4) 8-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 7-1) және 7-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«7-1) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
7-2) Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген сыйақы мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;»;
5) 16-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«16-бап. Сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік реттеу
1. Сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік реттеу шараларына мыналарды:
1) кедендік баждарды;
2) тарифтік жеңілдіктерді;
3) тарифтік преференцияларды;
4) тарифтік квоталарды қолдану жатады.
2. Уәкілетті органның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары өз құзыреті шегінде сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік реттеу шараларын қолдану мақсаттары үшін қажетті, оның ішінде құпия ақпаратты қамтитын мәліметтерді береді.
Егер бірлескен актілерді қабылдау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген болса, ақпарат осындай нормативтік құқықтық актілерде айқындалатын тәртіппен беріледі.»;
6) 17-бап мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:
«3. Уәкілетті органның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары өз құзыреті шегінде сыртқы сауда қызметіне тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мақсаттары үшін қажетті, оның ішінде құпия ақпаратты қамтитын мәліметтерді береді.
Егер бірлескен актілерді қабылдау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген болса, ақпарат осындай актілерде айқындалатын тәртіппен беріледі.
4. Осы Заңның 18-бабы 1-тармағының негізінде экономикалық салдарларды жою үшін қажетті мерзімге енгізілетін шараларды қоспағанда, тарифтік емес реттеу шаралары олар енгізілген күннен бастап алты айдан аспайтын мерзімге енгізіледі.»;
7) 18-1 және 18-2-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«18-1-бап. Рұқсат беру тәртібі
1. Тауарларды әкелуге және (немесе) әкетуге рұқсат беру тәртібі рұқсат беру құжаттарын беру жолымен сыртқы сауда қызметін лицензиялауды енгізу немесе өзге де әкімшілік реттеу шараларын қолдану арқылы іске асырылады.
2. Рұқсат беру тәртібін уәкілетті орган немесе орталық мемлекеттік органдар уәкілетті органмен келісу бойынша өз құзыреті шегінде енгізеді және оның күшін жояды.
18-2-бап. Қарсы шаралар
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін тиімді қорғау мақсатында орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде қарсы шараларды, егер үшінші тарап немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет:
1) халықаралық шарттар бойынша Қазақстан Республикасына қатысты қабылдаған міндеттемелерді орындамаса;
2) Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін бұзатын шараларды, оның ішінде қазақстандық тауарлардың (көрсетілетін қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің) үшінші тарап немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет нарығына кіруін негізсіз жабатын (шектейтін) не оларды өзгеше түрде негізсіз кемсітетін шараларды қабылдаса, енгізеді.»;
8) мынадай мазмұндағы 18-4 және 18-5-баптармен толықтырылсын:
«18-4-бап. Ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шаралар
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті органның ұсынысы бойынша ұлттық қауіпсіздік мүдделерін сақтау мақсатында осы Заңның 16 - 21-баптарында көзделген шараларды енгізуге құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шаралар тауарлар импортының ұлттық қауіпсіздікке әсерін айқындау жөнінде уәкілетті орган жүргізген талдау нәтижелері бойынша енгізіледі.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараларды енгізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
18-5-бап. Сараптама ұйымы және тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлар
1. Сараптама ұйымы экспортқа және кері экспортқа тауардың шығу тегі туралы сараптамалардың актілерін қоспағанда, тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлар жасаған, тауардың шығу тегі, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау туралы сараптама актілерін куәландырады және береді.
2. Тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлар уәкілетті органда аттестаттаудан өтеді және олар өз қызметін бір сараптама ұйымының құрамында жүзеге асырады.
3. Тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлар өтінімде және өтінім беруші ұсынған құжаттарда қамтылған мәліметтерде жалған және (немесе) анық емес фактілер анықталған кезде тауардың шығу тегі туралы сараптама актілерін жасаудан, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындаудан бас тартуға міндетті.
4. Тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторлар мен сараптама ұйымдары тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау, тауардың шығу тегі туралы сертификат беру және оның күшін жою жөніндегі қағидаларды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.»;
9) 22-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«22-бап. Сауда шаралары және қауіпсіздік пайымдаулары бойынша шаралар»;
2-тармақ «шараларын» деген сөзден кейін «және қауіпсіздік пайымдаулары бойынша шараларды» деген сөздермен толықтырылсын;
10) 22-3-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Берілуі Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға мүшелігіне байланысты жүзеге асырылатын, оның ішінде мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде берген ақпаратты, оның ішінде құпия сипаттағы ақпаратты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес ДСҰ-ның жұмыс және консультативтік органдарына жібереді.»;
11) 4-тарау мынадай мазмұндағы 22-5-баппен толықтырылсын:
«22-5-бап. Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігіне байланысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл
1. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасының Еуразиялық экономикалық комиссиямен Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу мәселелері бойынша өзара іс-қимылын үйлестіруді уәкілетті орган жүзеге асырады.
Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұстанымын қалыптастыру, сондай-ақ орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасының Еуразиялық экономикалық комиссиямен өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Еуразиялық экономикалық комиссия департаменттері директорларының және директорлары орынбасарларының бос лауазымдарына орналасуға кандидаттарды біліктілік іріктеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
Еуразиялық экономикалық комиссия қызметкерлерінің бос лауазымдарына орналасуға кандидаттарды біліктілікті іріктеу уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген кандидаттарға қатысты «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының мемлекеттік қызметшілерді іссапарға жіберу бөлігіндегі нормалары қолданылмайды.
3. Берілуі Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігіне байланысты жүзеге асырылатын, оның ішінде мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде берген ақпаратты, оның ішінде құпия сипаттағы ақпаратты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс және консультативтік органдарына жібереді.».
16. «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 12, 44-құжат; 2007 ж., № 24, 178-құжат; 2009 ж., № 23, 111-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 14, 72-құжат; 2014 ж., № 6, 28-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 ж., № 6, 27-құжат; № 19-ІІ, 106-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат; 2017 ж., № 12, 36-құжат; 2018 ж., № 14, 42-құжат; 2019 ж., № 7, 39-құжат; № 21-22, 90-құжат; № 23, 106-құжат; 2020 ж., № 10, 38, 39-құжаттар; № 12, 61-құжат; № 13, 67-құжат):
1) 1-баптың 1) тармақшасының жетінші абзацы «ақшалай» деген сөзден кейін «, оның ішінде электрондық ақшамен төленетін» деген сөздермен толықтырылсын;
2) 3-2-баптың 3) тармақшасы «жәрдемақылардың» деген сөзден кейін «, оның ішінде электрондық ақшаның электрондық әмияндарына электрондық ақшамен» деген сөздермен толықтырылсын.
17. «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 17, 133-құжат; 2009 ж., № 18, 86-құжат; 2011 ж., № 1, 2, 7-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 2, 16-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; № 22-VІІ, 161-құжат; 2016 ж., № 8-ІІ, 70-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат; 2019 ж., № 19-20, 86-құжат; 2020 ж., № 10, 44-құжат):
1) 1-баптың 9) және 10) тармақшалары алып тасталсын;
2) 5-баптың 5) тармақшасының алтыншы және жетінші абзацтары алып тасталсын;
3) 6-бапта:
2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауға жататын рәсімдерді қоспағанда, тамақ өнімдерін өткізу сатысында тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттердің талаптарына олардың сәйкестігін мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;»;
4-тармақ алып тасталсын;
4) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«13-бап. Арнайы мақсаттағы тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
1. Мыналар арнайы мақсаттағы тамақ өнімдеріне жатады:
1) спортшыларды, жүкті және бала емізетін әйелдерді тамақтандыруға арналған арнайы тамақ өнімдері;
2) диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтанудың, оның ішінде балалар тағамына арналған тамақ өнімдері.
2. Арнайы мақсаттағы тамақ өнімдері:
1) Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамасында және техникалық регламенттерде белгіленген арнайы мақсаттағы тамақ өнімдеріне қойылатын талаптарға сай келуге;
2) сатып алушылардың (тұтынушылардың) тиісті топтарының физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға;
3) тамақтық, биологиялық және энергетикалық құндылығы бойынша ыдыста (қаптамада) көрсетілген ақпаратқа сәйкес келуге тиіс.»;
5) 16-баптың 2-тармағындағы «Осы Заңның 13-бабының 3-тармағында» деген сөздер «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламентте» деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 17-бап алып тасталсын;
7) 18-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«18-бап. Тамақ өнімдерін сақтау және тасымалдау кезінде олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар
1. Тамақ өнімдерін сақтау және тасымалдау тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс.
