодекстерге тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілгеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін.
3. Бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде қолданысқа кешірек енгізілген акт нормалары қолданылады.
13-бап. Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын пайдалану тәртібі
1. Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған кезде заң ұқсастығы немесе құқық ұқсастығы қолданылуы мүмкін.
2. Нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормалары болмаған жағдайда, заң ұқсастығы қолданылады.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкін болмаған кезде құқық ұқсастығы пайдаланылады.
4. Заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану процесінде жеке немесе заңды тұлғалардың жаңа міндеттерін белгілеуге немесе құқықтарын шектеуге жол берілмейді.
Заңнаманың нақты салаларымен реттелетін қатынастарда заң ұқсастығы мен құқық ұқсастығын қолдану мүмкіндігі тиісті заңнамалық актілермен айқындалады.
14-бап. Мерзімдерді есептеу
1. Заңнамада белгіленген мерзiм күнтiзбелiк күнмен немесе басталуы сөзсiз болатын оқиға көрсетiле отырып айқындалады. Мерзiм жылдармен, тоқсандармен, айлармен, апталармен, күндермен (тәуліктермен) немесе сағаттармен есептелетiн уақыт кезеңi ретiнде де белгiленуi мүмкiн.
2. Жылдармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы жылының тиiстi айы мен күнiнде аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде (соңғы тәулігінде) аяқталады.
Айлармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы айының тиiстi күнiнде (күні) аяқталады. Егер мерзiмнiң аяқталуы тиiстi күн саны жоқ айға тура келсе, онда мерзiм осы айдың соңғы күнiнде (соңғы тәулігінде) аяқталады.
Апталармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және мерзiмнiң соңғы аптасының тиiстi күнiнде (тиісті тәулігінде) аяқталады.
Күндермен (тәуліктермен) есептелетiн мерзiм Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген оқиға басталған күннен басталатын конституциялық мерзімдерді қоспағанда, оның басталуы айқындалған күнтiзбелiк күннен немесе оқиға басталған күннен (тәуліктен) басталады және белгіленген кезеңнің соңғы күнiнде (тәулігінде) аяқталады.
Сағаттармен есептелетiн мерзiм оның басталуы айқындалған оқиға басталған минуттан басталады және белгіленген кезеңнің соңғы минутында аяқталады.
3. Уақыт кезеңімен айқындалатын мерзімнің өтуі Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген оқиға басталған күннен басталатын конституциялық мерзімдерді қоспағанда, оның басталуы айқындалған күнтізбелік күннен немесе оқиға басталғаннан кейінгі келесі күні басталады.
Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс күні болмаса, мерзімнің аяқталу күні сол күннен кейінгі таяудағы келесi жұмыс күні болып есептеледі.
4-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ЖОБАЛАРЫН ДАЙЫНДАУДЫ ЖОСПАРЛАУ
15-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарлары
1. Нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын дайындау жоспарлары бiр жылға жасалатын ағымдағы және неғұрлым ұзақ мерзiмге жасалатын перспективалық болып бөлiнедi.
Перспективалық жоспарларда неғұрлым маңызды нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ оларды дайындау бiр жылдан астам мерзiмге жоспарланатын нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу көзделедi.
2. Дайындау жоспарларында:
1) нормативтiк құқықтық актiнiң деңгейiн, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін атауы;
2) дайындау мерзiмдерi;
3) жобаны әзiрлеуге жауапты органдар мен ұйымдар көрсетiледi.
3. Егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамасында өзгеше көзделмесе, нормативтiк құқықтық актiлердi дайындау жоспарларын тиiстi актiлердi қабылдауға құзыреттi уәкілетті органдар жасап, бекiте алады.
4. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау жоспарларын жасаған кезде мемлекеттік және өзге де органдар мен ұйымдардың, оның ішінде ғылыми ұйымдардың ұсыныстары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өзге де мүдделі тұлғалардың құқықтық мониторинг қорытындылары бойынша дайындалған ұсыныстары ескеріледі.
5. Нормативтiк құқықтық актiлердің жобаларын дайындау жоспарларын жасайтын және бекiтетiн уәкілетті органдар жоспарларға осы актiлердiң дайындалуын көрсететiн басқа көрсеткiштерді де енгiзе алады.
6. Қазақстан Республикасының Президенті шығаратын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындауды жоспарлау тәртібі мен нысандарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
16-бап. Заңнамалық актiлердің жобаларын дайындауды жоспарлау
1. Заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды перспективалық жоспарлау Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.
2. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Қазақстан Республикасы Парламентінің кезекті сайланымы кезеңіне қабылданады және Қазақстан Республикасы Парламентінің сессиялары бөлінісінде заңнамалық актілердің жобаларын (Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларын қоспағанда) дайындау солардың шеңберінде болжанатын заңнама салаларын (аясын) көрсетеді.
3. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспары Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шоғырландырылған ұсыныстары негізінде жасалады.
4. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының төрағаларымен келісуге енгізеді және Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
5. Заң шығару жұмысының тұжырымдамалық жоспарын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі бір жылға жасалатын заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын бекітеді.
6. Заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарларын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлейді және олар Қазақстан Республикасының Президентімен келісіледі.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарлары:
1) әзірленуі алдағы жылы болжанатын, оның деңгейін, нысанын және реттеу нысанасын көрсететін заң жобасының атауын;
2) заң жобасын әзірлеу және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсыну мерзімдерін;
3) заң жобасын әзірлеуге жауапты органдар мен ұйымдарды қамтуға тиіс.
8. Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдайтын заңнамалық актілердің жобаларын дайындауды жоспарлау тәртібі мен нысандарын Парламент және оның Палаталары Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 3-тармағында белгіленген өз құзыреттеріне сәйкес айқындайды.
9. Осы баптың талаптары Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілердің жобаларын дайындауға қолданылмайды.
5-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДІҢ ЖОБАЛАРЫН ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ РЕСІМДЕУ
17-бап. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеушілер
1. Президент Әкімшілігі, Үкімет, өзге де мемлекеттік органдар - Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы немесе Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына негізделген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасы бойынша, олармен келісу бойынша - ұйымдар мен азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері бола алады.
Парламент депутаттары Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері болып табылады.
Орталық мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалатын заңнамалық актілер жобаларының әзірлеушілері болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілетін заң жобаларын әзірлеу туралы ұсыныстарды Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына оның Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы және өкілді органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтар енгізе алады.
3. Өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өздерінің құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдар өз бастамасымен немесе жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзірлейді.
4. Өзге де органдар, ұйымдар мен азаматтар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізуге немесе мұндай актілердің бастамашылық жобаларын әзірлеуші органдардың қарауына беруге құқылы. Әзірлеуші органдар оларды өздері әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары үшін негіз ретінде қабылдауы немесе олардың одан әрі әзірленуін және жобалардың қабылдануын орынсыз деп тануы мүмкін.
18-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу тәртібі
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әзірлеуші орган жобаны дайындау жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өз бөлімшелеріне тапсырады.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгiленбесе, әзірлеуші орган нормативтiк құқықтық актінің жобасын дайындауды өзiне ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдарға тапсыра алады немесе бөлiнген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсаттарға пайдалана отырып, оны дайындауға шарттық негiзде мамандарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдарға және ұжымдарға, оның iшiнде шетелдiктерге, тиісті салалардағы сарапшыларға тапсыра алады.
Уәкiлеттi орган нормативтік құқықтық актілердің балама жобаларын дайындауды бiрнеше мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға тапсыруға немесе оларды әзiрлеудi шарттық негiзде, оның iшiнде конкурс бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, бiрнеше ғылыми мекемелерге немесе ғалымдарға тапсыруға құқылы.
Нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға жауапты әзірлеуші органның заң бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.
Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының жұмысына кез келген сатыда қатысуға құқылы.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті орган заң жобасын әзірлеу басталғанға дейін оның тұжырымдамасын әзірлейді.
Осы талап заң жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірлеу жағдайларына қолданылмайды.
Заң жобалары тұжырымдамаларын қарау тәртібі және оларға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларымен айқындалады.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын заң жобасының тұжырымдамасы осы Заңның 19-бабында көзделген тәртіппен сараптама қорытындысын алу үшін заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес келетін, әзірлеуші мемлекеттік органның жанынан Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес құрылған сараптама кеңесіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілуге тиіс.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулыларының жобаларын және басқа да уәкілетті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тартылуы мүмкін.
Уәкілетті органдар нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті ұйым жүргізген іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін пайдалануға құқылы.
4. Уәкілетті органдардың бір деңгейдегі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын бірнеше уәкілетті орган әзірлеуі, ал қажет болғанда - қабылдауы мүмкін.
Бірнеше уәкілетті органның заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын олар осы Заңда көзделген тәртіппен бірлесіп әзірлейді және уәкілетті органдардың басшылары қол қоятын бірлескен нормативтік құқықтық актілер түрінде қабылдайды.
Бірлескен нормативтік құқықтық актілердің туынды түрлері туынды нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті органдардың негізгі нормативтік құқықтық актілері арқылы бекітіліп, онда туынды актіні қабылдауға арқау болған негізгі нормативтік құқықтық актілер көрсетіледі.
5. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен заңнамалық актінің жобасын әзірлеу тапсырылған Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі немесе Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзгеше мерзім белгілемесе, заңнамалық актінің жобасын әзірлеуді бір ай мерзімде жүзеге асырады.
6. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 3), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша заң сараптамасын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүргізеді.
7. Егер Қазақстан Республикасы заңнамалық актісінің, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлығының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулысының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшін бір деңгейдегі немесе төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда негізгі түрдегі нормативтік құқықтық актінің жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістері және (немесе) толықтырулары бар актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырмалар берілуге тиіс.
8. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қоспағанда, заң жобалары тұжырымдамаларының және нормативтік құқықтық актілердің әзірленген жобалары түсіндірме жазбаларымен және оларға салыстырма кестелерімен (заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайларда) бірге мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілгенге дейін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына көпшілік талқылауы үшін орналастырылады.
Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына заң жобалары тұжырымдамаларының жобалары мен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын орналастыру және оларды көпшілік талқылауы тәртібін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен келісу бойынша белгілейді.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары көпшілік талқылауы үшін олар қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн мерзімде уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.
9. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы құқығымен байланысты қатынастарға қолданылмайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
19-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері
1. Әзірлеуші органдар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын сараптама қорытындыларын алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында орналастырғаны туралы хабарламаны сараптама кеңестеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.