2. Тауарлардың кедендік құны және (немесе) олардың заттай көрінісіндегі физикалық сипаттамасы (саны, тауар тұтынылғанға дейін және бөлшек сауда үшін ұсынылғанға дейін тауардан ажырамайтын, оның алғашқы буып-түюі ескерілген массасы, көлемі немесе өзге де сипаттамалары) тауарлардың түрлеріне және қолданылатын ставкаларының түрлеріне қарай кедендік баждарды есептеуге арналған база болып табылады.
3. Салықтарды есептеуге арналған салықтық база Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.
125-бап. Кедендік баждарды, салықтарды есептеу (есепке жазу)
1. Осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік баждарды, салықтарды төлеушілер баждарды, салықтарды дербес есептейді.
2. Кедендік баждарды, салықтарды өндіріп алу кезінде төленуге жататын кедендік баждардың, салықтардың сомасын есептеуді (есепке жазуды) кедендік баждар, салықтар төленуге тиісті кеден органы жүргізеді.
3. Төленуге жататын кедендік баждардың, салықтардың сомаларын есептеу, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ұлттық валютамен жүзеге асырылады.
4. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, төлеуге және (немесе) өндіріп алуға жататын кедендік баждардың сомасы, кедендік баждарды және кедендік баж ставкаларының тиісті түрін есептеуге арналған базаны қолдану арқылы анықталады.
5. Төлеуге және (немесе) өндіріп алуға жататын салықтардың сомасы Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалады.
6. Осы Кодекстің 138-бабының 2-тармағының екінші бөлігінде белгіленген жағдайда, кедендік баждардың, салықтардың сомалары, олар төленуге тиіс Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес есептеуге жатады.
7. Шетелдік тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарының, салықтарының жалпы сомасы, осы шетелдік тауарларға қатысты өзге кедендік рәсім мәлімделген жағдайда кеден органы кедендік декларацияны қабылдаған күні қолданыста болған кедендік баждардың, салықтардың ставкаларын шетелдік тауарларға қолданған кезде кедендік баждар, салықтар ставкаларының өзгеруі салдарынан кедендік баждардың, салықтардың сомасы ұлғаятын жағдайларды қоспағанда, шетелдік тауарлар осы Кодекстің 121-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер есепке алынбай, ішкі тұтынуға шығарылған жағдайда төлеуге жататын кедендік баждардың, салықтардың сомасынан асып кетуіне болмайды.
8. Шартты шығарылған тауарлар кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуден толық немесе ішінара босатылған мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдаланылған жағдайда төленуге тиісті кедендік төлемдер мен салықтарды есепке жазу үшін, осы Кодекстің 158-бабына сәйкес өсімпұлдар төленіп, кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыста болған кедендік төлемдер мен салықтардың ставкалары қолданылады.
9. Кеден органы кеден ісі саласында құқық бұзушылықты анықтаған кезде, кедендік баждарды, салықтарды есептеуді кеден органы осы Кодекстің 158-бабына сәйкес өсімпұлдар төлей отырып жүргізеді.
126-бап. Кедендік баждардың, салықтардың ставкаларын қолдану
1. Осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу мақсаттары үшін кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күні қолданыста болған ставкалар қолданылады.
2. Егер осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, кедендік әкелу баждарын есептеу мақсаттары үшін Кеден одағының бірыңғай кедендік тарифінде белгіленген ставкалар қолданылады.
2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, кедендік әкету баждарын есептеу мақсаттары үшін сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган белгілеген мөлшерлемелер қолданылады.
4. Егер осы баптың 5-тармағында өзгеше белгіленбесе, тауарлар кедендік рәсіммен орналастырылған не Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды заңсыз өткізу фактілері анықталған кезде салықтарды есептеу мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген ставкалар қолданылады.
5. Салықтарды есептеу мақсаттары үшін, егер Кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарында айқындалған тәртіппен кедендік транзит рәсімімен орналастырылған тауарлардың Кеден одағына мүше басқа мемлекеттің аумағында орналастырылғаны белгіленген (расталған) болса, осы Кеден одағына мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген ставкалар қолданылады.