2. Егер тамақ өнімдерін сақтау және (немесе) тасымалдау кезінде олардың қауіпті қасиеттерге ие болуына алып келген бұзушылыққа жол берілсе, ол тиісті сараптамаға жіберіліп, оның нәтижелері бойынша кәдеге жаратылады немесе жойылады.»;
8) 25-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін өндірістік бақылау техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.»;
9) 29 және 30-баптар мынадай редакцияда жазылсын:
«29-бап. Сәйкестікті бағалау
Тамақ өнімдерін өндіру (дайындау), сақтау, тасу (тасымалдау), өткізу мен кәдеге жарату процестерінің сәйкестігін бағалау тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламенттің және (немесе) тамақ өнімдерінің жекелеген түрлеріне арналған техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестікке жүзеге асырылады.
30-бап. Тамақ өнімдерін сәйкестендіру
Тамақ өнімдерін сәйкестендіру Еуразиялық экономикалық одақтың, оның ішінде тамақ өнімдерінің жекелеген түрлеріне арналған техникалық регламенттерінде белгіленген техникалық реттеу объектілерін сәйкестендіру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.».
18. «Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 17, 134-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 7, 37-құжат; № 10, 52-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; 2018 ж., № 23, 88-құжат):
1) 17-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Химиялық өнімді көліктің алуан түрінде тасымалдауға арналған қаптамаларды қолдануға қойылатын талаптар тиісті техникалық регламенттерде белгіленеді.»;
2) 18-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«18-бап. Химиялық өнімді таңбалауға қойылатын талаптар
Барлық қауіпті химиялық өнім оның қауіпті қасиеттері туралы хабардар ететін ескертпелік таңбалануға жатады.
Химиялық өнімді ескертпелік таңбалау кезінде көрсетілуге тиіс стандарттық қауіптілік нышандарының тізбесі ұлттық немесе мемлекетаралық стандартқа сәйкес белгіленеді.».
19. «Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 17, 137-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 15, 97-құжат; 2014 ж., № 7, 37-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат):
14-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Аттракциондарды пайдалануға беру және техникалық куәландыру ұлттық стандартқа сәйкес жүзеге асырылады.».
20. «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., № 17, 138-құжат; 2009 ж., № 18, 84-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; 2014 ж., № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат):
5-баптың 2-тармағының 3) тармақшасы алып тасталсын.
21. «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» 2008 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 15-16, 59-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 10, 52-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 20-ІV, 113-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; 2018 ж., № 19, 62-құжат):
1) кіріспедегі «растау жөніндегі органдарды, сынақ, салыстырып тексеру, калибрлеу зертханаларын (орталықтарын), өлшемдерді орындау әдістемелерін метрологиялық аттестаттауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ сәйкестікті бағалау саласындағы олармен байланысты өзге де» деген сөздер «бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ олармен байланысты» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 1-бапта:
мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) Аккредиттеу жөніндегі кеңес - аккредиттеу жүйесін стратегиялық дамыту, аккредиттеу саласында ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған, тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган;»;
4) және 13) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«4) аккредиттеу жөніндегі орган - аккредиттеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және аккредиттеу жөніндегі халықаралық ұйымдарға мүше болып табылатын республикалық мемлекеттік кәсіпорын;»;
«13) аккредиттеу субъектісі - осы Заңда белгіленген тәртіппен аккредиттеуден өткен, сәйкестікті бағалау жөніндегі орган;»;
мынадай мазмұндағы 13-1), 13-2), 13-3) және 13-4) тармақшалармен толықтырылсын:
«13-1) аккредиттеу субъектісінің қызметін мониторингтеу - осы Заңға сәйкес аккредиттеу жөніндегі орган жүзеге асыратын, аккредиттеу субъектілерінің қызметі туралы мәліметтер мен ақпаратты аккредиттеу өлшемшарттарына сәйкестігі тұрғысынан жинау, өңдеу, талдау және пайдалану жөніндегі шаралар жиынтығы;
13-2) аккредиттеу схемасы - бірдей талаптар қолданылатын, сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеуге қатысты қағидалар мен процестер;
13-3) бағалау - стандарттау жөніндегі құжаттар негізінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтініш берушінің (аккредиттеу субъектісінің) құзыреттілігін айқындау мақсатында аккредиттеу жөніндегі орган жүзеге асыратын процесс;
13-4) бағалау техникасы - аккредиттеу жөніндегі орган стандарттау жөніндегі құжаттарға, оның ішінде аккредиттеу жөніндегі орган мүшесі болып табылатын аккредиттеу жөніндегі халықаралық ұйымдардың стандарттау жөніндегі құжаттарына сәйкес бағалау жүргізу үшін пайдаланатын әдіс;»;
14) тармақша алып тасталсын:
мынадай мазмұндағы 14-1) тармақшамен толықтырылсын:
«14-1) калибрлеу зертханасы (орталығы) - өлшем құралдарын калибрлеуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе заңды тұлғаның атынан әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшесі;»;
15) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«15) куәгерлік бағалау - аккредиттеу жөніндегі органның өз аккредиттеу саласы шегінде сәйкестікті бағалау жөніндегі қызметті орындайтын сәйкестікті бағалау жөніндегі органды байқауы;»;
15-2) тармақша алып тасталсын;
21) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«21) сәйкестікті бағалау - сәйкестікті бағалау объектісіне қойылатын талаптардың сақталуын тікелей немесе жанама айқындау;»;
мынадай мазмұндағы 21-1) тармақшамен толықтырылсын:
«21-1) сәйкестікті бағалау жөніндегі орган - сәйкестікті бағалау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын заңды тұлға немесе оның құрылымдық бөлімшесі;»;
22) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«22) сәйкестікті бағалау объектілері - техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда айқындалған, сәйкестікті растауға, зерттеуге, сынауға, өлшеуге, салыстырып тексеруге, калибрлеуге, аттестаттауға және бағалаудың өзге де түрлеріне жататын объектілер;»;
3) 4-баптың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлар, техникалық сарапшылар кіреді.»;
4) 5-баптың 2) және 2-1) тармақшалары алып тасталсын;
5) 6-бапта:
1-1) тармақша алып тасталсын;
1-2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«1-2) аккредиттеу жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдарда Қазақстан Республикасының мүддесін білдіреді;»;
мынадай мазмұндағы 1-3) тармақшамен толықтырылсын:
«1-3) Аккредиттеу жөніндегі кеңесті құрады, оның құрамын және ол туралы ережені әзірлейді және бекітеді;»;
6) 7-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Аккредиттеу жөніндегі орган мынадай талаптарға сәйкес келуге:
1) штатында аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлар болуы;
2) аккредиттеу жөніндегі халықаралық ұйымдардың мүшесі болуы;
3) аккредиттеу субъектілерімен үлестес тұлға болмауы тиіс.»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Аккредиттеу жөніндегі орган:
1) мыналарға:
аккредиттеу, сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторларды, техникалық сарапшыларды және арнайы білімі бар басқа да адамдарды аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қатысу үшін тартуға;
аккредиттеу жөніндегі халықаралық (өңірлік) мемлекеттік емес және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қатысуға;
өлшем құралдарының салыстырма сынақтарын және оларды салыстырып тексеру мен калибрлеу нәтижелерін салғастыруды ұйымдастыруға;
бағалау техникаларын қолдану тәртібін, өлшемшарттары мен талаптарын айқындауға;
жоспарлы және жоспардан тыс бағалауды жүргізуге;
аккредиттеу субъектілерінің қызметіне аккредиттеу өлшемшарттарына сәйкестігі тұрғысынан мониторинг жүргізуге;
аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторларды аттестаттауды жүргізуге құқылы;
2) мыналарға:
аккредиттеу аттестатының, аккредиттеу аттестаттарына қосымшалардың, аккредиттеу белгісінің нысандарын белгілеуге;
