3. Уәкілетті экономикалық оператор мәртебесі берілген күннен бастап бір жыл өткеннен кейін заңды тұлға кеден ісі саласындағы уәкілетті органға осы Кодекстің 65-бабының 2-тармағына сәйкес қосымша арнайы оңайлатуларды алуға кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша толтырылған сауалнаманы қоса бере отырып, өтініш беруге құқылы.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган қосымша арнайы оңайлатуларды алуға өтінішті қарау кезінде кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне осы Кодекстің 211-бабы 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 6) және 7) тармақшаларында көзделген талаптарды сақтау тұрғысынан осы Кодекстің 24-тарауында көзделген көшпелі кедендік тексеру жүргізуді тапсырады.
Қосымша арнайы оңайлатуларды ұсыну туралы шешім, ұсынылатын арнайы оңайлатулар көрсетіле отырып, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының (оны алмастыратын адамның) бұйрығымен ресімделеді.
Қосымша арнайы оңайлатуларды алуға өтінішті қарау, сондай-ақ көшпелі кедендік тексеруді жүргізу нәтижелері бойынша кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш тіркелген күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей қосымша арнайы оңайлатуларды ұсыну туралы шешім қабылдайды не, бас тарту себептерін көрсете отырып, қосымша арнайы оңайлатуларды беруден бас тартады.
4. Уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізу туралы куәліктің қолданылуы:
1) уәкілетті экономикалық оператор уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізу туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұру туралы өтініш берген;
2) берешекті төлеген кезге дейін, осы Кодекстің 160-бабының 2-тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар бойынша берешек болған;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес түпкілікті шешім шығарылғанға дейін, өтiнiш берушiге, құрылтайшыларға, акциялардың бақылау пакетi бар акционерлерге қатысты 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 209, 214 және 250-баптары бойынша, сондай-ақ 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 234, 236 және 286-баптары бойынша қылмыстық іс қозғау фактілері болған;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес түпкілікті шешім шығарылғанға дейін өтініш берушіге қатысты 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 404, 405, 409, 410, 411, 412, 413, 413-2, 414, 415, 417, 417-1, 418, 421, 423, 424, 426 - 434, 438 және 438-1-баптары бойынша, сондай-ақ 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 527, 528, 531 - 535, 537 - 545, 548 - 555 және 558-баптары бойыншаәкiмшiлiк іс жүргізуді қозғау фактілері болған;
5) осы Кодекстің 63-1-бабында белгіленген міндеттер орындалмаған кезде тоқтатыла тұрады.
Кеден iсi саласындағы уәкiлеттi орган уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізу туралы қолданыстағы куәлiктiң қолданылуы тоқтатыла тұрған кезден бастап бес жұмыс күнi iшiнде өтініш берушіге жазбаша хабарлайды.
5. Уәкілетті экономикалық оператор куәлігінің бұрын тоқтатыла тұрған қолданылуы осы куәліктің қолданылуы тоқтатыла тұрған себептердің жойылғанын растайтын құжаттарды ұсына отырып, оның кеден ісі саласындағы уәкілетті органға берген жазбаша өтініші бойынша қайта жаңартылады.
Уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізу туралы куәліктің күшін қайта жаңарту туралы шешім жазбаша өтініш берілген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының (оны алмастыратын адамның) бұйрығымен ресімделеді және бұйрық қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
6. Уәкiлеттi экономикалық операторлар тiзiлiмiне енгiзу туралы куәлiк:
1) уәкiлеттi экономикалық оператор өзiн уәкiлеттi экономикалық операторлар тiзiлiмiнен алып тастау туралы өтiнiш берген;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды тұлға таратылған;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды тұлға қайта ұйымдастырылған;
4) өтiнiш берушi, құрылтайшылар, акциялардың бақылау пакетi бар акционерлер 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 209, 214 және 250-баптарына, сондай-ақ 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 234, 236 және 286-баптарына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылған;
5) өтініш беруші 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 404, 405, 409, 410, 411, 412, 413, 413-2, 414, 415, 417, 417-1, 418, 421, 423, 424, 426 - 434, 438 және 438-1-баптарына, сондай-ақ 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнiң 527, 528, 531 - 535, 537 - 545, 548 - 555 және 558-баптарына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған;
6) осы Кодекстің 63-1-бабында көзделген міндеттер орындалмаған кезде кері қайтарылады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 63-1-баппен толықтырылды
63-1-бап. Уәкілетті экономикалық оператордың міндеттері
Уәкілетті экономикалық оператор:
1) уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін беру кезінде қойылған талаптар мен Кеден одағының және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды сақтауға;
2) кеден ісі саласындағы уәкілетті органға уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін алу кезінде өзі мәлімдеген мәліметтердің өзгергені және (немесе) толықтырылғаны туралы мұндай өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды растайтын тиісті құжаттарды ұсыну арқылы өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде хабарлауға міндетті.