127-бап. Кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу мақсаттары үшін шетел валютасын қайта есептеу
Кедендік төлемдер мен салықтарды есептеу үшін, оның ішінде кеден ісі саласындағы сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырған кезде төленуге жататын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін, төлеуші, егер осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, кеден органының кедендік декларацияны тіркеген күнінде, не төлеуші тауарларды негізгі кедендік ресімдеуге байланысты емес кедендік төлемді жүзеге асырған күні айқындалған, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес валюта ауыстырудың нарықтық бағамын қолдана отырып, шетел валютасын ұлттық валютаға және (немесе) ұлттық валютаны шетел валютасына қайта есептеуді жүргізеді.
15-тарау. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу және есептеу мерзімдері мен тәртібі
128-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеушілер
Декларант немесе өздеріне осы Кодекске және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөнінде міндет жүктелген өзге де тұлғалар кедендік баждарды, салықтарды төлеушілер болып табылады.
129-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің туындауы және тоқтатылуы. Кедендік баждарды, салықтарды төлемеу жағдайлары
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттер осы Кодекстің 130, 253, 258, 270, 298, 315, 318, 331, 332, 341, 354, 365, 378, 387, 394, 404, 411 және 472-баптарына сәйкес туындайды.
2. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттер мынадай:
1) осы Кодексте белгіленген мөлшерлерде кедендік баждар, салықтар төленген немесе өндіріп алынған;
2) осы тауарларды пайдалану және (немесе) оған билік ету жөніндегі шектеулермен ұштаспаған кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктерді бере отырып, тауарлар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылған;
3) авария салдарынан немесе еңсерілмейтін күштің әсерінен не тасудың (тасымалдаудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайы кезіндегі табиғи шығын нәтижесінде шетел тауарлары жойылған (қайтарымсыз жоғалған);
4) егер кедендік баждардың, салықтардың төленбеген сомасының мөлшері кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттер туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін валюталардың нарықтық бағамы бойынша бес евроға балама сомадан аспаған;
5) егер кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет тауарларды мемлекет пайдасына бас тарту кедендік рәсімімен орналастыруға кедендік декларация тіркелгенге дейін туындаса, тауарлар осы кедендік рәсіммен орналастырылған;
6) тауарлар мемлекет меншігіне айналдырылған;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарлардан, оның ішінде тауарлар құны есебінен өндіріп алынған;
8) мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес тауарларды осы кедендік рәсімге орналастыруға кедендік декларацияны тіркеген кезде туындаған кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерге қатысты тауарларды шығарудан бас тартылған;
9) осы Кодексте айқындалған тәртіппен оны өндіріп алу үмітсіз деп танылған және есептен шығарылған;
10) осы Кодексте кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттерді тоқтату байланыстырылатын мән-жайлар туындаған жағдайларда тоқтатылады.
3. Кедендік баждар, салықтар:
1) тиісті кедендік рәсім талаптары сақталған кезде, осындай төлеуді көздемейтін кедендік рәсімдермен тауарларды орналастыру кезінде;
2) жеке пайдалануға арналған тауарларды қоспағанда, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттер туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленетін нарықтық валюта бағамы бойынша жалпы кедендік құны екі жүз евроға баламалы сомадан аспайтын, бір көлік (тасымалдау) құжаты бойынша бір жөнелтушіден бір алушының мекенжайына тауарларды әкелу кезінде;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген жағдайларда тауарларды жеке пайдалану үшін өткізу кезінде;
4) егер осы Кодекске және (немесе) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес тауарлар кедендік баждар, салықтар салудан босатылса (кедендік баждар, салықтар салынбаса) және осыған байланысты босату берілу талаптары сақталған кезде төленбейді.
4. Осы Кодекстің 306-бабының 1-тармағының 15) және 16) тармақшаларында көрсетілген кедендік рәсімдермен тауарларды орналастыру кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттердің туындауы мен тоқтатылуы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
130-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттердің туындауы мен тоқтатылуы және тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде оларды төлеу мерзімдері
1. Тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік әкелу баждарын, салықтарын төлеу жөніндегі міндет тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде туындайды.
Тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік әкету баждарын төлеу жөніндегі міндет тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде туындайды.
2. Егер тауарларды заңсыз өткізген тұлға және тауарларды заңсыз өткізуге қатысатын тұлғалар мұндай өткізудің заңсыз екендігін білсе немесе білуге тиіс болса, тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет оларда бірге туындайды, ал тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде, егер заңсыз әкелінген тауарларды меншігіне немесе иелігіне алған кезде олардың заңсыз әкелінгенін білген немесе білуге тиіс болған тұлғаларда да туындайды.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген тұлғалардың тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізуі кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеті осы Кодекстің 129-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда тоқтатылады.
4. Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде - тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу күні, ал егер бұл күн анықталмаса, тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі анықталған күн кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі болып есептеледі.
Тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы дұрыс емес декларациялаумен заңсыз өткізу жағдайында, кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, кеден органының тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны тіркеу күні кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі болып есептеледі.
5. Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезінде кедендік баждар, салықтар:
1) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелген кезде - кедендік баждардың, салықтардың ставкалары және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленген және тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен күні, ал егер бұл күн анықталмаса, Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды заңсыз өткізу фактісі анықталған күні қолданыста болған валюталардың нарықтық бағамы негізге алынып есептелген кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі тарифтік преференцияларды және жеңілдіктерді есепке алмай, осындай тауарларды ішкі пайдалану үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төленуге жататын кедендік әкелу баждарының, салықтарының сомаларына сәйкес келетін мөлшерде;
2) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету кезінде - кедендік баждардың, салықтардың ставкалары және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес белгіленген және тауарлар Кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен күні, ал егер бұл күн анықталмаса, Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы тауарларды заңсыз өткізу фактісі анықталған күні қолданыста болған валюталардың нарықтық бағамы негізге алынып есептелген, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі тарифтік преференцияларды және жеңілдіктерді есепке алмай, осындай тауарларды экспорт кедендік рәсімімен орналастыру кезінде төлеуге жататын кедендік әкету баждарының тиісті сомаларына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады.
Тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы дұрыс емес декларациялаумен заңсыз өткізу жағдайында кедендік баждар, салықтар, кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру үшін берілген кедендік декларацияны кеден органы тіркеген күні мәлімделген кедендік рәсіммен осындай тауарларды орналастыру кезіндегі дұрыс мәліметтер негізінде төленуге жататын кедендік баждардың, салықтардың тиісті сомаларына сәйкес келетін мөлшерде төленуге жатады. Бұл ретте, кедендік декларациялау кезінде іс жүзінде төленген кедендік баждардың, салықтардың сомалары қайта төленбейді (өндіріп алынбайды), ал кедендік баждардың, салықтардың артық төленген (өндіріп алынған) сомалары осы Кодекстің 17 және 18-тарауларына сәйкес қайтарылуға жатады.
6. Тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу кезіндегі кедендік баждар, салықтар осы тарауға сәйкес есептеледі.
Егер төленуге жататын кедендік баждардың, салықтардың сомасын анықтау тауарлардың сипаты, олардың атауы, саны, шығарылған елі және кедендік құны туралы нақты мәліметтерді кеден органына табыс етпегендіктен мүмкін болмаса, кедендік баждардың, салықтардың сомалары кедендік баждар, салықтар ставкаларының неғұрлым көп шамасы, сондай-ақ тауарлардың қолда бар мәліметтері негізінде анықталуы мүмкін саны және (немесе) құны негізге алынып анықталады.
Тауарлар туралы дәлме-дәл мәліметтер кейіннен анықталған кезде кедендік баждардың, салықтардың артық төленген немесе артық өндіріп алынған сомаларын осы Кодекстің 17 және 18-тарауларына сәйкес қайтару не төленбеген сомаларын өндіріп алу жүргізіледі.
131-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдері
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдері осы Кодекстің 78, 82, 130, 253, 258, 270, 298, 315, 318, 331, 332, 341, 354, 365, 378, 387, 394, 404, 456 және 472-баптарында белгіленеді.
2. Осы Кодекстің 306-бабы 1-тармағының 15) және 16) тармақшаларына сәйкес тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыру кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдері Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
3. Осы Кодекстің 136, 293 және 294-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік баждар, салықтар тауарларды шығарғанға дейін төленеді.
4. Осы Кодекстің 283-бабына сәйкес белгіленген кедендік декларацияны беру мерзімі бұзылған жағдайда, кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі кедендік декларация беруге арналған мерзім біткен күні аяқталады.
5. Шартты түрде шығарылған тауарлар кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босату беруге негіз болған мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдаланылған кезде тұлғаның тауарларды пайдалану және оларға билік ету жөніндегі шектеулерді бұзған күні оларды төлеу мерзімі болып есептеледі. Егер шектеулерді бұзған күнді анықтау мүмкін болмаса, кедендік декларация тіркелген күн кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімі болып есептеледі.