осы Заңда белгіленген тәртіпті сақтай отырып, аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізуге;
аккредиттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде белгілі болған коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтердің жария болуына жол бермеуге;
аккредиттеу субъектілерінің тізілімін жүргізуге;
интернет-ресурсты жүргізуге және қолдап отыруға, онда аккредиттеу субъектілерінің тізілімін ресми жариялауға, сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді орналастыруға;
аккредиттеу аттестаты кері қайтарып алынған немесе аккредиттеуден кейінгі шарт тоқтатылған жағдайда бұл туралы уәкілетті органды үш жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етуге;
аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, аккредиттеу материалдарын жаңарту туралы өтінімдерді қарауға;
шағымдар мен апелляцияларды қарауға және олар бойынша шешімдер қабылдауға, қабылданған шешімдер туралы ақпаратты интернет-ресурста орналастыруға;
осы Заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен аккредиттеу аттестатын кері қайтарып алуға, қайтаруға және аккредиттеу аттестатының күшін жою туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;
жоспарлы және жоспардан тыс бағалаудың, сондай-ақ аккредиттеу субъектісінің қызметін мониторингтеу нәтижелерін тоқсан сайын уәкілетті органға беруге;
аккредиттеу субъектілерінің тізіліміне мәліметтер енгізу арқылы аккредиттеу аттестатын тоқтата тұруға, одан айыруға қатысты сот, уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері шығарған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңды күшіне енген қаулының орындалуын қамтамасыз етуге;
аккредиттеу жөніндегі органның қызметін регламенттейтін халықаралық нормативтік құжаттың талаптарына сәйкес келуге;
аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы жалпы өлшемшарттар мен қағидаларды белгілейтін мамандандырылған халықаралық ұйымдардың құжаттарын ендіруді және қолдануды қамтамасыз етуге міндетті.»;
7) мынадай мазмұндағы 7-1-баппен толықтырылсын:
«7-1-бап. Аккредиттеу субъектілерінің қызметін мониторингтеу
1. Аккредиттеу субъектілерінің қызметін мониторингтеу аккредиттеу субъектілері көрсеткен аккредиттеу саласындағы жұмыстардың, қызметтердің және процестердің нәтижелерін аккредиттеу жөніндегі органның байқауы арқылы жүзеге асырылады.
2. Аккредиттеу субъектілерінің қызметін мониторингтеу нәтижелері бойынша аккредиттеу өлшемшарттарын бұзушылық анықталған жағдайда осы Заңға сәйкес шаралар қолданылады.
3. Аккредиттеу субъектілерінің қызметін мониторингтеуді жүзеге асыру қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.»;
8) 8-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«8-бап. Өтініш берушілер мен аккредиттеу субъектілері»;
мынадай мазмұндағы 3-1 және 3-2-тармақтармен толықтырылсын:
«3-1. Өтініш беруші:
1) зерттеп-қарау нәтижелері бойынша тұрған жерінде аккредиттеу жөніндегі органға негізделген себептерді көрсете отырып, сәйкессіздіктерді жою мерзімдерін ұзарту, бірақ отыз жұмыс күнінен асырмай ұзарту туралы жүгінуге;
2) аккредиттеу жөніндегі органның шешімдеріне апелляция жөніндегі комиссияға апелляциялар беруге құқылы.
3-2. Өтініш беруші:
1) Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында, стандарттау жөніндегі құжаттарда, сондай-ақ аккредиттеу сұратылатын немесе берілетін, аккредиттеу жөніндегі орган мүшесі болып табылатын аккредиттеу жөніндегі халықаралық ұйымдардың құжаттарында белгіленген аккредиттеуге қойылатын талаптарды сақтауға және орындауға;
2) тұрған жерінде зерттеп-қарау жүргізу кезінде аккредиттеу жөніндегі органға үй-жайға (үй-жайларға) кіруді, жабдыққа және ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуге;
3) мәлімделген аккредиттеу саласына сәйкес куәгерлік бағалауды ұйымдастыруға міндетті.»;
4-тармақта:
2) және 3) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«2) аккредиттеу жөніндегі органға аккредиттеу саласын кеңейту немесе қысқарту, қайта аккредиттеу, ерікті түрде кері қайтарып алу, кері қайтарып алынған аккредиттеу аттестатының қолданысын қайта бастау және аккредиттеу аттестатының қолданысын тоқтату туралы өтінішпен жүгінуге;