536-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы iстер бойынша осы Кодекстiң 67-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 2) тармағына сәйкес қорғаушының қатысуы мiндеттi.
2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша қорғаушы кәмелетке толмағаннан - күдiктi ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап, ал ұстап алынған жағдайда - ұстап алынған кезден бастап жіберіледі.
3. Егер кәмелетке толмаған күдiктi, айыпталушы не оның заңды өкiлдерi адвокатпен келiсiм жасаспаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, прокурор, сот iс бойынша қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге тиiс.
537-бап. Кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының заңды өкiлiнiң сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысуы
1. Кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының ата-анасы немесе басқа да заңды өкiлдерi болған кезде олардың iске қатысуы мiндеттi. Кәмелетке толмаған адамның ата-анасының біреуі де, сондай-ақ екеуі де заңды өкіл бола алады. Іске қорғаушы ретінде қатысып отырған ата-ана, басқа да жақын туыстар сонымен бір мезгілде кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдері ретінде қатыса алмайды. Олар болмаған кезде қорғаншылық және қамқоршылық органы өкілінің қатысуы міндетті.
2. Заңды өкiл, ал ол болмаған кезде қорғаншылық және қамқоршылық органның өкiлi кәмелетке толмағаннан күдiктi ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап тергеушінің қаулысымен iске қатысуға жіберіледі. Заңды өкiл, ал ол болмаған кезде - қорғаншылық және қамқоршылық органның өкiлi iске қатысуға жіберілген кезде, оларға осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген құқықтар түсiндiрiледi.
3. Заңды өкiлдiң: кәмелетке толмағанға не жөнiнде күдiк келтiрiлiп отырғанын бiлуге; күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулылармен, прокурор бекіткен айыптау актісімен таныстыру кезінде қатысуға, кәмелетке толмаған адамнан жауап алуға, сондай-ақ кәмелетке толмаған күдiктiнiң және оның қорғаушысының қатысуымен жүргiзiлетiн өзге де тергеу әрекеттерiне сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамның рұқсатымен қатысуға; өзi қатысқан тергеу әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және ондағы жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға; өтінішхаттар мен қарсылық білдірулер мәлімдеуге, тергеушінің және прокурордың әрекеттері мен шешімдеріне шағым келтіруге; дәлелдемелер ұсынуға; тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, олардан кез келген мәліметті және кез келген көлемде жазып алуға, құжаттардан көшірмелер түсіріп алуға, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға құқығы бар.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталғаннан кейін кәмелетке толмаған адамға керi әсер етуi мүмкiн материалдарды танысу үшiн оған көрсетпеу туралы қаулы шығаруға, ал бұл материалдармен заңды өкiлдi және қорғаушыны таныстыруға құқылы.
5. Егер заңды өкілдің әрекеттері кәмелетке толмаған адамның мүдделерiне нұқсан келтiредi немесе iстi объективтi түрде тергеп-тексеруге кедергi келтiруге бағытталған деп санауға негiз болса, не заңды өкілдің өтінішхаты бойынша заңды өкiл iске қатысудан шеттетiлуi мүмкiн. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұл туралы уәжді қаулы шығарады. Iске қатысуға кәмелетке толмаған адамның басқа заңды өкiлi жiберiлуi мүмкiн.
538-бап. Педагог пен психологтің қатысуы
1. Он алты жасқа толмаған, сондай-ақ осы жасқа толған, бiрақ психикалық дамуында артта қалу белгiлерi бар кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының, сотталушының қатысуымен процестік әрекеттер жүргізілген кезде педагогтің немесе психологтің қатысуы мiндеттi.
2. Он алты жасқа толған кәмелетке толмағандар туралы iстер бойынша педагог немесе психолог тергеушiнiң немесе соттың қалауы бойынша не қорғаушының, заңды өкiлдiң өтiнiшхаты бойынша iске қатысуға жiберiледi.
3. Педагог, психолог тергеушiнiң немесе соттың рұқсатымен кәмелетке толмаған күдiктiге, айыпталушыға, сотталушыға сұрақтар қоюға, ал процестік әрекет аяқталғаннан кейiн - тергеу әрекетінің хаттамасымен (өздерінің сот талқылауына қатысуын көрсететiн бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен) танысуға және онда жасалған жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға құқылы, тергеушiнiң, соттың қалауы бойынша кәмелетке толмаған адамның жеке басын сипаттайтын iс материалдарымен танысуға құқығы бар. Бұл құқықтарды тергеушi, прокурор немесе сот процестік әрекет басталар алдында педагогке, психологке түсiндiредi, ол туралы тергеу әрекетінің хаттамасында, сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
539-бап. Кәмелетке толмаған адамға кешендi психологиялық- психиатриялық және психологиялық сараптама жасау
1. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы істер бойынша күдiктiнің, айыпталушының өз әрекеттерiне есеп беру және іс бойынша анықталған жағдайларда өз әрекеттерiн игеру қабiлетiн, оның есінің дұрыстығын, онда есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасының бұзылуы бар (жоқ) екенін айқындау үшін психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізу мiндеттi.