Осы Кодекстің 62-бабы 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген меншікті капиталдың азайғаны туралы ақпарат Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бухгалтерлік баланс түрінде табыс етіледі;
3) кеден органдарының талап етуі бойынша кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсатында қажетті ақпаратты және есептілікті кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен табыс етуге;
4) кедендік баждарды, салықтарды төлеуді бас қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі аяқталған кезде мұндай мерзім аяқталатын күнге дейін күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей кеден ісі саласындағы уәкілетті органға көрсетілген бас қамтамасыз етудің қолданылу мерзімін ұзарту туралы құжаттарды не кедендік баждарды, салықтарды төлеуді жаңа бас қамтамасыз етуді табыс етуге міндетті.
64-бап. Уәкілетті экономикалық операторлар тізілімі
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган уәкілетті экономикалық операторлар тізілімін жүргізеді және ай сайын әр айдың бесінші күнінен кешіктірмей оны кеден ісі саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурстарында жариялауды қамтамасыз етеді.
Уәкілетті экономикалық операторлар тізілімінің және осындай тізілімге енгізу туралы куәліктің нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 65-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
65-бап. Уәкілетті экономикалық операторға берілетін арнайы оңайлатулар
1. Уәкілетті экономикалық операторға мынадай арнайы оңайлатулар беріледі:
1) уәкілетті экономикалық оператордың үй-жайларында, ашық алаңдарында және өзге аумақтарында тауарларды уақытша сақтау;
2) кедендік транзит рәсімін жүзеге асыру кезінде кеден органдары кедендік баждар мен салықтардың төленуін қамтамасыз етудің ұсынылуын талап етпейді;
3) кедендік декларацияны беру алдындағы кедендік операцияларды жасаудың және кедендік рәсіммен орналастырудың бірінші кезектегі тәртібі;
4) мерзімдік кедендік декларациялауды жүзеге асыру кезінде кедендік баждар мен салықтардың төленуін қамтамасыз ету қолданылмайды.
2. Уәкілетті экономикалық операторға мынадай қосымша арнайы оңайлатулар берілуі мүмкін:
1) уәкілетті экономикалық оператордың үй-жайларында, ашық алаңдарында, аумақтарында тауарларды шығаруға байланысты кедендік операциялар жүргізу;
2) осы Кодекстің 298-бабына сәйкес кедендік декларацияны бергенге дейін тауарлар шығару;
3) осы Кодекстің 319-бабының 3-тармағында көзделген тәртіппен уәкілетті экономикалық операторлар үшін кедендік транзит рәсімін қолдану.
3. Осы Кодекстің 62-бабының 1-тармағына сәйкес уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін беру шарттарына сәйкес келген кезде, тауарларды өндіру қызметін жүзеге асыратын және (немесе) кедендік әкету баждары қолданылмайтын тауарларды экспорттайтын заңды тұлғалар үшін осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген арнайы оңайлатулар ұсынылады.
4. Осы бапта көзделген арнайы оңайлатулар, егер уәкiлеттi экономикалық оператор осындай арнайы оңайлатуларды қолдану көзделетін тауарлардың декларанты болатын жағдайларда ғана қолданылады.
5. Осы бапта көзделген арнайы оңайлатулар қолданылмайтын тауарлардың тiзбесi Комиссияның шешiмiмен айқындалады.
66-бап. Кеден органдарына алдын ала ақпараттарды табыс ету
1. Уәкілетті экономикалық операторлар, тасымалдаушылар, оның ішінде кедендік тасымалдаушылар, кеден өкілдері және өзге де мүдделі тұлғалар кеден органдарына Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілуі көзделген тауарлар, мұндай тауарларды өткізетін халықаралық тасымалдаудың көлік құралдары, Кеден одағының кедендік аумағына тауарлардың әкеліну немесе мұндай аумақтан әкетілу уақыты мен орны, Кеден одағының кедендік аумағына келетін немесе мұндай аумақтан кететін жолаушылар туралы алдын ала ақпараттарды электронды түрде табыс ете алады.