6. Тұлға шартты түрде шығарылған тауарларды кедендік баждар, салықтар салудан босату беруге негіз болған мақсаттардан өзге мақсаттарда пайдалану ниеті туралы өтініш жасаған кезде, аталған өтінішті кеден органында тіркеу күні оларды төлеу мерзімі болып есептеледі.
132-бап. Талап қоюдың өту мерзімі
1. Кеден органдарының талаптары бойынша немесе төлеушінің талаптары бойынша:
1) кеден органы төлеушіге кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың және өсімпұлдардың сомасын есепке жазуға немесе төлеуші есептеген соманы қайта қарауға құқылы;
2) төлеуші кеден органдарынан кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың және өсімпұлдардың сомасын есептеуді және (немесе) қайтаруды талап етуге құқылы;
3) төлеуші кеден органдарының талап етуі бойынша кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың және өсімпұлдардың сомасын төлеуге міндетті;
4) кеден органы төлеушінің өтініші бойынша кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың және өсімпұлдардың артық (қате) төленген сомалары бар екендігі туралы растау құжатын беретін;
5) төлеуші Кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларацияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы өтініш беруге құқылы болатын уақыт кезеңі талап қоюдың өту мерзімі болып табылады.
2. Кеден органдарының және төлеушілердің талаптары бойынша талап қоюдың өту мерзімі бес жыл болады.
Талап қоюдың өту мерзімі:
1) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларды кедендік декларациялау аяқталған күннен бастап;
2) кедендік баждардың, салықтардың төленуін қамтамасыз етудің ақшаны уақытша орналастыру есебіне қамтамасыз ету сомасын енгізу түрінде кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде немесе кеденде тіркелген күннен бастап;
3) кеден органы тауарларды сыныптау жөнінде, тауарлардың шығарылған елін растау туралы алдын ала шешімдер қабылдаған күннен бастап;
4) кеден органы кедендік алып жүру туралы шешім қабылдаған күннен бастап есептеледі.
3. Кеден органы таңдап алынған кедендік рәсімге сәйкес кедендік бақылауда тұрған тауарлар бойынша тауарлардың кедендік бақылауда тұру кезеңі ішінде және тауарлардың кедендік бақылауда тұру кезеңі аяқталғаннан кейін бес жыл ішінде төленуге тиіс кедендік төлемдердің, салықтар мен өсімпұлдардың сомаларын есепке жазуға немесе қайта қарауға құқылы.
4. Осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар бойынша талап қою мерзімі - кедендік бақылау жүргізу кезеңінде, оның ішінде тауар шығарылғаннан кейін өтіп кеткен жағдайда, төлеуші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кедендік тексеру нәтижелеріне және (немесе) жоғары тұрған кеден органының шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарған шешіміне, сондай-ақ кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану кезеңіндегі талап қоюдың өту мерзімі кеден органының кедендік бақылау нәтижелері бойынша шығарған шешімі орындалғанға дейін, оның ішінде тауарлар шығарылғаннан, шағым және (немесе) талап қою қаралғаннан кейін ұзартылады.
133-бап. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдерін өзгерту
1. Кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімдерін өзгерту кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу нысанында жүргізіледі.
2. Кедендік баждарды төлеу мерзімін өзгертудің негіздемесі, талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
3. Салықтарды төлеу мерзімдерін өзгертудің негіздемесі, талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
134-бап. Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту ұғымы және талаптары
1. Кедендік баждарды төлеу мерзімдерін өзгерту деп осы Кодексте белгіленген кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімін неғұрлым кеш мерзімге ауыстыру танылады.
2. Кедендік баждарды төлеу мерзімдері өзгерген кезде пайыз қосып есептелмейді.
3. Бұл ретте төлеушіге кедендік баждарды төлеу мерзімін ұзарту құқығын беру - мерзімін ұзарту, ал төлеушіге кедендік баждарды көрсетілген бөліп-бөліп төлеу кестесіне сәйкес тең үлестермен кезең-кезеңмен төлеу құқығын беру бөліп-бөліп төлеу болып табылады.
4. Кедендік баждарды төлеу мерзімін ұзартуды немесе бөліп-бөліп төлеуді Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалған негіздердің ең болмағанда бірі болған жағдайда төлеушіге кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі не кеден ұсынады.
5. Кедендік баждарды төлеу мерзімін ұзарту немесе бөліп-бөліп төлеу ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларға қатысты және кедендік баждарды төлеуді қамтамасыз еткен жағдайда осы Кодекстің 16-тарауында көзделген тәртіппен беріледі.
135-бап. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешім және оның қолданылу мерзімі
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыруды немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы не оны ұсынудан бас тарту туралы шешім төлеушінің жазбаша өтініші және кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген құжаттар берілген күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қабылданады.
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы өтініште көрсетілетін мәліметтер тізбесі Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалады.
2. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы не оны ұсынудан бас тарту туралы шешім жазбаша нысанда жасалады, оған кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің не кеденнің басшысы немесе оны алмастыратын тұлға қол қояды. Осы шешім көрсетілген кеден органы кедендік баждарды төлеу мерзімін ұзарту немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімді қабылдаған күннен кейінгі келесі күннің аяқталуынан кешіктірілмей төлеушіге жіберіледі.
Кедендік баждарды бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімге бөліп-бөліп төлеуді ұсынған кеден органының келісімі бойынша төлеуші жасаған кезең-кезеңмен төлеу кестесі қоса беріледі. Көрсетілген кесте кедендік баждарды төлеу мерзімін белгілейді және осы шешімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
3. Төлеу мерзімін кейінге қалдыруға немесе бөліп-бөліп төлеуге мәлімделген кедендік баж сомасын есептеп шығару үшін Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес белгіленетін және кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы өтініш кеден органында тіркелген күні қолданыста болған валюталардың нарықтық бағамы қабылданады.
4. Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсынудан бас тарту туралы шешімде мұндай бас тартудың себебі туралы мәлімет қамтылуға тиіс.
Кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешім Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалған жағдайларда жойылуға жатады. Бұл ретте мұндай шешімді жойған кеден органы кедендік баждарды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді алу туралы өтініш берген тұлғаны жазбаша нысанда хабардар етеді.
136-бап. Ұсынылған кедендік бажды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу сомаларын өтеу мерзімдері
1. Кедендік бажды төлеу мерзімдері өзгерген кезде төлеуші:
1) төлеу мерзімін кейінге қалдыру ұсынылған кезде - кейінге қалдыру мерзімі аяқталған күннен кешіктірмей;
2) бөліп-бөліп төлеу ұсынылған кезде - кедендік әкелу бажын төлеу бойынша бөліп-бөліп төлеуді өтеу кестесіне сәйкес кедендік бажды төлеу мерзімінен кешіктірмей кедендік баждар сомасын өтеуді жүргізеді.
2. Төлеуші төлеу мерзімі өзгертілген кедендік баждың сомасын уақтылы өтемеген немесе өнеркәсіптік қайта өңдеуде пайдалануға арналып әкелінген тауарды көрсетілген төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеудің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өткізген жағдайларда, кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі не кеден осы Кодекстің 18-тарауында көзделген тәртіппен кедендік баждың барлық сомасын өндіріп алу жөнінде шаралар қабылдайды.
137-бап. Кедендік бажды төлеудің мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімнің қолданысын тоқтату
Кедендік бажды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімнің қолданылуы мынадай мерзімдерде:
1) кеден органы кедендік бажды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімде белгілеген төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеу мерзімі аяқталғанда;
2) төлеуші кедендік бажды төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеуді ұсыну туралы шешімде көрсетілген кедендік баждың барлық сомасын мерзімінен бұрын өтеген кезде;
3) төлеуші төлеу мерзімін кейінге қалдыру немесе бөліп-бөліп төлеудің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жүзеге асырмастан өнеркәсіптік өңдеуде пайдалану үшін әкелінген тауарларды өткізген кезде тоқтатылады.
138-бап. Кедендік баждарды, салықтар мен өсімпұлдарды төлеу және аудару тәртібі
1. Кедендік баждар, салықтар мен өсімпұлдар, кедендік транзит кедендік рәсімімен шығарылған тауарларды қоспағанда, тауарларды шығару жүргізілетін кеден органында немесе аумағында тауарларды Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізу фактісі айқындалған кеден органында төленеді (өндіріліп алынады).