2. Кәмелетке толмаған күдiктiнiң, айыпталушының зияткерлік, ерiк-жiгерлік, психикалық дамуының деңгейiн, жеке басының өзге де психологиялық қырларын анықтау үшiн психологиялық сараптама тағайындалуы мүмкін.
540-бап. Кәмелетке толмаған адамды бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйымға орналастыру немесе патронатқа беру
Кәмелетке толмаған күдікті өмiр сүру және тәрбиелену жағдайлары бойынша бұрынғы тұрғылықты жерiнде қалдырыла алмайтын жағдайларда, ол қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысы бойынша, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қатысуымен қылмыстық процесс бойынша іс жүргізу кезеңінде тұру үшін бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйымға орналастырылуы немесе патронатқа берілуі мүмкін.
541-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстап алу және оларға бұлтартпау шараларын қолдану
1. Кәмелетке толмаған адам осы Кодексте көзделген тәртіппен ұстап алынуы және оған бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін. Қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасауда күдік келтірілетін, айыпталатын кәмелетке толмағандарға күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылмайды.
2. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауда айыпталатын кәмелетке толмаған адамға бұлтартпау шарасының түрін таңдаған кезде осы Кодекстің 138-бабында көрсетілген мән-жайлардан бөлек кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын, оның жасы және зияткерлік, ерiк-жiгерлік, психикалық дамуының деңгейiн, мінезі мен темпераментінің ерекшелігін, қажеттіліктері мен мүдделерін, кәмелетке толмаған адамға ересек адамдар мен басқа кәмелетке толмағандардың ықпалын, кәмелетке толмаған адамда оның есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасының бұзылуы бар-жоғын және басқаларды ескеру қажет.
3. Кәмелетке толмаған адамға істе бар мән-жайлар бойынша басқа бұлтарпау шаралары қолданыла алмайтын жағдайларда, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылады.
4. Өздеріне күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған кәмелетке толмағандар ересектерден бөлек ұсталады. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында кәмелетке толмағандарды күзетпен ұстау мерзімі осы Кодексте көзделген тәртіппен алты айдан асатын мерзімге ұзартыла алмайды.
5. Кәмелетке толмаған адамның ұстап алынғаны, оған күзетпен ұстау түрінде шара таңдалғаны немесе күзетпен ұстау мерзімінің ұзартылғаны туралы оның ата-анасы немесе оның басқа заңды өкілдері, ал олар болмаған кезде - жақын туыстары және (немесе) қорғаншылық және қамқоршылық органдар дереу хабардар етіледі.
542-бап. Сотта кәмелетке толмаған адамға қатысты істі қарау ерекшеліктері
1. Кәмелетке толмағандарға қатысты істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарайды. Осы Кодексте көзделген жағдайларда істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот не гарнизонның әскери соты немесе мамандандырылған ауданаралық әскери сот қарайды. Кәмелетке толмаған күдіктінің, айыпталушының өтінішхаты бойынша істі осы Кодекстің 65-тарауына сәйкес алқабилер қатысатын сот қарауы мүмкін.
2. Кәмелетке толмағандардың істері бойынша сот талқылауы осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша жүргізіледі, онда мынадай ерекшеліктер сақталады:
1) істі талқылау жариялылықты шектеу жағдайларында жүргізіледі;
2) істі қарауға бүкіл сот талқылауы бойында қатысатын, өздеріне тиесілі барлық құқықтарды пайдаланатын кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкілдері қатысады және олардан өздерінің келісімі бойынша кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену салтының мән-жайлары туралы куәлар ретінде жауап алынуы мүмкін; іске қатысатын заңды өкілдің келуі мүмкін болмаған жағдайда, ол басқасымен алмастырылуы мүмкін;
3) сот отырысына қорғаушының қатысуы міндетті, сот кәмелетке толмаған сотталушының қорғаушыдан бас тартуын қабылдай алмайды;
4) осы Кодексте көзделген жағдайларда сот отырысына педагог, психолог, ал қажет болған жағдайларда психиатр, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері, кәмелетке толмаған адам оқыған немесе жұмыс істеген ұжымдардан өкілдер қатысады.
3. Кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкілін және қорғаушыны қатыстыра отырып жәбірленушімен татуласуға, оның ішінде медиация тәртібімен татуласуға, сондай-ақ прокурормен процестік келісім жасасуға құқығы бар.
543-бап. Кәмелетке толмаған сотталушыны сот отырысының залынан шығарып жіберу
1. Сот қорғаушының немесе заңды өкiлдiң өтiнiшхаты бойынша, сондай-ақ өзiнiң бастамасы бойынша, тараптардың пiкiрiн ескере отырып, кәмелетке толмаған сотталушыға терiс әсер етуi мүмкiн мән-жайларды зерттеу уақытына өзiнiң қаулысымен оны сот отырысының залынан шығарып жіберуге құқылы.