2. Кеден органдары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Кеден одағына мүше мемлекеттердің, шет мемлекеттердің кеден органдарымен (қызметтерімен) алдын ала ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
3. Кеден органдарына алдын ала ақпаратты міндетті түрде беру жағдайлары, оны беру көлемі, тәртібі және кедендік мақсаттар үшін пайдалану Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 66-1-баппен толықтырылды
66-1-бап. Уәкiлеттi экономикалық оператордың жауаптылығы
Уәкiлеттi экономикалық оператор өзінің міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
7-тарау. Ақпараттық жүйелер мен ақпараттық технологиялар
67-бап. Кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелер, ақпараттық технологиялар және оларды қамтамасыз ету құралдары
1. Кедендік операциялар ақпараттық жүйе мен ақпараттық технологияларды, оның ішінде ақпарат берудің электронды тәсіліне негізделген технологияларды, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету құралдарын пайдалана отырып жасай алады.
2. Ақпараттық жүйе мен ақпараттық технологияларды енгізу тиісті халықаралық стандарттарды және Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігі талаптарын қамтамасыз етуді ескере отырып жүзеге асырылады.
3. Кеден органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден органдары әзірлеген, шығарған немесе сатып алған ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды және оларды қамтамасыз ету құралдарын пайдаланады.
4. Кедендік мақсаттар үшін ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды, оларды қамтамасыз ету құралдарын және ақпараттарды қорғаудың бағдарламалық-техникалық құралдарын пайдалану шарттары мен тәртібін, сондай-ақ ақпарат алмасудың электронды тәсіліне негізделген ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастыру кезінде оларға қойылатын талаптарды кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
68-бап. Декларанттардың және кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың меншігіндегі бағдарламалық өнімдер
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодексте көзделген құжаттар мен мәліметтерді ұсыну үшін декларанттар немесе кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар пайдаланатын бағдарламалық өнімдер сәйкес болуға тиіс талаптарды кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілейді. Көрсетілген талаптар кеден ісі саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, веб-порталында орналастырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Бағдарламалық өнімдердің кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін ғана оларды кедендік мақсаттар үшін пайдалануға жол беріледі.
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Бағдарламалық өнiмдерге тексеру жүргiзу үшiн осы баптың 1-тармағында аталған тұлға кеден iсi саласындағы уәкiлеттi органға мыналар қамтылған бағдарламалық өнiмге тексеру жүргiзу туралы өтiнiш бередi:
1) өтiнiш берушi туралы мәлiметтер: жеке тұлға үшiн - тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде) және оның тұрғылықты жерi (мекенжайы); заңды тұлға үшiн - атауы және орналасқан жерi (мекенжайы); сәйкестендiру нөмiрi;
2) жеке тұлға үшiн - жеке басын куәландыратын құжаттың нөмiрi; заңды тұлға үшін - Бизнес-сәйкестендіру нөмірі.
Өтінішке оны жасаған адам қол қояды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрі болуға тиіс болса, мөрмен куәландырады.
4. Өтінішпен бірге мынадай құжаттар:
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) жеке тұлға үшiн - жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi; заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2) бағдарламалық өнімдерге бағдарламалық және пайдалану құжаттамаларының жиынтығы;
3) бағдарламалық өнімді әзірлеу кезінде лицензияланған бағдарламалық құралдардың пайдаланылғанын растайтын құжаттар;
4) әзірленген бағдарламалық өнім арқылы кедендік құжаттарды толтырудың ережелеріне сәйкес ресімделген кедендік құжаттардың электронды көшірмелерінің үлгілері қоса берілуге тиіс.
5. Өтініш тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініште көрсетілген мәліметтерді, сондай-ақ осы баптың 4-тармағында көрсетілген құжаттарды қарайды және тексереді.
6. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган кедендік құжаттардың электронды көшірмелерін қалыптастыру бойынша бағдарламалық өнімдерді әзірлеушілердің тізілімін жүргізеді, онда мынадай мәліметтер:
1) бағдарламалық өнімді әзірлеуші болып табылатын тұлғаның атауы;
2) бағдарламалық өнімнің атауы;
3) бағдарламалық өнім нұсқаларының нөмірі;
4) электронды кедендік құжаттардың түрі қамтылады.