2. Кәмелетке толмаған сотталушы сот отырысының залына қайта келгеннен кейін ол болмаған кезде өткен талқылаудың мазмұнын төрағалық етушi қажеттi көлемде және нысанда хабарлайды және кәмелетке толмаған адамға өзi болмаған кезiнде жауап алынған адамдарға сұрақ қою мүмкiндiгiн бередi.
544-бап. Кәмелетке толмаған адамның iсi бойынша үкiм шығару кезiнде сот шешетiн мәселелер
1. Сот кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау туралы мәселені шешу кезінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдану не кәмелетке толмаған адамға мәжбүрлеп тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануға байланысты оны қылмыстық жазадан босату мүмкіндігін талқылауға және оны үкімде уәждеуге тиіс. Бұл ретте сот кәмелетке толмаған адамға жекелеген жаза түрлерін қолдану сотталушының құқық бұзушылық жасау кезіндегі кәмелетке толмауымен айқындалатынын назарда ұстай отырып, оларды тағайындаудың қылмыстық заңда белгіленген шектерін ескеруге тиіс.
2. Шартты түрде соттау, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза шарасын тағайындау, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру не мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдану жағдайларында сот бұл туралы мамандандырылған мемлекеттiк органға хабарлайды және оған сотталушының мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыруды жүктейдi.
545-бап. Мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдана отырып, кәмелетке толмаған адамды жазадан босату
Егер қылмыстық теріс қылық туралы немесе онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс немесе ауыр қылмыс туралы iс бойынша осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған кәмелетке толмаған адам қылмыстық жаза шарасы қолданылмастан түзелуi мүмкiн деп танылса, сот айыптау үкiмiн шығара отырып, кәмелетке толмаған сотталушыны жазадан босатуға және оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 84-бабында көзделген мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдануға құқылы. Үкiмнiң көшiрмесi мамандандырылған мемлекеттiк органға жiберiледi.
57-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУДАН АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН ИММУНИТЕТІ БАР АДАМДАРДЫҢ ІСТЕРІ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
546-бап. Қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамдардың істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктерін қолдану шегі
Осы тарауда көзделген қылмыстық істер бойынша іс жүргізу ерекшеліктері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы себебін тіркеу кезінде тиісті лауазымда болуы заңда көзделген негіздер бойынша тоқтатылған адамдарға қолданылмайды.
547-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немес аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарлама алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Парламентi депутатының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты өз өкiлеттiктерінің мерзiмi iшiнде қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны тиiстi Палатаның қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентінiң Сенатына немесе Мәжiлiсiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну депутатқа күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, депутатты ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені Астана қаласы аудандық сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде шешеді. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм берсе, бұдан кейiнгi тергеп-тексеру осы бапта көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
7. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм берсе, депутатқа осы бұлтартпау, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгiленген тәртiппен шешiледi.
8. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм бермесе, қылмыстық iс осы негіз бойынша тоқтатылуға жатады.
9. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатқа күзетпен ұстау, үйқамақ, ұстап алу, күштеп әкелу түріндегі бұлтартпау, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға келiсiм бермесе, оған көрсетілген шараларды қолдануға болмайды. Депутатқа қатысты өзге процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға Парламенттің тиісті Палаталарының келісімі талап етілмейді және олар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қолданылуы мүмкін.
10. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты осы Кодекске сәйкес прокурор санкциялауға тиіс тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруға келісу туралы өзі қаулы шығарғаннан кейін береді.
11. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істі айыптау актісімен бірге осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бередi, ол осы Кодекстің 301 - 305-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Депутатқа қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының айыпталушыны сотқа беру туралы қаулысы болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.
Ескертпе. Осы тараудың баптарында қолсұғылмаушылықтан айыру деп қылмыстық жауаптылыққа тартуға және процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға келісім беру түсініледі.
548-бап. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу
1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатқа қатысты істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу осы баптың екінші бөлігінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатты қолсұғылмаушылықтан айыруға келісім беру Орталық сайлау комиссиясынан сұратылады.
549-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы немесе мүшесi қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi Төрағасының немесе мүшесiнің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшесi өз өкiлеттiктерiнiң мерзiмi iшiнде қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оларды Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасын немесе мүшесін күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені Астана қаласы аудандық сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде шешеді. Көрсетілген адамдарға қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейін iс бойынша одан әрі iс жүргiзу осы Кодекстiң 547-бабының алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
550-бап. Судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Судья қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Судьяға қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін судьяның іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Судья қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны - Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз не Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Судьяны қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры - Қазақстан Республикасының Президентіне, ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну енгiзедi. Ұсыну судьяға күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.