7. Кедендік құжаттардың электронды көшірмелерін қалыптастыру бойынша бағдарламалық өнімдерді әзірлеушілерді тізілімге енгізу туралы шешім кеден ісі саласындағы уәкілетті орган басшысының (не оны алмастыратын адамның) бұйрығымен ресімделеді және осы баптың 5-тармағында көзделген мерзімнен кешіктірілмей өтініш берушінің мекенжайына жіберіледі. Бағдарламалық өнімді әзірлеушіні тізілімге енгізуден бас тартылған жағдайда, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш тіркелген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, бас тарту себептері туралы аталған тұлғаны жазбаша нысанда хабардар етеді. Өтініш беруші ескертулерді жойғаннан кейін осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес құжаттарды қайтадан табыс етуге құқылы.
8. Кедендік құжаттардың электронды көшірмелерін қалыптастыру бойынша бағдарламалық өнімдерді әзірлеушілерді тізілімге енгізу және шығару туралы ақпарат тиісті бұйрық қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей кеден ісі саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, веб-порталында орналастырылады.
9. Бағдарламалық өнімдерге қойылатын талаптар өзгерген жағдайда жариялануға және кеден ісі саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, веб-порталында орналастырылуға жатады.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган бұрын тексерген бағдарламалық өнімді өз қызметінде пайдаланатын тұлға оларды осы тарауда көзделген тәртіппен жаңадан белгіленген талаптарға сәйкес келтіруге міндетті.
69-бап. Декларанттарға және кеден өкілдеріне кедендік құжаттардың электронды көшірмелерін қалыптастыруға рұқсат беру
1. Декларант немесе кеден өкілі кеден ісі саласындағы уәкілетті органның кедендік құжаттардың электронды көшірмелерін қалыптастыруға арналған рұқсатын алу үшін кеден ісі саласындағы уәкілетті органға мынадай мәліметтер:
1) өтініш беруші туралы мәлімет: жеке тұлға үшін - тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және оның тұратын жері (мекенжайы); заңды тұлға үшін - атауы және орналасқан жері (мекенжайы); сәйкестендіру нөмірі;
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) жеке тұлға үшiн - жеке басын куәландыратын құжаттың нөмiрi; заңды тұлға үшін - бизнес-сәйкестендіру нөмірі қамтылған кедендiк құжаттардың электрондық көшiрмелерiн қалыптастыруға рұқсат беру туралы өтiнiш бередi.
Өтінішке оны жасаған адам қол қояды және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрі болуға тиіс болса, мөрмен куәландырады.
2. Өтінішпен бірге мынадай құжаттар:
2012.24.12. № 60-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) жеке тұлға үшiн - жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi; заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2) кеден ісі саласындағы уәкілетті органның меншігіндегі кедендік құжаттардың электронды көшірмелерін қалыптастыру бойынша бағдарламалық өнімдерді пайдалану жағдайларын қоспағанда, бағдарламалық өнімдерді әзірлеушілер тізіліміне енгізілген тұлғамен жасалған шарттың нотариат куәландырған көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Өтініш тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініштегі мәліметтерді, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды қарайды және тексереді.
4. Көрсетілген мәліметтер мен құжаттар белгілеген талаптарға сәйкес келген жағдайда, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш берген тұлғаны осы баптың 3-тармағында көзделген мерзімде өз шешімі туралы жазбаша хабардар етеді. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның жазбаша шешімінде берілген код көрсетіледі, кейіннен оны өтініш берген тұлға әрбір қалыптастырған кедендік құжаттардың электронды көшірмесінде белгіленген жиекке жазады.
5. Өтініш берушіге берілген код кеден өкілі ретінде қызметті жүзеге асыратын тұлғалардан басқа, өзге тұлғалар өткізетін тауарларға кедендік құжаттардың электронды көшірмелерін қалыптастыру үшін пайдаланылмайды.
6. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттар табыс етілмеген жағдайда, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган кедендік құжаттардың электронды көшірмелерін қалыптастыруға арналған рұқсатты беруден бас тартады және осы баптың 3-тармағында көзделген мерзімде өтініш берушіге бұл туралы жазбаша хабарлайды.
7. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның берілген код көрсетілген жазбаша шешімін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган мынадай жағдайлардың бірі туындаған кезде:
1) өтініш беруші осы баптың 5-тармағында белгіленген талаптарды бұзған;
2) өтініш беруші бағдарламалық өнімдерді әзірлеушімен шарттың күшін жойған және бұл туралы кеден ісі саласындағы уәкілетті органға хабарламаған кезде кері қайтарып алуы мүмкін.
8. Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның осы берілген код көрсетілген жазбаша шешімін кері қайтарып алу өтініш берушіге берген кодтың күшін жоюға және мұндай кодпен қалыптастырылған кедендік құжаттардың электронды көшірмелерін қабылдаудан бас тартуға әкеп соғады.
9. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттардағы мәліметтер өзгерген кезде декларант немесе кеден өкілі мәліметтер өзгерген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде кеден ісі саласындағы уәкілетті органды болған өзгерістер туралы жазбаша хабардар етеді.
10. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, өтініш берушіге берілген кодтың қолданылу мерзімі шектелмейді.
70-бап. Кеден органдарының ақпараттық ресурстары
1. Кедендік операцияларды жүргізу кезінде табыс етілетін құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ оларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар негізінде қалыптастырылған кеден органдарының ақпараттық ресурстарына қол жетімділік шектеулі болады. Ақпараттық ресурстарды қалыптастыру тәртібі және оларға қол жетімділік Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасымен айқындалады.
Кеден органдарының ақпараттық ресурстары деп кеден органдарының ақпараттық жүйелерінде жасалатын, өңделетін және жинақталатын деректер базасы қамтылатын құжатталған ақпараттың ұйымдастырылған жиынтығы түсініледі.
Кеден органдарының Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына қатысты ақпараттық ресурстары ашық және жалпыға бірдей қол жетімді болып табылады.
Жалпыға бірдей қол жетімді ақпараттық ресурстар кеден ісі саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, веб-порталында орналастырылады.
2. Тұлғалардың кеден органдарының иелігіндегі, шектеулі қол жетімді ақпараттық ресурстардағы ақпаратты алу тәртібі Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасымен айқындалады.
71-бап. Ақпаратты және ақпараттық процестер мен ақпараттандыруға қатысатын субъектілердің құқықтарын қорғау
1. Ақпаратты және ақпараттық процестер мен ақпараттандыруға қатысатын субъектілердің құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қорғау бағдарламалық өнімдермен, ақпараттық жүйелермен және ақпараттық технологиялармен үйлесімді және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен міндетті түрде сертификаттауға жататын ақпаратты қорғаудың арнаулы бағдарламалық-техникалық құралдарын енгізу және пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі.
3. Ақпаратты қорғау құралымен қамтамасыз етілетін ақпаратты қорғау деңгейі ақпараттың санатына сәйкес келуі тиіс. Ақпаратты қорғау деңгейінің белгілі бір санатқа сәйкес келуін иелігінде ақпараттық ресурстары бар кеден органдары қамтамасыз етеді.
Ақпаратты қорғау және ақпарттық қорғау құралдарын пайдалану жөніндегі талаптардың сақталуын бақылауды кеден ісі саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
72-бап. Кеден органдарының ақпарат алмасуы
Кеден органдары халықаралық шарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен және шарттарда шет мемлекеттердің кеден органдарымен, сондай-ақ халықаралық және өзге де ұйымдармен халықаралық ақпарат алмасуға қатысады.
8-тарау. Кедендік статистика
73-бап. Тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасы
1. Тауарлармен сыртқы сауданың жай-күйін, қарқынын және даму үрдісін талдау мақсатында кеден органдары тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерін қалыптастыру үшін тауарлардың Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілуі туралы мәліметтерді жинауды және өңдеуді жүргізеді.
2. Кеден органдары тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасын Комиссияның шешімімен бекітілген әдіснамаға сәйкес жүргізеді.
3. Кеден органдары тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерін:
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік органдарына және өзге де ұйымдарына;
халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен халықаралық ұйымдарға табыс етеді.
4. Комиссия Кеден одағының тауарларымен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерін Кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарына және халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық ұйымдарға ұсынады.
5. Кеден органы Қазақстан Республикасы сыртқы саудасының кедендік статистикасының деректерін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде жариялайды.
6. Кеден органдары мемлекеттік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны (жасырымды) не басқа да жабық ақпаратты қамтымайтын тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерін, оларды алуға мүдделі Қазақстан Республикасының ұйымдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда ұсына алады.
74-бап. Арнаулы кедендік статистика
1. Кеден органдарына жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ету мақсатында кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен арнаулы кедендік статистика жүргізіледі.
2. Кеден органдары арнаулы кедендік статистиканың деректерін кедендік мақсаттар үшін ғана қолданады.
75-бап. Статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын құжаттар және мәліметтер
1. Статистикалық мақсаттар үшін тұлғалардың Кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларына сәйкес ұсынатын құжаттары мен мәліметтері пайдаланылады.
2. Статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын мәліметтерге осы Кодекстің 16-бабының ережелері қолданылады.
9-тарау. Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы.
Тауарларды сыныптау
76-бап. Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы